3348
28 июля 2023
Дмитрий Мазоренко, суретті Данияр Мүсіров түсірген

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков: «Жергілікті өзін-өзі басқаруды тек теория жүзінде үйрене алмаймыз»

Неліктен Қазақстанда жергілікті өзін-өзі басқару қағидасы іске аспай жатыр және оны жүзеге асыруды неден бастау керек?

Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының директоры Сергей Худяков: «Жергілікті өзін-өзі басқаруды тек теория жүзінде үйрене алмаймыз»

Қазақстан билігі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізуді талқылап келе жатқанына жиырма жылдан асты. Бұл жүйе азаматтарға өзі тұратын елді мекеннің даму бағытын анықтауға мүмкіндік беретін еді. Алайда жаңа тұжырымдама мен заң қабылдаған уақытта билік өңір тұрғындарының саяси және экономикалық құзыретін арттыруға тырыспайды. Себебі сепаратистік пиғыл мен басқару саласында бейберекеттік болады деп қауіптенеді. Власть «Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту институтының» директоры Сергей Худяковпен сөйлесіп, жергілікті өзін-өзі басқару реформасын талқылау кезіндегі билік уайымының астарында не жатқанын, жалпы жергілікті өзін-өзі басқаруды жүзеге асыруды неден бастау керегін сұрады.

Жергілікті өзін-өзі басқару мәселесінде қазіргі күйге қалай жеттік?

Неден басталғанынан бастасақ, 1995 жылы Қазақстан Конституциясына өзгерту енгізілді. Бұрын негізгі заңда жергілікті өзін-өзі басқару туралы ештеңе жазылмаған еді. Тәуелсіздік алған сәттен бастап жергілікті өзін-өзі басқаруды ұйымдастыруда қиындықтар болды. Популизм көп болды. Басқарудың бұл түрін Конституцияға әдейі қоспады. Бірақ 1995 жылы Қазақстан дамыған елдердің жолымен жүретіні, сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару қажет екені жарияланды. Орталық саяси билік мұның қажет екенін түсініп, осы бағытта белгілі бір қадам жасауды ойластыра бастады.

Конституцияға өзгеріс енгізілген соң салалық министрліктер мен мемлекеттік органдар жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң шығаруға талпыныс жасай бастады. Қоғам да ұсыныс айтқанымен, оның бәрі әр кезеңде ескерусіз қала берді. Іс жүзінде ол заңдардың ешбірі парламентке жеткен жоқ.

Неге бұлай болды?

Билік шешімдерінің себебін түсіндірген жоқ. Сондықтан бұл сұраққа «себебі» дегеннен гөрі, «менің ойымша» деп жауап беру дұрысырақ болады.

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы реформаны жоспарлағанда екі тенденция күресіп жатты. Біріншісі бойынша мемлекет тарапынан ештеңе өзгертпестен, басқару билігінен айырылмай-ақ бірдеңе жасауға тырысу керек болды. Билік басқарудан айырылып қалудан, бейберекеттік орнауынан, халықтың жосықсыз әрекетінен, сепаристік ахуалдан қорықты. Сондықтан мемлекет толық жетілмеген заң жобасын ұсынды. Ол, әрине, бірден сынның астында қалды.

Қоғамдағы әртүрлі топ өкілдері, түрлі саяси күш, партия, қоғамдық қозғалыс пен ұйымдар да ұсыныс айтуға тырысты. Олар көбіне халықаралық тәжірибеге сүйенетін. Бұл процеске мен де қатыстым. Бірақ бұл кезеңде кез келген елдегі жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің қазіргі жағдайы көп жылдық, тіпті көп ғасырлар бойына созылған тәжірибеге сүйене отырып, қателерді түсіне отырып жасалған қадамның нәтижесі екенін ескермеппін. Аңғалдықпен басқа мемлекеттердің тарихын білсек, олар жеткен нәтижеге тезірек жетеміз деп ойладық. Бірақ билік онсыз да қоғамның барлық ұсынысын радикал деп, қабылдамай қойды.

Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті өзін-өзі басқарудың бүкіл мақсаты, міндеті мен әрекеті көрсетілген тұжырымдаманы бекіткенге дейін осылай жалғасты. Ол да азулы бола қойған жоқ, соған қарамастан алғашқы қадам үшін жаман емес деп ойладық. Кейін сапарлатып, конференцияларға барып, өзге елден келген түрлі сарапшылармен араласа бастадық. Содан соң бәрі бірден болмайтынын, кезең-кезеңімен жұмыс істеу керегін түсіндік.

