6803
4 октября 2024
Алмас Қайсар, Әмина Кемелбай, Власть, Данияр Мүсіровтің коллажы

АЭС салу қалай насихатталып жатыр?

Қарсылық білдірушілердің уәжі тасада қалып, АЭС тықпалаған жарнама толып тұр

АЭС салу қалай насихатталып жатыр?

Читайте этот материал на русском.

Read this article in English.

Жексенбі, 6 қазан күні Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтеді. Кейінгі екі айда Қазақстанның мемлекеттік және жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарында АЭС салуды қолдайтын көп материал жарияланды. Блогерлер мен инфлюенсерлер ұқсас посттар жариялай бастады, ал интернет халықты жақтап дауыс беруге жұмылдыруға арналған вирус роликтерге толды.

«Власть» Қазақстанда АЭС салуға арналған үгіт-насихаттың қыр-сырына үңіледі.

Мемлекет таратқан ақпарат

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы үгіт-насихаттың көрнекті мысалы ретінде «Казахстанская правда» мемлекеттік газетіндегі мақаланы айтуға болады.

Бұл репортаж референдум өтетін күнді жариялаудан екі апта бұрын, 20 тамызда Астанада өткен жария талқы туралы. Басылым тілшілері АЭС салынуына қарсы пікір айтқысы келген адамдарға кедергі жасалғаны туралы тіс жармайды. Олардың залға кіруіне бөгет жасалды, регламентті желеу етіп қарсы сөйлегендердің микрофоны сөндірілді. Ал мақалада «сөйлегісі келген кез келген адамға ашық микрофон ұсынылды» деп көрсеткен.

Мақалада «жария талқыда» құрылысқа қарсы шығушы бірде-бір спикер болмағаны айтылмаған. Ал келгендер арасындағы қарсы шығушыларды басылым елеусіз атап өтіп, нақты бір адамдарға тоқталудың орнына, «сексеуіл жағуды жақтайтындар», «шайтан-машинадан қорыққан адамдар» дейді.

«Ғылыми ортаның сарапшылары төзіп бақты. Сексеуіл жағуды жақтайтындардың әр соққысына ғылыми дәлелденген фактімен уәж айтылды», — делінген мақалада.

Басылым құрылысты қолдайтын барлық спикердің сөзін түгел келтірген.

«Уәжі таусылса керек, тыңдауда АЭС елімізде соғыс бола қалған жағдайда қайғылы жағдайға ұрындыруы мүмкін дегендер де болды! (...) Сол кезде теміртаулық жас белсенді Сабыр Аманбаев сөз алды: «Егер соғыстан қорықсақ, бірдеңе салудың не қажеті бар? Үңгірде жүргендей дамымай қала берейік», — деп жазады «Казправда».

Мақала соңында автор «қазіргі кезде оған (атом энергетикасына) балама жоқ» деп тұжырым жасайды, өйткені «жел энергиясы Қазақстандағы электр энергиясының тапшылығын жабуға жетпейді».

«Қазір ХХІ ғасыр. Адамдар шайтан-машинадан, үндістер конкистадорлардың кемесінен, «Капуциндер бульварынан келген адам» фильмінің кейіпкерлері мылқау кинодағы пойыздан қорқатын заман өткен», — деп жазады автор.

Осы мақалаға берілген бас фотосуретте студент қыздар ұстап тұрған «SAY YES TO АЭС» (АЭС-ке “иә” де) плакаты бейнеленген.

Астанада өткен жария талқы, фотоны Тамара Вааль түсірген

«Казправда» сайтында да, басқа басылымдарда да осындай материалдар жетерлік. 24 қыркүйекте газет АЭС туралы бірден тоғыз мақала шығарды, ал жалпы тамыздан қыркүйекке дейін шыққан материал саны жүзден асады. Қаңтар мен шілде аралығында осы тақырыпта небәрі 27 мақала жарияланған.

«Қазақпарат», «Егемен Қазақстан» және Elorda.info секілді мемлекетке тиесілі басылымдар осы кезеңде шығарған материалдар саны 63-тен 100-ге дейін барады. Әйтсе де, АЭС туралы соңғы рет Elorda.info басылымында 2023 жылы қыркүйекте айтылған.

