5614
8 мая 2023
Алмас Қайсар, Бейімбет Молдағали, Власть

«Атырау экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін»

Белсенділер мен жергілікті тұрғындар экологияның нашарлауынан зардап шегіп жатқан «мұнайлы астананың» болашағы туралы айтты

«Атырау экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін»

Сәуір айының басында Атырауды қалың түтін басты, мектеп оқушыларын қашықтан оқуға жіберіп, тұрғындарға көшеде көп жүрмеуді ескертті. Қара түтін басуына өртенген қамыс пен шымтезек және мұнай өңдеу зауыттарынан шығатын қалдықтар себеп болған.

Атыраудың экологиялық жағдайы мәз емес екені бұрыннан белгілі. Оның ішінде тек зауыттың қалдықтары мен түтін ғана емес, Жайық өзенінің тартылуы, ағынды сулардың булануы да бар. Қалада және жалпы өңір бойынша инфрақұрылым мен ауыз су тапшылығы мәселесі де бар.

Мұның бәрі бұл қаланы Қазақтанның «мұнайлы астанасы» деген сипатынан алыстата түседі. Атырау облысы – еліміздің негізгі көміртек өндіретін аймағы, мұнда 2021 жылы шикі мұнайдың жартысынан көбі және табиғи газдың жартысына жуығы өндірілді.

Власть қыс соңында Атырауға барып, белсенділермен және өңір тұрғындарымен қала тағдыры туралы сөйлесіп қайтты.

Вахташылардың демалысы және мұз қатқан өзен

Қыста орталықта қаланы шығыс пен батысқа бөліп тұрған орталық көпірдің дәл қасындағы мұнараның өзі елеусіз қалады. Бұл кезде бар назар – Жайықта. Онда күндіз-түні аулаған балығын контейнерге салып, балықшылар отырады. Тартылудың алдында тұрған өзеннен бәрі де балық аулап қалғысы келеді. Балықшылардың кейбірі – мұнай кен орнындағы вахталық жұмыстан кейін не істерін білмей жүрген жұмысшылар.

«Махамбет ауылынанмын, Атырауға көшіп келгеніме екі жыл болды. Бала кезімізде балық аулап өстік. Қазір балық аз. Бірақ балық аулау – Атыраудағы сүйікті ісім. Міне, осылай, балық қайда болса, солай қарай жүреміз. Қармағыңның қапқанын күтіп отыру да бір құмарлық шығар. Балық түссе, мәз боласың. Өзің үшін ғой, асып жеуге үйге апарасың», – дейді қармақ салып отырған Елдар Ғазизов.

Ол «Теңізшевройл» трансұлттық корпорациясына қызмет көрсететін қосалқы мердігер компанияда қоймашы. 14 күндік вахтамен істейді. Елдар Ғазизов білімі мен жұмыс тәжірибесі бар адамға мұнай компаниясына жұмысқа тұру оңай деп санайды.

«Атырау дамып келеді. Бұрынғыдай емес. Біз студент болғанда мұнда ештеңе жоқ еді. Бізді мұнай асырап отыр. Мұнда өзге ел мен басқа облыстардан келген адам көп. Бәрі мұнай үшін», – дейді ол.

Көкжиектен тәуелсіздік жылдарында бой көтерген мұнай компанияларының кеңселері көрінді. Соның бірі шығыс жағалауда бой көтерген – «Норт Каспиан Оперейтинг Компани» (NCOC) Қашаған жобасының ғимараты.

«Мұнайлы астана»

Қар жауған күндері кешкілік бала-шағасын ерткен ата-аналар мен жастар мұз қатқан өзенге барып, балықшыларды шетке ығыстырады. Жағалауда жалға берілетін коньки мен шана тізіліп тұр. Көп адам көпір мен басқа қоғамдық орындардан гөрі, айналасын қамыс басқан, бетіне мұз қатқан өзенді кесіп өткенді жөн көреді. Оларды «Өзеннен өтуге болмайды» деген белгі де тоқтата алмайды.

Қала орталығына жақындасаң, шұрық-тесік тротуар, жаяу жүргіншілер жолында жолақ жоқ, жолды кесіп өту қауіпті.

Көпір, мұнай соратын мұнара мен «Атырау» деген белгінің ар жағында әкімшілік орталық орналасқан. Кейінгі 30 жыл ішінде қымбат қонақүйлер, мейрамханалар, тұрғын үй кешендері мен мұнай консорциумының ғимараттары бейберекет бой көтере берген. Көшеде полиция қызметкерлері, сары комбинезон киген күзетшілер, коммуналдық мекеме қызметкерлері көп.

Сәл әріректе тұрғындар «Америка ауылы» атап кеткен жер бар, бұл – мұнай кен орындары игеріле бастағанда келген шетелдіктерге арнайы салынған жабық аумақ. Бөтен адам кіруге болмайды, күзетшілер суретке түсіруге де мұрша бермеді. Мұндағы біркелкі сарғыш түсті шағын үйлердің қоршауы жоқ, көгалы мен ауласы ерекше күтіп-бапталған екен.

Атыраудың қақ ортасындағы жаңа ғимараттардың арасында ішінара ескі көпқабатты үйлер де бар. Қаланың болашағы не халде екенін сонда тұратындардың бірі былайша баяндады:

«Мынаны қарашы, – деп балалар алаңқайының жанынан салынған кішкентай дүңгіршекті көрсетті. – Бұған кім рұқсат берді? Құрылыс саласында жұмыс істегенмін, мұнда ненің қалай салынғанын білемін. Ешқайсы стандартқа сай емес, тұрғын үйлердің іргетасына тұз толып, бәрі құлап жатыр. Қала бомба түскендей халде. 1990 жылдары өңірге көптеген шетелдік компания келді. Қала жаңарып, дами түсуі керек еді. Бірақ бейберекеттік пен жемқорлық жайлады. Атырау – бүкіл Қазақстан үшін донор, батпаққа барып Астананы салды, мұнда түк жоқ».

«Тәртіп жоқ. Бұрын депутаттар келіп, жағдайды сұрап-білетін, қазір түк істемейді, жұмыс істеген кейіп танытады. Атырау – мұнайлы астана емес, жұмыссыздар қаласы. Жұмыс болмаған соң, нашақорлар мен маскүнемдер көп. Жұмыс жоқ, дипломның құны көк тиын. Анау айтқандай жалақы да жоқ. Мұнда қатаң басқару орнату керек. Шынымды айтсам, Атыраудың болашағы бар екеніне сенбеймін», – дейді қала тұрғыны.

Жақын жерде Исатай мен Махамбет саябағы бар, батырларға ескерткіш те қойылған. 2016 жылғы жер сатуға қарсы жаппай наразылық пен 2022 жылғы Қаңтар көтерілісі осы ескерткіш түбінде өткен. Қазір мұнда адам аз, балаларға арналған көлікті жалға беретін санаулы кәсіпкер ғана жүр. Алаңда бесін намазынан кейін, әсіресе жұма намаздан соң адам көп болады, жақын жердегі мешіттен шыққан жастардың көбі осында келеді.