Қайткенде де, тұжырымдама жергілікті деңгейде қабылданатын шешімдерге аз да болса әсер етеді деп үміттендік. Уақыт өте берді, ешқандай өзгеріс болған жоқ. Дегенмен, тұжырымдама бойынша билік халықпен кеңесіп, олардың қалауын ескеріп, өз әрекетін түсіндіріп, кері пікірге құлақ асуы керек.

Жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылау барысы, Маңғыстау облысы, сурет облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды

Бірінші тұжырымдаманың нәтижесі қалай болды?

Билік тұжырымдама сәтті жүзеге асқанын айтып, есеп беріп жатқанымен, шын мәнінде жағдай аса мәз емес еді. Тұжырымдама әлсіз болды, елеусіз өзгерістердің өзі жүзеге асқан жоқ. Бұл ретте мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару туралы заңдарды біріктіруді көздейтін болмашы шаралардың өзі қоғамның оларды жүзеге асыруға деген ынтасынан күштірек екенін мойындауға мәжбүр болдық. Көңіл аударып, қандай да бір құқықтық құзырет бергелі жатқандай болған соң, азаматтардың, соның ішінде ауыл тұрғындарының көңілі көтеріліп қалған еді.

Бірақ кейінгі тәжірибе ешқандай өзгеріс жоқ екенін, билік те аса талап қойып отырмағанын көрсетті. Әкімдер де сабасына түсіп, баяғыша жұмыс істей берді. Шешімдер қайтадан жоғарыдан қабылданатын болды – жоғары лауазымды бастық төменгі шендегі қызметкерді жұмсады. Кей жағдайда ғана әр буында отырған шенеунік халыққа не істегелі жатқанын, қандай нәтижеге жеткенін айтатын болды. Сонымен бәрі бітті.

Бір жарым жыл бұрын, қазіргі президент тұсында жергілікті өзін-өзі басқарудың екінші тұжырымдамасы қабылданды. Біз министрліктегі жұмыс топтары деңгейінде болған талқылауға белсенді қатыса бастадық.

Талқылауға ықпалды адамдар, қоғам қайраткерлері, әр министрліктің өкілдері жиналды. Екінші қадамды ойланып барып жасағымыз келді, алдыңғыдан мазмұндырақ болғанын қаладық. Бірақ, онымыздан түк шықпады. Екінші тұжырымдамада жаңалық жоқ деуден аулақпын. Дегенмен онда көрсетілген амалдарды толық жүзеге асырғанның өзінде, бұл халықтың шешім қабылдауға ықпалын арттыруға көмектеседі. Алайда, жергілікті өзін-өзі басқаруды жергілікті өңірлік билік институты ретінде енгізуді көздемейді.

Тұжырымдама қабылданған сәтте жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын дайындайтын жұмыс тобы құрылды. Ол топта мен де бармын. Бір жарым жыл бойы мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде осы реформаны ұзақ әрі көп талқыладық. Бізге құлақ асқысы келетін ниетті аңғардым. Қандай қиындық болуы мүмкін екенін талқыладық, ұсыныстарымызды тыңдап, оны негіздеуді сұрады. Мұның бәрі көзбояушылық еместей көрінді, шынымен де ұсыныс жасайтындай жұмыс болды. Желтоқсан айында ашық деректер порталында жергілікті өзін-өзі басқару туралы жаңа заң жобасы жарияланды. Бірақ оның мазмұны біздің көңілімізден шыққан жоқ.

Дайындық процесі оңай болған жоқ. Мемлекет заң жобасын мәжіліске бір жыл бұрын беруі керек еді. Бірақ біз қатты сынға алғандықтан, заң жобасын мәжіліске жіберетін уақыт бірнеше рет кейінге қалдырылып, бірнеше рет қайта талқыланды.

Белгілі бір сәттерде біздің сөзімізге құлақ асты, өзгеріс болады деп үміттендік. Бірақ жоғарғы жақ тіпті ауылдық деңгейдің өзінде өз бетінше шешім қабылдаудың қаупі пайдасынан жоғары деп шешті. Біз бәрі керісінше екенін түсіндіруге тырыстық, адамдар қол қусырып қарап отырғанша, өзі тұратын ауыл мен қаланың көркеюіне үлес қосқаны дұрыс екенін айттық.

Парламент сайлауынан кейін құжатты ресми түрде мәжіліске жіберіп, оны жаңа депуттардан құралған жұмыс тобы қарайтын болуы керек.

