Айнұр Аханова, ʼ98mag журналының бас редакторы, арнайы «Власть» үшін
Мен мәдениет туралы жазатын '98mag тәуелсіз журналының бас редакторымын. Ақпанда жобамызға үш жыл толады. Осы уақыт аралығында біз ашық әрі түсінікті жүйе бойынша жұмыс істедік. Брендтер мен агенттіктер бізге жарнама береді, сол ақшадан авторлар, редакторлар, дизайнерлер, операторлар, фотографтар, IT мамандары мен басқа фрилансерлердің жұмысына ақы төлейміз.
Бірақ енді бұлай жұмыс істей алмауымыз мүмкін, соған жақын қалдық. Бұл біздің өнім нашар деген сөз емес. Оған ресми салық режимін таңдағанымыз түрткі болып отыр, ал мемлекет қабылдаған режим B2B саласында жұмыс істейтіндерге қиын соғып тұр.
'98mag қалай жұмыс істейді және салық реформасы оны қалай өзгертеді?
'98mag — шағын команда, дегенмен бірге жұмыс істейтін адамы көп. Штатта он шақты адам бар, бірақ әр жобаға бөлек команда жинаймыз: арнайы жобаларға дизайнерлер мен веб-студияларды, түсірілімдерге продакшн топтарды, фотосессияларға фотографтар мен стилистерді шақырамыз. Біз — жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі бойынша істейтін жауапкершілігі шектеулі серіктестікпіз (ЖШС). Мердігерлеріміздің көбі — жеңілдетілген салық режиміндегі жеке кәсіпкерлер. Бұл — шағын бизнестегі қалыпты, заңды экожүйе, яғни бір кішкентай ойыншы өзіне сондай тағы бірнеше кішкентай ойыншыны тартады.
2026 жылдан бастап бұл экожүйе ойыннан шықпақ. Жаңа Салық кодексінің 286‑бабы 16‑тармағына сәйкес, жалпы салық режимі бойынша істейтін компаниялар жеңілдетілген салық режиміндегі кәсіпкерлерден алған қызметке кеткен шығынды салықтан шегере алмайды.
Қарапайым мысалмен айтар болсақ, ірі брендтер мен агенттіктерге бізбен жұмыс істеу тиімсіз болады, себебі олар ұсынып отырған қызметімізді шығын ретінде есептей алмайды. Ал біз жалпы салық режиміне өтсек, жеңілдетілген салық режиміндегі фрилансерлерімізбен жұмыс істеу өзімізге тиімсіз болады.
Жаңа өзгеріс «тізбектің басында» тұрғандарға да, «соңында» тұрғандарға да әсер етеді. Мемлекет мұны «салықтан жалтаратын» тәсілдерге қарсы күрес деп атайды. Шындығында мемлекет ұсынған ереже бойынша адал жұмыс істеген адамдарға қарсы күрес болып тұр.
Біздің және әріптестеріміздің сауалына жауап берген ұлттық экономика министрлігі бұл ереже «салық жүктемесін әділ бөлуге» арналған дейді. Олардың айтуынша, бұл — жеңілдетілген декларация негізінде жұмыс істейтіндерге ғана қатысты ереже. Статистикаға сәйкес, жеңілдетілген салық режиміндегілердің шамамен 20 пайызы ғана жалпы салық режиміндегі компаниялармен жұмыс істейді, олардың көбі көтерме сауда, құрылыс және B2B қызметтері саласында. Ал шағын бизнес «жалпы салық режиміне оңай ауыса алады», оның жылдық айналымы 43 млн теңгеден аз болса, қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеудің қажеті жоқ.
Қағаз жүзінде бұл дұрыс сияқты көрінгенімен, шын мәнінде бірнеше маңызды «мәселе» бар.
Біріншіден, сол 20 пайыздың ішінде біз де бармыз: B2B саласы, креатив индустрия, агенттіктер, продакшн компаниялар, тәуелсіз медиа, студиялар, шағын қызмет көрсететін бизнес.
Екіншіден, жалпы салық режиміне ауысар болсақ, мәселе тек табыс салығының пайызында емес, оны төлеу бізге расымен де қиын болады. Мұнда әңгіме басқа бухгалтерия, басқа қатерлер, шығыны көп әкімшілік жұмыстар туралы. '98mag сияқты жобаға бұл «режимді ауыстыру» ғана емес, авторлардың қаламақысынан бастап, брендтерге арналған жобаның бағасына дейінгі қаржы модельдерінің бәрін қайта реттеу дегенді білдіреді.
Креатив индустрияны не күтіп тұр?
Ештеңе өзгермесе, '98mag-тың (жүздеген ұқсас жобалар сияқты) алдында үш сценарий тұр.
Біріншісі — жалпы салық режиміне өтіп, күнелту. Теорияға сәйкес, мемлекет бізден осыны күтіп отыр. Шын мәнінде, салық жүктемесі өссе, пайдасы шикізат немесе құрылыс бизнесіне қарағанда әлдеқайда төмен медиа жобада контентке және қызметкерлерге жұмсалатын қаржы азаяды. Фрилансерлермен байланыс үзіледі, себебі біз ЖШС ретінде жалпы режимге өтсек те, авторлар мен мамандарымыздың көбі жеңілдетілген салық режимінде істейтін жеке кәсіпкер ретінде қалады, өйткені бұл — олар үшін ең тиімді формат. Икемді жұмыс форматында істейтін жобаны шағын корпорацияға айналдыруға тырысу оң нәтиже бермейді.
