Демалыс күндері «Калькасыз қазақ тілі» телеграм арнасы бес жылдығын атап өтті. «Власть» оны құрушы, филолог Назгүл Қожабекпен мемлекеттің тілсаясатына қатысты ұстанымы, заңнамадағы қазақ тілі және бизнестің қазақша сөйлеуге талпынысы туралы сөйлесті.
Назгүл, сізді тіл маманы ретінде қазір не алаңдатып жүр?
Кейінгі кездері қазақ тілі қалай өзгеріп жатыр, оны қалай қолданып, қалай сөйлесіп жүрміз деген сұрақтарға ойланып жүрмін. Өткенде айдентика тақырыбы төңірегінде шеберхана болған, сол кезде бір қияли ойға келдім: бір түнде қазақтың бәрі орыс тілін ұмытып қалса, не болады екен? Бір-бірімізді қалай түсінеді екенбіз? Қазір көп нәрсені орысшаны білгеніміз үшін ғана түсініп жүрміз. Өйткені қазақ тілін орысшаға ыңғайлап өзгертіп жібердік. Бәрін қадағалай алмағасын, ортақ стандарт болмағасын, бәрі шашыраңқы болып кетті. Сөздердің арасындағы байланыстың өзі калькаланды. Осындай нәрселерді қарастырып, мәтін жөндеп, сеңді бұзуға тырысып жүрген біреумін.
Бізде жалпы филология саласына қатысты иллюзия бар. Филология факультетін бітіргеннің бәрін керемет «казаховед» санайды. Бірақ физика факультетін бітіргендердің бәрі «ядерщик» болып кетпейді ғой. Сол секілді қит етсе, «казаховедтен сұрадық» дейді, бірақ оның сапасына үңіліп жатқан адам жоқ.
Арнаңыз қазақша сөйлеп, қазақша жазатындарға жаңа серпін болды. Оны әрі қарай да дамыту ойыңызда бар ма? Қолдау таба алдыңыз ба?
Мен «Калькасыз қазақ тілін» кітап етіп шығарғым келеді. Бірақ оған біраз уақыт керек, ал ол ақшаға келіп тіреледі. Бала-шаға, күнделікті күнкөріс, кітапқа толық отыруға мүмкіндігім болмай жүр. Егер каналдан күнкөрісіме жеткілікті ақша тауып отырсам, кітабыма отырар едім. Инвестор іздеуге, басқа да жолдарын қарастыруға мүмкіндік бар, бірақ ақша беретін адам авторлық құқықты алғысы келеді. Бұл неше жылғы еңбегім, эксклюзив дүние болғасын, өз атымды қалдырғым келеді.
Каналға келер болсам, қазір оның кеңейтілген, ауқымдырақ, бірақ ақылы нұсқасын аштым. Толық талдау алғысы келетін, өзіме тікелей сұрағы бар адамдар қосыла алады. Күніне бір-екі жазбаны талдап салып отырамын. Әрі қарай да жанданады деп ойлаймын.
Жалпы бұл салаға қалай келдіңіз?
Бала кезде арман көп болады ғой. Шығыстанушы болсам дегенмін, бірақ жолым болмады. 1998 жыл, енді еңсе көтеріп жатқан кезіміз. Ата-ана балам әйтеуір тұрақты табысы бар мамандықты игерсе дейді, мұғалім болсаң өлмейсің дейді. Соны біліп, әкем мені желкелеп апарды. Әдеби шығармашылық деген мамандыққа тапсырып, оқыдым. Ғалым боламын дедім.
Карьера қуып келе жаттым да, қатар-қатар бала туып, алты жыл ешқандай ғылыми карьера жасамадым. Оның алдында баспаларда жұмыс істеп жүргенмін. Қайтадан мамандыққа оралдым, медиада жүрдім, медиатренер болдым. 2017 жылы Ұлттық аударма бюросы редактор іздеген кезде құрамға қосылып, маған керек нәрсенің бәрі осы екен ғой деген ойға келдім. Содан бері кітап ісінде жүрмін. Ай сайын мың бетке жуық мәтін ақтарасың, әр тіркеске ойлана бастайсың. Редактор бола жүре аудармашы осы нәрсені аударып отырғанда не ойлады дегенге дейін кетіп қалатын болдым.
Пандемия болды, Steppe&World баспа үйіне қосылып, үш жылдай еңбек еттім. Бір жылдан бері жұмыссызбын. Аз-аздан кітап редакциялап, түрлі ұйымның тапсырыстарын жасап жүрмін. Негізгі бағытым – мәтін өңдеу.
Steppe&World баспа үйінде Хәрри Поттерді қазақша сөйлеткендердің басы-қасында болдыңыз. Кітаптағы адам аттарын қазақша бейімдегендеріңіз батыл бір шешім болды. Оны басында қабылдай алмағандар көп болды, қазір қалай қабылдайды?
