4965
14 мая 2024

Дубай қалай Қазақстанның тағы бір астанасына айналды?

Мұнда жүздеген қазақстандық миллиондаған доллар тұратын жылжымайтын мүліктің иесі

Дубай қалай Қазақстанның тағы бір астанасына айналды?

Ольга Логинова, Дмитрий Мазоренко, Владислав Сон, Паоло Сорбелло, Вячеслав Абрамов, Власть

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Алматылық Мағжан есімді азамат отыз жаста, банкте жұмыс істейді және IT саласында табысқа жетуді армандайды. Ол дәрігер болып істейтін ата-анасымен бірге бірнеше жыл бойы арманына ақша жинады – кейде еңбек демалысында келіп тұруға немесе жалға беруге Дубайдан пәтер алмақ болды.

Биыл көктемде Мағжан ата-анасымен бірге мәміле жасау үшін Дубайға барды. Олар шамамен 200 мың доллар жинаған еді. Бұл қаржы отбасының көңілі ауған үлкен пәтерге жетпегенімен, Дубайдағы сән-салтанаты жарасқан жасанды аралдардың біріндегі элитаға арналған Palm Jumeirah тұрғын үй кешенінен шағын пәтер алуға болады.

Мағжанның отбасына мұндағы өмірге бейімделіп, жора-жолдас табу қиынға түспейді. Palm Jumeirah – Dubai Marina секілді Дубайда тұру немесе инвестиция үшін жылжымайтын мүлік сатып алатын табысты қазақстандықтардың сүйікті ауданы.

2022 жылға қарай қазақстандықтар Дубайда кемінде 253 миллион $ тұратын үй-жайға иелік еткен.

Негізінен 2022 және 2020 жылдары қаладағы жылжымайтын мүлікке иелік еткендер туралы тараған деректер осыны көрсетеді. Бұл деректер бастапқыда халықаралық қылмыс пен кикілжіңдерді зерттейтін Вашингтондағы әлеуетті қорғаныс зерттеулері орталығы (C4ADS) коммерциялық ұйымның қолына түскен. Кейін ол әлемнің 57 еліндегі 72 бұқаралық ақпарат құралының қатысуымен жасалған жаһандық Dubai Unlocked зерттеуін үйлестірген E24 норвегиялық қаржы агенттігі мен OCCRP ұйымына берілді.

Фото: Оле Мартин Уолд

Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алғандардың көбі оның қолжетімді болуымен қатар, қала мен Әмірлік билігінің болашақ резиденттердің ақшаны қайдан алғанына қатысты көп сұрақ қоймауын да пайдаланды. Бұл шарттар 2022 жылы FATF (ақша жымқыруға қарсы қаржы шаралары жөніндегі жұмыс тобы) Дубайды ақша жымқыруға қарсы шаралары әлсіз юрисдикциялардың «сұр тізіміне» қосқаннан кейін өзгере бастады.

Әйтсе де, Дубайдағы сән-салтанатқа толы үй-жайға ақшаны кім салғаны туралы деректің толық ашылуы қаншалықты ұзақ уақыт алса, Дубайдың толық ашық болуына қол жеткізудің де ауылы алыс.

«Үй-жай сатып алғысы келгендер әлдеқашан сатып алған»

«Қаражаты бар адамдар бұл жерден әлдеқашан үй-жай сатып алып қойған. Кейінгі жылдары адам ағылып жатыр дей алмаймын», – дейді Дубайда шетелдіктерге, соның ішінде қазақстандықтарға инвестиция жасауға көмектесетін қаржы кеңесші «Власть» журналистеріне.

«10-15 жыл бұрын жылжымайтын мүлік сатып алу өте тиімді салым болатын. Ол кезде үй бағасы ғарыштық жылдамдықпен өсті. Өйткені Біріккен Араб Әмірлігі ақшалы әрі ауқымды жоспарға сай ұзақмерзімді құрылыс жобаларын қаржылай қолдай алатын мұнайлы ел», – дейді Дубайда жұмыс істеген және сонда қазақстандықтарға жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектескен риэлтор.

