6385
10 апреля 2023
Алмас Қайсар, Ольга Логинова, фото Алмас Қайсардікі

Маңғыстаудағы алғашқы қала

Форт-Шевченко қазіргі келбетін қайта пысықтауға тырысып жүр

Маңғыстаудағы алғашқы қала

Форт-Шевченко – Маңғыстаудағы алғашқы қала. Мұндағы өмір кейінгі жүз жылда қатты өзгерді. Бастапқыда Ресей империясының алғашқы бекіністері ретінде салынып, кейін антиколониал қарсылық орталығы болған қала бұдан соң Каспий балығын аулайтын өнеркәсіп орталығына айналды.

Қазақстан тәуелсіздік алған соң Форт-Шевченко да қатардағы мұнайлы қалаларға ұқсап қалды. Әдетте мұндай қалаларда адамның экономикалық және әлеуметтік келешегі тек мұнай-газ компаниясында жұмыс істеген-істемегеніне байланысты болады. Ал Форт-Шевченконың тарихи естелігі тек мұражай ғимараты мен тұрғындар жадында сақталып қала берді. Власть тілшілері Форт-Шевченкоға барып, тұрғындармен қаланың бүгіні мен болашағы туралы әңгімелесіп қайтты.

«Қарашанырақ»

Ақтаудан Форт-Шевченкоға дейін шамамен екі сағат жол жүру керек. Жол сапасы аса нашар болмаса да, түнде мүлдем жарық болмайды екен. Осы себептен жүргізушілері апатқа ұшыраудан қорқып, көлікті жыра бойымен қисайта айдайды. Сондықтан жол қатты шаршатады.

Көкжиектен күнге күйген кең дала көзге түсті. Бір қарағанда аспанға ұқсап кететін Каспийдің толқындары да көрінеді.

Бұдан соң «Форт-Шевченко» деген аркадан өтіп, теңіз жағалауында орналасқан қала территориясына кірдік.

Жазық қалада бір ғана жота бар: бұл – бір кездері Каспий теңізі мен Орталық Азиядағы ықпалын күшейтуге ұмтылған Ресей империясының бекінісі болған төбе. Қазір тек қирандысы қалған, ал бекініс орнына 1870 жылғы адай көтерілісінің көшбасшылары Иса Тіленбайұлы мен Досан Тәжіұлына арналған ескерткіш қойылған.

«Бір кездері билік халықтың мойнына салықты артты. Нан, былғары, тері, ет пен өзге ұсақ-түйектің бәрін өткізуді талап етті. Ал халық мұны көтере алмай, көтеріліске шықты. Патша билігімен бірнеше ірі ұрыс болды», – дейді Өсербай есімді қала тұрғыны.

Бұдан кейін де халық көтеріліске шығып, бекініске шабуыл жасаған. Дәл осындай көтерілістер күштеп ұжымдастыру, репрессия мен ашаршылық жылдарында да болған. Кейінгісі 1929–1932 жылдар аралығына сәйкес келіп, билік көтерілісті басып тастаған.

Төбеден бүкіл қала анық көрінеді: шөлді ландшафтағы Каспий жағалауы, қоршалған жеке үйлер, мешіт, шіркеу, порт және бұрғылау қондырғысы.

Дәл осы төбеден украин ақыны әрі суретшісі Тарас Шевченко атындағы саябақты да көруге болады. Суретші туындылары арқылы әлемге Маңғышлақ түбегіндегі өмірді көрсетті. Жеті мыңға жуық тұрғыны бар қаланың атауы да осы тұлғаның құрметіне қойылған.

Қала болмысын өзгерту үшін ұзақ жолдан өтті. Кеңес дәуірінде орыс отаршылдық бекінісі ірі балық аулау орталығына айналды. Мұнда балық және балық консерві зауыттары, кеме жөндеу зауыты құрылып, итбалық аулау да дамыды. Бүкіл облыстағы алғашқы мектептер, кітапханалар, театрлар осы қалада ашылды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін балық шаруашылығы жабылды. Жақын жерде Баутино портында мұнай-газ компанияларына қызмет көрсететін база салынғанға дейін қала қиын кезеңді бастан кешті. Дегенмен бұл база да жеткілікті жұмыс орнын ұсына алған жоқ.

