6018
21 октября 2022
Юна Коростелева, суреттерді Алмас Қайсар түсірген.

Төзу мен күту

Қазақстанда тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа берілетін жаза қатаңдайтыны айтылды. Алайда ол уәде айтылған жерінде қалды

Төзу мен күту

Жыл басынан бері полицияға келіп түскен тұрмыстағы зорлық туралы 100 мыңнан астам хат сол күйі қалды. Зорлыққа ұшырағандар өтініш жазудан бас тартты, агрессорлар жазадан сытылып кетті. Отбасында зорлық-зомбылық болып жатқан әйелдер өзін қорғай алмайды. Ал агрессорлардың жазасын қатаңдату туралы жиі айтылады. Неліктен мемлекеттік органдардың қабылдап жатқан шарасы тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесін шешуге көмектесе алмайды?

1 қыркүйек күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмыстық кодекске ауыстыру керегін айтты. Ол 2017 жылы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» және «Ұрып-соғу» баптары қылмыстық кодекстен әкімшілік кодекске ауыстырылған кезде қылмыстан шығарылды. Дәл осы нормалар тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактілерін тексеру үшін жиі қолданылатын еді.

Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін ішкі істер министрі сөз алып, тұрмыста зорлық-зомбылық жасады деп айыпталғандарды әкімшілік қамауға алу мерзімін 5 тәуліктен 25 тәулікке дейін ұзарту, «ескерту» жазасының орнына қоғамдық жұмысқа тарту, сотта татуласу талаптарын қатайтуды ұсынды. Жазаны «қатаңдату» деген аты ғана. Ал шын мәнінде әдеттегідей тұрмыстағы зорлықпен күрескендей кейіп танытады.

2020 жылы дәстүрлі көзқарас ұстанатын әрі вакциналауға қарсы шыққан белсенділер «Тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» заң жобасы бойынша жұмысқа бөгет болды. Олар әйел мен баланы агрессордан қорғау отбасы құндылығына қайшы келеді деді. Қысымға ұшыраған мемлекет бұған келіспеске болмады.

Тұрмыста зорлық көретін әйел үнемі күйзелісте жүреді. Олардың көбі күйеуінің қаржысына тәуелді, бір немесе бірнеше баласы бар. Үйден кетуге ұялады, өйткені достары мен туыстарынан көмек сұрай алмайды. Агрессордың белгілі бір уақыттан кейін үйге қайта оралатынын білетін адам полицияға жүгіне ме? Өйткені күйеуі кемі 5 күн түрмеде жатады не көше сыпырады, яғни ашулы келуі мүмкін. Әйелі мен бала-шағасын ұруға ұялмайды, ал жазаға келгенде… Онымен тиісті жұмыс істелмейінше, көзқарас ешқашан өзгермейді.

Шынына келгенде, көп әйел серігінің үстінен шағым түсірмейді. Ал полицияға жүгінгендердің көбі бірнеше күннен кейін шағымын қайтарып алады немесе сотта татуласады. Физикалық және психологиялық тұрғыдан да түбіне жететін үйіне қайта оралады.

Зорлық көргендердің барар жері жоқ. Қазақстанда 57 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, кей облыста ол да жоқ. Ал қоғам ең бірінші әйелді кінәлайды. Баланы дұрыс тәрбиелемедің, еденді дұрыс жумадың, үйді дұрыс жинамадың дейді.

Сондықтан әйел балаларымен бірге төзіп жүре береді. Сондай-ақ биліктің тұрмыстағы зорлықтың жазасын көзбояушылық ретінде емес, шын мәнінде қатаңдатуын күтеді.