АКДС-тің пайда болу тарихы
Алғашқы АКДС екпесі 1949 жылы тіркелді. Дәл осы екпеден бастап көп елде «Профилактикалық екпелер күнтізбесі» жасала бастады. Оның басты мақсаты – балалар арасындағы өлімді және олардың өміріне қауіп төндіретін жұқпалы аурулардың таралуын азайту. ХХ ғасырдың бірінші жартысында полиомиелит пен қызылша сияқты көкжөтел де ең көп тараған балалар инфекциясының бірі болатын. Полиомиелит туралы жақында шыққан материалдарымыздың бірінде айтқанымыздай, оған қарсы екпені 50-жылдары жасап шығарды. Қызылшаға қарсы екпені де шамамен сол уақытта әзірледі, кейін оны паротит пен қызамыққа қарсы екпелермен біріктіріп, ҚПҚ екпесін шығарды.
АКДС деген – көкжөтелге, дифтерияға және сіреспеге қарсы адсорбцияланған екпе. «Адсорбцияланған» деген тіркес дәрінің құрамындағы компоненттер екпенің күшін арттырып, әсерін ұзартатын заттарда бабына келген дегенді білдіреді. Осындай заттардың бірі алюминий гидроксиді туралы және ата-аналарды жиі қорқытатын тиомерсал туралы төменде айтамыз, ал қазір АКДС-тің пайда болу тарихына оралайық.
Көкжөтелге қарсы бірінші инактивті (тірі емес) екпе 1915 жылы тіркелді. Ал 1923-1924 жылдары француз ғалымы Гастон Рамон дифтерия мен сіреспе токсиндерін инактивтендіру (әсерсіздендіру) әдісін ойлап табады. Бұл әдіс кейбір өзгерістерімен қазір де қолданылады. Бірақ бұл жаңалықтың басын қосып, жетілдіріп, біріктірілген АКДС екпесін жасау үшін ғалымдар 20 жылдан астам уақыт жұмсады. Ал оны жақсартып, негіз болса да, болмаса да АКДС-тің кесірі деп танылатын жанама әсерлерді жою үшін тағы 40 жылға жуық уақыт кетті.
Көкжөтел, дифтерия және сіреспе несімен қауіпті және оларды қалай емдеу керек?
Көкжөтел мен дифтерия туралы толығырақ бұған дейін «Қайта қауіп төндіре бастаған балалар ауруы» деген материалымызда жазғанбыз. Мұнда аурулардың тікелей асқынуынан бөлек тағы бір үлкен қауіп бар: білікті, тәжірибелі дәрігерлердің өзі мұндай аурулармен көптен бері кездеспегендіктен, оларды анықтай алмай қалуы мүмкін. Бұлардың алғашқы сатыдағы симптомдары басқа аурулармен біршама ұқсас. Ал дифтерия мен сіреспе кезінде антитоксин егу қажет екенін ескерсек, сәл де болсын кешігу қайғылы жайтпен аяқталуы мүмкін.
Антитоксинмен емдеудің жанама әсері болуы мүмкін және анафилактикалық шокқа ұқсас аллергиялық реакцияға алып келуі ықтимал.
Өкінішке қарай, көкжөтелге қарсы арнайы дәрі жоқ. Егер дәрігер ауруды дер кезінде анықтап, алғашқы күндері белгілі бір топтың антибиотиктерін жазып бере алса, аурудың даму қарқыны бәсеңдеуі мүмкін, бірақ бұл аурудан толық айықтыра алмайды. Оған қоса көкжөтелді 3-12 жылдан кейін қайта жұқтыру қаупі бар. Ал көбі үміт артып, арқа сүйейтін табиғи иммунитет үнемі құтқара алмауы да мүмкін.
Қазақстан және АКДС-тен бас тарту бойынша статистика
КСРО тарағаннан кейін посткеңестік елдердің барлығында дерлік екпе жеткізумен қиындық туындай бастады, мұның ішінде АКДС екпесі де бар. Осының салдарынан ТМД аумағына көкжөтел мен дифтерия сынды көптен ұмыт болған балалар инфекциялары оралды. 90-жылдардың екінші жартысында Қазақстанда АКДС екпесін жеткізу мәселесі реттеліп, 90-жылдардың бірінші жартысында екпе алмағандарға егу жүргізілді.
