8302
21 июня 2022
Тамара Вааль, Власть, фото Кира Прайстікі

«Халық дауыс беруден қалды»

Щучинскіде бірінші рет қала әкімін сайлауға дайындық қалай жүріп жатыр?

«Халық дауыс беруден қалды»

2022 жылдан бастап шағын қала тұрғындары әкімдерін сайлай бастады. Бұған дейін басшылар тағайындалып келген Қазақстан үшін бұл – жаңа үрдіс. Власть тікелей сайлау алғаш рет өтетін 45 мың халқы бар Щучинск қаласына барып, жаңа басшы шешуге тиіс қала мәселелермен танысып, әкім лауазымына үміткерлермен тілдесіп қайтты.

Щучинск – астанадан солтүстікке қарай 240 шақырым жерде орналасқан, Ақмола облысы Бурабай ауданының облыс орталығы. Біраз жыл бұрын салынған жүрдек жол арқылы қалаға бір-екі сағатта жетуге болады. Бірақ жергілікті тұрғындардың сөзіне қарағанда, жаңа жол туристерге кіреберісті жауып тастаған – олар айналма жолмен бірден Бурабайға барады, ал Щучинскінің өзіне келушілер саны біршама азайған. Шамамен 45 мың тұрғыны бар, негізінен жеке сектордан тұратын шағын қала.

Жылдам жүретін тегіс жолдан өткеннен кейін бірден жергілікті өмір шындығына тап боласыз – шағын үйлер, бұзылған жолдар және үйіне жетуге асыққан халық. Қала орталығы мен шеткі жағының айтарлықтай айырмасы жоқ. Орталықтан тек педагогика колледжі ғана көзге түседі, оның директоры Галина Бичун 2015 жылдың аяғынан 2016 жылға дейін алты ай бойы қала әкімі болған. Бірақ қаланы абаттандыру туралы арманын ол кейінірек өзінің оқу орнында жүзеге асырған, оның аумағында керемет көгалдар мен нысандар, тіпті субұрқақ та бар.

Ал колледждан тыс жерде мүлдем басқа өмір – бәрі бірдей тозығы жеткен жолдар, дүкендер, шағын бизнес орталығы, кофехана, базар және саябақ. Бұл – Щучинск жастары жиналатын орын. Оларда оқуын жалғастыруда таңдау да көп емес: педагогикалық немесе техникалық колледж ғана бар. Жоғары оқу орны мұнда жоқ.

Халық сайлауды ұмытты

Щучинск тұрғындары қала әкімін алғаш рет сайлайды. Бұрынғы басшылардың бәрі «жоғарыдан келген» болатын. Сондықтан тұрғындар бұрынғы әкімдердің көбінің Щучинскіде тәртіпті қалпына келтіруге шамасы жетпегенін, ниеті де болмағанын айтады.

«Бұған дейінгі әкім жақсы адам болған. Ал қазіргісі ештеңе істемейді. Бұрынғы әкім секілді азаматтар керек. Ол тырысып бағатын… Ал мынау… Қабылдауына барып, жолды қашан жөндейтінін сұрадым. Әр жерде төмпешіктер бар, жаңбыр жауса, ауруханаға жету үшін резеңке етік киеміз», – дейді 74 жастағы зейнеткер Раиса Филипқызы.

Раиса Филипқызы

Халық жылы сөзбен еске алатын жалғыз әкім – Ерлан Қаппасов, ол 2,5 жыл әкім болғаннан кейін отбасылық себептермен бұл қызметтен кеткен. Оның тұсында қала біраз ретке келіп, орталықта спорт сарайы салына бастапты.

Жергілікті тұрғындар сөзге аса жоқ, жылы шырай да танытпады. Тіпті бәрін айтып береді-ау деген көкөніс сатып отырған әжелердің өзі де сөзді қысқа қайырады:

«Сұрақтарыңа жауап бермейміз, барыңдар».

«Сіздерден қала мәселесі туралы білгіміз келген, жаңа әкім қандай мәселені шешуі керек?».

Зейнеткерлер сөйлей бастағандай болады, бірақ көпке созбай сөзді аяқтай салады: «Кімді таңдаса, соған келісеміз. Бізді ренжітпесе болды, болмашы зейнетақы беріп тұрса және аштан өлмесек болды. Негізі Тоқаев та, Назарбаев та жақсы болған. Бастысы, соғыс болмасын».

