3353
4 мая 2023
Бейімбет Молдағали, Суреттерді Täuel[dı]sız арт жобасы ұсынды

«Өнерден қорқу – құрдымға кетудің көрінісі»

Täuel[dı]sız арт жобасы көрерменге саяси және әлеуметтік мәселелер туралы ой салады

«Өнерден қорқу – құрдымға кетудің көрінісі»

2019 жылы Астанада құрылған täuel[dı]sız арт жобасы біраз уақыттан бері Астана мен Алматыда өнер кешін өткізіп жүр. Онда Қаңтар қырғыны, Ресей басқыншылығы, жасанды интеллект және экологиялық мәселе сияқты Қазақстанда және әлемде болып жатқан оқиғаларға үн қатады.

Власть тілшісі täuel[dı]sız арт жобасының өнер кешіне барып, жоба мақсаты мен заманауи өнер туралы сөйлесті.

Тәуелсіздің хикаясы

«Бұл Қаңтар туралы ғой?» – деп сұрайды көз жасын тыя алмаған көрерменнің бірі қасындағы құрбысынан. «Солай сияқты, ауыр екен», – дейді құрбысы. Сахнада қобызшыны бір топ адам айналып жүр. Бірі Қаңтар туралы Файзулла Төлтайдың «Көкпеңбек қабырғалар» туындысын оқып тұр (өлеңді автор Власть шығарылымында оқыған – В). Бұл топ қаңтар қырғынынан кейін түрмеде азап шеккен бір топ адамның мұңын баяндайды:

«Көкпеңбек қабырғалар – көк туды есімізге салады;
Ақорда төрінде ілініп тұрғанын емес, алаңда желбірегенін
есімізге салады көкпеңбек қабырғалар.
Біз бейне сол туды жамылып
Алаңда көз жұмғанадамның мәйіті басында
айналып жүрген әруақтар секілдіміз –
Дәлізден «Тоқ…», «Тоқ…» етіп,
Аяқкиім даусы жақындап келеді».

Қанды Қаңтар мен Ресейдің Украинаға басып кіру тақырыбына байланысты перформанс басталғанда көз жасына ерік бергендер көп болды.

«Біздің концерттер адамды депрессияға жетелейді деген сын жиі айтылады. Әдетте жұрт концертке барғанда күліп, демалып қайтады. Біздің концертте болып, ойланып қайтуы әділ деп есептеймін», – дейді täuel[dı]sız арт жобасының жетекшісі әрі негізін қалаушы Руслан Жұбаныш.

täuel[dı]sız – 2019 жылы құрылған арт жоба. Астана және Алматы қалаларында алты кеш өткізіп, оларды пандемияға байланысты Betperde және Инстаграм хикаяға байланысты Hïkaya деп атаған.

Жоба жетекшісі елде ең жиі айтылатын сөз – тәуелсіздік, ол тіпті мейнстримге айналған деп есептейді. Ол ел тәуелсіздігі туралы көп айтылғанмен, тәуелді болу білініп қалып жататынын айтады.

«Украина жағдайында мұны анық көріп отырмыз. Ол туралы ел ретінде позициямызды көрсете алмау – көрсеткіш. Атауымыз қатардағы тәуелсіз сөзі болып қалмас үшін, täuel[dı]sız деп жұрнақ қостық. Көрермен немесе оқырман тәуелді немесе тәуелсіз болмауды өзі шешеді», – деп түсіндіреді Жұбаныш.

Бұл жобаны бастағандағы басты себептің бірі – поэзияның оқылуына көңілі толмауы. Жұбаныш поэзия оқуларына қатысып, өлең оқудың қалыптасқан формасы бар екенін түсінді. Оған бұл ұнамады.

«Адам өнердегі өзін емес, өзіндегі өнерді жақсы көруі керек, бірақ, өкінішке қарай, адамдар көбіне өзін жақсы көреді, ал ол поэзияға жасалған қиянат. Поэзия – музыка мен қолөнермен салыстырғанда, қолжетімді дүние. Сондықтан екінің бірі ұқсас видео түсіре береді. Мен оған қарсы емеспін, бірақ қарным ашады. Бұл – назар мен ықыласты талап ететін ұлы өнер», – дейді Жұбаныш.

Руслан Жұбаныш, фото авторы: Бейімбет Молдағали

Жұбаныш жоба «әдебиет тек азшылыққа арналған» деген көзқараспен күреседі дейді. Әдебиет, соның ішінде поэзия, «өзімен-өзі қиялдап жүретін адамдарға» арналғанын қаламайды. Оның сөзінше, заманауи өнер өнердің басқа формасы емес, тек заман талабы мен аудиторияға сай мультимедианы қолдану арқылы жасалады. Бұл өнерді заманауи көрерменге сай етуге көмектеседі.

