5436
16 мая 2022
Назерке Құрманғазинова, Власть

Президенттің Түркияға сапары. «Стелс-Омикрон» штаммы. Жеңілдетілген автонесие

Өткен апта жаңалықтарына шолу

Президенттің Түркияға сапары. «Стелс-Омикрон» штаммы. Жеңілдетілген автонесие

Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Түркияға барды, Қазақстанда короновирустың «Стелс-Омикрон» штаммы анықталды. Қолайсыз ауа райы салдарынан Текеліде апаттық жағдай болды. Осы және өзге де жайттар Власть апта шолуында.

«Батырларға тағзым» шеруі өтті

Апта басы Алматыда 9 мамыр – Жеңіс күніне орай ұйымдастырылған «Батырларға тағзым» шеруімен басталды. Оған мыңдаған адам қатысты. Жиналғандар екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан туыстарын еске алып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Биыл ардагерлер мен қоғамдық ұйымдар «Өлмейтін полк» шеруінің орнына «Батырларға тағзым» акциясы өтетінін хабарлады. Сондай-ақ, олар қатысушыларды өзге елдің туын әкелмеуге, Ресей Украинаға қарсы соғыс кезінде қолданған Z және V таңбаларын қолданбауға шақырды.

Фото авторы: Юна Коростелева

Президенттің Түркияға сапары

10 мамыр күні ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Түркияға барды. Екі күндік сапарында Тоқаев түрік әріптесі Режеп Тайып Ердоғанмен шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді, Қазақстан–Түркия бизнес форумына қатысып, түркиялық кәсіпкерлермен кездесті.

Ақорданың хабарлауынша, мемлекет басшылары шағын құраммен кездесуде саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге ерекше көңіл бөле отырып, қазақ-түрік стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқылаған. Сондай-ақ, Ердоған Тоқаевтың Қазақстанға шақыртуын қабыл алды.

Кеңейтілген құраммен келіссөз кезінде екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту перспективасы талқыланып, келіссөз қорытындысы бойынша, Тоқаев пен Ердоған «кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдемеге» қол қойды.

Қазақстан президенті екінші күні түрік бизнес қауымдастығымен кездесті. Ол түрік инвесторларына бағалы және түсті металдарды геологиялық барлау бойынша дайын тұрған бес жобаны, сондай-ақ, зығыр және басқа да майлы дақылдарды өңдейтін бірлескен кәсіпорындар құруды ұсынды. Тоқаев Орталық Азияға туристерді тарту үшін Каспийде жаңа орталық құруға болатынын атап өтті.

Жеңілдетілген автонесие

16 мамырдан бастап банктер 4 пайыздық жеңілдетілген автонесиеге өтінім қабылдай бастайды. Бұл туралы үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Оның айтуынша, несиені «бұрын несие беріп келген» бес банк береді.

«Несие беру бағдарламасы қазірдің өзінде бар екенін атап өткім келеді: Револьверлік негізде 88 млрд теңге әлі айналымда жүр. Бұл бағдарлама кейінгі бес жыл бойы жұмыс істеп келеді, біз тағы 100 миллиард теңгені қостық, ол ӨКМ операторынан аударылады», – деп түйіндеді Скляр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұрын хабарлағандай, сыйақы мөлшерлемесі – 4%. Көлік сатып алуға несие 10 миллион теңгеден аспайтын сомаға беріледі, бұл ретте көлік құралының құны 15 миллион теңгеден аспауы керек. Несие 7 жылдан артық емес мерзімге беріледі, бастапқы жарна 0%-дан басталады. Жалпы, бағдарлама бойынша қаржыландыру көлемі – шамамен 100 млрд теңге. Оның ішінде 30 млрд теңгеге жуық қаржы Қазақстан аймақтарындағы автобус паркін жаңартуға бағытталады.

Қазақстанда «Стелс-Омикрон» штаммы анықталды

Денсаулық сақтау министрлігі сәуір және мамыр айларында жүргізілген скрининг нәтижесі бойынша республикада «Стелс-Омикрон» штаммының айналымы анықталғанын хабарлады. Ал Delta және Омикрон штамдары әлі айналымда жүр.

Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына қарамастан, министрлік коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау мен ревакциналауды уақтылы жүргізуді ұсынады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының вирустар эволюциясы жөніндегі жұмыс тобы «Стелс-Омикрон» штаммы алаңдаушылық тудыратынын, коронавирустың басқа түрлеріне қарағанда жұқпалы, бірақ асқыну аз болатынын мәлімдеді.

15 мамырдағы жағдай бойынша 228 адам коронавирус инфекциясынан ем алуда, оның ішінде 51 науқас стационарда, 177 адам амбулаторлық деңгейде емделіп жатыр.

«Нағыз атажұрт еріктілері» партия құрмақ

12 мамырда Қытайдағы этникалық қазақтардың құқығын қорғайтын «Нағыз атажұрт еріктілері» ұйымы саяси партия құруға ниетті екенін мәлімдеді. Ұйым жетекшісі Бекзат Мақсұтхан баспасөз жиынында қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан шынайы демократиялық жолға түспейінше, Шыңжаңдағы қазақтардың өмірін сақтап қалу қиын екеніне көз жеткізгенін айтты. «Мақсатымыз – халқымыздың әдет-ғұрпына, өткен және бүгінгі тарихына, тілдік ерекшелігімізге, ұлттық санамызға негізделе отырып, жаңа, әділ, демократиялық саяси жүйе қалыптастыруға белсене араласу», – деді ол.

«Нағыз атажұрт еріктілері» ұйымы 2016 жылы Шыңжаңда мұсылмандар қудаланып, «қайта тәрбиелеу» лагерьлеріне қамалғаны туралы алғашқы хабарлар шыға бастағанда құрылған. Олар осындай лагерьлерден өткендер туралы айғақтарды жинап, БАҚ пен халықаралық құқық қорғау ұйымдарына берумен айналысады.

Фото авторы: Назерке Құрманғазинова

Текелі қаласында лай көшкіні жүрді

Жексенбі күні Алматы облысына қарасты Текелі қаласында лай көшкіні жүріп, 5 жасар қыз қаза тапты. Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 15 мамыр күні сағат 12:00 шамасында төтенше жағдайлар қызметіне лай көшкіні жүргені жөнінде хабарлама түсті. Соның салдарынан Қонаев көшесінің бойындағы бір үй бүлінген, төрт үйдің ауласын батпақ басқан.

Сонымен қатар, 12 мамыр күні қолайсыз ауа райы салдарынан Жамбыл облысында Өзбекстаннан келе жатқан жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, жүргізушінің көмекшісі мен жолаушылардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Жуалы аудандық ауруханасына 48 зардап шегуші, оның ішінде бір бала шұғыл медициналық көмекке жүгінген. Зардап шеккендердің 16-сы ауруханаға жатқызылды, оның ішінде төртеуі жансақтау бөліміне түскен.