8745
21 апреля 2021
Наргис Қасенова, арнайы Vласть үшін

Байденнің әкімшілігі тұсында АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қандай болмақ?

Елші Джордж Крол түбегейлі өзгерістер болмаса да, аймаққа көбірек көңіл бөлінеді деп есептейді

Байденнің әкімшілігі тұсында АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты қандай болмақ?

Америка Құрама Штаттары Орталық Азия елдерінің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына өте маңызды үлес қосты. Аймаққа қатысты істерге білек сыбана кіріскен ең ірі держава болды десек те болады. Орталық Азия елдерінің тәуелсіздік алғанына да 30 жыл. Бүгінде АҚШ та, аймақтағы елдер де жаңа белестің алдында тұр. Жағдай мүлдем басқа. Президент Джо Байденнің сыртқы саясатпен айналысатын командасы ендігі маңызды деген мәселелерді белгілеп те үлгерді. Ал ондағы Орталық Азияның орны мен рөлі қандай?

Ресей және Еуразия зерттеулері Дэвис орталығының (Гарвард университеті) Орталық Азия бағдарламасының жетекшісі Наргис Қасенова елші Джордж Кролмен сұхбаттасты. Джордж Крол – Америка сыртқы саясатының посткеңестік кеңістіктегі ардагері. АҚШ мемлекеттік хатшысы көмекшісінің Орталық Азияға жауапты орынбасары (2008-2010), Өзбекстандағы елші (2011-2014) және Қазақстандағы елші (2015-2018) қызметтерін атқарған.

– Байден әкімшілігі сыртқы саясатпен айналысатын командасын жасақтап, басым бағыттарды белгілеп жатыр. АҚШ-тың Орталық Азиядағы саясаты туралы не білеміз немесе қандай болжам жасай аламыз? Әңгімені жақында мемлекеттік хатшы Блинкен айтып өткен АҚШ-тың сыртқы саясатындағы басты мәселелерден бастасақ. Орталық Азия үшін не өзекті?

– Байден әкімшілігінің сыртқы саясатында Орталық Азия басты назарда болады деп ойламаймын, жалпы АҚШ-тың аймақтағы қазіргі саясаты түбегейлі өзгереді деп айта алмаймын. Бұған дейінгі әкімшіліктер де осындай бағытты ұстанған. Мемлекеттік хатшы Блинкен Байден әкімшілігі барлық сыртқы саяси күшін Американың одақтастарымен қарым-қатынасты қалпына келтіруге, Американың басты бақталасы Қытайдағы жағдайды реттеуге және ғаламдық климаттың өзгеруі мәселесін шешуге жұмсайтынын айтып өтті. Соңғы екі мәселе Орталық Азияға белгілі бір дәрежеде қатысты болуы мүмкін және бұл тұста Байден Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» бастамасы сияқты әрекеттерін Обаманың әкімшілігіне қарағанда азырақ қолдайтын шығар. Сәйкесінше аймақтағы көмірсутек ресурстарын өндіруге қолдау да азаюы мүмкін. Оған қоса, мемлекеттік хатшы Блинкен Байден әкімшілігі адам құқықтары мен құндылықтарын сыртқы саясатының негізі етіп алатынын және мұны өзекті әрі америкалық орта тап пен АҚШ экономикасын қолдайтындай саясат етуге ұмтылатынын айтты. Десе де, бұл саясат Америка мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынасқа елеулі өзгеріс алып келеді деп ойламаймын. Яғни АҚШ Орталық Азия елдерінде заң мен демократияның үстемдік құрып, азаматтарының құқығы сақталуына аса қатты ықпалы болмаса да, осы бағыттағы саясатын жалғастыра береді.

Елші Джордж Крол

– Ал сыртқы саясатпен айналысатын команданың ұстанымдарынан нені аңғаруға болады?

