4784
8 октября 2022
Назерке Құрманғазинова, суреттер кейіпкердің жеке архивінен

Антрополог Динара Әбділда: «Той – жаңа туыстық қарым-қатынас орнату рөлін атқаратын бейресми институт»

Қазақстандағы үйлену тойын зерттеудің маңызы мен әлеуметтік нормасы жайлы

Антрополог Динара Әбділда: «Той – жаңа туыстық қарым-қатынас орнату рөлін атқаратын бейресми институт»

Қазақ мәдениетінде үйлену тойы екі жастың бас қосуынан бөлек, туыстық байланыс орнату мен қоғамда бір статусқа ие болуда маңызды рөл атқарады. Тойдың неге маңызды екенін, әлеуметтік нормалары мен өзгеру себебін түсіну үшін антрополог маман Динара Әбділда бұл тақырыпты докторлық жұмысының негізі етіп алған. Ол қазір әлеуметтік антропология бағыты бойынша Цюрих университетінің PhD докторанты, сонымен бірге Саяси шешімдер орталығының сарапшысы.

Власть Динара Әбділдамен қазақ қоғамындағы үйлену тойы, оның әлеуметтік маңызы, өзгеруіне әсер еткен факторлар жайлы сұхбаттасты.

Зерттеу тақырыбын таңдау

Зерттеуім Швейцариядағы жетекшіме байланысты болды. Ол кісі Орталық Азия бойынша зерттеулерге қызығатын, ал мен оның көмекшісі болып қызмет атқардым. Қазақстанға келген кезде асабалар туралы адамдар көп айта бастағанын байқадым. «Беташардан түскен ақшаны асаба алуы керек пе, әлде той иесіне қалдырған дұрыс па?» деген сұрақ жиі талқылана бастады. Осылайша, тойды зерттеуге шешім қабылдадым, бірақ тақырып ауқымы кең болғандықтан үйлену тойын ғана зерттеуді жөн көрдім.

Антропологияда далалық зерттеу жасау керек, сол үшін 2014–2018 жылдар аралығында Алматы облысына барып, зерттеу жасадым. Кейде үш айға, кейде бес айға дейін тұрақтап жүрдім. Үйлену тойының әртүрлі кезеңі бар – құдалық, мәселе шай, кей жерде “тәтті шай” деп аталады, одан кейін беташар, ұзату, мен соның бәріне қатыстым. Шын мәнінде қандай салт-дәстүр бар екеніне және халықтың өзі оны қалай түсіндіретініне назар аудардым. Биыл докторлық жобамды қорғауым керек.

Империкалық деңгейде зерттеуім той болғанымен, теориялық сұрағым – әлеуметтік нормалар және олардың өзгерісі мен қалай пайда болатыны жөнінде. Әр норма ғылыми теориялық термин болғандықтан, оның ішінде тойға сәйкес келетіні – салт-дәстүр нормасы. Салт-дәстүрді белгілі бір нормаға сай жасауға тырысамыз ғой. Соның өзінде де салт-дәстүр өзгермелі келеді, оны өзгертетін – адамдар. Оны қалай өзгертетіні, қандай факторлар әсер ететіні негізгі зерттеу сұрағым болды.

Үйлену тойы деген…

Үйлену сөзінің әртүрлі анықтамасы бар. Қазақтар үшін «екі отбасының туыстасуы» деген анықтама дәлірек келеді. Себебі тойға мән берсеңіз, әңгіме екі жас туралы емес, екі отбасы туралы екенін байқайсыз. «Күйеу жүз жылдық, құда мың жылдық» деп құдаласуға көп мән береді. Тіпті мейрамханада өтетін тойда жастар екінші кезекте болады. Екі жақтың туыстарын ұлықтау, бір-біріне құрмет көрсету – бірінші кезекте. Бізде жастар құдалық өткеннен кейін үйленгенге саналады. Олардан міндетті түрде бірінші АХАЖ-дан куәлігін, не мешіттен некесін қиюды сұрамайды. Діни адамдар айтуы мүмкін немесе бала туылуына байланысты заңды түрде тіркелуін міндеттеуі мүмкін.

