2947
3 августа 2023
Алмас Қайсар, Назерке Құрманғазинова, Дария Зулфухарқызы, коллаж Данияр Мүсіровтікі

«Отанға қажет болдық»

Қазақстанның оңтүстігіндегі қандастар қалай өмір сүріп жатыр

«Отанға қажет болдық»

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанға шетелден көшіп келген миллионнан астам этникалық қазақтың 400 мыңнан астамы Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі Түркістан және Жамбыл облыстарына қоныстанды.

Көшіп келген қандастардың басым бөлігі – көршілес Өзбекстанның тумасы. Олар бұл аймақты климаты, мәдениеті және туыстық байланыстары жақын болғандықтан таңдайды. Қандастардың барлығы дерлік Қазақстанға көшіп келген алғашқы жылдары баспана мен жұмыс табудан қиналып, дискриминацияға ұшырағанын айтады.

Олар жаңа ортаға бейімделіп, көршілерімен тіл табыса білді. Дегенмен, қазақстандықтардың көбіне ортақ негізгі қиындық – инфляция, несие мен жұмыс мәселесіне олар әлі де ұшырасып келеді, бұл қиындықтарды кейде тіл мәселесі үстемелей түседі.

Власть материалдар сериясында қазақтардың тарихи Отанына қалай оралып жатқанын әңгімелейді. Алғашқы материал қандастар ең көп қоныстанған өңір – еліміздің оңтүстік-шығысынан әзірленді. Екінші материал – Қазақстанның батысындағы Маңғыстау облысынан, ал үшінші материал – Қазақстанның оңтүстік өңірінен.

Тараз

Электронды үкімет порталында Қазақстанның үш өңірінде қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталығы, ал алты облыста қандастар уақытша тұратын орын бар екені жазылған. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында соның бірі орналасқан.

«Уақытша тұру орталығы» деген – тұрғын үй кешенінің бір бұрышындағы ғимарат. Ғимарат терезелерінің бірі темір шатырмен қапталған, ал подъезге кіретін есік құлыптаулы. Дәл жанына «Әділетті Қазақстан үшін» дейтін жазуы бар үнпарақтар жапсырылыпты.

Есікті қаққанмен, ешкім жауап бермеді. Бір-екі сағаттан соң ғана комендант пен тағы бір ер адам келіп, жерге түскен жапырақтарды жинай бастады.

Олар қандастардың мұнда көптен бері тұрмайтынын айтты. Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы орталықтың басқа мекенжайда орналасқанын түсіндірді – Қарасу ықшамауданы, 25-үй. Басқарманың айтуынша, Қазақстанға қоныс аударған қандастар қазір «бұл орталықта тұрғысы келмейді».

Комендант қандастардың негізінен Тараз төңірегіне, ауыл мен саяжайларға қоныстанатынын айтты.

Шөлдала мен Шалғай Қарасу ықшамаудандары қала орталығынан 20–30 минуттық жерде орналасқан. Олар қала агломерациясының бір бөлігі саналады. Шөлдала бұрын саяжай массиві болып, 2010 жылы қаланың құрамына кіріпті.

Дегенмен, қала агломерациясы мәртебесі бұл ауданға айтарлықтай әсер етпегені байқалады. Ауданның ең болмаса сырт көрінісі өзгермеген.

Аспанды бұлт торлағанымен, ара-тұра күн шығып, Қарасудың қаңыраған көшелеріне сәулесін төгіп тұр. Мұнда бос кеңістік тым көп. Арасы үздік-создық, кең жолдың екі жағын алып жатқан жердің бір тұсы мал таптап тастағаннан сарғайған, енді бір жері көкпеңбек.

Сыртта ара-тұра капюшонын басып киген жандар көзге шалынады – бүгін күн суық әрі қатты жел болып тұр. Біреулер қалаға баратын автобусты күтіп, біреулер жергілікті азық-түлік дүкендеріне бара жатыр, ал енді бірі үйіне мал айдап барады. Көкжиекте – ЖЭО мұржасынан шыққан түтін мен таулар.

Бос жатқан егіс даласының арасында инфрақұрылым жоқтығына қарамастан, әр-әр жерде үйлер бар. Олардың дені құм блоктан, кейбірі күйдірілген кірпіштен салынған.

