3581
17 мая 2024
Фото: Оле Мартин Уолд

Әлемдегі ең ірі алаяқтардың бірі және олардың қазақстандық серіктесі Дубайдан үй сатып алды

OneCoin алаяқтық схемасына сенген қазақстандықтар әлі күнге дейін салған ақшасын қайтара алған жоқ

Әлемдегі ең ірі алаяқтардың бірі және олардың қазақстандық серіктесі Дубайдан үй сатып алды

Паоло Сорбелло, Ольга Логинова, Власть

Бұл мақала OCCRP зерттеуінен бейімделіп жазылды және Власть деректерімен толықтырылды.

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

2017 жылғы сәуірде Дильбар Мирсаитова Қазақстанда алаяқтық жасады деген күдікпен үйқамаққа алынды. Оған OneCoin алаяқтық схемасына инвестиция жасағандардың кемінде 2,2 миллиард теңгесін (ол кезде шамамен 7 миллион доллар) заңсыз жолмен алды деген айып тағылды.

Сол кезде оған тағылған айып ауыр болды:

«Мирсаитова Д.К. және басқа адамдар елдің барлық аймағында жұмыс істейтін компанияның ауқымды белсенділер желісін құрды, олар алдау арқылы инвесторларды адастырып, өздерін болгариялық OneLife компаниясының тәуелсіз маркетинг серіктестері ретінде көрсетіп, өздері сатқан OneCoin криптовалютасының эксклюзив екенін жарнамалады».

Соған қарамастан, бірнеше күннен кейін Мирсаитова Facebook парақшасында жазбалар жариялай бастады, бұл оның қамаудан босағанын көрсетеді.

Экономикалық тергеу департаменті «Власть» сауалына OneLife алаяқтық ісіне қатысты тергеу жабылды деп жауап берді. OneLife – OneCoin «виртуал валютасын» жасаған компания.

YouTube-тағы бірнеше видео мен әлеуметтік желілердегі жазбалар Мирсаитованың ғаламдық қаржылық пирамидаға қатысын көрсетеді. Ауқымды алаяқтыққа әкелген бұл пирамида схемасы бойынша, инвесторлар блокчейнмен қамтамасыз етілмеген виртуал валютаға ақша құйған.

Мирсаитова Киевтегі OneLIfe көрмесінде, Украина, 2017 жылғы сәуір. Youtube-тен скриншот

Қазақстандағы алаяқтық құрбандары 2019 жылы Мирсаитова мен оның кейбір сыбайластары болуы мүмкін адамдарды сотқа бермек болған, бірақ нәтиже шықпады. 2021 жылғы олардың қоғамдық үндеу жариялауы инвестициясын қайтару әрекетінен ештеңе шықпағанын, іс алға жылжымағанын көрсетеді.

Оған тағылған айыптар алынғаннан кейін Мирсаитованың Дубайға барып-келіп жүргеніне оның әлеуметтік желідегі парақшалары дәлел.

#DubaiUnlocked тергеу жобасында ашылған деректерге сәйкес, Мирсаитова кемінде 2020 жылдан бері Дубайдағы Sky Bay «төрт жұлдызды лайфстайл қонақүйінде» құны 123 мың доллар тұратын пәтерге ие болған. Шымкенттік Мирсаитованың әлі күнге дейін Sky Bay-да пәтері бар.

Дубайдағы пәтерді нақты қашан сатып алғаны белгісіз болғанымен, OneCoin алаяқтығын ұйымдастырушы делінетін Ружа Игнатовамен байланысы анық. BBC деректі фильмінде «крипто патшайымы» атанған Игнатованың да Дубайда байланысы көп.

Мирсаитова Игнатовамен (сол жақта) OneCoin логотипінің фонында, 2016 жылғы тамыз. Фото Мирсаитованың Facebook парақшасынан

Алдын алуға болатын алаяқтық

Блокчейн айналасындағы шу өршіп тұрған сәтте Игнатова мен Люксембургтің бұрынғы барлау қызметкері Франк Шнайдер OneCoin бойынша бірге жұмыс істеді. 2019 жылы Нью-Йоркте Шнайдерге OneCoin-ге қатысқаны үшін алаяқтық және ақшаны жымқыру бойынша сөз байласты деген айып тағылды. Алайда оған қарсы іс қозғалғаны туралы 2021 жылғы сәуірде, оны АҚШ-қа экстрадициялау үшін Францияда ұстағанда ғана белгілі болды.

Шнайдер де, Игнатова да Дубайда элитаға арналған жылжымайтын мүлік сатып алғанын #DubaiUnlocked зерттеу жобасы көрсетті. Біріншісі 2018 жылдан бері құны 2 млн доллар тұратын пәтерге ие болса, екіншісі 2015 жылы сол элиталық ауданнан пентхаус сатып алған. Бұл жылжымайтын мүлікті сату OneCoin құлдырағаннан кейін оларға қылмыстық жауапкершілікке қатысты айып тағылған уақытпен тұспа-тұс келеді, осының өзі Дубайда ақшаны жымқыруға қарсы ережелердің сақталуына қатысты күмән туғызады.

