5619
18 декабря 2020
Ольга Гумирова, журналист, суреттер автордікі

Өткенді өшіру

Көне қабірлерді қирату тоқтамай тұр

Өткенді өшіру

Ольга Гумирова – журналист және әуесқой археолог. Ол 1995 жылдан бері тарих ғылымдарының докторы, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының қызметкері Алексей Марьяшевтің археологиялық экспедицияларына қатысып келеді. Vласть оқырмандарына өзін алаңдататын Қазақстанның археологиялық ескерткіштерінің тағдыры туралы айтып берді.

2020 жылдың күзі қираған қабірлермен есімде қалды.

Қыркүйектің басында талдықорғандық саяхатшы, аңшы Рафаэль Хисматуллин қала маңындағы қираған сақ қорғандары туралы жазды. Бұған дейін Рафаэльмен таныс емес едік.

Бірінші қорған Алматы облысындағы Терісаққан (Калиновка) ауылының маңында, Қоғалы елді мекенінде орналасқан. Тарихи, археологиялық ескерткіштерді тонап, тапқанын сататындарды «қара қазушылар» деп атайды. Олар бұл қорғанды көктемде-ақ ақтарып тастағысы келген. Тіпті жерлеу камерасына дейін қазып үлгеріпті, бірақ сол жердегі балықшылардың біреуі байқап қалып, учаскелік полиция қызметкері Аслан Базарбаевқа айтқан. Қазылған жер сол күйі көмілмеді, сөйтіп әлгі қазушылар ма, басқасы ма белгісіз, әйтеуір басталған істі күзде жалғастырып, шұңқыр 1 метрге тереңдеген.

Петроглиф іздеушілердің «қаралардан» айырмашылығы, біз кәсіби археологтармен бірге жұмыс істейміз. Бәріміз Қоғалы елді мекеніне бардық. Қорғанның бұзылған жерін фотоға түсіріп, картада орналасқан жерін белгіледік те, Алматы облысының тарихи және мәдени мұраларды қорғау орталығына ақпарат дайындадық. Шұңқырды бірер күнде көміп тастауы керек.

Қоғалыдағы жергілікті тұрғындар ескерткіш ретінде соғылған, шамамен 7-8-ғасырдағы түркі жауынгерінің тас мүсінін көрсетті. Мұндайды әдетте қабірдің қасына қояды. Ондаған жыл бұрын қазір бос қалған Луговое ауылының бір тұрғыны тас мүсінді керегіне жаратпақ болып, айдаладан басқа тастармен бірге алып келген.

Сол кезде ауылдың үлкендері мұның не екенін түсіндірмегенде, ескерткішті үйдің іргетасына қалап, үстіне цемент құйып тастар еді.

Салмағы бір тоннаға жуық тас мүсінді ешкім орнына апарып қоймады. Үйдің жанына орнатылған күйі ұзақ жыл жалғыз, ұмыт қалды. Солай жалғаса да берер еді, бірақ қараусыз қалған ауылда бас пайдасы үшін қазушылар көбейіп, ауыл шұрық-тесік болды – металл детекторы қай жерде шиқылдаса, сол жерді қазып кете берді.

Тарихи ескерткіш аймағында қандай да бір лицензиясыз жұмыс істеу – заң бұзушылық. Қазақстан Республикасының 2019 жылдың 26 желтоқсанында қабылданған «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңының 34-бабының 1-тармағы бойынша: «Қазақстан Республикасының аумағында археологиялық жұмыстарды жүзеге асыруға тарих және мәдениет ескерткіштерінде ғылыми-реставрациялық жұмыстарды және (немесе) археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия болған кезде жол беріледі». Яғни лицензия не жергілікті органдармен келісім болмаса, жазалауға болады.

Тас жауынгерге «Красавчик» деп ат қойдық. Оны құтқару керек еді! «Қара қазушылар» тарихи, бағалы жәдігерге көзін салмай қоймайды. 20 қазанда Алматы облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығының қызметкерлері келіп, ескерткішті Талдықорғандағы Тынышбаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына алып кетті. Ол жақта бір кездері қираған түркі қабірлерінен әкелінген, «Красавчик» сияқты босқын жауынгерлер көп еді.

Жанат Тұрлыбай

Шопан Жанат Тұрлыбай қожалығының жанындағы, белгісіз біреулер тонап кеткен екінші қорғанды көрсетті. Қыркүйектің басында металл детекторларымен белгісіз біреулер келген. Қорған маңын айналшықтап жүріп, бір жеріне тоқтаған да, шатыр құрып, қаза бастаған. Жанат бұл жерді қазуға кім рұқсат бергенін сұрағанда, осы жерде аталары жерленгенін және өсиет етіп, қазына қалдырғанын айтқан, тіпті карта қалдырыпты-мыс. Шопан не істесін, олармен төбелесе кетпейді ғой, күші де тең емес.

Жанат қираған қорғанды көрсетті. Ол жерде қорған да қалмаған, тек қираған үйінді қалыпты.

