5189
8 февраля 2023
Ақбота Узбекбай, суреттердің авторы – Алмас Қайсар және Данияр Мүсіров

Қытай консулдығы алдындағы екі жыл

Шыңжаңдағы туысына араша іздегендердің екі жылға созылған күресі

Қытай консулдығы алдындағы екі жыл

2021 жылы 8 ақпан күні Алматыдағы Қытай консулдығы алдына Шыңжаңдағы туыстарына араша іздеген бір топ адам жиналды. Олар Қытайдағы туғандарының “негізсіз айыпталып”, із-түссіз жоғалғанын, кейбірі қамауда отырғанын мәлімдеді. Наразылар бүгінге дейін бірнеше рет ұсталып, миллиондаған теңге көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болды. Екі жылдыққа бірер күн қалғанда консулдық алдына жиналғандарды полиция ұстап әкетіп, алты сағаттан кейін ғана босатты. Әйтсе де, мұндай кедергілер ата-анасын, бауырын, туған-туысын іздегендерге бөгет бола қоймады. Олар талабы орындалмайынша, күресті тоқтатпайтынын айтады.

Власть консулдық маңынан жұбаныш іздегендердің ұзақ уақытқа созылған күресін, үміті мен мұң-шерін тыңдап қайтты.

Нұрзат Ермекбайқызы

– Туған ағам Бірлесбек Ермекбайұлын іздеп жүргеніме бес жыл болды. Ол имам еді. Қытай арнайы оқытып, диплом беріп, имам еткен. Ағамды он үш жылға соттады. «Заң мен қоғам тыныштығын бұзды» дейді. Мешіттегі имам қайдағы заңды бұзады? Қытайдың жалған жаласына келіспеймін. Қытайдағы туыстарымды іздеуге құқым бар. Туыстық қарым-қатынасымызды бұзуға Қазақстанның да, Қытайдың да хақы жоқ. Туған әкем мен бір құрсақтан шыққан ағам. Неге оларды іздемейді екенмін?

Нұрзат Ермекбайқызы

Консулдық алдына екі жыл бойы шығып келе жатырмыз. Ештеңе өзгерген жоқ. Бұл заңсыз дейді. Қысы-жазы шықтық. Ондағы туыстарымның хал-жағдайын білмеймін, олардан хабар ала алмай жүрмін. Қысты қыс, суықты суық демедік. Жаз болды, жазды өткердік. Мұның бәрі туыстарымыз үшін. Туған әкем үшін. Туған ағам үшін. Қытай оларды босатсын. Мен отбасыммен бірге өмір сүруім керек. Біз неге екі жақта қалуымыз керек? Қытайдағы туысқандарым қысымға ұшырайды, түрмеге қамалады, Қытай геноцидіне ұшырайды деп еш ойламадым. Олар Қытайда күнделікті күнін көріп жүрген қарапайым азаматтар еді. Қазақстанға елім, жерім, Отаным деп келдім. Ұрпағымыз қазақ болса екен дедім. Ал артымда қалған туыстарыма Қытай қысым көрсетіп жатса, жазықсыз қамап жатса, мен неге үнсіз қаламын? Қытай туыстарымды жіберсін. Үмітімді еш үзбеймін.

Қалида Ақытқан

– Қытайда туып-өстім. 2006 жылы көшіп келдім. Үш балам Қытайда қалды. 2017 жылы Қытай 4 айлық оқыту деп балаларымды шақыртқан. Бес уақыт намаз оқыдың, жұма намазға бардың деп ұрып-соғып, соттап жіберді. Сатыбалды мен Оразжанды 22 жылға, Ахметжанды 10 жылға соттағанын естідім. Үлкен балам 1979 жылы туған, екіншісі – 1982, үшіншісі 1984 жылғы. Кейін үш келінімді қамады, олар екі жыл түрмеде болды. Оларды ұрып-соққасын бәрі әбден қорқып қалған, 14 немеремді жетімханадан тауып алды. Немерелерімнің алды жиырмаға келіп қалды қазір.