Қазақстанда үйленудің үш түрлі формасы бар: дәстүрлі, яғни дәстүр жолымен құдаласу, заң тұрғысынан некелесу және мешітте некені қидыру. Бірақ мешітте некені қидыру үшін АХАЖ бөлімінен алған куәлігіңізді көрсетуіңіз керек немесе қыздың туыстары куә болуы керек. Өйткені, көп әйел алу біздің қоғамда қайтадан пайда болып жатыр, әлі де бар және ол үлкен мәселе. Сол себептен мемлекет тарапынан қолға алған шараның бірі – АХАЖ-дан куәлікті талап ету. Зайырлы қоғам болғандықтан, діннің заңымен толықтай жүре алмаймыз.

Басқа елдердегі анықтаманы қарайтын болсақ, кейбіреуі «екі жастың қосылуы және бөлек үйге шығуы» деп түсіндіреді. Адамдар үйленбей, жай ғана ортақ балалы болып, асырап-бақса, кейбір мемлекеттер үшін соның өзі үйленудің бір формасы. Сол себептен де әр мәдениетке қатысты анықтамасын беріп отыру керек.

Қазақ өміріндегі той

Кез келген мәдениеттің әлеуметтік құрылымы болады. Ол қоғам өзін қалай ұйымдастыратыны жайлы. Біздің қоғам туыстық қатынастарға байлаулы. Ал жаңа туыстық байланыстарды орнатудың бір жолы – үйлену. Мысалы, мал шаруашылығы дамыған кезде де адамдар бір-бірімен топ құрған, малды бағуға көмек сұрап, туыстарына жүгінген. Соғыс кезінде де солай болды. Басқа жауға төтеп беру үшін адам саны көп болуы керек, яғни некелесу арқылы одақтар құра бастайсыз. Қазір заман өзгеріп жатса да, үлкен институттардың әлсіздігін байқаймыз. Әлі де бізде жемқорлық бар, әлі де заңның күші мықты емес. Ресми институттардың әлсіз кезінде біз осындай бейресми институттарға мойынсұнуымыз керек. Мысалы, таныс арқылы жұмысқа кіру деген бар. Біреу ауырып қалса, туыстардан көмек сұрау, той жасайтын болсаң да туыстарға жүгіну. Той – туыстарды жинап отыруға мүмкіндік беретін, жаңа туыстық қарым-қатынас орнату рөлін атқаратын бірден-бір бейресми институт десек болады. Сол себептен де біздің қоғам үшін той өте маңызды.

Егер бізде ресми институттар, мемлекеттің заңдары дұрыс жұмыс істесе, экономика дұрыстала берсе, адамдар туысына емес, көбірек ресми органдарға сенуге талпыныс жасайды. Үлкен той жасаудың қажеттілігі де біртіндеп азая беретін еді.

Дәстүр пайда болуының рационал себептері

Кез келген дәстүр шынымен де рационал негізде пайда болады, бірақ оның нақты себептерін анықтау қиын. Адамдар белгілі бір сәтте жаңа дәстүрді ойлап табуы мүмкін, уақыт өте негізгі себебін ұмытып кетеді. Абстрактілі түрде бір дәстүрдің артында аңыз құрастыруы немесе оның рационал себебін айту ұят болуы мүмкін. Кейбір дәстүрді адамдар ақшасы бар болғандықтан құрастырған. Ақшасы бар екенін тікелей айтпағанмен, кеткен шығынды басқа бір дәстүрді құрастыру арқылы қоғам алдында ақтап алады. Дәл сол дәстүрді ойлап тапқан адамның түсіндірмесі бір болуы мүмкін, бірақ басқалар оны өзінше пайымдап, жаңа түсініктеме беруі мүмкін. Бір құбылысты бір ғана емес, бірнеше адам жасаса, оның мәні қандай болғанын, қандай отбасылар осындай тойды жасауға бейім тұратынын, адамдарды осындай іс-әрекетке итермелейтін нәрселерді анықтаймыз.