«Жалпы, Атырау жаман қала емес, дамып келеді. Бірақ жастар үшін жарқын болашақ бар дей алмаймын, – дейді 21 жастағы Асан. – Қала жастары үкіметке сенбейді, өзімізше бірдеңе істеуге тырысып, кәсіппен айналысып жүрміз. Бұл үшін де капитал керек, бірақ биліктің көңіл аударғанын көрмедім. Таныстарымның, бір топта оқығандар мен достарымның арасында жұмыс тапқандар аз. Ең жақсысы – «Теңіз».

Асан экологиялық ахуал мен мүмкіндік жоқ болғандықтан, Атыраудан «үлкен қалаға» көшкісі келеді.

«Ол жақтың ауасы басқа. Кеткен кезде айырмашылықты анық байқайсың. Мына қаладағы иістен үнемі бас ауырады да тұрады», – дейді ол.

Ескі қала

Жайық өзенінің батыс жағалауындағы орталықтың айналасында жеке үйлер түсіп жатыр. Көпірлердің жанынан біркелкі үйлер салынды. Бірақ ескі қала аймағында жағдай басқаша, мұнда тозығы жеткен үйлер, тарихи ғимараттар және нашар инфрақұрылым. Қаланың бұл бөлігінде таңертең сауда жасайтын ескі базар да бар.

«300 ескі үйден жүз шақтысы ғана қалған болар. Қалғанының бәрін бұзды. Шетелдіктер келгенде, оларға көрсететін ештеңе жоқ, содан ұяламын. Шетелдікті былай қойғанда, өзге өңірден келетіндер де бар ғой. Олар Атырауды тарихына ең селқос қарайтын өңір деп айтады», – дейді жергілікті журналист Лев Гузиков.

Лев пен энтузиаст өлкетанушылар бірігіп, бірнеше жылдан бері тарихи орталықты сақтап қалу үшін күресіп жүр. Бірақ Лев Гузиков жергілікті билікпен диалог құрылғанына қарамастан, тарихи орталықты сақтап қалу мүмкін емес деп есептейді.

Бұған қоса тәуелсіздік алған соң өзеннің екі жағын қосатын бірнеше көпір салынған. Оның ішінде «Тәуелсіздікке 10 жыл» көпірі де бар. Тұрғындар оған дейін қала тұрғындары кептелістен қатты қиналғанын айтады. Көпірлердің құрылысы жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылардың көтерілісімен қатар жүріп отырды.

«Мұнайшы» көпірлерінің бірі жаяу жүргіншілерге арналған көпір арқылы Жилгородок ауданына дейін жетеді. Кеңес жылдары бұл көпір қаладағы мұнай өндіретін зауыт құрылысында істеген жұмысшыларға арнап салынған. Бұл жоба өңірлік мұра тізіміне енгізілген. Бірақ Лев Гузиковтың айтуынша, қазір бұл аудан қирап, Атыраудағы басқалар сияқты «адам көп тұратын аймақ (ұйықтау аймағы?)» мәртебесін жоғалтып жатыр.

Сонымен қатар бұл жағдай Жилгородоктағы қозғалысты қиындатқан автокөлік көпірлеріне де байланысты болып отыр.

Аудан шет жағында Лениннің үлкен ескерткіші тұр, ал ішінде әлі күнге дейін ескі кеңестік үйлер, театр және өзен жағасында жүгіру жолы бар шағын саябақ бар.

«Басқа қаланың тұрғындары бізді аулада мұнай сорады, күнде уылдырық жейді деп ойлайды»

Саябақтағы орындықтың бірінде Сапарбай деген кісі отыр. Осы сәтте қала мен өзенді тұман басып, күйіктің иісі шыға бастады.

«Мына түтіннен қоқыс полигоны өртеніп жатқанын білуге болады. Амал жоқ. Ол жақ үнемі өртеніп жатады. Әсіресе, жаздыгүні иісі қатты шығады. Полигон төмен жақта, оны ешқашан сөндіре де алмайсың, пластик, целлофан мен резеңке жанады. Өрт сөндіру қызметінде жұмыс істегенде мұның бәрі қалай жанатынын көрдім. Сөндіру мүмкін емес. Бізде экологиялық ахуал нашар, Атырау мұнай өңдеу зауытынан, жылу-электр орталығынан шығатын түтін бар. Кәріз суын ағызғанда қала сырты көлге айналады», – дейді ол.

Ол Атырауда туып-өскен, жұмыс істемеген жері жоқ. «Мұнайлы астана» туралы сұрағымызға Сапарбай оның тек бағадан білінетінін айтты.

«Бір күні Доссорға (Атырау облысындағы мұнай шығатын елді мекен – В.) америкалық бір азамат келді. Жол нашар, кішкентай үйлер, су жоқ. Сонда оның таңғалғанын көрсеңіз! Дубай сияқты деп ойласа керек. Жүз жыл бойы мұнай өндіресің. Сондағы мұнайлы астанаң – осы. Қаладан шыға сала, қараңғылық басқанын көресің, бәрі көмір жағады», – дейді ол.

Дегенмен, мұнай-газ кен орындарында жұмыс істеудің келешегі бар деп есептейді.

«Қалада 200 мың теңге жалақы алатын жұмысқа тұрсаң – жолың болғаны. Болмаса, кәсіп ашарсың. Бірақ ол үшін де ақша керек, несиенің үстемақысы жоғары. Басқа қаланың тұрғындары бізді аулада мұнай сорады, күнде уылдырық жейді деп ойлайды. Мұнай саласының өзінде 500 мың теңге үшін бір ай вахтада жүру оңай емес. Бұл уақытта отбасыңның мазасы кетіп, шаруашылық тұралап қалады. Жыртылып жұмыс істеп, үйге шаршап ораласың. «Теңізге» көптің ішінен бірді-екілісі ғана жұмысқа тұра алады. Бірақ, әрине, бәрі сол жерде жұмыс істеуді армандайды. Сонда істейтін достарым бар, қос-қостан пәтері, екі көлігі бар, компания бүкіл отбасына сақтандыру төлейді, фитнеске де тегін баруға болады. Тамағын айтпай-ақ қояйын. Бәрі сонда барғысы келгенімен, бәрінің жолы бола бермейді», – дейді Сапарбай ашуын жасыра алмай.

Сапарбайдың сөзіне қарағанда, жергілікті тұрғындардың көбі аздаған тиын-тебен төлейтін қосалқы мердігерлерге жұмыс істейді.

Өңірдегі мұнай-газ компаниялары таратқан мәліметтерге сәйкес, «Теңізшевройлда» 4500 адам жұмыс істейді. NCOC-та штатта 3000-ға жуық қызметкер және Солтүстік Каспий жобасында 9000 адам істейді. Атырау мұнай өңдеу зауыты коммерциялық құпияны алға тартып, қызметкерлер туралы ақпарат беруден бас тартты. Ал «Ембімұнайгаз» АҚ-да 2020 жылғ 4 764 адам жұмыс істеген. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2015 жылы қызметкерлер саны 5 410 болған.

