3880
20 марта 2023
Назерке Құрманғазинова, фотолар автордікі

«Кімге дауыс береміз?» Сайлау учаскесіндегі бір күн

Кандидаттарды танымайтын сайлаушы, суретке түсудің әлегі, комиссияға жақпаған бақылаушы

«Кімге дауыс береміз?» Сайлау учаскесіндегі бір күн

19 наурыз күні қазақстандықтар мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлады. Биыл он тоғыз жылда алғаш рет депутаттарды тек партиялық тізіммен емес, бір мандатты округ бойынша өзін-өзі ұсынушылар арасынан таңдау мүмкіндігі туды.

Алматыда басқа қалалардан гөрі өзін-өзі ұсынушылар көбірек болды, олардың арасында қазіргі билікті сынап жүрген тәуелсіз кандидаттар да бар. Олар дауыс ұрлауға жол бермеу үшін учаскелерді барынша бақылаушылармен қамтуға тырысты.

Власть тілшісі Алматыдағы сайлау учаскесінің бірінде дауыс беру және оны санау процесіне қатысты. Сонымен, сайлау қалай өтті?

Үміткерлермен танысу

Алматының Әуезов ауданындағы Қазақ қатынас жолдары университетінде орналасқан №203 сайлау учаскесінде биылғы есеп бойынша 2212 сайлаушы бар. Бұл учаскеде тіркелген сайлаушылар мәжіліс сайлауына №3 округ бойынша, ал мәслихат сайлауына №7 округ бойынша түскен кандидаттарға дауыс береді.

Дауыс беру залының оң жақ қапталына бақылаушылар жайғасса, сол жақта сайлау комиссиясы орын тепкен. Сайлау учаскесіндегі комиссия төрағасы Айдан Серікқұловаға ақпарат таратуға келгенімді айтқанымда, басында қарсылық білдірді. Редакция тапсырмасын көрсеткенімде, ұзақ шұқшиып барып тіркеді.

«Қазір сағат 9.00. Тұрғындар белсенді дауыс беріп жатыр. Әзірге ешқандай заң бұзу болған жоқ. Бақылаушылар мен үміткерлердің сенімді өкілі бар», – деді Серікқұлова. Басқа комиссия мүшелері сияқты Айдан ханым да осы оқу орнында жұмыс істейді.

Кіреберісте кандидаттардың өмірбаяны жазылған тақтайша орналасқан. Сайлаушылар ақпараттық тақтайша тұрған тұста біраз кідіреді. Мәжіліс депутаты болудан үмітті 35 адам мен мәслихат депутаттығына үміткер 9 адамның өмірбаянымен таныса бастайды. Бірақ, мұндағы үш тақтайшадан қай үміткердің қай мандатқа таласып жатқанын бірден аңғару қиын. Жиналған жұрт бір-біріне көрген-білгенін айтып жатыр. Біреуі жасына қарап таңдау жасаса, енді бірі түйсігіне сенетінін айтады.

«Шамамен түсінгендей болдым. Кей тұста қате жіберген болуым да мүмкін. Қай партияны қолдайтынымды білемін. Ал бір мандатты үміткерлер арасынан таңдау қиын болды. Қайсыбір жарнаманы оқығаным бар, соған сүйендім. Үгіт-насихат жүргізген кездесуде болмадым. Өзім жылда дауыс беруге келемін. Алға жылжу бола ма деп үміттенемін. Жай ғана үміт…» – дейді ертелетіп дауыс беруге келген зейнеткер Иван Васильевич.

«Бұлардың қайсы жақсы, қайсы жаман екенін қалай білеміз. Билікке келгеннен кейін бәрі жемқор болып кетеді», – деді дауыс беруге кіріп бара жатқан тағы бір әйел.

Кандидаттардың қайда туып-өскені туралы аз да болса ақпарат алған сайлаушыларды енді түрлі-түсті төрт бюллетень күтіп тұрды. Партиялар тізімі көрсетілген бір ғана бюллетень арқылы дауыс беруге үйреніп қалған егде жастағы сайлаушыларға мұны түсінуге де ұзақ уақыт кетті. Бюллетеньдерін ұстап, қайта шығып, кандидаттардың өмірбаянын қарап жатқандар да болды.