Екінші сценарий — жеңілдетілген салық режимінде қалып, серіктестердің бір бөлігінен айырылу. Қазірдің өзінде ірі компаниялар өз саясатын қайта қарап жатқанын көріп отырмыз. Кейбіреуі 2026 жылдан бастап тек жалпы салық режиміндегі қызмет көрсететіндермен және/немесе ҚҚС төлейтіндермен жұмыс істейміз деп ресми түрде хабарлады. Мұндай жағдайда біз кейбір клиентімізден айырыламыз, бағаға қысым болады, тікелей B2C бастамалардың үлесі өседі, бірақ олар B2B-ден түсетін табыстың орнын толтыра алмайды. Әрбір тоқтаған келісімшарттың артында жазылмаған мәтін, түсірілмеген видео, мамандар ала алмай қалатын қаламақы бар.
Үшінші сценарий — көлеңкеге кету немесе жабылу. Бизнестің бір бөлігі расымен де көлеңкелі схемаларға ауысатын шығар. Келісімшарттардың ресми құжаттары толық болмай, фрилансерлерге ішінара бейресми төлем жасап, ақша орнына бартерге келісуі мүмкін. Бизнестің бір бөлігі жай ғана жабылады. Заңды түрде істейтін шағын бизнес қысқарады, көлеңкеге кетеді және нарық ірі ойыншылардың бақылауына өтеді. Ал мемлекет мұндай жағдай болғанын қаламайды.
Креатив экономика — үлкен фестивальдер мен танымал кампаниялар ғана емес. Бұл жобалардың айналасында жүздеген ұсақ команда жиналады. Журнал брендпен арнайы жоба жасайды. Шағын агенттік ролик түсіреді. Театр тапсырыс бойынша спектакль қояды. Подкаст студиясы корпоратив клиентке эпизодтар сериясын дайындайды. Олардың бәрі бір логикаға сүйеніп жұмыс істейді: заңды тұлға жеңілдетілген салық режимінде болса, айналасында ондаған фрилансер мен икемді командалар жүреді, шағын бюджеті бар, адам еңбегінің үлесі көп.
Мұндай заңды тұлғалармен жасалған келісімдерге кеткен шығындарды салықтан шегеруге тыйым салу оларды корпоратив нарықтан шығарады.
Шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіледі дегенмен, брендтердің ірі агенттіктер мен холдингтерге тәуелділігі күшейіп, тәуелсіз медиа мен продакшндарға мүмкіндіктер қысқарып, креатив индустрия онша дамымай жатқанын байқап отырмыз. Ал ол дүниежүзінде экономиканы әртараптандыратын қозғаушы күш деп саналады. Мұнда әңгіме тек ақша туралы емес, қоғамда қандай әңгімелер айтылатыны жайлы: тәуелсіз медиа, арнайы бағыттағы жобалар, жергілікті бастамалардың дауысы сақтала ма, әлде тек сүзгіден өткендер қала ма?
Бұл мәселені қалай шеше аламыз?
Бір апта бұрын Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Қанат Нұров сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевқа хат жолдап, жеңілдетілген салық режиміндегі қызмет көрсетушілермен жасалған келісімдердегі шығынды салықтан шегеретін құқықты сақтап қалуды сұрады. Бизнес-омбудсмен де, шағын және орта бизнес атынан петиция бастаған салық бойынша кеңесші Екатерина Ким сияқты сарапшылар да бұл норманы сынаумен шектеліп отырған жоқ. Олар шағын бизнесті жойып жібермей, салықты оңтайландырумен күресуге болатын балама ұсыныстар айтып жатыр.
Жеңілдетілген режимде және жалпы режимде серіктестермен жұмыс істейтіндерді жүйеден толық шығарып тастамай, оларға бөлек салық мөлшерлемесін (мысалы, айналымның 6–8 пайызы) енгізуге болады.
Бизнеске келісімдерін, бизнес модельдерін қайта қарап, бухгалтерия жұмысын реттеп, бейімделіп алуға кем дегенде 18 ай уақыт берсе болады. Бәріне бірдей толық тыйым салудың орнына, бақылау жүргізіп, схемалар расымен де кең тараған салалар бойынша нақты жұмыс істеу қажет.
Мен салық бойынша заңгер де, фискал саясат маманы да емеспін. Мен журналдың редакторы болып істеймін, үш жылдан бері мәдениет туралы тәуелсіз медиа жасауға тырыстым, оны ашық B2B келісімдермен қаржыландырдым. [Нарықтағы] ойын ережесіне келістік: ЖШС тіркедік, келісімшарттар бойынша жұмыс істедік, салық төледік, брендтер мен агенттіктермен ұзақ мерзімді байланыс құрдық. Қазір сол ережелер өзгеріп жатыр, бастапқыда көлеңкелі схемалар таңдаған ойыншыларға қарағанда адал ойыншы қиын жағдайға тап болды.
Екатерина Ким мен Қанат Нұровтың мына пікіріне келісемін: шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге уәде беріп, сол уақытта жұмысын адал істеуге мүмкіндік бермейтін нормалар енгізуге болмайды. '98mag сияқты жобаларға жаңа Салық кодексінің қазіргі нұсқасы «салық аздап көбейеді» дегенді білдірмейді. Заң шеңберінде қаламыз ба, ары қарай жұмыс істей аламыз ба деген сұрақ бар.
Мемлекет салық көрсеткіштерін өсіруге ғана емес, елде тәуелсіз медиа, шағын агенттіктер, суретшілер, режиссерлер, IT мамандары мен авторлар болуына да мүдделі деп сенеміз. Олар заңды түрде жұмыс істеп, ертесі өзін салық есептерінен алып тастайды деп алаңдамауы керек.
Поддержите журналистику, которой доверяют.