4052
27 марта 2023
Ольга Логинова, Алмас Қайсар, Власть

Жем. Жабылып қалған бұрынғы әскери қалашықтың жаңа өмірге үміті жайлы

Ақтөбе облысындағы Ембі-5 полигоны қайтадан әскерилер келуін күтуде

Жем. Жабылып қалған бұрынғы әскери қалашықтың жаңа өмірге үміті жайлы

Жем – Қазақстандағы ең кішкентай қалалардың бірі. Бір кездері әскери қалашық Ембі-5 немесе сол кездегі құжат бойынша №10 алаңқай болған бұл қала кеңестік әуе қорғанысы жүйесінің сынақ полигоны болды. Кейінірек ол Ресейге жалға берілді. Ресей әскерилері кеткен соң өңірде және бұрынғы полигон аумағында мұнай кен орындары болғанына қарамастан, аймақ ұзақ уақыт бойы тастанды қала болып қалды. Власть Жем тұрғындары қазір қалай өмір сүріп жатқанын баяндайды.

Алматы-Шалқар пойызы Ембіге жетті. Бес минуттық кідірісте аз ғана жолаушы тез түсіп үлгерді. Вокзалдан кейін бірден қала көрінеді. Бірақ тізіле орналасқан аз қабатты жеке үйлер, асфальт төселмеген тар көше бойымен ашық сары түсті униформа киіп, вахтаға асыққан мұнай кәсіпорындарының қызметкерлері қаладан гөрі ауылды еске салады.

Осыдан он шақырым жерде бір кездері кеңестік құпия әскери қалашық болған Ембі-5, қазіргі Жем қаласы орналасқан. Ембі тұрғындары мекендерін жай ғана “қалашық” деп атайды. Қазір олар қала маңындағы полигонда алпысыншы жылдардан бері кеңес зымырандары сыналғанын жақсы біледі, ал сол кездері бұны білетін адам жоқтың қасы еді. Жемге дейін шамамен бір жарым сағат жүру керек. Жүргізушілердің бірі бізді қалаға апарып тастауға келісті.

«Ембі-5-те тапшылық заманында да азық-түлік жеткілікті еді, оған қоса бағасы да арзан болды, – дейді жүргізуші. – Ембі тұрғындары егістік алқаптары арқылы Ембі-5 жағына өтуге тырысатын. Оларды ұстап, “жауып тастайтын”, бірақ танысы барларды түбі босатып жіберетін… Ауылдықтардың жайылымын алып қоятыны жаман еді [полигон қажеті үшін]».

Асфальт жолдан соң бірінші учаскелердің бетон төселген жолына түстік. Қар басқан далада тозығы жеткен әскери бөлім ғимараттары көріне бастады. Кей жерлерде жер астынан қазып алынған кабельдер, қар үйінділерінің астынан жерасты құрылыстарының саңылауларын көруге болады.

Полигон

Ембі-5 сынақ полигоны Ақтөбе облысының орталығында, Ақтөбе қаласынан 200 метр қашықта орналасқан. Алғашында аумағы шамамен 3 миллион гектар болған. Бұл территория 1955 жылы Кеңес Одағының қарулы күштеріне жалға берілді. Содан бері әр жылдағы келісімге сай өңір аумағы да кішірейе берді.

1960 жылдардан 90-жылдардың соңына дейін әуе қорғанысы жүйесі мен «Круг», «Бук», «Тор», «Куб», «Оса», «Тунгуска» зениттік зымыран кешендері мен «Игла» тасымалға арналған зымыран кешені сынақтан өтті. Полигон маңында «Карась» әскери аэродромы орналасқан еді. 1999 жылы әскери бөлім таратылып, әскери техника Капустин Яр Ресей полигонына жеткізілді. Бірақ 2016 жылға дейін Ембі полигоны Ресей Федерацияның жалдамалы аймағы болып қала берді. 2017 жылы оның қазіргі аумағының 300 мың гектарын Қазақстанға қайтару үшін құжаттарды қайта рәсімдеу басталды.

Сынақтан кейінгі қала

Бірнеше сағат бұрын қалың қарға көмілген ағаш толы көше көп етпей алтын күзді еске салды. Көшедегі Мәдениет үйі маңында бұзауымен бірге жем іздеп жүрген сиыр көп. Есіктен күзетші Айдарбек Дүйсебаев сығалап, ішке кіруді ұсынды.