Салынып жатқан бір үйдің маңында от жанып тұр. Жұқа киінген, басына орамал тартқан әйел сиыр айдап келе жатыр. Сәлден соң аласа бойлы ер адам сиырды сүйрей бастады, ол кісі қандас болып шықты.

Жағдайын айтып беруді сұрап едік, «Одан не өзгереді?» – деп сенімсіздікпен қарады.

«Бастапқыда қиын болды. Несін айтамыз, өте қиын болды. Бірақ оның бәрі өтті де кетті. Оны несіне қазбалай береміз? Одан не өзгеретінін, не болатынын да түсінбеймін. Сондықтан, басқа біреуді іздеңіздер», – деді де, есікті тарс жауып алды.

Жолдың арғы жағында тағы бір үй салынып жатыр, үй маңында көлік ішінде ұзын бойлы ер адам отыр, бұл – Тазабай Қостайбеков. Ол да қандас, жаңа салынып жатқан үйдің құрылысын қадағалайды. Ертең ескі үйінде кездесетін болып сөз байластық.

«Қазір үйрендік, бұл жер туған үйіміздей болып кетті»

«Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында дүниеге келіп, 30 жыл сонда тұрдым. Ол жақта біз ауыл шаруашылығымен, күрішпен айналыстық. Онда сегіз жылға жуық жұмыс істедім, орта білім алдым. 2000 жылдан бастап табыс үшін Қазақстанға бара бастадым. Ақыры 2008 жылы мұнда түбегейлі қоныс аудардым. Көпшілігі осылай істейді. Табыс үшін осында келіп, жайлап бейімделеді, мұндағы адамдармен байланыс құра бастайды, ал сосын қоныс аударады», – дейді Қостайбеков.

Біз Тараздың шет жағында орналасқан оның үйінде отырмыз. Қостайбековтың екі көршісі де қандас отбасы. Ата-бабалары бір кездері қазіргі Қызылорда облысының аумағында тұрыпты, бірақ аштық пен қуғын-сүргін кесірінен көшіп кеткен. Ол да Қарақалпақстандағы көптеген қазақ сияқты әлім руынан шыққан.

Тазабай Қостайбеков

«Алдымен Ақтөбе облысына қоныс аудардық. Бірақ ол жақ мұндағыдай емес, бәрі өте қымбат болды. Жер де, үй де сатып ала алмадым. Бұл жақта туыстарым да бар еді, сондықтан осында көшуді дұрыс көрдім. Біз көшіп келгенде квота бар еді, ақша алатынбыз. Бірақ бұл ақшаға, айталық, үй сатып ала алмайсыз. Бұл квотадан түскен ақша алғашында күнкөріске жұмсалды. Бірден жұмыс таппайсың ғой. Жұмыс істей бастадық. Бізге оңай болды деп айта алмаймын. Елден-елге көшу былай тұрсын, бір өңірден екінші өңірге көшудің өзі қиын», – дейді ол.

Қостайбеков әр істің басын шалумен болған, әлі күнге тұрақты жұмысы жоқ. Мұнда күріш өсіруді жалғастыруға мүмкіндік те жоқ – «климат келмейді». Ол негізінен құрылыс нысандарында жұмыс істейді. Екі ұл, бір қызы бар, ұлдарының бірі өз мамандығы бойынша дәнекерлеуші, екіншісі әкесі сияқты уақытша жұмыспен айналысады.

«Бәрі шыдады, төзді. Қазір жағдай жақсара түсті. Кеше көрдіңіз, өз күшімізбен жаңа үй соғып жатырмыз, – деді. Үйді несиеге салып жатыр ма деген сұрағымызға күле жауап берді. – Әрине, несиеге. Қазір несиесіз бітетін шаруа бар ма?»

Қостайбеков өзін «оралман» дейтіндерге ренжімейтінін айтады.

«Мәселе оралмандарда емес, адамгершілікте. Жалпы алғанда, кемсіту болды ма, жоқ па, оны айта алмаймын. Барлығы адамға байланысты. Адамды сыйласаң, сені де сыйлап, жауап береді. Қазір әбден үйреністік, бұл жер туған үйіміздей болып кетті. Жергілікті тұрғындармен ортақ тіл табыстық», – деп толықтырды ол.