Сөз ләмінен жақында тағы бір сайлау болатынын түсінбейтіндей көрінді. Олар үшін 5 маусымда өткен Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдум жеткілікті болған. Жақында өткен сайлау басқа екенін, енді тағы бір рет дауыс беретінін айтып түсіндіре бастасақ, олар: «Бәрі құрып кетсін. Бұл әкімді танымаймыз да… Неменеге сұрап жүрсіңдер? Ұяттарың жоқ па? Болды, мазаламай ары кетіңдер», – деп жауап берді.

Жергілікті халық сайлау науқанын әлі түсінбегендей: қала әкімін таңдай ма, әлде аудан әкімін бе? Сайлаудың жақында өткен референдумнан айырмашылығы бола ма? Бір ғана мәселеде тұрғындардың ойы тоғысады – ең алдымен қалаға жол, тротуар және абаттандыру керек.

«Бірінші мәселе – қаланы абаттандыру. Өйткені мұнда инфрақұрылым, жол, жаяу жүргіншілер жолы мүлдем жоқ. Соңғы бір-екі жылда әйтеуір бір істі қолға алған сияқты, бірақ айтарлықтай өзгеріс жоқ. Мен осы жерде туып-өстім, сондықтан өкінішпен айта аламын: қаламыз керемет, бірақ жанымызда орналасқан Көкшетауға барсаң, басқа елде жүргендейсің. Есімді білгелі бәріміз қала бір күні көркейеді, бір күні дамиды деп күтіп келеміз. Бірақ айтарлықтай өзгеріс жоқ», – дейді ашық сөйлесуге келіскендердің бірі, 44 жастағы кәсіпкер Руслан Яндиев.

Оның сөзінше, атқарушы билік қаланы дамытуға ешқандай күш салмайды, ал Бурабай ауданы басшылар үшін қызмет жолындағы «трамплин» болып есептеледі, бірақ «бірде-бір әкім өзінен кейін айтарлықтай нәтиже қалдырмады».

«Халық дауыс беруді ұмытқан. Ертең алғашқы сайлауда халық бірден дұрыс таңдау жасайды деп айта алмаймын. Оны бірден жасау мүмкін емес. Біз [әкімдерді] тағайындағанға үйреніп қалғанбыз, олар тағайындалса, демек, солай болуы керек деген сөз. Адамдар бірдеңені шешуге әсер ете алатынына сенбейді. Жүйе осындай, тағайындау жүйесі халықты алыстатты – сендер дауыс беруге барыңдар, бірақ біз жоғарыдан не істеу керек екенін өзіміз білеміз».

Қазіргі әкім – үнсіз әкім

«Сайлау туралы» жаңа заңға сәйкес, әкімдікке 25 жасқа толған, біліктілік талаптарына сай келетін Қазақстан азаматы үміткер атана алады. Сайлауға саяси партиялар ұсынған кандидаттар және партияда жоқ адамдар өзін-өзі ұсыну арқылы үміткер бола алады. Олар дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайыз қолын жинауы керек. Щучинск қаласында сайлаушылар саны – 32 545, өткен референдумға 18 905 тұрғын қатысқан. Сайлауға түсуші кандидат шамамен 325 қол жинауы керек.

Алғашқы болып сайлауға түсуге бел буған үміткердің бірі Бурабай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сабыр Жалмұқанов болды. Бастапқыда ол бізбен кездесіп, қаланы не себепті басқарғысы келетінін айтуға дайын болған. Бірақ аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерімен ақылдаса келе, соңғы сәтте сөйлесуден бас тартты. Қазіргі әкім сұхбат беру сайлаулды үгіт-насихат болып есептеледі, сондықтан сайлау жарысынан алып тастайды деп қорықты.

Үгіт-насихат жүргізбей, тек өзі жайлы айтып беруді сұрағанымызбен, Жалмұқанов келісе қоймады. Ол кез келген әңгіме 15–25 маусым аралығында өтетін сайлауалды үгіт-насихат кезеңінде болатынын айтты. Себебі ол кезде оған «халыққа біз туралы ақпаратты қысқа мерзімде тез арада жеткізетін БАҚ» қажет болмақ.

