3500
17 июня 2023
Назерке Құрманғазинова, суреттерді Данияр Мүсіров түсірген

Mausym көрмесі: «Мейлінше мейірімді бол»

Қаңтар оқиғасы кезінде қамқоршысынан айырылған балалар салған суреттер көрмесі ашылды

Mausym көрмесі: «Мейлінше мейірімді бол»

Алматыда қаңтар оқиғасы кезінде қамқоршысынан айырылған балалар салған суреттер қойылған Mausym көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрмені ұйымдастырған еріктілер халықтан жылу жинау арқылы балалардың сурет салып үйренуіне көмектескен. Көрмеге дейін он жеті бала үш күн бойы суретшілерден дәріс алған. «Маусым» көрмесі 16-18 маусым аралығында өтеді, соңғы күні туындылар аукционда сатылмақ.

2022 жылы қаңтар оқиғасында ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапты, оның 219-ы қарапайым азамат. Құқық қорғаушылардың дерегі бойынша, қаза болғандардың көбі ер азаматтар болған, олардың отбасы қаңтар оқиғасынан кейін асыраушысынан айырылды.

«Маусым жобасы жай ғана көрме емес, жай ғана қабырғада ілініп тұрған суреттер емес. Бұл картиналардың артында қуаныш та, қайғы да, үміт те, арман да, махаббат та, бәрі бар. Бүгін сіздер кішкентай суретшілердің ең алғашқы қадамына келіп отырсыздар», — деп сөзін бастады ерікті ұйымдастырушының бірі Баубек Сағындық.

16 маусым күні өткен көрменің ашылу салтанатына отыз шақты адам жиналды. Қабырғада түрлі-түсті бояумен салынған балалардың туындылары ілінді. Сонымен қатар, тағы бірнеше сурет пен авторлық мерч сөмкелер сатылымға қойылған.

«Маусым идеясы, аты айтып тұрғандай, маусым айында өткізіліп жатқан шара. Бұл айда балалар күні бар. Біз үлкен адамдар өзімізді ақылды санаймыз, бәрін білетіндей санаймыз, бірақ кейде қарапайым нәрселерге назар аудармаймыз. Ал балалар бәрін көреді, бәрін сезеді, бәрін түсінеді. Маусым жобасының ұраны болған сөз – «Қажетінен сәл артық мейірімді бол». Осы көрме сіз бен біздің сәл ғана артық мейіріміміз арқылы дүниеге келді», — дейді Баубек Сағындық.

Жоба аясында ұйымдастырушылар 1-10 маусым аралығында донат жариялап, бір миллион теңгеге жуық қаражат жинай алған. Үш күн бойы бес кәсіби суретші сурет салудан шеберлік сабақтарын өткізген.

«Негізі нағыз өнер – балалардың жасаған өнері, өйткені балаларда біреуге ұнау үшін, үлкен кісілер сияқты көрмеде сату үшін жасау деген ой болмайды. Олар өте таза, шынайы салады жұмысты», — дейді жобада ментор болған суретшінің бірі Мөлдір Сағындықова.

Ол балалардың сурет салудағы еркіндігін атап өтіп, 6 жастағы Әлинұрдың туындысын ерекше атап өтті. Суретте бірнеше көлік нөмірі бейнеленген. Оның анасы Айдана Аманжолованың айтуынша, «Маусым» жобасы баланың суретке икемін ашу үшін жақсы мүмкіндік болған.

«Ұлымды күреске берейін дегенде, сурет салғысы келетінін айтты. Енді осы жобадан кейін болашақта суретке бере берсек болады. Ол әрдайым адам мен үйдің суретін салатын. Біз үйдің ішіндеміз, ал жалғыз адам, яғни әкесі төбемізден қарап тұратындай бейнелейтін. Бұл әкесіне деген сағыныш деп ойлаймын. Үйірменің бірінші күні де солай үй салды. Екінші күні өзіме ұнайтын нәрсені саламын деп көлік нөмірін сала бастады. Қалай болар екен деп едік, өзі осылай ұйқастырып салып шықты», — дейді анасы.

Сурет салуды ары қарай жалғастыруды Шапағат Қадырованың ұлы, 11 жасар Бекарыс та жоспарлап жүр.