Адамның жады да, иммунды жад та 20 жылға ғана жетіпті. Қазір АКДС екпесі бас тартулар бойынша көш бастап тұр. АКДС-тің салдары ретінде жиі таңылатын неврологиялық асқынулар 2013 жылы-ақ көкжөтел мен дифтерияға қарсы заманауи жасушасыз екпелерді қолданудың арқасында толықтай жойылды дегенмен, қазақстандық ата-аналар бұдан әлі күнге дейін қорқады.
22 291 – жалғыз АжКДС қана емес, екпенің барлық түрі бойынша жалпы бас тартқандар саны. Бұл сандар нені білдіретінін түсіну үшін, екпеден бас тарту бойынша өтініш нақты бір екпенің түріне емес, бірден АжКДС+Хиб + ВВГ + ИПЕ немесе АжКДС+Хиб+ИПЕ сынды бірнеше екпенің түріне қатысты толтыратынын түсіну керек. Басқа екпелердің пайыздық бөлінісін алдағы материалдарымызда талдайтын боламыз.
Америкада АКДС-пен қалай күресті және бұл неге алып келді?
Өткен ғасырдың 70-80-жылдары Англия мен АҚШ-та АКДС-ті басты жауына айналдырған жаппай екпеге қарсы қозғалыстар пайда бола бастады. Бұл екпені балалардағы көп кеселге себепші деп тапқан ата-аналар сотқа ұжымдық арыз түсірді. Ал тағылған айыптың көбі негізсіз екенін дәлелдеу үшін жылдар мен ауқымды зерттеулер жасау қажет болды. Бұл туралы толығырақ, тіпті сот отырыстарының мәтініне дейін Пол Оффит өзінің Америка мен Еуропадағы егу тарихы туралы «Қатерлі таңдау» деген еңбегінде айтып берген.
Екпеге дейінгі кезеңге оралудан қорыққан америкалық билік екпе өндірушілерді қорғайтын «Балалар екпесінен зардап шеккендерге өтемақы беру туралы ұлттық заң» деген заң жобасын бекітеді, бұл жоба президент Рональд Рейган қол қойған соң, бір айдан кейін заңға айналды. Оның негізінде екпеден кейін болуы мүмкін асқынулар тізімін қоса алғанда, зардап шеккендерге өтемақы төлеу бағдарламасы болатын. Бұл құжаттың басты міндеттері: екпеден кейін болған асқынулар үшін штаттардың сотына арыз беріп шығындалмай-ақ өтемақы алуға мүмкіндік беру және фармацевтикалық компанияларды жауапкершіліктен қорғап, екпе өндірушілерге зерттеулерін жалғастырып, жаңа екпелер әзірлеуге жағдай жасау. Онымен қоса заң жобасы ата-аналарды екпенің қауіпсіздігі туралы ақпараттандыру механизімін – Екпелердің жанама әсерін тіркеу жүйесін құрастырды (Vaccine Adverse Events Reporting System, VAERS). Мұның арқасында екпелерді тәуелсіз шолу және ықтимал жанама әсерлері туралы хабарлау мүмкін болды.
Осының барлығы америкалықтармен қоса еуропалық фармкомпанияларды да әлдеқайда қауіпсіз АКДС екпесін жасап шығаруға итермеледі.
Бүтін жасушалы АКДС пен жасушасыз АКДС-тің айырмашылығы қандай?
ХХ ғасырдың бірінші жартысында көкжөтелге қарсы екпе пайда болғанда, оның құрамында көкжөтел қоздырғышының бүтін жасушасы қолданылатын. Жасуша инактивті болғанымен, оның бойында 300-ге жуық антиген бар еді.
300 антиген мен антигенді белсенді компоненттердің ішінде баланың жүйке жүйесіндегі жағымсыз әсерлердің катализаторы болуы мүмкін нейротоксинді компоненттер де кездесетін. Бірақ бәрінде бірдей емес және үнемі кездесе бермейді. Ата-аналардың дәл осы неврологиялық асқынулардан қорқуы АКДС екпесінің Қазақстанда бас тартулар бойынша көш бастауының негізгі себебі болып отыр. Бірақ қазір бұл қауіптің еш негізі жоқ.
ХХ ғасырдың 90-жылдары мұның әлдеқайда қауіпсіз түрін – жасушасыз АКДС екпесін жасап шығарды. 3000 антигеннің ішінен қорғаныс белсенділігі бар 4 компонент таңдалып, солардың негізінде екпенің жаңа түрін жасап шыққан.