Кей дәстүрлер халықтың экономикалық жағдайы жақсы болып тұрғанда пайда болды, мысалы, бөлек беташар жасау. Ал дағдарыс кезінде бұл дәстүрлер саны азаяды. Пандемия кезінде көбі кішігірім құдалық жасаумен шектелді, адам санын азайтты.

Рационалдықты әркім өз перспективасы тұрғысынан түсінеді, бірақ біз сол қоғамды түсінуде олар үшін не рационал екенін анықтауымыз керек. Өйткені адамдарға ақша үнемдеу рационалды болып көрінбей, керісінше, туыстық байланысты ұстау, осы тойды атап өту көбірек маңызды болуы мүмкін. Эмоциялық рационалдық деген бар, ол ақшадан көрі көңіліңіздің тоқ болуын білдіреді. Ата-анаға той жасап беру – арқадан бір жүктің түсуі. Сол себептен ата-аналар өзінің эмоциялық жақсы күйін таңдайды. Олар несиені төлеп жүре беруі мүмкін, есесіне елдің сөзін көп естімейтін болады. Сол себептен де рационалдық түсінігіне біржақты қарамау керек.

Қазан төңкерісінің той мәдениетіне әсері

Үйлену тойлары көбіне тек кеңес үкіметі кезінде зерттелген. Біздегі ең үлкен зерттеулер – Халел Арғынбаевтың этнографиялық еңбектері, оның далалық зерттеулері. Ал тәуелсіздіктен бері үйлену дәстүріне көңіл бөлген ғалымдар аса көп емес. Ол көбіне тарихи тұрғыдан жазылған, салт-дәстүрдің маңызы туралы теориялық еңбектер болуы мүмкін. Ал антропологиялық зерттеудің ерекшелігі – қазіргі күнде адамдар салт-дәстүрді қалай ұстанады, не үшін жасайды деген сұрақтарға жауап іздеуі.

Қолда бар материалдар қазан төңкерісіне дейінгі жиналған еңбектерден басталады. Қазақтардың қазан төңкерісіне дейінгі салт-дәстүрді ұстануы қандай болғаны жайлы. Не себепті қазан төңкерісін атаймыз, себебі одан кейін кеңес үкіметі орнап, ол қазақ дәстүріне біраз өзгеріс енгізді. Мысалы, көп әйел алуға, қалыңмалға тыйым салды, ашаршылық пен ұжымдастыру болды.

Қалың мал көбіне мал шаруашылығымен айналысатын халықтарда болды, ал төсек-орын апару – негізінен отырықшы халықтарға тән. Мысалы, еуропалық халықтарда қалыңмал жоқ, бірақ төсек-орын бар. Қазақтарда өмірінің маңызды бір бөлігі мал болғандықтан, ол үйлену дәстүріне әсер еткен. Бірақ кеңес үкіметі кезінде ашаршылық болды, ол малдың да, халықтың да қырылуына алып келді. Бұрынғы еңбектерден қарасақ, Кеңес үкіметіне дейін қалыңмал ретінде 60 жылқы, 50 шақты сиыр, төрт түлік малдың әр түрін жылдар бойы төлеп шыққан. Кеңес үкіметінде жаппай ұжымдастыру болды, ашаршылықтан кейін мал басы азайды, бірақ бәрібір қалыңмал жоғалып кеткен жоқ. Қазір мал шаруашылығымен халықтың бәрі айналыспауы, экономикамыздың өзгеруі дәстүрімізге әсер етті. Малдың орнына ақша береміз. Дегенмен, кей аймақтарда қалыңмалдың бағасын малмен өлшейді – бір аттың құны деуі мүмкін. Кейбір адамдар инфляцияға байланысты қалың мал құнын доллар бағамына байлап қойған. Бұл да халықтың қаншалықты заман өзгерістеріне бейімделгіш келетінін көрсетеді. Біз «дәстүрді ұстанып қалғанбыз» деп айтып жатамыз, бірақ қарап отырсақ, оның кішкентай элементтері бәрібір заманға сай бейімделіп отырады.

