9834
16 апреля 2021
Дмитрий Мазоренко, фотолар paperlab.kz-тікі

​​Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Элитаның шынайы жағдай туралы ойы мен шын мәніндегі жағдай арасындағы айырмашылық дамуды тежеп отыр»

Қазақстан қоғамында өзгеріс бола ма және ол үшін не істеу керек?

​​Серік Бейсембаев, әлеуметтанушы: «Элитаның шынайы жағдай туралы ойы мен шын мәніндегі жағдай арасындағы айырмашылық дамуды тежеп отыр»

Қоғамдық пікірталаста біздің қоғам көбінесе өнімді әрекетке қабілетсіз кейіпте көрінеді. Соған қарамастан, демографиялық өзгеріс пен ауыл тұрғындарының қалаға көшуі нәтижесінде халқымыз жылдан-жылға жаһандық әлемнің өкіліне ұқсап келеді. Ал олар туралы жағымсыз пікір әдетте элита тарапынан айтылады. Өйткені элита өз орнын сақтап қалғысы келеді. Vласть әлеуметтанушы Серік Бейсембаевпен элита арасында қалыптасқан қазақстандықтар туралы ескі көзқарас жөнінде, таптаурын түсініктің нығая түсуіне саяси институттардың әлсіздігі, экономикалық теңсіздік және адамдар арасында сенімнің болмауы қалай әсер ететіні жөнінде, сонымен бірге бүгінгі қазақстандық қоғамның бейнесі қандай екені туралы сөйлескен еді.

Шенеуніктер, сарапшылар мен пікір қалыптастыратын көшбасшылар қазақстандық қоғамды ескілікпен қалған, ауқымды өзгерістерге дайын емес етіп көрсетуге бейім. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуықтаса да, неге әлі күнге осындай түсініктен арыла алмай отырмыз?

Бұл туралы жиі ойланамын. Неге біз қоғам туралы айтқанда, дамымаған, артта қалған дегендей оймен келісе кетеміз? Әлеуметтанушы ретінде мұндай көзқарасты ұнатпаймын, өйткені біздің қоғам айтарлықтай күрделі және күннен-күнге күрделеніп келеді. Ол мозаикалық, кей тұста эклектикалық шығар, бірақ архаикалық деп айтуға мүлдем келмейді. Мұндай көзқарас қалыптасуының себебі неде? Мұны ең алдымен саяси институттардың сапасымен және саяси жүйеміздің жабықтығымен байланыстырамын. Бізде саяси режимнің консервациясы болып, оның орталықтануы шынайы әлеммен байланысты қиындатып жіберді. Билікте отырғандар әлеуметтік контексті түсінуден қалып барады. Сайлау әділетсіз өтеді, саяси элита жаңармайды. Жаңа буынның келмеуі мен элитаның ауыспауы соңғы 20 жыл бойы айтылып келе жатқан түсініктердің әлі күнге дейін өзекті болып қалуына әкеліп соқты. Адамдар арасындағы ауысуды басқаша қалай жүзеге асыруға болады? Көпшілік алдында қоғамның күрделілігін көрсетуге тиіс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жасауға болады. Бірақ оларға да саланың монополиялануы әсер етіп отыр [яғни өзгеріске жол бермейді]. Бізде тәуелсіз БАҚ өте аз. Әсіресе телевизияда жоқтың қасы.

Меніңше, негізгі мәселе экономика мен бизнес саласында жүрген экономистерге, қаржыгерлерге, кәсіпкерлер мен бұрынғы мемлекеттік қызметкерлерге байланысты сияқты. Қазір елдің саяси моделіне, яғни бәсеке жоғары, реттеу аз нарықтық жүйеге бағдар беріп отырған және қазақстандықтар туралы көзқарас қалыптастырып отырған да солар. Көбіне халық жетілмеді деген түсінік осындай тұлғалардың пайымдауынан қалыптасады. Бұлар халықты мемлекеттің көмегіне арқа сүйейтін, капиталистік экономика жағдайында өмір сүруге қабілетсіз деп айыптайды. Бір жағынан бұлар өз идеалдарын бүкіл қоғамға таңып жатыр, екінші жағынан олар өздерінің кәсіби саласының көзқарасымен сөйлейді деуге болады. Ал шын мәнінде, олар агрессив түрде осындай таптаурын түсініктің қалыптасуына жол беріп отыр.