Бірақ парламенттің қауқары қандай болатынын, жобаның қаншалықты мықты, жан-жақты ойластырылған, салмақты және ғылыми жағынан сауатты болатынын білмеймін. Жаңа идея ұсынып, оны қорғап, қадағалаушы министрліктер айтқан идеяларға ой-пікірін айта ала ма, жоқ па, ол да беймәлім.

Мәжілісте жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң жобасын талқылау сәті, сурет ведомствоның баспасөз қызметінен

Жергілікті өзін-өзі басқарудың алғашқы тұжырымдамасы қабылданғанда қоғам өз билігін болмашы арттырудың өзіне дайын болған жоқ дедіңіз. Қазір жағдай қалай? Төменнен билікке сенімдірек сұраныс бар ма?

Күту мен дайын болу деген екі түрлі ұғым. Үміт бар. Процесс ұзаққа созылып, бәріміз де шаршап қалдық. Дегенмен, ауыл мен қала тұрғындары болсын, ауылдық округ әкімдері болсын, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күшейсе, өмір сапасы да жақсаратынын түсінеді. Көңілі қайтып қалу сезімі жоқтығы қуантады.

Ал дайын болуға келсек, жергілікті өзін-өзі басқаруды тек теория арқылы үйрене алмайтынымызды түсіну керек. Халыққа мүмкіндік беріп, көмектесіп, қателесуге және оны түзеуге мұрсат беру керек, олардың ұсынысына қаржы бөлу керек. Қаржыландырусыз ештеңе шешілмейді, себебі ауылдық бюджеттің ауқымы белгілі. Өкілеттікті де біртіндеп беру керек. Адамдардың дайын болғанын құр күтіп отыруға болмайды.

Мысалға жеке баспананы басқару мәселесін алайық. 1992 жылы елімізде жекешелендіру басталды: кеңестік тұрғын үй кодексі жойылып, заңнамалық негізде меншік құқығына көшу басталды. Ауылдық округ, аудан және тағы басқасына қарағанда, мұны түсіну халыққа оңай әрі жеңіл. Соның өзінде, халық үйлерін басқаруға толыққанды дайын деп айта алмаймын. Дәл қазір не меншік иелері бірлестігін (МИБ) құра алмай, не төраға таба алмай, үй кеңесін құра алмай отырмыз. Мойнына жауапкершілік алғысы келетіндер аз. Ал үй болсын, ауыл болсын, кез келген басқару бірдеңе істеуді қажет етеді, бұл аздай, ол ісіңді сынайтындар табылады.

Мұндай жағдайда дені дұрыс ауылдық кеңес құру қайдан оңай болсын? Ауылдық кеңестер ауыл көлемінде жалпыға ортақ шешім шығарады. Ауыл тұрғындары қора-жай маңындағы қоқыс үшін салынған айыппұлға кімді кінәлайды? Өзін емес, ауылдық кеңесті кінәлайды. Сондықтан ешкім кеңеске кіргісі келмейді. Жауапкершілік алғаннан гөрі, әкімді сынаған әлдеқайда оңай.

Дегенмен, кейінгі 30 жылда тұрғын үй саласында өзгеріс болмады дей алмаймыз. 1995 жылы адамның ойына келмейтін әңгіме болғаны есімде. Қанша дегенмен, жаңа ұрпақ өсіп келеді, олардың ой-пайымы нарықтық ортада қалыптасты. Олар мемлекет тегін ештеңе бермейтінін түсінеді. Өмірдегі орнын да басқаша қабылдайды. Сондықтан жергілікті өзін-өзі басқару ісі де алға жылжиды. Бірақ қазір оның өзгере бастауы маңызды.

Төменгі деңгейде болса да, белгілі бір институт немесе тұрғындардың мықты бірлестігі пайда болғанын байқадыңыз ба? Осы бағытта қандай да бір өзгеріс бар ма?

Мүлдем өзгеріс жоқ деуге болмайды. Бірақ, көп нәрсе нақты ауылдық округ әкімдеріне байланысты. Кей әкімдер сайланғаннан кейін шынымен де ауыл тұрғындарымен қарым-қатынас орнатуға ұмтылады, олардың бойына бәріміз бірге болсақ, белгілі бір нәтижеге қол жеткіземіз деген сенім ұялатады. Жергілікті кәсіпкерлердің басын қосып, сол аумақта адамдарға пайдалы әрі көзге көрінетін нәрсе жасайды. Жиі болмаса да, мұндай жағдайлар болып тұрады. Кейін сұраныс болғандықтан, мұндай әкімдерді не бизнеске, не мемлекеттік басқарудың жоғары сатысына алып кетеді. Қанша дегенмен, жоғары билік деңгейінде де реформа бойынша жұмыс істеу керек, ал ол үшін жұмыс істей алатын және істегісі келетін адамдар қажет. Сондықтан төменгі деңгейде бос кеңістік пайда болады.