Екпелердің жаңа түрі мен ескі нұсқасының арасындағы айырмашылық туралы
Жасушасыз АКДС екпесіне ауысу барысында болжалды қорғаныс мерзімі туралы соңғы тармақ “кері әсерін” тигізуі мүмкін. Қазақстанда АжКДС екпесін (жасушасыз компоненті бар екпе – V анықтамасы) салдырған буын өсіп келе жатыр. Қазір олардың жасы шамамен 7-8-де, демек, екі жыл бұрын олар 6 жастағы міндетті егуден өткен. Бұл иммунитет оларға 7 жылға ғана жетуі мүмкін, ал ары қарай олардың көкжөтелге қарсы қорғанысы бәсеңдейді.
Ұзақ жыл бойы ұмыт болған аурулардың оралып жатқаныны, ұжымдық иммунитеттің қамту деңгейі іс жүзінде межеленген деңгейден төмен екенін көрсетеді. Демек көкжөтелдің де басқа аурулар сияқты қайта оралуы ықтимал және оған қарсы қорғанысы жоқ топ қазір есейіп келе жатыр. Бұл ересектер үшін ғана емес, еркінен тыс ауру жұқтыруы мүмкін кішкентай балалар үшін де қауіпті. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Австралия, Франция, Германия және АҚШ сияқты индустриясы дамыған елдердің көбінде «піллә стратегиясы» қолданылады. Оған сәйкес сәбилер мен әлсіз топ өкілдерін қорғау үшін олармен тығыз байланыста болатын адамдарға қайта егу жүргізеді. Мысалы, отбасы бала күтіп отырса, отбасы мүшелерінің барлығы баланың жеке иммунитеті қалыптасқанға дейін алғашқы айларда қорғау үшін, сәби дүниеге келмей тұрып көкжөтелге қарсы қайта егуден өтеді.
Қазір Қазақстанда ересектерге арналған көкжөтелге қарсы екпелер тіркелмеген. Оларды тіркеу ақылға қонымды ма, жоқ па деген мәселе «Қазақстандағы сау балалар мен жасөспірімдер арасындағы Бордетелла көкжөтелінің антиденелерін серологиялық бақылау» зерттеуі аяқталған соң, 2022 жылдан кейін ғана талқылануы мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі бізге берген жауабында солай деді.
Қазақстанда қандай екпелер қолданылады?
Қазақстанда көкжөтел, дифтерия мен сіреспенің алдын алу үшін үш түрлі өндірушінің екпесі қолданылады. Бұл материалда толығырақ «Гексаксим» екпесін талдаймыз. Балаға бірінші рет АКДС осы екпенің құрамында, екі айлығында егіледі. Оның құрамындағы компоненттер 6 инфекциядан қорғайды (атауы да содан шыққан) – көкжөтелден, дифтериядан, сіреспеден, полиомиелиттен (үш түрінен де), b типіндегі гемофильді таяқшадан және В гепатитінен. Көп ата-ананы кіп-кішкентай сәбиге бірден 6 компоненті бар екпе салатыны қорқытады. Біз бұған дейін ҚПҚ екпесінің айналасындағы дақпырттар туралы материалда біріктірілген заманауи екпелердің қауіпсіз екенін жазғанбыз, десек де ең басты тұстарын қайталап өтейік. Біріншіден – біріктірілген заманауи екпелердің құрамындағы антигендердің саны өте аз және олар баланың ағзасына еш зиян тигізбейді, бірақ бұл иммунды жауап шақыру үшін жеткілікті. Екіншіден – мұндай екпелер ауруханаға бару жиілігіңізді барынша азайта отырып, баланы көптеген қауіпті ауру мен олардың асқынуынан қорғауға мүмкіндік береді.
Егу күнтізбесі бойынша үш айлығында балаға «Пентаксим» екпесі салынады. Алдыңғысынан айырмашылығы, мұнда В гепатитінен қорғайтын компонент жоқ – бұл инфекция мен оған қарсы екпе туралы алдағы уақытта шығатын материалдарымыздың бірінде айтамыз.
