11969
16 августа 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

«Шыңжаңдағы туыстарымызды босатпайынша, күресті тоқтатпаймыз»

Белсенді Байболат Күнболатұлының Шыңжаңдағы інісінің бостандығы жолындағы күресі

«Шыңжаңдағы туыстарымызды босатпайынша, күресті тоқтатпаймыз»

Байболат Күнболатұлы жыл басынан бері жеті рет ұсталып, екі рет қамауға алынып, бір рет оған айыппұл салынды. Былтырдан бері ол інісі Баймұратты Шыңжаңдағы түрмеден босатуды талап етіп, бірнеше рет пикетке шықты. Сонымен қатар, белсенді ақпан айынан бері жалғасып келе жатқан Алматыдағы Қытай консулдығы алдындағы наразылық шарасынан тікелей эфирде хабар таратады. Vласть Шыңжаң түрмесіндегі інісінің бостандығы үшін күресіп жүрген Байболат Күнболатұлының оқиғасын баяндайды.

Қазақстанға көшіп келуі

Байболат Күнболатұлы Қытайдың Шыңжаң аймағына қарасты Іле-Қазақ автономиялық облысының Құлжа ауданына қарайтын Қарағаш ауылының Ойманбұлақ деген қыстағында туып-өскен. “Бала кезімізде әлемдегі қазақтардың бәрі біздің ауылда тұратын шығар деп ойлайтынмын. Ол кезде Ойманбұлақта 1-2 ғана ұлты қытай азамат бар, қалғанының бәрі қазақтар еді. Ес білгеннен кейін тарихи отанымыздың Қазақстан екенін білдік. Сол кезден бастап маған Қазақстанға келу қатты арман болды”, – деп еске алды Б.Күнболатұлы.

Алғаш рет ол Қазақстанға 19 жасында, 2002 жылдың 24 шілдесінде келген. Алматы қаласына қоныстанған. Алты жыл өткеннен кейін белсенді Қазақстан азаматы атанады. Осы жерде отбасын құрып, үш баласы дүниеге келеді. 2006 жылы Байболат ата-анасын да көрші елден көшіріп әкеледі. Алайда Қытайда туған інісі Баймұрат Наурызбек қалып қояды. Байболаттың ендігі мақсаты інісін де елге алып келу болады.

Фото авторы: Дәнияр Мүсіров

“Әкемнің Ырзық деген қарындасының отбасында бала болмай, үлкен кісілер өзара шешіп, туған інім Баймұратты сол кісілер асырап алды. Соған байланысты інім Баймұраттың фамилиясы Наурызбек деп аталып жүр, яғни жездеміздің атында. Інім сол отбасында өсті. 2011 жылы Шанхайда қытай тілінде 11-сынып бітірді. Мен бірден Баймұратқа Қазақ еліне келу туралы шақырту жібердім. Сол кезде Бейжіңдегі Қазақстанның елшілігіне өзім арнайы хат жазып, біздің туыстық қарым-қатынасымызды дәлелдеп виза сұрадым. Ол визаның берілуі өте қиын болып жатқан кезең еді. Виза алуға кірген 5 адамның ішінен тек менің ініме виза берілді. Інім 2011 жылы Бейжіңнен Алматыға ұшып келді”, – деді Байболат бізге берген сұхбатында.

“Ол кезде Қытай лагері туралы дұрыс түсінік болған жоқ”

Баймұрат Қазақстанға келгеннен кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің дайындық курсында бір жыл оқиды. 2012 жылдың күзінде ол Алматы технологиялық университетіне мемлекеттік грантқа оқуға түсіп, қысқы демалыста Қытайда тұратын ата-анасына барып қайтпақ болады. Алайда сырқаттанып қалған ата-анасына қарайласамын деп, Қазақстандағы оқуын ары қарай жалғастыра алмайды. 2017 жылдың соңында Баймұратты Ойманбұлақта полиция қызметкерінің көмекшісі ретінде қызметке алады. Байболаттың айтуынша, Қытайдағы туыстарынан 2018 жылғы наурыз айының соңында Баймұратты жергілікті полиция ешқандай себепсіз ұстағанын естіген.

“Алғашында бір айдан кейін шығарады деп естідік. Ол кезде Қытай лагерьлері туралы дұрыс түсінік болған жоқ. Көбі інімді қайта тәрбиелеу лагеріне алып кетіпті деді, – дейді Байболат. – Біреулерді бір ай, біреуді үш ай тәрбиелейді, көбіне қытай тілін үйретеді деді. Мен таңғалдым, себебі менің інім Шанхайда қытай тілін оқыған, тілді қытайлардан артық білмесе, кем білмейді. Не үшін қамағанын түсінбедік. Бір ай, екі ай, үш ай күттік, шықпады. Лагерьде отырғандарды үш айда шығармаса, жарты жылда шығарады екен деген сияқты түрлі әңгіме айтылып жүрді. Жарты жылдан кейін де шықпады”.