Ұлттық аударма бюросынан жұмыстан кетейін деп жүрген кезім еді. Бір күні Раиса Қадер Facebook парақшасында «маған дизайнер керек, Жоаң Роулиң ханым мұқаба дизайнына қатты талап қойып отыр» деп жазды. Пазлдарды біріктіріп, мына кісі Хәрри Поттерді аударғысы келіп жүр деген ойға келдім. «Соны аударғыңыз келіп жүрген сияқты, редакторы мен болайыншы» деп жаздым. Содан келісіп, жұмыс басталғаннан соңғы кітап жарық көргенге дейін үш жыл екі айдай уақыт өтті.
Ол жердегі шешімдердің бәрін аудармашылар тобы, Раиса бар, жалпы төрт адам қабылдадық. Хәрри деген бәріміздің ортақ шешіміміз еді. Гарри дегенге түбегейлі қарсы болдық. Бірақ оны жұртқа әлі күнге дейін дәлелдей алмай келеміз, әліге дейін теріс пікірін білдіретіндер бар. Бірақ неге қарсы екенін ешкім негіздей алмайды, орысша солай ғой деп қана қайырады. Біреулер “үйреніп қалған Гарри Поттер әлемімізді сендер құрттыңдар” дейді. Олардың Гарри Поттер әлемі орысша қалыптасқан. Ал біздің мұндағы мақсатымыз ол әлемді қазақша қалыптастыру еді. Осындай хайп, хейт заманында төтеп бере алдық деп ойлаймын.
Бұл мәселені жылдар бойы әлі талқыланып келе жатқан латын әліпбиіне көшу шеше ала ма, қалай ойлайсыз?
Бізге кирилл графикасы кіргелі шетел сөздері, әлемдегі жалпы білімнің бәрі орыс тілі арқылы кірді. Орыс тілінде транскрипция қалай болса, қазақ тілінде де дефолт түрде солай қондырылды. Әлі күнге дейін Британия корольдерін қалай атаймыз деген мәселе бар. Король Чарльз ба, Карл ма? Елизавета ма, Элизабет пе? Қазақ тілі қай жағына жығылуы керек? Фонетика, орфоэпия жағынан орыс тілінің қыспағынан шыға алмай келеміз, өйткені барлығы орыс тіліне, оның грамматикасына бейімделуі керек болды.
Латын әліпбиі кіріп жатса, ол сол жүйеден шығып кетудің бір амалы. Қазір байқап жүргеніміз, жұрттың бәрі маңдайшасын, жарнамасын латын графикасымен жазып жүр. Бірақ оның нақты бекітілген, президент қол қойған нұсқасы жоқ. Қазір өзімізбен өзіміз әуре болып жүрміз. Кезінде СМС жазған кезде «ш» әрпін «w» деп жазушы едік қой, сондай нәрсе болып жатыр. Латынға өтсек те қиын, өтпесек те қиын. Өтсек, одан кейінгі аласапыранды елестетемін, жұмыс көп болатын сияқты. Оған үйрену де біраз уақыт алар.
Біраз жыл қойыртпақтау дүние болады. Жұмыс жүйелі болса, жөнделіп кетуі мүмкін. Қашанғы быт-шыт болып жүре береміз? Ол кезде әр сөзді ол былай жазылған, енді былай жазылады деп таңбалау керек болады. Жұмыстың созылып кеткені де содан болса керек. Жүз жылдан бері жүріп келе жатқан саясатты бір күнде өзгерту, бүкіл грамматика жүйесін сыпырып тастау өте қиын шаруа.
Қазақстанда заңның қазақша нұсқасы түсініксіз, ал оның орыс тілінен аударылатыны ешкімге құпия емес деп ойлаймын. Мемлекеттің тіл саясатына келгендегі ұстанымы туралы не айтасыз?
Негізі бір ғана бұйрыққа қарап тұрған нәрсе: бүгіннен бастап заңның, іс-қағаздың бәрі алдымен қазақша, қажетіне қарай орысшаға аударылады дейікші, бітті. Бірақ ол қиын нәрсе. Қазір толығымен қазақ тіліне көшіп кетсек, мемлекеттік органдардың жұмысы қиындайды, өйткені ол жақта қазақ тілін білмейтіндер бар дейді. Заң бойынша мемлекеттік органдарда қазақ тілін білмейтін адамдар жұмыс істей алмайды және сөз жүзінде мемлекеттік органда жұмыс істеп жүрген әр адамның Қазтест сертификаты (қазақ тілі деңгейін анықтайтын тест) бар. Қисыны жоқ, былай қарасаң. Бірақ орыс тілінде бәрі оңай жүреді, онда стандарттар қалыптасқан. Ол стандарт қазақ тілінде де бар, бірақ бәрі қисық. Кезінде бар болса болды деген мақсатта аударылған нәрсе сол күйі келе жатыр. Бұл тәуелсіздік деген ұғымды толықтай жоқ қылатын нәрсе.