Өндірушінің «Гексаксим» екпесіне берген анықтамасында екпені бастапқы иммундау ретінде 6 аптадан бастап, яғни бір жарым айлық балаларға салуға болатыны жазылған. Ал Қазақстанда бұл екпе 2 айдан бастап салынады. Аталған инфекциялар сәбилер үшін өте қауіпті және бұлардың барлығы мүгедектікке немесе қайғылы жайттарға алып келуі мүмкін. Өте ерте мезгілде салатыны да сондықтан. «Гексаксим» екпесінің аналогы – бельгиялық өндіруші GlaxoSmithKline Biologocals s.a-ның «Инфанрикс Гекса» екпесі.
Бала бір жарым жасқа дейін құрамында АжКДС бар екпелерді алмаса, не істеу керек?
7 жасқа дейін: құрамында дифтерия анатоксині жоғары АжКДС екпесі бар біріктірілген екпе егеді – 2 екпе, арасы 2 айдан. Үшінші екпені 6-12 айдан кейін салдырады. Салуға болатын екпелер – «Гексаксим» және «Пентаксим».
7 жастан асқандар және ересектер: дифтерия анатоксині азайтылған АжКДС екпесін 2 рет арасы 1 айдан егеді. Үшінші екпені 6-12 айдан кейін салдырады. Салуға болатын екпе – «Бустрикс».
16 жаста және кейін әр 10 жыл сайын: дифтерия мен сіреспеге қарсы адсорбцияланған АДС-М екпесін қайта егу.
Сынап, алюминий және АКДС екпесінің басқа да компоненттері
Екпенің құрамын ойлап, алаңдау – кішкентай балалардың ата-анасы мен ересек жаста екпе салдырғысы келетіндердің заңды құқығы. Бірақ көптеген екпеге қарсы қауымдастықта айтылатын, көңілге үрей ұялататын мәлімдемелер әдетте контекстен жұлынып алынатынын және ақпарат толық күйінде берілмейтінін есте сақтау маңызды.
Ең алдымен қазақстандық балалар күнтізбесіндегі екпелердің ешқайсында сынап пен сынап қосылыстары жоқ дегенді түртіп алайық. Бұған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сайтынан екпелердің құрамын қарап-ақ көз жеткізуге болады.
Екінші маңызды мәселе: екпелерде таза күйдегі сынап емес, тиомерсал қолданылады. Бұл – құрамында сынап бар химиялық қосылыс. Оны екпенің құрамына екпе сұйықтығын түрлі бактерия мен зеңдердің жұғуынан қорғап, дәрінің стерильдігін сақтап тұратын консервант ретінде қосады. Консервантты әдетте көпдозалы екпелерге (бір құтының ішінде бірнеше доза болғанда) қосады.
Тиомерсал ағзаға түскенде екі бөлікке бөлініп, оның сынап қосылған компоненті тез арада ағзадан шығарылады. Соңғы 15 жыл бойы жиналған ғылыми деректер екпелердегі тиомерсалдың еш зияны жоқ екенін көрсетеді. Ал оны қолдану кезінде жанама әсер ретінде ауырсыну мен егілген жердің қызаруы тіркелген.
Алюминий екпеде гидроксид пен тұз күйінде жүреді: алюминий гидроксифосфат сульфаты, алюминий фосфаты, алюминий сульфаты. Екпе үшін алюминий адьювант ретінде, яғни ағзаның екпедегі антигенге иммунды жауабын күшейтетін химиялық қосылыс ретінде керек. Алюминийдің адьювант ретінде әсері 1926 жылы сипатталған және көптеген екпеде әлі күнге дейін қолданылады.
Екпедегі алюминий қосылыстарының концентрациясы қандай да бір жағымсыз салдарды дамыту үшін жеткіліксіз. Ол тіпті ағзаға сіңбейді де. Ал миға әсер ете алмайтыны екібастан түсінікті.
Баланың ағзасына тамақ арқылы түсетін алюминий өмірінің алғашқы алты айында екпе арқылы түсетін алюминийден әлдеқайда көп. Бала 7 жасқа дейінгі барлық екпенің құрамынан шамамен 3,6 мг алюминий гидроксидін алады. Алюминийдің мұндай мөлшерін бір мезетте қабылдағанның өзінде еш зияны болмайды.
АжКДС-ке қарсы көрсетілімдер
Біз қарсы көрсетілімдер мен жалған медициналық көрсетілімдер тақырыбын бұған дейін толығырақ талқылағанбыз.