Өзін-өзі ұйымдастыру ісі тұрақтануы үшін жүйе керек, ол бізде жоқ. Үлгі ретінде ұсынатын тұрақты бастама саусақпен санарлық. Мен білетін ең тұрақты ұйымдар – мүгедектігі бар адамдардың ұйымы. Өйткені оларды ортақ мәселе біріктіреді. Сонымен қатар, мүгедектігі бар балалары бар немесе көпбалалы аналардың ұйымдарын айтуға болады. Оларды біріктіретін үлкен мақсат бар. Олар не үшін уақыт жұмсап жүргенін біледі. Өздеріне қажет нәрсені алып қана қоймай, керісінше, үнемі өз ресурстарының бір бөлігін беріп отырады.

Басқасы әдетте белгілі бір оқиғаға орай болады, ойда жоқта көшбасшы пайда болып, айналасына жұртты жинайды. Олар қызыға кірісіп, біраз уақыт пайдалы тірлік жасайды, бір-бірімен араласқаннан ләззат алады. Бірақ балалар, жақындарына көмектесу үшін ақша табу сияқты қосымша міндеттемелер пайда болғаннан кейін бірінші кезектегі мәселелер өзгереді.

Бір кездері жергілікті өзін-өзі басқаруды жеті жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кеңестерге немесе қоғамдық бақылау механизміне алмастыруға тырысты. Алайда жергілікті өзін-өзі басқарудың рөлі мен құзыреті әлдеқайда кең. Жергілікті өзін-өзі басқару – заңда белгiленген өкiлеттiктер шегiндегi жергiлiктi өзiн-өзi басқару органы. Әр елдің өз ерекшелігі бар. Әрине, біз айтып отырған шетелдік мысалдар дұрыс. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізген соң экономика жылдам өркендейтінін көрсетеді. Осы тәжірибені өзімізге келтіріп, институттар жүйесін нақты бір елдің халқының саяси өміріне бейімдеу – ең негізгі мәселе.

Ақмола облыстық мәслихаты, сурет inform.kz сайтынан

Ауыл әкімдерінің жағдайына кеңірек тоқталсақ. Ауыл әкімдерін сайлау мүмкіндігі туғанда сарапшылар қауымы үлкен үміт артты. Бірақ, көп ұзамай бұл қызметке «Аманат» партиясының мүшелері мен белсенді мемлекеттік қызметкерлер түсіп жатқанына көзіміз жетті. Әкім сайлауының нәтижесі нашар ма, әлде ілгерілеу бар ма?

Ауыл әкімдерін сайлаудан шынымен де үлкен үміт күттік. Қалай болғанда да, тағайындаудан сайлау жақсы. Қандай жолмен сайланса да, сайланған әкім халыққа тәуелді екенін түсінеді. Бірақ, үмітіміз ақталмады. Неліктен? Өйткені ауыл әкімдері аудан әкімдеріне тікелей бағынышты, соның аппаратына кіреді. Сондықтан ауыл әкімдері де жоғарыда тұрған әкімдерге бағынатын мемлекеттік қызметкерлердің кезекті бір тобына айналады.

Ауыл әкімдері аудан әкіміне емес, өкілетті ауылдық орган – Кеңеске бағынатын болса, айтарлықтай өзгеріс болады. Бірақ орталық билік мұндай құрбандыққа дайын емес, өйткені олар бұл тәсілден түрлі қауіп көреді. Сондықтан олар аудан әкімдерінен белгілі бір міндеттерді бөліп алып, соны ауыл әкімдеріне берумен шектеледі. Ал ол әкім жұмысты қалауымен емес, аудан әкімінің ұсынысымен атқарады. Демек бұл – орталықсыздандыру емес, өкілеттікті шоғырландыру.

Бұған қоса, олардың бюджеті де бәз-баяғыша. Кез келген ауыл тұрғынынан мүлікке қанша салық төлейтінін сұрасақ, білмеймін деуі мүмкін. Олар жылына 400 теңге көлемінде мүлік салығын төлейді. Жер салығы да сол шамада. Бұл ақшаны айлық есепке салса, шамамен 30 теңге шығады. Бұл ақшаға ауылды дамыту мүмкін емес. Алайда табиғи байлығы жоқ елдер салыққа арқа сүйейтінін ұмытпау керек. Жергілікті өзін-өзі басқару енгізілсе, халық салық төлей бастайды. Әрі олар бұл ақшаның ауылдық округтеріне арналған ортақ шотқа түсетінін түсінеді. Кейін ақшаны қайда жұмсауға қатысты өздері сайлаған өкілге белгілі бір тапсырма береді.

