900
24 июля 2025
Виктория Натачиева, Ольга Логинова, Власть

Белгісіз тұсы көп Әуезов атындағы театрдағы жөндеу жұмыстары

Театр жөндеуден кейін тарихи келбетін жоғалтуы мүмкін

Белгісіз тұсы көп Әуезов атындағы театрдағы жөндеу жұмыстары

Көктемде Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қайта жаңғырту жұмысы басталып, театрдың айналасы қоршалды. «Қолайсыздық үшін кешіріңіз, бұл сіздің болашағыңыз үшін» деген жазу ілінді. Көп кешікпей қасбеттегі бірегей суреті бар мәрмәр жабынды ала бастады. Белсенділер мен сарапшылар дабыл қақты: олар ғимараттың келбеті сақталатынына күмәнмен қарайды.

Жөндеу жасап жатқан компания тарих және мәдениет ескерткішімен жұмыс істеуге лицензияны реконструкция басталып кеткеннен кейін алғаны белгілі болды. Бір қызығы: театрдың өзі де, мемлекеттік органдар да, жөндеу жасап жатқан құрылыс компаниясы да бюджет есебінен жүріп жатқан жұмыстың нақты құнын ашып айта алған жоқ.

«Власть» тілшілерімен сөйлескен сарапшылар театрда жүріп жатқан жұмыс тарихи мұраны қайта жаңғырту деп айтуға келмейді дейді.

Мерейлі күнге орай жөндеп бітіру

2024 жылдың мамыр айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына қайта жаңғырту жүретінін хабарлады. Жөндеу 2026 жылы аяқталатынын айтты. Мәдениет және ақпарат министрлігі жоба бойынша театрдың сыртқы келбеті өзгермейді, апаттық жағдайда тұрған қасбеттегі бөлшектер ғана ауыстырылады деп хабарлады. Қасбет жабыны мәрмәр болып қала береді деді.

Бірақ театр қоршалып, қасбетін аша бастағаннан кейін қоғам өкілдері де, сарапшылар да ескерткіштің сақталатынына және реконструкция сапасына алаңдай бастады.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ғимараты 1981 жылы салынды, жоба авторлары: О. Баймырзаев, А. Қайнарбаев және М. Жақсылықов. Бір жылдан кейін театр ғимаратына республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші деген мәртебе берілді. 2010 жылдан бастап ол белгісіз себептермен жергілікті маңызы бар ескерткіш деңгейіне түсті.

«Қазқайтажаңғырту» кәсіпорны «Власть» сауалына берген жауабында театр ғимараты «күрделі жөндеу және қасбет пен іргелес барлық тұғырбетті, тіреу қабырғасын әрлеу бойынша реставрация жұмысын жүргізуді қажет етеді» деген тарихи-мәдени сараптама қорытындысы 2023 жылғы 22 қыркүйекте беріліп қойғанын хабарлады.

Кәсіпорын «бастапқы келбеті сақталсын деген кеңес берілді» деді. Соның ішінде, жауапта «қасбетті қаптауға арналған тақташалар қазіргі қасбетте тұрған тақташа үлгісі бойынша пішіні, суреті мен материалы дәлме-дәл сақталуы керек, бірақ берік бекітілуіне мән беріліп, келушілердің қауіпсіздігі үшін мәрмәр тақташаны бекітудің жаңа технологиясы қолданылып жасалуы керек» деп көрсетілген.

Светлана Ромашкинаның фотосуреті

«Қазқайтажаңғырту» ғылыми жоба құжаттамасын әзірлеп, онда ғылыми қайта жаңғырту жұмысын жүргізу үшін құрылымдық шешімдер ұсынылды. Әйтсе де, жоба-смета құжаттамасын 296 млн теңгеден асатын сомаға «Актюбгражданпроект» ЖШС әзірлеп берді.

«Қазқайтажаңғырту» жергілікті маңызы бар ескерткіштерге жұмыс жүргізуге, заңға сәйкес, жергілікті мәдениет басқармасы, сондай-ақ театрға реконструкция жасайтын мердігер ұйым жауапты болатынын еске салды.

Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет комитеті «Власть» сауалына берген жауабында жұмыстың ақырғы құны анықталған жоқ деп хабарлады.

Мәдениет комитетінің жауабында: «Жоба шешімдерін мемлекеттік бюджет көрсеткіштеріне сәйкес түзету және оңтайландыру процесі жүріп жатыр. Ақырғы құны жұмыстың барлық кезеңі аяқталған соң анықталады», — делінген. Жұмыстың құны анықталмай тұрып, қайта жаңғыртуды қалай жүргізуге болатыны түсініксіз болып отыр.

Алмас Қайсардың фотосуреті

Тендер жоқ

Нысанның төлқұжатына сүйенсек, бас мердігер — «BI Urban Construction» ЖШС. Мемлекеттік сатып алу порталында қайта жаңғырту жүргізуге қатысты мердігермен жасалған келісімшарт жоқ. BI Group холдингіне кіретін компанияларға қатысты мұндай жағдай бұрын да болған.