Егер экономист пен әлеуметтанушыны алсақ, экономиске көбірек назар ауады. Мұны экономиканың ғылым ретінде күштірек [саяси] позициясымен түсіндіруге болады. Бірақ біздегі даму қарқыны экономикамен тікелей байланысты. Бұл 2000 жылдары бастау алған атағы жер жаратын саяси бағдарымыз – «әуелі экономика, сосын саясат» дегеннің әсері. Әрі адамдардың игіліктен айырылғысы келмейтінін де ескеруіміз керек. Біз әлі күнге дейін тұтынуы салыстырмалы түрде аз, әлсіз қоғам болып қалып отырмыз. Бірақ 2000 жылдардың ортасындағы мүмкіндігіміз әлі есімізде. Сондықтан көбірек тұтынуға талпынып жүрміз. Осы әлеуметтік және экономикалық жағдайымызды жақсартуға сұраныс әлі бар. Қазір мұны негізгі уайым мен үрейден байқауға болады. Бұл туралы сұрастырғанымызда, халық кедейлену мен ұзаққа созылатын жоқшылықтан қорқатынын айтады. Ал басты мәселе ретінде бағаның өсуін, ақшаның жетпеуін және табыстың төмен болуын атайды. Осылай күн көру мәселесі басты назарда болғанда, экономикалық жағдайдың маңызы арта береді.

Әлеуметтанушы ретінде танымал экономикалық көзқарастар қалыптастырған қоғам туралы түсінікке бей-жай қарай алмаймын. Экономикалық саясатты жасаушылар көбіне қоғамды патерналистік, енжар және рақымсыз бейнеде көреді. Бұл нарратив былтыр “халық тек алуды ғана біледі, еш қайтарымы жоқ” деген пікір кең тарағанда күшіне енді. Бұл әділетсіз, өйткені мұндай пікірді әдетте көпбалалы аналар, аз қамтылғандар сияқты белгілі бір әлеуметтік топтармен ғана жұмыс істейтін адамдар айтады. Олар адамдар жеңілдік алу үшін мемлекетті алдайды деп шағымданады. Бірақ қарапайым қазақстандық кәсіподақтан көмек сұрап, жұмыс берушіге талабын қоя алмаған соң, өзі туралы мәліметті бұрмалап көрсететінін ескермейді. Оны саяси алаңда әлсіз топ өкілі ретінде көрсететін әлеуметтік қорғаудың басқа институттары жұмыс істемейді. Бұл сайланатындарға да қатысты: егер бізде әртүрлі әлеуметтік топтардан құралған, мемлекетпен пікірталас барысында көкейкесті мәселелерді көтере алатын мықты парламент болғанда, онда, бәлкім, мемлекеттік қолдау төңірегінде ешқандай мәселе болмас па еді. Бірақ бізде осы аралық институттар жоқ.

Бізде басқару аппараты және көп жағдайда мемлекет алдында қауқарсыз азаматтар ғана бар. Адамдар жеке мүддесін қорғау үшін өз бетінше ұйымдасып, бір жерге жүгіне алмайды. Сонысымен де олар өздері туралы қате түсінік қалыптастырады. Осы мәселелер қазіргідей «азаматтарымыздың сауаты аз», «олар ақша алудан басқа ештеңе білмейді» деп мемлекет халыққа бас салатын саяси шешімдерге әкеп соқтырады. «Әкімдерді сайлаудың не керегі бар, бәрібір оларды сайлай алмаймыз ғой» дегендей мәселелер де осыдан туындайды. Сарапшылар да солай ойлайды: жеке өзім қоғамдық ғылыммен айналыса жүріп те, Қазақстанда әкімдерді сайлау қажет емес дейтіндерді білемін. Олар бұл ойын ел алдында айтпауы мүмкін, бірақ жеке әңгімелескенде мұның бір ұшы шығып тұрады. Бірақ қазір қоғамды сан түрлі, қүрделі және өте жылдам өзгеріп жатқан орта ретінде елестетуіміз керек. Бізде соңғы 10-15 жылда урбанизация, көшіп-қону процесі мен Қазақстанның жаһандық коммуникативтік кеңістікке енуінің арқасында түбегейлі өзгеше қоғам қалыптасып үлгерді. Бірақ жаңағы элитаның шынайы жағдай туралы ойы мен шын мәніндегі жағдай арасындағы айырмашылық дамуды тежеп отыр.