Өкілдер нашар жұмыс істесе, тұрғындар оны қызметінен қуа алады. Себебі өкіл көпшіліктің ақшасын дұрыс жарату үшін сайланды. Бізде әзірге жауапкершілік пен өкілет деңгейі мұндай дәрежеге жеткен жоқ. Біз бюджетке мұнайдан түсетін ақшаға қатты тәуелді болғандықтан, кейде бұл ақшаның қалай жұмсалатынына мән бермейміз, мемлекеттің ақшасы ғой дей саламыз. Мұндай көзқарас мемлекетке ақшаны өз қалауынша жұмсауға жол ашып береді.

Арнайы тренингтер өткізгенде ауыл тұрғындарымен осы тақырыпта сөйлесуге тырыстық. Мүлікке салынатын салықты 10%-ға көтеру мәселесін талқылауды ұсынған едім, олар мемлекет осылайша халықты тонағысы келеді деген ой айтты. Мен 10% деген бар болғаны айына қосымша 3 теңгеден келетінін түсіндірдім. Ал ауылды ұстап тұру, жағдайын жақсарту, көгалдандыру, тұрмыстық жағдайды түзеу қанша тұрады? Жиналатын салық мөлшеріне сай келмейді.

Бұл туралы халықпен сөйлесетіндер де аз. Оларға мұның тонау емес екенін түсіндіруге тырысу жоқтың қасы. Халық салықты жоюға уәде беретіндердің бос сөзіне алданбауы үшін оларды дұрыс шешім қабылдауға жетелеу керек. Сырттан ешкім келмейтінін, бар халықпен жұмыс істеуге тура келетінін түсіну керек. Реформаны да белгілі бір саяси және экономикалық жағдайда қалыптасқан халықпен бірге жасауға тура келеді. Олар билікке қырын қарайтын адамдар. Оңай емес, солай болса да, алға ұмтылу керек.

Жергiлiктi өзiн-өзi басқару туралы жаңа заң қабылданып, екiншi тұжырымдама жұмыс iстеуi мүмкiн десек те, керi тенденция, яғни билiктi орталыққа шоғырландыру күшейіп келе жатқаны байқалмай ма? Пандемия және қаңтар оқиғасы салдарынан туындаған саяси және экономикалық дағдарыс аясында осылай болуы қисынды сияқты көрінеді.

Бұл процесс әткеншек тәрізді, әрлі-берлі қозғалып тұр. Орталықтандыру туралы сөз болғанда жергілікті өзін-өзі басқару қажет емес деген әңгіме айтылмайды. Ол экономикалық тұрғыдан тиімді, яғни арзанға түсетіні айтылады. Бір мысал келтірейін: белгілі бір кезеңде қалалық және облыстық мәслихаттар абаттандыру ережесін қабылдауға құқылы болды. Содан кейін мұны облыстық мәслихаттың құзырына берді. Ал облыста қала, ауыл, ауданға қатысты ережелерді қалай қабылдауға болады? Бұл жерде экономикалық тиімділік туралы әңгіменің қатысы қанша? Әр деңгейде жағдай әртүрлі: бір жерде қоқыс мәселесі бар, екіншісінде жақында су тасқыны болған, тағы бір жерде құрғақшылық пен химиялық тыңайтқыштардың салдарынан жердің жағдайы нашар дегендей.

Бірақ мен орталық органдармен көп араласамын және олардың қазіргі орталықсыздандыру деңгейінен ауытқығысы келмейтінін байқаймын. Кезінде жергілікті өзін-өзі басқару туралы жақсы заң қабылдай алмай жатқан кезде билік қоғамдық кеңестерді алға тартты. Министрліктегі жұмыс тобына мен де мүше болдым, қазір де бармын. Сол жерде шешім қабылдайтындар халық қоғамдық кеңестерге кіруге өзі келуі керек, проблемасын айтуы керек деді. Бірақ ол үшін әуелі адамдарға қысым жасауды тоқтату керек.

Халық айтып, билік өкілдері оларды тыңдауы керек. Кейін әлеуметтік жарылыс болмасын десек, қарым-қатынасты дұрыс жолға қою керек. Қоғамдық кеңес құрамына жұмыс істеуге қолайлы, енжар ​​адамдарды тартудың қажеті жоқ. Керісінше, олар көшбасшы болсын, шу шығарсын, көп нәрсені түсінбесе де, оқасы жоқ. Адамдармен жұмыс істеу деген бар. Білмесеңіз, оқыңыз, мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстары бар. Адамдармен сөйлесе білу керек, көшбасшы ретінде ойыңызды бәріне түсінікті және дәлелді түрде жеткізе білу керек.

