5648
29 декабря 2020

Мектеп психологының «аптечкасы». Мектептерде психологиялық қызметтің тиімділігін қалай арттыруға болады?

«Bilim Foundation» қоғамдық қорынының жетекшісі Ерлан Айтмұхамбетпен сұхбат

Мектеп психологының «аптечкасы». Мектептерде психологиялық қызметтің тиімділігін қалай арттыруға болады?

Жақында «Bilim Foundation» қоғамдық қоры еліміздің 5 өңірінің мектептеріне жасөспірімдерге арналған әдебиеттер таратып шықты. Бұған «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдау білдірген. Бұл әдебиеттер жасөспірімдердің бойында жан саулығын күту мен өмірлік тығырықтардан шығудың жолдарын түсінуге көмектеседі.

Осы іс-шаралардың барысы туралы «Bilim Foundation» қоғамдық қорының жетекшісі Айтмұхамбет Ерлан Аманжолұлымен сұхбаттастық.

Қор соңғы екі жыл ішінде жасөспірімдерге арналған психологиялық саулықты күту, оны жақсарту сұрақтарын қамтитын өте тартымды және балаларға түсінікті тілмен жазылған әдебиеттер таратумен көзге түсіп жүр. Осы жоба жайлы және оның қалай басталғаны туралы айтып беріңізші.

Жобаның басталғанына екі жыл емес, 3-4 жылдай болып қалды. 2017 жылдан бастап «Bilim Foundation» қоғамдық қоры елімізде мектеп жасындағы жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау мәселесін алдын алу мақсатында құрылып, жұмыс істей бастады. Бұл мәселені зерттеп, жоба ретінде енгізу үшін елімізде 2012 және 2018 жылдары ұлттық зерттеулер өткізілген еді. Бұл үлкен іске Денсаулық сақтау министрлігінің Психикалық саулықты сақтау орталығы, Білім министрлігі, БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) тікелей қатысты. Ал жобаның инфрақұрылымын дайындауда «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қолдаса, жобаны өңірлерде жүзеге асыру үшін Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе және Атырау облыстарының әкімдіктері қолдау білдірді.

Жұмыс процессі кезінде жасөспірімдердің психологиялық сауаттылығы жеткілікті түрде дамымай отырғанын көрдік. Жан күйзелісінде жүрген бала өзінің жай-күйін бағалап, оны мектеп психологына, сынып жетекшісі мен ата-анасына жеткізіп, ішінде болып жатқан жан айқайын ешкімге естірте алмайды. Мұндай жағдайда баланы түсініп, оған көмек қолын созу да мүмкін емес. Сол уақыттан бастап балаларымыздың психологиялық танымын, білімін арттыру үшін ағартушылық жұмысты бастау керек екенін түсіндік.

Біздің қоғамда өзінің психологиялық жай-күйін тек бала емес, ересек адамдардың да көбі түсіне алмайтын сияқты. Психологиялық сауаттылықты қалыптастыру мектептер мен жоғары оқу орындарында жүргізілмейді. Ал бүгінгі күні психолог маманына бару — арзан шаруа емес.

Әрине, өкінішке қарай, өмірімен қоштасып жатқан жастар да, ересектер де өзінің ішкі айқайын естірте алмаған. Олар жан саулығының мәселесін шеше алмай, тіпті қиналған жағдайда ешкімнен көмек сұрап, көмек таба алмаған. Бұл тек менің сөзім емес, мұны жүргізілген отандық зерттеулерден, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының зерттеулерінен де көруге болады.

Онда не істеуіміз керек? Жаппай ағарту жұмыстарын жүргізсек, мәселе шешіле ме?

Менің ойымша, тіпті менің сенімім бойынша, халық арасында ағарту жұмысын бастау суицид мәселесін шеше бастаудың бастапқы және өте маңызды қадамы. Өйткені халқымыз психологиялық саулықты сақтаудың маңыздылығын түсінсе, оны күтудің жолдарын білсе және ол қоғамда мәдениеттің бір бөлігіне айналса, онда балаларымыздың да, жастарымыздың да бәсекеге қабілеті арта түсетін еді.