Жұмысқа есеп беру

Дауыс беріп жатқандардың көбі – зейнеткерлер. Ал орта жастағыларға тән бір нәрсені байқадық: қай-қайсы да асығыс дауыс береді де, міндетті түрде суретке түседі. Себебін сұрағанымызда, жұмыстан сұратып жатқанын айтты. «Айтпасақ та түсінікті ғой», «Жұмысқа асығып барамын. Иә, дауыс беруге міндеттеді» деп көбі қысқа қайырды.

«Иә, жұмыстан сұрап жатыр. Мына жердегі бір үміткерді де танымаймын. Үй жаққа қағаздарын іліп кеткен. Арасынан біреуін таңдай салдым, – деді атын атамауды өтінген орта жастағы ер адам. Мемлекеттік қызметте істейтінін айтып, тіпті дауыс бергені жайлы есеп беріп жатқан чатты да көрсетті. Суретке түсіріп алсақ деген едік, қарсы болды. – Қуана көрсетер едім, бірақ жұмыстан шығып қалғым келмейді. Міне, мынау біздің чат, бәрі суретін жіберіп жатыр».

Осы сәтте кіріп-шығып жатқан сайлаушылар арасынан бір қария оншақты бақылаушы отырған жаққа бұрылып, «Ақ жол» партиясынан бақылаушы бар-жоғын сұрады. Бар екенін білген соң бақылаушыға бұрылып: «Шыныңды айтшы, Азат Перуашев осы жолы депутаттыққа түсе ме? Жетеді ғой, орнын босатсын, жастарға берсін. Жұмыстың бәрін тастап, осында әдейі келдім. Жаңа Қазақстанды жаңадан бастау керек. Бәрі қуыршақ… Оның жылағаны естеріңде ме?» – деп қызбалана сөйлеп кетті. Бақылаушы болып келген жігіт: «Біз оған жауапты емеспіз, бізде студенттерді жібереді», – деп жауап берді.

Комиссия төрағасы бақылаушыларға бұрылып: «Сайлаудан қалмайтын белсенді тұрғынымыз. Қатарынан төрт сайлау өткізіп, бәрін жаттап алатын деңгейге жеттік», – деді күліп. Былтыр өткен референдумды қосқанда, Қазақстанда кейінгі бір жылда төрт сайлау өтті, оның үшеуі кезектен тыс.

Наразы сайлаушылар

Біраз сайлаушы есептен шығару куәлігі болмағандықтан, басқа жақта дауыс бере алмағанына наразылық білдірді. Тағы бірі дауыс беруге келсе, сайлау комиссиясы дауыс беріп қойғанын айтыпты.

«Есімім – Рахат. Дауыс берген жоқпын деп жазып кеттім, мен жаңа тұрып келсем, дауыс бергенсіз деп қайтарып отыр. Таңертең ұлым келген, мен келген жоқпын», – деді ер адам. Комиссия төрағасынан бұл туралы сұрағанымда: «Ол кісі таңертең ұлымен бірге келіп, дауыс берген», – деп жауап берді.

Ерлі-зайыпты Вера мен Алексей де түсініксіз жағдайға тап болды. Осы ауданда отыз жылдан бері тұрып жатқанын айтқан екеу жылда осы сайлау учаскесінде дауыс беріп жүрген екен. Алайда, Вера бүгін сайлаушылар тізімінде жоқ болып шықты. «Маған мұны түсіндіре алмады. Әкімдік берген тізім дейді. Күйеуім тізімде бар, мен жоқпын», – деді ол. Бір кезде сайлау комиссиясының мүшесі келіп, оны қосымша тізімге қосатынын айтты.