Халықтың қатысуы түріндегі бюджет бірнеше жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл да жақсы бастама. Бұл – қала бюджеті деген не екенін түсінуге ынталандыру әрекеті. Себебі бюджеттің шын мәнінде неден тұратынын білетіндер аз. Сонымен қатар, бұл – алаңда, аулада, көшеде қандай проблема бар екенін түсінуге итермелейтін амал. Сонымен қоса, билікпен келіссөз жүргізуді үйренуге көмектеседі, электронды дауыс беру арқылы ауылдастарынан немесе басқа азаматтардан қолдау сұрауды үйретеді.

Қатысу бюджеті жақсы нәрсе, бірақ ол қалай жүзеге асады? Мұның бәрі қоғамдық негізде басталғанымен, бастама жоғарғы жақтан болды. Екі жылдан бері елеулі дүние жасауға талпыныс болғанымен, нәтиже шықпай жатыр. Өйткені кеше қандай да бір жұмысты бастауға ерте еді, ал ертең кеш болады. Содан кейін қаржы жылы бітеді, ал тендер әлі өтпеген. Мемлекеттік басқарудың төменгі сатысында, яғни тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қаржы, тұрғын үй инспекциясы бөлімдерінде оны орындайтын ешкім жоқ. Ал азаматтармен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер – осылар.

Бұл қиын. Әрқайсы жоғары лауазымға ауысуға, басқа шенеуніктермен жұмыс істеуге, қағазбастылықпен отыруға тырысады, азаматтармен жұмыс істеу қиын болғандықтан, олардан бәрі қашады. Сондықтан төменгі сатыда ауыс-түйіс жиі болады. Азаматтармен жұмыс істейтін мамандарды қызмет орнында қалуға ынталандыру маңызды. Олардың жалақысын өсіріп, шенін көтеруге болады. Бірақ қызметінде қалдыру керек. Олар бір пайда әкелуі керек, ал қазір олардың бірдеңе үйренуге уақыты жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысының ТҮКШ басқармасы, сурет gov.kz сайтынан

Қаңтар оқиғасы сапалық өзгеріске, тәжірибеге болмаса да, риторикаға жол ашқан сияқты. Қазақстандықтар бұрын дәл осылай бір жылда жергілікті өзін-өзі басқару туралы көп естімеген шығар. Бұған қоса, үкіметтік емес сектор жылдар бойы айтып келе жатқан мәселеге президенттің қосылуы. Бірақ нақты өзгеріс бар ма? Мұндай реформа аясында ең болмағанда құжат әзірлеуге кірісуге мемлекет дайын ба?

Жергілікті өзін-өзі басқаруды енгізу – мемлекеттік басқару жүйесін өзгерту деген сөз. Мұндай реформаның бір бөлігін ғана жасау мүмкін емес, бүкіл жүйені өзгерту керек. Кешенді бағдарламасыз кірісіп, мемлекеттік аппаратты әлсіретіп алсақ, бәрін құртамыз. Жергілікті өзін-өзі басқару Конституцияға өзгерістер енгізуді, яғни барлық заңды өзгертуді талап етеді. Бұл үшін саяси ерік-жігер керек.

Қаңтар оқиғасынан кейін билік шынымен де халықтың үмітін ақтау үшін жергілікті өзін-өзі басқару қозғалысын жеделдету керек деген саяси мақсатты көздеді. Бірақ олар меншіктің жаңа түрі керек екенін, ол муниципал меншік екенін түсінді, яғни азаматтардың жеке мүлкіне өзі таңдаған өкілетті орган басшылық етуі керек болды. Демек, мүлікті басқару мен муниципал ақшаны жұмсау процесі мемлекеттік меншік жағдайына ұқсамайды. Қаржы министрлігінде, Ұлттық экономика министрлігінде талқылау болғанда, “Сонда бізге бөлек процедура бекіту керек пе?” – деп сұрады. Иә, дәл солай. Ал олар мұның бәрі мемлекеттік басқару жүйесі бойынша болғанын қалайды. Кеңес құрылса да, мемлекеттік мекеме ретінде құрылсын дейді. Олай болса, әкімдер тек мемлекеттік шенеунік болып, аудан әкіміне бағынады. Бұлай болмауы керек.