«Төлейтін ақша еңбегіңе, төккен теріңе тұрмайды. Аз төлейді. Атыраулықтарға ел қатарлы өмір сүру үшін айына 700 мың теңгедей төленуі керек. Әйелімнің жалақысы – 150 мың теңге, ол жолы мен түскі асынан артылмайды. Үйдегі үлкен кісілердің зейнетақысы да аз. Балаларды оқытып, аяққа тұрғызу керек. Негізі балаларым басқа жаққа кеткісі келеді, қала түтінге тұншығып жатыр, мұнай компаниялары көп болғанымен, жұмыс жоқ. Онда тек менеджерлердің күнкөрісі тәуір», – дейді ол.

Көптеген атыраулық секілді Сапарбай да мұнайдан түскен табыстың «тым құрыса 80%-ы» Атырауда қалғанын қалайды. Мәселен, 2022 жылы Атырау облысында 1,7 триллион теңге салық жиналған. Бірақ облысқа соның 181 миллиард теңгесі ғана тиген. 2022 жылғы есеп бойынша, Атырау облысында табыс – 627 миллиард теңге, ал шығын – 630 миллиард теңге.

«Бізге тиын-тебен қалады, қалғаны Астанаға жөнелтіледі. Атырауды дамытуға болар еді. Бәріне қаржыны қалтасына басатын «ағашкалар» кінәлі. Тоқаев пен Назарбаевтан бастап, олардың жақындарын, жасы келгендердің бәрін алып тастау керек. Орнына жастар келсін, «Болашақпен» оқып келген тәуір балалар бар ғой. Шет елдерде жетістікке жетіп жүр. Неге өз елімізде жұмыс істемеске? Ал бізде ағашкалар дарынсыздарды отырғызып қоя салады, ондайлармен көпке бара қоймаспыз…» – дейді Сапарбай.

“Немерелеріміз бұл өзенді көре ме, жоқ па, қайдам?..”

Қаланың шығыс бөлігіндегі бұрын ауыл болған «Балықшы» секілді аудандарда әлі күнге дейін тозығы жеткен, қоңырқай түсті көпқабатты үйлер бар. Ал шет бөлігінде Атырау мұнай өңдеу зауытының құбырларынан шыққан жалын мен жылу-электр орталығының түтіні көрінетін өндірістік аймақ жатыр.

Кезекті көпірдің астында ескі кемелер үйіліп тұрған өзен тұрағы бар. Мұнда қонақүй кемелері, экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты балық аулайтын қайықтар тұр.

«Біздің бала күнімізде өзен суы мына жерге дейін жететін, – дейді жанымызға келген ер адам өзен тұрағы болып кеткен жағаны көрсетіп. – Қазіргі халі мынау. Немерелеріміз бұл өзенді көріп үлгере ме, жоқ па, қайдам. Арал теңізі сияқты тартылып кете ме деп қорқамын».

Қайрат 14 жылдан бері балық аулаумен айналысады. Жұмыс 1 сәуірде басталып, 25 қарашада аяқталады. Қалған уақытта демалып, моторды тексеріп, кемелерін тазалайды. Кемесіне өткен-кеткеннен қоритын кез де көп болады.

«Аю сияқты қыста ұйқыға кетеміз, – деп күлді Қайрат. – Мемлекеттікі де, жеке кемелер де бар. Кеме бос тұрғанда бізге, әрине, аз төлейді. Қыста 70 мың аламын. Жаман емес, көп ақша тапсаң, көп ақша жұмсайсың. Ал аз болса, ақшаның қадірін түсінесің».

Балық аулаудың жай-күйі туралы сұрағымызға елең ете қоймады.

«Мына жерде қайдағы балық? Су болмаса, өзен тартылады. Тартылып болды ғой. Теңізде де солай. Кеме өзенде жүзе алмаған соң, енді пайдаға аспайды. Төрт моторлы қайықты да жарамсыз деп тапты. Олар Алмалы, Махамбет, Кулагин және Индерден еді. Әрқайсында алты адам жұмыс істейтін. Мында бір кемеде 30-ға жуық адам бар еді, ол да қысқарды. Мыналарға қарашы, – деп өзендегі балық аулаушыларға сілтеді, – онда қайдағы балық? Бөгетке дейін өздері ұстайды, содан кейін ау әрең тұрады. Балық теңізден өте алмаса, қайдан келеді? Солтүстікке қарай Горячкино бағытында су аздап көтеріледі, мұз ериді, су да таза. Сондықтан онда балық та бар, ал бізде ештеңе көтерілмейді».

Қайрат өзен жағдайы мен өңір экологиясына әсер ететін нәрсе көп дейді.

«Жер астынан мұнайды алып жатыр. Бірақ оның орнына жерді бір нәрсемен толтырып отыру керек қой. Біз ойпатта тұрмыз, төменде ешкім жоқ. Бір кездері су астында қалған жерлер бар», – деп толықтырды ол.

Қайрат Атырауда мұнай мен балықтан басқа ештеңе жоқ дейді.

«Бір кездері мына жерде зауыт болған. 80 жыл бойы жұмыс істеп тұрған зауытты бір жылда жоқ қылды. Бес мыңға тарта адам үш ауысыммен жұмыс істейтін. Балық көп болғаны сонша, жұмысшылар үлгермей жататын. Қазір балық та жоқ», – дейді ол.

Қайраттың айтып отырғаны – 1933 жылы КСРО бойынша екінші орында тұрған, 2013 жылы банкрот болған «Атыраубалық» балық консервілеу комбинаты. Кәсіпорын бекіре тұқымдас балықтың әр түрін, консервінің 11 түрін, уылдырық, жем ретінде пайдаланатын ұн, желім, техникалық май шығарумен айналысқан. «Атыраубалық» өнімдері батыс Еуропа мен Таяу Шығыс елдеріне де экспортталған.

Қайрат бұрын өңірде егін шаруашылығы жаман болмағанын айтады.

«Еркінқалада егістік біршама болатын. Жалғансайда – картоп, Сарытоғайда алма болды. Бала кезімізде соны жинап алатынбыз. Жұрт Алмалыдан жерді жалға алып, картоп егетін. Күзде өнімді жинау үшін бізді мектептен алып кететін. Біз де қарсы болмайтынбыз, керісінше, ұмтылатын едік. Үйге бір тор картоп әкелгенімізге мәз болатынбыз», – дейді Қайрат қамыс басқан жағаға қарап.