Біріккен Араб Әмірліктерінің 2019 жылдан бері күшіне енген, риэлторларды жылжымайтын мүлікті сатып алушылар мен сатушылардың мәліметтерін тексеруге және кез келген күдікті транзакциялар туралы билікке хабарлауға міндеттейтін заңына қарамастан, Игнатова мен Шнайдер жылжымайтын мүлік сатып алу мәмілесін жасай алған.

Игнатова 500 шаршы метрлік пәтерін жалған компания арқылы сатып алған. OCCRP серіктесі Paper Trail Media алған меншік құқығы туралы құжаттар компанияның мүлікті 2019 жылғы желтоқсанда сатқанын көрсетеді, ал ол уақытта Игнатоваға Нью-Йорк прокурорлары іздеу жариялаған, тіпті ол кезде Игнатова көз жұмған болуы мүмкін.

Шнайдер Palm Jumeirah кешеніндегі пәтері 2022 жылғы қаңтарда 2,3 млн долларға сатылған кезде ұсталды.

Мүлік сатылған кезде OneCoin дүрбелеңі бәріне белгілі еді. Көптеген БАҚ ақпаратында алаяқтық құрбандары Игнатованың жалған криптовалютасын сатып алу үшін қалай арбалғанын егжей-тегжейлі айтып берді.

Дубайда қаржылық тергеулер мен сот сараптамасын жүргізген Эдинбургте орналасқан Martello Risk компаниясының басқарушы директоры Александр Йерслидің айтуынша, заңның орындалуын қадағалау шараларының болмауы БАӘ-ге қылмыстан түскен ақшаны жасыратын қауіпсіз орын ретінде танылуға көмектесті.

«Шын мәнінде, реттеу – егер оны реттеу деуге болса – өте оңай. Қалағаныңызды істеп, жазадан құтылып кетесіз, – дейді Йерсли. – Егер баға дұрыс болса, олар саясатқа мән бермейді».

БАӘ шенеуніктері, соның ішінде ішкі істер, экономика және әділет министрліктері мен Дубай полициясы #DubaiUnlocked жобасына қатысқан журналистердің Игнатова мен Шнайдерге тиесілі жылжымайтын мүлікті сату туралы егжей-тегжейлі сұрақтарына жауап бермеді.

Қашу

Шнайдер сол күйі АҚШ-қа экстрадицияланған жоқ. 2023 жылы мамырда ол үйқамақтан қашып шығып, ұшты-күйлі жоғалып кетті.

ФТБ өкілі OCCRP-ге Шнайдердің «әлі қашып жүргенін» айтты. Бірақ журналистер Шнайдерді АҚШ-пен экстрадициялау туралы келісімі жоқ Индонезиямен байланыстыратын жаңа дәлелдер тапты.

Игнатова да із-түзсіз жоғалып кетті. OCCRP-тің болгариялық медиа серіктесі Bird 2023 жылғы ақпанда Игнатованы өлтіріп кеткен болуы мүмкін деп хабарлағанымен, оның өлімі әлі расталған жоқ. 2022 жылы ФТБ Болгарияда туып, кейін Германия азаматтығын алған Игнатованы іздеуде жүрген қашқындардың бірі деп атады.

ФТБ өкілі электрондық пошта арқылы «БАҚ Ружа Игнатованың қайтыс болғаны туралы хабарлағаны мәлім, бірақ оның қайтыс болғаны туралы құжатталған дәлелдер болмайынша, ФТБ Игнатованы тірі деп санайды және ол бюроның іздеуіндегі ең әйгілі 10 қылмыскер тізімінде қалады» деп жауап берді.

Игнатованың қазіргі фотосуреті – іздеу туралы жариялаған ФТБ сайтынан. Дереккөз: fbi.gov

OneCoin негізін қалаушылардың бірі Карл Себастьян Гринвуд алаяқтық және ақшаны жымқыру бойынша кінәсін мойындады. 2023 жылы қыркүйекте оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді және 300 млн доллар айыппұл төледі.

OneCoin 2014 жылы іске қосылғанда, Гринвуд пен Игнатова оны табысты биткоинмен бәсекелесе алатын криптовалюта деп атады. Бірақ оның бәрі өтірік болып шықты.

«Заңды криптовалюталардан айырмашылығы, OneCoin-нің нақты құны болмады және оны Гринвуд пен Игнатова басынан-ақ алаяқтыққа айналдыруды көздеді», – делінген Гринвудтың үкімі бойынша АҚШ-тың Нью-Йорк оңтүстік округі бойынша прокуратурасының мәлімдемесінде.

Прокурорлардың айтуынша, олар жалған блокчейнді қолданатын имитацияға құрылған транзакциялар жасаған. Ол транзакциялар «OneCoin-ді анықтап, бұрынғы транзакцияларды тіркейтін цифрлық кітап» ретінде жұмыс істейтін. Оған қоса прокуратура «шын мәнінде OneCoin-де шынайы блокчейн болмады» деп атап өтті.

Дүние жүзінде кем дегенде 3,5 миллион адам, соның ішінде Қазақстан да OneCoin тұзағына түсті. Салымшылардың барлығына дерлік инвестиция салу қорқынышты жайтқа айналды.