«Мемлекеттік қызметке кездейсоқ келген жоқпын»

Жасқанат Дүйсенов Бурабай аудандық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.Ол да сайлауға қатыспақ. Кездесуіміз оның әкімдіктегі кабинетінде өтіп жатыр – Дүйсенов бір уақытта халықпен де сөйлесіп, аумақтық сайлау комиссиясына тапсыратын құжаттарды да жинап жатыр.

«Шынымды айтсам, ештеңеге үлгермей жатырмын. Жұмыс бастан асады. Әлі біраз анықтама бар», – дейді ол жүре сөйлеп.

Жасқанат Дүйсенов

Дүйсенов 30 жаста, мамандығы бойынша сәулетші және заңгер. Әкесі – Щучинскінің тумасы, Ауған соғысының ардагері. Кезінде шымкенттік мұғалім қызға ғашық болып, Қазақстанның оңтүстігіне көшкен. Бірақ Жасқанаттың үш айлық кезінде ата-анасы ажырасып, әкесі туған жеріне қайтады, ал Жасқанат Шымкентте өсіп, білім алады. Дарынды балаларға арналған «Дарын» мектебін үздік тәмамдап, Тараз мемлекеттік университетіне грантқа оқуға түседі. Бірақ оның өмірі Щучинскімен байланысты болды, бала кезінде «Балдәурен» балалар лагеріне жиі барып тұратын. Жасқанат кәсіпқой каратэмен де айналысқан, бірақ тұқым қуалайтын тахикардия ауруына байланысты ол спортты тастауға мәжбүр болған.

«Тахикардия болмағанда, мемлекеттік қызмет емес, спорт болар еді. Келешектен үміт көп еді. Біздің кезде (спортпен айналыспасқа болмайтын – В.), ол ортада өзін қорғай алмайтындарға өмір сүру қиын болатын. Оңтүстік өңірде 2000–2008 жылдар аралығында қалада басқа қызық та жоқ еді», – деп күлді жас шенеунік.

Дүйсенов сәулетші, заңгер мамандығын кездейсоқ таңдамаған.

2007 жылы анасымен бірге Шымкенттегі пәтерін сатып, Абай ауданындағы Хамза көшесінің бойынан жер телімін алады. Барлық ақшаны сонда құйып, үй салады, бірақ кейін Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан үйді бұзу туралы хабарлама алады. Хабарламада үй заңсыз салынғаны, ал жер телімі басқа адамға тиесілі екені жазылған. Дүйсеновтің отбасы барлық сот ісінен жеңіліп, далада қалады.

«Кейін ол жер телімін жергілікті мәслихат депутаты Ахметов сатып алғанын білдік. Қазір ол жерде стадион салынған. Біз жерді ресми түрде нотариус арқылы сатып алғанбыз, ал оны бізге сатқан адам алаяқтығы үшін түрмеге қамалды. Екі жылдан кейін ол босап шықты, сонымен бітті… Менің мақсатым әділдікке жету болды. Өйткені мен анамның көз жасын көрдім. Сол кезде осындай жүйемен күресемін деп өмірлік мақсат қойдым. Сол үшін мемлекеттік қызметті таңдадым», – дейді Дүйсенов.

Жүйені ішінен зерттеу үшін сонау 2014 жылы Щучинск әкімдігіне жұмысқа кірмек болған. Бірақ тұрақты жұмысқа орын болмай, ол жерден тек тәжірибеден өткен. Кейін сырттай заңгер мамандығын оқып, Шымкентке қайта оралады. Ол жерде мемлекеттік сот орындаушысы болып жұмыс істей бастайды. Оның айтуынша, мұнда да жүйені іштей зерттеу үшін кірген. Ол жақта жұмысшылар қысқарғаннан кейін, жергілікті әкімдікке жұмысқа кіреді. Ал 2017 жылы әкесі хабарласып, Щучинскіде сәулетшілер жоқ екенін айтып, сол жаққа жұмысқа шақырған. Осылайша, оның солтүстік Қазақстандағы қызметі басталды.

«Мен мұнда келіп, бірнеше ай жаяу жүрдім. Қысы-жазы Щучинскінің шекарасын, бүкіл секторын өттім. Барлық кемшілікті қарап шықтым, көптеген сәйкеспейтін жағдай мен мәселені анықтадым. Соның бірі – жауын-шашын кәріз жүйелері», – дейді сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы.

