9229
20 сентября 2021
Назерке Құрманғазинова, Vласть

«Емшінің зардабын тартатын балалар үшін күрес»

Балалар дәрігері Айнұр Өтегенованың Инстаграмдағы қазақша блогы және емші-құшнашпен күресі

«Емшінің зардабын тартатын балалар үшін күрес»

Ақтөбелік педиатр дәрігер Айнұр Өтегенова Инстаграм әлеуметтік желісінде 2019 жылдан бері қазақ тілінде блог жүргізеді. Ол көбінесе бала денсаулығына қатысты медициналық мәліметтерді қарапайым тілмен халыққа жеткізеді. Екі жыл желіде блог жүргізу кезінде және ауруханада жұмыс істей жүріп, Айнұр емші-құшнаш, бақсы-балгердің зардабын тартып жүргендерді жиі кездестіріпті. Сондықтан ол желіде дәлелденбеген емдеу шарасын жүргізетіндермен ашық күреске шыққан. Vласть Айнұр Өтегеновамен қазақ тілінде медицина жайлы блог жүргізудің ерекшелігі мен халықтың емшілер мен бақсыларға сенімі туралы сөйлесіп көрді.

«Қазақтілді аудиторияға түсінікті тілмен, дұрыс ақпарат беретін дәрігерлер өте аз»

Айнұр Өтегенова Ақтөбе қаласындағы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетін тәмамдап, балалар дәрігері болып жұмысқа орналасқан. Екі жыл бұрын дәрігер Инстаграм әлеуметтік желісінде медицина жайлы қазақша блог жүргізе бастады. Бұл идеяның туындауына қазақ тілінде медицина туралы ақпараттың аз болуы түрткі болған. Бүгінде оның парақшасына 20 мыңнан астам оқырман жазылған.

«Қазақтілді аудиторияға түсінікті тілмен, дұрыс ақпарат беретін дәрігерлер өте аз. Тіпті жоқтың қасы деуге болады. Сол себепті халыққа медицина жайлы дұрыс ақпарат беру ниетімен осындай блог жүргізе бастадым. Екі жыл блог жүргізген уақытта, сондай-ақ ауруханада қабылдау жүргізгенде байқағаным – халық көп жағдайда бақсыларға, емшілерге барады. Бұл жөнінде ашық айтуды қолға алуыма да осы жағдай түрткі болды. Өйткені сондай емдеу шарасынан зардап шеккен емделушілер көп болды. Маған өте көп хат келді. Содан кейін халыққа мұның дұрыс емес екенін, қауіпті екенін айту керек деген ой түйдім», – дейді Айнұр Бауыржанқызы.

Айнұрдың желіде жалған емдеу жолын ұсынатындармен белсенді күресі осылай басталған. Ол парақшасында түрлі емдік әдістен зардап шеккен оқырмандардың оқиғасы туралы жазып, Инстаграм сторисіне (Instagram stories – V) cақтап отырады. Көкжөтелді көгершіннің қанымен емдегендерден бастап, церебралды сал ауруы бар баланы (БЦС) қойдың нәжісімен емдеу сияқты әдістерді қолданғандардың оқиғасын Айнұр ханымның парақшасынан оқуға болады. Дәрігердің сөзінше, мұндай әдіспен емдеп отырған «псевдодәрігерлердің» парақшаларында жүз мыңдаған оқырман бар. Ал бұл жалған ақпарат ағынын одан әрі көбейте түспек.

«Инстаграмда медициналық білімі жоқ, сертификаты да жоқ кей адамдар өзін дәрігер ретінде көрсетіп, түрлі ем жасайды екен. Курстар өткізеді, марафондар жасайды, көпшілікке кеңес береді. Медициналық сауаты жоқ халық соларға сеніп, емделеді. Мен бірнеше жалған дәрігерді көрдім. Олардың аудиториясы өте үлкен, – дейді балалар дәрігері. – Көкжөтел деген жұқпалы ауруды стационарда, кейде реанимацияда емдейді. Сол көкжөтелді псевдодәрігер көгершіннің жылы қанымен емдеуді ұсынады. Оның көрсеткен емін 400 мыңнан астам адам қарап отыр. Оқырмандардың жазған пікірін оқысаңыз, қорқынышты. “Иә, көгершіннің қанын іштім, балаларыма да бердім” деп отырған адамдар бар».