Айтуынша, олар Қарақалпақстанда қазақ мектебінде оқыпты, Алматыдан келген оқулықтармен оқыған, сондықтан тілге қатысты мәселе туындамапты.

«Екі әпкем сол жақта қалды, қалғаны көшіп келді. Әр жаққа барды, бірі Ақтөбеде, бірі Бейнеуде (Маңғыстау облысы), біреулері Бурныйда (Жамбыл облысы, қазіргі аты – Бауыржан Момышұлы)», – дейді ол.

Қостайбеков өзімен бірге туған ауылынан 60-қа жуық отбасы көшіп келгенін айтады. Олар өзара араласып, бір-біріне тойшылап барады. Туыстарының көпшілігі Бауыржан Момышұлы ауылында тұрады.

«Қарақалпақстанда салт-дәстүрді қатты ұстандық. Бұл жерде, шынын айтсам, бәрі аздап орыстанып кеткен. Орысша көп сөйлейді. Орысша жалпы түсінемін, жауап бере аламын. Былайша, әрине, бәрі өзгеріп жатыр, дәстүрге бет бұру бар. Ел өз тамырына қайта оралып жатыр», – дейді ол.

Қостайбеков қазіргі қоныс аударушыларға тіпті қиын екенін айтады, өйткені оларға квота да жоқ. Оның ойынша, қандастарға барлық жағдайды жасай отырып, солтүстікке тұтас ауыл болып, 60 отбасына дейін қоныс аударуды ұсыну қажет.

«Жалғыз барсаңыз, өте қиын. Әйтсе де, әлі де баратындар бар», – дейді ол.

Тазабай Қостайбековпен әңгімелесіп болған соң, Қарасуға қайттық. Түнде жаңбыр себелеп, таңертең алғашқы қар жауған. Қарақалпақстаннан келген қандас Сұбханберді Әлмағанбеттің үйіне баратын жол лай-батпақ. Үйдің дәл қарсы бетінде құрылыс жүріп жатыр.

Сұбханберді Әлмағанбет

Әлмағанбет үйінің ішін көрсетті. Ол Қазақстанға 2019 жылы әйелімен бірге келген. Үйі жайлы, төбесі биік, бөлмелері кең.

«Біз келгенде терезе де, есік те жоқ еді. Алдымен баламды пойызбен жібердім, ол мына жерді азды-көпті ретке келтірді. Енді ақырындап өз күшімізбен бәрін аяқтап жатырмыз, – дейді ол бөлмелерді көрсетіп. – Бұл жерді түсірудің қажеті жоқ. Мұнда әлі ештеңе жоқ».

Ол бізді қонақ бөлмеге ертіп әкеліп, жер үстелге жайғастырды.

«Бұл үстелдерді өзім жасаймын. Бұл жақта бәрі биік үстелде отырады, ал бұл дұрыс емес, біздің дәстүріміз бойынша төмен болуы керек», – деді де, бірінің үстіне бірі жиналған бірнеше үстелді көрсетті.

«Қарақалпақстанда дүниеге келдім. Бір үйде 8 баламыз. Әкем – 46 жасында, анам 41 жасында қайтты. 1977 жылы бірінен соң бірі 7 айдың ішінде қайтыс болды. Сөйтіп, жетім қалдық. Үйдің үлкені едім, бәрін өз мойныма алдым. Ол кезде Нөкіс қаласындағы педагогика университетінің дене тәрбиесі факультетінде соңғы курста оқып жүрген едім. Диплом алған соң қалада мұғалім болып жұмыс істеу үшін әскери борышымды өтеуге тура келді. Бауырларымды қалай тастап кетпекпін? Қысқасы, Қоңырат ауданына сұранып, іні-қарындастарымның барлығын сол жаққа көшірдім. Әрине, бұл өте қиын болды. Ата-анасыз оңай болушы ма еді? Бірақ бәрі артта қалды», – дейді ол.

Олар Раушан ауылында тұрыпты. Әлмағанбет Островский мектебінде мұғалім болған. Ол кезде кіші інісі үш жаста екен.