Олардың тақырыптары біркелкі болып келеді: «Бейбіт атомнан қорқудың керегі жоқ», «АЭС — біздің дамуымыз, біздің болашағымыз!», «Ғалам ғажаптары: Айға да АЭС салынады» және «Күн де ядролық реактор».

«Билік ескі тәсілмен жұмыс істейді, — деп санайды саясаттанушы Досым Сәтбаев. — Президент АЭС салуды ресми деңгейде қолдады десе де болады, оны премьер-министр де қолдады, бүкіл мемлекеттік аппаратқа анық белгі берілді — бүкіл ресурсты АЭС салу үгіт-насихатына жұмсап жатыр».

«Тіл кеспек жоқ» басылымының бас редакторы және негізін қалаушы Әсем Жәпішева журналистика стандарттары бойынша бұл материалдар «үгіт-насихатқа жатады», өйткені онда фактілерді талғау бар дейді.

«Фактіні бүгіп қалу, бұрмалау және талғау АЭС төңірегіндегі үгіт-насихаттан байқалады. Бізге экологияға зияны туралы да, Балқаш туралы да, «Росатомнан» [ресейлік мемлекеттік компания] басқа балама мердігер туралы да білуге мүмкіндік бермей отыр. Басқа пікірді білуге мүмкіндік бермей отыр», — дейді ол.

Иллюстрация авторы: Алмас Қайсар

Жарықсыз, жылусыз қаламыз ба?

Осындай бұқаралық ақпарат құралдарының басым көпшілігінде АЭС туралы мақалалар, ТВ арналардың шығарылымдары оқырманды атом электр станциясын салу қажет, онсыз ел «энергия тапшылығына» ұрынады деп сендіруге бағытталған.

«Егемен Қазақстанның» энергетика туралы аналитикалық мақалаларының бірі «Атом электр станциясы салынбаса, еліміз энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде күрделі қиындыққа тап болуы мүмкін» деп басталады.

Газет «Тапшылықтың алдын алудың басты амалы» деген тағы бір мақаласында АЭС бойынша жария талқыларды ұйымдастырушы, бірақ елдегі энергетика саласына еш қатысы жоқ және бұл салаға маманданбаған «Азаматтық Альянс» президенті Бану Нұрғазиеваның сөзін келтіреді. Ол да Қазақстанды энергия тапшылығы күтіп тұр дейді:

«Осы мәселе туралы қоғамда алуан түрлі ой бар, дегенмен халықтың дені жағдайды жақсы біліп, бейбіт атомды ел игілігіне пайдалануға қарсы емес. Мұны қоғамның белортасында жүрген соң айтып отырмын. (...) Көп ұзамай елде энергия тапшылығы болатыны баршаға мәлім. Өйткені біздегі электр энергиясының 70%-ы көмір станцияларында өндіріледі. Олардың тозу деңгейі өте жоғары».

«Азаматтық Альянс» президенті Бану Нұрғазиева Қонаевта АЭС салу бойынша жария талқы кезінде, Алмас Қайсардың фотосы

Әлеуметтік желілерде «Қазақстанның дағдарыстағы болашағы» бейнеленген кәсіби видеороликтер тарала бастады. Солардың бірінде қыс мезгілінде балалар сыныпта майшам жарығымен сабақ оқып отырады, ал бір оқушы жылытқыш қосу үшін велосипед педалін тебеді.

Тарихтан сабақ беретін мұғалім болса керек, балаларға 2024 жылғы референдум кезінде Қазақстан халқы «аз ғана басымдықпен» АЭС салуға қарсы дауыс берді деп айтып отырады.

«Бұрыннан келе жатқан энергетика дағдарысы 2030 жылға қарай шарықтау шегіне жетіп, Қазақстан бірнеше жылға артта қалып қойды», — дейді мұғалім. Ролик соңына қарай авторлар АЭС салуды қолдап дауыс беруге шақырады.

«Қазақстанның дағдарыстағы болашағы» туралы видеороликтен скриншот

Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев бұның бәрі «мемлекет ұйымдасқан науқан жүргізіп отырғанын» көрсетеді дейді.

