2022 жылғы қаңтардағы наразылықтан кейін мемлекет заңсыз қолға өткен немесе шетелге шығарылған активтерді қайтару науқанын қолға алды. Бұл әрекет әлеуметтік-экономикалық теңсіздік проблемасын шешуге биліктің шын ниетті екенін дәлелдеуі керек еді.
Активтерді қайтару қыркүйекте ресми түрде аяқталды — қайтарылған мүліктің толық тізімі және оның бұрынғы иелерінің аты-жөні жарияланған жоқ. «Власть» сөйлескен сарапшылардың пікірі бір жерден шықты: бұрынғы жең ұшынан жалғасу принципі сол күйі сақталып қалды.
Кампания және оның нәтижесі
Қанды Қаңтардан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішінде заңсыз қолды болған немесе шетелге шығарылған активтерді қайтару науқанын бастады. Бұл экономикадағы монополияны барынша ыдыратуға және шеруге шыққандар талап еткен әлеуметтік әділдікті қалпына келтіруге тиіс еді.
2022 жылғы наурызда үкімет ішкі активтерді қайтару комиссиясын, ал маусымда шетелдегі активтерді қайтару комиссиясын құрды. Оған басшылық ету Бас прокуратураға тапсырылды, 2023 жылғы қазанда прокуратура жанынан активтерді қайтару комитеті құрылды.
2023 жылғы шілдеде президент осыған орай қол қойған заңға сәйкес, активтерді қайтару тетіктері ірі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік-билік ресурстары (байланыстары, ықпалы) бар адамдармен сыбайлас олигополиялық топтарға қолданылуға тиіс еді.
«Комиссия қызметі аясындағы шаралар кешені экономикалық ресурстар ат төбеліндей тұлғалардың қолында шоғырлануды тоқтатқанға дейін және адал бәсеке пайда болғанға дейін қабылданады», — деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Кампания 2025 жылғы қыркүйектің соңында аяқталды. Басталған кезінен бері мемлекет олигополия субъектілерінен 1,3 трлн теңге ($2,3 млрд) өндіріп алды, оның 850 миллиарды мемлекеттік бюджетке түсті.
Олардың қатарында қатардағы активтер — кәсіпорындар, кеңсе ғимараттары, жер учаскелері мен шетелдегі жылжымайтын мүлікпен қатар, қолсағаттар, психология-педагогикалық түзету кабинеттері және «Жайлы мектептер» сияқты мүлік те бар.
Сонымен қатар, олигополия субъектілері елге 5,2 трлн теңге инвестиция салуға, соның ішінде Алматыда туристік кешен, өңірлерде көлік-логистика орталықтары мен зауыттар салуға міндеттеме алды.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, қайтарылған 375 млрд теңгеге 207 сумен қамту нысаны, 177 медицина мекемесі, сондай-ақ 14 білім және спорт нысаны салынып жатыр.
Халықаралық ұйымдар әр жылдары тіркеген шетелге шығарылған капиталмен салыстыратын болсақ, бұл нәтижені керемет деуге келмейді.
Осы проблеманың ауқымына қатысты дәл шама әлі күнге дейін жоқ. Global Financial Integrity ұйымының зерттеуінде 2004–2013 жылдар аралығында $167,4 млрд шығарылды делінген. Бұл ұйымның тағы бір зерттеуі Қазақстан мен оның сауда серіктестері арасында айналып тұратын тауар ағынының құнындағы жыл сайынғы алшақтық $8,5 млрд екенін немесе 2009–2018 жылдары 85 млрд доллардан асатынын көрсетіп отыр.
Сонымен қатар Ұлттық банк мәліметі 2010 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстаннан кеткен (көбінесе Кипр, Нидерланд, Кайман және Сейшел аралдары) тікелей инвестицияның жалпы көлемі жылына $4,5 млрд немесе осы уақыт аралығында $53,4 млрд болғанын көрсетіп отыр.
