2557
10 апреля 2023
Бейімбет Молдағали, сурет Әлішер Нұрекновтікі

Адам құқығы қорғалатын кеңістік

Human Rights Hub кеңістігі Астанада азаматтық қоғам өкілдерінің басын қосып отыр

Адам құқығы қорғалатын кеңістік

Биліктің қысымына қарамастан, Қазақстанда азаматтық қоғам дамуын жалғастырып, түрлі форматта жұмыс істейді. «Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының Human Rights Hub (қазақ тілінде «Адам құқығы орталығы») кеңістігі азаматтық қоғам өкілдеріне бас біріктіруге мүмкіндік беріп, Астанада адам құқығына құрметпен қарайтын орта құрды. Мұнда адам құқығына байланысты кез келген іс-шараны тегін ұйымдастыруға мүмкіндік бар.

Ұйымдастырушылар мұндай орталықтың Астанада ашылуы маңызды деп есептейді. Орталықтың үйлестірушісі Ақжол Мәліктің сөзіне сүйенсек, Астанада тәуелсіз мемлекеттік емес ұйымдар бір-бірінен алшақтау болды, сондықтан бұл жер құқық қорғаушылар, журналистер мен зерттеушілерді байланыстыратын, олардың басын қосатын орынға айналды. Әрі Астанада ауа райына байланысты сыртта өтетін іс-шаралардың мерзімі шектеулі, ал ғимараттардың көбі коммерцияланған.

«Қазір құқық қорғаушылар арасында «кеңістіктің тарылуы» (shrinking space) деген тенденция бар, яғни азаматтық қоғам өкілдеріне арналған орындар мен жиналатын жер азайып бара жатыр. Ол демократия деңгейінің төмендеуімен, азаматтық қоғамға көрсетілетін қысыммен байланысты. Еуропада Human Rights House деген үлкен халықаралық қор бар. Біздің [«Еркіндік қанаты» қоғамдық қорының – В.] атқарушы директор Елена Швецова шетелде тәлімгерліктен өткен кезде Human Rights House жұмысымен танысқан. Ол жерде бірнеше ұйым бір жерді жалға алып, іс-шараларды бірге өткізеді екен. Еленаның ойына бірден бізде де осындай орталық ашу идеясы келіпті», – дейді Ақжол Мәлік.

Ақжол Мәлік, сурет Бейімбет Молдағалидыкі

«Еркіндік қанаты» қорының алғашқы ішкі шаралары 2020 жылы ақпанда өтті. Пандемия мен карантин кеңістіктің ашылуын кейінге ысырды. 2021 жылдың жазынан бастап қоғамдық жоба ретінде бұқараға есігін ашты. Бірінші ауқымды жоба 2021 жылы гомофобия, бифобия және трансфобияға қарсы Халықаралық күнге орай өтті. Оны бұл жобаны қаржылай қолдайтын Қазақстандағы Нидерланды елшілігі ұйымдастырды. Іс-шара Астананың феминист және ЛГБТИК+ қауымдастығы үшін нетуоркинг сессиясы ретінде ұйымдастырылды.

Осыдан бастап кеңістікте қор мен басқа ұйымдардың іс-шаралары өте бастады. Ақжол Мәліктің сөзінше, адам құқығы тақырыбында кез келген форматта (талқылау, тренинг) іс-шара ұйымдастырғысы келетін ұйымға есік ашық. Қажет болған жағдайда, қор бірге ұйымдастырып, қолдау көрсетуге де дайын.

«Біз кішігірім, енді дамып келе жатқан ұйымдарға, еріктілер бастамасына көмектескіміз келеді. Үкіметтік емес ұйымдар мен біздің тең дәрежедегі серіктестеріміздің осындай кеңістіктерді немесе жиналыс залдарын жалға алуға қаражаты жетеді, бірақ жабық қауымдастықтардың ондай мүмкіндігі жоқ. Бізді адам құқығының символы ретінде көретіндіктен, елшілік пен үлкен ұйымдар қолдануы мүмкін. Алайда көбіне кішігірім бастамаларға мән береміз. Мысалы, Астанада кішігірім феминистік ұйым бар. Ұйым мүшелері бізде танысып, бірлесіп, феминистік қауымдастық құрған. Алғашқы күннен бастап қазіргі кезге дейінгі барлық іс-шарасы бір жарым жыл бойы осында өтіп келеді. Сонымен қатар, басқа өңірлерде жұмыс істейтін ұйымдар тренинг ұйымдастырғысы келсе, оларға біз арқылы Астананың аудиториясына шығу оңайырақ», – дейді Ақжол Мәлік.

Ақжол Мәліктің ойынша, хабтың ашылуы Астанада өткізілетін іс-шаралар туралы қалыптасқан көзқарасты бұзуға көмектеседі. «Кей әріптестерім астанадағы кездесулер тек мемлекеттік ұйымдармен, елшілік өкілдерімен, сарапшылармен өтеді деп ойлайды. Алайда хаб жиналыстарды бәріне ашық, бейресми етуге тырысады», – дейді ол.