Сонымен қатар, ол оқылатын өлеңдердің көбі махаббат, сезім, тәуелсіздік, ана және Отан сияқты тақырыптардан аса алмайтынына көңілі толмайтынын айтады. Tauelsiz кештері қазақ поэзиясының әлеуеті кең екенін көрсетуді көздейді.

«Қазақ поэзиясында интеллектуал поэзия бар. Ол түрлі тақырыпты қамтиды. Қазақтың заманауи жас ақындары экспериментке барудан қорықпайды. Бізде халық ретінде өзімізді төмендету бар: “анау жоқ, мынау жоқ” дейміз, бірақ тереңірек қарасақ, кез келген тақырыпта өлең табуға болады. Бізге назар аудартатындай үлкен жеңіс керек сияқты. Мысалы, Димаш үлкен сахнада өнер көрсеткенде ғана көңіл бөлдік, Самал Еслямоваға да Канн фестиваліндегі жүлдесінен кейін назар аудардық. Сол сияқты, қазақ жазушысы әдебиет саласында Букер сыйлығын алғанын іштей тілеймін, сол кезде оған барлығы жапа-тармағай назар аударар еді», – дейді Жұбаныш.

Жұбаныш музыка, кино мен театрда заманауи қазақ өнері қарқынды түрде дамып келе жатыр деп есептейді. Алайда қазақ тілінде täuel[dı]sız арт жобасына ұқсайтын жоба жоқ. Сахнада қойылатын болғандықтан, бұған ең жақыны театр, бірақ театрда қалыптасқан труппа бар және олар белгілі бір туындыны сахналайды.

Өнер – жауапкершілік пен рефлексия

Жұбаныштың сөзінше, жобаның басты мақсаты – рефлексияға жол ашу.

«Ақын Ықылас Ожайдың: “Өнерден асқан оппозиция жоқ”, – деген жақсы сөзі бар. Бірақ біз өзімізді оппозициямен байланыстыруды, шаблон ілгенді қаламаймыз. Біз жай ғана өнер тобымыз, шындықты, өзекті мәселені айтамыз. Өнер деген – рефлексия. Өнердің әсері күшті. Біз бұнымен әлемді, қоғамды өзгерте алмаспыз, бірақ адамға ой салсақ дейміз. Қаңтар оқиғасына да бір жылдан асты, бірақ адамдар әлі де жылап отырады. Өйткені бұл – шықпай қалған ыза, шер, мұң. Отарсызданудағы ұжымдық жараны емдеу терапиясы сияқты», – деп түсіндіреді Жұбаныш.

Қаңтар туралы Файзулла Төлеутайдың өлеңін оқыған Бағашқан Тоқтамұрат үлкен жауапкершілік сезінгенін, өте ауыр болғанын айтады. Басында тіпті басқа өлең сұрапты. «Мынандай керемет дүниені халыққа жеткізе алмасаң, сөз қадірі кетеді», – дейді ол.

Соғыс туралы өлеңнің авторы әрі жобаның ұйымдастырушысы Әсем Құлманова туынды бір сағаттың ішінде жазылды дейді. Өлеңнің аты – Humanus.

«Соғыс туралы естігенде ұялдым, шошыдым, сенгім келген жоқ. Жасанды интеллект бар ақпараттық ғасырда өмір сүреміз, ғарышқа ұшамыз дейміз, бірақ әрі варварлық деңгейден асқан жоқпыз. Адамдар саналы түрде оған барады. Осы заманда өмір сүріп жатқаныма ұялам. Бұл – екі ел арасындағы соғыс емес, автократия мен демократияның соғысы. Әрбір елде болып жатқан соғыс. Біздің елде де болып жатыр. Құндылықтар соғысы. Ең қорқыныштысы – озбырлыққа, мазохизмге, садизмге жақын автократтар мен тирандардың билікке келуі», – деп түсіндіреді Құлманова.

Әсем Құлманова

«Мен концертті болдырмай қоюы әбден мүмкін екенін білдім»

Маңызды тақырыпты көтерудің өзі жоба ұйымдастырушылары үшін оңай іс болған жоқ. Былтыр сахнасында қойылым өтіп жатқан Жастар сарайы кедергі келтірмесе, биыл қысым көрсетті. Ұйымдастырушылар Ресейдің Украинаға басып кіру тақырыбында видео дайындап қойған. Жұбаныштың айтуынша, ішінде соғыс туралы пікір білдірген, бет-әлпеті көрінбейтін адамдар бар.