«Сол сәттерде ағам мен тәтем жақсы қолдау көрсетті, оларға ризамын. Барлығын өсіріп, қанаттандырдық. Бәрінің тойын жасадық, үйлендірдік, үй қылдық. Барлығы Қазақстанда. Тек біреуі Қарақалпақстанда қалып, сол жақта қайтыс болды. Алматыда екі қарындасым, Меркіде бір қарындасым тұрып жатыр. Бір бауырым осы Таразда, қант зауыты жақта, екіншісі – Алматыда, үшіншісі – Бурныйда. Барлығы үйлі-жайлы болып кетті», – дейді Әлмағанбет.

Ол спорт командаларына жетекшілік етіп, аудан бойынша бірінші орын иеленгенін айтады. Зейнетке шыққанша осылай жұмыс істепті.

«Қарақалпақстанда мұғалімдер 53 жаста, ал әйелдер 50 жаста зейнетке шығады. Әйелім қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатын. Ауылымда әкім болып жұмыс істеген едім, бірақ арыз жазып, ұстаздыққа қайта оралдым», – деп толықтырды ол.

Оның ата-бабасы бір кездері Арал маңында өмір сүрген, бірақ аштықтан соң қоныс аударған.

«Иә, біз қазақстандықпыз. Мұнда соңғы болып келдім десек болады. Туыстарымның бәрі ол кезде көшіп кеткен еді. Ауыл халқының 95 пайызға жуығы қазақтар болса, қазір 15 пайызы қалған шығар, барлығы кетіп қалды. Бұған дейін Қазақстандағы, әсіресе Алматыдағы туыстарыма жиі баратынмын. Сосын бізде су тапшылығы шықты. Туыстарға да барғым келді, олармен араласып тұрғым келді. Иә, Қазақстан тәуелсіздік алғанда, біз Отанымызға түбегейлі оралғымыз келді. Олар бізге солтүстікті ұсынды, бірақ ол жақта ешкіміміз болмады. Ал балалардың жағдайы ше? Олар аға-әпкелерін білуі керек қой», – дейді Әлмағанбет.

Сондай-ақ, ол ауылда салт-дәстүрді сақтап, бір-бірімен тығыз байланыста болғанын айтады.

«Ауылым жақсы еді. Ой, қандай адамгершілігі мол адамдар еді, бір-бірімізді керемет сыйладық. Сөзбен жеткізу мүмкін емес», – деп қосты ол.

Олар көшкенде квота алмай, бәрін «өз күшімен, өз еңбегімен» істеген. Баласы – мұғалім, келіні – балабақшада тәрбиеші.

«Олар Гродеково ауылында мұғалім, баратын жолы тым ұзақ. Ерте кетіп, кеш қайтады. Ал біз олардың балаларына қараймыз, тамағын береміз, оқытамыз. Өзіміз зейнеткерміз, мұнда көп жұмыс істемегендіктен, зейнетақымыз 77-78 мыңның айналасында. Ал былай оған бәріміз адал, шынайы еңбекпен қол жеткіздік. Жол ақысын өзіміз төлеп, вагондардан жүкті өзіміз түсіріп, арқамызға салып апаратынбыз. Әуелде олар әйтеуір ақша тапсақ болды деп егістікте жұмыс істеген. Бірақ қазір бәрі жақсы», – дейді Әлмағанбет.

Бір ауылдан шыққан 80-ге жуық отбасы төңірегінде тұрады, сол себепті оған мұнда бейімделу қиынға соқпаған. Жергілікті халықпен тез тіл табысқан, «сырттан келген» деп ешкім кемсітпепті.

Ол негізгі мәселе инфрақұрылым деп санайды.

«Жолдардың қандай екеніне өзіңіз куә болдыңыз. Мұнда екі көше бар – анау жаққа асфальт төселді, ал біздікі жетім баладай қалды. Мұны қалай түсінуге болады, – деп күледі. – Міне, жақында ғана мұнда су құбыры тартылды. Газ, жарық, бәрі жақсы. Жақында жол мәселесімен әкімдікке барамын. Жалпы, бұл біздің еліміз, Отанымыз, мұнда аштан өлмейміз. Қазақстанда бәрі жақсы. Базарда азық-түлік мол, жұмыс істеген адам аш қалмайды».

