2770
29 июня 2023
Светлана Ромашкина, суретті Жанара Каримова түсірген

Фейсбуктің күшімен әділдікке жету

Интернетте отырып сотты қалай жұмыс істетуге болады?

Фейсбуктің күшімен әділдікке жету

Өткен жылдың 8 қазанында түнгі сағат 11-де бұрын мемлекеттік аудитор болып жұмыс істеген Талғат Нұртаев бұрынғы әйелі, заңгер Айман Асанованы көлік тұрағынан күтіп алып, оны 18 рет пышақтаған. 17 мамыр күні Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотының судьясы Еркін Майшинов кісі өлтірушіні бір жарым жылға бас бостандығынан айырды.

Судья бұрынғы әйелін ұзақ уақыт бойы аңдып жүрген Нұртаевты аффект жағдайында болды деп санап, жеңіл жаза кесті. Нұртаев 14 қазаннан бастап тергеу изоляторында болғандықтан, қамалу мерзіміндегі әр күні екі күн болып есепке алынды, сондықтан көп ұзамай ол бостандыққа шығуы керек еді. Күйеуінің қолынан жылына кемінде 400 әйел қайтыс болатын, яғни күніне бір өлімнен де артық келетін ел үшін бұл – сұмдық шешім.

Бұл оқиға тез арада көпшілік арасына тарап, әлеуметтік желілерде қылмыс пен жазаның бір-біріне сәйкес болмауы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың қалыпты жағдайға айналуы, соттағы сыбайлас жемқорлық, ер адамдарға кешіріммен қарау төңірегінде қызу пікірталас өрбіді. Айман Асанованы өлтіру ісі бойынша апелляцияға белгілі адвокат Джохар Өтебеков қосылды. Сот отырысы қарсаңында ол туыстарының рұқсатымен Талғат Нұртаевтың әйелін қалай өлтіргенін түсіріп алған көлік тұрағындағы бақылау камерасының жазбасын желіге салды. Бұл интернетте отырған қауымның ашу-ызасын үдете түсті.

Апелляциялық отырыс алдында Өтебеков Алматы прокуратурасы соттың үкіміне шағымданудан бас тартқанын, әділдіктің ауылы алыс болып көрінгенін айтты. Адам өлтірсе де, бірнеше ай тергеу изоляторында отырып бостандыққа шығып кету жарнамасы жер жарған “Жаңа Қазақстанда” болып жатқанына назар аудартты.

Алайда сейсенбі күні Алматы қалалық соты судья Майшинов шығарған үкімді жойды. Басқа судья тағайындалып, іс қайта қаралмақ. Бірақ, интернеттегі жұрт талап еткендей, судья Майшиновтың қызметіне құқықтық баға беріле ме, оның бұған дейін шығарған үкімдері зерттеле ме, ол жағы белгісіз.

Бұл – қазақстандық соттың күтпеген жерден кісі өлтірушіге бүйрегі бұруын көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге жариялықтың қаншалықты маңызды екенін көрсеткен оқиға. Жақынынан айырылғандар жантүршігерлік жағдайдың жай-жапсарын көпшілікке айта алмай, соның салдарынан әлеуметтік желідегі жұрт назарынан тыс қалып жатқан жағдай қаншама?! Қоғамдық пікірге ықпал ете алатындарға жол таппағандар қаншама?! Күн сайын әділдікті талап еткен қанша жанның жанайқайы ақпарат ағынының астында қалып жатыр? Біз естімеген оқиғалар, мүлдем естімейтін жағдайлар қанша?!

Көпшілікке жариялап, жаппай айыптау кезінде ғана қоғамды дүр сілкіндірген істер қайта қаралуы мүмкін. Өкінішке қарай, осындай жүйе қалыптасты. Әділдік үшін күрес, прокурорлардың жұмысын дұрыс атқаруы, заңның күші емес, интернеттегі жаппай наразылық қана көмектесетіндей. Әлеуметтік желіні белсенді пайдаланушылар сотты әділ шешім қабылдауға итермелейтін топқа айналды. Бұл сот жүйесі үшін ғана емес, жалпы мемлекет үшін дабыл болуы керек. Әйтпесе, күндердің бір күні әділдік тек әлеуметтік желіде ғана бар болып көрініп, бәрін лайк пен дизлайк арқылы шешуге көшіп кетпейміз бе?

Адвокат Өтебеков бір пікірінде мұндай “фейсбуктің күшімен әділдікке жету” қуанатын жағдай емес екенін айтты. Сот жүйесі интернеттегі жұртшылықтың қысымымен ғана жұмыс істемеуі керек, ал прокурорлар жалтарма жауап қайтарумен айналыспай, өз міндетін атқаруы керек.

Көпшіліктің наразылығынан кейін ғана сот шешімі жойылған жағдайда жүйе мұны қалай көреді? Бірді-екілі жағдай ма, жүйелі қателік пе? Әлде, өзгеріс қажет екенін түсіне ме? Әр судья кез келген ісі көпшіліктің талқысына түсуі мүмкін екенін түсініп, бұрынғы шешімдері де қайта көтерілуі мүмкін екенін сезіне ме? Бәлкім, басты қадағалаушы орган прокуратура мен Жоғарғы Сот емес, халық екенін ұмытпау керектігін еске сала ма?