«Сол видеоны көріп, қызметкерлер театр басшылығына жіберген. Олар зәресі ұшып, бірден бізге хабарласып, видеоны алып тастауды талап етті. Кез келген сәтте концертті болдырмай қоятынын айтты. Саясатқа араласпаймыз дегенді алға тартты. Мен концертті болдырмай қоюы әбден мүмкін екенін білдім, сондықтан видеоны алып тастауға келістім, бірақ поэзияны қалдырдым. Кейін поэзияны да алып тастау қажет деді. Бірақ біз айласын тауып, қалдырдық. Менің монологымда да Ресейдің Украинаға ашқан соғысы туралы сөздер бар. Мені де дайындық кезінде видеоға түсірген. Оны да алып тастауды сұрады», – дейді Жұбаныш.

Ғимарат басшылары Украина, Ресей, Путин немесе Зеленский сияқты сөздер кездессе, бірден жарық пен техника өшіріліп, концертті аяқтайтынын ескерткен. Ұйымдастырушылар жоба мүддесі үшін цензураға келісуге тура келген.

Сонымен қатар, тәуелсіз театрда қаражат жағынан да қиындық болады. Биылғы Астана мен Алматы қалаларындағы іс-шара Internews ұйымы жүзеге асыратын MediaCAMP бағдарламасы аясында өтті. Ұйым медиасауатқа терең көңіл бөлгендіктен, кеште бұл тақырып та көтерілді. Internews ұйымының қызметкері Бэлла Орынбетованың сөзінше, “кей идеяларды өнер арқылы тарату әлдеқайда тиімді”.

«Пандемияның соңы инфодемияға ұласып кеткенде, медиасауаттың болмауы қиын жағдайларға апаруы мүмкін екенін байқадық. Қазір солтүстік өңірдегі пропаганданың әсерін көріп отырмыз. Медиасауат пен сыни ойлаудың төмен деңгейі тіпті мемлекеттігімізге қауіп төндіріп отыр. Бізде медиасауат көбіне орысша өтеді. Қазақ аудиториясына берілетін ақпарат аз. Жаңа идея, белгілі бір сауат өнер арқылы да тарайды, біз сол арқылы пропаганда жасағымыз келді. Былтыр Sen мюзиклі болса, биыл täuel[dı]sız қосылды», – дейді Орынбетова.

Алдыңғы бірнеше қойылым Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бөлген «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының арқасында өткен. Жұбаныш бұған қатысты көп сын еститінін айтады. Бірақ ешқашан мемлекеттік грант ұттым екен деп, жобаны шектемеген.

«Бізге осындай тақырып көтеріп, Тоқаевтан грант алдыңдар дегендей сын айтылды. Мемлекеттен грант алсаң, өз ісіне адал болуың қиын деген пікір бар. Мен оны түсінем. Бірақ бұл Тоқаевтың ақшасы емес, министрліктің ақшасы емес. Ол – біздің салығымыз, біздің ақша. Бәріміз де тапсыруымыз керек. Мен өтініште концепцияны толық ашсам, жеңімпаз болмайтынымызды түсіндім, сондықтан поэзия кеші деп жаздым. Олар ісімізге араласқан жоқ, тек ақшаның қайда кеткенін бақылады», – дейді Жұбаныш.

Жұбаныш былтыр «Азаттық радиосы» жоба кешінен сюжет жасағаннан кейін, келесі күні ақпарат министрлігінің өкілі сөйлесуге шақырғанын айтады.

«Маған мемлекеттен грант алып отырғанымызды алға тартып, “бұл қалай?” дегендей сұрады. Мен ешқандай келісімшарт болмағанын, ешкімді алаңға шақырмағанымызды, заң бұзбағанымызды айттым. Біз мемлекеттік төңкеріс жасауға шақырған жоқпыз. Бұл таза шындық көрсетілген өнер екенін айттым. Украинаны да шынайы көрсеткенімізді білдірдім», – дейді Жұбаныш.

Министрлік өкілі “мемлекеттің Украинаға қатысты нақты позициясы бар” және жиі айтылатын Қазақстан “құбылмалы геосаяси алаңда тұр” дегенді айтыпты. Сонымен қатар, кез келген қате айтылған сөз ел имиджіне нұқсан келтіруі мүмкін екенін ескерткен. Министрлік өкілі Қанды қаңтар бойынша тергеу әлі жүріп жатқанын және кешті “тергеуге қысым көрсету” деп бағалау мүмкін екенін айтқан. «Қажет болса, бағалай алады деп, қоқан-лоқы көрсетті. Басшыларыма шыға алатынын айтты», – дейді Жұбаныш. Ұйымдастырушылар бұған таңғалған жоқ, олар тәуелсіз болып қалуды ең басты мақсат деп санайды.

«Команданың түсінігінде еркін дүние болу керек болса, ол – өнер. Өнерді бұғаттағысы келсе, өнерден қорқатын болса, онда біздің құрығанымыз. Өнерден қорқу – құрдымға кетудің көрінісі. Өнерге тұсау салғымыз келсе, бұл біздің хәліміздің ауырлығы шығар».