«Біз 1999 жылы Ембіден Жемге көшіп келдік. Ата-анамыз осында жұмыс пен ірі жобалар болады деп ойлады. 2000 жылға дейін расымен-ақ бәрі жақсы болды. Кейін Ресей әскері кетіп қалды», – дейді ол.

2001 жылға дейін қалада ірі мұнай қазандығы істеп тұрды. «Бір күні қыс ортасында сонда апат болды, – дейді Айдарбек Дүйсебаев. – Жылу, ыстық су – электр энергиясынан басқаның бәрі тоқтап қалды. Қыстың қақ ортасында! Үйге кірсек, қырау басып қалған. Бұл, әрине, қиын, бейберекет күндер еді. Бәріміз көпқабатты үйде тұрдық, суды сайдан тасып іштік. Оны жылытып, баклашкаларға құйып, көрпеге орап, күртешемізді шешпестен, сол баклашкаларды құшақтап ұйықтайтынбыз. Сөйтіп жүріп, бір қыстан шықтық. Келесі қыста да жылу болмайтынын түсініп, өзіміз пеш жаға бастадық. Бірдеңе қылып жылыну үшін ағаштарды кесіп, қаңырап қалған үйлердің есік-терезелерін жұлып әкеліп жүрдік. Бірнеше жыл осылай өмір сүрдік. Жылу тек бір үйде бар еді – онда ресейліктер тұратын. Қалған бір бөлімшенің адамдары 505-үйде тұратын. 20 күн ішінде қазандық салып, өздерін құтқарып алды. Ал біз әкіміміз бар, өз еліміз, өз қаламыз деп, соған үміт артып отырамыз ғой».

Қаладағы көп нәрсе істен шығып, тұрғындардың көбі басқа жаққа кетіп жатты. Айдарбек Дүйсебаев сол кездері әкім болып келген Әлімжан Қорғанбай тұрғындардан дауыс жинап, кейін Жемге газ тартылғанын есіне алды.

«Осыдан кейін қала дами бастады, біз де қатты қуандық. 2001 жылы қалада қоныс колония пайда болды. Онда жазасының көп уақытын өтеп болған тұтқындар тұрды. Кешкі 9-ға дейін олар көшеде қыдыра алатын, кейін ғимаратқа қамап қоятын. Кейінірек колония үлкен абақты қарауына өтіп, ақыры ол қатаң режимдегі түрмеге айналды».

Айдарбек Дүйсебаев 2010 жылы әскерден оралып, сол жерге күзетші болып жұмысқа орналасады. Кейін сол түрмеде он бір жылдан аса жұмыс істеген.

«Шамамен екі мыңға жуық тұтқын болды. Әрине, олардың арасында түрлі адам болғандықтан, өте қиын еді. Ауыр қылмыс жасап түскендер көп болды». Айдарбек Дүйсебаевтың сөзіне қарағанда, түрменің қала аумағында болғанына тұрғындар қарсы болмаған.

«Әрине, іште жүру қорқынышты, түрме ғой. Бірақ ақырындап көз үйрене бастайды. Онда терроризм, қашу оқиғалары болған емес. Қоныс колония болған кезде тұтқындардың біреуі бір жігітті өлтіргені бар. Металл өткізіп жатып, екеуі сөзге келіп қалып, ақыры солай болған. Ал жалпы, түрме қатаң бақылауда болды», – дейді Айдарбек.

2019 жылы түрме жабылып, осында қоныс аударған қызметкерлер мен сарбаздар басқа қалаларға жіберілді. Айдарбек Дүйсебаевты Жаңаөзенге жіберген.

«Ол жақтың климаты қиындау, – дейді ол. – Маған жақпады. Қан қысымым түспей қойды. Басқа жаққа қоныс аудартамыз деп уәде берген. Сөйтіп жүріп бір күні инсульт алдым. Мүгедектік бойынша қызметтен кеттім».

Оның сөзіне қарағанда, қазір бұл жерде әскери база орналастыру жоспарланып отырғандықтан, қала жандана бастаған. «Көп бригада жұмысқа кірісіп кетті. Министрлеріміз келді», – дейді ол. Айдарбектің айтуынша, салынғалы отырған ғимараттың бірі – әскери қару-жарақ қоймасы. Қорғаныс министрлігі Власть тілшілеріне қойманың орналасқан жері туралы ақпараттың «таралу ауқымы шектеулі» екенін айтып, толық мәлімет беруден бас тартты.

Айдарбек Дүйсебаев

Айдарбек Дүйсебаевтың айтуынша, тұрғындар қойманы орналастыруға байланысты жарылыс қаупінен қорықпайды.