Фото авторы: Жанар Кәрімова

Бізге ғана тән ерекше менталдық туралы миф неліктен ғылым тұрғысынан жария мәлімдемеге негіз болды? Бұл сұрақ елдегі әлеуметтік ғылымдардың мәртебесіне де қатысты шығар. Ал оның жағдайы мүшкіл екені айдан анық.

Мұндай пікір расымен де әртүрлі деңгейде көптен бәрі айтылып жүр. Бұл кез келген қауымдастықтың өз шекарасын анықтау сияқты табиғи ниетімен байланысты болса керек. Яғни олардың тұлға ретінде кім екенін, қандай қасиеттері бар екенін анықтап, сол арқылы өзінің және өз идентификациясы мен өзгелермен бірлесу шекарасын сызуы. Бірақ бұл стереотипті сарапшылар мен шешім қабылдайтын адамдар айтқан кезде, бұл артта қалған адамның сөзіне көбірек ұқсайтыны рас. Адам әлемде не болып жатқанын толық түсінбеген кезде жалған экстраполяцияға бейім болады. Яғни күрделі әлеуметтік құбылыс болған кезде оны қоғам жайлы түсінігіне негіздеп, содан қорытынды шығаруға тырысады.

Менің сарапшылар қауымына ренішім бар. Бізде қай саланы алсаң да, мейлі ол әлеуметтану болсын, саясаттану болсын, демография немесе антропология болсын, өзімізді саралау процесі жоқ. Өз қауымдастығымыз туралы зерттеулер аз. Оны былай қойғанда, сарапшылар ортасында біздің қандай қоғамда өмір сүріп жатқанымыз туралы дені дұрыс пікірталас та жоқ. Үнемі жаңарып отыратын мәліметтер мен зерттеулердің болмауынан көпшілік алдына шығып жүрген сарапшылар бұрын қалыптасқан түсініктерге немесе сол сарапшылардың ақпараттық кеңістіктегі ойына ғана арқа сүйеуге мәжбүр. Тақырыпқа көбірек қатысты мәліметтерге сілтеме жасалмайды.

Менталдық идеясына бас ұру біздің прогрессив жолдан бас тартқанымызды негіздеуге бағытталған пропаганданың бір бөлігі болуы да мүмкін. Сәйкесінше, мұны негіздеу үшін саясаткерлер «Енді не істе дейсіздер? Біз ондай емеспіз, бұл бізге жат нәрсе. Кешіріңіз, 16 миллион америкалықты қайдан табамыз?» дегендей пікір айтуға мәжбүр болады. Зерттеуші ретінде, ғалым ретінде осы мифпен күресуіміз керек. Шын мәнінде, біздің жаһандық әлемнен айырмамыз аз да, ұқсастығымыз көбірек. Жақында Facebook желісінде бір коммерциялық науқанға жиналған нөпір халықтан тұратын кезектің суреті қызу талқыланды. Көпшілік сол баяғыша біздің халық біртүрлі, басқа елдерде жұрт бұлай митингіге жиналса, біздікілер ұтысқа ғана жиналады деген сарында пікір білдіре бастады. Ал шын мәнінде ұтыс ойыны үшін жиналған көпшілік – жаһандық тұтыну мәдениетінің ажырамас бір бөлігі. Батыс елдері мұны сәл ертерек, шамамен 1970-80-жылдары басынан өткерген. Қазір олар шектен тыс тұтыну салтын саналы тұтыну салтына ауыстырып үлгерді. Ал біздегі ірі қалалардағы, әсіресе Алматы мен астанадағы өмір шектен тыс тұтынуға негізделген. Бірақ оны толықтай жаман деп те айтуға болмайды. Бүкіл әлем тауарға айналып, адамдар өзін тұтыну арқылы зерттейтін заманда тұтынуға ұмтылу – қалыпты құбылыс. Одан ешқайда қашып құтыла алмаймыз, бізді бүкіл әлеммен байланыстыратын да осы.

Халықты саясатқа араласудан, тіпті өз бетінше ұйымдасу мүмкіндігінен айырғандықтан, біз шектен тыс тұтынудан басқа ештеңені көрмей де отырмыз ғой.