«Палаткадағы той» мен тойхана

Кеңес үкіметі кезінде, шамамен өткен ғасырдың 60-жылдарына дейін біз үйлену тойы туралы көп айтпаймыз, бірақ адамдар қалай құдаласатыны туралы айтамыз. Ал 80-жылдардың аяғынан бастап «палаткадағы той» деген түсінік пайда болады, оған дейін кішігірім тойлар болатын, адамдар үйінде жасырын түрде жасаған, бірақ көп адам жинауға тыйым салынған. Әрине, қазан төңкерісіне дейін жайлауда ат шаптырып той жасайтындар болған. Бірақ қазіргі кездегі сияқты дастархан жасау сияқты әдеттер палаткадан бастау алады. Палатка – дағдарыс кезеңі, адамдар бәрін қолдан пісіреді, алыс-беріс те шектеулі. Мысалы, бір костюм бірнеше үйді аралап жүрген. Жаңадан көп зат сатып алмай, қолда бар затты айналымға түсірген. Ал кейін нарықтық экономикаға орай қытай нарығының ашылуы тойдағы өзгеріске әсер етеді. Тойбастарда қойылатын заттар, құдалақта алмасатын киіт, сыйлықтар осы кезде көбейеді. Қазір тіпті тек Қытай нарығымен шектелмей, жан жақтағы елдерден сыйлық беруге тырысады.

Одан кейін 2000 жылдардан бастап тойлар палаткадан тойханаға көшті. Тойхана – Орталық Азияға тән нәрсе, басқа жақтарда тек мейрамхана. Біздің аймақта мейрамханалар тек тойға арналған болады. Негізі экономиканың, саясаттың әсерінен той мәдениетінің әрбір деталінде өзгеріс көп болды. Саясат тікелей әсер етпесе де, бәрібір оның экономиканы реттеуі тойдың, дәстүрдің өзгерісіне әсер етіп отырады.

Үйлену тойы бір үдеріс ретінде

Үйленудің қазақтар үшін тағы бір анықтамасы – оны үдеріс ретінде қарастыру, бұл белгілі бір уақытта ғана болатын іс-шара емес, бірнеше іс-шараның жиынтығы. Ол заманмен бірге өзгеріске ұшырап отырады.

Қазан төңкерісіне дейін дәстүр бойынша қызы бар үйге алдымен хабаршы жіберетін. Қыздың әкесінің рұқсатын алу үшін құдалар тобы келеді. Оны «құда түсу» деп атаған, негізінен бұрын құдалық деген сөз болмаған, қазір солай атап жүр. Қыздың әке-шешесі жауапты бірден айтпаған, жауапты айту үшін кейін тағы хабаршы жіберетін. Қалыңмалын бір жыл бойы төлегендер де болған. Ұрын бару деген түсінік болған, жігіт қызға жасырын барып тұрған, оны жеңгесі алып шығып берген, қазір ондай дәстүр жоқ.

Кеңес үкіметі кезінде бұл дәстүрлер жойылды. Жастар студент болып, бір-бірімен кездесе бастайды. Өз бетімен ата-анасының қатысуынсыз жар таңдау процесі осы кезде пайда болды. Кеңес үкіметінде қалың малға тыйым салынғанымен, халық арасында қоржын апару деген түсінік болды. Қоржын апаруды кейбір аймақтарда қалыңмал төленгенін жасыру үшін жасаған. Одан кейін ұзату көп болған жоқ. Тіпті беташардың өзін қазан төңкерісіне дейін барлық жерде бірдей жасаған жоқ. Ол аймақтарға байланысты болды.