«Көріп тұрсыз ғой, айналаны жыңғыл мен қамыс басқан. Су тартылған соң, жабайы өсімдік қаулады. Мұндай жерде тазалық болмайды. Кейде басқа қалаларға барамын. Көлікпен бір күнде жетіп баратын Оралға моторлы қайықпен жеті күн жүріп бардық. Индерден 200 шақырым ары асқаннан кейін айналаның бәрі орман-тоғай. Жеткенше солай. Айнала жап-жасыл. Ал бізде жыңғыл мен үйден басқа түк жоқ», – дейді ол.

Қайрат қыста Қостанайдағы шипажайға барған екен, ауаның қысымына шыдай алмай, мұрнынан қан кетіпті.

«Қандай болса да, ойпатқа, осы жердің ауасына үйреніп қалған екенмін. Осы жерде өзімді жайлы сезінемін. Әбден етіміз өліп кеткен», – дейді Қайрат.

«Кеңес өкіметі тұсында-ақ экология мәселесі бар еді»

Ақпан айында да Атырауды сәуірдегідей күйік иісі мен түтін басқан. Эколог, экологиялық-құқықтық бастама директоры Галина Чернова ол кезде тұманның өртенген қамыс салдарынан болғанын айтады.

«70 шақырым жердегі Жылыой ауданында қамыс өртенді. Газ, түтін, күйік пен иіс үшін 70 шақырым деген дым емес. Қаладан осынша қашық жерде жағалаудағы қамыс өртеніп еді, бүкіл қаланы түтін басып қалды», – деп түсіндірді эколог.

Галина Чернова өрт жиі болатынын, ад Төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайык» табиғи резерватындағы өрт сөндірушілерінің күш-қуаты мен құрал-жабдықтары жеткіліксіз екенін айтады.

«Былтыр қоңырсыған түтін мен иіс сұмдық болды, қамыстың күлі әуеде қалқып жүрді. Төтенше жағдай мамандарының қолындағы құралдары баланың ойыншығы сияқты, ондай өртке шамасы да жетпейді» – дейді Галина Чернова.

Сарапшы экология мен қоршаған ортаға қатысты проблема өңірде алғаш мұнай өндіріле бастағаннан бері бар дейді.

«Кеңес өкіметі тұсында-ақ облысымызда экология мәселесі бар еді. Себебі сол кезде-ақ «Теңіз» кен орны ашылды. Газ өңдеу зауыты да сол уақыттан бері жұмыс істейді», – дейді ол.

Тәуелсіздік алғаннан кейін де жағдай өзгере қоймаған. 1993 жылы Қазақстан-Америка бірлескен «Теңізшевройл» кәсіпорнын құру туралы келісімге қол қойылып, «Теңіз» кен орны игеріле бастады.

Галина Чернованың айтуынша, кен орнында мұнай өндіру көлемі артып келеді. Қазір ол жерде газ өңдейтін зауыт пен екінші буын зауыты жұмыс істеп тұр. 2024 жылы үшінші буын зауытының іске қосылуы жоспарда. Галина бұл кезде қосымша 40 мұнай ұңғымасына бұрғы түсетінін айтады.

«Қазір жылына 24 миллион тонна өндіріп жатса, енді 39 миллион тонна өндіреді. Өндіріспен қатар, зиян көлемі де артады. Шығарындылар мен қоршаған ортаны ластау мәселесін шешпей жатып, үшінші буын зауытын тезірек іске қосуға жанталасып жатыр», – дейді Чернова.

Экологтар теңізде жеткілікті зерттеу жүрмегендіктен, Қашаған жобасы бойынша теңізде мұнай ұңғымаларын бұрғылауға да қарсы. Галина Чернова теңіздің табиғи циклдері бар екенін айтады, теңіз құрлыққа шығатын уақытты трансгрессия десе, тартылған кезде жағалауды жалаңаштауды регрессия дейді. Регрессия қазір «теңіздің түбіне дейін барады» екен.

Экологтың сөзіне қарағанда, бұған қатысты бірнеше гипотеза бар. Оның бірі жерасты қабатынан мұнай алумен байланысты. Осыдан теңіздің түбі шөгіп жатыр. Мұнайды алғаннан кейінгі бос орын толтырылмаған күйде қалады.

«NCOC-тың болжамы бойынша (Қашаған жобасын әзірлеуші ​​– В.), олардың математикалық үлгімен расталған 2026 жылға дейінгі есебіне сай, теңіз әлі де тартылады. Голланд және неміс ғалымдарының зерттеуі бойынша, теңіздің тартылуы 2054 жылға дейін жалғасып, ол Бозашы түбегіне дейін жетеді. Бұған қоса Жайық пен Каспий өзенінің Қазақстандағы ең терең бөлігінің аңғарын ашып, орта Каспийге жақындауы мүмкін. Сонда жоба не болмақ?» – дейді маман.

Мұнай өндіру де ауаны ластайды, күкірт қалдығына қатысты мәселе әлі де шешілмей келеді. Галина Чернова Қазгидромет дерегі бойынша жылына 583 рет ауада күкіртсутек білінетінін айтады.

«Ауаға зиянды қалдықтарды кім шығарып жатқанын нақты уақыт режимінде көрсететін ситуациялық карта жоқ. Air.kz бар, күкіртсутекпен ластану бар екенін білеміз, ал ары қарай не істейміз?Асылы, кім ластағанын анықтап, оны тоқтатып, айыппұл салып, лицензиясын қайтарып алып дегендей әрекет жасау керек қой. Мұндай шаралар жасалмаса, экоцид жағдайында өмір сүргеніміз сүрген», – дейді Чернова.

Оның айтуынша, бұл қатерлі ісік пен тыныс алу жолы ауруларының, соның ішінде туберкулез ауруының белең алуына әкеледі. Өңірдегі экологиялық ахуал, медицина қызметкерлері мен экологтардың жетіспеуі салдарынан ана мен бала өлімі артып отыр. «Республика бойынша тыныс алу органдары мен өкпе аурулары бойынша ең жоғары көрсеткіштің бірі біздің өңірге тиесілі».

Ауыз су, өзендер мен биоалуантүрлілік

Галина Чернованың сөзіне қарағанда, мұнда бекіре тұқымдас балықтардың 90%-ы болған және ауланған, ал қазір балық шаруашылығы жоқтың қасы. Шортан, торта балық, көксерке және тұқы балықтарының қоры да азайған.

«Қашаған жобасы басталған кезде мұнда Каспий теңізінің атласына енген елдердің ғалымдарын біріктірген Каспий экологиялық бағдарламасы жұмыс істеп тұрды. Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін, атап айтқанда, реликт түрлерді сақтаудың мұнай өндіру қызметімен үйлеспейтіні туралы айттық. Мұнай өндіру мәңгі мазасыздық аймағы болып есептеледі, мұзжарғыштар жүреді, тікұшақтар ұшады, вахташыларды тасиды, жасанды аралдарды толтырады, таяз сулардың гидродинамикасын және көші-қон жолын бұзады, соның ішінде қоректену және уылдырық шашу жолдарына зиян келтіреді. Содан да қазір цикл бұзылды!» – дейді Галина Чернова.

