4534
13 апреля 2023
Фото Жанара Каримованыкі

Қазақстанның өндірістік қалалары жасыл экономикадан тыс қалды

Төмен көміртекті дамыту саясатына байланысты моноқаланы не күтіп тұр?

Қазақстанның өндірістік қалалары жасыл экономикадан тыс қалды

Мадина Жүнісова, Орталық Азия университеті Мемлекеттік басқару және саясат институтының аға ғылыми қызметкері, арнайы Власть үшін

Қазақстан климаттың өзгеруінің теріс әсерін азайту және тұрақты дамуға қол жеткізу үшін жаһандық декарбонизация қозғалысына белсенді түрде қосылып келеді. 2021 жылы ел үкіметі 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын әзірледі, онда оған жету үшін «қазба отын өндірісін айтарлықтай қысқарту қажет» делінген.

Алайда экономикасы негізінен көмірсутектерді және басқа да табиғи ресурстарды өндіруге тәуелді елдің көмірқышқыл газы шығарындыларын қысқартуға қалай қол жеткізетіні және мұның өндіруші аймақтар мен қалалардың дамуына қалай әсер ететіні әлі нақтыланбаған.

2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу доктринасында үкімет кейбір аймақтар мен қалалардың экономикасы көмір өндіру мен жағуға тәуелді екенін мойындаған. Осы ретте көмір өндіруді тоқтатуға болатыны туралы аргументтер де алға тартылды. Соның бір мысалы − Алматы облысының толықтай газдандырылуы. Айталық, жекеменшік дамуы басым облыстағы көптеген шағын қалалар мен ауылдар әлі күнге дейін көмірге өте тәуелді. Бұл аймақтардан үнемі жоғары сапалы отынға тапшылық сезіледі. Болашаққа сенімсіздікпен қарайтын Алматы облысының әкімдері қала тұрғындарын жылу беру маусымы басталмай тұрып көмір сатып алуға шақырады.

Қызығы, газдандыру мемлекетке де, үйін негізгі электр желісіне қосуға қомақты ақша төлейтін қарапайым тұтынушы үшін де қымбат екені айдан анық болғанымен, бұл күні бүгінге дейін қабылдануы мүмкін ықтимал шешім ретінде айтылып келеді. Газдандыруға басымдық беру ұзаққа бармайды. Өйткені газ да көмір сияқты сарқылатын шикізат. Әрі 2022 жылы Жаңаөзенде газ бағасының көтерілуіне наразылық білдіруден басталған қайғылы жағдай үкіметке ой салуға тиіс. Үкімет декарбонизация аясында елдің өндіруші аймақтары үшін газ өндіру көлемін азайтудың ықпалын ойластыруы керек.

Кен өндіруші қалалар көңіл бөлу мен әділдікті талап етеді

Әрине, өндірісті тоқтату немесе оның көлемін қысқарту кері әсер етеді. Мейлі ол көмір, газ немесе басқа пайдалы қазба болса да, оны азайту Қазақстандағы кен өндіруші қалалардың дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл ресурстарға тәуелді барлық қалаға ортақ жағдай, өйткені кез келген шикізат көзі түбінде таусылады. Елдегі шикізат өндіруді Текелі мен Кентаудағы секілді басқа постиндустриялық қалаларда тоқтату қазірдің өзінде әлеуметтік, экономикалық және экологиялық проблемаларды бастан өткеріп жатқан кен өндіруші қалаларға үлкен экономикалық соққы болмақ.

Фото Данияр Мүсіровтыкі

«Қазақстан 2050» стратегиялық құжатында 2050 жылға қарай қала халқының үлесін 70%-ға дейін арттыру туралы маңызды міндет белгіленген. Бірақ қала халқының шамамен 30%-ы Алматы, Астана және Шымкентте емес, Қазақстанның кен өндіруші қалаларында тұратынын түсіну керек. Егер Қазақстан үкіметі шынымен жасыл экономикаға көшуге және тұрақты урбанизацияны ынталандыруға мүдделі болса, ірі қалалардағы ғана емес, сонымен қатар тау-кен өндірісіндегі жағдайды да жақсарту үшін белгілі бір күш-жігер жұмсау керек.

