2358
5 июня 2025
Паоло Сорбелло, QazaqGaz баспасөз қызметінің фотосы

Газпром Орталық Азиядан балама нарық іздеп жүр

Аймақтағы газ тапшылығына байланысты Орталық
Азия Ресей экспорты үшін тартымды бола түсті

Газпром Орталық Азиядан балама нарық іздеп жүр

Read this article in English.

Читайте этот материал на русском.

Ресей мен Еуропа арасындағы іскерлік қарым-қатынас жақсы кезінде Газпром мемлекеттік кәсіпорны үлкен табысқа кенелді. 2022 жылға дейін Ресей Еуропаның газ импортының 40 пайызына дейін қамтыды. Ресейдің ірі кәсіпорны батысқа газ жеткізу көлемін арттыру үшін түркіменнің газ қорын да пайдаланды.

Енді Ресей газын тұтынушылар қатарына Орталық Азия да қосылуы мүмкін.

Ресей Украинаға жаппай басып кіргеннен кейін Еуропадағы бұрынғы серіктестер ресейлік энергия көздерінен біртіндеп бас тартып, бірқатар ұйым мен жеке тұлғаға санкция қолданды.

Биыл 1 қаңтарда Ресей мен Украина арасында транзиттік келісімнің мерзімі аяқталды, сондықтан 40 жылдан бері Еуропаға бағытталған негізгі газ құбырлары жабылды десе де болады. Қазір Еуропаға баратын газдың 11 пайызы ғана Ресей үлесінде, оның ішінде сұйытылған табиғи газ да бар.

Украина келісімнің шарттарын қайта қараудан бас тартқаннан кейін Газпром балама сатып алушыларды жанталаса іздеуге кірісті.

«Ресейдің газ қоры өте үлкен», — дейді Оксфорд энергетикалық зерттеулер институтының (OIES) аға ғылыми қызметкері Виталий Ермаков.

«Газпром енді таңдау жасай алады: өзінің ірі кен орындарының кейбірінің сарқылғанына жол беріп, оларды басқару инвестициясын тоқтату, болмаса балама нарық іздеу», — деді Ермаков «Власть» басылымына берген сұхбатында.

Сарапшының пікірінше, былтыр экспорт көлемі екі есе артқаннан кейін Ресейдің таңдауы Орталық Азия болуы мүмкін.

Ресейдің және Еуропаның газ нарығын зерттейтін OIES аға ғылыми қызметкері Джек Шарплз бұл әлдеқайда аз табысқа әкелетіні сөзсіз дейді.

«Орталық Азия өзін қамти алатын және келіп түсетін ұсыныстарға бай аймақ емес, Газпром үшін сонысымен тартымды және ол бұл тапшылықты толтыра алар еді. Газпромның алдында тұрған проблема — бұл нарық оған Еуропа нарығы секілді табысты емес», — дейді Шарплз.

Дегенмен, Орталық Азияның Еуразия газ нарығында болып жатқан өзгерістерден ұтатын тұсы бар деп санайды Осло университетінің постдокторантура ғылыми қызметкері Франческо Сасси.

«Орталық Азияның газ нарығы мейлінше оқшау, Ресей мен Қытай арасында жатыр. Сондықтан газ саласындағы жаһандық өзгерістердің аймаққа әсері аздау болды. Әйтсе де табиғи газ аймақтағы энергетика қауіпсіздігін тұрақтандыруда және энергетикаға көшуге бағыттылған ұзақ жолды қолдауда әлі де маңызды рөл атқарады», — деді Сасси.

Орталық Азиядағы жаңа энергетиканың бүгіні

1970 және 1980 жылдары Орта Азия — Орталық (ОАО) деген үлкен газ құбыры арқылы газ Түркіменстаннан Ресейге Өзбекстан және Қазақстан арқылы жетті. Бұл совет экономикасында жеткізу тізбегінің қалыпты бағыты еді. Шикізат пен азық-түлік «шеткері аймақтан» индустрияланған және халқы көбірек «орталыққа» жіберілді. Қазақстан мұнайы мен түркімен табиғи газынан бастап өзбек консервісі мен қырғыз жүніне дейін — Орталық Азия өнімдерінің көп бөлігі Ресейдің өнеркәсіп орталықтарына жөнелтілді.

КСРО құлағаннан кейін түркімен газының ОАО газ құбыры арқылы жіберілуі тоқтаған жоқ, 2009 жылы осы елдің кен орындарына айтарлықтай қытай инвестициясы келіп, Қытайға қарай газ құбырының құрылысы басталғанға дейін бұл елдің жалғыз экспорт жолы болған еді. Осының арқасында Түркіменстан Ресеймен арадағы операцияларын қайта бағалап, келісімшарт талаптарын жақсартып алды.