Сурет Әлішер Нұрекновтікі

Хаб адам құқығына назар аударту мақсатымен іс-шараларын түрлі форматта өткізеді. Кино кештері мен ойын форматындағы іс-шаралар келушілер арасында аса танымал. Олар мұндай шаралар бой жазып, адам құқықтары туралы ойын-сауық форматында талқылау өткізу үшін қолданылатынын айтады. Арнайы деректі фильмдер ғана емес, көркем фильмдерді де адам құқығы жағынан қарастырады. Үстел ойындары қатарында Қазақстан жастар ақпараттық қызметі ойлап шығарған адам құқығына қатысты ойын, «TezTap» көңілді зияткерлік ойыны, адам құқығы тақырыбына бейімделген мафия ойыны және әйгілі «Alias» ойынының ЛГБТИК+ тақырыбына байланысты жасалған нұсқасы бар.

Хабтың ең танымал жобаларының бірі «Құқығына қарай» деп аталады. Оның басты мақсаты – қазақ тілінде сөйлейтін, адам құқығы тақырыбына қызығатын адамдардың қауымдастығын құру. Осыған дейін адам құқығы дискурсындағы қазақ тілінің, ғылым мен зерттеудің рөлі, қазақ феминизмінің тарихы, Ресейдің Украинаға басып кіруімен байланысты халықаралық құқық және ұлттық кімдік тақырыбында талқылау мен сессиялар ұйымдастырды. Осы іс-шараларды топтастыра келе, жоба кеңістікте адам құқығы бойынша күзгі мектеп өткізді.

Салтанат Шерхан – хаб ұйымдастырған Адам құқықтары бойынша күзгі мектептің түлегі. Мектептің негізгі спикері қазақстандық құқық қорғаушы, «Халықаралық құқықтық бастама» қоғамдық қорының жетекшісі Амангелді Шорманбаев болды. Алғашқы күні адам құқықтары теориясы мен тарихы туралы және оған әсер ететін жағдайлар, демократиялық институттар туралы білім алса, екінші күні БҰҰ жүйесі мен халықаралық ұйымдарға шағымдану және адам құқықтарын қорғау амалдары туралы сессиялар өтті.

«Хаб маған жаңа адамдарға ашық болуды үйретті. Ізгі қоғам құру үшін ең алдымен басқалардың құқығын сыйлап, оларға зиян келтірмеу керек. Ал ол үшін ең алдымен өз құқығымыз бен өзгенің құқығын білу маңызды, тіпті міндетті дер едім», – дейді Салтанат Шерхан.

Ақжолдың сөзіне қарағанда, құқық қорғаушы ұйымдар мен олардың іс-шаралары орыс тілінде өтеді немесе орыс тілі басым. Басында қазақ аудиториясын табу қиынға соғыпты. Себебі қор көбінесе іс-шараларын орыс тілінде өткізіп келген. Екі тілде өтетін шараларда орыс тілі басым болып кететін. Қазір орталық қазақ тіліне тек символикалық сипат беріп, уақытша деп қарамай, ұдайы мән беріп, жүйелі түрде жұмыс істеуге тырысады. Бұл қазақ медиасы мен қоғамының дискурсында адам құқығының рөлін арттырады деп сенеді.

«Қазіргі қоғамда адам құқығы – батыстық ұғым, батыстың өмір сүру салты немесе азаматтық қоғам тәжірибесіне ғана сай деген жаңсақ тұжырым бар. Адам құқығы о бастан жалпыға ортақ және әмбебап. Адам құқығы мен азаматтық қоғамнан алшақтау, бірақ мемлекеттің адам құқығын бұзуына қарсы күресетін адамдарда конфликт бар сияқты. Өз басымда да ондай болған. Бірақ оны зерделей келе, адам құқығының демократия мен заң үстемдігіне тікелей байланысты екенін түсіндім. Адам құқығында отарсыздану үдерісі жүріп жатқан тәрізді, ал қазақ халқы оған атсалысып, көзқарасын бөлісе алады», – дейді Ақжол Мәлік.

Орталыққа көбінесе Астанада тұратын немесе оқитын жастар мен студенттер келеді. Олар нетуоркинг жасап қана қоймай, кәсіби тұрғыда да дами алады. Кейбірі білімін жетілдіріп, пайдасына жаратса, тағы біреулер өзі тренинг өткізіп жүр. Адам құқықтары бойынша курсқа қатысқан Жания Хаирова бір жылдан кейін «Жастарды цифрлық құралдар арқылы адам құқығы дискурсына қатыстыру» конференциясын ұйымдастырған.

«Орталықта адам құқығымен қатар, қазіргі саяси және әлеуметтік жағдайды талқылайтыны пайдалы. Адам құқығы бойынша офлайн мектепті бітіргеніме екі жылдай болды. Сол кезден бастап адам құқығы менің құндылықтарымның негізіне айналды. Қазір үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік жобалары туралы БАҚ пен әлеуметтік желіге жазып жүрмін. Өзім ұйымдастырған конференция ­– «Еркіндік қанаты» қоры мен Human Rights Hub орталығынан алған білімнің нәтижесі», – дейді Жания Хаирова.