Байболаттың сөзіне қарағанда, 2016 жылы Қытайдағы қазақтардың құқығын қорғайтын "Нағыз Атажұрт ерліктері" ұйымы құрылып, көптеген адам Шыңжаңда туыстарының лагерьге түскені туралы жазып, арыз бере бастаған. Сол арыздың нәтижесінде көпшілігі босатылған. Тіпті кейбірі таңертең өтініш берсе, кешке туыстарын лагерьден босатқан жағдайлар да болған. “Менің ойымша, Қытай үкіметі Қытайдағы лагерьдің бар екені ашылып қалады деп қатты уайымдаған болуы мүмкін, сондықтан Қазақстанда туыстары бар адамдарды шығаруға мүдделі болды”, – дейді Б.Күнболатұлы.

Құқық қорғаушылар келтірген мәлімет бойынша, 2017 жылдан бері Шыңжаңның "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" кемінде 1 млн адам болған. Көптеген ел мен құқық қорғау ұйымдары Қытайды ұйғыр, қазақ және басқа мұсылман ұлттарды лагерьге жіберді деп айыптады. Лагерьлерде болған этникалық қазақтардың айтуынша, тұтқындарды өздерінің мәдениеті, діні және тілінен бас тартуға мәжбүрлейді. Қытай билігі бұл әрекетін экстремизм мен терроризмге қарсы күрес деп түсіндіреді және лагерьлерді “қайта тәрбиелеу орталықтары” деп атайды.

Байболат інісінің Шыңжаңда ұсталғаны туралы айтып, шағым беруге батпаған. Бір жағынан, олардың шағымы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіруі мүмкін деп ойлаған. Екінші жағынан, Қытайда қалған туыстарына қауіп төне ме деп сескенген. Осы оймен олар Баймұраттың босатылуын тағы бір жарым жыл күтті. Бірақ, кейін інісінің 10 жылға бас бостандығынан айырылғанын естіді. Бұл жаңалықты естіген Байболаттың отбасы дер кезінде шағым жазбағанына қатты өкінді. Сол кезде лагерьдегі адамдардың көпшілігі бостандыққа шығарылды. Осы күннен бастап Күнболатұлы құзырлы органдарға өтініш жазып, інісінің бостандығы үшін күресті бастады.

“Мұны естігенде қатты өкіндік, себебі оған дейін арыз берген адамдардың туыстарының басым көпшілігі бостандыққа шықты. Мен арыз берсем бір жағынан мемлекетіме, халыққа зияным тиіп кете ме деп ойланып жүргенде, інім еш жазықсыз сотталып кетті. Сол күннен бастап арыз беруді, әрекет етуді бастадым, – дейді Байболат. – Алғашқы арызымды 2019 жылы 18 қараша күні жаздым. Президентке, Елбасына, Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстанның Қытайдағы бас елшілігіне, Қытайдың Қазақстандағы бас елшілігіне, Еуропа мен Американың адам құқықтарын қорғау ұйымдарына арыз жаздық. Сол жазған арызымыз әлі жалғасып келеді. Әрбір екі ай сайын арызды жаңалап жазып келеміз. Өкінішке қарай, әлі бір нақты жауап жоқ. Сыртқы істер министрінен бір рет: “Сіздің ініңіз Қытай азаматы болғандықтан, бұл Қытайдың ішкі ісі болып табылады. Сол себептен біз бұл мәселеге араласа алмаймыз, дегенмен назарда ұстаймыз”, – деген жауап келді. Кейін бұның Қытайдан туыстарын іздеп жүрген адамдардың бәріне келетін ортақ жауап екен түсіндім… Бұл тек Қытайдың ішкі ісі емес қой, жоқ дегенде екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа сыяды”.

2020 жылғы 22 қаңтарда Байболат Күнболатұлы інісінің портреті мен "Қытай геноцидті тоқтатсын!" деген жазуы бар плакат ұстап шығады. Бірақ наразылықты жалғастыруға кедергі келтірген күзетшілерді айтпағанда, консулдықтан ешкім шыққан жоқ. Ол наразылығын тоқтатпай, күнде шығып жүреді. Бірде Байболат інісінің Қытай түрмесінде отырғанын бейнелеу мақсатында қолы мен аяғын темір шынжырмен байлап шығады. Алматыдағы консулдықтан жауап алмаған белсенді бір айдан кейін астанада наразылыққа шықты. Оны елшілік өкілдерінің бірі Гу Минь есімді қызметкер қабылдайды және кейінірек We Chat мессенджеріне былай жауап жіберді:

“Бізге келген ақпараттар бойынша, інің 2012 жылы Қытайдың әлеуметтік желісі Baidu деген сайтта ұлттық араздықты қоздыратын мақала жазған. Сол себепті Қытай үкіметі Құлжа қаласындағы Іле-Қазақ автономиялық қалалық сотында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сен айтқандай, ол лагерьде ешқашан отырмаған, бірден сотталған”.