– Мемлекеттік хатшы Блинкен мен оның мемлекеттік департаменттегі командасы және ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесші Салливан мен оның командасы еуропалық одақтастармен қарым-қатынаста айтарлықтай тәжірибелі болғанымен, әкімшілік әлемнің Таяу Шығыс, Азия сынды аймақтарында серіктестік қарым-қатынасты қалпына келтіріп, дәстүрлі америкалық дипломатияны қайта жандандыру үшін кәсіби дипломаттар мен жергілікті істер бойынша терең тәжірибесі бар мамандарды да араластыруға тырасатын сияқты. Десе де, мемлекеттік хатшының Оңтүстік және Орталық Азия істері бойынша көмекшісі болатын адам, өзіне дейінгі көмекшілер сияқты Орталық Азиядан гөрі Оңтүстік Азияға көбірек көңіл бөледі деп ойлаймын. Қазір ұлттық қауіпсіздік кеңесінде Орталық Азияға қатысты істер Оңтүстік Азия істерімен емес, әдеттегідей Ресейге қатысты істермен бірге қаралады. Обаманың кезінде де солай болатын. Бірақ бұл да АҚШ-тың Орталық Азияға деген соңғы 30 жылдан бері айтарлықтай өзгеріссіз жалғасып келе жатқан қарым-қатынасына әсер етеді деп ойламаймын. Бұл саясат белгілі бір деңгейде 2015 жылы Брукинг институтында сол кездегі мемлекеттік хатшының орынбасары Блинкен сипаттаған саясатты негізге алуы мүмкін. Десе де, Байденнің әкімшілігі де, өзінің ізашарлары сияқты Орталық Азиямен бірге әлемнің барлық аймағына қатысты саясатына шолу жасайды деп ойлаймын. Бірақ бұл шолу Орталық Азияға қатысты қалыптасқан саясаттың реттілігін ауыстыру, түзету және қайта пысықтаудан басқа қандай да бір үлкен өзгеріске алып келеді дегенге күмәнім бар.

Энтони Блинкен, АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы

– Ал саясат және саяси әдістер мен тәсілдердің өзгеруі мүмкін бе, әлде алдыңғысымен сабақтаса ма?

– Қазіргі әкімшілік алдыңғысы сияқты әлемдік мәселелерді жалғыз ұлы держава ретінде емес, серіктес қарым-қатынасты басшылыққа ала отырып шешуге тырысамыз деп отыр. Меніңше, бұл қайтадан одақтастармен жиірек ақылдасып, көбірек серіктес іздеуді және сыртқы саясатты Twitter немесе телефон қоңыраулары мен бюрократиялық дайындықсыз өтетін кездесулер арқылы емес, дәстүрлі дипломатиялық қарым-қатынас арқылы жүргізуді білдіретін сияқты. Алдыңғы президент кәсіби сыртқы саяси бюрократияға сенбеді, бюрократия да оған сенбеді. Саясат өзінің дәстүрлі формасына, президент Трампқа дейінгі мазмұнына қайтып оралып жатыр және ол бұдан әрі конфронтациялы болып көрінбеуі мүмкін. Тек Ресей мен Қытайға қатысты жағдай өзгешелеу болатын шығар. Оған қоса, кәсіби дипломаттарды қоса алғанда, Байденнің әкімшілігіндегі саясаткерлер әлемде Американың ұлылығына, даралығына және қайталанбасына кәміл сенеді, бүкіл әлем америкалық көшбасшылыққа мұқтаж және соны қалайды деп ойлайды. Олардың ойынша, жетекшіліктен бас тарту жауапсыздықпен тең және Американың жеке мүддесіне де кесірін тигізуі мүмкін. Бүкіл әлем АҚШ-тың бұған дейінгі, тіпті Трамптың әкімшілігіне дейінгі көшбасшылығын күтіп отыр деп ойламаймын. Олар америкалық серіктестікті қалайды. Американың басымдығы туралы осындай түсінік қалыптасқан шақта Байденнің әкімшілігі шынайы серіктестікті жай айтып қана қоймай, іс жүзінде көрсете ала ма, жоқ па, сол қызық. Олар одақтаспен де, бақталаспен де мәмілеге келмейтін максималистік көзқарасты ысырып, серіктерінің мүддесі мен кеңесіне қарай саясат құрастыруға және түзетуге дайын бола ма? Сондай-ақ, Байден әкімшілігі, бұрынғы әкімшіліктер сияқты, саясаттың негізгі құралы ретінде санкцияларға арқа сүйеп, мұны сол мемлекеттің немесе мемлекеттік акторлардың әрекетін өзгертудегі тиімділігіне қарамастан қолдануды жалғастыра беретін сияқты.

Санкциялар саяси тұрғыдан әдетте ақылға қонымды құрал, бірақ оның тиімділігі даулы мәселе.