Қазір жаңа ұрпақ жарқын болашақтан күдер үзіп, ірі қалаларға көшіп жатыр. Ал қаланың ежелгі тұрғындары ескі күндерді еске алып, өңірдің тарихи мәнін көңілге медет қылып жүр.

«Құлыпталмаған» түрме мен ашық аспан астындағы мұражай

Мұражай кешені орналасқан көшеде қоршалған бақша бар екен. Көше бойында аласа, қалың және жалпақ ағаштар өседі. XVIII ғасырдың екінші жартысында қазақ және түркімен халықтары негізін салған саябақта киіз үй түріндегі этнография мұражайы мен бір кездері осында жеті жыл айдауда болған Тарас Шевченконың мұражайы орналасқан. Бұрын мұнда жеміс ағаштары бар еді, қазір оның орнында қарағаштар бой көтерген.

Келем деушілерге саябақ есігі ашық. Күн көзі көрінгенімен, әлі де ызғар бар. Саябақта бізден басқа бір-екі ресейлік турист серуендеп жүр. Олар украин ақынына арналған ескерткішті, 1873 жылы Хиуа жорығына қатысқан ресейлік әскердің ескерткіш тақтасы мен Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарына арналған ескерткішті зерттей қарап жүр.

– Форт-Шевченкоға қазіргі атауы 1939 жылы берілді, – дейді бізге мұражай залдарын аралатқан экскурсия-бұқара бөлімінің меңгерушісі Айгүл Балабаева. Этнография мұражайындағы залдар Маңғышлақ тұрғындарының тұрмысынан хабар беретін заттар мен тарихи олжаға толы: көне құлпытастар, сақ жауынгері, күмістен жасалған зергерлік бұйымдар, Жібек жолы бойындағы керуендер әкелген құмыралар, түркімен әйелдерінің бас киімдері, аң және балық аулау құралдары.

1850 жылға қарай патша бұйрығынан кейін өңірге өз еркімен 15 орыс отбасы көшіп келді – оларға үй салу үшін бірнеше тонна бөрене мен балық аулауға арналған құрал-жабдық берілді. Кейінірек дәл осы сала өңірдегі негізгі кәсіпке айналды.

Сол жылы жаңадан құрылған бекініске Тарас Шевченко балықшы қайығымен жетті. Ақын әрі суретші крепостной болып туған. Бірақ болашақ ұстазы, орыс суретшісі Карл Брюллов Николай Жуковскийдің портретін арнайы салып, оны лотереяға ойнатып, Шевченконы сатып алды. Оқу бітірген соң көп ұзамай Тарас Шевченко самодержавиені сынаған «жеңіл шығармалары» үшін қуғынға жіберілді.

Бұған дейін үш жыл Орынборда болған ол жол бойында тал бұтақтарын теріп, Маңғышлаққа әкеледі. Сол бұтақтар үлкен ағашқа айналыпты, тек 1997 жылы қурап, өліп қалған екен. Мұражай қызметкерлері ағаш діңінің бір бөлігін Тарас Шевченко жасырын сурет салып, қолжазбаларын сақтаған жеркепеге ауыстырған.

Тарас Шевченко мұражайының кіреберісін әктелген тастан жасалған теңіз арыстандары күзетеді – ақын бұларды тас қалаушы Қаражүсіптен үйреніп, өзі ойып жасаған. Мұражай 1853 жылы салынған комендант Ираклий Усковтың жазғы резиденциясының бір қабатты ағаш ғимаратында орналасқан. Мұражайды 1930 жылдары Киевтен алғашқы отыз шақты жәдігерді әкелген жергілікті ұстаз Нұртілеп Несіпбеков ашты. Бірінші директоры Сұлтанғұл Тәжиевтің аталары бекініс маңында арбакеш болып жұмыс істеген әрі Тарас Шевченкомен жақсы таныс болған.