Аталған қарсы көрсетілімдерден бөлек, «Гексаксим» екпесінің нұсқаулығында: «көкжөтел компоненті бар екпелерді үдемелі неврологиялық аурулары және басқарылмайтын қояншығы бар адамдарға салуға болмайды. Бірақ жағдайы тұрақталып, екпенің пайдасы қаупінен айтарлықтай көп болған кезде егуге рұқсат етіледі» деген тармақ бар. Демек, БЦП, Даун синдромы және үдемесіз қояншық ағымы сияқты тұрақты неврологиялық жағдайлар егуге қарсы көрсетілім емес деген сөз.
Кейін болатын нәрсенің бәрі салдары деген сөз емес
Бұл парадигманы Пол Оффиттің «Қатерлі таңдау» кітабындағы бір оқиға жақсы суреттейді: «Дьюк университетінің Медицина мектебінің сыйлы бір профессоры баласына АКДС салғызу үшін дәрігерге барған бір танысының оқиғасын айтып берді. Ол кезекте өте ұзақ тұрып, ақыры шаршап, баласына екпе салғызбай үйіне қайтып кетеді. Бірер сағаттан соң әкесі баласының төсекте жатқан өлі денесін тауып алады – бала кенеттен өлу синдромынан қайтыс болса керек. Егер сол күні әкесі баласына екпе салғызғанда, қазір қандай күйде боларын ойлап көріңізші. Ешқандай зерттеулер оны баласының екпеден емес, басқа бір себептен өлгеніне сендіре алмайтын еді».
Осы материалдың авторлары да кішкентай балалардың ата-анасы. Сондықтан да баласындағы ауытқулардың себебін екпеден іздейтін ата-аналарды түсінеміз. Бірақ бұл екеуі бір-біріне үнемі себепші бола бермейді, мұны әртүрлі елдегі көптеген статистикалық зерттеу деректері дәлелдейді. Оған қоса қандай да бір теріс түсінік қалыптаспас үшін мұндай зерттеулерді фармкомпаниялар емес, мемлекеттердің өзі жасаған. Ал зерттеулердің басым көпшілігі ата-аналар қатты қорқатын дәл осы АКДС екпесі мен көкжөтел компонентіне арналады. Бір жасқа дейін балалар орта есеппен құрамында АКДС компоненті немесе АжКДС (ж – жасушасыз көкжөтел компоненті, V – анықтамасы) бар 3 доза екпе алады. Көптеген генетикалық ауру да бір-бір жарым жаста біліне бастайды. Бұл кездегі егу жиілігін ескере отырып, екі жайтты бір-бірімен байланыстыра салу қиын емес.
Дегенмен, екпе де басқа медициналық дәрі-дәрмектер сияқты, кейде асқынуларға алып келуі мүмкін. Оларды Қазақстанда қалай анықтап, тіркеу керегін алдағы материалдарымыздың бірінде талдаймыз.
Екпеден және аурудан болатын асқынулардың ықтималдығын салыстырайық
Көп жағдайда әр адам өзі үшін ғана жауап беретін әлемде «қандай да бір айқын себепсіз екпе салдырмайтындар басқалардың өмірін қатерге тігеді» деген дәлелдеме дұрыс жұмыс істемейді. Біз мұны түсініп отырмыз. Сол себепті, қорытындының орнына екпеден және аурулардан болатын асқынулар жиілігі көрсетілген кестені аударып, толықтырайық деп шештік. Кестенің түпнұсқасы австралиялық үкіметтің сайтында, Ұлттық иммундау бағдарламасының аясында жарияланған.
Материалды дайындау барысында мына дереккөздер қолданылды:
Пол Оффиттің «Қатерлі таңдау. Екпемен күрес неге әкеліп соғуы мүмкін» деген кітабы
"Халыққа профилактикалық егуді жүргізу бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы 2018 жылғы 13 маусымдағы №361 бұйрық.
Алюминий және екпелер: балаларға әсері
Балалар екпесінде антигендердің саны
Жаңа туған сәбилерді көкжөтелден қорғау үшін қолданылатын «Піллә стратегиясы»
CDC: көкжөтел және онымен қайта ауру ықтималдығы туралы деректер
Материал авторлары Томирис Мүлікова мен Medsupportkz командасына материалды дайындауға көмектескені үшін алғыс айтады.
Материалда айтылған ой авторларға тиесілі және ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілдігі мен АҚШ-тың халықаралық даму бойынша агенттігінің ресми көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін (USAID).
Поддержите журналистику, которой доверяют.