Иә, десек те, сол кезекке қатысты айтылған сынның өзі ойлануға негіз болады. Былтыр азаматтық белсенділік туралы зерттеу жүргіздік. Бізде бұл мәдениет қалыптасып жатыр, өйткені өзің бас болып ұйымдасуға сұраныс бар. Бұл ресейлік әлеуметтанушылар төменнен басталған модернизация деп атайтын құбылыстың бір көрінісі. Ол халықтың мемлекеттің бастауын күтіп отырмай, өз бетінше бірігіп, белгілі бір ортақ мәселелерді шеше бастауын білдіреді. Ал элита өкілдері өзін-өзі сақтау үшін ғана менталитет туралы жағымсыз мифтерді таратады. Өйткені үйреншікті жағдай өзгеріп, олар дайын емес өзге шындық пайда болғанын қаламайды. Сондықтан элитаның бірінші реакциясы – сол шындықпен күресу. Егер адамдар өз бетінше ұйымдаса бастаса, демек үкіметтік емес ұйымдарға бұрынғыдан да көп ақша беріп, бақылауды күшейту керек деген сөз. Халық митингіге шыға бастады ма? Бұл тәртіп бұзу, ендеше полицияның күшін арттырып, белсенділерді қамау керек. Әлеуметтік желіге қатысты да солай. Бұл – өзін-өзі сақтауға тырысатын авторитар жүйеге тән қасиет. Бірақ мұндай әрекетке жеткілікті әлеует пен ресурс бар деп ойламаймын. Ұзақмерзімді, мықты трендпен күресудің мәні жоқ. Ерте ме, кеш пе, жүйе бейімделеді немесе өзгереді. Мұның қандай конфликт арқылы келетіні және ол үшін нені құрбан ететініміз ғана маңызды. Егер басқару аппаратының азды-көпті ақылы болса, ол жүйенің өзін өзгертуге тырысады: демократия мен сайлау элементтерін енгізіп, ашықтықты арттырады, азаматтардың саясатқа араласуы үшін инклюзивті бола бастайды. Егер олай болмай, конфликт өрши түсіп, адамдар күн санап радикалдана берсе, Беларусь пен Ресейдегі жайттың куәгері боламыз. Әлеуметтік тұрғыдан соңғы 10-15 жылда күрделене түстік, бірақ басқару жүйесі барынша жеңілдеді. Біз әртүрлі бағытта қозғалып барамыз, себебі күрделі әлеуметтік жүйе күрделі басқару жүйесін қажет етеді.

Фото авторы: Данияр Мүсіров

Көп жағдайда қоғамның күрделену себебі ретінде жаһандануды (мәдени процесс ретінде), ішкі және сыртқы көші-қонды немесе басқа да демографиялық ауытқуларды көрсетеді. Ал Қазақстан үшін осылардың қайсы негізгі себеп деп ойлайсыз, әлде бәрі бір-бірімен байланысты ма?

Демографиялық өзгерістер – қоғамның өзгеруінің негізгі факторларының бірі. Көші-қон да соның ішінде. Бұл да әлемдік трендтерге байланысты. 1970-жылдары қалыптасқан екінші демографиялық ауысымның концепциясы бар. Оған сәйкес жаһандық демографиялық ауысымдар кезең-кезеңімен орнайды. Бірінші кезеңі өлім-жітімнің көптігімен қатар жүрген туу көрсеткішінің артуымен байланысты болды. Бірақ индустриялық революцияның арқасында санитарлық жағдай жақсарып, адамдар ұзағырақ өмір сүре бастады. Олардың балалары да азая берді. Осының барлығы екінші демографиялық ауысымның шарттары еді. Меніңше, бұл процесс Қазақстанда да өзекті. Бірақ статистикаға көз жүгіртсек, біршама қарама-қайшы көріністі байқаймыз. Бір жағынан өмір сүру ұзақтығы артқан: соңғы 20 жылда бұл көрсеткіш шамамен 10 жылға өсіп, 73 жасқа жеткен; некеге тұру бойынша орта жас баяу артқан; сондай-ақ туу көрсеткіші төмендеген. Соңғы 5 жылда жалпы туу көрсеткіші төмендеп жатыр: 2014 жылы 1000 адамға 23 баладан келсе, бүгінде 21,7 баладан келеді. Сонымен қатар жақында Статистика бюросының баяндамасын көрдім. Онда әйелдердің тұңғыш баласын босану жасы бір жылға артқанын көрсетіпті. Бұл құндылықтар өзгеріп жатқанын көрсетеді. Адамдар тұлғалық дамуды бағалап, отбасы мен ортасының қалауын емес, өз мақсатын алға шығара бастаған.