«Үгіт-насихат жеткілікті дәрежеде болған жоқ. Жарнама тақтайшасында ақпарат аз. Үміткерлердің осы уақытқа дейін немен айналысқаны айтылуы керек еді. Бұл жерге туған жері мен отбасы жағдайын ғана жазып қойған. Парламент сайлауы өте маңызды. Балаларымыз, немерелеріміз өсіп келе жатыр», – дейді ол.

Тағы бірнеше адам бюллетеньде кейбір үміткерлердің аты-жөні сызылғанына наразы болды. Мұндай бюллетень жарамсыз екенін айтып, дауыс беруден бас тартқандар да кездесті. Сайлауға жетпей жарыс жолынан шығып қалғандардың аты-жөнін бюллетеньде сызып тастау – Қазақстанда жиі қолданылатын әдіс, себебі бюллетеньдер алдын ала шығарылады, ал кандидаттарды додадан соңғы уақытта алып тастауы мүмкін. Парламент сайлауына дейін түрлі себеппен тіркеуден өткен үміткерлердің кейбірі сайлауға жіберілмеді, кейбірі сот арқылы қайта оралғанымен, көбі сол күйі қатыса алмады.

Бақылаушылар және сайлау комиссиясы

Түске таман дауыс берушілер сирей бастады. №203 сайлау учаскесінің комиссия төрағасы Айдан Серікқұловадан қанша адам дауыс беріп үлгергенін сұрағанымда, жауап бере алмайтынын айтты. Екі рет сұрадым, екеуінде де осылай ғана жауап қатты. Бұл ақпаратқа тәуелсіз бақылаушылар да қол жеткізе алмаған екен.

– Заңға сәйкес, сіз бұл ақпаратты хабарлауыңыз керек емес пе?

– Жоқ, айта алмаймын.

– Не себепті айта алмайсыз? Сіз сағат сайын қанша адам қатысқанын аумақтық сайлау комиссиясына хабарлап отырасыз ғой?

– Жоқ, хабарлап отырмаймын.

Бұл кезде дауыс бергендер санын жасыру елдегі басқа да сайлау учаскелерінде кездескені белгілі болды. Ал Орталық сайлау комиссиясы күні бойы сағат сайынғы есепті кеш хабарлап отырды. Әрі брифингте журналистерге сұрақ қоюға мүмкіндік бермеді. Тәуелсіз бақылаушының есебі бойынша, сағат 16:00-де 2212 сайлаушының 355-і дауыс берген.

Кешке таман дауыс беруге бірен-саран ғана адам келді. Сайлау комиссиясының мүшелері түгелдей дерлік осы учаскеде тіркелгенін айтып, кезекпен дауыс берді. Олар да суретке түсті.

Біз барған учаскеде бақылаушылар көп болды. «Amanat» партиясының өзінен үш адам, Respublica партиясынан, мәслихатқа №7 округтен өзін-өзі ұсынған тәуелсіз кандидат Равқат Мұхтаров пен Ерлан Тоғынбаевтың атынан бақылаушылар болды. Baqyla, «Ел дауысы» сияқты ұйымдардан келгендер де бар. Алдыңғы қатардағы бақылаушылар тапжылмай отырды. Ал кейбірі түске дейін шыдамай ұйықтап қалды.

Дауыс беру аяқталуға таяған тұста сайлау учаскесіндегі тәуелсіз бақылаушылардың жағдайы қиындай түседі. Көбіне бұл кезде сайлау комиссиясы түрлі себепті желеу етіп, бақылаушыларды учаскеден шығарып жіберуге тырысады. Дәл осындай хабарламалар басқа учаскелерден келіп жатты. Ал біз отырған учаскеде кейбір бақылаушылар дауыс беру уақыты аяқталмастан кетіп қалды. Мәжіліс сайлауына түсіп жатқан журналист Ермұрат Бапидың (өзін-өзі ұсынушы) сенімді өкілі де шығып кетті.

19:58-де бір сайлаушы дауыс берді де, 20:00-де дауыс беру жабылды. Комиссия төрағасы бақылаушыларға: «Алдымен қолданылмаған бюллетеньдерді санап, оны жоямыз, мобильді топтарға арналған 10 бюллетенді ашамыз, содан кейін ғана негізгі дауыс беруге арналған жәшікті ашамыз», – деп хабарлады. Бірақ әлі де қанша адам дауыс бергенін айтпады.