Бұған қоса, жергілікті өзін-өзі басқару деңгейінде шешім қабылдау үрдісі де мемлекеттік басқарудағыдан басқаша болады. Олай болмаса, бұл жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі емес, жай ғана атауы өзгерген мемлекеттік басқару жүйесі болғаны. Экономикалық дамуға тек президент пен жоспарды орындауы рейтингпен бағаланатын облыс әкімдері қатысқанын қаламасақ, азаматтардың сол процеске білек сыбана қосылуына мүмкіндік беруіміз керек.

Бұл – өте маңызды реформа. Тез жасалмаса да, нақты бір мақсат қойылуы керек. Әр қадамды не үшін жасайтынымызды, жергілікті өзін-өзі басқарудың қандай да бір элементін не үшін енгізіп жатқанымызды түсінуіміз керек. Адамдар мен түрлі деңгейдегі әкімдер бейімделіп кетуі үшін және жаңа жүйеде өз орнын таба алуы үшін қайда бағыт алғанымызды түсінуі керек. Бізге өзіміз құрғалы жатқан жергілікті өзін-өзі басқару моделінің перспективалық тұжырымдамасы керек.

Орталық органдардың қазіргі жай-күйін және халықтың өз бетінше ұйымдасу дәрежесін ескерсек, бізде қандай өзін-өзі басқару жүйесі болуы мүмкін еді? Әлде жүйе туралы емес, тек жекелеген институттар мен бастамалар туралы айтқан дұрыс па?

Менің ойымша, ең алдымен, президент жолдауында айтылған шешім бойынша жүру керек, яғни орта деңгейде қалып қоймауы үшін, ауыл округтеріне ақшаны тікелей аудару керек және қаржы діттеген жеріне толық жетуі керек. Әрбір ауылдық округке, айталық, 50 миллион теңгеден беріп, осы соманы 2500-ге жуық ауылдық округке көбейтсек, шамамен 125 миллиард теңге шығады. Мемлекетке бұл көп ақша емес, 2022 жылы әскерилер мен полицияның жалақысын өсіруге жұмсалған сома әлдеқайда көп.

Бұрақ бұл ақшаны адамдарға беру керек. Содан кейін “Кеңес құрылады, міне, солардың әрқайсына бюджеттен 50 миллион теңге. Ал ғимарат ақысы, әкімдер мен оның көмекшілеріне жалақы төлеу сияқты әкімшілік шығындарға біз қосымша ақша береміз. Ал сендердің 50 миллионды қайда жұмсауға қатысты шешім шығаруға құқықтарың бар”, – деу керек. Шығын процедуралары, мердігерді таңдауға қатысты келіссөз тендер негізінде жасалмауы керек. Сонда адамдар шешім қабылдауды үйренуі керек болады. Мысалы, 50 миллионға сыпыртқы алғысы келеді делік. Алсын. Содан кейін: “Мердігермен арпалысты қаламай, ақыры ақшаны босқа құрттыңдар ма? Биылдыққа басқа ақша жоқ, келесі жылды күтіңдер. Бірақ қатеден сабақ алыңдар. Әр шешімді талқылауға араласыңдар, кез келген заттың қанша тұратыны туралы оқыңдар, көріңдер. Өз ақшаларыңа қожайын болып, жауапкершілікті сезініңдер”, – деуге болады.

Қазір олардың бөлісетін ештеңесі жоқ. Көптеген ауылдық округте салық әкімшілік шығынды өтемейді. Ал барлығы жиналып, бюджетті қабылдағанда қандай бюджет көреді? Жылына 11 миллион. Ал аппарат шығыны – 12 миллион теңге. Мұндайда не туралы сөйлесуге болады? Мұндай ақшамен даму туралы айта алмаймыз. Міне, 2022 жыл. Әр ауылдық округте – аудан, облыс, республика бюджетінен нақты қанша қаржы жұмсалды? 100 миллион теңгеден астам ақша болған екен. Бірақ адамдар шешім қабылдауға қатыспаған. Ал бізге жыл сайын ауыл бюджеті 11 миллион теңге, бөліп-жарар ештеңе жоқ деп айтып жүр.

Қазір де қатты ештеңе өзгертпей-ақ, әр ауылдық округке 50 миллион теңгеден бөлуге болады. Бұл азаматтарға олардың бірнәрсеге әсер ете алатынын сезіндіреді. Олар әзірге ештеңеге сенбейді және ненің қанша тұратынын, ақша қайдан келіп, не нәрсеге жұмсалатынын түсінбейді. Ал оларды талқылауға тарту қолдан келмей жатыр, олар мұны қаламайды да.