Байболат інісінің атына тағылған айыпты жала деп есептейді. "Менің інім полиция қызметкері болып жұмыс істеді, ал полицияға жай адамдарды алмайды, бұған дейін оның бұрын қылмыс жасаған-жасамағанын тексереді... Тіпті егер інім мұндай мақала жазған болса, мақаланың сілтемесін көрсетсін, інім жазды ма, ол емес пе, көрейік. Ол бойынша 10 жылға соттауға тұра ма, тұрмай ма? Неге алты жылдан кейін, яғни дәл Қытайда геноцид басталған кезде қамауға алынды?!" – деп сұрады ол елшіліктен. Бірақ бұл Күнболатұлының дипломаттармен сөйлескен соңғы әңгімесі болған, одан кейін жауап бермеген. Белсенді сонда да наразылық әрекетін тоқтатпаған. Былтыр әлемдік коронавирус пандемиясы басталған кезде наразылық акциясын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Фото авторы: Дәнияр Мүсіров

Қытай консулдығының алдындағы наразылық акциясы

2021 жылы 1 ақпанда Б.Күнболатұлы Алматыдағы Қытай консулдығы алдында жеке пикетке қайта шықты. Сол кезде оны алғаш рет полиция ұстап, Алматыдағы сот ескерту жасады. 8 ақпанда ол бірнеше этникалық қазақпен бірге күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан наразылық акциясына шықты. Олар күн сайын консулдық алдына жиналып, Шыңжаңдағы лагерьлерде отырған туыстарын босатуды талап етеді. 9 наурыз күні Байболат Күнболатұлы Әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша "Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 10 тәулікке қамауға алынды. Содан кейін белсенді полиция өзін қамамауы үшін наразылықтың басқа тәсілдерін іздей бастады.

Байболат және Қытай консулдығының алдындағы наразылық акциясының қатысушылары әкімдіктен митинг өткізуге екі рет рұқсат сұрап барған. Бір рет топтық түрде, екінші жеке пикет өткізуге үкімет бекіткен Сарыарқа кинотеатрының артындағы саябаққа шығуға рұқсат сұраған. Екеуінде де рұқсат ала алмаған.

“Рұқсат бермегеннен кейін амалсыз рұқсатсыз шығуға мәжбүр болдық. 10 күнге қамалғанда маған тағы да шықсам, тағы да қамалатынымды айтты. Содан кейін полиция мені қамауға себеп болмайтын жол іздедім. Қарсылықты тоқтатпауым керек, бірақ түрмеге де қамалмауым керек. Қамалсам, інімді кім іздейді?! Содан кейін ойлап қарастырып көрсем, Қытай елшілігінің алдына шыққан адамдарды эфирге түсіріп, хабар тарату заң бұзбайды екен. Содан кейін өзінің туысқанын іздеп, Қытай консулдығының алдына келгендерді өзімнің фейсбук парақшамнан тікелей эфирге түсіріп, хабар таратып жүрдім. Менің бұл ісімді Қытай үкіметі, әрине, көріп отыр күнделікті. Осылайша мен наразылығымды жалғастырдым және сол жолмен әлі келе жатырмын”, – дейді Байболат.

Бірақ наразылықтың бұл әдісі де белсендіні полицияның ұстауынан құтқарған жоқ.11 мамыр күні митингке шыққаны үшін айыппұл салды, ал 22 мамырда Байболат "заңсыз пикет ұйымдастырды” деп 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

“Сотта менің ісім тек қана наразылыққа шыққандардан хабар тарату, видеоға түсіру екенін айттым. “Ұйымдастырды” деген айыптары мүлдем шындыққа жанаспайды. Наразылыққа шығып жүргендерді жолымыз бір болған соң көмек ретінде жолай ала келемін. Үлкен кісілер жолды дұрыс білмейді. Күнде бірге шығып жүрген соң, ол кісілер заттарын менің машинамда қалдырып кетеді. Фотолары менде тұрғаны үшін ұйымдастырушы боламын ба? “Дәлелдер бар” деп мені сот 15 күнге қамады”, – деп түсіндірді ол.

Фото авторы: Ольга Логинова

Күнболатұлын қамаған күні оның босатылуын талап етіп, Медеу аудандық полиция басқармасының алдында ондаған адам наразылыққа шықты. Екі күндік наразылықтан кейін апелляциялық сот белсендіні қамауда ұстау мерзімін жеті тәулікке дейін қысқартты. Бірақ екі күннен кейін, 1 шілдеде Алматыда полиция белсендіні тағы да ұстап әкетті.