Сайлау комиссиясының мүшелері бюллетеньдерді санай бастады, ал бақылаушылар алыстан бақылап отырды. Тәуелсіз бақылаушы Абзал Молдабергенов жақыннан суретке түсіріп алуды сұрап еді, қолданылмаған бюллетеньді санап болғанда шақыратынын айтты. Басқа бақылаушылар үнсіз отырды.

Бір жарым сағаттан кейін негізгі дауыс беру жәшігі ашылды. Алдымен төрт түсті бюллетеньді бөлек жинап шығып, содан кейін санай бастадан. Жақыннан видеоға түсірмекші болған Молдабергеновке сайлау комиссиясының мүшелері дөрекі жауап қатып, рұқсат бермеді.

«Үстімізден төңіп тұрғанда санау қиын. Бәрін көрсетеміз. Сіз қайта-қайта ескерту жасата бермеңіз, босқа шығып қаласыз».

«Ескерту емес, тек қарайын деп жатырмын».

«Қазір төраға өзі көрсетеді. Басқалар да отыр ғой», – деп басқа бақылаушыларды нұсқады.

«Солай отыру – олардың таңдауы. Мен болашағым үшін алаңдаймын».

Бақылаушы комиссия төрағасына бұған дейін бірнеше рет заң бұзу фактісі болғанда көз жұмғанын, бірақ бұлай жалғаса бермейтінін айтқан еді, учаске төрағасы: «Сіз бақылай аласыз, бірақ санай алмайсыз», – деп жауап қатып, онсыз да көп нәрсеге рұқсат бергенін айтты. Бюллетеньдерді қайта санап, өзара сыбырласып сөйлескен сайлау комиссиясының мүшелері дауыс санауды жалғастыра берді.

Бұл уақытта сағат 23:30 болды. Тағы бірнеше бақылаушы төрағадан хаттаманы мессенджер арқылы жібере салуын сұрап, қайтып кетті. Соңында төрт бақылаушы ғана қалды.

Хаттама нәтижесін ұзақ толтырған сайлау комиссиясының мүшесі қашан дайын болатынын сұраған әр адамға: «Сіздер таңертеңнен жүрсеңіздер, біздің сайлау деп жүргенімізге нешеме күн болды!» – деп жауап беруден танбады.

Екі сағаттан кейін, түнгі 2:00-де №203 сайлау учаскесінің хаттамасы дайын болды. Нәтижесі: учаскеде тіркелген 2212 адамның 492-сі дауыс берген, яғни шамамен 22%-ы қатысқан. Мәжіліске де, мәслихатқа да партия тізімі бойынша билік партиясы ең көп дауыс жинады. Одан кейін жаңадан тіркелген Respublica тұрса, «барлығына қарсымын» деген нұсқа үшінші орында.

Мәжіліске өзін-өзі ұсынған кандидаттар арасында ең көп дауысты (107 дауыс) журналист Ермұрат Бапи жинады. Ұзақ жыл бойы оппозиция қатарында жүрген Е.Бапи кейінгі жылдары билік бастамасымен құрылған қоғамдық инстуттарды бой көрсетіп жүр. 20 наурыз күні Орталық сайлау комиссиясы бұл округ бойынша Ермұрат Бапи жеңіске жеткенін хабарлады.

Бәріне қарсы болғандар – 101, одан кейінгі көп дауыс тіркелмеген «Демократиялық партия» мүшесі, белсенді Инга Иманбайға тиесілі. Ингаға 41 адам дауыс берген. Қалған үміткерлерге берілген дауыс саны алғашқылардың жартысына да жетпеді.

Мәслихатқа өзін-өзі ұсынған тоғыз кандидатқа қарағанда, «Бәріне қарсымын» деген нұсқаға дауыс берушілер көп болды: 158 дауыс.