3743
3 ноября 2022
Назерке Құрманғазинова, суреттерді Алмас Қайсар түсірген

Амнистия ұжымдық амнезияны таңатын құралға айналмауы керек

Қаңтар оқиғасы бойынша рақымшылық әділет орнатуға көмектесе ала ма?

Амнистия ұжымдық амнезияны таңатын құралға айналмауы керек

Өткен аптада парламент президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды идеясын қолға алып, қаңтар оқиғасына қатысушыларға рақымшылық жариялау туралы заң қабылдады. Рақымшылық туралы әңгіме тоғыз ай бойы жақындарына бостандық сұрап, әділдік талап еткендерге үміт сыйлады. Алайда құқық қорғаушылар бұл заңға күмәндана қарайды. Өйткені заң бейбіт тұрғындарға оқ атқандардың жауаптан сытылып кетуіне жол ашуы мүмкін. Ал наразылыққа қатысқан бейбіт тұрғындардың өзіне айтарлықтай көмегі болмауы да мүмкін.

Власть амнистия туралы заңды сарапшылармен бірге қарастырып, бұл заң әділет орнатуға көмектесе ала ма деген сұраққа жауап іздеді.

Жазадан сытылып кету

Бас прокуратураның мәліметіне қарағанда, рақымшылыққа 4–7 қаңтар күндері ұсталған 1,5 мың азамат, оған қоса, құқық қорғау органы мен әскерде қызмет ететіндер ілігеді. Құжатқа сүйенер болсақ, жеңіл және орта қылмыс, қылмыстық әрекет жасап, тәртіпсіздікке қатысқандардың ісі тоқтатылады. Сотталғандар жазадан босатылса, жазасын өтеп болғандардың сотталғаны туралы ақпарат алынып тасталады.

Ауыр қылмыс жасағандардың мерзімі төрттен үшке, ал аса ауыр қылмыс жасағандардікі екі есе қысқарады. Оған қоса, заң күшіне енген күннен бастап сотталған кісінің мерзімі бір жылдан кем болса, негізгі жазасынан оның өтелмеген мерзімі алынып тасталады.

Ал террорлық, экстремистік, жемқорлық қылмыс, мемлекетке опасыздық жасағандар, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды деп айыпталғандар (кәмелетке толмағандар есепке алынбайды), азаптауға қатысы барлар, кәмелетке толмағандардың жынысына қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыс жасағандар рақымшылыққа ілікпейді. Алайда сотталғандарға рақымшылық жасау не жасамауды сот шешеді. Әр адамның ісі жеке қаралады.

Құқық қорғаушылар қауымы әртүрлі жағдайға байланысты адам құқығын бұзған құқық қорғау органдары мен күштік құрылым өкілдері жауапкершіліктен сытылып кете ме деп күмәнданады. Бұл күмәнға рақымшылық туралы заңның мына баптарды қамтитыны себеп болған: «Қылмыс жасаған адамды ұстап алу үшiн қажеттi шаралар шегінен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру», «Қажеттi қорғаныс шегiнен шығу кезiнде жасалған адам өлтiру», «Абайсызда кісі өлтіру», «Қорғану шегінен шығып, денсаулыққа аса ауыр зардап келтіру» және тағы басқасы.

«Мұның бәрі (жоғарыдағы баптар – В.) мемлекеттің адам құқығын бұзып жатқанын көрсете алады. Атап айтқанда, өмір сүру құқығы, бостандық құқығы, жеке басқа қол сұғылмау құқығы, қатыгездік немесе ар-намысты қорлайтын әрекеттерден азат болу құқығы, әділ сот құқығы, бейбіт жиындардағы бостандық құқығы, тағысын тағы. Алғашында заң жобасында «қоғам» ретінде «мейірім мен ізгілік» көрсетуіміз керек деп жазылған еді. Ал қабылданған нұсқасында «ізгілікті» қоғамға емес, сондай-ақ қылмыс үшін айыпталып жатқан билік өкілдеріне, адам құқығын бұзғандарға бағыттауымыз керек екен», – дейді заңгер, адам құқығы бойынша халықаралық құқық кеңесшісі Татьяна Чернобиль.

СУРЕТ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЮРО САЙТЫНАН АЛЫНДЫ

Бас прокуратура дерегінше, жауапқа тартылған құқық қорғау органдарының 49 қызметкерінің тек біреуі ғана рақымшылыққа ілігуі мүмкін. Десе де құқық қорғаушы Евгений Жовтис не себепті амнистия туралы заңда полицейлерге ғана қатысты сонша бап қамтылғанына таңдаулы.

«Бұл баптың бас нысанасы – қарапайым азаматтар емес, құқық қорғау органдарының лауазымды тұлғалары. Бұл істі тек құқық қорғау органының қызметкері ғана істей алады. Өйткені наразылыққа шыққандардың бірі төтенше жағдайда, қорғану мақсатында және қылмыскерді ұстау кезінде кісі өлтіріп қойғанына сену қиын. Бұл заң жобасына қатысты сұрақ көп. Көп іс құпия сақталып отыр. Ол полицейлердің кім екені, не деп айыпталып отырғаны да түсініксіз. Азаптау бойынша айыпталған бес полицейдің ісінен басқасы беймәлім (Талдықорғанда қыркүйек айынан бастап қаңтар қырғыны кезіндегі азаптауларға қатысты сот өтіп жатыр. 23 адам жәбірленді деп танылып, құқық қорғау органының 5 қызметкерінің ісі қаралып жатыр – В.)», – дейді Жовтис.