Мұражай қабырғаларына суретшінің айдауда болған жылдары салған туындыларының көшірмесі ілінген: «Жалғыздық сюитасы» сериясы, «Жас қазақ әні», «Өлгендер үшін дұға» («Қазақ қызы Катя»), «Мысықпен ойнап отырған қазақ баласы».

«Бізде түпнұсқалары сақталмаған, – дейді Айгүл Балабаева. – Ол кездері оған жазуға, сурет салуға тыйым салған, ал оның талантын жоғары бағалаған Усков комендант өңіріміз бен Каспий теңізін зерттеп жүрген жазушылар мен саяхатшылар арқылы бәрін Мәскеу мен Петербургке жіберіп отырған. Сол жақтан оның барлық туындысы Киев мемлекеттік мұражайына жеткен. Қазір бәрі сол жерде. Он жыл ішінде Қазақстанда Тарас Шевченко 356 туынды жазған. Бүгінге соның 226-сы жеткен».

Айгүл Балабаеваның сөзіне қарағанда, Тарас Шевченко өзі айдауда болған жерді «құлыпталмаған түрме» деп атап, туған жері – Украинасын қатты сағынған. Маңғышлақтан Ресейге оралған соң төрт жыл ғана өмір сүрген.

Мұражай ғимаратынан шықтық. Қарсы бетте терең ойда отырған Кобзарьды көрдік – оның құрметіне сонау 90-жылдары ескерткіш қойылған. Оның ауыр көзқарасына көз салып, мұражай қызметкерінен қаланың бүгіні мен болашағы туралы сұрадық.

«Қала тұрғындарының басым бөлігі – вахтамен жұмыс істейтіндер, бюджеттік сала қызметкерлері, мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет саласы мен мұражай қызметкерлері, – дейді ол. – Мұнай өндірісімен айналысатын шетелдік компаниялар бар. Қазақстанның өзге өңірлеріндегідей, мұнда да жастар жұмыссыздығы деген мәселе бар. Қазір мемлекет неше түрлі бағдарламаны іске қосып жатыр… Қала гүлденіп кетер деп үміттенеміз. Меніңше, болашағы бар. Теңіз тиіп тұр, туризм жақсы дамып келеді».

Кемежай.

Күндіз қалада адам аз. Мектептен қайтқан жасөспірімдерді көрдік. Жем іздеген сиырлар жайылып жүр. Дәл осы тыныштықта үгітшілер де адымдап келеді. Сайлау жақындап қалғанының бір белгісі.

Қаладағы кең көшелер бойында жеке үйлер тізіле орналасқан. Кейбірі революцияға дейін салынған тұрғынжайды еске салады. Бір бөлігі ақ түске боялған.

Кинотеатр, Иса-Досан ескерткіші орналасқан алаң, аудандық мешіт, Тарас Шевченко саябағы, асхана мен жабық супермаркет – бәрі орталық көшеде. Осы көшедегі автобус аялдамасына бір топ такси жүргізушісі жиылып отыр.

Ішінен біреуі: «Жүріңдер, кеме көреміз!» – деп айғайлады.

Қала кішкентай, ал ондағы жұмыс жақын маңдағы Баутино кемежайымен байланысты болғандықтан, такси жүргізушілері не қала арасында адам тасиды немесе туристер үшін гид болып жұмыс істейді. Такси жүргізушілері өзара тез-тез сөйлесіп алып, бізді осы өңір туралы жақсы білетін Өсербайға жеткізіп тастауды ұсынды.