Бүгінде бұл өңірлерден жастардың жаппай көшіп кетуіне куә болып отырмыз: адамдар жақсы өмір, жұмыс және табыс іздеп, республикалық маңызы бар қалаларға көшіп жатыр. Аймақаралық көші-қонның маңызды факторларының бірі – жалақының айырмашылығы. Өндіруші қалаларда жалақы үй шаруашылығы табысының 50-60%-ын құрағанымен, деңгейі жалпы елдегіден әлдеқайда төмен. Ең төменгі жалақы негізгі кәсіпорындар жұмысын тоқтатқан Текелі, Арқалық және Лисаков қалаларында байқалады. Бұл мұнай және газ өндірумен айналысатын Жаңаөзен, Құлсары және Ақсай қалалары жұмысшыларының жалақысына еш қатысы жоқ. Себебі, бұл жақта орташа айлық жалақы Алматы мен Астанадан жоғары.

Әлеуметтік теңсіздік пен қолайсыз экологиялық жағдай кен өндіруші қалалардың өзін де бизнес жүргізу үшін ыңғайсыз етеді. «Қазгидромет» мәліметі бойынша, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындары бар барлық моноқалада ауаның жоғары және қауіпті ластану деңгейі байқалады. Сонымен қатар, кен өндіруші қалаларда экологиялық жағдайдың нашарлауымен қатар, техногендік төтенше жағдайлар да тіркелген. Мұның бәрі Кеңес Одағынан мұра болып қалған 50 жылдан астам уақыт бойы жөндеусіз пайдаланылып келген қалалық инфрақұрылымның тез қартаюымен байланысты. Осы ретте Екібастұз ЖЭО-дағы апаттар – кен өндіруші қалалардың проблемасы бүкіл ел үшін проблема екенін көрсететін маңызды сигнал.

Мемлекеттің моноқалалар мәселесін шешуге қатысты сәтсіз әрекеттері

Бұл үкіметтің кеншілер қаласына назарын аударуға тырыспайтынын білдірмейді. Дегенмен, мемлекеттің оларды дамыту мәселесін «жоғарыдан төменге» режимінде шешуге бағытталған реактивті әрекеттері ешқандай табысқа әкелмеді.Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекет моноқалаларға олардың өнеркәсібін ынталандыру арқылы қолдау көрсеткен. 2003 жылы экспортты және өңдеуші өнеркәсіпті қолдау мақсатында үкімет «2015 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму стратегиясын» қабылдайды. Бірақ 2009 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы және мұнай мен газдың әлемдік нарықтағы бағасының төмендеуі тау-кен саласына және оған тәуелді Қазақстанның қалаларына кері әсерін тигізді.

Осы себепті де 2010 жылы үкімет «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы» мен «Индустрияландыру картасын» қолға алды. Өндіруші қала әкімдіктерінің өз жобаларын кейіннен қаржыландыру үшін «Индустрияландыру картасына» енгізу мүмкіндіктері болды. Алға қойған ауқымды мақсаттарға қарамастан, бұл бағдарламаларды жүзеге асыру айтарлықтай нәтиже бермеген. Тау-кен қалаларында тұрмыс жағдайының нашарлауы және әлеуметтік теңсіздіктің кеңеюі халық арасындағы наразылықтың өсуіне ықпал етті. Мысалы, 2011 жылы жаңаөзендіктердің наразылық шеруі болды: олар тұрғындар мен билік өкілдері арасында қақтығысқа ұласып, адам шығынына әкеп соқтырған еді.

Фото Алмас Қайсардыкі

Бір жылдан кейін үкімет Жаңаөзен оқиғасына байланысты арнайы «Моноқалаларды дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» ұсынды. Моноқалаларға халықты 20% жалақымен қамтып, елдегі өнеркәсіп өндірісінің тағы да осынша пайызын құрайтын бір немесе бірнеше кәсіпорыннан тұратын 27 қала жатады. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 141,3 млрд теңге (942 млн доллар) бөлу жоспарланған. Алайда 2014 жылы бағдарламаның жойылуына байланысты оған жарияланған соманың 15%-дан аз бөлігі ғана жұмсалды. Бағдарлама аясында мемлекеттік іс-шара пакеттері Ұлттық экономика министрлігі айқындаған экономикалық әлеуетті ескере отырып, өндірістік қалаларға арналып, бейімделді. Бірқатар критерий бойынша моноқалалар жоғары, орташа және төмен экономикалық әлеуеті бар үш санатқа жіктелген. Барлығын таңғалдырғаны – әлеуеті жоғары өндірістік қалаларға Теміртау, Рудный, Риддер, Ақсу және Екібастұз, ал орташа деңгейлі қалаға Жаңаөзеннің жатқызылуы болды.