Келісімшарттың болмауы туралы театр басшылығынан сұрадық. Жұмыс Қазақстан Республикасы үкіметінің бір көзден сатып алу тәсілімен орындау туралы шешімімен жүргізіліп жатыр деп жауап берді.

Келісімшарт неліктен мұндай тәсілмен жасалғаны белгісіз.

Театр мұндай шешім «нысанның технологиялық тұрғыдан күрделі, кешенді болуына, мәдени маңызына және іске асыру мерзімінің шектеулі болуына байланысты» дейді.

Театр басшыларының айтуынша, жоба бойынша барлық шешім техникалық тексеруге сүйенген, мемлекеттік органдар мақұлдаған. «Қазқайтажаңғырту» ШЖҚ РМК қатысуымен бөлек ғылыми жоба құжаттамасы әзірленген.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосуреті

Қайта жаңғырту жобасын қоғамның талқылауына ұсыну жөнінде де сұрадық, театр өкілдері «мүдделі тарап өкілдерінің және азаматтық қоғамның қатысуымен» талқыланды деп отыр.

Барлық қоғамдық талқылауды жариялайтын біртұтас экология порталының мәліметі бойынша, театрға қатысты тыңдау 2023 жылы өткен. Бұл туралы құлақтандыру «Московский комсомолец» газетінде, Алмалы ауданының ақпараттық тақталарында, сондай-ақ ecoportal.kz сайтында жарияланған. Хаттамадағы «қатысушылардың ескертулері мен ұсыныстары» бағанында ештеңе жоқ.

Жұмыс жобасының файлында да жұмыстың сомасы көрсетілмеген.

Қайта жаңғырту жұмысы мен жоба құжаттамасының құны туралы ақпарат беруді BI Urban Construction компаниясынан сұрадық. Келісімшартқа сәйкес үшінші тарапқа ақпарат беруге болмайтынын хабарлады. Бюджет қаражатының құрылыс жобасына жұмсалуы қашаннан бері коммерциялық құпияға жатады деген сұраққа компания түсініктеме берген жоқ.

Жұмысты атқаруға берілген лицензия туралы сұраққа жауабында BI Urban Construction компанияның қолында Алматының қала құрылысын бақылау басқармасы 2023 жылы 17 шілдеде берген лицензия бар деп хабарлады. Бірақ бұл лицензияда «Құрылыс-монтаж жұмыстары» деп көрсетілген, ал «тарих және мәдениет ескерткішіне ғылыми қайта жаңғырту жұмысын және (немесе) археологиялық жұмыс жүргізу» лицензиясын компания әлдеқайда кейін — 2025 жылғы 11 шілдеде, жұмыс қарқынды түрде жүріп жатқан кезде алған.

Театр тарихи нысан деген мәнінен айырылады

«ArchCode Almaty» жобасының негізін қалаушылардың бірі Әнел Молдахметова Алматы қоғамдық кеңесі жанындағы сарапшылар комиссиясы аясында қайта жаңғыртылатын нысандар мониторингіне қатысқанын айтты. Әуезов театры да солардың қатарында болған.

Молдахметова театрды қайта жаңғырту жобасын тыңдауға 2023 жылы қатысқан.

Оның айтуынша, сол кезде жоба әлі шикі болған, қатысушыларға бұл әлі де жетілдіріледі деген. Сарапшылармен тағы да талқылау болады деп уәде берген.

Сарапшылар комиссиясының құрамында Әнел Молдахметова нысанға мониторинг жасауға бірнеше рет барған, алайда қанша сұраса да, комиссияға қайта жаңғырту жобасы берілген жоқ: «Біз бұл жобаға сұрау салдық, бірақ бізге ештеңе берілген жоқ. Біздің рөліміз — бару, ұсыныс беру, жобадағы кейбір нәрселерге көңіл аудару және сұрақ қою. Мен қойған сұрақтарға жауап берілген жоқ — қасбетке қатысты мәселе басы ашық күйі қалды, бәрі сөз жүзінде болды. Алғашқы тыңдау кезінде және өзіміз аралағанда, қайта жаңғырту жобасы бізге көрсетілгенде, қасбет тақташалары ауыстырылады, бұл сейсмикалық қатерге байланысты деп айтылды. Жобаға жауапты команданың айтуынша, бұл конструкциялар өте осал, адамның басына түсуі мүмкін», — дейді Молдахметова.

Бірақ сарапшылардың қолына тақташалардың апаттың жағдайда екенін растайтын ешқандай техникалық негіз немесе сараптама берілген жоқ.

Алмас Қайсардың фотосуреті

Жобаның сараптамасын «Қазқайтажаңғырту» ШЖҚ РМК берді, оның айтуынша, осы жайттың өзі көп нәрседен хабар береді: «Қазқайтажаңғырту қорытынды берсе, демек, жоба «қалтада» дегенді білдіреді. Әрі қарай ештеңені тыңдамай-ақ қойса да болады».

