3781
15 марта 2023
Алмас Қайсар, Бейімбет Молдағали, Власть

«Дауысты ұрлатпасақ, аяқтан шалмаса, шығуға болады»

Өзін-өзі ұсынушы, Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер Мақсат Дүйсебаев сайлауалды науқанын қалай өткізіп жүр?

«Дауысты ұрлатпасақ, аяқтан шалмаса, шығуға болады»

Биылғы мәжіліс пен мәслихат сайлауының айқын ерекшелігі – өзін-өзі ұсынған үміткерлер де қатыса алады. Көптеген тәуелсіз үміткер сүзгіден өтіп, тіркелді. Солардың бірі – Мақсат Дүйсебаев. 2019 жылғы сайлаудан бастап саясатқа араласа бастаған шымкенттік белсенді. Бұл сайлауда мегаполистің әлеуметтік жағдайын өзгерту үшін ол қалалық мәслихаттағы депутат орнына таласады.

Шымкентте ақпанның аяғындағы алғашқы шуақты күн. Сайлауалды үгіт-насихат үш күн бұрын басталған. Қаладағы билбордтарда Amanat партиясының партиялық тізіміне енген үміткерлер менмұндалайды. Бірнеше күннен кейін қала көшелері өзге партиялардың тізіміне енген және өзін-өзі ұсынған үміткерлердің үгіт-насихат парақшаларына толды.

Медицина орталықтарының бірінде тіркелмеген Демократиялық партия мүшесі, жергілікті белсенді және тәуелсіз бақылаушы Мақсат Дүйсебаевпен кездестік. Бұл жерде оның жақтасы Ерғали Көлбаев жұмыс істейді. Біз холға жайғастық.

Бұл сайлауда Дүйсебаев қалалық мәслихат депутаттығына №9 округ бойынша сайлауға түсті. Ол бұрыннан-ақ өзі тұратын ауданмен бірге көршілес ықшамаудан тұрғындарына да жарық, жол және басқа да жағдайлар бойынша көмектеседі. Жақтастары, көршілері және достары өтінгендіктен, осы сайлауға қатысуға бел буған.

«Негізі, белсенді қоғамдық іспен айналысып жүргеніме біраз болды. 2019 жылдары ашық шықтық. Оған дейін бақылап жүрген болатынбыз. ЖСДП, Әблязов, қайсы дұрыс деп қарап жүрдік. 2019 жылы Қосановқа бүкіл халық сенім артты ғой. Мен Ордабасы ауданында Қосановтың штабын құрып, бақылаушыларды дайындадым. Аудан-аудандарда плакатын таратып, бағдарламамен таныстырып жүрдік. Ауылдың көбінде интернет жоқ, газет те бармайды. Шынымды айтсам, екі апта бойы көліктің ішінде қондым, ауданның бір шетінен екінші шетіне жүрдім. Көлікте штаб құрдым, – деп күледі Дүйсебаев. – Ауыл-ауылды араладық. Ол кезде көп адам: “Өй, сендер бекерге шапқылап жатырсыңдар, бәрін сайлап қойды, айтыс-тартыс көкелердікі”, – деп айтып жүрді. Біз бұған қарсы шықтық, келіспедік. Қазір халықтың көзқарасы басқа. Адамдар оянып, саясатпен айналысуға ұмтылады. Ауыл әкімін сайлау кезінде бақылаушы болғанда, өз кандидаттары үшін айқай-шу шығарғанын көрдік».

Ол жақтастарымен бірге 2019 жылғы президент сайлауында көптеген заң бұзуға куә болды.

Мақсат Дүйсебаев

«Іліп жүрген плакаттарды жыртып кететін, көзімше жыртып тастағандар да болды. Урнаны алып қашқан кезде полиция біздің алдымызға көлік қойып, жолды жауып тастаған жағдай да болды. Содан кейін Қосанов бізді “лақтырып” кетті (сайлаудан кейін саясаткер бірден жеңілісін мойындап, сайлау нәтижесіне қарсы болмады – В.). Бір партия құрыла ма екен деп күткенде, Демократиялық партия мен Жанболат Мамай туралы білдік», – дейді ол.

Демпартияның көзқарасы мен жоспары ұнағандықтан, Дүйсебаев оны қолдауды жөн көрді. Нәтижесінде оған Шымкент пен Түркістанда партияның филиалдарын ашу жөнінде ұсыныс түсті.