Бірақ ғалымдардың сөзіне құлақ асқан ешкім болмаған.

«Өйткені мұнайға арқа сүйеп отырған елміз. Бұл бір панацея сияқты. Бір кездері арты жақсы болмайды деп ескерткен еді, қазір соған бәріміз куә болып отырмыз. Мұнай жалпы халықтың игілігі болмаған жерде әділдік болмайды, тәртіп бұзылады. Ал ол ат төбеліндей топтың мүддесіне қызмет еткенде қарғысқа айналады. Біз өндірістің жаңа түрлеріне инвестиция салып, қоғамды дамытып, шағын және орта бизнесті көтерудің орнына, банктерге көмектестік», – дейді Чернова.

Мұнай алу кезіндегі шудан құстардың 300-ден астам түрінің ұшу дәлізі бұзылады. Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс құстардың тынығуы, балапан өргізуі және азығын табуы үшін қолданылады. Галина Чернова орнитофаунадан айырылса, Қазақстан «өте ауыр халықаралық жанжал мен санкцияға» тап болады деп есептейді. Себебі сулы-батпақты жерлер Рамсар конвенциясына енген және ерекше қорғау аймағы болып саналады. Бұған қоса ЮНЕСКО тарапынан да қамқорлыққа алынған.

Галина Чернова Жайық өзенінің күрт таяздануын толыққанды және терең зерттеу жоқтығынан көреді. Мұның соңы аймақтағы ауыз су тапшылығына әкелуі мүмкін.

«Батыс Қазақстан облысында бөгеттер, кем дегенде 47 су торабы және Орал-Көшім суландыру жүйесі бар. Суландыру жүйесі өзен суын бұрып, суаруға, шаруашылықтарға қызмет көрсетуге және шаруашылықтың барлық түріне орасан зор жәрдем беріп отыр. Оның өзі 1968 жылы салынған, ескірген және ондағы су шығыны да орасан. Бірақ бұл туралы ешкім тіс жарып айтпайды. Экология министрлігі қамқорлық жасағандай болып, қайта жөндеу жұмысына ақша бөлді. Ал Жайық үш есе таязданып кетсе, қажет суды қайдан алады?!» – дейді ол.

Облыс Ақтөбе облысының құмды жеріндегі тұщы судың қомақты стратегиялық қоры бар Көкжидеге сенген еді. Алайда бірнеше өңірге жететін су көзін мұнай өнімдері ластады.

Оралды «салыстырмалы түрде жайқалтып отырған» жерасты суы Атырауға тиімсіз, себебі құрамында минералдар мөлшері көп.

«Бұдан кейін қала мен өнеркәсіп қалай дамиды, түсінбеймін. Қазір кем дегенде 55 кәсіпорын Оралдағы судың арқасында жұмыс істеп тұр. Тіпті жылу электр орталығы жылына 68 миллион литрге жуық суды пайдаланып, оны ЖЭО-ны қайта сумен қамтуға қолданудың орнына, Тасқала кентінің іргесіне ағызып жатыр. Бұл – ысырап, ақылға салмай басқару, басқаша айта алмаймын», – дейді Галина Чернова.

Экологиялық босқындар қаласы

Атырау мұнай өңдеу зауытының төңірегіндегі жағдай тұрғындар үшін өткір мәселе күйінде қалып отыр. Түнгі уақытта қаланың оңтүстік бөлігін жарқыратып тұратын алып темір ғимараттар кешені қала ішінде орналасқан әрі көптен бері экологиялық жағдайды нашарлатып келеді.

«Зауыт тұрғын үй алқабына іргелес жатыр. Бұл – біз күресіп жүрген және халық ешқашан келіспейтін негізгі мәселе. Алаумен шыққан түтін халықтың ашуын келтіреді, Атырау мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіруді талап етуге мәжбүрлейді. Елімізде пайдаланылмайтын бензол мен параксилол өндіретін технологиялық тізбек пен оларды қайта жаңғырту және жаңадан салу мәселесі шешіліп жатқанда да осыны талап еттік. Енді зауытты алып тастай алмаймыз», – дейді Галина Чернова.

Экологтар бұған көндіккен. Қазір зауыттан экологиялық кодекс нормативтерін сақтай отырып, ауаға шығаратын заттар мен қоқысты тазартуды талап етіп жүр.

Экологтар өңірдегі экологиялық проблеманың кесірінен экологиялық босқындар көбейе ме деп қауіптенеді. 2002 жылы үкімет «Теңіз» кен орнына жақын орналасқан Жылыой ауданындағы Сарықамыс ауылын көшіру туралы бұйрық шығарғанда осындай жағдай болған. Тұрғындар «ауадағы зиянды заттардың рұқсат етілген шекті концентрациядан асып кетуіне және халық арасында ауру түрлері тарауына байланысты» басқа жерге көшірілді.

Қазір Сарықамыс қала аумағына кіреді әрі ықшамаудан болып есептеледі.

«Шамамен 500-дей отбасын көшірді. Ауыл адамдары, малы, жайылымы, шабындық жері бар дегендей. Ештеңеге қарамай, бәрін тиеп алып, Сталин заманындағыдай бір күнде көшіре салды. Ондағылардың көпшілігі үйді сатып, ауданнан басқа үй алғысы келді. Себебі өмір сүру тым қиын болды. Бірақ, оларға 5-7 жылдай үйдің құжатын бермей қойды. Қандай шу болғаны әлі есімде. Ауылды екіге бөлді, жартысы жаңа орынға көшіп, қалғаны Маңғыстау облысындағы Опорное ауылына барды. Осылайша, кей отбасы бөлініп қалды», – дейді Галина Чернова.

Эксперт экологиялық босқындарға берілген үйлердің сапасы нашар болғанын еске алды.

Экологиялық мәселені шешу талабы жоғары болғанына қарамастан, өңірдегі компаниялар әлі күнге дейін жабық. Тіпті, меншік нысаны да рөл ойнамайды.

«Ембімұнайгаз» мемлекеттік болса да, ең жабық кеңсе. Онда Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жобалары бойынша тыңдау өткені (экологиялық өзара әрекеттесуді бағалау – В.), олардың мұнай кеніштеріндегі жағдай мен жалпы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндағаны есімде жоқ. Біз Қазақстандағы өндіруші өнеркәсіп саласының ашықтығы бастамасына мүшеміз, бірақ мұнай өндіру мен салық бойынша есеп жоқ. Олардың өңірге әлеуметтік инвестиция салу, ерікті көмекті дамыту бағдарламасы туралы ақпарат та жабық», – дейді Галина Чернова.

Әлеуметтік-экономикалық жағдай қиын болғандықтан, экологиялық мәселе екінші кезекте қалып қойып жатыр. «Иә, жұмыс бірінші орында, сіздің экологияңыз бізге қызық емес», – дейді екен тұрғындар Галина Черноваға. Ол қоғамдық тыңдау кезінде халықтың мұң-мұқтажы қалай аяққа тапталатынын көріп жүргендіктен, мұндай сөздерге түсіністікпен қарайды. Галина Чернованың айтуынша, қоғамдық тыңдау кезінде жағдай ушығып, жиынды тоқтатуға тура келетін кездер де болады.