«Бәрінің тезисі, уәжі бірдей, бұның бәрі орталықтан үйлестіріліп отырғаны көрініп тұр», — деп түсіндірді ол.

Алайда Сәтбаев мұндай үгіт-насихат жүрмейді дейді, өйткені қоғамның «билік айтқан және істейтін» нәрсеге сенімсіздігі шарықтау шегіне жеткен.

«Он жылдан кейін энергия тапшылығына ұрынамыз деген дәлелдің бәрі сенімсіз, өйткені биліктің өзі сол уақыттан кейін не болатынын болжай алмайды. АЭС салған басқа елдерге қарағанда, Қазақстанның АЭС салмай-ақ басқа инфрақұрылым құруға ресурсы жеткілікті», — дейді ол.

Шынайы сараптама

Мемлекеттік насихат АЭС салуды ғана қолдайтын сарапшылар мен мамандарды белсенді пайдаланып жатыр. Мұндай сарапшылардың уәжі көбінесе бірдей.

«Қазір біздің республика, былайша айтқанша, құздың шетінде тұр. Не біз біртіндеп қараңғыға үйренеміз, не АЭС салып, жаңа технологиялық тірлікке өркениетті түрде өтеміз», — деп келтіреді «Казправда» энергоаудиторлар, энергоменеджерлер және энергосарапшылар палатасының басқарма төрағасы Марат Есекиннің сөзін.

Мемлекеттік медианы, әсіресе, «Росатом» өкілі Вадим Титов жиі жағалап кетті, оның «Қазақпаратқа» сұхбаты және «Казправдаға» «Энергетикалық қауіпсіздіктен үнемдеу… қауіпті» деген тұтас бағанасы шықты. Онда Титов өз компаниясының құрылыс және Қазақстанмен байланыс саласындағы «артықшылығын» атап өтіп, станция салуды ашық насихаттайды.

«АЭС бойынша референдум — Қазақстан энергетикасының әрі қарай дамуын анықтайтын маңызды оқиға. Атом станциясы болашақта энергия теңдігі үшін қажет екені сөзсіз», — деп жазады ол.

«Росатом» — Қазақстан жобаға қатысуы мүмкін деп қарастырып отырған компанияның бірі. Өзбекстан осы компаниямен қуаты шағын бірнеше АЭС салуды бастау туралы келісім жасап қойды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин

«АЭС жобасы геосаяси қысым факторымен байланысты деп ойлаймын. Қазір біз Ресей жақтан қатты қысым жүріп жатқанын көріп отырмыз, бұл осы процестерді жеделдетуге мәжбүрлейді», — деп санайды саясаттанушы Сәтбаев.

Сонымен қатар мемлекеттік газеттер сұхбаттасқан сарапшылардың арасында энергетикаға мүлдем қатысы жоқ адамдар бар.

Мысалы, «Қазақпарат» Өзбекстанның ғылым академиясының мемлекет және құқық институтының аға ғылыми қызметкері Равшан Назаровтың сөзін жиі келтіреді.

Оның: «Тапшылық артқан кезде Қазақстан электр энергиясын көрші мемлекеттерден, соның ішінде Өзбекстаннан сатып алуы мүмкін. Бауырлас қазақ халқы даналық танытып, ұлтқа пайдалы шешім қабылдайды деп сенемін», — деген сөзін агенттік сарапшы пікірі деп келтірген.

Назаров Өзбекстанда шағын атом станцияларын салуды белсенді түрде қолдайтынын айтпағанның өзінде, одан Қазақстандағы АЭС бойынша пікір алуы қызық жағдай. Ашық дереккөзге сүйенсек, Назаровтың негізгі білімі философияға қатысты, энергетика саласына мүлдем қатысы жоқ.

Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары қолдаушылар санының «тұрақты түрде өсіп жатқанын» көрсететін түрлі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесін жариялап жатыр: тамыз басында 53,1 пайыздан басталса, қазіргі сәтте 72,9 пайызға жеткен.

Бейсембаев бұл туралы қысқа уақыт аралығында «қоғам пікірі осылайша өзгеруі мүмкін емес» деп мәлімдеді. Оның ойынша, атом электр станциясына қарсылардың позициясы олардың саяси көзқарасын білдіреді, сондықтан оған ықпал ету қиын.