Біз оның соңынан еріп, көрші үйге бардық. Жаңа ұйытылған айран мен сүт сатамыз деп жазып қойыпты. Жақын жерде үй салып жатқан жұмысшы айран сатып алуға келді.

Мұнда Ақжарқын Бисембаева тұрады, ол да Қарақалпақстанда дүниеге келген.

Біз дастархан басына жайғастық. Немере қызы әжесінің жанында отыр, ал екі ұл бала әріректе асыр салып ойнап жүр.

Ақжарқын Бисембаева

«Мойнақ ауданында, шағын ауылда дүниеге келдім. 11-сыныпқа дейін сонда оқыдым. Сосын Раушан ауылына көштік, өйткені Арал теңізі тартыла бастады. 1965 жылы Нөкіс қаласындағы Тарас Шевченко атындағы педагогика институтына оқуға түстім. Островский мектебінде бастауыш сыныптарға сабақ бере бастадым, сонда зейнетке шыққанша істедім», – дейді ол.

1999 жылы Өзбекстан латын графикасына көшті. Ақжарқын апай семинарларға қатысып, жоғары сыныптарға сабақ береді. Ал 2009 жылы күйеуімен бірге Қазақстанға көшіп келеді.

«Зейнеткер болған шағымызда көшіп келдік. Балалардың жұмысы болмады. Біз келген бойда бәрі жақсы болды. Әрине, олар бірден жұмыс таба алмады, бірақ бәрі ретке келді. Квота алып, үй салып алдық. Малымыз бар, сүт пен айран сатамыз, мен сауамын, келінім кешке келгенде сатады. Әрі балаларға ағарған бар. Ұл – көлік жөндеушісі, келін – балабақшада тәрбиеші. Бір қыз жақсы отбасына түсті, үлкен ұл Оралда жұмыс істейді, оның да жағдайы ойдағыдай», – дейді Бисембаева.

Ақжарқын апайдың да ата-бабасы ашаршылық кезінде Қызылорда жақтан көшіп келген.

Сәлден соң Әлмағанбет қонаққа келіп, олар бір-бірімен амандасты.

«Біз өте жақын туыспыз. Бір мектепте, бірге оқыдық. Айтып отырмын ғой, Раушаннан келгендердің бәрі бір-бірімізге жақынбыз. Оның үстіне бәріміз жақсы, әдемі өмір сүріп жатырмыз. Барлығы ойдағыдай болды», – дейді Әлмағанбет.

«Айналамыздағылардың бәрі біздің ауылдан. Барлығы жақсы. Менің айтарым, жүрегіңде бәрі жақсы болса, айналаңда да бәрі жақсы болады. Раушанда қалғандармен араласып тұрамыз. Барып та тұрамыз, өзім ол жақтан кеше ғана оралдым. Ол жақта ауыз су жоқ, бұл өте қиын. Ал былай бәрі жақсы. Бір-бірімізге қонаққа барамыз. Олар үнемі маған соғып, хал-жағдайымды сұрайды», – деп Бисембаева күлді де, бізге жолға деп үйдің айранын құйып береді.

Сарыкемер

Тараздан 15 шақырым жерде Байзақ ауданының орталығы – Сарыкемер ауылы орналасқан. Мұндағы халықтың жартысынан астамы – қандастар, көбіне олар Өзбекстаннан келген.

Бізді ауылға апара жатқан такси жүргізушісі Кемал Түркіменстанның тумасы болып шықты. Үнемі қала мен ауыл арасында шауып жүреді, қазір нәпақасын осы жолдан тауып отыр. Зейнетке шығуына үш жыл қалыпты. Арасында күзетші болып жұмысқа шығады.

«Қазақстанға 2005 жылы келдім, өзім Түркіменстаннанмын. Бізбен бірге түркімендер, қазақтар, өзбектер көп тұрды. Ата-бабаларымыз ол жаққа ертеден қоныс аударған. Бажамның шақыруымен осында келдім. Келіп, квота алдым. Үй сатып алдым, содан бері осылай өмір сүріп жатырмын. Бір ұл, екі қызым бар. Барлығы оқыған. Ұлым – орысша, қыздарым қазақша оқыды. Қазір бәрі мұғалім», – дейді ол.