«Біз филиалдарды тіркеуге тырыстық. Тіркемейді. Қолдаушы көп, бірақ көбі қорқып қалған. Полиция бөлімшесі, ішкі саясат қызметкерлері қысым көрсетіп, экстремист деп атаған. Менің өзіме 2020 жылы полиция бөлімшесінің қызметкері келген, ол кезде мен Назарбаевтың туған күніне митинг ұйымдастыруға өтініш жібергем. Сыйлық жасайын дегенім ғой, – деп жымияды Дүйсебаев. – Сол кезде маған келіп, жұмыс, тендер, ал әйеліме ауданда басшы лауазымын ұсынды. Біз бас тарттық. Содан бері митингіге, бір жаққа шығайын десек, 3-4 көлік аңдып, есік алдына келіп тұрып алады. Көршілерім оларды “охрана” деп атайды».

Дүйсебаев Сайрам ауданының Жаңаталап елді мекенінде дүниеге келген. Тоқсаныншы жылдары совхозда жұмыс істеген, кейін әскери борышын өтеп, 2000 жылға дейін ішкі істер басқармасында, күзетте жұмыс істеген. Содан бері түрлі салада еңбек еткен.

Сонымен қатар, ол – сайлауды бақылаумен айналысатын «Мұқалмас» ұйымы филиалының төрағасы. Шешім қабылдау кезінде дербестікке ие болу шартымен жақтастарымен бірге қалалық филиалдың негізін қалады. Алайда, Дүйсебаев жыл басында өзі қатыспаған кездесуде оны төрағалықтан алып тастау әрекеті болғанын айтады.

«Біз шу көтеріп, бұған жол бермедік. Кімнің кім екенін уақыт көрсетер, кім болса да, Қосанов секілді бетпердесі шешіледі», – дейді Дүйсебаев.

2019 жылдан бастап Шымкент пен Түркістан облысында азаматтық белсенділер айтарлықтай көбейіпті. Қаңтар оқиғасы кезінде, 3 қаңтардан 4 қаңтарға қараған түні Дүйсебаев жақтастарымен бірге митингіге шықты.

Мақсат Дүйсебаев

«Әкімдікке бардық. Ол жерде Ерғали Көлбаев бар екен, ол бізге дүрбелең болып жатқанын және ешкімді тоқтата алмай жатқанын айтты. Адамдар жиекжолдағы тастарды шырша түбінен алып, жан-жаққа лақтыра бастады. Жастарды итермеледі де, бәріне шабуылдай бастады. Біз бұны тоқтатуға тырыстық. Алайда кейін жарық-шу шығаратын граната лақтырып, су шаша бастады. Сөйтіп біз үйге қайттық. Үстіміздің бәрі малмандай су, тіпті полицияның өзі бізді ұстауға жиіркеніп, үйге қайтарды. Үйге бес-алты шақырым жаяу қайттым. Ертеңіне ауырып қалдым. Маған жігіттер кәдімгі ұрыс патронымен атқанын айтты», – дейді Дүйсебаев.

Ол екінші күні митингіге шықпады. Дүйсебаев Қаңтарды жоспарланған және дайындықпен жасалған акция дейді, ал халық ауыр жағдайдың кесірінен көшеге шықты деп санайды.

«Шал, кет!» деп айғайлады. Кредит, баспана, жұмыссыздық болды бәрінің талабы. Адамдар шынымен ызалы еді. Осыны қолданып, билікті тартып алмақ болды. Бір өкініштісі, көп жастарда митинг осындай болады деген ой орнап қалды. Алматыда қанша рет Жанболаттың митингілерінде болдым: бірде-бір рет заттың қирағанын, қағаз не темекіні жерге тастағанын, түкіргенін көрмедім, боқауыз сөз айтқандарын естігенім жоқ. Бұл митинг өткізуге рұқсат бермеудің кесірі ғой. Әкімдікке жастарға заң аясында митинг өткізуді көрсетейік дедім, мысалы, шетелде қалай болатынын көрсетуге болар еді», – дейді ол.

Дүйсебаевтың депутаттыққа баруының тағы бір себебі – Қаңтар оқиғасы кезінде депутаттардың ешқайсының наразылық білдіруші халықтың алдына шықпауы.

«Бәрі қашып кетті. Сайлауға үміткер ретінде ұсынатын екі адамымыз бар еді. Екеуі де бас тартты. Көңіл-күйім түсіп кетті. Сонда істегенімді көріп жүрген көршілерім шығып, үміткер болсам, қолдайтынын айтты. Мен өзім төңіректегі әкімшілікті шақыртып алып, жарық, жол мәселесін көтеріп, істетіп аламын. Қай жерге көше шамдары, жылдамдық бәсеңдеткіш, автобус аялдамасы керек екенін білем, салынып жатқан асфальт сапасын тексеріп, Facebook желісіне саламын», – дейді Дүйсебаев.

Дүйсебаев әлі үгіт-насихатты бастаған жоқ, оның қолында өзі Нұр-Аманат деп атайтын биліктегі партия үміткерлеріндегідей қаражат жоқ.