Ол бұл деректерге «сақтықпен» қарау керек дейді.

«Олар мемлекетпен мүдделес болғандықтан, тәуелсіз зерттеу жүргізе алады, деректерді цензормен келіспей жариялай алады дегенге сенбеймін. Біз биыл MediaNet орталығымен бірге орталық сайлау комиссиясына құжат бердік, әлі күнге дейін жауап алған жоқпыз», — дейді ол.

Қарсыларды ғайбаттау

БАҚ материалдарында құрылысқа қарсы адамдар туралы жиі айтылады, бірақ оларда өз пікірін білдіруге мүмкіндік бола бермейді, оларды манипулятор деп, «бөтен» мүддені қолдаушылар деп атайды.

«Казправданың» құрылысқа қарсылар мен жақтаушылар туралы мақаласында «АЭС салуға қарсылық білдірушілердің қарсы айтқан уәжі көбіне ұғымдардың орнын алмастыруға, жалған ассоциация келтіруге бағытталған: соның ішінде, атом станцияларын ядролық полигондармен және ядролық қаруды сынаумен салыстыратын жосықсыз тәсілдер қолданылады».

«Сонымен қатар дәлелденбеген уәж арқылы атом энергетикасын тиімсіз немесе аса қауіпті деп көрсету әрекеттері байқалады», — деп жазады газет, сондай-ақ «энергетиканың “қоңыр” салаларының үлкен қатері» айтылмай қалып жатыр дейді. Осындай мәлімдеме жасай тұра, «Казправда» ешкімнің сөзіне сілтеме жасамайды.

Белсенділер Үлкенде АЭС салу бойынша жария талқы кезінде, Алмас Қайсардың фотосы

Бұған қоса медиа АЭС салуға қарсылардың беделін түсіру үшін бірдей сарапшыларды пайдаланатыны да байқалады. Осыған дейін Қаңтар оқиғасы кезінде «біздің адамдар саясатта Дариға Назарбаевадан басқа ешкімді көргісі келмейтін сияқты» деген даулы сөзімен танымал болған, білімі бойынша географ саясаттанушы Марат Шибұтов, математик білімі бар саясаттанушы Ғазиз Әбішев солардың қатарында, оған тиесілі Turan Times ақпарат құралы 2023 жылы парламентке сайлауға түскен тәуелсіз кандидаттар туралы фейк жариялағанымен белгілі.

Үгіт-насихат материалдары мемлекетке тікелей тиесілі басылымдарға ғана емес, жекеменшік ақпарат құралдарына да шығып жүр.

Мысалы, Әбішевтің пікірі TengriNews, Orda.kz және Informburo басылымдарында жарияланды.

«Елдің білікті деген энергетиктері жиналатын болса, олар дауыс беру арқылы мәселені АЭС салу пайдасына шешер ме еді», — деген Әбішевтің сөзін TengriNews келтіреді.

Orda.kz мақаласында саясаттанушының «қарсы тарап АЭС қаупі туралы тезистерді эмоциямен, мардымды дәлелсіз ұсынып жатыр деуге болады» деген сөзін келтіреді.

Orda.kz басылымында АЭС туралы, соның ішінде 2023 жылғы Үлкендегі жария талқыдан балансы сақталған жарияланымдар шығып тұрғанымен, биыл қыркүйекте сұрақ тудыратын мақала жарияланды.

Ол «Шетел ізі: Қазақстанда АЭС салуға қарсылардың артында кім тұр?» деп аталады.

Мақаланың бастапқы нұсқасында атом электр станциясына қарсылар Қазақстанда «БТА банк қаражатын жымқырғаны» үшін сотталған саясаткер Мұхтар Әблязовпен байланысы бар ұйымдасқан топ ретінде көрініп жүр делінген.

«Осы арқылы атом электр станциясына қарсы шығып жүрген қазақстандықтарды Мұхтар Әблязовпен байланысы бар оппозиционерлер бағыттап, қолдайды деп сеніммен айтуға болады. Бұған Әблязовтің өзі қатысып жатыр ма — басқа әңгіме. Бірақ қазақстандықтарды атом энергетикасына қарсы қоюға тырысып жатқан біртұтас ұйымдасқан топтың болуы — шындық», — деп жазылған мақалада.