«40-жылдары бұл жерде мектеп болған. Маңғыстаудағы барлық адам осы жерде оқитын. Адамдар алғаш рет осы ғимаратта білім алды. Кеңес жылдары мұнда ғылыми радиостанция болды. Кейін оны тұрғын үй етіп өзгертіп, қазір сондағы пәтерлерде адамдар тұрып жатыр. Анау тұрған Горький атындағы мектеп-лицей, ал анау – техникалық-гуманитарлық колледж. Бұған қоса Қазақстан әскерінің теңіз бөлімі бар», – дейді Өсербай.

Бір қарағанда, қала қарапайым шөлді ауыл сияқты. Бірақ кенет армянның кішкентай шіркеуі, революцияға дейін салынған ғимарат – Өсербай айтқан мектеп көзге түседі. Тұрғындар мұнай-газ өндірісіне басымдық беріп, күн өткен сайын ерекшелігін жоғалтып жатқан қаласының негізгі нышанын бәрібір жақсы біледі.

Өсербай көлікпен қала маңындағы Баутино мен Аташ ауылдарына бет алды. Шын мәнінде, бұл екі ауыл инфрақұрылым бойынша Форт-Шевченкомен тығыз байланысты. Өйткені қала тұрғындарының бір бөлігі Баутино портына жұмыс істеуге барады. Кемежайда North Caspian Operating Company (NCOC) компаниясының басқаруындағы теңіз операцияларын басқару базасы бар. Бұл компания Каспийдің ең ірі теңіз мұнай-кен орындары – Қашаған, Қайран және Ақтотыны игерумен айналысады.

Портқа «ҚазМұнайГаз» еншілес кәсіпорны – «ТеңізСервис» қызмет көрсетеді. Оның нысандарына кемеге жанармай құю станциясы, тау жыныстарын тиеу алаңы, бұрғылау ерітінділері зауыты және Форт-Шевченкодан 12 шақырым жерде орналасқан өндірістік қалдықтарды көму алаңы кіреді.

Порт таулы аймақпен ерекше үйлесім тапқан, мұнда ауылдар бар. Кішігірім жеке жер телімдерінде «Шағала» сияқты қонақүйлер бой көтерген. Ол жерде өзге өңірлер мен басқа елден келген вахташылар тұрады. Жағалауда құм, таяз жерлер, торлы дуал, саяжай жолдары, өнеркәсіп орындары, пирстер, жөндеудегі кемелер мен қайықтар ретсіз орналасқанын байқадық. Ауылдарда арнайы өндірістік форма киіп жүрген адам көп.

«Жұмыс жоқ, көбі кетіп қалады, – дейді Өсербай соқпақ жолға бір қарап. – Мына Қашағанға қызмет көрсететін компанияда шамамен 400 адам жұмыс істейді. Оның көбі – жергілікті ауыл тұрғындары, қарапайым жұмысшылар. Келіп, жүкті түсіріп алып, басқасын тиейді. Қонақүйлерде жұмыс істейді, теңізші болып істейді. Инженерлер, басқарушылар көбіне шетел азаматтары».

Осыдан кейін Аташқа қарай бағыт алдық. «Баутино ауыл кеңесінің тұңғыш төрағасы Алексей Баутиннің құрметіне қойылған. Аташ – жер атауы. Бұл жерде бір кездері түркімендер тұрған және олар осылай атаған екен», – дейді ол.

Төбеге көтеріліп бара жатып, кезінде мұнда адамдар теңіз айлағына тастап кеткен тот басқан кемелердің көп болғанын айтты. Сосын Каспий жағалауына көз тастады.