«Халықтың соншама қорланғанына жаным ауырады. Өте ауыр. Адамдар несие ала беріп, әбден тығырыққа тірелген. Жақында Мақатта қайтадан салынатын газ өңдеу зауытына орай қоғамдық тыңдау өтті, сонда халық жұмыс беруді талап етті. Зауыт құрылысы жүріп жатқанда 1500 адамды жұмысқа ала алады, ал іске қосылған соң тек 751 адам, онда да маман керек болады. Бұл тұста білім беру жүйесі мен мемлекетті дамытуда халық игілігін жоғары қою мәселесін қайта қарастыру керек».

«Қаламыз – қағазы әдемі кәмпит сияқты, ішін ашсаң…»

«Бұл қала Кеңес Одағы кезінде елеусіз, көзден таса жер болған. “Жер бетінде Гурьев, Кушка, Нары деген адам тұрғысыз үш жер бар” деген сөз де бекер емес. Нары – саяси тұтқындар айдауда болған Сібір өлкесі. Кушка – сол кездегі Кеңес Одағының ең шеткі нүктесі. Сосын біздің қала. Бұл жердің жазы аптап, қысы желі бет қаратпайтын аязды болған. Дала болған соң, жан-жақтан жер гулеп тұрады. Ешқандай инфрақұрылым да болмаған», – дейді өлкетанушы әрі журналист Лев Гузиков.

Бірақ 1999 жылы Иманғали Тасмағамбетов облыс әкімі болып тағайындалып, жағдай өзгерген. Қоқыстан көз ашпаған қалада төтенше жағдай жарияланды. Жол жөнделіп, асфальт төселіп, көптеген үй мен үйлердің сырты жөндеуден өтті.

Дегенмен, Лев Гузиков қоқыс пен батпақ сияқты көп мәселе әлі де шешімін таппағанын айтады.

«Қаламыз – қағазы әдемі кәмпит сияқты, ішін ашсаң, мүлдем басқа. Бірақ ол қала тұрғындарына таңсық емес: қала шетіне бара қалсақ, оншақты жыл бұрынғыдай батпаққа батып кетесің».

Лев Гузиков 1990 жылдары мұнда резеңке етік негізгі қажеттілік болғанын айтады. Жұрт мектепте, жұмыста немесе институтта ауыстырып кию үшін қосымша аяқкиім тасып жүретін. Лев Гузиковтың айтуынша, қала іргесіндегі ықшамаудандарда әлі де солай. Мекемеге кірер алдында аяқкиімді тазалау үшін кей жерлерде су құйылған науа мен басына шүберек байланған таяқ тұрады.

Гузиков тәуелсіздік алғаннан кейін Атырауда құрылыс қарқынды жүргенін, көпірлер салынып, тұрғын үй көбейгенін айтады. Бірақ алдын ала ойластыру жағы ескерусіз қалған.

«Тұрғындар пікірін толық ескермейді. Көп жағдайда бос жатқан жер кенет қоршалып, қаңылтыр қоршауға бұл жерде бір нысан пайда болатыны туралы билборд іле салады. Жақын маңда тұратын адамдар түк істей алмаған күйі қала береді. Сәулет және қала құрылысы туралы заң бойынша, кез келген жоба туралы халыққа ескерту керек. Бірақ іс жүзінде олай емес», – дейді Лев Гузиков.

Дегенмен, кейінгі жылдары жергілікті билік әлеуметтік желіге мониторинг жасап отыратын болыпты. Тіпті, халыққа болашақ жобаларды талқылауды ұсынып, сауалнама да жүргізе бастапты.

Тарихты жою

«Жергілікті норма бойынша өзеннің оң жақ жағалауында өте үлкен аумақ бұзылады, бұл пандемияға дейін-ақ белгілі болған (2022-2026 жылдарға арналған жөндеу бағдарламасына сәйкес, Атырауда 237 ескі үй сүріледі, олардың жалпы ауданы – 34 мың шаршы метр – В.). Қазір онсыз да адам көргісіз халде тұрған тарихи орталық та осы аумақта. Ал әкімдік пен бұзылатын үй иелері арасындағы кикілжің жалғасуда», – дейді Гузиков.

Өлкетанушылар мен урбанистер тобы тарихи орталықты сақтап қалу үшін әлі күресіп жүр. Олар тарихи-мәдени мұраны қорғау комиссиясының отырысына қатысты. Бұл комиссия құрамында қоғам белсенділері мен түрлі ведомство өкілдері бар.

«Тыңдалым кезінде комиссия мүшелерінің ешқайсы жою керек деп айтқан жоқ. Мәселе биліктің тарихи сәулет жұмыстарына деген селқос көзқарасында болып тұр. Тәуелсіздік алған 30 жылда қалпына келтіруге немесе XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басында салынған мына үйлерге қарапайым жөндеу жасауға бір тиын да бөлінген жоқ. 2000 жылдардың басындағы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында немесе «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырғанда қаладағы Успен соборынан басқа ешбір ғимаратқа көңіл бөлінген жоқ», – дейді өлкетанушы.

Сонымен қатар, тарихи орталықтың тағдырын талқылау кезінде халық үш топқа бөлінгенін айтады: отаршылдықты еске салатын ғимараттарды бұзып, сүруді қолдайтындар, жою варварлық деп, орталықты сақтап қалуды қолдайтындар және мәселеге немқұрайлы қарайтындар.

«Тарихи ескерткіштерді қорғау туралы заң бар. Шенеуніктер бюджетте қалпына келтіруге немесе басқа жұмыстарға қаражат жоқ екенін айтқан сайын, қалпына келтіру жұмыстары бюджет қаражаты есебінен ғана емес, сонымен қатар демеушілер есебінен де, осы ғимарат иесінің есебінен де жасауға болатыны туралы заңға сілтейді. Кейбір ескі үйлерде адамдар тұрады. Ғимараттың қасбетін жөндеуге жұмсайтын ақшасы жоқ», – дейді Гузиков.

Сонымен қатар ол ешкім демеуші табуға тырыспайтынын, ал тарихи орталықта жергілікті маңызы бар қала құрылысы сәулет ескерткіштерінің мәртебесі тек 7 нысанға берілгенін айтты.

«Бұл – қылмыс әрі тікелей тәуелсіздік жылдары қызметте болған барлық әкім мен осы ескерткіштерге жауапты барлық ведомствоның жауапкершілігінде болатын мәселе», – дейді өлкетанушы.

Ол атақты Сарайшық қаласының сақталуын мысалға келтірді: жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, археологиялық зерттеулер жүйелі түрде жүріп жатыр.