«Уақыт та жетпей тұр. Халық өзі жекеме шығып жатыр. Кеңсем де жоқ. Сайлауалды насихатқа жарнадан бөлінетін ақшаны күтіп жүрмін. Қазір басты нәрсе – команда жинау. 22 сайлау учаскесі бар. Әр учаскеге екі адамнан қырық төрт өкіл қою керек. Өзім оқытып аламын. Дауысты ұрлатпасақ, аяқтан шалмаса, шығуға болады», – дейді ол.

Дүйсебаев билікке жақын үміткерлер жарқын болашақты уәде етіп, ас-ауқат таратып жиналыс өткізіп жүргенінен хабардар.

«Менің округімде кемінде төрт үміткердің биліктегі партиямен байланысы бар – я өзі, я туыстары билік партиясында жұмыс істеген. Баяғыдай шалдарға шапан кигізіп жүр. Жастар маған қарай қарап тұр. “Бастаңызшы, аға”, – дейді. Олар тарататынын таратып болсын, ал мен сосын соңғы екі апта көлікке отырып, үгіт-насихатымды бастаймын», – дейді ол.

Халықтың сұрайтыны – негізінен спорт алаңы мен балалар алаңқайы. Экологиялық ахуалға шағым айтатындар да көп екен.

Мақсат Дүйсебаев

Демпартия мүшелерімен бірге қоятын олардың ең негізгі талабы – несиеге амнистия жариялау.

«Коллекторлар мен сот орындаушылар халықты қинап бітті. Демпартия несие амнистиясы үшін қол жинағанда, Түркістан мен Шымкентте ең көп жинап бергенбіз. Одан кейін де хабарласқандар қаншама. Мен ол тізімді қарап шықтым: көбі несиені тойға емес, баласын оқытуға, емделуге алған. Бұл мәселені көтереміз. Шымкенттегі тағы бір мәселе – жұмыссыздық. Ал жұмыс болса, оның айлығы аз. Үй мәселесі де бар. Жастар үйленсе де, әке-шешесімен бірге тұрады. Бөлек шығайын десе, пәтер жалдау қымбат. Тапқан табысының жартысы жалдауға кетеді. Үй алуға кезекке тұрайын десе, жолатпайды. Қаншама үй салынып жатыр, оны алып жатқандар – бай-манаптар мен әкімдіктің айналасындағылар. Оқушыларға тегін жолақы болса деймін тағы», – дейді ол.

Дүйсебаев бағдарламаны халықпен жазуды жоспарлайды.

«Әйтпесе, Қазақстан-2030 және Қазақстан-2050 болып қаламын. Күледі ғой жұрт ертең. Көзіне қалай қараймын? Шымкентте де, Қазақстанда да өндіретін зауыт, фабрика жоқ. Алыпсатар мемлекет болдық. Қазір жастарды қолдау үшін “дүкен ашып, күн көр” дейді де, 10 миллиондай ақша береді. Өзіміз өндіруіміз керек. Басқа елден келген ағайындармен сөйлескем, тері өңдеумен, күн энергиясымен айналысуға болады, бірақ қолдау жоқ. Билік ол кәсіпті тұншықтырады», – дейді ол.

Әңгіме кезінде бізге Шымкент қаласының мәслихатына №16 округтен үміткер, Дүйсебаевтың жақтасы Ақлима Пернеева келіп қосылды.

«Баяғы сол әңгімеңді айтып жүрсің бе?» – деп қалжыңдайды Пернеева.

Ақлима Пернеева Төле би ауданындағы Қасқасу ауылында дүниеге келген. Ол да 2019 жылғы сайлаудан бақылаушы болғаннан кейін саяси белсенді бола бастады. Екеуі де бір-бірінің жеңісіне сенімді.

«Мен пара немесе азық-түлік бермеймін, ондаймен ешқашан айналыспас та едім, оған ақшам да жоқ. Қазір чат ашып, халықты бағдарламаммен таныстырып жүрмін. Адамдар “Аманаттан” шаршады деп ойлаймын. Депутат болу – үлкен жауапкершілік. Ақша емес, халықтың батасы маңызды. Егер мен депутат болсам, басқаларға үлгі болғым келеді. Билік органдары мен мамандары өз ісіне жауапты болуы керек. Дауысты ұрлайтынына да сенімдімін, бірақ мен сайлау комиссиясына әр округке үш адамнан қоятынымды айттым. “Дауыс ұрлайтындарыңды білем, мен сотқа берем, соңына дейін барамын”, – деп ескерттім. Сондықтан да чат ашып, олардан сайлауда маған бюллетеньдерін фотоға түсіріп жіберуін сұрадым. Кейін бәрін салыстырып, дәлелдейміз

Дүйсебаев та қазір бәрі «бұлыңғыр» деп қостайды.

