7412
11 декабря 2020
Дмитрий Мазоренко, фото авторы Айсұлу Тойшыбекова

Қытайға ACEAH елдерімен сауда келісімі неге керек және бұл Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді?

Еркін сауда аймағы қалай қазақстандық және өңірлік экспорттың басты бағытына айналуы мүмкін?

Қытайға ACEAH елдерімен сауда келісімі неге керек және бұл Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қалай әсер етеді?

Қарашаның ортасында Қытай, Аустралия, Жаңа Зеландия, Оңтүстік Корея, Жапония және Оңтүстік-Шығыс Азиядағы 10 мемлекет Кешенді аймақтық экономикалық серіктестік (КАЭС) келісіміне қол қойды. 2010 жылдан бері шектеулі форматта жұмыс істеп келген құжат, енді елдер арасында технология, қаржы және интеллектуалдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтпек. Қытай қазірдің өзінде ACEAH елдерінің импортына қанық және, сарапшылардың айтуынша, бұл келісімнен ең басты пайда көретін де – Қытай. Бұл Қытаймен келісімге отырған елдердегі сауда тапшылығына әсер етіп қана қоймай, олардың Орталық Азия және басқа да аймақтармен байланысына себеп болуы мүмкін.

Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің Қауымдастығы мен Қытайдың арасындағы бір жарым апта бұрын қол қойылған келісім соңғы 8 жыл бойы талқыланып келеді. Құжатқа қол қойған елдердің ЖІӨ ($14.5 трлн-нан көп) мен халқы (2 млрд-тан астам) әлемдегі ЖІӨ мен халықтың үштен бірін құрайды. Ал арадағы келісім осы елдердің арасында ортақ нарық құруға мүмкіндік береді. Алғашында Үндістан да келіссөзге қатысып жүрген, бірақ отандық өндірушілердің ұстанымын сақтап қалу үшін шетелдік импортқа салынатын баж салығын қалдыратын болды. Ал қалған елдер біраз күннен соң зияткерлік меншік, телекоммуникация, интернеттегі сауда, қаржылық және кәсіби қызмет саласындағы тарифтерді біртіндеп алады.

Қытай мен ACEAH елдерінің арасындағы еркін сауда аймағы туралы идея 2000 жылдың қарашасында айтылған болатын. Бір жылдан кейін, экономикалық серіктестік бойынша сарапшылар тобы құрылып, бұл келісімнің болашағын зерттей бастады. 2004 жылдың қаңтарында, өнеркәсіп пен ауылшаруашылық өнімдеріндегі тарифтік кедергілерді жоятын, егінді ерте жинаудың арнайы бағдарламасы басталған еді. Болашақ келісімнің тиімді тұстары сонда көріне бастады. Сол кезде-ақ қатысушы елдер 2006 жылға дейін ет пен жеміс-жидектен бастап, 600 тауар түрі бойынша тарифтерді жоюға келісті. Кейін, 2008 жылы еркін сауда аймағына көрсетілетін қызмет саудасы және 2010 жылы инвестициялар жөніндегі келісім қосылды.

Осы үш келісімнен соң, 2017 жылы ACEAH-тың 6 мүшесі (Индонезия, Малайзия, Сингапур, Таиланд, Филиппин және Бруней) өз арасында тарифтерді 99,2%-ға түсірді. Қытайлық тауарларға тариф орта есеппен 12,8% дан 0,6%-ға азайды. Оған қоса, ACEAH 2017 жылдың соңына қарай Қытайға экспорталатын тауар үшін салынатын баж салығын 96,1% ға қысқартты, ал 2018 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш 98,7% болды.

2018 жылы ACEAH елдері шығаратын экспортының 12,5%-ын Қытайға жіберген, ал Қытайдың қауымдастық мүшелеріне сатқан өнімі жалпы экспортының 20,7%-ына тең. Қытайдың ACEAH елдерінен импорттайтын тауарының төрттен бірі бөлігі – электр құрылғылары мен машиналары.

ACEAH статистикалық қызметінің дерегінше, 2010 жылдан, яғни келісім күшіне енгеннен бері, ACEAH пен ҚХР арасындағы сауда айналымы $235.5 млрд-тан $644 млрд-қа дейін (2020 жылдың басындағы дерек) өскен. Қытайдан ACEAH елдеріне тартылатын инвестицияның жылдық мөлшері де $3,5 млрд-тан $9,1 млрд-қа өскен (2019 жылғы дерек). Ал инвестиция ең көп тартылған 2017 жылы Қытай қауымдастық мүшелеріне шамамен $15,5 млрд инвестиция құйды. ACEAH-ның соңғы 9 жылда Қытайдан тартқан инвестициясының жалпы мөлшері $86.4 млрд-тан асады. 2010-2017 жылдары, ACEAH елдерінің арасында, қытайлық инвеситицияның негізгі бағыты Сингапур (55%-дан астамы), Индонезия (8-9% шамасында), Вьетнам (7-8%) және Таиланд (6-7%) болды.

Қытай инвестициясының шамамен үштен бір бөлігін өнеркәсіптік жобаларға, ал 20%-ын көтерме-бөлшек саудаға құйған.

ACEAH елдерінің арасындағы келісімнің басты бенефициары Вьетнам болмақ. Келісім күшіне енгеннен бастап, оның Қытаймен екіжақты сауда айналымы 4,5-5 есеге дейін, тоқтаусыз өскен. 2019 жылы Вьетнамның Қытайға эскпорттаған тауары $41,4 млрд болды. Бірақ, сол жылы импорт экспорттан $34,1 млрд-қа асып, елдегі тауар тапшылығы жоғары болған. Вьетнам Қытайға негізінен телефондар, компьютерлер, құрағыш және өнеркәсіптік құрылғылар экспорттайды.