«Әрине, келген сәтте қиын болды. Қоныс аударудың аты қоныс аудару ғой. Тілге қатысты қиындық болған жоқ. Өзім тұрған жерде өзбек, орыс, түркімен, қазақ тілдеріндегі мектептер болды. Осы тілдердің бәрінде сөйлей аламын. Жергілікті адаммын ба, сырттан келгенмін бе, мұны ешкім ажырата алмайды. Бізде 120 мың адам тұратын, үлкен облыс орталығы еді. Ескі қала. Онда жұрт мақтамен айналысатын, бәріміз мақта алқабына жұмысқа шығатынбыз», – деп толықтырды ол.

Басқалар сияқты ол да барлығы адамның өзіне байланысты деп санайды.

«Ең бастысы, ойыңыз дұрыс болуы керек. Мен көшедегі жалғыз оралманмын, қалғаны жергілікті тұрғындар. Көршілерім жақсы адамдар, олармен жақсы достасып кеттім. Ал былай мұнда біздің ауылдікілер аз. Барлығы негізінен Бурный мен Октябрьде. Сол жаққа барлығы бірге барды. Маңғыстауға – Бейнеуге, Жаңаөзенге, Ақтауға аттанғандар да көп, ол өңір бізге жақынырақ», – дейді Кемал.

Бастапқыда газ бен жарыққа ақы төлеу оғаш көрініпті, өйткені Түркіменстанда газ бен жарық тегін болған.

«Бірақ қазір ол жақта да ақылы болып кетті. Әдетте ол жерде не болып жатқанын қарамаймын. Осында тұрамын, ол жақтан хабарым жоқ. Ешкім мені оралмансың деп сөккен емес. Ең бастысы, көпшіл болуың керек, сонда басқалардың да сенімен сөйлесуге қарсы емес екенін байқайсың», – дейді ол.

Ауыл Тараздың күйі қашқан шеткері жерлеріне қарағанда, әлдеқайда жайлы сияқты. Мұнда шағын саябақтар, гүлзарлар, мәдениет үйі мен ескерткіштер бар. Сарыкемердің орталығында адамдар күнделікті тіршілікпен – тауар сатып алып, оны тиеумен айналысып жатыр. Жақын маңда шағын базар бар, оның жанында халықты жұмыспен қамту орталығы мен әкімдік орналасқан.

73 жастағы Жұмағали Жүніс қатқақ тротуарда велосипед теуіп барады. Ол бізге сыпайы күлімсіреп, не туралы сөйлескіміз келгенін сұрады.

«Өзбекстаннан 2004 жылы көшіп келдім. Зейнеткермін, екінші топтағы мүгедекпін. Хорезмде өстім. Бұрын ол жақта жақсы еді, қазір бәрі қымбаттап жатыр дейді. Қазақ мектептері болды. Онда трактор айдадым. Сосын осында қоныс аударып, Батырбек Құлекеевтің қарамағында аудан әкімдігінде қызмет еттім. Он жылдай жұмыс істедім. Ол кездер жақсы еді, әкім бізбен амандасып тұратын, қазір ондай әкім жоқ», – дейді ол.

Балалары осы жерден жұмыс тауып, сөйтіп Отанына көшіп келген. Ең бастысы, оны «өз халқы» тартып тұратын. Олардың ауылынан 300-ге жуық адам келіпті.

Жұмағали Жүніс

«Алғашында бәріміз пәтер жалдап тұрдық, үй сатып алу немесе салу қымбат болды. Бәріміз талмай еңбек етіп, үй салдық. Қарағанды ​​облысына квота алып, сонда бардым. Бұл жерде жастарға жұмыс жоқ. Бала Өскемен жаққа, Қатонқарағайға кетті. Әйел, бала-шағасымен кетті. Онда жұмыс көп. Ол жақта бәрі жақсы жүріп жатыр», – дейді Жүніс.

Ол алғашында тіл мәселесі қиын болғанын айтады.