Бұнымен қоса бізде көші-қон өсіп келеді, соның ішінде ішкі көші-қон белсендірек. Мұны соңғы 5 жылдың статистикасынан көруге болады. Ал көші-қонның бағыты біреу, көп жағдайда шағын елді мекендерден ірілеу аймаққа көшеді. Бір ғана астананың өзіне жыл сайын 50 мыңдай адам келіп жатыр. Алматы мен Шымкентке көшетіндер де осыған шамалас. Қазақстан үшін бұл үлкен көрсеткіш. Бұл процесті дәстүрлі қоғам құлдырап, урбанизацияға бейімірек жаңа қоғамның қалыптасуы деп бағалауға болады. Қала халқы мен ауыл халқының қатынасында бұл аса қатты байқалмайды. Меніңше, бұл тіркеу жүйесінің әлсіздігінен: көшіп барғанның бәрі қалада тіркелмейді. Көшіп барғандар да қаланың өзінде емес, қазір белсенді түрде кеңейіп жатқан қала іргесінде тұрақтайды. Біз бұл көші-қон жарылысының салдары қандай боларын да толық білмейміз.

Кейінгі екі ғасырда бұл процесс үлкен саяси және әлеуметтік шиеленіске ұласқаны белгілі. Бұған көп жағдайда олардың саяси өкілдігі болмауы мен жаңа ортаға бейімделуде қандай да бір қолдау көрсетілмеуі себеп болды ғой?

Меніңше, біздің қалалар шиеленіс тудыратындай емес, адам да аз. Әзірге Алматы мен астананың әлеуметтік инфрақұрылымы ағылып жатқан лекке төтеп беріп тұр. Ал мұндағы құндылықтардың ауысуы – қызық тақырып. Қалада урбандалған, батысқа қарап бой түзейтін халық тұрады, ал елдің басқа аймақтарында ауылдық, дәстүрлі құндылықтары басым адамдар тұрады дейтін таптаурын түсінік бар. Екі топтың арасындағы шиеленісті тудыратын да осы. Меніңше, бұл қате түсінік. Себебі өз басым дәл сондай бөлінуді көрмеймін. Урбандалған қалалық тап эклектикалық құндылықтарды құп көреді. Үшінші буындағы қалалық қазақ ауыл халқына тән қоғамдық дәстүрлерді дәріптеуі әбден мүмкін. Мысалы, ауылдағы туыстарымен байланысын үзбей, оларға жиі барып тұрады делік. Сол сияқты ауыл тұрғыны да қалаға келіп, батыстық қоғам көзқарастарын қабылдауы мүмкін.

Бүгінгі астана – үлкен әлеуметтік зертхана. Халқының көп бөлігі – соңғы 20 жылда көшіп келген ішкі мигранттар. Бірақ барлық әлеуметтік топқа ортақ бір нәрсе – сенім деңгейінің төмендігі. Консерватив топ та, прогрессив топ та өзінің айналасына ғана сенеді. Өз бетінше ұйымдасу көрсеткішінің төмендігі мен саясаттан қашық жүруді жиі байқайтынымыз да осыдан. Бірақ институционалдық деңгейдегі мәселелер де бар. Ертеректе халықтың ҮЕҰ туралы не ойлайтыны, оларға қаншалықты сенетіні туралы сауалнама жүргізгенбіз. Біріншіден, сауалнамаға қатысқандардың 80%-ы олар туралы түк білмейтінін айтты. Ал білетіндердің көбі мұндай ұйымдарға сенбейді екен. Мұның бірінші себебі, ҮЕҰ батыс гранттарын алатындықтан, теріс пиғылды көздейді деген сарындағы конспирологиялық пайымдар бар. Ал фокус топпен жұмыс істегенде мұның екінші себебін, яғни биліктің теріс ықпалы бар екенін түсіндік. Мемлекет азаматтық секторға шектен тыс араласып, оған көп ақша бөліп, үкіметтік емес ұйымдарды бюрократиялық аппараттың бөлігі етті деген түсінік бар екен. Ұйымдар жай ғана ақшаны игерумен айналысып, қажетсіз шаралар ұйымдастыра бастады. Соның салдарынан енді оларды шенеуніктермен бір қатарға қоятын болды.