Келісім кезінде ACEAH елдерін алаңдатқан басты себептің бірі – Қытаймен арадағы сауда тапшылығының өсуі еді. Қауымдастық мүшелерінің бәрі бұл жағдайды бастан өткерді. Келісім күшіне енбей тұрып, 2009 жылы ACEAH-мен Қытайдың арасындағы сауда тапшылығы $15 млрд болған. Ал он жылдан кейін көрсеткіш $103,1 млрд-қа дейін өсті. Бұл екі жақтың арасындағы тең емес қарым-қатынастың белгісі, яғни қытайлық отандық өндірушілердің мүддесі басым болғанын көрсетеді.

Сонымен бірге, қытайлық кәсіпорындардың жосықсыз бәсекесі де жиі кездеседі. Мысалы, 2014 жылы қытайлық өндірушілер Вьетнамға өзіндік құнынан арзан тұратын металл сатқаны үшін айыпталған. Болған жайтқа VSA Вьетнам металлургия қауымдастығының шағымынан кейін, Қытайдан келетін темірге демпингке қарсы баж салығы салынатын болды. Бірақ қабылданған шара тек 120 күн қолданылды. Қытайлық кәсіпорындар импорттық тарифтерді айналып өту үшін, темірге аз мөлшерде бор қосқан кездері де болған. Солай темірді мүлдем басқа өнім ретінде көрсетуге болады. Оған қоса, Қытай өзара есеп айырысу үшін өз валютасын таңуға тырысатын, бірақ ACEAH елдері монетарлы егемендігін сақтай алды.

Петерсон халықаралық экономика институтының бағалауынша, бір апта бұрын қол қойылған келісім, алдағы 10 жыл бойы әлемдік ЖІӨ-ге жыл сайын шамамен $186 млрд қосып отырады. Бірақ, сарапшылардың айтуынша, бұдан пайда көретін – Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея ғана. Ал қалған мемлекеттер 2030 жылға дейін экономикалық өсіміне жыл сайын 0,2% қосып отыратын болады. Бірақ мемлекеттердің өз мүддесін қорғауға уақыты бар, өйткені сауда келісімі әлі ратификацияланған жоқ және бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін.

Құрылғалы жатқан еркін сауда аймағы Қазақстан мен Орталық Азиядан алыс болса да, қытайтанушы Антон Бугаенконың айтуынша, жоба бізді де айналып өтпейді. Зерттеуші Қытай мен ACEAH арасындағы сауда айналымының ұзақмерзімді ықпалы болуы мүмкін дейді, уақыт өте келе бұл аймақ Орталық Азиядағы біраз мемлекет үшін басты өткізу нарығына айналуы мүмкін.

Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен сауда айналымы айтарлықтай көп емес. Қазақстандық мұнайды Малайзиядан басқа елдер алмайды. Бірақ бұл жерде сауданың құрылымы маңыздырақ. «Қазақстан бұл аймаққа металл мен ауылшаруашылық өнімдерін сатады. Бұл әзірге қазақстандық экспорт диверсификациясының жалғыз ықтимал үміткерлері. Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қазақстандық мұнай мен газ емес, металл мен ауылшаруашылық өнімдерінің басты өткізу аймағына айналуы мүмкін. ЕАЭО-дағы басқа да мемлекеттер де бұл тауарларды өндіргенімен, ЕО нарығына шығу қиын», – дейді зерттеуші.

«Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы халықаралық сауда үшін шекараны барынша ашуға тырысып жатыр. Қытай мен АСЕАН елдерінің арасындағы ортақ нарыққа да осы бастаманың арқасында шығуымыз мүмкін. Оңтүстік-Шығыс Азиямен қатар, Қытай Орталық Азия нарығын ашуға талпынып жатыр. Бугаенконың айтуынша, Қытай мұны арадағы сауда айналымын өсіру үшін ғана жасап жатқан жоқ: «Қытай өзін сауда, қаржы, мәдени жол тораптарының қиылысы ретінде көргісі келеді. Қытай үшін айналасындағы әртүрлі аймақпен синергия орнату өте маңызды. Себебі Пекин айналасындағы жағымсыз жағдайды осылай ғана жақсарта алады».

Зерттеушінің айтуынша, Қытайда қазірдің өзінде Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азияны қосатын тұрақты көлік дәлізін салу жөнінде сөз қозғалып жатыр. Мұны жасауға мүмкіндік беретін Ляньюньган портында Қазақстанның терминалы бар. Бірақ бұл жермен сауда байланыстары аз өтеді және портты дамыту жайлы ой ғана бар. Сонымен қатар, Қытай Хайнань аралындағы Янпуган портын жетілдіріп жатыр. Кейін бұл Қазақстан мен Оңтүстік-Шығыс Азияны байланыстырушы нүкте болуы мүмкін.

«Бұдан Қытай қандай пайда көретіні белгілі. Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияны өзі арқылы байланыстырып, инфрақұрылымын жақсартады, пайда көреді. Ал бізге келетін пайда қандай? Бұл Қазақстанның осы мүмкіндікті қалай пайдаланатынына байланысты. Осы бағыттағы мақсатты саясаттың жүргізілуіне байланысты», – дейді Бугаенко.