Ал Байден әкімшілігінің Орталық Азиямен ресми қатынастарының құрылымына келетін болсақ, меніңше, әкімшілік C5 + 1 министрлер деңгейіндегі жыл сайынғы кездесулер форматын сақтап қалатын сияқты. Вашингтон мұны ашық айтпаса да, Орталық Азияны өз мүддесіне қатысты екінші кезектегі аймақ ретінде көреді, сондықтан бұл аймақта Америка күтпеген жерден жоғары белсенділік танытатынына күмәнім бар.

– Орталық Азия АҚШ-тың сыртқы саясатының жалпы көрінісін қалыптастырып жатыр дей аламыз ба?

– Бұған дейін айтқанымдай, АҚШ саясаткерлері жалпы алғанда Орталық Азияны Ауғанстандағы тұрақтылық және Ресей мен ендігі жердегі Қытайдың көршілес елдерге көрсетуі мүмкін үстемдігіне қарсы әрекет сынды бірінші кезектегі мәселеде және бүкіл әлемде демократияны, адам құқықтарын және құқықтық басқаруды дамыту бойынша жалпы жұмыстарда америкалық саясаттың перифериясы ретінде қарастырады. Байден әкімшілігі тұсында бұл конфигурация айтарлықтай өзгеріске ұшырайды деп ойламаймын.

– Тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ аймақтың Еуропамен және еуроатлантикалық қауымдастықпен қарым-қатынасының нығаюына және дамуына инвестиция құйып келді. Бұл орайда не болмақ? Не күтуге болады?

– АҚШ-тың бұған дейінгі басшылығы Орталық Азия елдерінің өз арасында да байланыс орнатып, басқа әлеммен де тығыз қарым-қатынаста болуын қолдауға және оны қалыптастыруға тырысты. Бірақ Еуропа мен АҚШ-тан гөрі көбірек Ауғанстан, Оңтүстік-Шығыс жаққа Каспий теңізі арқылы бағыттауға ұмтылды. Оған қоса мұнда Орталық Азия елдеріне ресейлік ықпалдың басымдығынан тәуелсіздігін нығайту үшін байланысып әртараптандыру қажет деген астар болатын. Ол үшін АҚШ аббревиатуралардан құралған әртүрлі жобаны қолдады: TIFA, TAPI, CASA, NSR (Жаңа жібек жолы) және CAREC. Түрлі келісімшартқа қол қойылып, аздап ілгерілеу болды, бірақ, ашығын айтқанда, бұл схемалардың ешқайсы соңына дейін жүзеге асқан жоқ. Байден әкімшілігі осы байланыс пен жобаларға саяси да, серіктестерімен де қолқа салуды жалғастырады деп ойлаймын, бірақ айтарлықтай тікелей қаржылай қолдау болмауы мүмкін. Орталық Азия елдері сөз жүзінде өзара байланыс ұстап отыр-мыс және Өзбекстан бұл көшті бастау үшін қазір елеулі серпіліс жасап жатқан сияқты. Десе де, аймақтағы елдер арадағы кедергілерін әлі жоя алмай келеді. АҚШ-тың Иранмен қарым-қатынастағы шиеленісінің азаюы Орталық Азияның Иранмен және Иран порттары арқылы басқа әлеммен байланысын тез нығайтуға септігін тигізуі мүмкін. Бұған дейін айтқанымдай, Байден әкімшілігі Қытайдың «Бір жол, бір белдеу» сынды бастамаларын қолдауға ықтияр болмауы мүмкін және Орталық Азия Қытайдың үстемдігіне түсіп қалмауы үшін байланысын әртараптандыруды, яғни Ресей үстемдігін тоқтатуға жасалған әдісті қолдауы ықтимал.

– Сіз Орталық Азияның тәуелсіздік алған отыз жылда қалай дамығанының куәсі болдыңыз. Қалай ойлайсыз, Орталық Азия елдерін кешегі Кеңес Одағының басқа аймақтарымен қалай салыстыруға болады? Қай салада әлеуетін көрсете алды, ал қай салада көрсете алмады?

