3218
27 июля 2023
Юна Коростелева, иллюстрация Мария Аманжолованікі.

Жер-әлемді құртушы

”Оппенхаймер” фильмі сіз бен біз туралы

Жер-әлемді құртушы

Әжем Арзамас-16 қаласында дүниеге келген. Аламогордо полигонындағы алғашқы ядролық қару сынағынан кейін жұрттың бәріне есігі ашық Саров қалашығының аты Арзамас-16 болып өзгеріп, құпия қалаға айналды. Кеңес Одағы ол жерде өзінің алғашқы ядролық қаруын құрастыра бастады. Осы сәттен бастап қала карталардан да жойылды.

Әжемнің ағасы термоядролық оқ-дәріге плутоний сырығын салып, ядролық қару дайындайтын зауытта күніне тек 45 минут жұмыс істеді. Содан кейін ол әріптестерімен бірге Гейгер есептегіші шиқылдауын қойғанға дейін жуынатын.

1953 жылы Андрей Сахаров пен Юлий Харитон туыстарымның қатысуымен Арзамас-16 қаласында алғашқы РДС-6с сутегі бомбасын құрастырды. Сол жылдың 12 тамызында оны Семей полигонында сынақтан өткізді.

«Сұмдық әрі қорқынышты көрініс болды. Диаметрі бірнеше шақырым болатын шаң аспанға тік көтерілді. Бас жағында сұр-қоңырқай түсті улы бұлт пайда болды. Тәжірибе алаңын қараңғылық басты, қою шаңнан күн сәулесі көрінбеді. Жағдай ширыға түсті. Жүйкесі сыр берген біреу: «Бұл термоядролық қару ғой!» – деп айғайлап жіберді». – Сынаққа қатысқан полковник-инженер Сергей Давыдов осылай деп еске алады.

Семей полигонындағы алғашқы ядролық сынақ 1949 жылы басталып, полигон 1991 жылы ғана жабылды. 42 жыл ішінде полигонда жалпы қуаты 50 мегатонна болатын 476 сынақ өткізілді. Сынақтан шамамен 1 300 000 адам зардап шекті. Бұл – болжам ғана.

Әжемнің еңбек кітапшасында сырлаушы болып жұмыс істеген деп қана жазылған.

20 шілдеде қазақстандық прокатқа шыққан Кристофер Ноланның «Оппенхаймер» фильмі ядролық қарудың жойқын күші туралы шындықты айқын көрсетті. КСРО аумағындағы ядролық жарылыстан ең көп зардап шеккен Қазақстанның тұрғындары фильм кезінде жаппай қырып-жою қаруының шын мәнінде қандай екенін түсінгендей болды. Хиросима мен Нагасакидің мектеп оқулығында берілген жапон қалалары мен қағаз тырна ғана емес, тіпті, бір мемлекеттің күш көрсету талпынысы ғана емес, сонымен қатар 200 мың адамның азапты өлімі екенін түсінді.

Алайда, өмірбаяндық фильм Роберт Оппенхаймер ойлап тапқан өнертабыстың салдары бәрімізге әсер еткенін түсінуге көмектесе ме? Олай емес шығар. Қазақстан билігі бұған мүдделі емес. Қазақстанда ядролық сынақтан зардап шеккендер көзге көрінетіндей өтемақы алмайды және көп жағдайда жан-жақты тексеруден өтіп, емделуге де мүмкіндігі жоқ. Қараусыз қалған, қорқынышты тарихи оқиғаларға көз жұма қарауды еске салатын Семей полигонына тиіп тұрған жерде әлі тұрып жатқандар да бар.

Қолайсыз экология салдарынан туындаған, сирек кездесетін аутоиммунды аурудан қайтыс болған 12 жасар қыздың анасы қалай ұзақ жылағаны есімде. Бұл отбасы Семей полигонына жақын маңда тұратын. Онкологиялық аурудан төсек тартып жатқан атамның бейнесі де күні кешегідей көз алдымда. «Егер әлемде осындай жойқын қиратушы болмағанда, олар әлі де тірі болар ма еді?» – деп әрдайым өзіме-өзім сұрақ қоямын.