Алматыда тұратын кез келген желаяқ қаланы түтін тұмшалап тұрған уақытта далада жаттығу қаншалықты қауіпсіз екенін бір рет болсын ойланып көрген шығар. Жүз мыңдаған автокөлік, көмір жағатын ЖЭО мен қазандықтар, тау бедерінің жел ағынына кедергі болуы салдарынан қала тұрғындары лас ауамен тыныстауға мәжбүр.
Бұл мәселе, әсіресе, жүгіретіндерге аса өзекті: жүгіру ме, әлде өкпеге зиян келтіру ме? Қыстың кейбір күндері Алматы Делиге айналады.
Жүгіру — жүрек пен өкпе жұмысын күшейтетін кардиожүктеме. Алматыда жиі болып тұратын ауа лас күндері белсенді жаттығудың пайдасынан гөрі зиян көп болуы мүмкін. Қарқынды түрде дем алу ластағыш заттардың ағзаға өтуін арттырады, PM2.5 бөлшектерінің көп шоғырлануы жүрек пен тамырларға зиян келтіріп, кардио әсерін жоқ қылады.
Almaty Air Initiative қорының сарапшылары кішігірім зерттеу сынағын жүргізді. Бірнеше ерікті желаяқ ауа сапасын тексеретін портатив датчик алып, жаттыққан кезде қаланың түрлі ауданындағы ауа сапасындағы PM2.5 бөлшектерін өлшеді.
«Ауа соншалықты лас болады деп ойламаппын»
Зерттеуге қарапайым тәсіл қолданылды: ерікті төрт желаяқ жаттығуға шағын өлшеу құралын — көлемі ұялы телефоннан кішірек, ауа сапасын анықтайтын Atmotube дербес мониторын алып жүрді. Датчик әр секунд сайын ауада ұшып жүрген PM2.5 бөлшектерінің шоғырлануын, яғни түтіннің негізін құрайтын және өкпеге тереңдеп енетін микроскопиялық шаң мен күйені тіркейді.
Желаяқтар түрлі ауданда: қаланың оңтүстік бөлігінде (Медеу маңы) және солтүстікте, Алматы-1 вокзалы жақта жүгірді. Зерттеушілер, сонымен қатар, тәулік ішінде жүгіруге қолайлы уақытты анықтау үшін бір ауданда күні бойы ауа қалай өзгеретінін байқау мақсатымен жүгіруге арналған танымал орындардың маңайында датчик көрсеткіштерін тексерді.
«Өзім жүгіретін жерлердегі көрсеткіш осындай болып шығады деп ешқашан ойламаппын», — дейді желаяқ Руслан Кочарян Орталық стадионның қосалқы алаңында кешкі сегізде жүгіруді аяқтаған соң.
Ол көбінесе үйіне жақын маңда — Алматы-1 ауданында жаттығады. Кочарян экспериментке қатысқан қатысушылардың арасында PM2.5 ең көп шоғырланған жерде жаттыққан болып шықты. Зиян заттардың шоғыры қауіпті межеге — 150 мкг/м³ шамасынан бастап, тіпті 300 мкг/м³ дейін жеткен.
Almaty Air Initiative сарапшыларының айтуынша, мұндай ластану деңгейі әлемнің ең лас қалаларының бірі — Делимен пара-пар.
Almaty Air Initiative сарапшылары ластану көрсеткіші мұндай болғанда жүгіруге болмайды деп санайды. Таза ауадағы жаттығуды жауын-шашын, қар жауғаннан кейін жасаған дұрыс, бірақ қозғалысы көп жолдың бойымен жүгірмеген дұрыс.
Руслан Кочарян датчигі ең ауа таза кез деп демалыс күні Баум тоғайында жүгірген кезде көрсеткен.
«Бұлай болуы да түсінікті — ағаш көп, оның үстіне демалыс. Саябақта жүгірген жеңілірек. Сейфуллин бойымен тоғайға дейін жүгірген кезде көрсеткіш бір, тоғайға жеткен кезде — басқа. Енді мен не стадионда, не саябақтар мен тоғайда жүгіретін болдым», — деді ол.
Төменде Руслан Кочарянның түрлі жаттығуынан үзінділер келтірілген.
Анар Бурашева деген желаяқ кейде Орталық стадионның қосалқы алаңында, ЦСКА стадионында, Көктөбе мен Терренкур ауданында топпен жаттығу өткізеді.
Бурашеваның жаттығуынан алынған деректерге көз салсақ, тауға жақын болғанына қарамастан, Орталық стадиондағы кейбір жаттығу ауа тым лас болған кезде жүрген. Таза ауа кезінде де жаттығулар болды, көбінесе — қар жауып тұрған немесе жауғаннан кейінгі күндері.
19 желтоқсанда кешкі тоғызда Орталық стадионның қосалқы алаңында тіркелген көрсеткіш жақсырақ болды — датчик 50-ді көрсетті («қанағаттанарлық»).
