Read this article in English.
Читайте этот материал на русском.
Бейсенбіге қараған түні АҚШ Қазақстаннан импортталатын тауарларға 27% мөлшерінде баж салығын салатыны белгілі болды. Орталық Азияның басқа елдерімен салыстырғанда, бұл ең жоғарғы мөлшерлеме: Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан мен Қырғызстанға 10% деп белгіленді.
«Власть» пікір сұраған сарапшылар АҚШ-тың баж салығы Қазақстанның экономикасына немесе оның жекелеген саласына қатты әсер ете қоймайды деп санайды. Қазақстаннан экспортталатын тауардың көп бөлігі – шикізат, ал оған Трамптың бұйрығына бола баж салына қоюы неғайбыл. Олар таяу арада жаһандық мұнай нарығында да құбылу бола қоймайды деп отыр. Дегенмен, сарапшылардың бірі болашақта сауда соғысы жаһандық экономика дағдарысына әкеп соғуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Қазақстанның Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша АҚШ-пен арадағы сауда айналымы 4,2 млрддолларболып, бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 4%-ға артық болды. Былтыр Қазақстаннан АҚШ-қа экспорт 30,6% өсіп, 2 млрддолларболса, импорт 2,2 млрддолларболды.
Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын тауар негізінен шикізат: шикі мұнай, уран, күміс, ферроқорытпа, бидай желімшесі және басқа тауарлар. Қазақстанның сауда және интеграция министрлігі жеткізілетін шикізаттың 92%-ы АҚШ президентінің бұйрығында көрсетілген тізімге кірмейтінін хабарлады.
«Енгізілген тариф Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын жалпы тауар көлемінің 4,8%-ына ғана қатысты болуы мүмкін. Үкімет Қазақстанға қатысты қосымша баж енгізбеу мүмкіндігін Америка жағымен талқылау үшін кеңеспек», — деп мәлімдеді сауда министрлігіндегілер.
Олардың дерегі бойынша, 2024 жылы экспорт ішіндегі баж салығына ілінетін 4,8% тауардың бағасы 95,2 млн долларболған. Соның ішінде фосфор (15,9 млн$), феросилиций (12,7 млн $), линзалар (4,1 млн $), бидай желімшесі (4 млн $), аммоний нитраты (2,4 млн $) бар.
Сауда және инвестиция саласындағы сарапшы, Tradereport.kz Телеграм арнасының авторы Ернар Серік баж салығын енгізу салдарынан алынатын фосфордың 6%-ын АҚШ-қа жеткізетін «Қазфосфат» компаниясы мен желімшенің40%-ын Америкаға сататын «BioOperations» ЖШС зардап шегуі мүмкін деп санайды.
Бизнес сарапшысы әрі Energy Analytics Телеграм арнасының авторы Абзал Нарымбетов АҚШ Қазақстаннан экспортталатын бүкіл тауарға баж енгізсе де, мұнай секторы оның әсер-ықпалын сезінбейді деп есептейді.
«Қазақстаннан АҚШ-қа экспортталатын мұнай құрылымы шамамен 2%, ал мұнайдан түсетін пайда құрылымында АҚШ-тың үлесі 3%. Бұл аса көп емес, Қазақстан мұны басқа елдерге мұнай жеткізу арқылы өтей алады. Қазақстанның мұнайын тұтынатын негізгі елдер Италия, Франция, Грекия мен Нидерланды», — дейді Нарымбетов.
Мұнайдан гөрі уран саласы мұндай ықпалға сезімтал, себебі шикі күйінде 7%-ы, байытылған түрінің 70%-ы АҚШ-қа экспортталады. Алайда уран тізімге енген жоқ.
Ернар Серік АҚШ енгізген баж салығынан Азияның басқа елдері, бірінші кезекте Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея мен Жапония зардап шегеді деп санайды.
«Қытай үшін АҚШ-қа тауар жеткізу, әсіресе халық тұтынатын тауарларды жеткізу тиімсіз бола бастаса, тауар жиналып қалады. Қытай өнімдерінің бағасы түсуі мүмкін, бұл бізге тиімді. Алайда, мұндай жағдайда қазақстандық нарықта қытай тауары көбейіп, бұл отандық өнімге кесірін тигізуі мүмкін», — деп түсіндірді маман.
Нарымбетов АҚШ енгізген баж салығы әлемдік мұнай нарығына, соның ішінде оның бағасына айтарлықтай ықпал ете қоймайтынын айтады. Сондықтан Қазақстанның экономикасына жанама салдары болады деу де негізсіз деп санайды.
АҚШ мұнай тұтыну құрылымын өзгертпейінше, тариф енгізілгеннен кейін де мұнай сатып алуды жалғастырады. Америка тақтатасты мұнайымен өз қажетін өтей алады, бірақ ол үшін мұнай бағасы 50–60$-дан аспауы керек. Бұдан асып кетсе, өндірушілер жобаларын жауып, шикізат алуды тоқтатуы мүмкін.
«Иә, Трамп мұнай бағасы 50$-ға дейін түседі деп уәде беріп отыр, бірақ бірінші рет президент болғанында баға, керісінше, өскен болатын. АҚШ-та нарық заңы жұмыс істейді. Оның үстіне әлемде мұнай жобаларының тоқтағаны туралы жаңалық көп те, олардың қайтадан іске қосылғаны туралы жақсы жаңалық аз. Менің ойымша, бұл мұнай бағасын 70$ шамасында ұстап тұруға мүмкіндік береді, 10$ артық не кем болуы мүмкін», — дейді Нарымбетов.
Экономикалық дамуға ықпал ету орталығының ғылыми жетекшісі және CAPS Unlock орталығы қамқоршылар кеңесінің мүшесі Юлий Юсупов тариф енгізу Орталық Азия елдеріне тікелей ықпал етпейді деп есептейді. Аймақтың Қытай, Еуропа және Ресеймен сауда айналымы әлдеқайда жоғары. Десе де, басқа сарапшылармен салыстырғанда, Юсупов мұның жаһандық сауда соғысына айтарлықтай жанама әсері болады деп санайды.
«Бұл жаһандық экономика дағдарысына әкеп соғуы мүмкін. Бұл көптеген шикізат тауарының бағасы түсуіне әкеледі, ал аймақтағы елдер негізінен шикізат сатады, сонымен бірге әлемдік деңгейде инвестиция белсенділігінің төмендеуіне әкеп соғып, аймаққа инвестиция тартуға да әсерін тигізеді», — деп санайды экономист.
Ернар Серік қазір АҚШ-тың басқа елдермен келіссөз жүргізу барысын бақылау қажет дейді. Баж салығын енгізу туралы соңғы шешім әлі қабылданған жоқ және Трамп әкімшілігі шешімін өзгертуі әбден мүмкін.
Поддержите журналистику, которой доверяют.