Неге мұндай пікірдесіз? Психология мен бәсекеге қабілеттің арасында қандай байланыс бар?

Өте тығыз байланыс бар. Мысалы, өзімізді алайық. Кез келген ересек адам өзін емін-еркін сезінсе, сырттан төнетін психологиялық қысымдардан бос болса, ол қалай өмір сүретін еді?! Басқаша айтсақ, егер басшылық тарапынан қойылатын күрделі талаптар болмаса, қоғамда басқа мамандармен жарысып, күнделікті маман ретінде құндылығыңды дәлелдеудің қажеті болмаса немесе араласқан адамдардың барлығы айтқаныңызбен келісе кетіп гармония туындап отырса, онда қалай өмір сүрер едіңіз?! Әрине, ондай өмір кез келген адамға жағады. Мұндай ортада өмір сүретін адам шығармашылыққа жақын болып, күнделікті істеп отырған жұмысында көбірек нәтиже берер еді. Егер қоғамда мұндай адамдардың саны көп болса, онда олардың қоғамға тиетін пайдасы да артып, тиісінше қоғамның өнімділігі де жоғарылайтын еді. Мұнымен келісесіз бе?

Иә, әрине келісемін. Бірақ қоғамда олай болуы мүмкін емес қой?!

Дұрыс айтасыз! Өкінішке қарай, қоғамда ешбір талапсыз, бәсекесіз өмір сүру мүмкін емес. Бұл жер жүзінде кездесе бермейтін феномен. Бірақ осыған ұқсас жағдайда өмір сүруге болады. Ол үшін адамдардың психологиялық сауаттылығы жоғары болу керек. Егер адамдар өз психологиясына қысым түсе бастаған жағдайда оны түсініп, психикалық саулығын сақтау үшін не істеу керек екенін білсе, онда оның жан тыныштығын сақтап қалудың мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болады. Демек сауаттылығы жоғары адам қоғамдағы өзгерістерге тиісінше тез бейімделе алады. Нәтижесінде стресс пен уайым, қайғы сияқты факторлардың жағымсыз әсері төмендейді. Мұнымен келісесіз бе?

Иә. Шынында да, солай!

Егер олай болса, мектеп жасынан бастап балаларымыздың психологиялық саулық сұрақтары бойынша сауаттылығын көтеруіміз керек. Бірақ оны қалай жасаймыз? Бұл туралы білім беру стандарттарында айтылады, бірақ іс-жүзінде оны қалай жүзеге асыру керек екенінің тиімді механизмдері жоқ.

Мектеп пен колледждерде құрылатын психологиялық қызметтерінің жағдайы да түсініксіз. Бұл қызметтің түріне өте көп функциялар бекітілген. Бірақ мемлекеттік қолдау жұмыстары мүлдем жеткіліксіз. Сондықтан да мектеп пен колледждердің психологиялық қызметтеріне көмек болсын деген ниетпен психология бағытында әдебиеттер дайындай бастадық.

Иә, бұл жақсы шешім екен. Енді осы әдебиеттерге тоқталып кетсек.

Алдымыздағы міндетті шешу үшін психологиялық ағартушылық мәні бар отандық, ресейлік әдебиеттерді зерттей бастадық. Нәтижесінде бұл әдебиеттердің ағарту тиімділігі төмен екенін түсіндік. Сіз білетін шығарсыз, кез келген гуманитарлық бағыттарды алсаңыз, оның астарында технологиялар жатыр. Яғни психологиялық әдебиеттерді құрастыру кезінде де негізге алынатын технологияны саралап алған дұрыс. Ізденіс жұмыстарының нәтижесінде когнитивтік мінез-құлық технологиясына тоқталдық. Аталған технологияның құндылығы — берілетін ақпарат адамның мінез-құлқын мақсатты түрде түзете алатын мүмкіндігі арттырады.