«Теңіз кетіп барады (тартылып барады). Бұрын ол бірнеше метрге жақынырақ еді, міне, таязданып жатыр», – дейді Өсербай.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі «Теңіз Сервисте» қанша шетел азаматы жұмыс істейді?» деген сұрағымызға жауап бермеді. Бірақ компанияның шетелдік жұмыс күшін тартуға жарамды рұқсаты жоқ екенін айтты. Форт-Шевченко, Баутино және Сайын Шапағатов, Ақшұқыр, Қызылөзен мен Таушық ауылдары қарайтын Түпқараған ауданында жалпы еңбекке жарамды жастағы 13,4 мың адам бар. Ведомство мәліметі бойынша, оның ішінде 12,9 мың адам жұмыс істейді, басым бөлігі – жалдамалы жұмысшы. Қызмет көрсету саласында 7,6 мың адам, өнеркәсіп пен құрылыста 5,2 мың адам жұмыс істейді. Жалпы облыс бойынша ауыл, орман және балық шаруашылығы саласында 125 адам ғана жұмыс істейді.

2021 жылдың қорытындысы бойынша, жұмыссыздар саны – 517 адам.

Кинотеатр

Такси жүргізушілері тұрағына қарама-қарсы бетте 1954 жылы салынған ақ түсті, жақында әйнектелген ғимарат тұр. Қасбетіне «Jalyn 3D Cinema» деген тақтайша ілінген. Кеңес заманында бұл жерде кинотеатр болған, кейінірек ғимарат көп уақыт бос тұрған. Ұзақ үзілістен кейін қайтадан фильм көрсетіліп жүр екен, бірақ жергілікті билікпен болған мәселелердің кесірінен жаңа кинотеатр жақында жабылуы мүмкін.

Бізді кинотеатрдың негізін қалаушының көмекшісі Біржан Жұмағұлов күтіп алды.

«Кинотеатрымыз 7 мамыр күні ашылды, – деп есіне алды ол. – Негізі 2020 жылы ашқымыз келген, бірақ карантин болып қалды. Барлық кинотеатр жұмысын тоқтатты. Ол кезде мемлекеттен көмек болған жоқ, әрине. Кейін бұл жобадан тіпті бас тартқымыз да келді, бірақ жұмысты қайтадан қолға алып, кинотеатр осы жылы ашылды. Жұмыс істеп тұрғанына шамамен алты ай болды».

Біржан Жұмағұловтың айтуынша, кинотеатрдағы билет бағасы 500-1000 теңге шамасында. «Көбіне адамдар демалыс пен мереке күндері келеді. Ал жұмыс күндері келетіндер, әрине, аз, – дейді кинотеатр қызметкері. – Күткеніміздей болмады. Жалпы, келушілер көп болады деп ойлаған едік. Бірақ жұрт енді-енді үйренісіп жатыр».

Дегенмен, оның сөзінше, кейде көрермен өзге қалалар мен ауылдардан келеді екен – облыс орталығына барғаннан осында келген жақынырақ. Қазір кинотеатрда бес адам жұмыс істейді. «Адамдарды жұмыспен қамту арқылы аламыз, ал мүгедектікке байланысты қазір бір адам жұмыс істейді, оның есту қабілеті нашар. Студент кезінде есту қабілетінен айырылған екен. Қазір бізде оператор болып жұмыс істейді», – дейді Біржан Жұмағұлов.

Біржан Жұмағұлов

Кинотеатр холында попкорн иісі шығады, ал кассада сеанстар кестесінің қағазға басылған нұсқасы жатыр.

Біржан бізден қандай фильм көргіміз келетінін сұрады. Кішкене ойланып, «Дос Мұқасан» фильмін таңдадық. Басқарушы киномеханикке белгі берген соң, ол тек бізге бола фильмді қосты. Мұны кассадағы компьютер арқылы және оператор бөлмесінен істеуге болады. Осыдан кейін Біржан бізді қатар-қатар орындық қойылған залға кіргізді.

«Жөндеу жұмыстарын түгел өзіміз жасадық. Қала тұйыққа тіреле орналасқандықтан біраз қиналдық. Жөндеу жұмыстары басталғанда жұмыс күшінен қиналдық, логистика бойынша да қиындықтар болды», – дейді Біржан. Залдағы жарық сөндіріліп, экранда фильмнің алғашқы кадрлары көрінді.