Қалида Ақытқан

Балаларымды іздеп жүргеніме бес жыл болды. Оларға бостандық берсін. Келіндерімді қысуды қойсын. Ешқандай хабар-ошар жоқ. Кеудеден жан шықпағасын жүреді екенсің. Жыладым, еңіредім. Балалардың әкесі үш келін, үш баланың ұсталғанын естіп, аһ ұрып сан соқты да, далаға шығып кеткен. Үшінші күні жүре алмай, тоғыз ай жатып қалды. Содан дүниеден кетті. Бұл жақта еш туысым жоқ. Күйеуіммен көшіп келгенмін. Балаларымның іздеушісі болмағаннан кейін соттап отыр. Бармаған жерім жоқ. Мен іздемесем, балаларымды кім іздейді? Өле-өлгенімше, ақтық демім таусылғанша шыға беремін. Қатты күйзеліп кеттім. Олар не көріп жатыр, не жеп жатыр, не ішіп жатыр деп уайымдаймын. Өзімнің де денсаулығым бітті. Бір жеңілдігі болар деп сенемін. Күн жылыса, консулдық алдынан кетпейміз. Қалмаймын. Балаларымды тастай алмаймын.

Гүлбаран Өмірәлі

– Бауырымның баласы Айболат Азамат 2018 жылы cәуір айында ұсталып, маусым айында түрмеге жабылды. Он бес жылға қамалды дейді. Бірақ бұл он бес жылдың қаншаға созылатынын білмеймін. Содан бері хабар-ошарсыз. Байланыса алмадым. Үш жылдай бұрын әке-шешесі хабарласып, амандығын айтып тұратын. Қазір ешбірімен араластырмай қойды. Бұл – заңсыздық. Ешкім туысынан бас тартпайды. Екіге бөлінген туыстар бірігеді дейді қытайлар. Ал өздері мені туыстарымнан ажыратып отыр. Бауырымның баласын босатпайынша, туыстарым Қазақстанға келмейінше, арызымды еш тоқтатпаймын.

Гүлбаран Өмірәлі

Бауырымның баласын жиырма үш жасында екі ай намаз үйренгені үшін ұстады. Бір ауылдан бірнеше баланы әкетті. Ешқандай заңсыздыққа бармайтын, ауылдың жуас баласы болатын. Ата-анасының жалғыз баласы. Ата-анасы қиналып кетті. Әкесі кейін араққа салынып, аурушаң болды деп естідім. Үш жыл болды, еш хабар жоқ. Қандай жағдайда екен деп алаңдаймын. Әкесіне де, баласына да алаңдаймын. Түрмеде қандай жағдай? Карантин кезінде қандай жағдай болыпты? Тепсе темір үзетін жігіт, денсаулығы жақсы болатын. Міне, бес жыл болды, түрмеде жатыр. Алаңдап, осылай шығып жүрмін. Тыныш босата салса, Қытаймен алысып неміз бар? Сол жерде туып-өскенбіз. Бауырымды босатсын, туыстарымды Қазақстанға жіберсін. Сонда ғана арызымды тоқтатамын. Қытаймен алысып, Қытайды құлатайын деген ойым жоқ.

Зауатхан Тұрсын

– Баймұратты 2018 жылы наурыз айында ұстап кетті дегенді естідім. Басқа жауап болмады. Кейін он жылға сотталды деді. Оны қайынсіңлім бес айлық кезінде асырап алған. Қытайдағы туыстарымызбен мүлде сөйлестірмейді. 2017 жылы хабар үзілді. Баймұрат полицейдің көмекшісі болып жұмыс істейтін. Ол жұмыс кезінде жазықсыз адамдарды қалай ұстайды? Оны ұлт араздығын қоздырды деген неше түрлі жаламен қамап отыр. Әлі күнге дейін іздеп жатырмыз. Хабар жоқ.

Зауатхан Тұрсын

Жүрегім қан жылайды. Балам жазықсыз. Ол полицей көмекшісі екенмін деп жазықсыз адамдарды ұстауы керек пе еді? Ұста десе, ұстамайсың ғой. Соны себеп қылып, алып кеткен. Баймұратты шығармайынша, арыздануды, іздеуімді тоқтатпаймын. Баймұратымды іздеймін деп балам Байболат Күнболатұлы да үш рет қамалды. Қаншама айыппұл салынды. Мен еш тоқтамаймын.