Қытайға баратын газ құбыры ашылғаннан кейінгі жылдары Ресейге газ экспорттау шамамен 11 млрд текше метрге дейін азайды, ал 2015 жылы 3,1 млрд текше метрге дейін қысқарды. Ал Қытайға экспорт шамамен жылына 40 млрд текше метрге дейін өсті. Ресеймен арадағы сауда қатынасы нашарлады, 2019 жылы 5,5 млрд текше метрге жаңа келісімшарт жасалғанға дейін газ экспорты біраз уақыт тоқтап қалды.

«Газпром әзірге сату көлеміне қажет шаманы ғана алып отыра алады»

2022 жылы Ресей Украинаға соғыс ашып, Еуропа клиенттері Ресей газынан біртіндеп бас тартқаннан кейін, Ресейдің газ құбырлары арқылы батысқа кететін түркімен газын қосу идеясы өзекті болмай қалды. Екі жаққа да тиімді шарттарды келісу сәтсіз болғаннан кейін былтыр жазда тараптар келісімшарт мерзімін аяқтап тынды.

«Түркіменстан 2019 жылы Ресейге жөнелтуге келіскен жылдық жеткізілім 2024 жылы аяқталды. Түркіменстан жеткізуге қатысты мерзімі қысқа келісімдерді ұнатпайды, бірақ бұл қиын кезде сенімді клиент бола алған Газпромның жетістігі болды», — дейді Сасси.

Газпромның Орталық Азияға газ жеткізудегі рөлі туралы да осыны айтуға болады. Еуропа енді сенімді бағыт емес, Газпром нарық бағасының төмен болғанына қарамастан, Орталық Азияны балама ретінде қарастыруы мүмкін.

Bloomberg мәліметі бойынша, Газпром Еуропаға газ транзиті тоқтағаннан кейін жылдық экспорт табысының шамамен 6 млрд долларынан айырылуы мүмкін. Бұл Ресей қазынасына түсетін бюджет табысы да азаяды деген сөз.

Сарапшылар Орталық Азияда газ нарығына субсидия көп бөлінетіндіктен, Ресей Еуропадағыдай пайда көре алмайды деп санайды.

«Газпром әзірге сату көлеміне қажет шаманы ғана алып отыра алады. Газпром күндердің бір күнінде Еуропаға экспорт қайтадан артады деп үміттенуі мүмкін, бірақ мен жақын арада, айталық, алдағы екі жыл ішінде бұл іске аспайды деп ойлаймын», — деді Шарплз.

«Газды мүлдем сатпағаннан гөрі, маржасы аз болса да сатқан дұрыс қой», — дейді Ермаков.

QazaqGaz баспасөз қызметінің фотосы

Қазіргі ахуал

2024 жылы Қазақстан 59,2 млрд текше метр газ өндірді, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 6,4 пайызға көп. Бірақ аналитиктер басқа санға — коммерциялық газ өндірісіне назар аударып отыр. Қазақстанның ірі мұнай-газ кен орындарынан өндірілетін газдың көп бөлігі мұнай өндіруді жеңілдету үшін қайтадан жер астына айдалады. Коммерциялық газ өндірісі 2024 жылы біраз төмендеп, 29 млрд текше метр шамасында болды. Өндірілген газдың басым бөлігі (21,2 млрд текше метр) ел ішінде пайдаға асты.

Қазақгаздың мәліметі бойынша, Қазақстанда табиғи газды сағатына ең көп тұтыну былтыр 6,3 пайызға артты, яғни 3,4 млн текше метрге дейін жетті. Газды орта тәуліктік тұтыну да 5 пайызға артты.

Ішкі тұтыну артып жатқандықтан экспорт қарқынды түрде азайып бара жатыр. 2024 жылы Қазақстан елдегі ірі газ өндірілетін Қарашығанақ газын экспорттауды 40 пайызға, яғни 8,7 млрд текше метрге дейін қысқартты, 2023 жылмен салыстырғанда Ресейге газды 62 пайызға, Қытайға 8 пайызға азырақ экспорттады.

Қисынсыз естілетін шығар, бірақ Қазақстан совет инфрақұрылымы бар болғандықтан негізгі импортер болып отыр, елдің солтүстігіндегі қалалар Ресейдің кен орындарымен байланысқан. 2024 жылы Ресейден келетін импорт 22 пайызға, яғни 6,6 млрд текше метрге дейін азайды, дегенмен Қазақстан Түркіменстаннан алатын кішігірім көлемдегі импортын тоқтатқан жоқ.