Фильм аяқталған соң Біржан қазір елдегі кинотеатрлардың бәрі шам жетіспеуінен қиналып отырғанын айтты. Шамдарды 1500 сағат сайын ауыстырып отыру керек. Бұрын оны Ресейден сатып алатын, қазір жеткізуге байланысты қиындықтар бар.

Біржанның сөзіне қарағанда, кинотеатр холын жөндеп, қала кинотеатрларынан «айырмашылығы болмас үшін» қабырғаларын бояуды жоспарлап отыр. «Негізі жоспар көп. Мынаның бәрін жаңалап, жөндеуін аяқтау үшін мемлекет толықтай көмектессе, артық болмас еді. Бірақ әзірге өз ақшамызға істедік, бастық ашылу кезінде бар шығынды өз мойнына алды, ал ғимаратты мемлекет берді», – дейді Біржан.

Кинотеатрдың негізін қалаушы Данияр Айса шағын қалалар мен аудандарда кинотеатр ашу идеясын ұнатып, істі туған өңірі – батыстан бастауды жөн көрген. Ол алғашқы кинотеатрды Жаңаөзенде, 2011 жылғы оқиғадан кейін ашқан. Бірақ жергілікті әкімдікке серіктестік жайлы ұсынысын 2000 жылдардың басында айтқан. Жергілікті билік кейін «жыртықты жамау» үшін жүгіріп жүріп, Даниярдың хаттарын еске түсірген. Қазір желінің Жаңаөзенде екі, Ақтауда екі және Форт-Шевченкода бір кинотеатры бар.

«Форт-Шевченкодағы кинотеатр – жеке бастамам, – дейді кәсіпкер. – Шамамен 80 миллион теңге жұмсадым: 30 миллион теңге құрылғыға кетті. 30 миллионын 18%-пен несиеге алдым, мемлекет 17%-ті субсидиялады, енді ол ақшаны бір процентпен төлеймін. 50 миллион теңге ғимаратты қалпына келтіру мен жөндеу жұмыстарына кетті. Келісімшарт бойынша мұның бәрін әкімдік істеуі керек еді, бірақ істеген жоқ».

Сонымен қатар жергілікті билік жылу өткізіп беруі керек болған, бірақ әлі ештеңе жасалмаған.

«Көрермен тоңып отырады, – дейді Данияр Айса. – Жылу бермесе, кинотеатрды жабуға тура келетінін айтып, шарт қойдым. Суықта тұрған соң құрылғылар да істемей қалуы мүмкін ғой».

Даниярдың айтуынша, қалада мәдени мекемелер аз болғанына қарамастан, жергілікті мәдениет басқармасы серіктестік жайлы айтпайды, бірлескен жоба да ұсынбайды.

«Мүмкін бірге бірнәрсе істеп көрерміз: қандай да бір кинофестиваль, үйірмелер ұйымдастырсақ қалай болады?» – дедім. Жауап жоқ, үнсіз отыр. Олардың ойынша, кинотеатр – тек коммерциялық сала. Бірақ бұл – әлеуметтік маңызы бар жоба. Оларға бұл керек емес. Олар үшін бұл – жай бір оқиға», – дейді кәсіпкер. Бұған қоса Данияр мәдениет министрлігі де идеясын түсінбей, аудандарға кинотеатр не үшін керек деп сұрағанын айтады.

«Мәдениет министрі Ақтауға келгенде мені көргісі келіпті, – дейді Данияр. – «Келмесін, оны кинотеатрға кіргізбеймін» дедім. Ол маған көмектесіп пе еді? Ол “Не үшін (кішкентай қалада) кинотеатр ашып жатырсың?” деп сұрады. Сонда ол не үшін мұнда келеді, кинотеатрды неменеге суретке түсіреді?».

Министр Форт-Шевченко қаласына сол күйі келмеді.