Байболат Күнболатұлы

– Консулдық алдына барып жүргеніме мың күннен асып кетті. Жалғыз өзім пикет өткізуден бастадым. Інім Баймұрат 2018 жылдың наурыз айынан бастап қамауда отыр. Бастапқы кезде бір жарым жыл лагерьде болды, кейін он жылға сотталды дегенді естідік. Інім Қазақстанға келіп, 2012 жылы Алматы технология университетіне оқуға түсті. 2013 жылы қысқы демалыс кезінде Қытайдағы әке-шешесіне кетті. Сол кісілерге қараймын деп, қалып қойды. 2017 жылы Қытай геноциді басталған кезде інімді ауылдағы полиция мекемесіне көмекші ретінде жұмысқа алған. Ол мұндай оқуды бітірмеген. Оны сол жерден ұстап әкетті.

Байболат Күнболатұлы

Қытай үкіметінің інімді тұтқындауы, бүгінге дейін ұстап отыруы – заңсыз. Олар «Баймұрат 2012 жылы Қытайдың Baidu сайтында ұлт араздығын қоздыратын мақала жазды» деп айыптайды. Інім 2012 жылы Қазақстанда болды ғой, бұл – өтірік жала. Қытай үкіметінен інімді тез арада босатуын талап етемін. Мемлекет жұмыс істеп жатырмыз дейді, алайда нәтиже жоқ. Риза емеспін. Консулдық алдына шығып жүрген оншақты адамға 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Кейінгі екі айыппұл әлі төленбеді. Халық жылу жинап, көмектесіп жүрді. Туысымызды іздеп, күнде консулдық алдында жүргендіктен, жұмыс істеуге мүмкіндік болмады. Жұмыс істей алмағанымызға байланысты қосымша кірісіміз болған жоқ. Тіпті үйімізде нан болмай қалған күндер болды. Екі кішкене балам жеке балабақшаға баратын еді, ақшасы төленбегесін, оларды да шығарып тастады. Консулдық алдынан ұстап әкетіп, 3-4 сағат қамап қояды. Мені сот шешімімен үш рет 15 тәулікке қамады. Мемлекеттің қысымы – осы.

Гүлпия Қазыбекқызы

– Шешем биыл 73-ке келді. Оны 2017 жылдың соңында тойда отырған жерінен әкеткен. Жоғалып кетті. Қайда екенін, тіпті өлі не тірі екенін білмейміз. Алты ай өткенде біреу хабарласып, анаң ауырып қалды, ауруханаға бар деді. Аурухана ішінде төрт есік. Бәрі тормен қапталған. Анамды көрдім. Аяқ-қолы кісенделген, кереуетке байлап тастапты. Құшақтай бергенімде: «Мені қашан алып кетесің? Мыналар мені өлтіретін болды… Орындыққа отырғызып қойып, полиция басшысы кеудемнен теуіп еді, ұшып түстім, кеудем ауырып тұр», – деді. Үйге келіп, жүрегім қатты ауырды. Тағы үш-төрт ай хабарсыз кетті. Бір күні «шешең сотталды» дейді. Он екі жылға сотталды. Қоғам тыныштығын бұзған дейді.

Гүлпия Қазыбекқызы

Хабаршылар видео көрсеткен: анамның шашы ұзын еді, оны тақыр қылып алып, үстіне көк ала киім кигізген. Аяғында, мойнында, екі қолында кісен. Содан бері мамамызды бес жыл көрмедік. Қытай консулдығы алдына шығып жүрмін. Әкеме: «Қызың шетел ұйымдарына ақшаға сатылып, Қытайға қарсы шығып жатыр», – депті. Ол қысымға ұшырап жатқанын айтады. Анам түрмеде жатса, мен үйдегі қалғанын қысады екен деп үйде жатсам, қалай болады? Сыртқы істер министрлігінен үміт күтеміз. Мына жерде ешкім жауап бермейді, ішке кіргізбейді. Мүмкіндігінше, аптасына, айына бір рет Астанаға барамыз. Енді қарап отыруға болмайтын сияқты. Қазіргі жалғыз жұбанышымыз да осы болып қалды. Осы жерге келсем, жүрегім тебіренеді. Құдды осы жерде ғана үміт бар сияқты. Уақыт көрсетер. Екі жыл өтті.