«Барлығы баяғы жүйемен келе жатыр. Әкім де ауысқан жоқ. Ертең шалдарға сыйлық не ақша беріп, бата бер деп бармаймын. Алдыңғы отыз жыл бойы шалдармен шешіп келді ғой саясатты. Олай болмауға тиіс. Үміткерлерден Қаңтарға қандай баға беретінін, ол туралы не ойлайтынын сұрау керек. Берген жауабынан халықтың жағында, әлде билік жақта екенін түсінуге болады», – дейді Дүйсебаев.

Бұдан кейін оған жақтасы Ерғали Көлбаев келіп, екеуі сайлауалды науқанның техникалық жағын қарастырды: кеңсені жалға алу, құжат және дауыс берушілермен кездесу. Ертең олар ауданды аралап, үгіт-насихатты бастайды.

«Бизнесмен не шенеунік емес, қарапайым адамдар»

Келесі күні көпшілікпен кездесуді Дүйсебаев қаланың шетіндегі Бадам өзенінің жағалауында орналасқан жекеменшік үйлерден бастады. Төменге жетелейтін көшеде бізді күннен қорғайтын көзілдірік тағып, қоңыр пенжек киген ұзын бойлы адам қарсы алды. Ол – Данияр Байтілеу, Дүйсебаевтың жақтасы әрі сенімді өкілі.

Ол бізді өзен үстіндегі асуға жеткізді. Ол жерде күн шуағының астында балаларымен бірге жиналған бір топ әйел тұр. Олар басқа адамдарды жинауға кеткен Дүйсебаевты күтіп тұр.

«Халық қазір не керек екенін өзі айтып береді. Мысалы, біздің көшеге канализация керек. Қалаларда септик деген нәрсе болмауы керек. Өзім Абай ауданында тұрам. Абай ауданына арыз жазғам. Үш жыл болды, әлі күтіп жүрміз. Ертең, ертең деумен жүр. Шымкентте жазда қалай ыстық болатынын білесіздер. Тазалап тұрмаса, дәретхананың иісі мүңкіп тұрады. Ол республикалық маңызы бар қаланың статусына сай емес», – дейді Д.Байтілеу.

Бірнеше минуттан соң Дүйсебаевтың қарасы көрінді. Ол басқа адамдармен бірге топырақ жолдың лай батпағын басып келе жатыр. Қосылып, шеңбер құрады. Байтілеу «мәжіліске бара жатқан ұлағатты ұстаз әрі қарапайым адам» әлі келмегенін айтты.

Дүйсебаев ыңғайына қарай киінген. Үстінде қарапайым киім, аяғында калош. Жиналғандар кімнің кандидат, ал кімнің сенімді өкіл екенін бірден түсінген жоқ. Байтілеу оларға Дүйсебаевтың «өзіміз сияқты ауылдан шыққан қарапайым адам» екенін түсіндірді. Дүйсебаев костюм кию ыңғайсыз болғандықтан үгіт-насихат плакатына да күнделікті киіммен суретке түскен.

Жиналысты Байтілеу бастады. Ол Қазақстандағы саяси жағдай туралы айтып, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевты билікті монополиялап алғаны үшін кінәлады.

Байтілеудің сөзінше, бір мандатты округтер бойынша сайлаудың қайтып келуі – азаматтық қоғамның жетістігі. Ол партиялық тізім бойынша сайлау өзін ақтамағанын, халықтың мұң-мұқтажын шешуде қауқарсыз болғанын айтады. «Мажоритарлы сайлау бізге қанды Қаңтарда төгілген қанмен келді», – дейді ол.

Осыдан кейін ол Дүйсебаевтың мәслихаттағы басты мақсатын түсіндіреді.

«Жергілікті мәслихаттың басты мақсаты – бюджетті бөлу. Бюджеттің қажет нәрселерге бөлінуін бақылайтын адамдар керек. Ол жерде партиялық тізіммен өткендердің барлығы партия шеңберінен шыға алмайды. Партияның линиясы бар, бас шұлғып, қол көтеріп отыра береді. Мәслихатқа тендер алу үшін кәсіпкерлер, ірі бизнесмендер, тендерге қатысатындар барады. Кішігірім жол компаниясының басшысы да депутат болса, жолға пәленбай кетеді деп сметасын өткізеді де, жеме-жемге келгенде кішкене асфальт құйып кетеді, ал қалғаны “откат” болады», – дейді ол.

Ол тұрғындарға қандай бюллетень алатынын түсіндірді. Кездесу барысында бұны бірнеше рет қайталап айтқанын байқауға болады. Байтілеу партия тізімі бар бюллетеньдерге назар аудармауға шақырды. Сонымен қатар, егер Дүйсебаев уәдесінің ешқайсын орындамаса, хат жазып, дауысты қайтарып, оны мәслихаттан алып тастайтынын айтты. «Өзгерісті қаласаңыздар, Мақсат бауырыма дауыс беруге шақырамын. Мақсат Дүйсебаев – менің таңдауым», – деп Д.Байтілеу сөзін аяқтады.