Бірақ Щучинск – жергілікті маңызы бар қала және ол «парк құрылысына ғана жететін» аз қаржы алады. Облыстық болса, бюджет те, мүмкіншілік те көп болар еді. Бірақ ол үшін 50 мыңнан астам тұрғыны болуы керек, қазір 45 мың ғана адам бар.

«Қазірдің өзінде жүзеге асырған жұмыстарым бар, бірақ олар қаржыландыруды күтіп тұр. Мен нөсер канализациясын көрсеттім (әкімге – В), бас жоспарды қайта қарадым, үйлердің қасбетін, сырлануын аяқтап, ту тірегі жобасын жасадым, оған 18 млн 600 мың теңге қажет. Мұнда сәкі, шатыр, тас төсемдер, биіктігі 18,5 метр ту тірегі болады. Жобалаймын, оны (әкімге – В.) көрсетемін, «әдемі екен, былай жасайық» (бірақ ақша керек – В.) деп жауап береді. Мен жобаларымның жүзеге асқанын қалаймын. Барлық сәулетші де солай, бұл шығармашылық қой. Біз ғажайыпты ақ қағаздан жасайтын адамдармыз», – деп түсіндірді Дүйсенов.

Щучинскіде Бурабай ауылынан әлдеқайда жақсы әрі қызықты жерлер бар дейді ол. Бірақ дәл сол аймақ туристік орын ретінде бекітілген және негізгі қаржы сонда бөлінеді. Щучинскіні де дамыту керек, себебі бұл жердің табиғаты да жақсырақ, көлі де тазарақ. Бірақ бұл туралы тек жергілікті тұрғындар ғана біледі.

Оның айтуынша, қоқыс тастайтын жер де қаладағы өзекті мәселенің бірі. Дүйсеновтің айтуынша, мұның бәрін осы жердің халқы өзі істеп отыр, мәдениет жетіспейді, жақсы металл қоқыс жәшіктерін ұрлап, метал сынықтарын жинау орындарына өткізеді. Сонымен қатар, аулаларды абаттандыруды мысалға келтірді (айта кетсек, бүгінде Щучинскіде балалар алаңы бар тек екі аула бар – В.) және біреуінде әткеншекті орнатқанша сындырып үлгерген.

«Оны қалай сындыруға болады? Олар металдан жасалған ғой. Бірақ қажет болса, тіпті бетонды да бұзуға болады. Ал бірдеңені сақтап қалу сынды сезім жоқ оларда. Адамдарға бәрібір. Біреу сындырып жатса, «неге сындырасың?» деп айтса болады ғой. Олар тіпті ескерту де жасай алмайды», – дейді сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы.

Жасқанат Дүйсеновке әкімдікке үміткер болу идеясын бұрынғы досы – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Олжас Беркінбаев ұсынған. Бұл идеяны әйелі мен екі баласы да қолдаған.

«Жайдан-жай әкім болғым келмейді. Менің мақсатым бар, кез келген адам Щучинскіге келгенде қалаға тамсанғанын қалаймын. Әр адам «Щучинск» сөзін естігенде таңданып, мұнда өмір сүруді қаласа деймін. Мұны іске асыруға болады. Аздан бастап, алға ұмтылу керек. Бұл жауапкершілікті өзіме алуға дайынмын», – деп қосты Дүйсенов.

«Қолға алған істі соңына жеткізбесем, бұл қаладан қашуым керек болады…»

Олжас Нұрмағамбетовті вокзалдан күтіп алдық. Жергілікті жекеменшік жекпе-жек мектебінің басшысы кезекті жарыстан командасымен оралған беті. Ол бұл күні туған жері Щучинскіге жаңа чемпиондарды әкелді. Пойыздан түсе сала Нұрмағамбетовті ата-аналардың қуанышты дауысы күтіп алды. Әрқайсы оған жақын келіп, құшақ жая алғысын білдіріп жатыр. Нұрмағамбетовтің өзі әр баланы жеке-жеке құшақтап, қал-жағдайын сұрап жатыр. Перрон жақта әйелі мен кішкентай қызы күтіп тұрды. Енді қызы әкесінің қолынан түсер емес. Нұрмағамбетов бізден жарты сағат күте тұруымызды сұрады. Ол отбасын үйге жіберіп, жақын маңдағы дәмханаға өзі туралы айтуға келді.