Ақиқат Хайрулла

– Әкем Қытайда түрмеде өлді. Шешем мен екі інімнің өлі-тірісін білмеймін. Талабым – сол үшеуін Қазақстанға әкелу. Кейінгі екі жылда саясатқа, қоғамға, өмірге, тағдырға деген танымым өзгерді. Үкіметке, Сыртқы істер министріне, Қытайға деген көзқарасым да өзгерді. Екі жыл өтті. Сыртқы істер министрлігі қарастырамыз дейді. Барсақ, әлі қарастырып жатырмыз дейді. Уәде береді. «Қытаймен келісіп жатырмыз, бұл – саяси мәселе, қашан бітетініне кепілдік бере алмаймыз» деп айтады. Бірақ біз қалай кетеміз, бәрі сол күйі қалады. Сыртқы істер министрлігінен де үмітім үзіліп барады.

Ақиқат Хайрулла

2017 жылы қызымның туған күні болды. Әке-шешем сол кезде Қазақстанға келді. Баламды екі жағынан ұстап, тұсауын кесті. Сонда тоқтай алмай жыладым. Адамның жүрегі сезеді екен ғой. Жылай бердім. Неге екенін білмеймін. Сөйтсем, әкемді ең соңғы рет көруім екен. Әкем өліп қалды, мәйіті де берілген жоқ. Сол видео әлі бар менде. Бірақ қарай алмаймын. Жүрегім ауырады. Қытайдағы қалған туыстарым бізден қорқады. Отбасымды іздегенімнің өзін Қытай маған жала жауып, саяси қылмыскер деп айтуы мүмкін. Туған-туысқан да, жерлестеріміз де бізден қашатын болды. Туыстарымызды іздегеніміз үшін осындай күнге жеттік. Мен – Қытайдан келген қандаспын. Қазір Қазақстан азаматымын. Мені бөлектеудің қажеті жоқ. Қазақстан азаматы ретінде сөйлеу еркіндігім бар, өзімнің құқығым мен бостандығым бар. Екі жылдан бері заңды түрде шығып жүрміз. Қытай геноцид істеді деп бүкіл әлем оны қаралап жатыр, сонда да біз қылмыскерміз бе?

Гауһар Құрманәлиева

– 2017 жылдың 7 желтоқсанынан бері арызданып жүрмін. Туысым Асқар Азатбекті барымталап алып кетіп, 20 жылға соттады. Бір ғана талабым – Қазақстан азаматы Асқар Азатбекті тездетіп елге жеткізу. Бауырым 2016 жылы келіп, 2017 жылы Қазақстан азаматтығын алған. Құлжада әйелі, екі баласы бар. Бауырымды ең соңғы рет оны алып кеткен күні көрдім. Сондай көңілді болған. «Манты жасап қойшы» деп кеткен еді. Манты да жоқ, өзі де жоқ, қанша жылдан бері түрмеде отыр. Тыңшы деп айып таққан. Қытайдан Қазақстанға Іле өзені туралы ақпарат берді дейді.

Гауһар Құрманәлиева

30 қаңтар күні «Қазақстанның Қытайдағы елшілігі түрмеге іздеп барып, Асқар Азатбекті көріп келді» деген хабар алдым. Аман-есен, денсаулығы жақсы дейді. Нақты сөз берді. Күтіңіз, қолхат алып, бері қарай ауыстырамыз деді. 2017 жылдан бері бес жылдан аса уақытта жеткен жетістік осы. Енді зарыға күтемін. Мейлі, өзінің еліне, өзінің жеріне ауыстырса болды. Басқа талабым жоқ. Туысым Асқар Азатбек түрмеде отырып, елшілікке “иә, зәбір көрдім, түрмеде сол жақ қолымды сындырды” деп айтқан. Нәтижені нақты көрмей, риза болмаймын. Оны Қазақстанға жеткізсе, сол сәтте тоқтаймын. Басқа талабым жоқ.

Қытайда туыстарым өте көп. Қазақстанға әкем мен інісі ғана келген. Әжем өле-өлгенше Қытайға қарап, туыстарымды бір көрсем ғой деп жылап өтті. Біз көрдік, араластық. 2017 жылдан бері хабарымыз үзілді. Қытайдың консулдығы алдына жайдан-жай шығып жүргеніміз жоқ. Осы 10 адам Қытайдан қорлық көріп, сотталып, әділетсіздікке, геноцидке ұшырап, Қытайдың тепкісінде қалған туысымызды құтқарамыз деп жүрміз.