«Ежелгі елді мекен жойылудан аман қалды. Жыл сайын тасқын су жердің бір бөлігін шайып кетіп жатты. Ал бұл көне қоныс өзен жағасында орналасқан, әлі күнге дейін жер астынан жәдігерлер табылған жоқ. Ал біздің қалада, орталықта ештеңені жоқ жерден қалпына келтірудің қажеті жоқ, нысандар тұр. Бұл үйлердің барлығы бір ықшамауданда, төрт көшенің бойында жинақы орналасқан», – дейді ол.

Адамға арналмаған

Гузиков қаланың жаяу жүргіншілерге ыңғайсыз, көлігі барларға қолайлы екенін айтады.

«Бізде көп дүние жаяу жүргіншілерге арналып жасалмаған. Жерүсті өткелі де жаяуларға емес, автокөлік иелеріне жайлы. Жаңа жағалауды алайық. 2020 жылы Жайық өзенінің қарсы бетінен қолданысқа берілген жағалау NCOC компаниясының есебінен салынды. Бұл жоба сынның астында қалды. Тағы да соңына дейін ойластырылмаған құрылыс. Жаздыгүні жағалау бойымен серуендеп, күннен қорғанатын көлеңке іздеп көріңіз. Орындықтардың үстіндегі бастырманың ешқандай қорғаныс күші жоқ. Орындықтар да нашар. Жалпы, кез келген жағалау суға жақын болуы керек. Мұнда ол да жоқ, әрі қарсы беттен тым сұрықсыз көрінеді: бекініс сияқты бір бетон қабырға болып тұр», – дейді ол.

Лев Гузиков жобаны дайындау кезеңінде жергілікті билік урбанист маман пікіріне жүгінсе дұрыс болады деп есептейді. Бірақ өңірде тек шенеуніктерден құралған қала құрылысы кеңесі бар.

Қаланың «еуропалық» және «азиялық» деген тарихи бөліктерге бөлінетініне келер болсақ, Гузиков бұл ғылыми тұрғыдан ең әуелі «туристер үшін тамаша ертегі» дейді. Өйткені нағыз географиялық шекара Орал және Мұғалжар таулары, Ембі өзенінің бойы және Каспий теңізінің солтүстік жағалауымен өтеді.

«Қала аумағы түгел Еуропада. Бірақ қала туралы айтар болсақ, дәстүрлі индустриялық аймақ жағалаудың азиялық бөлігінде дамыған: жылу электр станциясы, мұнай өңдеу зауыты және көптеген өндіріс орны бар. Автокөлік қозғалысына байланысты адам көп шоғырланған аудан қалмады. Сонымен қатар, барлығы орталықта орналасқан, қаланың шет аймағында тек тұрғын үйлер мен бірнеше әлеуметтік нысан ғана бар. Ал мәдени демалысқа арналған ештеңе жоқ, мұндай демалыс үшін қала орталығына бару керек. Қала, әрине, кішкентай, бірақ өзің тұратын ауданда серуендеген, жақын жерде саябақ немесе жақсы жабдықталған жағалау болғаны жақсы ғой», – деді ол.

Қала тағдырына қатысты сұрағымызға Атыраудың көп тұрғыны сияқты ол да “қазба байлық бір күні таусылады ғой” деп енжар жауап берді.

«Қаланың болашағын көріп тұрған жоқпын. Қазірдің өзінде оны “үлкен вахталық ауыл” деп атайды. Ал бір күні Жайық толық тартылып қалса, Каспий теңізі болған күннің өзінде, Атырау экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін. Ондай жағдайда тұрғындарды көшіруге тура келеді», – дейді ол.

Саясат және Атыраудағы белсенділік

Қала орталығында орналасқан Renaissance қонақүйінің фойесінде Атыраудағы ең танымал азаматтық белсенділердің бірі Макс Боқаевпен кездестік. Ол 2016 жылғы жер митингілеріне басшылық еткен, 2022 жылғы қаңтар оқиғасына қатысқан.

Макс Боқаев Атырауда туып-өскен, Кеңес Одағы тараған соң сол кездегі “жалпыға ортақ” шаруа – кәсіппен айналысқан. 2003 жылы әлеуметтік белсенділікке бет бұрып, «Арлан» үкіметтік емес ұйымын тіркеген. Ұйым жастар мәселесі мен нашақорлықпен күрес бағытында жұмыс істеген. Ол алғашқы экобелсенділер пайда болып, оппозициялық партия филиалдары ашыла бастаған кез. Макс Боқай сол кезде ең жас әлеуметтік белсенділердің бірі болғанын айтады.

«Ешкім әлеуметтік қызметке барғысы келмейтін, адамдар қуғын-сүргінге ұшырап жатты. Жұмабай Дастанов Қазақстанның республикалық халық партиясының (Әкежан Қажыгелдин басқарған партия – В.) алғашқы жетекшілерінің бірі болды. Үйіне басып кіріп, ұлымен қоса ұрып кетті. Бұған қоса, бұл сала бірден біраз нәрседен бас тартуға мәжбүрлейді. Ол отбасын асыраудың өзі қиын кез еді. Бізде шетелдіктердің қатысы бар мұнай кәсіпорны көп. Сауатты жастар ағылшын тілін үйреніп алса, шетелдік компанияға жұмысқа тұра алады. Олар сол күндері жергілікті тұрғындарды жұмысқа алуға тырысатын. Мұндай мүмкіндік барда, адам әлеуметтік жұмысқа барып қайтсін? Ақша жоқ, басыңнан бір ұрады, ал ана жақта жарық әрі жылы, шыбын-шіркей де жоқ», – дейді ол күліп.

Макс Боқаев 2010 жылға қарай «атыраулық наразы топтың бет-бейнесі» болып, өз бетінше наразылық акцияларын өткізе бастаған. Ал арнайы қызмет мамандары оны ертерек зерттей бастапты.

«Облыстық наркодиспансерде және есірткіге тәуелділерді оңалту орталығында жұмыс істейтінмін. Сол кезде осы медициналық мекеменің бас дәрігері қауіпсіздік комитетінен келіп, мені сұрастырғанын айтты».

2016 жылы Атырауда Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге байланысты наразылық басталды. Құжатқа сай шетелдіктерге Қазақстаннан жер алуға рұқсат берілді. Атыраудағы ірі митингілерден кейін Макс Боқаевқа «әлеуметтік алауыздықты қоздырды», «жалған ақпарат таратты», «митинг туралы заңды бұзды» деген айып тағылып, түрмеге жабылды. Ол 2021 жылдың ақпанында босатылды, бірақ 2024 жылға дейін үстінен әкімшілік қадағалау жүргізу тапсырылды.