Олжас Нұрмағамбетов

Оны жергілікті үміткер деп айтуға болады. 1990 жылы Көкшетауда дүниеге келіп, үш жасында Щучинскіге көшіп келген. Көптеген жергілікті балалар сияқты, ол да мектеп пен техникалық колледжді бітірген. Теміржолшылар отбасынан шыққан жігіт басқа мамандықты таңдамай, ол да темір ұстасы – слесарь-станокшы болады. Жергілікті локомотив зауытына жұмысқа орналасып, бір-екі аптаның ішінде станокты игеріп, оған өз күшімен жауап бере алған. Ол қосымша Алматыдағы Қонаев атындағы Қазақ көлік және заң университетінің көлік, көлік техникасы және технологиялар факультетінде жоғары білім алып жатты. Станокпен үш жыл жұмыс істегеннен кейін механикалық цех шебері лауазымын алды. Атап айтқанда, қоластында 23 қызметкері бар орта буын менеджері атанды. Үш жылдан кейін кадр және еңбек қатынастары жөніндегі менеджер қызметінің орны босады. Нұрмағамбетов сол қызметке ауысып, «ақ жағалылар» санатына өтті.

«Бұл жұмыс қызықтырақ болды. Бірақ, қайталап айтамын, кеңсе жұмысы болғандықтан, маған аса ұнамады. Дегенмен бұл жұмыс үлкен тәжірибе болды – еңбек кодексін оқыдым, көптеген бұйрық шығардым, аударма жасадым. Ол кезде біздің кәсіпорын қиын кезеңді бастан өткізіп жатты, жұмысшылар қысқарды. Соған қарамастан бұған төтеп бере алдым. Біз жұмыспен қамту бөлімімен тығыз жұмыс жасадық, бір жерде жұмыстан шығарсақ, бір жерде жұмысқа орналастырып отырдық», – деп түсіндірді ол.

Олжас Нұрмағамбетовті үлкен спортқа әкесі алып келген, үш жасында шатқа отыра алған – тек осындай жағдайда ғана балада кешке таман “Қайырлы түн, балалар!” бағдарламасын көруге мүмкіндік болды. Бірақ жаттықтырушы жағынан жолы болмады. 14 жасында жекпе-жекпен кәсіби түрде айналыса бастады, каратэден қара белбеуді жеңіп алады. Сол кезде жергілікті мықты жаттықтырушы Константин Помазайдің көзіне түседі, ол бүгінде мамандандырылған Щучинск жасөспірімдер спорт мектебін басқарады. Ол балаға сенім артып, Нұрмағамбетовке 19 жасында жаттығуды өз бетімен жүргізуге рұқсат береді. Ал 2009 жылғы қазан айында Олжас өзі оқыған мектептің базасында жеке тобын ашқан. Сөйтіп, тоғыз жыл бойы күндіз – зауытта, кешке – балалармен жаттығады.

«Менде екі топ болатын: дүйсенбі-сәрсенбі-жұма, сейсенбі-бейсенбі-сенбі, ал жексенбі – ойын күні. Демалыс деген жоқ. Осыншама жыл бойы кәсібімді, балаларымды тастаған жоқпын, олар әлі де жанымда. 13 жыл бойы біз бұл бағытты дамытып келеміз, өз саламызды тастамаймыз, жақсы нәтиже де бар», – деп атап өтті Нұрмағамбетов.

15 баладан тұратын кішкентай топ жылдар өте тұтас мектепке айналды, онда бүгінде 500 адам жаттығады, 8 жаттықтырушы жұмыс істейді, олардың екеуі облыстық балалар мен жасөспірімдер мектебінде. Нұрмағамбетовтің басшылығымен чемпиондардың тұтас бір саңлағы өсті – спорт шеберіне 22 үміткер, екі спорт шебері, бұдан бөлек 50–60 адам түрлі спорттық разрядтарға ие.

«Спорт, балалар, бұқаралық спортты дамыту, әлеуметтік бағдарламалар жаныма жақын. Ал зауыт – ата-анамның тәрбиелегені. Мен теміржолшылар отбасынан шыққанмын, әкем, әкемнің ағалары, ата-анам барлығы теміржолшы. «Темір жолға бар, нансыз қалмайсың», деген де солар. Маған ол жақта да дамуға болар еді, бірақ жүрек қалауым ол емес», – деді Нұрмағамбетов.

