1884
18 ноября 2022
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов, арнайы Власть үшін

«Екінші елбасы. Қолбала парламент. Тек президентке есеп беретін үкімет»

Президент сайлауы Қазақстанға не береді?

«Екінші елбасы. Қолбала парламент. Тек президентке есеп беретін үкімет»

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзіне қарасақ, президент сайлауы «Әділетті Қазақстанды» құру үшін керек. Ал мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің айтуынша, сайлау бүкіл саяси жүйені қайта іске қосу үшін керек. Шын мәнінде, кезекті кезектен тыс президент сайлауы авторитар билікке статус-квоны сақтап қалу үшін керек.

Қазақстанда қашан тұңғыш рет ашық әрі әділ сайлау өтетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ дәл қазір бір нәрсе анық: автократиядан демократияға көшудің «қазақстандық» немесе «Назарбаев-Тоқаев» моделі жоқ. Саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов өз бағанында президенттік сайлау науқанының нәтижесін сараптайды.

Тарихқа үңілсек, авторитаризм орнаған мемлекетте авторитар басшы биліктен кеткенде не тайдырылғанда, саяси жүйе үш жолмен өзгереді. Бірінші жол – биліктен кеткен немесе айырылған авторитар билеушінің орнына сол кланнан шыққан екінші авторитар билеуші келеді. Яғни, бірінші басшы ғана ауысады да, саяси жүйе еш өзгеріссіз қалады. Екінші жол – саяси элита өзара келісімге келіп, әділ сайлау арқылы жаңа президент сайланып, мемлекеттік институттар құрылып, ел демократияға қарай бет түзейді. Үшінші жол – талас-тартыстан соң басқа кланның өкілі президент болып, авторитар жүйеде жаңа кланның билігі жүре бастайды.

Қазақстанда билік транзиті бірінші жолмен жүріп жатыр деп айтуға болады. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың қолында болған абсолют президенттік билікті Назарбаев режимінің өкілі Қасым-Жомарт Тоқаев өз қолына шоғырландырып жатыр. Бұл процестің Қаңтар қырғынынан кейін басталғаны белгілі. Ал кезектен тыс президент сайлауы авторитар саяси жүйе басындағы адамның ауысқанын, ішкі және сыртқы саясатта шешімдерді Тоқаев Назарбаевпен ақылдаспай-ақ жеке өзі қабылдайтынын халықаралық қауымдастыққа, елдегі олигархтар мен бюрократиялық аппаратқа, қазақстандықтарға көрсететін рәсім болмақ.

Басқаша айтсақ, бұл сайлау биыл қаңтардан бастап өзін тәуелсіз президент сезіне бастаған Тоқаев пен оның айналасына керек. Оларға сайлау президенттің абсолют билігіне «халықтың 75-80% қолдауы» арқылы легитимді сипат беріп, елді саяси бәсекесіз кем дегенде алдағы 7 жылда басқаруға пайдалануға керек. Сондықтан қазіргі сайлау науқаны көптеген азаматтың санасында дежавю сезімін тудырып жатқаны бекер емес. Себебі 20 қарашадағы президент сайлауы Назарбаев дәуіріндегідей президенттің билігін «халықтың қалауы» арқылы ұзартып, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде сақтап қалу үшін қажет.

фото akorda.kz

Тағы бір анық нәрсе – 21 қарашадан бастап Қазақстанда әділет орнамайды.

2022 жыл Қаңтар қырғынымен басталып, кем дегенде 240-қа жуық адам оққа ұшты, мыңдаған адам ұсталып, жүздеген азамат азапталды. Қаза болғандардың өлімі ашық әрі әділ зерттелмеді, кінәлілер жазаланбады, тіпті, Тоқаев Қаңтар қырғынын зерттеу үшін шетелдік сарапшылардың көмегі керек емес деп мәлімдеп, ел-жұртты «террористерден» қаһарман жасамауға шақырды.

Осы тұста мынадай екі риторикалық сұрақ туады: Конституцияда жазылғандай, адам және оның өмірі мемлекеттің басты құндылығы болса, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қанды оқиғаның шындығын ашпай, әділет туралы сөз қозғауға бола ма? Қаңтар қырғыны болғанда қабылданған саяси шешімдерге жауапты президент Конституцияны өзгертпеймін деп уәде беріп, артынша оны бір жылда екі рет өзгертіп, кезектен тыс сайлау арқылы билік ету мерзімін ұзартқысы келіп отырғанда, Тоқаев әлеміндегі «Жаңа Қазақстанда» әділетке орын бар деп айта аламыз ба?