Бұдан да қызығы, «Моноқалаларды дамыту бағдарламасы» 2014 жылы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына» енген. Ол бір жағынан өндірістік қалаларды қолдауға, халықтың сыртқа кетуін тежеуге бағытталған. Ал, екінші жағынан, бұл тұрғындарды қызықтыратын ірі қалалар мен әкімшілік орталықтардағы агломерацияларды қолдауға негізделді. Моноқалалардың болашағына қатысты белгісіздік өңірлерді дамыту бағдарламасына үнемі өзгеріс енгізуден туындады, оған әуелі 2015 жылы, содан соң 2016 жылы, одан кейін 2018 жылы, яғни бағдарлама аяқталуына 2 жыл қалғанда өзгеріс енді. 2019 жылы «Өңірлерді дамыту бағдарламасы» 2025 жылға дейін ұзартылды. Өкінішке қарай, оның жалғасы сапасы жағынан алдыңғысынан көп ерекшеленген жоқ.

Жалғыз өзгеріс – мемлекеттік қолдау шаралары енді ірі қалаларға (Хромтау, Текелі, Саран, Теміртау, Абай, Рудный, Ақсу, Кентау), ірі қалалардан шалғай орналасқан жекелеген қалалар арасында бөлінеді (Балқаш, Шахтинск, Риддер, Степногор, Құлсары, Ақсай, Сәтбаев, Жезқазған, Жаңаөзен, Екібастұз, Алтай, Курчатов, Серебрянск, Жаңатас, Қаратау, Қаражал, Арқалық, Жітіқара, Лисаков).

Жаңа бағдарлама бекiтiлгенге дейiн оның алдыңғысына дұрыс баға берiлмегені өте қынжылтады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ұлттық экономика министрлігінің 2017 жылы аймақтарға назар салып, қала саясатына сыни шолу жасауды тапсырған ұсыныстары мұқият зерттелмеген әрі қолданылмаған.

Фото Жанара Каримованыкі

Бір ғана өзгеріс, енді мемлекеттік қолдау шаралары географиялық жағынан ірі қалаларға (Хромтау, Текелі, Саран, Теміртау, Абай, Рудный, Ақсу, Кентау), жақын және алыс орналасқан қалалар моноқалалар арасында бөлінді (Балқащ, Шахтинск, Риддер, Степногор, Құлсары, Ақсай, Сәтбаев, Жезқазған, Жаңаөзен, Екібастұз, Алтай, Курчатов, Серебрянск, Жаңатас, Қаратау, Қаражал, Арқалық, Жітіқара, Лисаков).

Өкініштісі, жаңа бағдарлама бекітілгенге дейін алдыңғысының іске асырылуы дұрыс бағаланбады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Ұлттық экономика министрлігіне 2017 жылы аймақтарға назар аударып, қала саясатына сыни шолу жасауға тапсырған ұсыныстары мұқият қаралмаған және қолданылмаған.

«Моноқалаларды дамыту бағдарламасы» мен «Өңірлерді дамыту бағдарламасының» жаңашылдықтарының бірі – моноқалалар әкімдіктерінің мемлекеттік жоспарлау процесіне қатысу құқығын алуы. Олар инфрақұрылымды (жолдарды, инженерлік желілерді және тұрғын үйлерді) жаңартуға қажетті мемлекеттік инвестицияларды есептеу және жергілікті инвестициялық жобалар туралы ақпаратты қамтитын даму жоспарларын әзірлеуге тиіс еді.

Жергілікті даму жоспарларын әзірлеу моноқалаларға өздерінің бірегей болашағын түпкілікті жоспарлауға мүмкіндік беретіндей көрінгенімен, іс жүзінде бұл олай болмады. Мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеушілер 27 моноқаланы анықтау кезінде олардың әкімшілік-аумақтық мәртебесінің айырмашылығына тиісті мән бермеген.