“Таңертең үйден шығып, көлігіме жақындай бергенде, жай киім киген екі жігіт қасыма жүгіріп келді, – деп есіне алды Байболат. – Маска мен кепка киіп алған. Орыс тілінде бірдеңе айтты. Бірақ мен естімеген сөздер болған соң, түсінбегенімді айттым. Мені қара түсті жеңіл автокөлікке қарай сүйрей бастады. Біздің Қытайдан туған-туыстарымызды іздеп жүргенімізге байланысты Қытай үкіметі тарапынан ұйымдастырылған қастандық болуы мүмкін деп ойладым. “Өміріме қандай да бір қауіп төніп тұр, қазір көлікке отырғызып қандай да бір қастандық жасауы мүмкін” деген ой келді. Бәлкім, жасырын түрде Қытайға жібере ме деген күдік те болды. Сол себепті мені кімнің ұстап бара жатқанын басқалар білсін деген оймен “құтқарыңдар” деп айғайладым. Көршілер, әйелім мен балаларым далаға атып шықты. Әйелім видеоға түсіріп, мені неге алып кетіп бара жатқанын сұрады. Сол кезде полиция формасын киген үшінші адам келді. Қолында соттан ешқандай қағаз болған жоқ, бірақ мені күштеп алып кетті”.

Байболатпен бірге оның анасы мен басқа да Қытай консулдығы алдында наразылық білдірушілер ұсталды. Сондай-ақ, белсендінің әйелін де полиция бөлімшесіне шақырып, еш себепсіз кешке дейін ұстап отырған. Олардың бәрін кешке босатқан. Күнболатұлының айтуынша, полицияның ұстауына Қытай Коммунистік партиясының 100 жылдық мерейтойы себеп болған.

8 ақпанда басталған Қытай консулдығы алдындағы наразылық акциясы барысында Байболат Күнболатұлы жеті рет ұсталды, оның екеуінде әкімшілік қамауға алынып, бір рет оған 102 мың теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар, наразылық кезінде оның әлеуметтік желілердегі аккаунттары бұғатталған. Қазір ол өзінің Facebook желісіндегі бесінші аккаунтында наразылық акциясынан тікелей хабар таратады.

Байболаттың айтуынша, елшілік алдындағы наразылық акциясында кем дегенде 14 қатысушы "заңсыз митингке қатысқаны үшін” әкімшілік айыппұл алған. Айыппұлдардың жалпы сомасы шамамен 2 миллион теңгеге жуық. Оларға бір құқық қорғау ұйымы айыппұлдарды төлеуге көмектескен. Сондай-ақ, Күнболатұлы өзінің Facebook парақшасында банк картасының нөмірін жазып, айыппұл төлеуге көмек сұраған. Нәтижесінде өзінің және Ақиқат Қалиола есімді әйелдің айыппұлын төлеген.

Фото авторы: Нәзерке Құрманғазинова

Соңғы үміт

Бір ай бұрын Байболат Қазақстан Сыртқы істер министрлігінен хат алған. Онда:

“Баймұрат Наурызбектің ісі бойынша Қытайдың Шыңжаң үкіметі басшылығымен сөйлестік. Паспорттық визалық қызмет арқылы. Сол Қытай үкіметінің жауап беруінің нәтижесі: осы пандемия біткеннен кейін, шекара ашылғаннан кейін мәселені жедел түрде шешеміз”, – депті.

Бұл хатты көрген Күнболатұлы екіұдай сезімде болған, бір жағынан Қытай үкіметі оның проблемасына назар аударғанына және інісі Қазақстанға жіберілуі мүмкін екеніне қуанған. Бірақ, екінші жағынан, белсенді Қытай үкіметі нақты қай күні мәселе шешілетінін айтпай, айла-амалмен жауап берді деп санайды.

“Пандемия қашан басылатынына қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Құдай сақтасын, созылып кетуі де мүмкін. Бір жарым жылдан кейін бе, әлде 10 жылдан кейін аша ма? Біз білмейміз. Сондықтан бұл – уақыт созатын, адамды алдайтын жауап. Бір жағынан іс шешілуі де мүмкін. Қытай үкіметі түрмеде отырған туыстарымызды Қазақстанға жібермейінше, біз оларға сенбейміз. Шекара жабық деген сылтау ғана, күн сайын Қытайдан ұшақтар келіп жатыр. Егер Қытай үкіметі шынымен жібергісі келсе, інімді сол ұшаққа отырғызып жіберсе болды емес пе? Бұл да бір сылтау деп ойлаймын. Шыңжаңдағы туыстарымызды босатпайынша, күресуді тоқтатпаймыз”, – дейді Байболат Күнболатұлы.