«2016 жылы алаңға шығып, жанымда болған жігіттер – шағын және орта кәсіп өкілдері, мұнай кәсіпорындарының қызметкерлері. Оларды қуғындады. Бір жігіттің кәсібін қиратып, жұмыс істеуге мүмкіндік бермей қойды. Мұны істеу оңай, электр қуатын өшіріп тастайды, салық органының тексеруі мен басқасы туралы айтпай-ақ қояйын. Екінші жігіт себепсіз жұмыстан қуылды. Келісімшарт уақыты бітіп, оны созбады. Аяққа тұруға тырысқанымен, болмады. Сосын әлеуметтік белсенділікпен айналысуын жалғастырды. Әйелі шетелдік компанияда жұмыс істейтін. Оған күйеуі сабасына түспесе, оны да жұмыстан шығаратынын айтыпты. Екі баласы бар. Үйде басқа мәселелер де туындай бастаған. Мұның бәрі қалай істелетінін түсініп тұрсыз ғой?» – дейді ол.

Макс Боқаев қазір Атырауда азаматтық қоғам ыдырағанын айтады. Оның орнына мемлекет азаматтық қоғам боп көрінуге тырысып жүр дейді.

«Автобустарда ауру балалардың еміне ақша жинап жүрген жастар көп. Киімдерінде әлеуметтік белсенді екені жазылған. Психологтар мұны құнсыздандыру деп атайды. Белсенділерді жаманатты ету үшін тролль фабрикасын құрған. Экстремизммен күрес департаменті пайда болды. Журналистер, әлеуметтік белсенділер мен шеттен келгендердің артынан ілесіп жүреді», – дейді Макс Боқаев.

«Шеруге шықса, талабы орындаларына сенеді»

Макс Боқаев сонда да Атыраудағы азаматтық белсенділік пен наразылық шаралары бәсеңдеген жоқ деп есептейді.

«Мұның себебі көп. Исатай мен Махамбеттің ескерткіші тұр, ол екеуі – қолына қару алып күресіп өткен жандар. Одан соң да көп оқиға болды. Ресеймен іргелес жатқан жер, бұл маңнан кімдер өтпейді дейсіз. Кеңес одағы кезінде Атырауға басқа халықтарды жаппай көшірді. Болгар қызымен, Қырым татарымен, Қырым грегімен, украин, ингуш, неміс және шешендермен бірге оқыдым. Жаздыгүні – аптап, қыста – бет шыдатпайтын аяз. Тарих пен география қатты әсер етті», – дейді ол.

Ол наразалық тууына өңірдегі жаппай мұнай өндіру де әсер етті деп есептейді.

«Теміржол вокзалы маңында өстім. Күн сайын төртінші қабаттағы балконнан жүздеген мұнай тиеген вагон батысқа кетіп жатқанын көретінмін. «Теңіз» мұнайының көп бөлігін цистерналап жөнелтетін. Халық әкім алдына барып, “Ақша қайда? Тротуар қайда, жұмыс қайда?” десе, әкім ақша жоқ дей алмайды. Мысалы, Петропавл мен Жамбыл облысының әкімдері: “Өлтірсеңдер де айтайын, ақша жоқ”, – дей алады. Әрине, ол керегін қалтасына басып үлгерді, сонда да осылай айта алады. Халық тұрып-тұрып, тарап кетеді. Ал мұнда ондай жауап жарамайды. Адамдар шамалы шерулетсе, қалағаны, талап-арызы қанағаттандырылатынына сенеді», – дейді Боқаев.

Ол 2000 жылдардың соңынан мұнайшылар түрлі наразылық акциясына шыға бастағанын, сол еңбек белсенділігі өңірде әлі де сақталғанын айтады. Боқаев 2010 жылдан бері еңбек шартынан аудандық коэффициент бойынша қосымша төлемдерді алып тастауға байланысты үлкен наразылықты мысалға келтірді.

«Мұнайшылар келіп, көмек сұрады. Мен заңгерлік жағынан көмектестім. Осы үшін 2010 жылы “рұқсат етілмеген митинг өткізді” деген айыппен 7 тәулікке әкімшілік қамауға алды. Кейін жұмысшылар шілдеде Назарбаевтың туған күні алдында үш ауданда – Исатай, Мақат және Жылыойда наразылық акциясын өткізді. Бірақ жүйелі жұмыс жоқ, тәуелсіз кәсіподақтар жойылды. Бірі пара алады, біреуін қорқытады, ал қалғаны биліктің қолында кетті», – дейді Боқаев.

«Теңіздегі» мұнайшылар көтерілісі мен қаңтардағы наразылық акциясына қосылған Қашаған жобасының жұмысшылары да еңбек белсенділігіне мысал бола алады дейді.

«Бұлар техникалық қызметкерлер, орта тап, тіпті төменгі буын деуге болады. Бәрінің тұрақты жұмысы, баспанасы бар, шетелдік компанияда істейді, мемлекетке тәуелді емес. Жалпы, қызық адамдар. Бәрі ағылшынша біледі. Бір доссорлық жігіт ирландтықтарды ағылшындардан ажырата алатынын айтып күлдіріп еді», – дейді ол.

«Chevron компаниясында істейтін адамдарды танимын. Нигерияда филиалы бар. Бәрі сол жаққа бармау үшін егіліп жылауға дайын. Өйткені Нигериядағы басты мәселе – содырлар. Нигериялық бандылар мұнайшыларды кепілге алып, кейін төлем талап етеді. Төлем болмаса, атып тастайды. Ал Атырауда олар демалады, америкалықтарға арналған қалашық, мейрамханалар мен мектептер бар. Сондықтан болар, бәрі Назарбаевқа жергілікті тұрғындарға жағдай жасамаса, Нигерияға айналып кетеміз деп айтып отыр. Қаңтар кезінде Алматыда не болғанын көрдік қой. Қалған-құтқан тиеді, одан байып жатқан жоқпыз», – дейді ол.

Макс Боқаев 2009 жылы трансұлттық мұнай компанияларымен жасалған келісімшарттарды қайта қарау мәселесін көтерген.

«Біріншіден, келісімшарттарды ашу керек. Қашаған, Теңіз бен Қарашығанақ деген үш ірі жобаның келісімшарты әлі күнге жабық. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналыстым. Қазақстандағы мұнайдың табысын бақылау бойынша коалиция құрып, оған 80-ге жуық ҮЕҰ қосылды. Бірнеше жыл осы мәселені пысықтап, АҚШ сенатында өткен Хельсинки комиссиясының отырысына қатыстық. Мысалы, біз “ТеңізШевройл” компаниясына жазсақ, олар үкіметке сілтеп отырды. Үкіметке жазғанда, коммерциялық құпия деді», – дейді Макс Боқаев.

Ол аз уақытта жағдай күрделене түседі деп есептейді.

«Бірақ біз ешқандай шектеуге қарамастан, пікірімізді айтудан таңбаймыз», – дейді ол.

Бұл материал Власть порталының «Қазақстан аймақтары» атты ауқымды жобасы аясында жазылған. Бұл жобада біз Қазақстан аймақтары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік көрінісі туралы баяндаймыз, аймақтық дамудың қазіргі парадигмасын сыни тұрғыдан талдап, бәрін жақсы жаққа өзгертуге ұмтылып жүрген тұрғындар жайлы баяндаймыз.