Болмысын іздеу жолында

Қалада кешкі қарбалас басталды. Супермаркеттер алдында азық-түлік алуға келген адамдардың көлігі көп. Бір топ жасөспірім жүгіруге шыққан. Вахташылар мен жергілікті тұрғындар үйіне қайтып барады. Салқын желден қымтануға асыққан адамдар әңгімелесуге құлықсыз. Ішінде біреуі тек «жағдай нашар» деп қайырып, бүге-шүгесін айтып жатқысы келмейтінін білдірді.

Тарас Шевченко саябағының жанында балалар киімі бутигі, азық-түлік дүкені, кітапхана, тағы басқа сауда нүктесі бар. Сондай сауда дүңгіршектерінің бірінде Арай Бекбайқызы тұр. Ол Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында туған. 2001 жылы Форт-Шевченкоға көшіп, осында қалуды ұйғарған.

«Бұл қаланы жақсы көремін. Күн өткен сайын көркейіп келеді. Дүкендер, сауда орталықтары салынып жатыр, тіпті Sulpak ашылды. Бұрын осының бәрін алу үшін Ақтауға қатынайтынбыз. Банк бөлімшелері, жылыжай мен наубайхана бар. Нан өзіміздікі», – дейді Арай.

Арай Бекбайқызы

Өзге тұрғындар сияқты, Арай да қала тарихы – Тарас Шевченконың осында болғанын, Иса мен Досан көтерілісі оқиғасын ерекше мақтан тұтады. Сонымен қатар ол Аташқа жақын маңдағы емдік лай туралы айтып берді.

«Бұрын мұнда балық шаруашылығы жақсы дамыған еді. Балық аулайтындар көп болды. Қазір бұрын балық аулаған адамдардың бәрі ол кәсіпті қойып кетті. Бірақ қазір шетелдік кәсіпорын көп. Түріктікі бар, басқасы бар. Жұмыс бар. Бірақ сол жұмысқа жергілікті тұрғындарды алмайды деп естідім. Оның үстіне, пандемиядан соң қысқарту болыпты. Бірақ жұмыс істегісі келген адам коммуналдық қызметтен, бюджет саласынан жұмыс табады, – дейді Арай. – Бұл – киелі мекен, “қарашаңырақ”. Бұл жер бұрын Ақкетік деп аталған (әлеуметтік желілерде Форт-Шевченконың орнында бұрын ортағасырлық Кетікқала қалашығы болғаны талқыланып жүр. Қала Еуропа мен Орталық Азия арасындағы сауда торабы болған – В.)».

«Белсенділеріміз қалаға бұрынғы атауын қайтарып бергенін қалайды. Тарас Шевченко, әрине, көп еңбек сіңіріп, тарихқа үлесін қосты. Бірақ, меніңше, Ақкетік әдемірек сияқты».

2019 жылы әлеуметтік желілерде Форт-Шевченко қала мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін екені сөз болды. Ол кездері, Арай Бекбайқызының айтуынша, қала әкімі Өсер Тілепов қала мәртебесін сақтап қалған.

«Халық саны аз болды. Қала мәртебесін алып тастамақ болды. Форт-Шевченко қала болып қалуы керек. Тарихи мекен ғой. Әрине, мәселелер бар. Балаларды апаратын үйірме, ойын-сауық орталықтары жоқ. Көп тұрғынның бақшасы мен фермасы болған соң, жаздыгүні кейде су жетіспей жатады. Бұрын қатты жаңбыр жауса, жыралардан жаңбыр суы ағатын. Бірақ соның бәрі жөнделгендей болған», – дейді ол.

Қаланың балық өнеркәсібінен қалай айырылып қалғаны туралы Форт-Шевченкода 60-жылдары дүниеге келген Серік Құтшағанов әңгімелеп берді.