Осылайша ізденіс жұмыстары Америка психологиялық ассоциациясына әкелді. Бұл ұйым Америкада 1892 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында әлемнің 150 мыңнан астам психологы бар. Психология саласында әлемде бұдан ірі ұйым тарихта болмаған. Осы ұйымның әдебиеттерін зерттей отырып, біз іздеген технология негізінде жазылған әдебиеттерді таба алдық. Нәтижесінде бізге қажетті 19 кітап іріктеліп, қазақ және орыс тілдеріне аударылды.

Ол қандай кітаптар екенін айтып бере аласыз ба?

Бұл кітаптар жастардың өмірінде кездесетін мәселелерді қамтиды. Мысалы, мына кітаптың аты “Мен тым уайымшылмын” деп аталады. Аталмыш кітап әр нәрсеге немесе қарым-қатынасқа ішкі үреймен, уайыммен қарайтын балаларға пайдалы. Қажетті жағдайда айналадағы заттарға уайыммен қараған дұрыс. Бірақ, өкінішке қарай, кейбір жастарымыз уайымға берілгені соншалықты, ол оның емін-еркін өмір сүруіне, дамуына кедергі келтіре бастайды. Соның алдын алу үшін осы әдебиетті қарап шығуды ұсынатын едім.

Ал келесі әдебиеттің атауы “Жаңа мектеп, жаңа орта” деп аталады. Бұл кітапты мектепке жаңа барған немесе ата-анасының жұмысына байланысты мектепті жиі ауыстыратын балалармен бірге оқып, талқылаған жөн болар. Сонда балаларымыз орта ауыстырған кезде артық уайымға салынбайтын еді.

Ал мына әдебиеттің атауы “Ашуыңды жеңе біл” деп аталады. Өкінішке қарай, арамызда ашушаң, басқаларға маза бермейтін, тіпті ата-анасымен, бауырларымен жиі ұрысатын балалар болады. Мұндай оқушылардың мектепте жасаған жағымсыз әрекеттері туралы өзіңіз де бұқаралық ақпарат құралдарынан оқып жүрген боларсыз. Бұл қасиет шыға бастаған кезде балалармен осы әдебиетті оқып, талқылаған дұрыс болар еді.

Мына әдемі мұқабадағы әдебиеттің атауы — “Ұялшақ болғам келмейді”. Өзіңіз білесіз, көп балаларымыз ұялшақ болып өседі. Ұялшақтығы соншалықты мектепке барып келу олар үшін үлкен сынға айналады. “Айналадағы басқа балалар не дейді, мұғалім не дейді?” деген ой бұл балалардың ізінен қалмай, мазалай береді. Бұл мәселені шешу үшін осы кітапты баламен бірге оқып, талқылау керек.

Ал мына кітаптар: “Қателеспейтін адам жоқ”, Қызғаншақ болу жақсы ма?”, “Мінсіз адам болмайды”, “Жұрт мен туралы не ойлайды?” деген кітаптардың қажеттілігі атауынан-ақ көрініп тұр.

“Менің де ата-анам ажырасқан” атты кітап ата-аналары ажырасқан балаларға арналады. Ерлі-зайыптылар ажырасу кезінде балалармен бұл туралы қалай дұрыс сөйлесу керек екенін білмей жатады. Сондықтан бұл тақырыпты жабылу қазан күйінде қалдыруға мәжбүр болады. Нәтижесінде бала дұрыс жауап таба алмай қиналады. Сондықтан осы кітапты оқу арқылы ата-аналар балаларына қамқорлық жасай алады.

“Блек Джек аймағы” деген өте жақсы кітап бар. Бұл кітапта әкесі қайтыс болған Джек деген баланың қайғыны жеңгені туралы баяндалады. Нәтижесінде жақынынан айрылған балаларға қайғының не екенін және оның ауыр салдарын жеңілдетуге арналған кеңестер беріледі.

Қысқаша айтқанда, бұл кітаптардың таңдалуы кездейсоқтық емес. Ол біздің 4 жылғы жұмысымыздың, ізденісіміздің нәтижесі.

Шынында да, өте қызық әрі қажетті кітаптар екен. Бұл кітаптар жинағын қайда тараттыңыздар?