Заң бойынша, бірінші қазақша, сосын орысша жазылуы керек. Мәселен, маңдайшада «сұлулық салоны – Гауһар – салон красоты» деп жазады. Грамматика тұрғысынан басқаша болуы керек, ол принципке қарсы келеді. Бұның шешімі қандай? Шешімі біреу-ақ. Орысша нұсқасын алып тастау. «Назарбаев даңғылы», «проспект Назарбаева» деп қаз-қатар жазады. Қазақстанда даңғыл, сұлулық салоны дегенді түсінбейтін адамдар бар деп ойлаудың өзі қате деп санаймын. Өйткені мемлекеттің тіл саясатында қазақ тілі бірінші сыныптан бастап оқытылады, жоғары оқу орындарында да солай. Он жылдан астам уақыт ішінде қазақша дүкен деген сөзді түсінбейтін халық шығады дегенге сенбеймін. Демек, оның бәрі қисынсыз.
Кез келген құжат екі тілде болуы керек деген норма бар, бірақ құжат соңында егер қандай да бір мәтінде келіспеушілік болса, мәтіннің орысша нұсқасы басымдыққа ие деп жазып қоямыз. Егер қазақ тіліндегі мәтінге басымдық берсек, онда жанымыз шығатын еді. Әр сөз орнында тұрғанын қадағалайтын едік. Ал бұл жерде жауапкершілікті сыпыра салдық.
Былай қарағанда, біздің елде қазақ тіліне қатысты проблема жоқ, бәрі қазақ тілін біледі, білмесе де, үйреніп жатыр, оқып жатыр. Бірақ қарапайым сөздерді қазақша жаза салуға болмайды. Маған мемлекеттік тілге қатысты саясаттың осы тұсы түсініксіз.
Айтпақшы, «Азаттық радиосымен» жасаған жобаларыңыз есіме түсіп отыр. Қазақшасы ауыр Конституцияны түзеген едіңіздер. Одан кейін мемлекет тарапынан қандай да бір реакция болды ма?
Жоқ, реакция болмады. Конституцияның қазақшасын кезінде мүйізі қарағайдай кісілер жасаған. Сондықтан жаңылыппыз ғой, қателесіппіз ғой деп ешкім айтпайды. Заң тілін өте киелі дәрежеге шығарып қойған. Өзінің ережесі, принциптері бар дейді. Бірақ ол принциптер қалай қалыптасты?
Конституцияны бірінші сөйлемінен-ақ басқаша қылып жазуға болар еді. «Біз, ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы» дегенді «біз тарихы ортақ Қазақстан халқы» десек неміз кетеді? Қазақ тілінің бүкіл мүмкіндігін өзіміз шектеп отырмыз. Бай тіл дейміз, бірақ басқа тілдің қалыбына салып, шектеп қоямыз.
Сот болып жатыр, әкімдік қызметкері, қарапайым азамат, сот. Қазақша болып жатыр, бірақ үшеуі үш тілде сөйлейді. Әкімдік қызметкерінің тілі іс-қағаз стилі, қарапайым адамдікі өзіміздің күнделікті қазақша, соттың өзінің тілі бар. Осындайды айтсаң, онда орысша сөйлейік, бәрімізге оңай ғой дейді. Өткенде бір үлкен жиын болды, төраға қазақша амандасты, тақырыпты таныстырды да, «ал енді бәрімізге түсінікті тілге көшсек» деп, орысша жалғап кетті.
Бәленбай қабат ғимараттың іргесіндегі бір қатар кірпіші дұрыс қаланбаған деп елестетіңіз, енді оны не шетінен мұқият алу керек, не ана ғимаратты бұзып, сол қатарды қайтадан дұрыстап қалауымыз керек. Бұл өте қорқынышты. Ғимарат ішінде жүрген адамдар «не істеп жатырсыңдар, кедергі келтіріп жатырсыңдар, басты қатырмай, кетіңдер» дейді. Қай жағынан кірісеріңді де білмейсің. Сол күйінде тұра берсін дейін десең, іргесі дұрыс емес, ол бір күні шіриді, бір күні қирайды. Ал ішіндегілер уақытша жүр. Ертең олар кетеді, ғимаратқа басқа адамдар келеді. Олар да қирап қалғанша жүре тұрайын, кетемін дейтіндер.
Бизнестің қазақша сөйлеуге талпынысы туралы не айтасыз?