Ауыл тұрғындарының жиыны, сурет bureau.kz сайтынан

Өңірлерді дамыту бағдарламаларын сәл әсіре бағаласақ, мемлекетке жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі аса қажет болып көрінбеуі де мүмкін. Өйткені халық қалаға көшуге, жұмыстың соңында жүріп қала маңына қоныстануға мәжбүр болғандықтан, ауылдар тозып бара жатыр. Нәтижесінде, мемлекет бірнеше ауылдық кластерге ие болады және оларды орталықтан басқарған орынды екенін айта бастайды. Демек, ұзақмерзімді перспективада жергілікті өзін-өзі басқару, өкінішке қарай, соншалық зор үміт сыйламайды.

Бұл да қиын сұрақ. Халықаралық деңгейдегі кейінгі жағдайлардан кейін тіптен қиын болып кетті: барлығы жаһандану деген желеумен өндірісті басқа елге апарған еді, ал қазір бұлай істеудің керегі бар ма еді деп ойланып қалды. Логистика тізбегі үзілді, сондықтан енді отандық өндірісті қайта қолға алу керек. Осының барлығын ескере отырып, өндірісті шетелге шоғырландырамыз ба, әлде ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тырысамыз ба, соны шешу керек. Қазақстанда ең маңызды салаларды, әсіресе ауыл шаруашылығын сақтап қалу керек пе?

Осы мәселелер аясында мемлекет ауылдан қалаға көшу туралы айтуды доғармай отыр. Сонда не болады? Қазақстандағыдай халық тығыздығы қай жерде бар? Қазақстанда 20 агломерация жасау басты мақсат екен деп, халық ауылды тастап кетсін бе? Жеріміз мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысуға болмайтындай нашар ма? Ауыл халқын азайтуға тырысқаннан гөрі, қайта осы мүмкіндікті дұрыс пайдалануға ден қою керек болар. Адамдар ауылдан болашағына сенбегеннен кетеді. Халық төзімді, келешек бар екенін білсе, қалар еді, күтер еді. Сондықтан оларға жергілікті өзін-өзі басқару мүмкіндігін беру керек. Сонда олар өзінің ғана емес, ауылдың да өмірін алдын ала жоспарлай алады.

Сондықтан олар шешім қабылдауды үйреніп, ұлттық экономика министрлігімен ауылдық округтерде әртүрлі салық мөлшерлемесін дербес белгілеу мүмкіндігін жан-жақты талқылауы үшін орынсыз аударымдарды тастауы керек. Оның орнына адамдар біз унитарлық мемлекетпіз, сондықтан салық барлық жерде бірдей болуы керек деген сын айтады. Бірақ бұл жерде унитарлықтың қатысы қанша? Әр жерде басқа аймақтарда болмайтын жаңа салық енгізіп жатқан жоқпыз ғой. Шағын салықтардың шамалы өсуінің өзі мемлекетке салық базасын ұлғайтуға және мұндай елді мекенге бонус беруге мүмкіндік береді. Мысалы, сіз 3 миллион теңге жинадыңыз, мемлекет сізге тағы 6 миллион теңге қосады. Осылайша, мемлекет адамдардың неліктен аса ауыртпалық салмайтын салық төлеп жатқанын түсіндіре алады.

Енді адамдардың ой-өрісін өзгерту керек, өйткені олар ештеңе төлемеу керек, олар үшін бәрін мемлекет жасауға міндетті деп ойлайды. Жергілікті өзін-өзі басқару дегеніміз – өз бетінше шешім қабылдау. Бірақ әзірге барлығы мұны мемлекет ақшасын бөлісу мүмкіндігі ретінде қабылдайды. Ауылдық жерлерге байыппен қарау керек. Олар жергілікті өзін-өзі басқаруды реформалаудың бастапқы нүктесі болуы керек. Ауылдар тек табиғи ресурстарды емес, таза экологиялық өнімдерді де экспорттаушыға айналуы керек. Егін шаруашылығында жұмыс істеу дәстүрі үзілсе, не болатынын елестетіп көріңізші. Бұл қиын жұмыс қой. Ол жұмысты істеуге қала тұрғындары барады дейсіз бе? Жоқ, олардың тәрбиесі келмейді. Сондықтан бірдеңе істеуіміз керек.

Бұл мақала Власть порталының «Қазақстан аймақтары» жобасы аясында жазылды. Бұл жобада біз Қазақстанның облыстары мен ірі қалалары арасындағы теңсіздік туралы айтып, өңірлердің қазіргі даму парадигмасын талдап, сонда тұратын және бәрін жақсы жаққа қарай өзгерткісі келетін адамдардың хикаясын баяндаймыз.