Бірақ эколог Равкат Мұхтаров бұны осы уақытта қаланың жоғарғы жағына таудан ауа ағыны келіп, тау аңғарының ауа айналымы ластағыш заттарды біртіндеп төменге ығыстыруымен байланыстырады. Алайда қаланың төменгі, солтүстік бөлігінде ластану деңгейі тұрақты түрде қауіпті болып қалады.
«Алматыда жаяу адамдарға қарағанда желаяқтарды лас ауаның жақсы индикаторы деп атауға болады, өйткені олар ауаны көбірек жұтады. Жақында ЦСКА жақтың ауасы өте лас болды. Жүрек айнығандай әсерде боласың, бұл денеге түскен ауыртпалықтан емес, лас ауаны көп жұтқаннан», — дейді Бурашева.
Оның айтуынша, лас ауаның кесірінен жаттығуды шегеруге болмайды, өйткені топпен жаттығудың белгіленген нүктесі мен уақыты бар.
«Егер жеке жаттығу болса, реттеуге болар еді. Қаланың ауасы лас болса, ауасы тазалау Көктөбеде, Терренкурда, болмаса Үлкен Алматы өзенінің бойында жүгіреміз», — деді желаяқ қыз.
Төменде Анар Бурашеваның түрлі жаттығуынан үзінділер келтірілген.
Келесі күні кешкі сегізде зерттеуге қатысқан тағы бір желаяқ — Ердос Байымбетовпен кездестік. Ол біз барғанша Үлкен Алматы өзені бойымен Сәтбаев көшесінен әл-Фараби даңғылына дейін және кері қарай жүгіріп келген.
«Күткеніміздей, қаланың жоғары жағында ауа тазалау. Кейбір жерінде көрсеткіш нашар болды, әсіресе ыс иісі байқалған жер үйлер тұсында байқалды. Сонымен қатар көлік көп жүретін жол бойында ауа нашарлайды», — деп әсерін жеткізді Байымбетов.
Датчикпен жүгірген кезінде оны Алматының түрлі бөлігінде көрсеткіштер әртүрлі екені таңғалдырған — қаланың жоғары бөлігінде ауа төменгі жақпен салыстырғанда тазарақ. Әйтсе де, Байымбетовтың айтуынша, әр желаяқ уақыт құртпау үшін көбіне өзіне жақын жерде жүгіреді.
«Тағы бір байқағаным — жауын-шашын жауғаннан кейін бір-екі күн қала тазарып қалады, бірақ жауын-шашын жиі жаумайды. Датчик болмағанда ауа сапасының нашарлағанын аса көп байқаған жоқпын. Осындай көрсеткіштерден кейін, әрине, лас ауаның денсаулыққа әсері туралы ойлай бастадым, бірақ бір рет жүгіріп, лас ауа жұтқаннан ауырып қаласың деп ойламаймын. Әсері алдағы уақытта байқалатын болуы керек», — деді Байымбетов.
Демалыс күндері ол тауда жүгіруге тырысады, бірақ кейде тау етегіндегі ауаны да мінсіз деп айтуға келмейді.
«Желаяқтарға таңертең жүгіруді ұсынар едім, қаланың ауасы ең таза кез таңғы 5-6 шамасы екенін байқадым. Сондай-ақ жер үй мен көлік қозғалысы аз тауға жақын жерде жүгірген дұрыс. Үйге де ауа ылғалдағыш пен тазартқыш алып қою керек», — деді Байымбетов.
Алматы тауында жаттығу
Скайраннингпен айналысатындар Медеу мұз айдыны маңында немесе одан жоғарырақ — Шымбұлақта жаттығады. SkyRunGroup бапкерлерінің бірі Нияз Жанұзақов таудағы жаттығулардың бірінде ауа сапасын өлшеді.
Эксперименттен кейін Нияз қалада жаттығуды қойып кетті:
«Барлық жаттығу датчик 95–98% көрсететін таулы жерде өтіп жүр [95–98% деген ауаның өте таза екенін білдіреді — AAI ескертпесі]. Қалада жүгіріп, ағзаға лас ауа сіңіргенше, тауға баруға уақыт кетсе де, ауасы таза жерде жаттыққан дұрыс».
Негізгі түйін: қай жерде және қай уақытта ауа таза?
Қаланың жоғарғы және төменгі бөлігі. Датчиктерден алынған деректерді талдау нәтижесі алматылықтар бұрыннан топшылап келген нәрсені растады: қаланың жоғары жағында ауа төмен жақпен салыстырғанда біраз таза. Датчиктер тауға жақын аудандарда PM2.5 бөлшектерінің орташа мөлшері қала етегімен салыстырғанда 30–40 пайызға аз екенін көрсетті. Мысалы, желтоқсан айынан ақпан айына дейін Республика алаңы маңында таңғы 6 мен 8 аралығында жүгіру кезінде (салыстырмалы түрде ЦСКА мен Орталық стадионға жақын) PM2.5 бөлшектерінің орта шоғыры 32–35 мкг/м³ болды — осы уақытта ауа ағыны төменнен тауға қарай жылжып, қаланың оңтүстік бөлігінде шоғыр арта түседі. Сол кезде Алматы Арена ауданында шоғырланудың орта шамасы 42–45 мкг/м³ болды, бұл — бір күн ішіндегі ең аз мән. Мұндай деңгейді «осал топтарға зиян» деп сипаттауға болады.