Онда қарсы шығушылардың көбі — көшбасшысы Марат Жыланбаев «экстремизмді қаржыландырғаны үшін айыпталған», тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясының мүшелері екені айтылады. Алайда партия мүшелері де, халықаралық құқық қорғаушылар да мәлімдегендей, істің саяси астары бар екенін басылым ескерген жоқ.

Сонымен қатар Orda.kz Әблязовтың АЭС салуға қарсы шыққан энергетик Әсет Наурызбаевпен байланысы бар екенін мәлімдеді.

Жауап ретінде Наурызбаев «онымен 20 жылдан астам уақыттан бері тікелей де, біреу арқылы да көріскен де, сөйлескен де жоқпын» деп жазды.

Әлеуметтік желілердегі сыннан кейін Orda мақаланы өшірді және өзгертіп, оған АЭС салуды жақтаушылардың іс-әрекетіне талдау қосып қайта жариялады.

«Шыны керек, Қазақстанның түрлі қалаларында жария талқыға қатысқан АЭС салуды жақтаушылар да жақсы ұйымдасуымен таңғалдырды», — деп жазылған мақалада, ол енді «Қазақстанда АЭС салуға қарсылар мен жақтаушылар артында кім тұр?» деп аталады.

Басылымның бас редакторы Гүлнар Бажкенова мақала өшірілді, себебі «біржақты» болып шықты деп хабарлады, өзі бас редактор ретінде материалды іссапарда болуына байланысты қарап үлгермегенін айтты.

«Бірақ түйіні дұрыс, атом электр стансасына қарсы шығушы белсенділердің көбі — Алға, Қазақстан мүшелері. Атом электр станциясын қолдау үшін барған белсенділер де — Аманат мүшесі болмаса да, солардың жібергені, биліктен барғандар», — деп жазды басылымның бас редакторы.

Алматыдағы АЭС салу бойынша жария талқы, Алмас Қайсардың фотосы

Сондай-ақ мемлекеттік және солармен мүдделес бұқаралық ақпарат құралдарында АЭС салуға қарсы адамдарға митиң өткізуге рұқсат бермейтіні де, белсендердің ұсталуы туралы да, дебаттар мен «АЭС керек емес!» платформасы өткізіп жүрген баспасөз конференциялары туралы да ештеңе айтылған жоқ.

Саясаттанушы Досым Сәтбаев құрылысқа қарсы адамдарға қатысты агрессияға «қорқыныш» себеп деп санайды.

«Олар қорқады: егер АЭС салуға қарсы адамдар белсенді, көпшілікке көрініп жүрсе, олардың саны көп болады, онда билік халықтың көп бөлігі қарсы дауыс беретіндей жағдайға, наразылық акцияларына ұрынуы мүмкін», — деп түсіндірді ол.

Бейсембаев бұл кез келген электоралдық процесс кезіндегі мемлекет іс-қимылының «үйреншікті паттерні» дейді.

«Бұл диалог жүргізе білмеу, референдум қоғамдық талқыны көздейтінін, қарсы пікір деген қалыпты нәрсе екенін түсінбеу. Бізде бірден оппозиция лагеріне қосып жібереді, құқық қорғау органдары тиісінше әрекет етеді. Кеше ғана қарсы шыққан белсенділерді ұстады», — деді ол.

Адамдарды жұмылдыру

АЭС салу идеясын насихаттаудың тағы бір әдісі — халықтың түрлі топтарының «көпшілік алдында» қолдау көрсетуі болды, олар БАҚ арқылы жиі көріне бастады.

Олардың арасында билікшіл Қазақстан кәсіподақтар федерациясының қатысушылары, жас ғалымдар, картон өндірісінің жұмысшылары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мүшелері, түрлі партиялар, тіпті көпбалалы аналар бар.

«Біз атом электр станцияларының энергиясы шынымен экологиялық таза екеніне көз жеткіздік», — деп келтіреді TengriNews «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртайдың сөзін.