«Шынымды айтсам, бір рет қателесті, екінші рет қайталады, бірақ үшінші рет қайталанбауы керек қой, – дейді ол. – Құрылыс кезінде іргетасты бетоннан құяды деп естідім. Жарылып кетсе де, жарылыс тек қойма аймағында қалады. Ештеңе етпес, 20-алаң алыс жатыр. Арыстағыдай емес. Әрине, кейде ертең жарылыс болып жүрмесе болды деп әзілдеп те жатамыз».

Айдарбек Дүйсебаев зымыран сынақтарының әсерін 90-жылдардың аяғында да, сынақ жүргізіліп жатқанда да, кейінірек сынақ тоқтатылған кезде де байқамағанын айтады:

«Экология бойынша бізде Семейдегідей болған жоқ. Тек бізде мұнда әуе қорғанысы спутнигі бар. Ал бұл – радиация. Өз уақытында бір зияны болған да шығар. Бірақ жүздеген адам қайтыс болды дегендей дерек жоқ. Мұнда негізі оқыту жұмыстары жүргізілді. Әуежай болды. Бәрі жабық тұратын. Ұшақ ұшатын, танк полкі болды».

Мәдениет үйінен оңға қарай жүріп, көпқабатты үйлер мен аласа қарағаш егілген аулалары бар орталық көшеге түстік. Жаңадан әктелген үйлер кеңестік құрылыс қирандыларымен қатар тізілген. Жалғызбасты жұмысшы жартылай қираған үйдің құрылыс қалдықтарын сыпырып жатыр. Бұрыштан өте бере қараусыз қалған бір типпен салынған, бес қабатты бес үй, одан кейін – ен дала.

Жергілікті тұрғындар кейінгі орналасқан үйлерге өтуді ұсынды. Олардың айтуынша, онда кеңес кезеңін көрген, есіне сақтап қалған қарттар анда-санда жиналады. Бірақ қазіргі тұрғындардың көбі Жемге Кеңес Одағы тараған соң көшіп келген. Біз көрген әйелдердің бірі күле қарап, ауладағы дүкенге қарай асыға жетеледі.

Онда азық-түлік, тұрмыстық химия мен қарыз дәптерін көрдік. Бізге дейін дүкенге бір ер адам кіріп, азық-түлік алды. Сатушы қарыз дәптеріне сол адамның берешек сомасын жазып қойды.

«Бәрі қарызға алады, – деп түсіндірді ол. – Кейін ай соңында әйтеуір бірдеңе ғып төлейді».

Ар жақта теледидар тұр екен. Оның жанында бірнеше әйел жиылып, тұрмыс туралы әңгіме айтып отыр.

«Басқа қалаға көшкілеріңіз келмеп пе еді?» – деп сұрадық.

«Көшкенмен, қайда барамыз, – деп жауап берді сатушы әйел. – Халық бұған дейін қашпады, біз де қашпаймыз. Негізі, бұл – жақсы жер. Бастысы, қаламыз қирамаса болғаны. Адам өзін асыраудың бір амалын табады. Көбі үлкен қалаға көшуге асығады, ал онда пәтерақының өзіне қанша ақша кетеді. Ақтөбе немесе Алматыға барсақ, аштан өлеміз. Ал жалпы, бізге негізі халық саны артқаны жақсы. Біз жаққа көшіңіздер».

«Қалай десем екен, бізде жалақы аз, экология үшін төленбейді. Қазандықта жұмыс істеймін, жалақым – 70 мың теңге. Экологиялық проблема көп, адамдар ауырып жатады. Жел соқса, тым нашар иіс шығады. Газдың иісі ме, әлде шіріген жұмыртқаның иісі ме, белгісіз», – дейді ол.

Бұдан соң ол бізде өзінің шағын кафесіне шақырды. Кафе үйдің бірінші қабатында орналасқан. Мұнда тақтайша жоқ. Екі ер адам жөндеп жатқан бір кішігірім сөре мен балалар мерекесін өткізуге арналған алаңды еске салатын бір зал. Қабырғада шарлар ілулі тұр. Кафе иесі келуші болмаған соң кафені жапқанын айтты. Бірақ енді қайта ашуды жоспарлап отыр.

Кафеден шығарда аулада Любовьті (кейіпкер өітінішімен есімі өзгертілді – В.) кездестірдік. Одан әскери қалашықты бұрын қандай болғанын айтып беруін сұрадық.