«Мәрмәр мәселесі әу бастан шешіліп қойса керек, тыңдау кезінде де, мониторинг аясында да талай рет айтылса да, жобаға түзету енгізілген жоқ», — дейді Молдахметова.

Ол тарихи ғимараттардың бірегей материалын айтарлықтай бүлінген кезде ғана, бүліну шамамен 80 пайызға жеткенде және салмақты себебі болған кезде ауыстыруға болады дейді. Ал мына жағдайда тәуелсіз сарапшыларға беймәлім, сейсмикалық жағынан осал деген ақпарат қана негіз болып отыр. «Бұл құжатты ешкім көрген жоқ», — дейді ол.

«Мен жер сілкінгеннен кейін ештеңе құлап қалмағанын айтып, бұған не дейсіздер дегенімде, бәрі үнсіз қалды», — дейді Молдахметова.

Ол интерьер жобасын да көрген жоқ. «Біз көзбен көрмеген нәрсені талқылай алмаймыз, біз тек қасбеттің аршылып жатқанын көріп тұрмыз».

Молдахметова жобада ашықтық жоқ деп санайды, анық-қанығын білу үшін мердігерлерге сұрау салуды ұсынып отыр. Archcode Almaty бұған дейін реконструкция жобаларына қоғам болып ықпал етуге талпынып көрді: «Біз әдістеме құралын жаздық, экскурсия өткіздік, басқа топтарға кеңес бердік, мұның бәрі оңай емес. Бізде мұрагерлік экономикасы деген жоқ».

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосуреті

Сәулетші және Алматының қала құрылысы кеңесінің мүшесі Айдын Ақбай архитектура ескерткішіне қатысты «қайта жаңғырту» емес, «ғылыми реставрация жұмысы» деген ұғым қолданылуы керек дейді: «Ғылыми реставрация жұмысы жылдап, он жылдап жүргізіледі. Бізде, өкінішке қарай, бәрі жылдам жасалады. Нысанның жағдайын әбден нашарлатады да, сосын мерейтойға, атаулы күнге орайластырып, шұғыл түрде жөндей бастайды».

Заңнамаға сәйкес, ғимаратқа қайта жаңғырту жұмысы жасалғанда оны заманауи нормаларға, соның ішінде алдымен сейсмикалық беріктігі бойынша және жылу-техника талаптарына сәйкестендіру талап етіледі. Ондаған жыл бұрын жобаланған театр бұл талаптарға сәйкес келмейді деп түсіндірді сәулетші. «Алдымен қасбетті алып тастаған себебі, конструкцияны күшейту қажет».

Оның айтуынша, дәл осы нормативтің техникалық сәйкес келуі қасбетті алып тастауға себеп болды: «Олар мұның бәрін нормативке сәйкес жасады. Сараптамадан өту үшін қасбетті түгел ауыстыруға мәжбүр болып отыр», — дейді ол.

Алматы әкімдігі баспасөз қызметінің фотосуреті

Бірақ бұл ғылыми реставрация тәсілі емес. Оның айтуынша, нағыз реставрация ғимараттың түпнұсқа материалы мен келбетін сақтауға басымдық беруі керек. Ол үшін ғылыми зерттеу жүргізіп, басқа, анағұрлым қымбат, бірақ нысанды нормаға сәйкес келтірудің қауіпсіз тәсілдерін іздеу керек.

Қазақстанда әзірге мұндай тәсіл қолданылмайды: «Бұл қымбат, ұзақ жұмыс, ғылыми зерттеу жұмысының өзіне бірнеше жыл кетеді, сосын абайлап қайта жаңғырту жұмысы жасалады. Өкінішке қарай, бізде әзірге мұндай тәсіл жоқ. Мұның бәріне ақша қажет. Мұндайға ақша бөлінбейтіні анық», — деп ой түйді Ақбай.

Сонымен қатар, ол процесті ұйымдастыру барысындағы кемшіліктерді көрсетті: нақты реставрация бюджеті жоқ, әдістеме немесе регламент жоқ, мұндай жобаны бақылауға тиіс орталық орган құрылмаған. Сәулетші қайта жаңғыртуды және тарихи нысандарды сақтауды бақылауға алатын біртұтас қызмет құру қажет деп санайды.

Ақбай Қазақстанда әзірге мұрагерлік экономикасы әлсіз дамығанын айтады. Ол тапсырыс берушілер де, меншік иелері де, тіпті қала тұрғындары да нысандардың құндылығын түсіне бермейді деп санайды:

«Біз Алматы әуежайын қорғаған кезде, қала тұрғындары бұл ғимаратты неліктен сақтау керегін мүлде түсінбегенін көрдім. Ғимараттың ішін зең басты, опырылып жатыр деген сөздер оны бұзуға уәж ретінде қолданылды. Біз оны сақтап қалуды, ең болмағанда басқа жерге көшіруді талап еттік. Театрдың да тарихи бірегейлігі жоғалатыны сөзсіз».