5078
9 июня 2023
Бейімбет Молдағали, суретті Жанара Каримова түсірген

Туған күнің құтты болсын, «тақыр жерде» салынбаған қала!

10 маусым күні Астананың әлемге таныстырылғанына 25 жыл болады

Туған күнің құтты болсын, «тақыр жерде» салынбаған қала!

1998 жылы 10 маусымда елорданың халықаралық деңгейдегі тұсаукесері өтті. Мен содан кейін он алты күннен соң Астанада дүниеге келдім. Жаңа астанасы, адамдары мен үміті бар жас мемлекет деп өзімше жақсылыққа жоритынмын. Қазақстан бұл мерекені 7 жыл бойы 10 маусымда атап өтті. 2006 жылы парламент астана күнін тойлауды бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күніне, 6 шілдеге ауыстырды.

Бірнеше жылдан кейін ғана осы өзгеріске бола қаланың туған күніне дейін дүниеге келген болып есептелетінімді түсіндім. Бұл іштей қарама-қайшылық тудырды, ал бұл сезім 2019 жылы Астанаға бұрынғы президенттің есімін бергенде ұлғая түсті.

Назарбаевтың аты берілген жалғыз қала емес: әуежай, университет, мектептер, кітапхана мен даңғарадай мұражай да соның атымен аталады. Сегіз рет орнын ауыстырған Астананың тарихи-өлкетану мұражайы елорданың ауысуына және президенттің мәдени орталығының ашылуына байланысты жабылды. Экспонаттардың бір бөлігі Көкшетаудағы Ақмола облыстық өлкетану мұражайына жеткізілсе, екінші бөлігі Ұлттық мұражай мен мемлекеттік мұрағат арасында қалып кетті.

Астананы «елбасыландыру» барысында аты аңызға айналған жергілікті «Жеңіс» футбол клубы да зардап шекті. Оның ойындарын көруге әкем мені Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы тарихи стадионға апаратын. Стадион қазір қараусыз қалған, жағдайы нашар.

Қала әкімшілігі 2014 жылдың соңына қарай футбол клубына қолдау көрсетуді тоқтатып, нәтижесінде ол банкротқа ұшырады. 2009 жылы елордада мемлекеттің қолдауымен және алматылық екі клубтың бірігуінен «Локомотив» пайда болды. Бұл клуб Назарбаев құрған Президенттің кәсіпқой спорт клубының (ПКСК) қамқорлығында болды. 2020 жылы жемқорлыққа қарсы агенттік президент клубындағы қылмыстық схеманы анықтағаннан кейін, клуб таратылды.

«Локомотив» футбол клубы қазір «Астана» деп аталады. Бұл атауды клуб 2011 жылы маусымның дәл ортасында, Бірінші лигада дәл осылай аталатын аты аңызға айналған команданың болғанына қарамастан, иемденіп алды. Сонда әуелден «Астана» деп аталып келген клубқа атауын «Астана-1964» (қазір «Жеңіс») деп өзгертуге тура келді.

Назарбаев Оливер Стоунның деректі фильміне берген сұхбатында қаланың «тақыр жерде салынғанын» айтады. Осындай жалған нарратив ілу қала тұрғындарын кімдігін анықтау және туған қаласында шешім қабылдау құқығынан айырды.

Елорданың қазіргі әкімі Властьқа берген сұхбатында қаладағы мәселелерді «қала мен халықтың осылай қарқынды өсуін күтпегеннен туып отыр» деп жауап берген. Оның бұл сөзін «жергілікті халықтың пікірін құлаққа қыстырмайтын мұндай нашар шенеуніктерді ешкім күтпеді» дегенге ауыстыруға болады.

Билік тұрғындардың пікірімен санаспайынша, жас астананың проблемасы бітпейтіні анық. Ол үшін ресми әрі ішінара елбасысыздандыру емес, саяси жүйедегі өзгеріс керек. Алдымен Астананың туған күнін бір адаммен емес, қаланың және барша Қазақстан халқының тарихымен байланыстыратын күні атап өтуден бастауға болады.