Олжас 2017 жылы шәкірттері қатарынан екі рет Қазақстан чемпионы атанып, оған облыстың бас бапкері болуды ұсынған кезде зауыттан кетуге шешім қабылдайды. Нұрмағамбетов спорт мектебінен бөлек, екі жылдан бері мәслихат депутаты қызметін атқарады, қала әкіміне үміткер болу шешімі де осыдан шыққан.

«Шешілуі қажет мәселе өте көп. Мен Щучинскіні қатты жақсы көремін. Шетелде де, Қазақстанның түкпір-түкпірінде де болдым. Бірақ екі-үш күннен кейін туған қалам Щучинскіге қарай тартып тұрады. Біздің команда үлкен, барлығы Щучинскінің тумасы, олар осында қалғысы келеді. Қазіргі таңда қаламызға жетіспейтін салаларды дамытуымыз керек. Президент айтқандай, қазір мүмкіндіктер уақыты. Ал әкім болғаннан кейін, тек естіп қана қоймай, өзіміз көріп жүрген мәселелерді шешуге болады», – дейді спорт мектебінің директоры.

Нұрмағамбетовтің сөзінше, қалада жолдар мен мектептерді жөндеу және жарықтандыру сынды мәселе көп. Мұның бәрі кейінгі екі-үш жылда ақырындап шешіліп келеді. Қаланы қалай дамыту керек екенін үміткер өз бағдарламасында көрсетуге уәде етті. Кездесу кезінде (7 маусым – В.) сайлауалды бағдарламасы әлі дайын болмады, оның себебін нұсқасы болғанмен, уақыт жетпей жатыр деп түсіндірді. Ол сайлауалды бағдарламасын 15– 25 маусым аралығында көрсетпек.

300–350 қол жинайтынына ешқандай күмәні жоқ, оның қоластында 500 бала бар, ал бұл деген аз дегенде 1000 ата-ана. «Бір пайызды оп-оңай жинап аламын, адамдар мені қолдайды», – деп күлді. Ол әкім болған күннің өзінде мәселелер шешім табатыны нақты емес екенін бірден мойындайды:

«Депутат қызметінде де бір жыл не екі-үш ай ішінде бір нәрсені түбегейлі жақсы жаққа өзгерту мүмкін емес. Иә, біз белгілі бір міндеттерімізді орындаймыз. Бірақ бәрін өзгерту... Әкім жағдайында да дәл солай, бір нәрсені өзгертуге осы төрт жыл жеткілікті болатыны нақты емес. Иә, қандай да бір бағытта қадамдар болады, бірақ түбегейлі өзгерту (мүмкін емес – В.)... Ертең сайлау өтіп, әкім болғанда бәрі басқаша болады деп сеніммен айтудың не қажеті бар? Реалист болу керек. Бастысы – ынта. Мен өзімді жергілікті екенімді айтып, жұбатамын. Егер бір істі қолға алып, аяқтамайтын болсам, онда басқа жерге көшіп, бұл қаладан қашып кетуім керек болады. Тұрғындарға, жаттығатын балаларға және олардың ата-анасына қай бетіммен қараймын?»

Әкім жергілікті азамат болуы керек

Біз сөйлесе алған қала тұрғындары Щучинск әкімі жергілікті азамат болуы керек екеніне сенімді. Ол әр көшені, әр аумақты білуі маңызды және ең бастысы туған қаласы үшін бірдеңе өзгертуді қалайтын адам болуы керек. Дегенмен халық өзгерістер болатынына аса сенбейді, бірақ үміт артқысы келеді.

Аумақтық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 10 маусымда кандидатураларды ұсыну кезеңінің аяқталуына қарай төрт адам – Бурабай кентінің әкімі Сабыр Жалмұқанов, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Жасқанат Дүйсенов, «Шидай» ЖШС директоры Олжас Нұрмағамбетов және «Азаматтарға арналған үкімет «мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ Бурабай ОРЗК басшысы Жанарбек Оразалин құжаттар тапсырған. Олардың барлығы өзін-өзі ұсынған, үшеуі «Аманат» партиясының мүшесі, Оразалин «Ақ жол» партиясында. Қазір олар талаптарға сәйкестігін тексеру рәсімінен өтіп жатыр, ол 15 маусымға дейін жалғасады. Ал 15–25 маусым аралығында тіркелген кандидаттар алдағы төрт жылда Щучинскіні басқаруға лайықты екеніне сендіру үшін үгіт-насихат науқанын бастайды.

Жалғасы бар