«Кеңес үкіметі заманында біз ештеңе байқамадық. Жеке мемлекет пен тәуелсіздік жайында ойламадық. Бәрін енді түсіндік. Бұрын бізді ешкім танымайтын, ал енді тым құрығанда картада көрініп тұрмыз, – деп бастады әңгімесін. – Жүргізуші болдым. Мектеп бітірген соң аз уақыт балық аулап, оны маринадтайтынмын. 1981 жылы әскерден қайтып, шопыр болып жұмысқа тұрдым. Жалпы мұнда көбіміз мал және балық шаруашылығымен айналыстық. Кеңес Одағы тараған соң бәрі жабылды. 1990 жылдары қатты қиын болды. Мұнда тіпті көлік жүрмейтін. Тек теңір арқылы жүзіп өтетін. Кейін NCOC, түріктер келіп, ақырындап аяққа тұра бастадық».

Серік Құтшағанов

Серік Құтшағанов жаңа ғана Түпқараған аудандық мешітінен кешкі намаздан шықты. Көше тас қараңғы әрі салқын. Ол мешіттен соңғы болып шықты, Серіктен бұрын бірнеше адам шығып кетті.

«Қаламыздың мешіті. Мұнда өзіміздің кішігірім жамағатымыз бар (мұсылмандардың діни жоралғыларды жасау үшін бірлесуі – В.), мен сонда ең үлкені – ақсақалмын. Иман келтірген жастар көбейіп келеді. Сол азаматтар мемлекетті дамытады деп үміттенемі»

Форт-Шевченко – біз үшін “қарашаңырақ”, Маңғыстаудағы бірінші қала. Балық өнеркәсібінен бөлек мұнда ұлутас шығаратын зауыт бар. NCOC бар, көп тұрғын сонда жұмыс істейді. Бірақ біз бұл жерді киелі санаймыз. Мұнда 362 әулие бар. Әрине, бұл заманда қиындық көп. Бірақ жұмыс жүріп жатыр», – дейді ол.

Әңгімелесіп отырғанда қас қарайып, түн болуға таяды. Жолда жарық мүлде жоқ, тек мешіттің бір бетінде кішкене жарқыл пайда болды.

Құтшағанов ауыр күрсініп, «жастарға қатты қиын болды, бірақ біздің халық төзімді келеді» дейді.

«Жұмыссыз жүрген адам көп. Ұлым бар, бір жерге жұмыс істеуге барады – онда жұмыс бітеді, басқа жерге барады, тағы да тоқтайды. Тұрақты жұмыс орындары жоқ. Өте қиын. Ата-аналарының, зейнеткерлердің есебінен күн көріп жүр. “Жан бар жерде қаза бар” дейді.

«Біз өлсек, жастардың болашағы не боларын білмеймін. Ешқандай өндіріс жоқ. Ірі компанияларға жұмысқа тұру үшін таныс керек», – дейді ақсақал.

Ол балық өнеркәсібі арқылы қаланы қайта жаңғыртуға болар еді деп есептейді.

«Бір кездері Захар Кузьмич Дубский (алғашқы қоныс аударғандардың бірі – В.) ата-бабамызға балық аулауды үйретті. Жергілікті қариялар кемеге отырып, техникасыз-ақ үйтіп-бүйтіп балық аулайтын. Жеке кәсіпкерлерге балық аулауға рұқсат беру керек. Бір жағынан балықты кептіріп, маринадтап, балық өнеркәсібін дамытуға болар еді. Бір танысым дәл осы тірлікпен айналысады. Бірнеше адам жұмыс істейді. Сондай орындар көбейсе, жастар үшін жұмыс та болар еді, – дейді ол. – Осындай жұмысқа әкімдік рұқсат бермейтіні туралы жиі естимін. Билік әлі күнге халықпен санаспайды. Халыққа құлақ асады дейді екен, ондай ештеңе жоқ. Олар жергілікті тұрғындарды тыңдауы керек. Әлі күнге бізбен кеңескен, ақылдасқан әкімді көрмедім. Халық жоқшылыққа шыдап келеді. Біз биліктегі көкелеріміз халықпен санасқанын армандаймыз. Жемқорлықтың жойылғанын қалаймыз».