Алмахан Мырзанқызы

– 2003 жылы Қазақстанға көшіп келдім. Ағам Бақытхан Мырзанұлы имам, молда болған. 1991-1992 жылдары Қытай үкіметі өзі имам оқуын оқытты. Енді имамсың, қазақсың деп ұстап, 14 жылға соттады. Адам өлтірген жоқ, ұрлық істемеді. Төрт-бес ай бұрын жеңгеммен байланысып тұратынбыз. Оған қысым болғасын, жарайды, кесірім тимесін деп байланысты үздік. Консулдық алдына екі жылдан бері шығып жүрміз. Денсаулығыма байланысты бір ай шыға алмай қалдым. Қан қысымым көтерілді. Астанаға бірнеше рет бардық. Қанша жерге кірдік, хат жаздық. Нәтиже болмады.

Алмахан Мырзанқызы

Ағам отбасымен 2004 жылы Қазақстанға көшіп келді. Талдықорғаннан үй сатып алып, мал алды. Ол Қазақстанға келген жылы елінің азаматтығын алуға құжат та дайындаған. Оны алып та үлгермеді. Қазақстанға келем, балаларымды осында әкелемін дейтін. Жайланып алғанда, әкемнің қан қысымы көтеріліп құлап, оны шақыртты. Ағам мен жеңгем Қытайға қайта кетті. Әкем бір аяқ, бір қолы сал болып, жеті жыл жатып қалды. Кейін қайтыс болып кетті. Ағам енді келемін деп жатқанда, анам ауырып қалды. Тамақ іше алмайтын. Ол кісі бір жыл ауырып, қайтыс болды. Енді келемін дегенінде, 2018 жылы 14 тамыз күні түс ауа полиция әкетіпті. Түрмеге жапқанын естідік. Ол кісіні іздеп, жоқтап жүргеніме алты жыл болды. Үнімізді әлемге жеткіземіз. Ағам түрмеден босағанша, үйіне келгенше арыз да берем, денсаулығым жеткенше консулдық алдына да бара беремін.

Рахима Сембай

– Консулдық алдына шығып жүргеніме бір жыл болып қалды. Былтыр 30 мамыр күні бауырымды ұстап әкетті. Бауырым ұсталардан екі күн бұрын тілдескенбіз. Бәрі жақсы, жұмыс та жақсы, бірақ жұмыс қарбалас, түскі ас ішуге уақыт жоқ деген. Келесі күні қоңырау шалсам, алмады. Анам тек үш күннен кейін бауырымның жоғалғанын айтты. Бір аптадан кейін оның ұсталғанын хабарлаған. Анаммен де байланысым үзілді. Себебін айтпайды. Бауырым Қытай азаматы. Сонда полициясында сақшы болып жұмыс істейтін. Жұмыс орнынан ұстап әкетті. Тоғыз ай болып қалды, еш хабар жоқ.

Рахима Сембай

2013 жылы отбасыммен Қазақстанға көшіп келдім. Ол кезде азаматтық бермейтін, ықтияр хат алатынбыз. Шекараға барып-келіп жүргенімде, мені 2017 жылдың қазанында шақыртты. Бармадым. Әкем келмесең қоймай жатыр деді. 2017 қазанда барып, сол күйі ұсталып, бір жарым жыл лагерьде қамалдым. Сотталған да жоқпын. Еш себепсіз. Кейін телефонымды ақтарып, Қытайда бұғатталған Whatsapp әлеуметтік желісін қолданатынымды көріп қойып, соны сылтау етті. Бәлен уақыт отырасың деген жоқ. Қанша уақытта шығатынымызды айтпады. Бір күні шақырып алып, ертең үйлеріңе қайтасыңдар деді. 2018 жылы шығып, Қазақстанға келдім. Қазір Қазақстан азаматымын. Жаздан бастап күзге дейін консулдық алдына шығып жүрдім. Кейін денсаулығыма байланысты тоқтата тұрдым. Лагерьде жатқанымда қатты ауырғанмын. Суықта шыға алмаймын. Бауырымды босатпаса, шыға беремін, әлі де іздеймін. Өйткені оның менен басқа іздеушісі жоқ. Жалғыз мен. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ.