2394
16 июня 2023
Назерке Құрманғазинова, Власть, cурет ТЖМ сайтынан

Даниал Ахметовтің қызметтен кетуі, Абай облысындағы өрт, жаңа тағайындаулар

Апта жаңалықтарына шолу

Даниал Ахметовтің қызметтен кетуі, Абай облысындағы өрт, жаңа тағайындаулар

Төтенше жағдайлар министрлігі 8 маусымда басталған «Семей орманы» резерватындағы өрт 14 маусым күні кешкі сағат 9-да оқшауланғанын хабарлады. Бір күннен кейін ТЖМ бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев орман өртін толық сөндіруге әлі бес күндей уақыт керек екенін айтты. Бір аптаға созылған өрттің жалпы ауданы 60 мың гектардан асқан. Өрт кезінде 14 орманшы және тағы бір азамат қаза тауып, 12 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Өрттің шығу себебіне қатысты тергеу органдары үш нұсқа бар екенін атап өтті: қасақана өртеу, салғырттық, табиғи фактор.

Адам өліміне әкелген апат кезінде президент Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа сөгіс жариялап, ТЖ министрі болған Юрий Ильинді қызметінен босатты. Оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды. Сонымен қатар, өртке байланысты екі қылмыстық іс қозғалып, басқа да тұлғалармен қатар, Ұранхаев, Ильин және экология министрі Зүлфия Сүлейменовадан да жауап алынады.

Тағайындаулар

Даниал Ахметов Шығыс Қазақстан облысының әкімі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметте 9 жыл отырды. Әкім болғанға дейін үкіметте лауазымды қызмет атқарып келген Ахметов 2017 жылы зейнетке шыққанымен, оның құзыреті 2022 жылға дейін ұзартылды, былтыр президент Тоқаев Ахметовті бұл қызметте тағы бір жылға қалдырған еді. Енді оның орнына Қазақстанның Ресейдегі елшісі болған Ермек Көшербав тағайындалды.

12 маусым күні президент 2019 жылдан бері Бала құқығы жөніндегі уәкіл болып келген Аружан Саинды қызметтен босатып, оның орнына бұрынғы мәжіліс депутаты Динара Зәкиеваны тағайындады. Ол әлеуметтік желідегі контентті бұғаттауға мүмкіндік беретін балаларды кибербуллингтен қорғау жөніндегі заң жобасы авторларының бірі. «Сарым-Зәкиева түзетулері» деп аталып кеткен бұл заң жобасы қоғам наразылығын тудырған еді.

Сонымен қатар, сол күні халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп, оған президент бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпованы тағайындады.

10 маусым күні бұрын түрлі мемлекеттік лауазымды қызмет атқарған Бердібек Сапарбаев қайтыс болды. Ол әр жылдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарды, премьер-министрдің орынбасары, Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарының әкімі болды. Сапарбаев мемлекеттік қызметтен 2022 жылдың ақпан айында, қаңтар оқиғасынан кейін бірнеше ай өткенде кетті.

Даниал Ахметов, фото kursiv.media

Жаңаөзендік мұнайшылар, қамауға алынған Әлтаев, Бестөбе тұрғындары

Сәуір айынан бері наразылық білдіріп, мұнай саласында тұрақты жұмыс беруін талап етіп келген «БерӘлі Маңғыстау» кәсіпорнының бұрынғы жұмысшылары «Мөлдір Мұнай Сервис» компаниясына жұмысқа тұруға келісіп, ереуілді тоқтатты. «ҚазМұнайгаз» жұмысшылардың бұрынғы еңбек жағдайы сақталатынын айтты. Бұған дейін бірнеше күн бұрын мұнайшылар екі айға созылған келіссөзде алға жылжу болмағандықтан, 15 маусымда Астанаға қайта баратынын мәлімдеген.

Ақмола облысы Бестөбе кентінің тұрғындары 7 маусымда мәдениет үйінде шенеуніктермен алдын ала жоспарланған кездесуге қатысқаннан кейін, екі жылға жуық тоқтап тұрған кеніштің іске қосылуын талап етіп, бес күн наразылық білдірді. 14 маусым күні «Бестөбе ауылының тұрғындарын жиын өткізуге шақырды және бұл туралы әкімдікке хабарламады» деген адйыппен ауыл тұрғындары Қанат Байысов пен Қайыржан Есмағанбетовті 10 тәулікке қамауға алынды.

Қанат Байысов, сурет Жанара Каримованыкі

Алматы соты тіркелмеген “Ел тірегі” партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевты қызмет атқарып жүрген кезінде пара алғаны үшін екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды. Саясаткер ауыл шаруашылығы вице-министрі қызметін атқарып жүргенде “Атамекен” ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікке ілінген.

Семей соты қаңтар оқиғасы кезінде уақытша қамау изоляторында қаза тапқан Елдос Қалиевтың өліміне байланысты айыпталған екі полиция қызметкері Арайлым Ақылбекова мен Қайрат Әнуарбековтың бостандығын үш жылға шектеді. Олар «Салғырттық» бабы бойынша айыпталған. Сонымен қатар, Семейдегі изоляторда қаза тапқан тағы бір азамат Жандос Жотабаевтың өліміне қатысты сот процесі аяқталуға жақын қалды. Ол іс бойынша айыпталушы ретінде танылған изолятор фельдшерін прокурор үш жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Жотабаевтың өліміне қатысты тағы бөлек процесте екі полиция қызметкері айыпталуда.

Jusan Bank, АЭС

Әділет министрлігі 2021 жылы шетелдік юрисдикцияға шығарылған Jusan Bank пен телекоммуникация, ауыл шаруашылығы және өзге салалардағы активті қамтитын Jusan тобы Қазақтанға қайтарылғанын хабарлады. Бірқатар компания арқылы Jusan тобының түпкілікті бенефициары – Назарбаев қоры.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов 15 маусым күні атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдум өтпейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, станция нақты қай жерде және қашан салынатыны әзірге анықталмаған. 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев қажет болған жағдайда АЭС-ке қатысты референдум өтетінін айтқан еді.