Құқық қорғаушы тағы бір мәселеге назар аударады: азаптау бойынша істі болғандар рақымшылыққа ілінбесе де, көп адамды ұстау кезінде соққыға жыққан. Бұл заңды тұрғыдан азаптау емес, алайда қызмет бабын асыра пайдалануға келеді.

«Азаптау бойынша істі болғандар рақымшылыққа ілікпейді. Алайда сол бап («Қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде, денсаулыққа аса ауыр зардап келтіру») ілігеді. Азаптауға қарсы коалицияға 170-ден астам өтінім түскенін айтқым келеді. Оның басым көпшілігі түрлі себеппен тоқтатылған. Сотқа Талдықорғанда қаралып жатқан іс қана жетті. Азаптау ісі бойынша тергеу қаншалықты тиімді өткеніне қатысты сұрақ көп. Олар шынымен де жауапқа тартылды ма, әлде іс жабылды ма? Осындай сұрақтармен жүргенде рақымшылық туралы заң шыға келді. Мұның арты жазадан сытылып кетуге әкелмей ме деген сұрақ туындайтыны сөзсіз (…) Айтпақшы, рақымшылық туралы заңына «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» бабы ілікпейді. Бұл бап бойынша азаматтық белсенділердің біразы, оған қоса саяси оппозиция лидерлерінің бірі ілігетін еді», – дейді құқық қорғаушы.

Евгений Жовтис, суретті Жанар Каримова түсірген

Өткенді еңсеру

Татьяна Чернобиль айыпталған билік өкілдерін жауапкершіліктен арылтатын рақымшылыққа мынандай толықтырулар енгізу керек дейді: біріншіден, билік өкілдері жапа шеккендерге өз қалтасынан шығынды өтесін, екіншіден, әділдік орнағанын көрсетсін. Содан кейін ғана қоғамдық келісім туралы сөз қозғауға болады.

«Амнистия татуласу немесе кешірім беру дегенді білдірмейді. «Амнистия» сөзі гректің «амнезия» сөзімен түбірлес, яғни есін жоғалту, ұмыту дегенді білдіреді. Алайда ұмыту деген кешіру деген сөз емес. Иә, амнистия жазадан босатады, бірақ шын өкініп, тәубеге келуді жоққа шығармайды. Әр кешірім шын өкініп, тәубеге келуді талап етеді. Әйтпесе кешіріп не керегі бар? Амнистия шарты бойынша кінәсін мойындау шын өкінгенге пара-пар емес. Сондықтан амнистия шын өкінуді алмастыра алмайды – мен билік әрекетін меңзеп отырмын», – дейді заңгер.

Ол сондай-ақ транзит немесе адам құқықтары өрескел бұзылатын елдерде амнистияның жалпыұлттық сипаты бар екенін айтады. Яғни шындықты іздеу мен татуласуға қол жеткізуге (truth and reconciliation) үндейді. Мұны апартеидтен кейінгі Оңтүстік Африка, диктатурадан аман қалған Латын Америкасы тәжірибесінен көре аламыз. Мұны кейде өткенді еңсеру деп те атайды.

«Кез келген жалпыұлттық татуласу процесінде үш маңызды элемент бар: жапа шеккендерге келтірілген зиянды өтеу және оңалту; адам құқығын бұзғандарды анықтап, жазалау; әділдік орнату. Кінәлілерді анықтау мүмкін емес болса, болған істі керегінше тергеу керек», – дейді Чернобиль.

Қаңтар оқиғасы, суретті Алмас Қайсар түсірген

Жовтистің сөзінше, амнистия жасамас бұрын билік адамдардың қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы ақпаратты жариялауы керек.

«Наразылар қандай жағдайда қайтыс болды? Қылмыстық кодекстің қай бабы бойынша қанша полицей жауапқа тартылды? Ресми деректе келтірілген 238 адамның өлімі қалай зерттелді? Кейбіреулер жазадан сытылып кетпеуі үшін мемлекет не істеп жатыр? Осыдан кейін зорлық-зомбылыққа қатысы жоқ наразылық білдірушілерді ғана емес, сонымен қатар байқаусызда кісі өлтіріп қойған кейбір құқық қорғау қызметкерлерін де босату үшін рақымшылық жасап жатырмыз деп айтуларына болатын еді. Сонда ғана бұл шешімнің саяси түрде ойға қонымды екенін көретін едік», – дейді құқық қорғаушы.

Жовтистің пікірінше, қандай да бір іске амнистия секілді тәсіл қолдану парақты аттап өткенмен тең дейді. «Екі тараптан да, билік пен қоғам ішінен де адамдар қаза болғанын ескерсек, бұл проблеманы амнистия ұсынатын заңды құрал арқылы шешу әрекеті. Алайда барлық жағынан тепе-теңдік болғанын бақылау қажет. Амнистия кейбіреулердің жазадан құтылуына, адам өмірінің құнсыздануына жол бермеуі керек».

Ал Чернобиль америкалық халықаралық құқық профессоры Дайан Ориентлихердің ішкі қақтығыстар салдарынан туындаған амнистия туралы сөзін мысалға келтіреді: «Ішкі қақтығыс кезіндегі қылмыстық әрекетті қамтитын рақымшылықтың нақты мақсаты – ұлттық бітімге қол жеткіземіз деп айтқанымен, адам құқықтарының бұзылуына кінәлі билік басындағылардың өз әрекеті үшін жауаптан құтылып кетуіне мүмкіндік беру».

«Қазақстанда амнистия ұжымдық амнезияны таңатын құрал болмас деп үміттенемін. Әсіресе, билік өкілдеріне қатысты. Амнистия – тарихи әрі құқықтық шындықты қалпына келтірудегі нүкте емес, үтір болуы қажет», – деп қорытындылады ол.