– Біз осы қаншама депутатты сайлап жүрміз ғой. Сол депутаттардың... – деп жиналғандардың ішіндегі бір әйел ойын айтуға оқталды.

– Сол депутаттардың біреуінің атын білесіз бе? – деп сөзін бөлді Данияр Байтілеу.

– Жоқ, мен, мысалы, сауда жасадым, қаншама депутат қасымызға келіп, «ойбай, мені сайлаңдар, сендерді өйтем, сендерге бүйтем, жағдайларыңды жасаймын, жолдарыңды сөйтем» деп, ал сайлаудан кейін барлығы да әумин болды ғой. Қайсына барамыз, ешқайсына бара алмаймыз, –деп жауап берді жаңағы кісі.

– Ал біз Мәкені (Мақсатты – В.) танимыз, барып тұрамыз үйіне, – деп екінші әйел күлді.

Тұрғындардың тағы бірі Дүйсебаевтың оған жарық мәселесінде қалай көмектескенін баяндады.

– Былтырлары Мақсаттың жұмысын көрдім. Расында да, сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс. Бір фирма тендер ұтып, біздің көшеде жарықты жасап кетті. Үш күннен соң үш-төрт шам жанбай қалды. Мақсатқа қоңырау шалдым. Мен естігем ғой солай жұмыс істейтінін.

– А-а-а, тойдан келе жатқанда ғой, – деп есіне алды Дүйсебаев.

– Иә, содан кейін үй жаққа шақырдым. Келіп, түсіріп, ол жаққа жіберді. Ертеңіне бірден ауыстырды. Сол кезде білдім бұның бір ауыз сөзі далада қалмайтынын. Негізі біз депутатқа шағымдануымыз керек. Бірақ депутат келген жоқ, Мақсат депутаттың тірлігін істеп жүр, – дейді жергілікті тұрғын.

– Сіз депутатыңыз кім екенін де білмейсіз ғой, – деп қайталады Байтілеу.

Бірте-бірте жиналысқа басқа тұрғындар келіп қосылды. Олардың бірі жергілікті балалардың футбол ойнау үшін өзеннің ар жақ бетіне өтетінін айтты.

«Ар жақ бетіндегі балалар алаңды қызғанып, біздің балаларды ұрып қойыпты. Ол жақта жарық та бар. Өмірі өшпейді. Біздікі күніге өшеді. Жаңбырдың өзіне өшіп қалады. Мына жақ Еңбекші ауданына қарайды, ал әр жақ Әл-Фарабиге қарайды», – дейді ол.

Қасындағы әйел сөзіне қосылып, жаттығумен айналысу үшін біршама жерді жаяу жүруге тура келетінін айтты. «Өңшең кемпірлер болып жиналып аламыз да, кешке қарай шығып, сағат 12-ге қарай сол жақта жаттығу жасап қайтамыз. Біз жақта да спорт алаңын құрып берсе ғой», – дейді ол.

Тұрғындар көше атауын да сөз қылды. Көше бұрын Прогонная деп аталатын, ал кейін атауын Қума деп ауыстырды. Кейбірі бұл аудармадан гөрі, Айдау деген атау үйлесімді болатынын айтты.

Жиналыс орнына такси келді де, көліктен мәжіліс депутаттығына үміткер Өмір Шыныбекұлы шықты. Жиналған қауыммен амандасып, Байтілеу мен Дүйсебаевтың қасына тұрады. Байтілеу ол кісіні де таныстырды. Өмір Шыныбекұлы – Шымкент мектептерінің бірінде тарих және құқық пәнінің мұғалімі. Ол мұғалімдер құқығы мен олардың еш партия құрамында болмауы үшін күреседі. Өзі 2011 жылы Жаңаөзен оқиғасынан кейін «Нұр Отан» партиясының қатарынан шығып кеткен.

Шыныбекұлы Марк Твеннің сөзінен бастады: «Адам екі рет дүниеге келеді: бірінші рет туған кезде, екіншісі өзіне өмірінде не керек екенін түсінген кезде». Ол өмір бойы мұғалім болғанын, «қыңыр мінезі үшін басшылардан таяқ жегенін» баян етті. Ол тұңғыш немересінің туған күнін екінші туған күні санайды, себебі дәл сол күні немересіне қандай мұғалім білім беретіні туралы ойлана бастапты.

«Әлихан Бөкейхан ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден деген. Бізде білімді мұғалім көп, бірақ көбінде жемқорлыққа қарсы тұратын мінез жетіспейді. Көбі тек оңашада бұрқылдайды», – дейді ол.