Қазан айында Алтай (Зырян) қаласындағы ескі саябақтағы тарихи зиратты бұзғаны белгілі болып, тағы шу шықты. Әкімдіктің шешімі бойынша, бұзылмаған құлыптастың бәрін бір дорба қылып жинап, істеп тұрған зиратқа апарса, олар қоймаймыз деген. Жүз жыл бұрын қайтыс болған, оның үстіне денесі жоқ құлыптастарды басқа зиратқа әкеліп орналастыру шынымен де ерсі, онсыз да қазір жер қымбат. Жүз жыл деп жайдан-жай айтып отырған жоқпын. «Жер аударылған» ескерткіштердің бірінде 1875 жыл көрсетілген. Ал өлкетанушылардың сөзінше, зират бұдан да ерте салынған болуы мүмкін. Себебі жазба дереккөздерде бұл жер 1791 жылдан бері атала бастаған. Әкімдіктің қалалық саябақтағы зиратты қирату себебін түсіндіруі тіптен ерсі: туыстары қабірлерді күтпейді-міс. Бұл жерді тарихи ескерткіш деп атауға толықтай негіз бар. Өйткені жүз елу жылда (мүмкін одан да көп) әлем біршама өзгерді: Ресей империясы құлады, екі дүниежүзілік соғыс болды, елді бірнеше рет репрессия шарлады, КСРО құлады…

Тағы бір таңғалдырғаны – тарихи қалалық зираттың тіркеу қағазы жоқ. Құжаттары жоқ, мұрағатта да жоқ. Осылай болуы мүмкін екеніне сенесіз бе?

Құлыптастарын алып кетті, ал сүйектері сол жерде қалды. Қайта жерлеуге ешкім бас ауыртқан жоқ. Facebook желісіндегі бір жазбамның астына Алтай қаласы әкімдігінің қызметкерлері зираттың орнына жоспарланған жаңа жоба туралы айтыпты. Жоспар бойынша, ол жерге жастарға арналған саябақ салынуы керек екен. Ол саябақтың астында не жатқанын ойласам, денем түршігеді.

Құлыптастарды орнына, қалалық саябаққа апарып қоя ма? Бұл мәселе қалада әлі де қызу талқыланып жатыр. Тарихи ескерткішке татитын зиратты қиратқанына наразы қала тұрғындары мен әкімдік бір шешімге келген жоқ. Соңғы сөзді жоғарыдағы шенеуніктер айтатын сияқты.

Ал бүгін түнде көне ескерткіш саналатын Беғазы-Дәндібай қабірінің қирап, адам сүйектері мен құлыптастар жатқаны туралы ақпарат келді. Бұл жайт астана маңындағы Воробьевка ауылында, депутаттарға арналған коттедж қалашықтың құрылысы маңында болған. Археологтар осындай ескерткіштерді табу үшін жазық далада көлікпен де, жаяу да жүздеген шақырымды шарлап жүреді. Оның өзінде жолы бола бермейді. Сөйткен тарихи жерде біреулер, міндетті түрде жүргізілуі тиіс археологиялық экспертиза жасамастан, құрылыс салып жатыр.

Депутаттар үйлерінің көне зираттың орнына салынғанын, ал іргетасында құлыптастар жатқанын білсе, шошитын шығар.

Сонымен, қираған қабір, мәңгілікке жоғалған Ежелгі Қазақстанның тарихы туралы бағалы ақпарат, жоғалған бағалы ескерткіштер және жүк көліктері уатып тастаған адам сүйектері…

Ақмола облысының тарихи-мәдени мұраларды қорғау орталығы болған жайттан хабардар. Қызметкері оқиға орнына кетті.

Мәңгүрттердің уақыты?

Бұл оқиғаларды естігенде, кеудеңдегі үміт сөніп қалғандай болады. Қара түнек зұлым күш пен ессіздіктің арасында күзгі сәуле ғана жарық шашады. Қыркүйек айы еді. Малайсары тауына петроглифтерді іздеп шықтық. Жолай таныс фермер Әбдіманап Омаровқа кіріп шығайық дедік. Ол сурет көрсетем деген. Суреттерді көрдік, бірақ біздің сапардың мақсаты ол емес еді. Шырғалаң, қиын жолмен елу шақырымдай жүріп, табиғи апаттан қираған қабірлерді көруге әдейі келдік. Аймақтағы шопандарды бір ғана сұрақ мазалайды: не істейміз?

Суреттегі, ылдидағы ақ дақтар – құстың тезегі не жердің бетіне шыққан тұз емес. Өзен мен желден бұзылған тау беткейінен, 7-8 қабат үйдің биіктігінен адам сүйектері үгітіліп түсіп жатыр. Шопандар әсте-әсте оларды жинап, молда шақыртып, қайта жерлеп тұрады. Ата-бабаның әруағын мазалауға болмайды. Сол үшін шопандарға бұл рәсім үлкен күйзеліс.

Маңайды шолып, төбеге шықтық. Мүмкін төтенше жағдай қызметкерлері жағдайды нақтырақ бағалай алатын шығар, бірақ біздің ойымызша, төбедегі сақталған, жартылай қираған қабірлерді басқа жерге көшіру мүмкін емес. Қазба жұмыстары кезінде тау беткейі адамдармен бірге құлауы мүмкін.

Шағын жиын ұйымдастырып, жергілікті тұрғындар баяғыша сүйектерді жинап, тиісті рәсіммен қайта жерлеуді жалғастырады деп шештік.

Осы бір құтты мекенде шопандар мен сырттан келгендер алаңдаушылық танытып, қолдан келгенін жасап бағады, бірақ Малайсары тауының басқа аймағындағы көне қабірлер мен ескерткіштерге адамдардың не істейтінін адамгершілікке жатқызу қиын.