3924
8 марта 2023
Ирина Гумыркина, суретті Жанара Каримова түсірген

Жомарттық әткеншегі

Мемлекет көмегіне неге сенім жоқ?

Жомарттық әткеншегі

Бір жыл бұрын үкімет пен Ұлттық банк «геосаяси қатердің артуы мен қаржы нарығындағы құбылмалы жағдайға байланысты» қазақстандықтардың салымын қорғау жөнінде шешім қабылдап, өтемақы төлеуге уәде берген. Бір жыл күткенімізбен, нәтиже ойдағыдай болмады.

Үкімет халықты ақшасын теңгемен сақтауға ынталандыру үшін бір талап қойды: өтемақы толық болуы үшін депозиттегі ақшаны бір жыл бойы алмау керек. Әйтпесе, мемлекет сыйақысы ретінде депозиттің ең төменгі сомасы беріледі.

Алайда, осы талаптың өзі мемлекеттің халықты қолдауға қатысты кезекті бастамасының тиімсіз екенінің көрсеткіші еді. Оған қазақстандықтардың өзіне ғана сенетінін немесе қарызға өмір сүруді артық көретінін қосыңыз. Бір миллионнан аса азамат тұтынушы несиесін жаба алмайтын жағдайда. Оған қоса, көпшілік үшін депозит – өсіп жатқан инфляция мен тұрақсыздық кезіндегі “жаман күндерге” арналған қаржы көпшігі. 2022 жылы наурыз айының басында, кезекті девальвация кезінде жұрт жаппай теңгені долларға айырбастап жатты. Осының әсерінен кейбіреулердің депозит бойынша сыйақысына бар-жоғы 200 теңге шықты.

Салымшылардың өзі кінәлі, мемлекет ескертті ғой деуге болады. Бір жағынан, бюджеттің резеңке секілді созыла бермейтінін ұғуға болады. Әйтсе де, жауапкершілікті өзгеге артудың әдетке айналғаны тағы бар. Азық-түлік пен қызметтің қымбаттауына делдалдар, монополистер мен геосаясат кінәлі. Тауардың жетіспеуіне халық қолған жасаған дүрлігу және делдалдар кінәлі. Ал девальвацияға мұнай, соғыс және санкциялар кінәлі.

Өтемақы 10 пайыз мөлшерде төленеді, бұл жыл ішіндегі инфляциядан (ақпан айында 21,3%) әлдеқайда аз. Ал 2022 жылы теңге долларға қатысты 7,1 пайыз әлсіреді. Алайда әлеуметтік қорғау деген – үздіксіз процесс. Ол айналадағы түрлі жағдайға қарамастан, халықты қаржылай және азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз етуі қажет. Жыл сайын зейнетақы, жәрдемақы, жалақы мөлшерімен инфляция жарыса келе, әлеуметтік қорғау деген министрлік есебінде ғана қалды. Зейнетақының 12 пайызға және бір балаға берілетін төлемнің 5 175 теңгеге артуы жеткіліксіз.

Халық ішіндегі әлеуметтік осал топ осал болып қала берсе, орташа табыс табатын халықтың мемлекет тарапынан қандай да бір қолдауға сенімі жоқ. Әйтсе де, мемлекет өтемақының нақты сомасын бекітсе немесе ақшаны алған-алмағанына бағынышты етпесе, қазақстандықтар бұл қорғауды сезетін еді. Өтініш бергендер саны 2,6 миллионнан көп екенін айта кетейік.

Бұл мәселе бойынша бәрі әділ, ешқандай сұрақ жоқ. Алайда үкіметтің бастамаларына, реформалардың тиімді екеніне сенім жоқ. Өйткені біздің қаржылай тұрақсыздығымыз үшін жауапкершілікті өзімізге артты, әлеуметтік қорғансыздығымыз үшін өзімізді кінәлі етті.