Оның үстіне, кампания әу бастан ашық болған жоқ. Бас прокуратура активтерді заңсыз иемденді/шығарды деген күдікке ілінген адамдардың және тергеуге алынған адамдардың аты-жөнін жария еткен жоқ.
Тек активтері мемлекет есебіне қайтарылған бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің ғана аты аталды: Болат Назарбаев, Қайрат Сатыбалды, Тимур Құлыбаев, Қайрат Боранбаев және Қайрат Шәріпбаев.
Сонымен қатар, мемлекет өзіне қайтарып алған активтің, осы қаражатқа, жер учаскелеріне, объектілерге, кәсіпорындар мен басқа да мүлікке иелік еткен адамдардың толық әрі түгел тізімін жасаудан бас тартты.
«Бірдеңені өзгертеміз деп ешкім жоспар құрған емес»
«Власть» сөйлескен сарапшылар активтерді қайтару үшін ұйымдастыру және құқық аясын таңдау әу бастан жағдайға қарай әрекет ететін саяси міндеттерге сүйенді дегенмен келіседі. Тиісті заң асығыс, азаматтық қоғаммен кең талқыланбай қабылданды. Оның мазмұны мақсатты да, оған жету құралдарын да қалауына қарай тәпсірлеуге көп мүмкіндік ашты.
Transparancy International Kazakhstan ұйымы қамқоршылар кеңесінің мүшесі Оразалы Ержановтың пікірінше, мемлекет шынайы жұмыс атқарып жатқандай кейіп танытты: «Билікті Қаңтар оқиғасынан кейінгі қорқыныш қана алға жетеледі. Бірінші міндет — шаруа шешіліп жатқандай кейіп танытып, елді тыныштандыру болды. Конституцияға жер және жер қойнауы халықтың меншігі деген түзету де сол үшін жасалды».
«Активтерді қайтару науқаны апыл-ғұпыл қабылданған саяси технология ойыны дегенге көбірек келеді. Ол елдің саяси және экономикалық жүйесін өзгерту стратегиясының бір бөлігі емес. Егер шынымен солай болса, реформаторлар командасы шығып, оны үлкен өзгеріс бағдарламасына кіргізер еді ғой», — дейді саясаттанушы Досым Сәтбаев.
Экономист Қасымхан Қаппаров заңнамаға кампанияны институциялайтын нақты өзгеріс енгізілген жоқ дейді. Мысалы, Бас прокуратура жанындағы комитет бас прокурордың бұйрығымен құрылып, дәл солай таратылды. Оның артында парламенттің немесе қоғамның бақылауы болған жоқ.
Оның айтуынша, Өзбекстанда және Қырғызстанда мұндай кампаниялар басқаша жүріп жатыр.
Өзбекстанда Мирзиеев президент қызметіне кіріскен сәттен бастап, бірақ прокуратураның ресми сұратуымен қайтарыла бастады. Кейін олар арнайы қорға түседі. Оның жұмысына халықаралық басқарушылар тартылды — солардың қадағалауымен ақша экономикаға жұмсалады.
Қырғызстанда активтерді қайтару бес жылдан бері жүргізіліп келе жатыр: қылмыстық іс қозғалады, жемқорлыққа бару жолы анықталады, жер қойнауын пайдалану және өндіру келісімшарттары қайта қаралады. Мұның барлығы тұтас процесс, ал қаражат кейін тікелей бюджетке түседі.
Олардың активті қайтару науқанының ауқымы, Қаппаровтың айтуынша, Қазақстаннан асып түседі. Бұл елдерге осы ақшаны ірі инфрақұрылым жобаларына жұмсауға немесе сыртқы қарызды өтеуге мүмкіндік береді.
«Жең ұшынан жалғасып келісу принципі сақталып қалды»
Ержанов елдің саяси жүйесін өзгертуге бағытталған кампания билеуші тап ішінен кейбір адамдарды ауыстырумен ғана аяқталды дейді. Бұл науқан элитаның шет-жағасын немесе негізгі элита алқасының үлкен пайда әкелмеген активтерін ғана қамтыды.
«Назарбаевтың өзіне немесе оның ең жақын туыстарына [кампания] аса тиген жоқ деп ойлаймын. Соның ішінде, жанға бататындай дәрежеде болған жоқ. <...> Қайрат Сатыбалдының Қазақстан Темір жолында активтері болды, олар саяси ықпалы көп болған жағдайда ғана табыс әкеле алады. Ал саяси ықпал кеткен соң мұндай активті ұстап отырудың да мәні жоқ», — дейді ол.
Сәтбаевтың айтуынша, ашықтық болмауы активтерді қайтару процедурасын қоғам мүддесі арқылы емес, жекелей ымыраға келу арқылы түзетіп отыруға болатын қалтарыстар пайда болуына жол ашты.
«Бұл билікке ақпаратты, соның ішінде қаржы ағынына қатысты ақпаратты мөлшерлеп беруге және бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. <...> Активтерді қайтару көзделген мақсатқа қол жеткен кезде тоқтатылды — негізгі келісімдердің барлығы жасалды, меншікті бөліске салу қажетінше жасалды, ал саяси жүйе орнығып алды», — дейді саясаттанушы.
Сәтбаев көпшілікке жария етілген активтерді қайтаруға қатысты кампания шала-пұла жүзеге асып жатқан кезде меншікті бөлісудің жең ұшынан жалғасу тәсілі жүріп жатты дейді. Ержановтың айтуынша, «қайтарылған» ірі кәсіпорындар мемлекеттің экономикасына интеграцияланбай, нақты бір тұлғаларға берілді.
Сәтбаев көлеңкелі экономика кәсіпорындары қоғам назарынан тыс қалды дейді, мысалы: ірі заңсыз сауда орындары, базарлар, «Қорғастағы» базарлар мен сауда объектілері. Ондаған жыл бойы мұндай жерлерде көп көлемдегі қолма-қол ақша айналымда болды, бірақ жұмысы заңдастырылған жоқ. Нәтижесінде оларды кім бақылап отырғаны, ол жақта қанша ақша айналып жатқаны қоғамға беймәлім күйде қалды.
Қаппаров кампанияның маңызды қорытындысы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің таратылуын, Бас прокуратураның активтерді қайтару комитеті инвесторларды қорғау комитеті болып өзгергенін атады.
«Бұл қатемен (елдегі экономикалық ресурстарды бейресми бөлумен — В.) жұмыс жүйесіз екенін білдіреді. Кезінде үстінен қылмыстық іс қозғалған адамдар қорғалу құқығы бар инвесторларға айналады», — деп түсіндірді экономист.
Осы тұрғыда Сәтбаев жағдайы қиын жылу электр орталықтарын меншік иесін көрсетпей мемлекетке беру жағдайларын еске салды. Ал Ержанов Назарбаевтың туыстарына және кәсіпкерлер Қайрат Боранбаев пен Қайрат Сатыбалдыға қатысты процестерді көзбояу деп атады.
«Боранбаевқа қолданылған бап бүкіл мүлкін тәркілеуді көздейді. Бірақ ол қамаудан босап, барлық елеулі активін сақтап қалды. Сатыбалдыға қатысты бап та толық тәркілеуді көздейді, бірақ біз мұны да көрген жоқпыз», — дейді қоғам белсендісі.
Сарапшылар активтерді бөлу мәселесіне көз жұма қарау саяси жүйенің орнықтылығына нұқсан келтіреді деген пікірмен келіседі. Сәтбаевтың айтуынша, жең ұшынан жалғасу тәсілі жаңа бенефициарлардың меншік құқығына дауласатын жағдайларға ұрындырады. Ал оларды ешкім қорғамайды, себебі күш құрылымдары, соттар мен БАҚ мемлекетті тікелей басқаратын адамдардың бақылауында.
Поддержите журналистику, которой доверяют.