Сонымен қатар БАҚ — құрамына 20 қоғамдық бірлестік пен алты саяси партияның (олардың ешқайсы оппозиция емес) өкілдері кірген «АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабының» әр кездесуін баяндап отырады, құрамында Amanat билік партиясы да бар, ол штаб қызметіне демеушік көрсетеді.

Алайда бәрінен бұрын әлеуметтік желілердегі үгіт-насихат ерекше байқалады. Ол түрлі ұйымдардың парақшаларын толтырды, олардың қатарында тіпті Алматының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар.

Бұлардан бөлек, референдумның вирустық және өрескел жарнамасы да жүрді. Бір роликте күйеу жігіт пен қалыңдықтан отбасы құруға дайындығын сұрайтын сәтте артқы жақта құдалар арасындағы әңгіме көрсетіледі. Бір құда екіншісінен: «АЭС салу бойынша референдумға барасыз ба?» деп сұрайды. Екіншісі «иә» деп жауап береді.

«Ол «иә» деді! Ол «иә» деді! — деп айғайлайды сонда. Қызы оған “әлі келісім берген жоқпын ғой” дегенінде, ол: «Қызым, сендерді қойшы, ол «иә» деді! Құда, бірге барамыз!» деп қуанады.

Тағы бір роликте Тараз өңірлік университетінің студенттері флешмоб өткізіп, тізбек болып тұрып «АЭС (жүрек) деген жазуға айналады».

Сондай-ақ АЭС салуды қолдайтын үгіт-насихатқа блогерлер мен инфлюенсерлер қосыла бастады.

Учаскеге баруға атақты әнші Қайрат Нұртас та үгіттеді: «Мемлекет басшысы атом электр стансасын салу қажет екенін айтты. Бәріміз қолдаймыз».

«АЭС салуды қолдау жөніндегі халық штабы» Қызылордада, фото Amanat партиясының сайтынан алынды

Үгіт-насихатқа қорқыныш себеп

«Билік тең дәрежеде сөйлеп, “халықтың пікірін тыңдау, түрлі көзқарасты білу маңызды” дейді, екінші жағынан АЭС салу үгіт-насихатына ақы төлеп, қарсыластармен күшті ақпараттық соғыс жүргізіп, біржақтылық танытып отыр», — деп санайды Сәтбаев.

Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен оның төңірегіндегілер әлеуметтік жарылыс пен наразылықтан қорқатынына сенімді.

«Олар үгіт-насихат ахуалды бақылауда ұстауға, ауытқымалы көзқарасты өз жағына бұруға көмектеседі деп ойлайды, — дейді Сәтбаев. — Екінші жағынан, референдум қоғам ойын білу үшін емес, қабылданып қойған шешімді заңдастыру үшін керек. Бұл таза саяси технология, бірдеңе болса жауапкершілікті Қазақстан халқына арта салу үшін».

Ал Бейсембаев мұндай белсенді мемлекеттік үгіт-насихаттың екі себебі болуы мүмкін деп санайды.

«Бірінші — бюрократия машинасының институциялық жады іске қосыла кетеді, бұл сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмысы секілді белгілі бір дәстүр. Екіншісі — бөлінген ақшаны игеру керек. Қанша БАҚ пен блогер тартылғанына қарайтын болсақ, бұл аз ақша емес», — дейді ол.

Сәтбаев та мұндай жарнаманың бюджеті мен кампания саяси элитаның белгілі бір бөлігі үшін «майшелпек» дейді.

«Өйткені Назарбаевтың кезінде де президент, партия сайлауды жарнамалауға көп ақша бөлінген түрлі жағдайлар көп болды, оларды басқа мақсатқа жұмсауға деген құмарлық қашан да болады», — дейді ол.

Жәпішева мемлекеттік тапсырыстарды жабық қылып тастаған «Дәурен Абаевтың [бұрынғы ақпарат және мәдениет министрі] пысықтығының арқасында» бұндай материалдарға қанша ақша жұмсалатынын қоғам білмейді дейді.

«Алайда, Тоқаев кезінде үгіт-насихатқа шығынның бірнеше есе өскенін әлеуметтік желілер, осы салаға қанша адам тартылғанынан көруге болады», — дейді ол.