5612
4 февраля 2023

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қалай өтеді?

Власть сайлаудың қалай өтетінін түсіндіреді

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы қалай өтеді?

19 наурызда Қазақстанда мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлау өтеді. Бұл былтырғы президентті сайлаудан басталған сайлау кезеңінің соңы болады. Дауыс беру 2022 жылы Конституцияға өзгерістер енгізу нәтижесінде қабылданған жаңа ережемен өтеді. Власть сайлаудың қалай өтетінін түсіндіреді.

Мәжіліс қалай құрылады?

Конституцияға былтыр енгізілген өзгерістерден кейін мәжіліс енді 98 депутаттан тұрады (бұған дейін 107 еді), оның 69-ы партиялық тізім бойынша, ал 29-ы бір мандатты округтер арқылы таңдалады.

Қандай партиялар мәжіліске партиялық тізімін ұсына алады және мұны қалай істеуі керек?

Ресми тіркелген саяси партияның бәрі мәжіліс сайлауына партиялық тізімін ұсына алады. Қазір мұндай жеті партия бар: «Аманат» билік партиясы, «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», Қазақстанның жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы, «Байтақ» және Respublica. Орталық сайлау комиссиясы әділет министрлігі тағы екі партияны тіркеуден өткізіп жатқанын және теориялық тұрғыдан партиялық тізім бойынша кандидаттарын ұсына алатынын хабарлады.

Партиялар өз тізімін ұсыну үшін сайлауалды съез өткізіп, содан кейін орталық сайлау комиссиясына тізімдегі әр кандидаттың құжатын тапсыруы керек.

Бұған қоса, партиялар бір мандатты жүйе арқылы да кандидат ұсынуға құқылы, бірақ бір кандидатты партиялық тізім бойынша да, бір мандатты жүйе бойынша да ұсынуға болмайды.

Бір мандатты округтер қалай құрылады?

Сайлау округтерінің саны – 29. Бұл мәжілістің 30%-ын бір мандатты жүйе, 70%-ын партиялық тізімдер арқылы құру талабы бойынша белгіленген. Округтер өңірлердегі халық санына қарай құрылады. Бір округ бір ауданға ғана тиесілі болады, сондықтан елдегі ең кішкентай өңір – Ұлытау облысы (220 мың тұрғын) және Қызылорда облысынан (832,5 мың тұрғын) мәжілісте бір депутат болады.

Алматыда және Түркістан облысында мәжіліске үш депутаттан өтсе, Астана, Шымкент қалалары мен Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарында екі депутаттан, Абай, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Шығыс Қазақстан облыстарында бір депутаттан сайланады.

Мәжіліс сайлауында бір мандатты округ бойынша кімдер кандидатурасын ұсына алады?

Саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер кандидаттар ұсына алады, өзін-өзі ұсынатындар да кандидат бола алады. Ел аумағында 10 жыл тұрған, сотталмаған немесе сайлауға түскенге дейін жазасын өтеген 25 жастан асқан Қазақстан азаматы үміткер бола алады.

Өзін-өзі ұсынушылар кандидат болып дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беруі керек, өмірбаянын ұсынуға тиіс, ал талапқа сәйкес болғаннан кейін кандидат пен оның зайыбының/жұбайының табыс туралы декларация тапсырғанын және сайлау жарнасын енгізгенін растайтын анықтама өткізуі керек. Бұл сайлаудағы жарна – 1 050 000 теңге (ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшері).

Кандидаттарды ұсыну және тіркеу қашан басталып, қашан аяқталады?

Үміткерлерді ұсыну 20 қаңтарда басталып, 8 ақпанда аяқталады. Үміткерлерді тіркеу 18 ақпанға дейін жалғасады. Келесі күні сайлау алдындағы үгіт-насихат басталады.

Бір мандатты округтерден қалағанынша кандидат шыға ала ма?

Иә, кандидаттар санына қатысты ешқандай шектеу жоқ, заңнамада олардың тек екеуден кем болмауы талап етіледі (әйтпесе кандидаттарды ұсыну және тіркеу мерзімі ұзарады). Бір округтен он және елу адам кандидатурасын ұсына алады. Үміткер жеңіске жетуі үшін көп дауыс жинауы керек.

Бюллетеньде «Бәріне қарсымын» бағаны бола ма?

Иә, бюллетеньде «бәріне қарсымын» бағаны болады. Басқа сайлаудағыдай бұл дауыс берудің нәтижесі де есептеледі.

Қазақстандықтар мәслихат депутаттарын қалай сайлайды?

Мәжіліс сайлауымен бір мезгілде 19 наурызда мәслихат депутаттарын да сайлау өтеді. Облыстардағы, Алматы, Шымкент және Астана қалаларындағы мәслихат депутаттарының жартысы партиялық тізім бойынша, қалған жартысы бір мандатты округтер арқылы сайланады. Мұнда да саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынатындар қатыса алады. Қазақстанның 20 жастан асқан кез келген азаматы мәслихат депутаттығына кандидат бола алады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардағы мәслихат депутаттары толықтай бір мандатты округтер бойынша сайланады.

Мәслихат сайлауында қандай партиялар партиялық тізімін ұсына алады?

Партиялар кандидаттарын ұсынуы үшін аймақтарда тіркелген филиалы болуы керек. Бұрын тіркелген бес партияның барлық өңірде филиалы бар, сондай-ақ жақында жаңадан тіркелген «Байтақ» және Respublica партияларына барлық аймақтағы мәслихат сайлауына қатысуға рұқсат берілді.

19 наурызда сайлаушы қанша бюллетень алады?

Алматы, Астана және Шымкент тұрғындарына төрт бюллетень: екеуі мәжіліс сайлауына (партиялық тізім және бір мандатты округтер бойынша кандидаттар), екеуі мәслихат сайлауына (сол қағида) беріледі.

Қалған жерде бюллетень саны бесеу болады, өйткені тұрғындар аудандық және қалалық мәслихат депутаттарын таңдауы керек, онда дауыс беру бір мандатты округтер арқылы өтеді. Алматы, Астана және Шымкентте аудандық мәслихаттар жоқ, тек қалалық мәслихат бар.

Сайлауда бақылаушыларға қатысты қандай өзгеріс бар?

Билік былтырдан бастап заңнаманы және бақылаушыларға қойылатын талаптарды күшейтіп жатыр. Енді бақылаушылар орталық сайлау комиссиясында аккредиттеуден өтуі керек. Бұл үшін ОСК-ға белгіленген нысан бойынша өтініш және сайлауды бақылау құқығын растайтын жарғыдан үзінді ұсынуы қажет. Өтініш 30 күнтізбелік күн ішінде қаралады, аккредиттеу бір жылға беріледі.

Сайлау нәтижесі қашан белгілі болады?

Қазақстанда бюллетеньдерді санаудың электрон жүйесі жоқ, бұл бұрыннан болмаған, сондықтан оларды қолмен санап, орталық сайлау комиссиясы алдын ала қорытындыны әдеттегідей сайлаудан кейінгі күні жариялауы мүмкін. Қаншалықты нақты мәлімет жария етілетіні белгісіз, ОСК-ға бұған қатысты талап заң бойынша жоқ.