«Жылжымайтын мүлікті инвестиция салу мақсатында сатып алатындар ең өтімді баға сегментіне тоқтайды, яғни 100 мыңнан 300 мың долларға дейінгі пәтер алуды мақсат тұтады. Қазақстандықтар арасында тұтас бір қабаттағы пәтерлерді сатып алғандар да болды (...), – дейді ол. – Ал өзіне деп сатып алатындар қымбатырағын алуға тырысады. Бір-екі миллион доллардан жоғары тұратын пәтер сатып алады”.

Дубай мұнайдың емес, арнайы экономика аймақтары, еркін сауда режимі мен заманауи теңіз порттарының арқасында ерекше даму үлгісін құрған экономикасымен танымал болды. Сол үлгімен қала орасан зор жүк, адам және капитал ағынын тоқайластыратын стратегиялық хаб мәртебесіне ие болды.

Дубай экономикасының айтарлықтай белсенді өсуі 2000 жылдардың басына тұспа-тұс келді. Сол кезеңде әлемнің түкпір-түкпірінен инвесторлар қалаға қомақты қаражат сала бастады. Оларды тартқан ең алдымен бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалған, әкімшілік және салық жеңілдігі бар еркін сауда аймақтары болды.

Пальма аралдары мен Burj Al Arab қонақүйі сынды мега жобалар да экономиканы көтеруге көмектесті. Дубай билігі оларды салумен қатар, шетелдіктердің жылжымайтын мүлік сатып алуын шектейтін заңдарды жеңілдетті. Оған қоса, сатып алушылар ақшаны заңды жолмен тапқанын дәлелдеуі қажет болмай қалды, қатаң тәртіп жеңілдеді. Мұның бәрі жылжымайтын мүлік нарығындағы қарқынды қозғалысқа ықпал етті.

Еркін сауда аймақтарындағы сияқты жылжымайтын мүлік нарығында да қатаң реттеу болмауынан олар өзара байланысты экономика секторы ғана емес, заңсыз қаржы әрекеттеріне, соның ішінде ақша жымқыруға да қолайлы ортаға айналды.

Фото: Оле Мартин Уолд

Қазақстандықтармен жұмыс істейтін қаржы кеңесшісінің айтуына қарағанда, Дубайдағы жылжымайтын мүлік көп жағдайда шынайы иесінің атына жазылмайды.

Ол қазақстандықтардың жылжымайтын мүлікті «өз атына рәсімдеуді аса ұната қоймайтынын» айтады. «Үлкен табысы бар бизнесмендер барлығын ресми жасайды, олар Форбс тізімінде бар, мүлікті әдетте өзіне не отбасына рәсімдейді. Шенеуніктер, әрине, өзіне рәсімдемейді, олардың таңдаулы адамдары бар», – дейді маман.

Дубайдағы жылжымайтын мүлік саласындағы жымқыру өте шиеленісті схемамен жүзеге асады. Бірінші кезеңде заңсыз жолмен тапқан ақшаны жылжымайтын мүлік нарығындағы дайын нысандарды сатып алуға немесе жаңасын салуға құяды. Екінші кезеңде қаражаттың қайдан шыққанын жасыру үшін шетелдік юрисдикцияларда осы жылжымайтын мүлікке бірқатар қаржылық операция жүргізіледі. Үшінші кезеңде ақшаның қайдан шыққаны құжаттармен заңдастырылады, ол құжатта ақша жылжымайтын мүлік мәмілесінен алынғаны жазылады.

«Кейінгі кездері ақша жымқыруға қарсы процесті күшейту бағытында біраз шаруа қолға алынғанымен, Біріккен Араб Әмірлігі активтерді жіберу оңай және сұрақ аз қойылатын юрисдикция болып саналады», – дейді «Власть» редакциясына пікір берген PRISM Political Risk Management зерттеу орталығының директоры және Chatham House зерттеушісі Кейт Маллинсон.

«Назарбаев үкіметі билігіне қауіп төнген жағдайда пана болатын ел ретінде БАӘ-ні қарастырды және елдің басқарушы элитасымен қарым-қатынасты жолға қойып, оларға ақша беріп отырды», – дейді ол.

Фото: Оле Мартин Уолд

Журналистердің қолына түскен деректерге қарағанда, 2022 жылы Назарбаев әулеті, атап айтқанда, оның әйелі Әсел Құрманбаева, немере інісі Қайрат Сатыбалды және оның анасы, екі әйелі мен олардан туылған балалары Дубайдағы жылжымайтын мүлікке иелік еткен. Одан бөлек Берік Имашевтің отбасында да үй-жай болған, Имашевтің қызы Назарбаевтың немересінің әйелі. Бұл тізімде Қорлан Шәріпбаева да бар, ол Дариға Назарбаеваның қазіргі күйеуінің қызы. Сондай-ақ Құлыбаевтар отбасының мүшелері де тізімде.

Дубайдан үй-жай алғандар қатарында бұрынғы президентке жақын адамдар мен олардың отбасы да бар, соның ішінде экс-президенттің былтыр қайтыс болған інісі Болат Назарбаевпен байланысы бар көптеген кәсіпкер де жүр.

Жылжымайтын мүлікті өз атына тіркемейтін әдет бар екенін және Дубайдағы жылжымайтын мүлік туралы барлық ақпарат журналистердің қолында жоқ екенін ескерсек, бұл тізім толық емес болуы әбден мүмкін. Әбу-Дабидегі жылжымайтын мүлік иелері туралы әзірге ешқандай ақпарат жоқ, ал Әмірліктің астанасы қазақстандық элита арасында өте танымал.

Фото: Оле Мартин Уолд

Бәрі өзгере ме?

Дубай FATF «сұр тізіміне» енгеннен кейін Әмірлік билігі мұнда жылжымайтын мүлік сатып алу арқылы ақша жымқырумен күресуге арналған түрлі шара туралы ұдайы айта бастады.

«Дубай заңсыз қаражатты сақтайтын жер емес. Дубай – заңды сауда елі және еңбекқор әрі қолындағы барын еңбекпен тапқан адамдар үшін қауіпсіз баспана», – дейді Дубай полициясының ақша жымқыруға қарсы күрес бөлімінің офицері Сауд Абдулазиз Амутава Dubai Unlocked жаһандық жобасының серіктестерінің бірі SVT швед телеарнасына берген сұхбатында.

Биыл ақпан айында Әмірлік билігі үшін жақсы жаңалық болды: FATF Дубайға қарасты шараларды жеңілдетпек, олар ақша жымқыруға қарсы күресте «айтарлықтай прогресс» бар екенін атап өтті.

Дәл сол кезде Қазақстанда көп жылғы кідірістен кейін активтерді декларациялау механизмі іске қосылды: ол әуелі мемлекеттік қызметкерлерді, келер жылы кәсіпкерлерді, одан кейінгі жылы барша қазақстандықты қамтиды.

2024 жылдың басында қаржы министрінің орынбасары Ержан Біржанов 2 мыңнан аса мемлекеттік қызметкердің елуден астам елде иелік ететін 2,5 мыңға жуық жылжымайтын мүлік нысаны декларацияланғанын хабарлады. Біржанов қазақстандық мемлекеттік қызметкерлердің активтері шоғырланған елдер негізгі елдер арасында Ресей, Түркия мен Әзербайжанды атады.

Шенеуніктер мен депутаттардың декларациясы көпшілік үшін әлі де жабық екенін айту да маңызды.

Бұл жобаны шенеуніктер мен олардың отбасы мүшелерінің шетелдегі активтері туралы ақпараттың бір бөлігін болса да ашық жариялау жолындағы талпыныс деуге болады.

Қаржы министрлігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі «Власть» сауалына шенеуніктер мен депутаттардың декларациясы келесі жылдан бастап жарияланатынын хабарлады, әйтсе де, екі мекеме де декларациядағы қай ақпараттың жария болатынын нақтылай алмады. Ал алдында қаржы министрі декларацияны жариялай бастағанмен, қазақстандықтар одан бірдеңе ұға қоярына күмән келтірген.

Қазақстанда декларациялау деген «әр адамның жауапкершілігі» дейді Дубайда жылжымайтын мүлік сатып алуға көмектесетін қаржы кеңесшісі «Власть» журналисіне. «Әрине, Әмірлік сізді мұндағы мүлкіңіз туралы хабарлауға мәжбүрлемейді. Әрі ол мүлік шын иесінің атына жазылмаған болуы да әбден мүмкін», – дейді ол.

Бас прокуратура мен басқа да күш құрылымдары жүргізіп жатқан заңсыз шығарылған активтерді Қазақстанға қайтару жұмысы да жарияланбай отыр. Премьер-министр жанындағы арнайы комиссия активтері тексерілуі мүмкін адамдар тізімін анықтайды, бірақ оны жария етпейді. Ал шетелден қайтарылған актив қазақстандықтарға тек сан түрінде айтылады, актив кімнен және не үшін қайтарылғаны туралы ақпарат жоқ.

Мұның бәрі Дубайдың басқа да салық жеңілдігі бар айлақтар секілді жоғары шенді шенеуніктер инвестиция жасайтын тартымды мекен болуына жағдай жасайды.

Фото: Оле Мартин Уолд

«Дубай ауқатты қазақстандықтар үшін ақшасын сақтауға ыңғайлы және байлығын жасыру үшін әлі де қауіпсіз орын болып көрінеді», – дейді The Economist журналисі және «Қазақстанның көлеңкелі тұстары» кітабының авторы Джоанна Лиллис «Власть» басылымына.

Ол Қазақстанның бұрынғы президентінің кейбір отбасы мүшеcі Ұлыбританияда қаражатының қайдан шыққанын тексеруге тап болғанын еске салды.

«Қазақстандық байлардың, соның ішінде Назарбаевтар отбасының байлығын сақтайтын жер ретінде Дубайды таңдауына бірқатар себеп бар: Ресейдің Украинаға басып кіруі, қаржы санкцияларының енгізілуі және батыс юрисдикцияларын заңсыз активтерді сақтау үшін пайдалану бойынша ықтимал тексерістер осы қатарда», – деп есептейді Лиллис.

Шетелдік инвесторлардың Дубайдағы жылжымайтын мүлік нарығына қызығуы 20 жылдан астам уақыт бойы басылмай келеді. Ол тек бір рет – 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде құлдырады.

Алайда БАӘ билігінің қаржылық қолдауы, сондай-ақ EXPO 2020 көрмесіне 50 млрд $ тұратын жылжымайтын мүлік құрылысының жоспарын жариялауының арқасында дағдарыс еңсерілді. Осылайша, 2015 жылдың бірінші тоқсанының өзінде Дубайда жылжымайтын мүлік бағасы шамамен 30%-ға өсті, бұл – жаһандық нарықтағы ең жоғары өсім. Содан бері, пандемия кезеңін есептемегенде, Дубайдағы жылжымайтын мүлік инвестиция жөнінен де, алыпсатарлық жағынан да сұраныста.

Ауқатты қазақстандықтар бұрынғыдай аса белсенді болмаса да, Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алуды доғарған жоқ. Тек, қандай жолмен болса да, ол туралы ақпараттың жалпы көпшілікке жария болу мүмкіндігі де артып келеді.