Мәселен, Қарағанды ​​облысындағы 8 моноқаланың 7-і «облыстық маңызы бар қала» мәртебесіне ие және тікелей облыс әкімдігіне бағынады. Абай қаласы Абай ауданының әкімдігіне қарайды. Жаңатас пен Қаратау да Жамбыл облысы Сарысу және Талас аудандарының аудандық әкімдіктеріне бағынады. Басқарудың әртүрлі деңгейдегі қалаларының қалай бірдей реформаларға түсті? Жергілікті даму жоспарларын енгізу неліктен мемлекеттік бюджеттеу жүйесінде тиісті реформаларсыз өтті?

Өкінішке қарай, Қазақстанның 2012 жылы басталған өңірлік саясаты қала құрылысын жоспарлау мен басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған тиімді шараларды қамтымаған. Осы себепті жүргізілген іс-шаралар әлі нақты нәтиже әкелген жоқ. Қолданыстағы әкімшілік және фискалдық шектеулерге, сондай-ақ жергілікті ресурстарға қолжетімділіктің болмауына байланысты барлық моноқала жергілікті даму жоспарларын қолдану немесе инвестициялық жобаларды әзірлеу мен жүзеге асырудан пайда ала алмады. Жаңасын салуға немесе ескі қалалық инфрақұрылымды жаңғыртуға мемлекет көмегін алған өндіріс қалалар да жеткілікті бюджет қаражатының жоқтығынан және олардың дер кезінде бөлінбеуінен тиісті сапаны сақтай алмады.

Моноқалалардың әкімшіліктері жергілікті жер ресурстарына ақыры қол жеткізе алмады. Тіпті жұмысын тоқтатқан Текелі мен Кентау қалаларындағы өндіруші кәсіпорындардың жерлері әлі де қадағалаушы министрліктердің құзырында. Ал қала әкімшілігінің бұл қараусыз қалған аумақтарға оларды қалпына келтіру және қайта пайдалануға мүмкіндігі жоқ. Салық салуға және пайдалануға ешкім құқылы болмағандықтан, қала әкімдігі жергілікті кәсіпкерліктермен дұрыс байланыса алмаған. Сәйкесінше, оларды экономикалық қызметтерін әртараптандыруға ынталандыра да алмады.

Кен өндіруші қалалар әлі де тұрақты дамудың күн тәртібінде бола алады

Бірақ әзірге моноқалалар экономикасын әртараптандыруға бағытталған мемлекеттік реформалардың сәтсіздігін ғана айта аламыз. Өндіруші салалар мен ірі агломерацияларды субсидиялауға бағытталған саясат мегаполистер мен кішігірім өндіруші қалалар арасындағы даму алшақтығын одан әрі кеңейтеді. Қазіргі таңда экология, кен өндіруші қалаларда тұратын және осындағы лас кәсіпорындарда жұмыс істейтін адамдардың өмір қауіпсіздігі мәселелері назардан тыс қалып отыр.

Фото авторы Дмитрий Мазоренко

2021 жылы өңірлерді дамыту бағдарламасы түпкілікті тоқтатылды. Жаңа бағдарлама Қазақстанның жасыл экономикаға көшуі, көмірқышқыл газының шығарындыларын қысқарту және тау-кен қалаларының тұрақты дамуын қолдауға қатысты мәселелерді ескеріп, жан-жақты әзірленеді деген үміт болды. Бүгінгі таңда үкімет алдында стратегиялық мақсаттар мен жақында басталған реформаларды ескере отырып, аймақтық саясатты неғұрлым тиімді дамытуға бет бұру міндеті тұр.

Жаңа аймақтық саясат зиянды шығарындыларды қысқартуға ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік әділдікке қол жеткізуге, экономиканы әртараптандырудың жаңа мүмкіндіктерін ашуға және қала халқының әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталуы тиіс. Басталған саяси, бюджеттік және салық реформаларын тау-кен қалаларына баса назар аудара отырып, қайта қарастыру қажет. Бірлесе отырып өндіруші қалалардың жағдайын қалай жақсартуға болатынын түсіну үшін әкімдерді сайлау, жоспарлау және салық жинау делегациясы, төртінші деңгейдегі бюджеттерді басқару мүмкіндігі және азаматтық қоғамды белсенді етуді қолға алу қажет. Кен өндіруші қалаларды дамытуға технократиялық көзқарасты өзгертуге әлі де мүмкіндік бар. Бізге тек болашақты бірлесіп құруға жергілікті билікті, халықты және бизнесті тарту керек.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.