«Жасым 74-те, 1967 жылдан бері осындамын, – деп бастады әңгімесін. – Мұғалжар ауданының Александровка ауылында дүниеге келдім. Кейін Мәскеу қару жасау техникумының Ақтөбеде филиалы бар еді, сонда оқыдым, кейін осында жіберді. Жалпы өзім де әскери қалашыққа сұранып тұрдым».

Ембі-5-те Любовь Ғылыми-зерттеу мекемесінде жұмыс істеген.

«Біз ұшыруларды өңдеумен айналыстық, жұмыс тез орындауды қажет ететін. Өте қиын жұмыс болды. Содан кейін зауыт директорлары нұсқаушыларға келіп, олар бізге сілтейді, біз тез арада бүкіл деректі беруіміз керек… Ол қайда ұшады (зымыран – В.), қай жерде түсіреді (әуе қорғанысы – В.), қай жерде оны атпайды, бәрі маңызды, – деп есіне алды Любовь. – Жұмыс өте құпия болды. Он жыл мерзімге қолхат жазатынбыз. Енді міне, осында сыналған өнімнің бәрі, «Тор» (кеңестік қысқа қашықтыққа ұшатын зениттік-зымыран кешені – В.) да, болат та әлдеқайда жақсы екенін білдік, қазір сатылады. Содан кейін мұнда финдер мен арабтар келіп, сол өнімдерді сатып алып жүрді».

Дәл осы әскери қалашықта Любовь отбасын құрған. «Күйеуім 1959 жылы қоныс аударған. Бұл аймақта құмнан басқа ештеңе жоқ еді. Жолдасым барлық үйдің салынғанына куә болды. Алаңдарда жұмыс істеді, кейінірек ауысты – әне, есептеу кешені, Зертханаларының ғимараты – сонда есептеу машинасының бастығы болды. Бірақ кеш ауысты. Оған дейін онкологияға шалдығып үлгерген екен.

Любовьтің сөзіне қарағанда, сынақ сол кездері полигонда жұмыс істеген әскерилердің денсаулығына да әсер еткен: «Бункерге уақытынан ерте кіріп қоятын кездер де болатын. Біреуі тіпті жас, 40-та кетті, асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққан екен». Любовьтің жолдасы емделуге Киевке барған, дәрігерлер қатерлі ісіктің екінші сатысында екенін айтқан.

«Жақсы өмір сүреміз, зейнетақымыз жақсы болар, әскерден қайтарар деп ойладық. Ал жаңағы сынақ… Онкологиядан алған емі жүрегіне қатты әсер етті, – дейді Любовь. – Отандық химия анау айтқандай жақсы әсер ете қоймайды, шыдау қиын, бірақ барымен базар дедік. Басында оған үш химия, кейін алты химия керек деді. Өмірін төрт жылға ұзартып берді, бірақ жүрек шыдамады – хирург жағдай жақсы екенін айтқан еді. Ота жасады, сәтсіз аяқталды. Қайтыс болды. Біз де осылайша осында қалып қойдық».

Любовь демобилизациядан кейін жолдасына полковник ретінде Киевтен үш бөлмелі пәтер бергенін, бірақ ол ауруынан пәтерді жекешелендіріп үлгермегенін айтты. Сондықтан пәтерді мемлекет алып қойған.

Қазір сол жылдары полигонда жұмыс істегендерге ешқандай қосымша ақы төленбейді.

«Зейнетақыдан басқа ештеңе жоқ. Қайтыс болған соң, зейнетақы да жоқ, – дейді Любовь. – Бұрын экологиялық өтемақы төленетін, еңбек демалысына да экология үшін қосымша бір апта демалыс беретін. Қазір соның біреуі де жоқ».

Власть Ақтөбе облысының экология департаментіне сауал жолдаған еді, ведомство бұрынғы полигон мен Жем қаласы аумағында территорияның радионуклидтердан, ауыр металдардан ластануына байланысты зерттеу жүргізбегенін айтты. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, 2007 жылдан бері Мұғалжар ауданында жаңадан пайда болған ауру мен науқас саны артқан, ал 2010 жылдан бері қан мен қан түзу мүшелері аурулары, темір жетіспеу мен қан айналым мүшелерінің аурулары көбейген. Бұл аурулар бойынша көрсеткіштер 2007-2018 жылдар аралығында облыс бойынша орта шамадан асып кеткен.

Любовьпен бірге сирек ағаштар тізіле отырғызылған жерден қиғаштай өттік.