Өмір Шыныбекұлы

Шыныбекұлы Шымкенттен мегаполис жасау мақсатымен билік Шымкенттің айналасындағы ауылдарды қала аумағына қосқанын, алайда қала басшылығы оларға назар аудармай келе жатқанын айтты. Егер Дүйсебаев екеуі өтіп кетсе, бұл мәселені бірге көтере алатынына сенімді.

Кездесу аяқталысымен жиналғандар естелікке суретке түсті. Кейбірі Дүйсебаев пен Шыныбекұлын «бизнесмен не шенеунік емес, қарапайым адам» болғаны үшін сайлауда қолдауға дайын екенін білдірді.

«Ол жерде (өкілдік органдарда – В.) ең болмаса бір қарапайым адам болсын», – деп қорытындылады жиналғандардың бірі.

Сайлау комиссиясында қонақта

«Бұл әлеуметтік жағдайы ең нашар аудандар. Бұрын мұнда жүру қауіпті болатын. Қылмыс етек жайып, есірткі тараған», – дейді Дүйсебаев көлікке отырғаннан кейін.

Енді олар сайлау учаскесіне жол тартты.

«Онда кіріп, шулатып келу керек», – дейді Дүйсебаев жымиып. Байтілеу мен Шыныбекұлы оны қолдады.

№127 мектепке келдік. Онда №193 сайлау учаскесі мен қалалық мәслихат депутаттарын сайлауға жауапты №9 сайлау комиссиясы отыр.

Мектеп алды у-шу. Оқушылар ерсілі-қарсылы жүгіріп жүр. Біз үміткерлермен бірге сайлау комиссиясына бағыт алдық. Ол жерде комиссия мүшесі Асхат Төлегенов жалғыз отыр екен.

Жағдай алғаш секундтан бастап шиеленісті. Байтілеу комиссия төрайымы қайда екенін сұрап еді, комиссия мүшесі алдымен өзін таныстыруын сұрады.

– Мен Мақсат Дүйсебаевтың сенімді өкілі Данияр Байтілеумін...

- Сізде бейжик деген болу керек қой, өзіңізді таныстыруыңыз керек. Бұл мектепте жұмыс істейсіз бе? – дейді Байтілеу комиссия мүшесінің үстеліне мұқият қарап.

– Оның сізге не қатысы бар? – дейді Төлегенов жаратпай.

– Қалай не қатысы бар? Мен сенімді өкілмін, мен келіп...

– Жоқ. Сенімді өкілдерге келудің қажеті жоқ. Не керек сізге? Біз мында тіркеу куәлігін береміз. Бізге енді барлық округтен сенімді өкілдер келіп тұруы керек пе?

– Егер сіз маған кедергі жасасаңыз, заң бойынша екі жылға дейін сотталасыз. Маған Мақсат Дүйсебаевтың сенімді өкілімін деген құжат керек. Сол туралы білу үшін келдік.

Олар құжат толық тапсырылмағанын анықтады, одан кейін Байтілеу округтегі дауыс берушілердің жалпы санын білгісі келеді. Төлегенов үміткерлерге барлық ақпаратты ұсынатын арнайы чат ашылғанын айтты.

– Мынау сайлаудың әділ өтуіне сіз де, мен де атсалысуымыз қажет. Менің тілегім... – дейді Байтілеу.

– Түсінбедім, сіз маған не айтып тұрсыз? Біз жұмысымызды істейміз, болды, – деп ызаланды Төлегенов.

– Мен сайлау әділ өтуіне шақырып тұрмын. Сайлауға 20 жылдан бері қатысып жатырмын. Көп нәрсені білемін. Осы округте қанша рет дауыс ұрлағанды көрдім.

– Сенімді өкіл не үшін? Сайлау комиссиясының мүшелері не үшін керек сонда?

– Ой, айта берсең лекция болады.

– Дұрыс қой, қолымыздан келгенін істейміз.

– Қанша болды сайлау комиссиясында істегеніңізге?

– Сізге оның не қажеті бар?

– Менің білуіме болмай ма?

– Болмайды. Керек сұрағыңызды қойыңыз. Түсінбеймін сізді. Ондай сұрақтарды комиссия төрайымына қойыңыз. Сіз келе салып сондай деп...

Байтілеу мен Дүйсебаев сайлау учаскесіне барды.

«Бізге деген көзқарасы осыдан көрінеді. Мәдениетсіздік, дөрекілік. Қазірден бастап кедергі жасап, блок қойып жатыр», – дейді Данияр Байтілеу.

Бізді дауыс беруге арналған кабина мен бюллетеньге арналған урна орналасқан кішігірім залда әйел кісі қарсы алды. Байтілеу одан бұл учаскеде 2500-ге жуық дауыс беруші бар екенін білді.

– Мына сайлау әділетті өтуіне атсалысыңыздар, бұрмалау болмасын, – деп қосып қойды.