Бізде аудармашылардың мәртебесі, жауапкершілігі, міндеті, құқықтары деген нәрсе жоқ. Аудармашы болу үшін қандай талаптар болуы керек деген де жоқ. Істейтін маман аз болды, құжат пен аударатын мәтін көбейіп жатыр, әйтеуір біреу аударуы керек. Егер сол нәрсенің міндетті түрде болуы тиіс екенін мойындамасаң, оған ақша төлегің келмейді. Мысалы, мәзір қазақша болуы керек деген жауапкершілігің ішіңде болмаса, аудармашыға ақша бергің келмейді. Барынша аз берсем, мүмкіндігінше тегін болса дейсің. Кім аударады соңында? Ұжымыңдағы орысша да, қазақша да әупірімдеп білетін адам.
Кофеханаларда «тауықпен боул» дегенге ешкімнің басы қатпайды. Дұрысы – «тауық қосылған боул». Барлық жерде солай болғасын, бұл үйреншікті болып барады. Қазақша мәзір жоқ десе де, саудасы жүріп жатыр, бар кезде де, дұрыс болса да, болмаса да саудасы жүреді. Стандарт жоқ, талап жоқ. «Әйтеуір қазақшасы бар, тиіспеші оларға, қате деп тағы тиісіп шошытпашы» дейді. Басқа кофехана алады да дәл солай жазады. Сөйтіп ол қате стандартқа айналады. Сол қате болмаса екен деймін. Кәсіби арманым, парызым да осы деп санаймын.
Мұның бәрі адамдардың сауат деңгейіне келіп тіреле ме? Жалпы идеал қазақ тілі деген ұғым бар ма?
Жалпы сауат деңгейі төмен деп айта аламын. Мектептен сауатты болып шыққан адамнан кетпейді ол білімі. Қасық ұстауды ұмытып қалмаймыз ғой. Демек, шала оқып шыққан, ол затты маңызды деп санамаған. Шынын айтайықшы, мектептегі ең маңызы жоқ сабақтар қазақ тілі мен әдебиеті ғой. Одан да физика мен математиканы оқысын дейді. Сыныптағы жиырма баланың бесеуі сауатты жазса шүкір дейміз. Кальканы, грамматиканы айтып отырғаным жоқ. Қарапайым “күйеу” деген нәрсені сауатты жазуды айтамын. Ол адамға калька дей алмайсың, жазғанына рахмет айтасың. Түсініксіз жағдай. Менің жұртқа сөзім жоқ, мен мамандармен жұмыс істеймін.
Бұл көзге көрінбей жүретін процесс. Қазақ тілі өзгергені көзге көрінбей жүрген процесс еді ғой. Өзіміз де байқамай қалдық. Енді кері процесс те көзге көрінбейді. Ең болмаса көшедегі баннерлердегі қазақ тілі өте әдемі болса. Біз оған лайық емеспіз бе? Олай болуы үшін ой өзгеруі керек, бизнестің ойы өзгеруі керек. Оның мәтінін аударып беріп отырған адамдардың ойы өзгеруі керек. Менің каналымның жұмысы да сол. Көріп жүрген қатеміздің бәрінің артында тірі адамдар тұр. Қазақ тілі жай ғана бар болуға тиіс емес, ол дұрыс қазақ тілі болуы керек.
Қазір менің аузым жабылса, ешкімнің ештеңесі кетпейді. «Калькасыз қазақ тілі» каналы құрып кетсе де солай. Өйткені оның экономикамызға, әлеуметтік өмірімізге ешқандай әсері жоқ. Қолға ұстап, көруге келмейтін, материалдық маңызы жоқ дүние. Қазақ тілі қазіргі калька күйінде жүре берсе де, ештеңе емес. Қазіргі тіл саясатын өзгертпесек те, сол. Қазақ тілінің бұрынғы күйі мен қазіргі күйі қандай? Неге мұндай халге жеттік? Кезінде неге ешкім жауапкершілікпен қарамаған? Егер тілімізді басқа тілдің ығына жығып берсек, ол тілдің не керегі бар?
Өзі бір-ақ дұрыс қазақ тілі бар. Менің каналымда да абсолют дұрыс қазақ тілі емес, бірақ дұрысырағы.
Кез келген тарихи ғимаратты сүріп тастап, жаңа ғимарат салғанда ішіміз ашиды. Яссауи кесенесін сыпырып тастаса, жаңа мешіт саламыз десе, бәрі шулайтыны анық. Қазақ тілін солай ақырын сыпырып тастап, жаңа бірдеме жасап жатырмыз. Оның бейнесі өзгеріп, жасанды нәрсеге айналып бара жатыр. Өзіме ар жағында не болары белгісіз жол таңдап алған сияқтымын. Оның бір нәтижесі бола ма, болмай ма, беймәлім.
Поддержите журналистику, которой доверяют.