«Полигон жабылғанда, негізі, азаматтар да зардап шекті, – дейді ол. – Қаншама тұрғын осында жұмыс істейтін, соның бәрі жұмыссыз қалды. Тіпті сауда да тұралап қалды, сенбі және жексенбі күндері қалаға келіп, бәрін алып кететінбіз, кейін бірдеңе сатып алатын адам да қалмады. Қазір деңгей көтеріліп қалған сияқты, бәрі бірдеңе сатып алып жатыр».

Қалада әлі де қажет инфрақұрылымның бәрі бар деуге келмейді.

«Дәріхана жоқ, банкомат жоқ, көлік жоқ, – дейді Любовь. – Қоқысты қаладан шығармайды, алып кетпейді, тек өртейді».

Суреті анық көрінбейтін, әзер тұрған кірпіш дуал маңынан өттік. Любовь бұл қиын-қыстау кезеңде ақша табу үшін қала тұрғындары бөлшектеп тастаған бұрынғы балабақша қалдығы екенін айтады.

«Жұмыс жоқ кезде өзім кірпіштерін бөлшектейтінмін, – дейді ол. – Әр кірпіш үшін 3 теңге төлейтін». Оның сөзіне қарағанда, қала әкімдері бұған тыйым салмаған. «Бұрынғы әкімдердің өзінің де үлесі болған болар, сондықтан қамқорлық еткен шығар», – деп болжады Любовь.

Оның айтуынша, жыл сайын қалаға қай үй қалыпқа келтірілетінін анықтау үшін арнайы комиссия келеді екен. Бірақ нәтиже жоқ. Любовь қаланы толығымен қалыпқа келтіру мүмкін екеніне сенбейді, ол бұған қыруар қаржы керек деп санайды. «Басында ресейліктерге үміт артты, бірақ олар қайтып келмеді. Қазір біздің әскерилерден үміттеніп отыр», – дейді Любовь.

Алдыңғы жылы тұрғын саны бір жарым мыңға жетпейтіндіктен, Жемнен қала мәртебесін алып тастау жоспарланды. Любовь бұл қате шешім деп есептейді. «Бұл облыс орталығы емес, бірақ бұл өз күші бар қосымша, аппендикс деуге болады. Неге? Ақша қалаға деп бөлінгенімен, өзгерген ештеңе жоқ», – деп ашына айтты.

Жаңа әскери бөлімді күткен жұрт

Жем қаласының қазіргі әкімі Жұматай Бисеновтің айтуынша, қалада қазір ауыл шаруашылығымен айналысатын адам аз болғандықтан қала мәртебесі сақталып қалған. Бұған қоса, Жемдегі үйлердің аз бөлігі ғана – жеке құрылыс, қалғаны – көппәтерлі үйлер.

Қалада 1459 тұрғын бар. Әкімдік дерегі бойынша, оның ішінде 80 адам Кеңқияқ пен Жаңажол сынды мұнайлы аймақта вахталық әдіспен жұмыс істейді. «Жұмыссыздық бойынша қалада тек екі адам өтемақы алады», – дейді әкім. Вахталық жұмысқа қоса, оның сөзіне қарағанда, қала тұрғындары құрылыс саласында жұмыс істейді. Көбі қираған үйлерді қалыпқа келтіреді. Жұматай Бисенов бұрын қалада мұнай өндіретін зауыт жұмыс істегенін, кейінірек кәсіпорын банкрот болғанын айтты. Әкім енді қалада жаңа мұнай-химия кешенінің құрылысын бастау жоспарланып отыр дейді.

Бұрынғы полигон аумағын Қазақстанға беру туралы құжаттарға қол қою кезінде оның жері ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатыны айтылды. Жем әкімі аумақ Қазақстанның қорғаныс министрлігіне берілгенін айтады. Қаладағы бұрынғы абақты ғимаратын да осы министрлікке өткізу жоспарланып отыр. Әкімнің сөзіне қарағанда, қазір полигонның 20-алаңында әскери нысандар құрылысы басталып кеткен. Жоба үш жылға жоспарланған. Сонымен қатар, «Ембімұнайгаз» полигон орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Қазір Жем әскерилерге үміттеніп отыр. 2021 жылы мұнда облыс орталығынан әскери бөлімшені көшіру жоспарланғаны туралы хабарланды. Содан бері қала 1500 әскери отбасын қабылдап, оларға тұрғын үй беруге дайындалып жатыр.