– Ұсақ әрекетке баратын, құл сияқты адаммен әріптес болғым келмейді, – деп Өмір Шыныбекұлы әңгімеге қосылды. – Алдында Аймағамбетовқа айтқам: дауыс ұрлаған мұғалімдерге шара қолдану керек. Сондықтан масқараға қалмайық деймін. Кез келген ұрлықпен ұсталған мұғалімді жұмыстан шығару үшін соңына түсемін.

– Бақылаушыларға кедергі жасамаңыздар! – деп ескертеді Д.Байтілеу.

– Бізге арнайы келіп бәрін түсіндіріп кеткен, біз білеміз, – деп, әйел жауап қайтарды.

«Жарайды, бұл жігіт палау да, ақша да таратпайды»

Келесі кездесуге бара жатқан жолда Дүйсебаев қазылған жолды көрді.

«Шығып, түсіріп алайын ба?» – дейді ол ескі әдетіне басып.

Жолда Байтілеу мен Дүйсебаев сайлауалды науқанды қалай өткізуді талқылайды.

«Бірінші кездесуден-ақ адамдарға балаларын, немерелерін бақылаушы ретінде саған жіберуді сұрау керек еді. Үйрене берсін. Заңға қайшы емес қой. Рұқсат етілмеген митинг емес. Кездесулеріңді әлеуметтік желіге салсай. Неменеге ештеңе салмайсың!?» – деп шағынады Байтілеу.

«Қалай сонда, өзімнің қалай жүріп, не сөйлескенімді салам ба? Одан да баяғыдай машинаға отырып, мегафонды алып, аудандарды аралап, айғайлап, насихат жүргізбеймін бе. Үйлер мен көшелерді аралаймын», – дейді Дүйсебаев.

Біз Саяжол деген тар көшеге келдік. Ол да Қума көшесі сияқты Бадам өзенінің бойында орналасқан және мұнда да негізінен жер үйлер. Бізді Дүйсебаевтың тағы бір сенімді өкілі Қайрат Дәулетбақов қарсы алды.

Тұрғындар есікті ашып, үй иесінің атын айтып, «Шығыңдар! Жиналыс!» – деп айғайлап, көше бойын зулатып өтіп шықты.

Бірнеше минуттан соң Дүйсебаевты жеті адам қоршап тұрды. Олар күннен қашып, көшеде тұрған жүк көлігінің көлеңкесін саялады.

«Демалыс болса ғой, барлығын жинап алушы едім. Көбі қазір жұмыста», – дейді Дәулетбақов.

Қайрат Дәулетбақов

Байтілеу алдыңғы тұрғындармен кездесуде айтқан сөзін қайталады. Елдегі саяси жағдай, сайлау туралы заңдағы өзгерістер мен тәуелсіз үміткерлердің келешегі туралы сөз қозғады.

Біз сәл әріректе, есігінің алдында отырған көше тұрғыны Заманбек Қанафинмен әңгімелестік. Шымкентте туған, жасы 65-те. Ол сайлауға да, тәуелсіз үміткерлерге де, елдің жарқын болашағына да сенбейді.

«Дым өзгеріп жатқан жоқ. Мынаның бәрін өзіміз тұрғыздық. Су, жарық, сымның барлығын өзіміз әкеліп қойдық. Сыйластық жоқ. Мемлекет пен халық арасында еш қатынас жоқ. Депутат жоқ қой. Бұрын дауыс жинау үшін ақша, арақ, күріш, құмшекер беретін. Сайладық қой, бірақ сайлаудан ештеңе болып жатқан жоқ. Ешкімге сенбеймін. Тәуелсіз үміткер шықса да, еш билігі болмайды. Тойдық. Басшылар ұры екенін білеміз. Сайлауға, тағы басқаға жеткен жоқпыз әлі. Заңға ешкім бағынбайды. Ату, асу ғана қалды», – дейді Қанафин күннен көзін сығырайтып, жиналыс өтіп жатқан жаққа сенімсіз қарап.

Заманбек Қанафин

Байтілеудің тұрғындармен әңгімесі Ресейдің Украинаға басып кіруі тақырыбына ауды.

– Мына алдағы тірлікті айтыңдаршы одан да, қойыңдаршы. Округтен мәслихатқа қанша адам түседі? – дейді жиналысқа келгендердің бірі Нұрхат аға.

– Тоғыз, – деп жауап береді Дүйсебаев.

– Қай жерде өтеді?

– Сіздің учаскеңіз балабақшада, Алпамыста.

– Қалған үміткерлер кімдер? Қайда анау тоғызы?

– Олар әлі сізге келеді. Палау пісіріп, макарон береді, – дейді Байтілеу.

Иә, осылай тамақ беріп, уәде етіп, сайланып алады да, жоқ болып кетеді ғой! Сайлайық, мақұл, бірақ бізге істейтін адам керек, – дейді Жақсыгүл апа.

