5915
25 июля 2024
Вячеслав Абрамов, Власть, фото Reuters

Американың үш айға созылатын сайлау драмасы

Камала Хәррис тарихи бетбұрыс жасаймын деген сенімде

 Американың үш айға созылатын сайлау драмасы

Өткен жексенбіден бастап АҚШ-тағы сайлаудың қызығы арта түсті. Қазіргі президент Джо Байден қысымға көніп, сайлау бәйгесінен шықты да, вице-президент Камала Хәрристің кандидатурасын қолдады. Өзіндік харизмасы бар бұрынғы президент Дональд Трамппен бәсекелесу оңайға түспейді, әйтсе де, Хәррис сайлаудан тарихи оқиға жасауды ұнататын, соны қарашада қайталауға қауқарлы америкалық электоратты тағы да жұмылдыра алады деген үміт бар.

Сайлау сергелдеңі

Байден қолдағаннан кейін Хәррис бір сағаттың ішінде президент лауазымы үшін күресетінін растады. Ол «президенттік үшін күресуге және жеңіске жетуге дайынмын» деді.

Президентті сайлауға үш айдан сәл астам уақыт қалды, демократтар асығуы қажет.

Бұл Америкадағы сайлауға тән емес жағдай. Әдетте дайындық дауыс бергеннен кейін ертесіне-ақ басталып кетеді. Қарашадағы дауыс беруге дейін бір жылдай қарқынды жұмыс жүреді, осы уақыт аралығында Америка қоғамы үміткерлердің сансыз көп жарнамасы мен солардың төңірегіндегі талқылауды көреді.

Осы жолы бәрі басқаша, өйткені Джо Байден жақтастарын және Америка қоғамын өзінің тағы да төрт жыл президент болуға дайын екеніне сендіре алған жоқ. Күмән бұған дейін де болған, бірақ маусымда болған Дональд Трамппен алғашқы бұқаралық дебат демократтардың кандидатын масқара қылды. Ол дебатта жеңіліп қана қоймай, өз партиясына, Америкаға қарашада Трампты жеңе алмайтынын паш етті.

Дебаттан кейін Байденге қысым күн сайын күшейе түсті, ал Трампқа қастандық жасалғаннан кейін және өткен аптаның соңында президент ковидтің кесірінен оқшаулануға кеткенде демократтардың берілмейтіні белгілі болды. Президенттің бұрыннан келе жатқан үзеңгілестері де, донорлар да, партия басшылары да оны бәйгеден шығуға шақыра бастады.

Байденнің жақтастары президент Трампты жеңе алатынына соңғы сәтке дейін сенімді болды деп түсіндірді. Әйтсе де, президент бұған өзгелерді сендіре алған жоқ.

Джо Байден Дональд Трамппен дебат кезінде, фото Andrew Caballero-Reynolds, AFP/Getty Images

Байден бәйгеден шыға сала кандидаттығын қолдағаннан кейін, Хәррис іске белсене кірісті. Бұған дейін Байденге жұмыс істеген оның штабы ресми атауын өзгертіп, донорларға, заң шығарушыларға, губернаторларға вице-президентті ашық қолдауға көндіру үшін жүздеген қоңырау шалды. Хәрристің кандидатурасын ұсынғаннан кейін демократтар екі тәулік ішінде 100 миллион доллар қаражат жинай алды. Бұл Байден мен Трамптың тура сондай уақыт аралығында жинаған қаржысынан едәуір көп.

Тағы да тарихи бетбұрыс жасау

Камала Хәррис алғашқы әйел президент және тегі Оңтүстік Азиядан шыққан алғашқы АҚШ басшысы болуы мүмкін. Хәрристің анасы — үнді, әкесі Ямайкадан. Ол вице-президент лауазымындағы алғашқы әйел ретінде де тарихта қалады.

2016 жылы Хиллари Клинтон «әйнек шатырды жарып шығуға» дайындалғанмен, сайлауда Трамптан жеңіліп қалды. Ендігі талпынысты Хәррис жасап көреді.

Демократиялық партия атынан ресми үміткер болу үшін праймеризде ұтқан Джо Байденге дауыс беруге тиіс болған съезд делегаттарының қолдауына ие болуы керек. Делегаттар нақты бір кандидатқа дауыс беруге міндетті емес, бірақ әдетте өз штатында жеңіске жеткен адамға қолдау білдіреді.