Түтіннің тәулік ішіндегі ырғағы. Бір күн ішіндегі ластану қарқыны мына кестеде анық көрсетілген:
Ластану режиміне қарай тәуліктің белсенді жаттығуға қолайлы уақыты тұрғылықты ауданға орай өзгеріп тұрады. Бұл жерде қаланы «оңтүстік» және «солтүстік» аудандарға бөлетін «шекара» ретінде әл-Фараби даңғылы алынған. Осы көшеге жақын немесе оң жақ бөлігіндегі аудандардың ластануы көк түспен, ал солтүстік жағындағы аудандар сары түспен көрсетілген.
Қаланың солтүстік бөлігінде, датчик деректері бойынша, ең таза ауа таңертең және күндіз, яғни сағат таңғы төрт-бестен күндізгі 15:00–16:00 кезіне дейін болады. Осы уақытта күн жылуы мен тауға бағытталған күндізгі жел түтінді тарқатады.
Егер ластану деңгейі жағымсыз немесе қауіпті деңгейге жетпесе (AQI мәні жүз елуден көп), таңғы мезгілдегі жаттығуды осы режимге сәйкес келтіру керек, ластану деңгейі ең көп шамаға жеткенде кешкі жаттығудан бас тартқан дұрыс.
Қаланың оңтүстік бөлігіндегі жаттығу туралы айтатын болсақ, мұнда ауасы ең таза уақыттар таңертең — бестен сегізге дейін болады. Жаттығуға ең қолайлы уақыт осы. Мұндағы ауаның ластануы 15:00–16:00 кезінде ең жоғары мәнге жетеді, содан кейін біртіндеп төмендеп, кешкі сегіз-тоғыздан кейін төзімді шамаға жетеді.
Желаяқтар жаттығу кестесін құру үшін осы жалпылама режимдерге қараса болады, бірақ әр жаттығу алдында ауа сапасын тексеріп алған дұрыс, себебі кейбір күндері қаладағы зиян заттардың шоғырлануы таңертеңгі уақытта да қауіпті шамаға жетуі ықтимал. Қыс мезгілінде мұндай жағдай жиі болды.
Қорытынды және желаяқтарға арналған кеңестер
Алынған мәліметтерге сүйеніп, біз лас ауаның жүгіру кезіндегі әсерін мейлінше азайту үшін бірнеше пайдалы стратегия әзірледік. Негізгі кеңестер мынадай:
Ауа сапасын қадағалаңыз. Жүгіруге шығар алдында қолданба немесе сайт (мысалы, Airvisual және IQAir) арқылы ауаның ластану деңгейін (AQI) тексеріп алған дұрыс. Егер сіздің ауданыңыздағы ауа «жағымсыз» деп көрсетілсе (AQI 150 шамасынан көп), жаттығу жоспарына түзету енгізген жөн.
Қар немесе жаңбыр жауғаннан кейін қалада ауа сапасы жақсы болады.
Ауа сапасы салыстырмалы түрде таза болғанда жүгіруге тырысыңыз. Жүгіруді таңертең ерте жоспарлауға тырысыңыз — осы уақытта түнгі қара түтін әдетте тарқайды.
Жолдағы қарбалас сәттерде (таңертең 8-9 шамасында және кешке 18:00–20:00 шамасында) және тым кеш мезгілде жүгіруден аулақ болған дұрыс, бұл уақытта лас ауа жер бетіне жақын болады.
Әл-Фараби даңғылының оң жағында және тауда жаттығушылардың ауаның ластану деңгейі қауіпті межеден аспаған кезде кешкі уақытта да жүгіруге мүмкіндігі бар.
Магистраль бойынан аулақ жүгіріңіз. Бағытты дұрыс таңдаудың маңызы үлкен. Егер тіршілігі қайнап жатқан даңғыл бойының орнына саябақтағы немесе ауладағы жолды таңдаса, бір ауданның аумағында бола тұра көлік түтінінің тікелей әсерін азайтуға болады.
Қажет кезінде қорғау құралын пайдаланыңыз. Ауа лас болса да жүгіру аса қажет болған күндері, сүзгісі бар арнайы спорт маска-респираторын қолдануға болады. Ол шаң мен ұсақ бөлшектердің өкпеге өтуін азайтады (алайда ол тыныс алуды қиындатады).
Далада жаттыққаннан кейін жуыныңыз, мұрын қуысын тұз ерітіндісімен шайыңыз және су ішіңіз — бұл ағзаның күйеден тез тазаруына септігін тигізеді.
Жылыту маусымында алматылық желаяқтар міндетті бетперде тағуы керек десек те, өкінішке қарай, көп спортшы бұл кеңеске құлақ аса бермейді.
Қара түтін күшейгенде жабық орынға ауысыңыз. Егер ауаның ластану деңгейі жоғары межеге жетсе, залда жаттығу керек. Ауа жақсарғаннан кейін таза ауада жүгіруге болады.
Поддержите журналистику, которой доверяют.