Сайлаудың қарсаңында «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» деу өз-өзімізге жалған үміт сыйлау болмақ. Олай ой түюімізге Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басынан бері қабылдаған шешімдері мен ескі қазақстандық тәсілдермен өтіп жатқан сайлау науқаны себеп.

Біріншіден, Тоқаев Назарбаев секілді елді заң үстемдігі арқылы емес, заң арқылы басқаруды таңдады. Ол Конституцияны өз қалауынша бір жылда екі рет өзгертті. Референдумсыз билігін 7 жылға созып алды. «Ұстаздан шәкірт озар» дегеннің үлгісін көрсетті. Егер Тоқаев әділетті Қазақстанды құрғысы келсе, Конституцияны өз билігін күшейту үшін емес, саяси жүйені инклюзив жүйе ретінде құру үшін өзгертер еді. Қаңтарда бейбіт шерушілер «Шал, кет!» деп ұрандату арқылы тек экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың биліктен кетуін ғана талап еткен жоқ. Олар осы ұран арқылы ат төбеліндей аз ғана топтың мүддесін қорғайтын саяси жүйе «Біздің де үнімізді естісін!» деген жанайқайды жеткізгісі келді. Жер-жерде қазақстандықтар конституцияның 33-бабында көрсетілген мемлекетті басқаруға тікелей немесе өкілдер арқылы қатысу құқығын талап етті. Бұл өте орынды әрі заңды талап. Өкінішке қарай, Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанында» мүлдем елеусіз қалған талап.

Фото Акорды

Екіншіден, Тоқаев парламент халықтың өкілдері демократиялық жолмен сайланып, заң шығарумен айналысатын президенттен тәуелсіз биліктің тармағы болуға тиіс деп санамайды. Егер Тоқаев шынымен «Әділетті Қазақстан» құрғысы келсе, заң шығарушы билікті – парламентті атқарушы биліктің қолбаласы етпес еді. Тоқаев Мәжіліс спикері Ерлан Қошановты өз атынан Орталық сайлау комиссиясынан президенттікке кандидаттың құжатын алуға жіберіп, дебатқа өз орнына қатыстырып, депутаттарды сайлаудың үгіт-насихатына жегіп қою арқылы парламентті тәуелсіз саяси институт ретінде мүлдем көрмейтінін анық көрсетті.

Үшіншіден, Тоқаев ашық әрі әділ сайлауды азаматтарға саяси таңдау жасауға мүмкіндік беру, билікті бейбіт жолмен ауыстыру құралы ретінде көрмейді. Егер Тоқаев сайлау арқылы «Әділетті Қазақстанды» құрғысы келсе, кезектен тыс президент сайлауын қазіргі Орталық сайлауы комиссиясымен, қазіргі сайлау туралы заңмен өткізбес еді. Егер Тоқаев электоратқа бәсекеге толы әділ сайлауда таңдау жасауға мүмкіндік бергісі келсе, өзінің сайлау кампаниясын науқаннан бір ай бұрын бастап кетпес еді, мемлекеттік аппарат пен медианы өзінің сайлау кампаниясына пайдаланбас еді. Егер Тоқаев елде сайлау институтын қалпына келтіргісі келсе, Ақорданың рұқсатын алған "жілік шаққыш" Жигули Дайрабаевпен, "сиыр сауғыш" Қарақат Әбденмен, президент болғысы келмейтін Салтанат Тұрсынбековамен, өзін «оппозицияның соңғы тұяғы» санайтын Нұрлан Әуесбаевпен және "ел танымайтын" тағы бір кандидат Мейрам Қажыкенмен сайлауға түсіп, ұлттық масштабтағы циркті жасамас еді.

Қорыта айтқанда, 21 қарашадан бастап Тоқаевтың осы уақытқа дейін жиі айтылып келген «Мықты президент. Ықпалды парламент. Есеп беретін үкімет» деген форумуласы іс жүзінде «Екінші елбасы. Қолбала парламент. Тек президентке есеп беретін үкімет» болып өзгеретін секілді. Айтпақшы, осы формулада тәуелсіз сот билігі туралы айтылмайды. Тәуелсіз сот билігі жоқ жерде әділет болмайтыны – аксиома. Бәлкім, бұл Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» идеясынан үмітін әлі үзе қоймаған қазақстандықтарға «үмітсіз шайтан» деген ұстанымның «Екінші Республикада» жұмыс істемейтінін ескертетін белгі шығар?