1 тамызда партия ішінен президентікке үміткер ұсыну үшін дауыс беру басталады. Хәррис жеңу үшін қажетті 1976 делегаттың қолдауына әлдеқашан ие болды. Демократтар үміткерді 7 тамызға дейін сайлауды жоспарлап жатыр.

Камала Хәррис, фото Jim Vondruska/Getty Images)

Әзірге Демократиялық партияның танымал губернаторлары мен сенаторларының ешқайсы Хәррисқа қарсы бәсекеге түсуге дайын екенін мәлімдеген жоқ, керісінше, олар бірінен соң бірі оның кандидатурасын қолдап жатыр.

Хәрристің штабы вице-президенттің айналасына бірігуді америкалық сайлаушыларға көрсетуге тырысып жатқандай көрінеді. Көптеген себепке байланысты мұндай таңдау әбден түсінікті.

Хәррис президенттікке 2019 жылы ұсынылды және кампаниясы сәтсіз болды. Байден оны вице-президент ретінде таңдап, саяси мансабын жалғастыруына көп көмектесті.

Вице-президент Трампқа харизма мен танымалдық жағынан есе жіберіп тұр. Байденмен жұмыс істеген жылдары соның тасасында жүрді десе болады — АҚШ-тың вице-президенттерінің көбінің маңдайына осындай тағдыр жазылған.

Хәрристің артықшылығы да айдан анық — ол Трамптан 20 жастай кіші, штабы дәл осы аргументті пайдаланатыны сөзсіз. Хәррис — бұрынғы прокурор, ал Трамп былтыр көктемде істі болды.

Хәррис көп мәселе бойынша ұстамды көзқарасымен белгілі және Демократиялық партиядағы түрлі тараптан, тәуелсіз сайлаушылардан, сондай-ақ республикалықтардың Трампқа дауыс беруге және оған жаңа мерзімге мүмкіндік беруге дайын емес бөлігінен қолдау таба алады. Саны жағынан біршама азшылықтың, соның ішінде қара нәсілді америкалықтардың дауысына да сенім арта алады.

Хәррис жеңе ала ма?

Алдыңғы сайлаулардағыдай дауыс беру нәтижесі ауытқып тұратын, еш үміткер сенімді қолдауға ие бола алмайтын штаттарда шешіледі. Қазіргі сайлауда мұндай штаттар алдыңғыларға қарағанда көбірек болуы мүмкін, мәселен, Мичиган, Висконсин, Миннесота, Пенсильвания, Нью Гэмпшир, Вирджиния, Солтүстік Каролина, Джорджия, Аризона және Невада.

Сауалнама компаниялары сайлаушыларға Трамп пен Хәррис арасында таңдау жасауды ұсынған бірнеше сауалнама жариялады. Бұрынғы президент барлығында дерлік сенімдірек көрінеді. Дегенмен, дүйсенбі күні Reuters/Ipsos агенттігі сауалнамасының нәтижесі көрсеткендей, сайлаушылардың 44 пайызы Хәрриске, 42 пайызы Трампқа дауыс беруге дайын екен.

Фото Al Drago, Getty Images

Алғашқы сауалнамалар Хәрристің афроамерикалықтар мен латын диаспорасы арасында да Трамптан алда екенін көрсетті. Демократиялық партия үміткері жастар арасында да танымал.

Жиналған қаражат жарнамаға және бүкіл ел бойынша, әсіресе ауытқып тұратын штаттардағы сайлаушылармен көптеген кездесу өткізуге жұмсалады. Хәрриске демократтар электоратын жұмылдыруға қабілетті барлық адамның — саясаткерлер мен танымал тұлғалардың көмегі қажет болады.

Трамптың штабы Хәрриске шабуылдау мақсатымен жарнама роликтерін қосты. Олардың негізгі айтпағы — Хәррис қазіргі президентпен қатар соңғы жылдардағы сәтсіздіктерге жауапты. Үміткерлер жаңа дебатқа түсуі мүмкін, онда Хәррис Байденнің маусымда күйрей жеңілгеніндей жеңіле қоймас.

Хәрристің президенттік кампаниясының қысқа болуына және соңғы апталардағы тербелістерге қарамастан, демократтар сайлаушыларды Камала Хәррис Америка үшін дұрыс таңдау екеніне сендіріп үлгере алады.