«Балаларымның шынайы қуанышын көрдім. Ішіндегі ойын суретпен көрсетті. Шабыты ашылғанын, өмірге деген қуанышын көрдім. Басымыздан көп нәрсе өтті, бірақ балалар осылай көңілін бөле алды. Өте қатты қуандым. Шаттық деген кісі мұғалімі болды, сол кісі арасында келіп тұр деді, енді барып тұрамыз деп ойлаймыз», — дейді Қадырова. Олар отбасымен қаланың сыртында тұрады.

«Бұл жерде ат, жайлау, киіз үйдің қасында өзен ағып тұр. Қарағай өсіп тұр және жылқылар жайылып жүр. Суретте қырлар бар. Өзім атты салғанды жақсы көремін», — деп Бекарыс өз туындысын суреттеп берді.

«Қаңтар – тек қаза болған не азапталған адамдар емес, сонымен қатар, олардың отбасы»

Бұл жоба қаңтар оқиғасында қамқоршысынан айырылған отбасыларға көмектесуде еріктілер жасаған алғашқы жоба емес. Бұған дейін ерікті азаматтар жаңа жыл қарсаңында дәл осылай халықтан жылу жинау арқылы 100-ден астам балаға сыйлық жасаған еді. Жоба ұйымдастырушыларының бірі Бэлла Орынбетова қаңтар оқиғасында ең ауыр жүк құрбандардың отбасы мен балаларына түскенін атап өтті.

«Желтоқсанда әрбір балаға сыйлықтарын апарып жүргенде жағдайын көрдік. Кейбір балалар әкесінің қайтыс болғанын білмейді, әлі күтіп жүр. Сол кезде балаларға қайтып келеміз деп ойладық. Бірақ қайта-қайта сыйлық жасай берсек, ол проблеманы шешпейді. Сондықтан одан да үлкен жоба жасап көргіміз келді. Ата-анасы балаларының шығармашылығына сеніп, оған мүмкіндік берсе, мүмкін балалардың ішіндегі арманы орындала ма деген ой болды», — дейді Орынбетова.

Бэлла Орынбетова

«Қаңтар оқиғасы дегенде “адамдар қайтыс болды, қырғын болды” деген сияқты айтылады. Бірақ негізінен жүк ана мен балаға түсті. Бала үшін әкесінің жоқ болуы үлкен проблема. Бейбіт күнде осындай бір әділетсіздік болғаны бәрібір бала бойында травма қалыптастырады. Аналары бір жағынан сүйікті жарынан айырылды, тұрмыстың тауқыметін көруде. Қоғам назарын осы проблемаға аударғымыз келді. Қаңтар – тек қаза болған не азапталған адамдар емес, сонымен қатар, олардың отбасы».

Сонымен қатар, Орынбетова мемлекет тарапынан қаңтар балаларына ғана емес, жалпы барлық балаға тең қолдау қажет деп есептейді. Оның ойынша, аймақтарда балалар қабілетін дамытатын спорт, өнер үйірмелері аз, барлық балаға тең мүмкіндік жоқ.

«Үйірмелердің, мүмкіндіктердің бәрі қаланың ортасында бар, сыртқары жақта таңдау мүмкіндігі де жоқ. Бізде қазір көп жеке меншік мектеп ашылып жатыр. Жай мектепте оқитын бала мен ақылы мектепте оқитын баланың айырмасы жер мен көктей, олардың мүмкіндіктері де әртүрлі. Жыл сайын демографиялық өсім болып жатыр, бірақ мектептер, университеттер, баланың қабілетін дамытатын орындар аз. Бір жыл Artспорт жобасын қосты, бір жылдан кейін ол да жабылып қалды. Мемлекет балаларға тым болмаса бәріне тең мүмкіндік беретін сапалы үйірмелер ұйымдастыра алмай отыр. Оның бәрін орталыққа тықпалаудың қажеті жоқ, барлық отбасы, аудан, қала қатысатындай жасалу керек еді», — деп есептейді Бэлла Орынбетова.

«Маусым» көрмесі Абылай хан көшесі, 62 мекенжайдағы Imagine Studios кеңістігінде жалғасады. Жексенбі сағат 17:00-де картиналар аукционда сатылады, одан түскен қаржы балалардың отбасына беріледі.