Қаладан шығаберістегі аумақтың бір бөлігі қоршалған, онда «Тыйым салынған аймақ» деген жазу бар. Жолай әскери формадағы жас қызды кездестірдік, ол құпиялық шартын алға тартып, бізбен сөйлесуден бас тартты. Бірақ №505 үйді іздеп көруге кеңес берді. Бұл – ресейлік әскерилер апаттан кейін өздері қазандық салып алған үй. Онда қазір де кеңес заманында полигонда қызмет еткен ардагерлер тұрады. Кейбірі әлі де жұмыс істейді, бірақ қазір қазақстандық әскери бөлімде жүр.

Қуантай Маханбетов Ембі-5-ке 1987 жылы келген, әскери әуе күштерінде қызмет кеткен, қазір запастағы прапорщик.

«Кеңес Одағы құлаған соң, 1991–1999 жылдар аралығында қала толығымен Ресейдің қолдауында болды, – дейді Қуантай. – 1999 жылы әскерді таратқан соң Қазақстан әскерінде қызмет ете бастадым. 2012 жылы еңбек демалысына шықтым, бірақ әлі сол бағыттамын, әскери бөлімде азаматтық қызмет атқарамын».

Қуантай қаланың өткенін сағынышпен еске алды. «Алма, көкөніс пен жеміс деген көп еді. Өзіміздің асфальт зауытымыз бар еді. Құрылыс бөлімдері, авиация бөлімдері, зымыран бөлімдері болды. Басқару орталығы да осында еді. Кішкентай қалашықта бәрі бар еді», – дейді ол. Қазіргі Мәдениет үйінің, бұрынғы Гарнизондық офицерлер үйі ғимаратының жанында жазғы би алаңдары болған, қалада саябақ, жарық, балаларға арналған үйірмелер мен кинотеатр да болған.

Оның айтуынша, кеңес дәуірінде полигондағы сынақ бейберекет өтетін болған: «Ол кезде ұшақты, зымыранды қанша сынақтан өткіздік, маңайдың бәрі шопан ауылдары мен отар еді. Қазір ондай жоқ, ал бұрын отарымен бірге он мыңдап жүре беретін. Кейінірек сынақты жүйелі түрде әркім өз нүктесінде, әркім өз жерінде өткізетін болды. 70-жылдардан 99-жылға дейін мәселе туындаған жоқ».

Ол полигонда қазір де ауыл шаруашығымен айналысатын аймақтар бар дейді. Сонымен қатар полигон аумағында және одан тыс жерлерде мұнай өндіріліп жатыр, ал көрші аумақта алтын өндіріліп жатыр екен.

Қуантай Маханбетов

Қалада сөйлескен көп адам сияқты, Қуантай да Жемде өмір сүру үшін қажет жағдай жасалғанын – электр тогы, су, газ барын айтты. «Тек жұмыс демесең…» – деп сәл кідіріп, ойланып қалды. Кейін мұнда бір әскери бөлім барын, жақында тағы біреуінің құрылысы бітетінін айтты. «Қазір әскерилер мұнда орналасу үшін келеді, жақында бәрі жақсы болады», – дейді ол.

Тұрғындар бір кездері кеңестік әскери-өнеркәсіп кешені есебінен пайда болған қала әскерилердің келуімен қайта жанданады деп үміттененіп отыр. Осы ой мұнда ондаған жыл бойы өмір сүріп жатқан халыққа жылу сыйлағандай.

Қалаға алғаш келгенде ен даладағы қирап қалған ғимараттардан бойды белгісіздік сезімі билейді. Бірақ ол сезім бірден Жем тұрғындарының жылуымен алмасады. Біз кездестірген адамның әрқайсы «бәле бола қалса» хабарласу үшін телефон нөмірлерін жазып алуымызды сұрады.

Ымырт жабыла Мәдениет үйінің алдында такси күтіп тұрдық. Жақын жерде қараңғыдан шығып бара жатқан адамдардың сұлбасы көрінді. Олар қатты сөйлеп жатты. Екі жігіт соларға қарай жүгірді. Кездескен кезде құшақтасып, әзілдесіп алды. Бір кезде арасындағы біреуі итімен бірге жанымызға келді. Ол метал өткізу бөлімінен – қаладағы дағдарыс кезінде жүздеген адамның өмірін аман алып қалған сыйлы жұмыс берушіден шығып келе жатыр екен.

Ер адам езу тарта күліп, бізді үйіне шақырды. Такси келе жатқанын айттық. Ол да такси келіп, бізді алып кеткенін күтіп, кейін итімен бірге көше бойымен кете берді.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.