Өзбекстанда табиғи газ өндіру он шақты жылдан бері азайып бара жатыр: 2010 жылдан бастап 2023 жылға дейін ол 30 пайызға қысқарды. Өзбекмұнайгаз мемлекеттік ірі кәсіпорны 2025 жылы 26,5 млрд текше метр коммерциялық газ өндіруді жоспарлап отыр, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 18 пайызға аз.

Өзбекстан елге түсетін шетел валютасының негізгі көзі болған газ экспортынан бас тартып, оған тыйым салуға көше бастады. Есесіне ол өсіп жатқан ішкі сұранысты қанағаттандыру үшін газ импорты бойынша мәміле жасады. 2023 жылы қазанда ОАО газ құбырындағы газды қайта бағыттап, Өзбекстан Ресей газын импорттауды бастады.

«Өзбекстан өзіндегі газ тапшылығын ұлттық қауіпсіздік проблемасы деп қарастырады. Газпромнан газ беруін сұрауы, Қазақстанмен және Түркіменстанмен келіссөз жасағаны тегін емес», — дейді Сасси.

Қазақстан да, Өзбекстан да өзінің энергетика балансында табиғи газға сенім артқысы келеді. Бірақ оларға өзі өндіргеннен де көп шикізат қажет. Қазақстанда көмір лоббиі күшті болса да, көмірге арқа сүйеу тиімсіз болып бара жатыр. Ал кеңінен жарнамаланған «жасыл энергияға көшудің» ауылы әлі де алыс.

«Бірнеше жылдан кейін Еуропа нарығындағы бәсеке бұрынғыдан да артуы мүмкін»

Қазіргі сауда мәмілелерін ескеретін болсақ, екі ел де Ресеймен арадағы қарым-қатынасты ұзақ мерзімге үзбей ұстап тұра алар еді.

«Орталық Азия елдері Газпром үшін керемет клиент, олар жақын арада Ресейден алшақтауды ойлап отырмаған секілді. Осы тұрғыда экономикалық өсу перспективасы ықтимал саяси ықпалдан басым түсіп отыр», — деді Сасси.

Ресей 2022 жылы «Газ одағын» ұсынған кезде Қазақстан да Өзбекстан секілді саяси ықпалға алаңдаған тәрізді.

Мәскеудің ұсынысын Астана да, Ташкент те суық қабылдады.

2022 жылы желтоқсанда Өзбекстанның энергетика министрі өз елінің үкіметі «газға бола саяси шарттарға ешқашан келіспейді» деген мәлімдемесімен көзге түсті.

Шарплздың пікірінше, Ресей үкіметі не бағаны, не ықпалды өз пайдасына асыруға көңіл бөлер еді. Бірақ алуан түрлі геосаяси ландшафт әркелкі нәтижеге әкелуі мүмкін.

«Ресей үкіметі Газпромды газды арзанырақ бағаға ұсынуға мәжбүрлеп, бірақ кейін ол газды сатқан елдің саяси тұрғыда мойынсұнғанына қол жеткізуге тырыса алар еді. Ресейдің Орталық Азиядағы әрбір елмен қарым-қатынасы әртүрлі болғандықтан, ол әр елден қандай мойынсұнуды талап етеді деген сұрақ туады», — деді Шарплз.

Энергия тапшылығы бар Орталық Азия да, бай клиенті жоқ, бірақ газ қоры көп Ресей де серіктеске мұқтаж. Ендігі мәселе — әр тараптың келіссөз тактикасы қандай нәтижеге алып келетінінде.

Қазіргі санкциялар Ресейдің коммерциялық мүддесін «Сібір күші» газ желісіне қатысты жоспарды ұлғайта отырып, Қытайға қарай және қосымша инфрақұрылымды қажет етпейтін, тек өнеркәсіпті үйлестіруді күтіп тұрған Орталық Азияға қарай бұрды.

Жақын арада Еуропаға қатысты ахуал жақсарады, сосын Газпром өзінің экспортын сол жаққа қайта бағыттайды дегенге Шарплз күмәнмен қарайды.

«Газпром Еуропа нарығына экспортын қалпына келтіру үшін атқарылуы керек көптеген практикалық, заңнамалық және коммерциялық кедергілер бар. Осы кедергілерді еңсергеннің өзінде процесс жылдам болмайды. Оның бәрін еңсеремін дегенше Еуропа нарығындағы бәсеке артып кетуі мүмкін, өйткені ол кезде сұйытылған табиғи газ жеткізудің үлкен жаңа толқынының орта тұсына жетіп қаламыз», — деді Шарплз.

Балама жолы аз болғандықтан, Газпром ең өміршең деген нұсқаны таңдауына тура келеді.

«Таяу арада Газпром үшін газды Орталық Азияға сату — ең тиімді нұсқа. Бұл көлем тіпті 2020-жылдар соңында да маңызды болып қала беретін шығар», — деп қорытты Шарплз.