Сонымен қатар, Айнұр бақсы, тәуіптердің емделушілерді қабылдағанда гигиена талаптарын сақтай бермейтініне де алаңдайды. Ол медицина саласында жұмыс істеп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің 6 ай сайын қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы тексерілетінін айтады. Ал дәлелденбеген емдеумен айналысатындар мұндай тексерістен өтетініне күмәні бар.

«Ата-ана баланы емшіге апарып емдеттік деп мәз-мейрам болып үйіне қайтады. Ал ауру асқынғанда дәрігерге келеді. Емшілер мен жалған дәрігерлердің жасаған емінің зардабын бала тартады. Ал күресуін дәрігерлер күреседі», – деді ол.

Айнұр неше түрлі ем түрі туралы естігенін айтады. Соның ішінде жиі кездестірген жағдайдың бірі – рахитпен ауыратын баланың бетін алмаспен (лезвие – V) тілу әдісі.

«Рахит ауыруын халық арасында “қой ауруы” деп те атайды. Баланың терісі өте нәзік, жұқа болады. Көп баланың бетінде тамыры көрініп тұрады. Бізде жиі қолданылатын сұмдық нәрсе бар – ол рахитпен ауыратын балалардың бетін, маңдайын алмаспен тілу. Бала дүниеге келгеннен кейін ата-әжесінің кеңесі бойынша, баланы бақсыларға, емшілерге немесе хиджама жасайтындарға апарып, бетін кестіреді екен. Мен сондай ем жасаушының бірімен сөзге келіп қалдым. “Қой ауруын осылай емдеудің механизмін айтасыз ба? Бұл қалай әсер етеді?” деп сұрадым. Маған бір жазбасын жіберді. Ол жерде жазғаны шындыққа жанаспайды. Тіпті, көбі қой ауруы дегеннің не екенін де білмейді», – дейді дәрігер таңданысын жасыра алмай.

Дәстүрлі медицина және заң

Қазақстанда емшілікпен, дәстүрлі медицинамен айналысуға заң жүзінде шектеу жоқ. Дәстүрлі медицина «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңның 132-бабымен реттеледі. Заңға сәйкес, медициналық білімі мен денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты бар, ҚР рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар адам дәстүрлі медицинамен айналыса алады.

«Дәстүрлі медицина – халық медицинасының көп ғасырлық дәстүріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодталған әдістерінің жиынтығы», – деген анықтама берілген заңда.

Алматы қалалық адвокаттар алқасының тағылымдамадан өтуші заңгері Аида Өтесін емшілікпен айналысуға тыйым салатын жағдайлар бар екенін айтады.

«Емшілік сеанстарын жүргізуге заң бойынша тыйым салатын жағдайлар бар: Екі және одан көп адамды тарту арқылы; Бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану арқылы. Өзге медицина саласындағы сияқты дәстүрлі медицинамен айналысатын адамдар емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірсе, ҚР заңнамасы бойынша жауапқа тартылады. Жауапкершілік зиян түріне қарай азаматтық, әкімшілік не қылмыстық болуы мүмкін», – деді Аида Өтесін Vласть порталына берген жауабында.

Дәрігерлерге деген теріс көзқарас. Кадр жетіспеуі. Менталитет...

Қоғамда бақсы, емшілерге қатысты екіжақты көзқарас қалыптасқан. Біреулер «дәрігерлер емдей алмаған ауруды жазды» деп есептейді. Ал қарсы пікірдегілердің айтуынша, бақсыға қаралған адам ақшасынан айырылады, ал одан да сорақысы – денсаулығына зақым келеді. Балалар дәрігері Айнұр Өтегенова халықтың сенімінің азаюына себеп болып отырған жағдайдың бірі кейінгі кезде дәрігерлер туралы теріс көзқарастың көптігі екенін айтады.

