10945
5 февраля 2021
Назерке Курмангазинова, фото авторы Дулат Есназар

Шымкенттегі мозаикалардың тағдыры

Қалада танымал суретші-монументалист Ұзақбай Көшкінбаевтың туындылары жойылып жатыр

Шымкенттегі мозаикалардың тағдыры

Былтыр желтоқсанның соңында Шымкентте “Берегите памятники культуры” (“Мәдени ескерткіштерді қорғаңыздар”) деген жазуы бар мозаика жойылды. №1 қалалық емхананың қасбетіне 1985 жылы орнатылған панноның орнына жарнама маңдайшаларын ілу жөнінде шешім қабылданыпты.

Бұл мозаиканың авторы – 2020 жылғы мамырда дүниеден өткен белгілі суретші-монументалист Ұзақбай Көшкінбаев. Суретшінің қолынан шыққан ондаған панно Шымкент, Қызылорда, Тараз қалаларының, сондай-ақ өзі оқыған Ташкент қаласындағы метро станциясының сәнін келтіріп тұр. Өкінішке қарай, бүгінде суретшінің барлық туындысы сақталмаған. Ал кейінгі кезде оның жұмыстары жүйелі түрде жойылуда. Бұл туралы Vласть журналисіне суретші-монументалистің әйелі Күлсия Тұрапбаева айтып берді.

“Өзі жоқтың көзі жоқ” деп айтайын десем, Ұзақбай бар кезде де бірнеше жыл бұрын бір емес, екі панноны алып тастады. Оқушылар сарайының сыртында, қателеспесем, “Балғын” деп аталатын мозаика болған. Бұрынғы “Қазығұрт” кинотеатрында жануарлар бейнеленген “Жұлдызнама” деген мозаика болды. Кейін кинотеатрды тойханаға ауыстырғанда, мозаикаларды алып тастады. “Неліктен бұзып жатырсыздар?” деген сауалмен Бақытжан Әшірбаевқа барғанымызда, “әкім мозаиканы ұнатпайды” деп жауап берді. Ол кездегі әкім Мырзахметов еді”, – дейді Күлсия Тұрапбаева.

“Мозаика тарихи және мәдениет ескерткіштер тізіміне енгізілмеген”

“Берегите памятники культуры” мозаикасының жойылуына алғашқы болып монументалды өнерді зерттеуші Дэнис Кин Facebook-те назар аударды. Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы Дэнис Киннің постына жауап ретінде емхана ғимаратының қасбетінде орналасқан мозаика ешқандай тарихи-мәдени құндылыққа жатпайтынын айтты.

Vласть редакциясы “Берегите памятники культуры” мозаикасының құндылығын кім және қалай анықтағанын білу үшін Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына сауал жолдады. Өкінішке қарай, шенеуніктер бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Ресми жауапта басқарма мозаикалар мүлдем Тарихи және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енбейтінін хабарлады.

“1994 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің бастамасымен Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Ә. Марғұлан атындағы археология институты ғалымдарының қатысуымен «Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерінің жинағы. Оңтүстік Қазақстан облысы» кітабы шыққан. Жинаққа Шымкент қаласының 44 тарих және мәдениет ескерткіші енгізілген”, – делінген ресми жауапта. Соған қарағанда, шенеуніктер әлі күнге дейін осы жинақ бойынша жұмыс істейтін сияқты.

Басқарма шенеуніктері мынадай да мәлімет берген екен: «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №288-VІ Заңының (әрі қарай – Заң) 10-бабы 14-тармағына сәйкес, уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштерін анықтау, есепке алу, мәртебе беру және одан айыру, орнын ауыстыру және өзгерту, жай-күйін мониторингтеу және санатын өзгерту қағидаларын әзірлейді және бекітеді. Сондай-ақ, Заңның 11-бабы 12-тармағының негізінде жергілікті атқарушы орган уәкілетті органмен келісу бойынша тарихи-мәдени мұра объектілерін тарихи-мәдени сараптама қорытындысы негізінде жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері деп таниды және оларды Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне қосады”.

Бұл сараптаманы кім және қалай жүргізетіні жауапсыз қала берді.

Қазіргі таңда Шымкентте жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімінде 8 ескерткіш (қала құрылысы және сәулет – 4, археология – 4), ал алдын ала есепке алу тізімінде 36 ескерткіш (қала құрылысы және сәулет – 18, археология – 18) бар. Бұл тізімге мозаикалар енгізілмеген.

“Үндемеген соң барлық жұмысын алып тастамақ”

Мозаиканың бұзылып жатқанын суретшінің жұбайы Күлсия Тұрапбаева №1 қалалық емхананың жанынан өтіп бара жатқанда ғана білген. Панноны құтқару үшін ол Суретшілер одағына жүгінді. Ол жердегілер "әкімнен рұқсат алынған шығар" деп жауап берген.

“Кімге барып айтарымды да білмеймін. Ешкімнің бұл мәселеге басы ауырып жатқан жоқ. Ұзақбай жұмыстарын ұлтымыздың өнері жойылып кетпесін деп қазақы нақышта жасады. Оны құнсыз деп айтуға болмайды. Артынан неше түрлі құнды дүние тастап кетті. 80-90-жылдарға дейін жасалған қаншама ірі объектінің авторы. Әйгілі Бәйдібек бабаның эскизін де Ұзақбай өз қолымен жасады”, – деп есіне алды суретшінің жары.

Алпыс жастағы Күлсия Тұрапбаева марқұм күйеуінің басқа жұмыстары да жойылып кетеді деп алаңдайды. Апай Ұзақбай Көшкінбаевтың мозаикаларын реставрациялау қажеттігі туралы қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш жазғанымен, сол күйі жауап ала алмапты.

"Бұл мозаикалардың тағдыры мекеме иелеріне байланысты"

Суретшілер одағының Шымкент филиалының төрағасы Әбдімүтәліп Ахметовтің айтуынша, бірнеше жыл бұрын одақ Көшкінбаевтың барлық жұмысын жинап, Назарбаев даңғылында экспозиция жасағысы келген. Бұл ойды әкімдікке айтқанмен, оларға ешкім құлақ түрмепті.

Біз Шымкент қаласындағы Ұзақбай Көшкінбаевтың қалған жұмыстарын суретке түсірдік. Кей мозаикалар көз алдымызда жойылып барады: кішкентай тастары түсіп қалған, кей бөліктері жоғалған.

Шамасы, жаңа әкім де монументалды өнерді қолдамайтындай.

“Қазір әр мекеменің қожайыны бар, олар мозаиканы ала ма, алмай ма, өзі шешеді”, – деп түсіндірді Әбдімүтәліп Ахметов.

Суретшілер одағы әкімдікке панноны қорғауға алуды ұсынбақшы: “Мүмкін мозаика орналасқан мекемелермен “рұқсатсыз бұзуға болмайды” деген келісімшартқа тұру керек шығар. Бәрін қорғап қалуға әлі де кеш емес қой. Көптеген жұмысы бар. Мемлекет қорғауына алса деген қалауымыз бар. Қазір Ұзақбай Көшкінбаев ағамыз жасағандай мозаикалар жоқ. Оның жұмыстарын сақтап қалуымыз керек”, – деді Ахметов.