Бұл кітаптар жинағын «Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен Нұр-Cұлтан, Қызылорда, Ақмола, Ақтөбе және Атырау өңірлерінің мектептеріне жеткізіп бердік. Жалпы алғанда 999 мектепке 1351 кітап жинағы жеткізілді. Мектеп психологтары бұл кітаптарды ризашылық білдіріп, алғыс айта отырып қабылдады. Өйткені бұл кітаптар келешекте мектептердің психологиялық қызметінің тиімділігін арттыруға көмектеседі. Тіпті, психологтарымыз бұл жинақты “Психологтың аптечкасы” деп атаған екен .

Менің ойымша, бұл кітаптар тек бес өңірде емес, еліміздің барлық мектептерінде болу керек.

Әрине! Бұл кітаптар балалар, ата-ана мен мамандардың бәріне қолжетімді болса, оның пайдасы зор болар еді. Сондықтан да бұл кітаптарды еліміздің барлық өңірлеріне жеткізу қажет деп есептеймін.

Менің ойыма тағы мынадай сұрақ келіп отыр. Қазіргі сарапшылар балаларымызды клиптік ойлау негізінде дамып келе жатқан ұрпақ деп жатады. Сондықтан бұл кітаптардың аудио немесе видео нұсқалары бар ма?

Әзірше жоқ. Енді кірісеміз. Бірақ “Балаларымыз ақпаратты видео немесе аудио нұсқада қабылдайды, сондықтан басымдықты соған берейік” деген ойға мен қарсымын. Білім-ғылымның нәрі жазба құралдарында шоғырланған. Сондықтан балаларымызды кішкентай кезінен бастап оқу сауаттылығына үйрету керек деп ойлаймын. Өкінішке қарай, мұны біздің қоғам өте таяз түсінетін сияқты. Егер бала екі таңбаны қосып, мәнерлеп оқи алатын болса, оның оқу сауаттылығы қалыптасты деп есептейді. Ол дұрыс түсінік емес. Бала екі таңбаны қосып, оқумен қатар тексттің түпкі мәнін, мазмұнындағы оқиғаның себеп-салдарын, жекелеген элементтерін түсіне отырып, жүйелі ойлауға қабілетті болуы керек. Тек осы жағдайда оқу сауаттылығы қалыптасты деп айтуға болады.

Егер балаларымыздың тек клиптік ойлау қабілетіне сүйеніп, оларды әдебиет оқуға үйретпесек, онда олардың болашағына кері әсерін тигіздік деп балауымыз керек.

Түсінікті, сізбен келісемін. Тағы бір сұрағым Америка психологиялық ассоциациясына байланысты болғалы отыр. Неге бұл ұйымның кітаптарына тоқталдыңыздар? Енді әрі қарай да америкалық кітаптарды аудара бересіздер ме?

Жоқ. Бұл кітаптарды аудару, оны қазақ қоғамының менталитетіне бейімдеу оңай болған жоқ. Бұл жұмыстарды жүзеге асыру үшін 3 жылдан астам уақыт кетті. Бірақ бұл өте үлкен тәжірибе берді. Енді когнитивтік мінез-құлық технологиясына негізделген психология кітаптарын дайындауды үйрендік. Біздің мамандарымыз өздігінен әдебиет жазуға дағдыланды. Сонымен қатар психология тақырыбын өмірлік дағдыларды жетілдіру сұрақтарымен біріктіре алдық. Осылайша, 7,8,9,10 сыныптарға арналған кітаптар дайындап келеміз. Алдағы уақытта оның презентациясын жасаймыз. Егер кітаптарымыз мектептердің психология қызметінде қолданылса, онда балаларымызды тәрбиелеу бағытындағы жұмыстарды жетілдіруге болады.

Бәрекелді! Жақсы жаңалық екен! Кітаптарыңыздың презентациясын асыға күтеміз!

Көп рахмет! Мынадай жетістіктерге дем беріп, қолдау жасап отырған «Samruk-Kazyna Trust» қорына үлкен алғысымды білдіремін.