Фото авторы: Дұлат Есназар

Ал халықтың әлеуметтік-экономикалық теңсіздігі осы сенімсіздікке негіз бола ала ма?

Иә, кез келген теңсіздік қоғамның жарылуын күшейтетіні сөзсіз. Теңсіздік деген – мүмкіндіктердің тең болмауы. Адамның белгілі бір ортада өсуінің өзі оның қандай да бір салада ешқашан табысқа жетпеуі мүмкін екенін көрсетеді. Ал дұрысырақ жағдайда дүниеге келген баланың мүмкіндігі көбірек. Соған орай, әлемге осындай көзқараспен қарайтын адам басқалармен бір деңгейде сөйлесе алмайды. Өйткені әлемді әуел бастан әр таптың өз орны бар иерархия ретінде қабылдай бастайды. Бір санаттан екіншісіне өту мүмкін болған күннің өзінде, мұның өте қиын екенін түсінеді. Біздің жағдайымызда әлеуметтік-мүліктік жік өте терең. Көпшілік байлардың деңгейіне жету мүмкін емес деп біледі. Мол табыс белгілі бір отбасымен және көлеңкелі жүйемен ғана байланысты деп ойлайды. Бұл да сенімсіздікті арттырады. Ал сенім мен сенімсіздіктің төркіні институттармен байланысты. Егер олар нашар болса, жұмыс істемесе, сенімсіздік туады. Ал жақсы жұмыс істесе, керісінше, адамдарды біріктіре түседі. Сондықтан әлеуметтік-экономикалық теңсіздік көлденең қарым-қатынас құрып, үлкен қауымдастықтарға бірігуге әрі қарай да кедергі бола береді.

Сөз соңында болашақ туралы қитұрқылау, бірақ маңызды сұрақ қойғым келіп отыр. Сіздің қай болашақ туралы айтқыңыз келетінін білмеймін, бәлкім 5, 10 немесе 15 жыл шығар, бірақ бұған дейін айтқан әлеуметтік тенденцияларды ескерсек, ол қандай болуы мүмкін?

Болашақ образы – сарапшылар арасында танымал тұжырым. Бірақ ол туралы әңгіме қозғамас бұрын, қазіргі күннің бет-бейнесін біліп алсақ деймін. Жақында Алтынбек Сарсенбайұлы мен оның өлімінің мән-жайы, оған дейінгі жайттар туралы деректі фильм көрдім. Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысы пайда болып, ұйым мүшелерін қудалау басталғалы бері еліміз авторитаризмге қарай бет алғаны түсінікті. Шектен тыс күрделенген мемлекеттік аппарат пен еркіндіктің шектелуі, саяси алаңдағы монополия сынды мәселелердің негізі сол кезде басталды. Осы мәселелерді қалай шешетініміз келешегіміздің бейнесіне тікелей әсер етеді. Ал әлеуметтік трендтер туралы айтсақ, олардың ашықтық пен плюрализмге бет алып бара жатқаны анық. Біз қалай болғанда да жаһандық кеңістікке ене береміз. Бірақ қоғамның жаңа әлемге бейімделуді қиын көретін бөлігі өзінің ескі ұстанымдарына одан сайын қатты арқа сүйей бастайды. Ал бұл шиеленіске әкеліп соғады. Консерватив, тіпті көнерген мемлекеттік аппарат пен заманауи қоғам арасындағы түсініспеушілік арта түседі. Меніңше, қазір қарапайым қазақстандық азамат шенеунікке қарағанда заманауи көзқараста сияқты. Өзгерістер мен реформаларға сұраныс бар. Ал бұл болашаққа бағдар береді. Әзірге бәрі қиын жағдайда, келешек пен өткеннің арасында тұрып қалғандаймыз. Бірақ өзгерістің ұшқыны бар. Мұны әсіресе жас буынның ашықтығына сілтейтін демографиялық өзгерістер мен көпшілік сауалнамалардан көруге болады.