– Ресей, Украина, Беларусь және Казказбен салыстырғанда, Орталық Азия соңғы 30 жылда экономикалық және саяси тұрғыдан аса қатты өзгере қойған жоқ. Экономикалық тұрғыдан аймақ салыстырмалы түрде ресурстарға бай және халқы да өсіп келе жатыр. Бірақ биліктегі элита іс жүзінде өзінің протекционистік рентаны өтеу саясатын өзгертіп, жеке кәсіпкерлер мен бәсекеге қабілетті нарықтың өркендеуіне мүмкіндік беруге аса қатты дайын емес. Шағын және орта бизнесті дамыту экономика мен жұмысқа орналасу мүмкіндігін кеңейтуге жол ашады. Бұл, әсіресе, Қытайда, Оңтүстік Азияда, Парсы шығанағындағы елдерде және Ресей мен Еуропада Орталық Азиядан келетін азық-түлікке арналған үлкен нарықтың орны бар ауыл шаруашылығы үшін өте тиімді. Бірақ үкіметтің экономикаға көрсетіп отырған олигархтық бақылауын азайтып, кәсіпкерлер мен нарыққа жұмыс істеу үшін көбірек еркіндік беруге ынтаның болмауы ең басты кедергі болып отырған сияқты. Тіпті көшбасшылары нарықтық қағидаттарға бейім екенін айтатын Қазақстанда да экономикалық шешімдерге мемлекет тарапынан бақылау әлі де күшті болып отыр, бұл кеңестік экономикалық тәжірибе мен менталитеттің ізін көрсетеді. Орталық Азия елдері шектеулі болса да плюрализмге көбірек кеңістік берген және қоғам пікірін салыстырмалы түрде еркін білдіруге мүмкіндік берген басқа посткеңестік елдермен салыстырғанда да қатты өзгермеген сияқты.

Аймақта Қазақстан, Қырғызстан және қазір Өзбекстанда пікір білдіру еркіндігі біршама бар, десе де бұл қазіргі басшылық пен мемлекеттік құрылымдарға қарсы шығуға мүмкіндік беретіндей дәрежеде емес.

– Аймақтағы өзара байланыс пен әл-ауқатқа көбірек жауапты Орталық Азиядағы ең үлкен республикалар Қазақстан мен Өзбекстанда АҚШ-тың елшісі қызметін атқарғаныңызды ескере отырып, осы байланыс пен әл-ауқатты арттыра беру үшін не істеуге кеңес берер едіңіз?

– Өзбекстан да, Қазақстан да ең алдымен өзара тығыз қарым-қатынас пен ынтымақтастықты дамыту үшін сауда, туризм, еңбек мигранттары және жалпы қауіпсіздік бойынша төнген қауіп-қатерді жою сынды салаларда бірге жұмыс істейтін сияқты. Ал келесі қадам – уақыт өте келе Орталық Азиядағы шекаралас басқа да мемлекеттермен осындай байланыс орнату үшін бұл динамиканың кеңеюі деп ойлаймын. Көршісінің үстемдігінен сауда кедергілерінің азаюы, көлік қатынасының жандануы, адамдардың алмасуы сынды пайда көре алса да, ешбір мемлекет оны қаламайды. Қазір интеграция деген сөзді қолданғым келіп тұрған жоқ, өйткені бұл терминология Орталық Азия тұрғындарының көбінің есінде аймақтың кеңестік тарихына қатысты жағымсыз естеліктерді оятуы мүмкін. Мемлекеттердің әрқайсы өзінің басшылығымен, экономикасымен және саясатымен ерекшеленеді, сондықтан олар шын мәніндегі аймақтық ынтымақтастық құру үшін уақыт пен төзім керек.

Азаматтарға шекарадан еркін өтуге рұқсат беру және адамдар мен қоғамның әр саласында барынша тығыз қарым-қатынасты қолдау аймақтық байланысты, тіпті ортақ саясатты да ретке келтіруге көмектесуі мүмкін.

– Орталық Азияны басқа аймақтармен байланыстыратын әртүрлі дәліздер туралы не ойлайсыз?

– Көлік дәліздері негізінен әлі күнге дейін Қытай сияқты елдерден Орталық Азия арқылы аймақтан тыс нарыққа тауар транзитіне жағдай жасайды. Энергетикалық дәліздер көмірсутек ресурстарын Орталық Азиядан басқа нарыққа жеткізіп, аймақта өндірілетін электр энергиясын Орталық Азиядан тыс тұтынушыларға тасымалдайды. Орталық Азия елдері нарыққа шикізат экспорттап қана қоймай, көбірек тауар өндіру үшін сауда дәліздерімен бірге экономикасын да әртараптандыруға тырысуда. Әртараптанған ауыл шаруашылығы өнімдерінің табысты нарығы бұрынғыдай Ресейде ғана емес, Парсы шығынағы мен Қытайда да бар. Шығынның азайып, көлік қатынасы жылдамдығының артуы Орталық Азия экономикасы мен тауарларының әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасап, инвесторлар алдында тартымды болуына негізгі фактор болады.