Қазіргі үйлену кезеңдері басқаша – жастардың кездесу кезеңі, одан кейін екі жақтың ата-анасыны таныстырады, мұны кейбірі «тәтті шай» дейді, кей жерде «мәселе шай» деп атайды. Бұл құда түсу деп атауға келмейді. Бұл жерде тойды қалай және қашан жасау деген сияқты ұйымдастыру мәселелері талқыланады. Одан кейін қыз жақтағы құдалық, ол кезде қалыңмал, сыйлықтар беріледі. Кейбіреуі сол күні ұзату жасайды. Қызды алып келіп жеке беташар жасауы мүмкін, кейбір аймақтарда үйлену тойында беташар жасайды. Оның алдыңда қыздың туыстарын күтіп алады. Қыздың төсек-орын, жасауын алып келеді, сыйлық, киіт алмасады. Ең соңында үйлену тойы болады.

Алып қашу

Біздің қоғамда үйленудің тағы бір түрі бар, ол – алып қашу. Ондай кезде көбіне мәселе шай бола бермейді. Қызды келісіммен әлде келісімінсіз алып қашып жатады. Алып қашқан кезде қыздың қалыңмалы төленеді, тек ұзату өтпейді. Көбіне ұзату тойында шығындалмау үшін келісіп алып қашуы мүмкін. Қыз келісіммен қашып кетсе, бұл жерде қыздың ата-анасының экономикалық жағдайының той жасауға келмейтінінен белгі береді. Басқа да себептер болуы мүмкін, қыздың аяғы ауыр болып қалып, үйлену кезіндегі ұзақ процесті тездету үшін келісіммен алып қашу да болады.

Бізде «келін» деген институт бар, қызға барған жерінде дұрыс көңіл бөлуі үшін экономикалық күшіңді көрсетуің керек. Оны тікелей ауызша айтпайды, оны той жасау арқылы жеткізеді. Сонда ахуалыңызды, туыстарыңыз бар екенін көреді. «Отбасымыздың бір мүшесі сіздерге келін болып түскеннен кейін оған тиесілі дұрыс қарым-қатынас жасаңыздар» дегенді ашық айтпай, осындай іс-әрекетпен жеткізеді.

Қамқорлық тек сөзбен ғана болмауы мүмкін, оны адамдар мейлінше символдық түрде көрсетуі мүмкін.

Қазіргі тенденция – той жасамай, жай ғана некелесу. Бірақ қыз жақтың да, ұл жақтың да туыстары мұны құп көре бермейді. Үйлену – қоғамдық нәрсе, туыстар куә болуы керек. Көбі үйленгенге куә болғанын қалайды.

Ескі мен жаңа арасы

Бұл жерде мынау бұрыннан келе жатқан дәстүр, ал мынау жаңадан пайда болды деп бөліп айту қиын. Жаңа дәстүрді алып келетіндердің өзі «бұл біздің бұрыннан келе жатқан дәстүр» деуі мүмкін. Мысалы, ұзату дәстүрі кеңес үкіметі кезінде жойылып кеткен болатын. Арасында кей адамдар ғана ұзату жасаған, бірақ көбіне алып қашу болған немесе үйден ұзатып шығарған. Қазіргідей ұзату той деген түсінік болмаған. 2000 жылдары тойханалардың көбеюімен бірге ұзату той кеңінен тарай бастады, қазір ол қалыпты нәрсеге айналды. Бірақ тура бұрынғыдай үйден атқа мінгізіп алып кетпейді. Мұның өзін бұрынғы дәстүрдің қайтадан жандануы деп айтса болады.

Сыңсуды әдетте қыз айтатын немесе жеңгелері алып шығатын, қазір арнайы әншілер шақырады, шоу бағдарламалар жасайды. Бұдан модерн мен дәстүрдің ұштасқанын көреміз. Бар дәстүрді жаңа формада өзгерткен, сол себептен де мұны ескі не жаңа деп айту қиын.