– Мен 33 жыл тұрам осы жерде. Бұл жерге тек былтыр ғана асфальт салды. Шамдарды да кеше ғана қойды! Оның өзінде жарық бағанын өзіміз қойдық, өзіміз тарттық. Талай адам келіп, қатырамын деп, аяғында түк істеген жоқ. Трансформаторға да ақшаны өзіміз жинадық. Ол байғұс мешітте тұр. Мынау үйлердің, – қолымен көшенің сол жағына сілтейді, – көбінің құжаты уақытша берілген. Әр он жылда барып, ақшасын төлеп, қайтадан он жылға аласың құжатты. Жарық, телефон келді, газ тартылды, бірақ жер жалға алынған сияқты. Жемқорлық.

– Бұл мәселені көтересің бе? – деп сұрайды Байтілеу Дүйсебаевтан.

– Депутат болсам да, болмасам да, көтерем.

Осыдан кейін тұрғындар салынған асфальтың сапасының төмендігіне және қоғамдық көліктің сирек жүретініне налыды.

– Жарайды, бұл жігіт палау да, ақша да таратпайды. Келіп, әңгімесін айтып отыр. Сол үшін таратқандардың бергенін үндемей жеп алып кете беріңдер, ал бірақ анау жаққа барғанда өздерің шешіңдер, – дейді Нұрхат аға.

– Мақсатты депутат етіп алсақ, кіретін жерге кіріп, бомбалайтын жерді бомбалаймыз. Мақсатты қолтығынан ұстап аламыз, – деп күледі Дәулетбақов.

Жиналысқа тағы бірнеше адам келіп қосылды. Олардың бірі әділ сайлау болмайтынын, «тізімді беріп қойғанын» айтты.

– Тізімді беріп қойған. Бәрін сайлап қойған. Сайлау процесі мүлде дұрыс емес. Олар сайлау біткен соң бюллетеньсіз тек протоколды тапсырады. Бақылаушылар ғана санап жүреді, – дейді ол.

– Байқаушы көп нәрсе істей алады. Оны Қосановтың кезінде көрдік, – дейді Байтілеу.

Қайрат Дәулетбақов

– Ешкімге дауыс берейін деп тұрған жоқпын. Мен бақылаушы да болдым, сайлау комиссиясында да жұмыс істедім. Бұндай сайлауға қатыспай-ақ қояйын деп шығып кеттім.

– Сазтөбеде ауыл әкімін сайлаған. Сөйтіп ана жақтан қоңырау шалып, «өзіміздің адамымызды сайлайын деп едік, мына жақтан Нұр Отан қысып жатыр» деді. Сосын біз барып, бақылаушы болуды жөн көрдік. Әкім, прокурор, полиция ол туралы біліп, екі күн бұрын бізге келе бастады. Біз сазтөбедегілерге бармайтынымызды телефонмен айттық, бірақ тыныш қана бетпе-бет жолығып, жататын жерді дайындап қойдық. Түнде камераны тексеріп, ешкім жоқта зу етіп Сазтөбеге бардық. Таңертең сағат алтыларда десант сияқты учаскелерге шашылдық. Қабақтары түйілген, көздері бақырайып кеткен. Амалсыз кіргізді. Бізге күні бойы келіп, «Аманат» өту керек деген тапсырма берілді. Біз көнбедік. Кешке санақта шу көтеріп, айғай-шумен халық сайлаған адамды сайладық, – дейді Дүйсебаев.

– Егер бақылаушы мінез көрсетсе, дауыстың біреуін де бермеуге болады, – дейді Байтілеу. –Мен сені түсінем, бауырым, көңілің қалған ғой. Сеніміңе тағы бір мүмкіндік бер.

Жігерленген тұрғындар жан-жаққа шашырап, өздерін мазалайтын мәселені айтты. Нұрхат аға мұнай өндеуші зауыттан ауданда ауа ластануы бар дейді. Ол жанып тұрған шырақты көрсетіп, түсте бәрі оңды болса, түнге қарай шырақ үлкейіп, ауа ластанады дейді.

Байтілеу мен Дүйсебаев бәрімен қоштасып, көлікке отырды. Олар кездесуді және адамдардың алдында қалай сөз сөйлеу керек екенін талқылады. Дүйсебаев енді сенімді өкілін үйіне жеткізіп салады. Бүгінге үгіт-насихат аяқталды, енді келесі кездесулер мектепте өтпек. Соған дайындалу керек.

Власть басылымы саяси жарнамамен айналыспайды, бұл материал басылым жариялайтын түрлі сайлаудағы кандидаттардың басқа да портреттері сияқты, кандидат немесе оның штабы жарияланым үшін ақы төлемеген. Власть бұл материалды тек ақпараттық мақсатта жариялап отыр.