– АҚШ сыртқы саясатының мықты нормативтік аспектісі бар және Байден әкімшілігі адам құқықтарын дамыту мен демократияға шындап көңіл бөлетін сияқты. Орталық Азия мемлекеттерінің бұл саладағы жетістігі аса мәз емес, десе де алпауыт авторитар көршілерінің ізін қуып келеді деуге де келмейді. Орталық Азия тұрғындары Батыспен жақсы қарым-қатынас орнатып, әріптес болуға мүдделі. Осы тұста аймақта қандай нормативтік шараларды жүзеге асыруға болады?

– АҚШ пен ЕО елдері адам құқықтарын сақтау, көбірек саяси-демократиялық институттар қалыптастыру және заң үстемдігін қадағалау сияқты мәселелерді бұрыннан-ақ Орталық Азиядағы сыртқы саясатының басты элементтері ретінде бекіткен. Қалай болғанда да, сөз жүзінде солай. Бұған дейін айтқанымдай, Байден әкімшілігі америкалық сыртқы саясаттың негізінде осы мәселелер болады деп мәлімдеді. Орталық Азия басшылары да бұл құндылықтарды қостаймыз және жүзеге асыруға тырысамыз дейді. Бірақ, көріп отырғанымыздай, Американың өзінде нормативтік құндылықтарды ұстану қиынға соғады. Сәйкесінше, мұны басқа да өзекті мүдде жиі қарама-қайшы келетін сыртқы саясатта іске асыру қиын.

Амбициялы нормативтік мақсатқа ұмтылу барлық қоғамның ұзақ, күрделі және әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан тарихы. Оның ішінде АҚШ та бар.

Бұл мақсатқа жетудің бәріне ортақ жобасы немесе ғажайып әдісі жоқ. Сыртқы ықпал шынында да белгілі бір салдар тудырса да, бұл мәселе сыртқы «эксперттерден» бұрын көбіне түптің-түбінде әр қоғамдағы ішкі әлеуметтік, мәдени, саяси, экономикалық және тұлғалық динамикаға тәуілді сияқты. Бұл Орта Азия елдеріне де, АҚШ-қа да қатысты. Әр елдегі күрделі динамиканы түсіне білу маңызды. Орталық Азияда қоғам өзгеріп жатыр, бірақ бұл өзгеріс ондағы нормативтік аспектілерге қалай әсер ететінін кесіп айту қиын. Негізгі адам құқықтарын құрметтеуді тұрақты түрде ынталандыру маңызды. Бірақ, мен саясатты да, әдіс-тәсілдерді де мұқият қайта қарау керек деп ойлаймын. Өйткені мұндай мәселе әдетте мемлекеттен жерде қаралады.

– АҚШ саясаткерлері қандай мәселелерге көбірек көңіл бөлуі керек деп ойлайсыз?

– Бұған дейін айтқанымдай, АҚШ саясаткерлерінің алдында тұрған негізгі мәселе мен міндет – әлем және ондағы Американың рөлін қайта саралау немесе оған басқа қырынан қарап көру. Ал ол үшін риторикалық сұлулық пен қызыл сөз аздық етеді. Сонымен бірге, әлемнің әртүрлі аймағындағы ықпал мен америкалық қуаттың мүмкіндігін және шекарасын шынайы бағалау негізіндегі кейбір күрделі практикалық шешімдер жасалуы қажет. Егер көптеген шетелдік саясаткер мен АҚШ-тың дипломаттары басшылыққа алатын моральдық, әскери және саяси артықшылықты қаласа, ойлау әдісі мен операциялық жүйені өзгерту қиын немесе тіпті мүмкін емес. Оның үстіне, сондай саясаткерлер мен дипломаттар күнделікті және бұрыннан қордаланған мәселелерді ойлап жүргенде, жаңағыдай маңызды ойтолғау мен түзету жұмысына әдетте уақыты бола бермейді. Бірақ қазір саясат қалыптастыру сессияларында өткір мәселелерді жиі көтеріп, мүмкіндік, салдар және бірінші кезектегі мәселелерді дәл бағалауға қолайлы уақыт. Шынымды айтсам, кәсіби дипломат болып істегеніме 36 жыл өткенде, жауаптан гөрі сұрақ көп.