«Кейінгі кезде дәрігерлерді жамандау жиіледі. Оларға вакцинаға қарсылар қосылды. Оның бәрі халыққа дәрігерлерді, медицинаны теріс жағынан көрсетіп қойды. Адамдар дәрігерлердің нәтижелі емі туралы аз жазады. Ал бір дәрігер бір қателік жасаса, оны жарияға жар салады», – дейді ол.

Өтегенова бақсылар мен тәуіптерге сұраныстың жоғары болуына кадр жетіспеуі, ақпараттандырудың аздығы және халықтың менталитеті де ықпал етіп жатқанын айтты.

«Көбіне емшілерге ауыл тұрғындары барады. Ауылдық жерде медицина өте төмен деңгейде, себебі дәрігерлер жетіспейді, ал бақсылар көп. Жас келіндерден “енемнің айтуы бойынша бардым”, “мені сүйреп апарды” деген мазмұндағы хаттар келеді. Олар ата-енесіне қарсы шыға алмайды. Әр ата-ана өз баласына жауапты екенін естен шығармау керек. Өкінішке қарай, бізде менталитетке байланысты баланы ата-әжесінің меншігі ретінде көреді. Сол себепті олар әке-шешесінің рұқсатынсыз баланы бақсыларға апарады. Ол жағы да бақсыларға деген сенімнің көбеюіне әсер етеді».

«Заң жүзінде қолға алу керек»

Айнұр әлеуметтік желідегі мұндай белсенділігі үшін “жалған дәрігерлер” мен олардың оқырманы тарапынан кибербуллингке де ұшыраған.

«Аудиториясы өте көп псевдодәрігердің оқырмандары көп негатив пікір жазды. Жеке басыма да өтіп кетті, буллинг болды. Сол кезде күйзеліске түстім. Бір жалған дәрігер мен туралы өзінің парақшасына пост салып, мені бұғаттап тастаған», – деп еске алды ол.

Бірақ мұндай жағдайлар Айнұрға блогты тастауға себеп болмаған, керісінше, дәлелденбеген ем жасаудың салдарын халыққа көрсету маңызды екенін бұрынғыдан бетер сезіне түскен.

«Бір емші церебралды сал ауыруымен ауыратын баланы қойдың нәжісіне жуындырып отырғанын көріп, парақшамда жарияладым. Сондай бақсылықты қолдайтын кісілер: “Айнұр, сен неге білгішсінесің? Ересек адамдар қойдың нәжісіне экзема кезінде қолын салады. Ол бұрыннан келе жатқан ем”, – деп жазды. Бұдан түсінгенім, халықтың көзін ашып отыру керек екен. Оларға мұның дұрыс емес екенін үнемі айта беру керек», – дейді ол.

Айнұр Өтегенова халыққа медицина туралы дұрыс ақпарат беру, жалған ақпаратпен күрестен бөлек, бұл мәселені заң жүзінде қолға алу керек деп есептейді. Себебі түрлі дәлелденбеген емдеу түрінен зардап шегіп жүргендер көп болғанымен, оны жасаушылар жазықсыз қалып отыр.

«Біріншіден, халықты ақпараттандыру, ағарту жұмысы маңызды деп ойлаймын. Екіншіден, Денсаулық сақтау министрлігі, полиция жалған медицинамен айналысатындарды қолға алып, жауапқа тартса деймін. Өйткені зардап шегіп жатқандар көп. Заң жүзінде қолға алу керек. Оларда ешкімнің шаруасы жоқ. Сондықтан олар көбейіп кетті, қорықпай емдік шараларын желіге сала береді».

Айнұр Инстаграмда қазақ тілінде бала денсаулығы туралы блог бастағаннан бері сәл де болса нәтиже болғанына сенімді. Оның айтуынша, көптеген ата-ана ризашылығын білдіріп, дәрігердің жазбасы көп көмек болғанын да жиі айтады.