«Қанша дегенмен, тіл өзгереді емес пе, ондағы тіл мұндағыдай емес. Көп сөйлемеуге тырыстым, үндемей жүрдім, – деп күледі. – Не істей аласың? Иә, неше түрлі нәрселер айтты. Кейде келемеждеу болды, оған мән бермейсің. Ештеңе естімегендей өтіп кете барасың. Ал қазір бәрі жақсы. Мұндағылардың барлығы дерлік басқа жақтан келген. Мен барлығымен араласамын. Көбіміз бірге келгенбіз. Сауда-саттық, мал. Бірге келген молдамыз да бар. Мен зейнеткермін, қарапайым өмір сүремін. Үйдегі малды бағамын, осылай велосипедпен жүремін».

Ол Сарыкемердің инфрақұрылымы жақсы екенін айтады. Газ, су, жарық бар. Бұрын автобус болмаған кезде қиын еді. Жақында ол да іске қосылған.

«Мұнда әлі де келіп жатқандар бар. Мысалы, мен тұрған жерде қазақ мектебі жабылып қалды. Өйткені көпшілігі қоныс аударды. Меркіге келе жатқанын естідім. Ал, көшіп-қонатын ақшасы да, дәулеті де жоқтар қалады ғой», – дейді қария.

Сарыкемердегі саябақтардың бірінде коммуналдық қызмет жұмысшылары жүр. Олар жерге төгіліп, алғашқы қардың астында қалған жапырақтарды жинап жатыр. Солардың бірі Оразгүл Қадырбаева құрбысымен спорт алаңының жанындағы орындыққа отырып, дем алды.

«2005 жылы квота алып, күйеуіммен және екі қызыммен Қарақалпақстанның Әмудария облысынан көшіп келдік. Құдайға шүкір, қазір жақсымыз. Екі қызым да осында оқыды, институт бітіріп, қазір жұмыс істеп жүр. Мен ақылы қоғамдық жұмыстамын. Біз осында үйреніп қалдық. Күйеуім күзетші болып жұмыс істейді. Осында көшіп келгенімізге қуаныштымыз. Ата-бабаларымыз ұзақ уақыт бойы Қарақалпақстанда өмір сүрген, ол жаққа қалай жеткенін айтпапты. Ондағы жағдайымыз да жақсы еді. Бірақ тоқсаныншы жылдардан соң тоқырау кезеңі болып, сосын әркім өз еліне көше бастады, біз де көштік», — дейді Қадырбаева.

Қадырбаевалар да көптеген басқа қандастар сияқты Қазақстанға көшкен кезде туыстары тұратын жерді таңдаған. Олар Қарақалпақстандағы үйін сатып, түскен ақшаға квота бойынша алған ақшаны қосып, Сарыкемерден үй алған. Ол ең бастысы – баспана, үй болса, қалғаны шешіледі деп есептейді.

«Көшіп келе салысымен жұмыс таба алмадым. Тігіншілікпен айналыстым, жеке тігіншілер күндік жұмысқа төлейтін. Педагогикалық дипломым бар еді, бірақ өзбекше болатын, сондықтан жұмысқа тұра алмадым. Өзбек тілінде оқыту кімге керек? Ол жақта балабақшада жұмыс істегенмін. Негізінде біздің аудан мақта өсірумен айналысқан. Біздің отбасымыздың да жері болды. Өзбекстан мақтамен айналысады емес пе, бірақ қазір барлығы жеке меншікке өтіп кетті», – дейді ол.

Оның айтуынша, Әмудария ауданында халықтың басым бөлігі – өзбектер, сондықтан мектепте сабақ тек өзбек немесе орыс тілінде болған. Қазақ тілінде оқытатын мектеп оның ауылынан шалғайда болыпты. «Біз бұл жерге балаларымыз біз сияқты болмасын, қазақша үйренсін деп көштік. Оған қоса, ол кезде Қазақстан қандастарды Отанына шақырған. Алғашында тілге байланысты қиындықтар болды, әлі күнге дейін қазақша жаза алмаймын. Мұнда бүкілі орысша еді, бірақ қазір бәрі жақсарып келеді».

Оразгүл Қадырбаева Сарыкемер тұрғындарының жартысынан астамы қандастар екенін айтады.

«2000–2005 жылдары қандастар аз болды, бірақ Түркіменстан, Ауғанстан, Ираннан көші-қон басталды. Дегенмен мұнда негізінен Өзбекстаннан қоныс аударушылар орналасады. Көбі қазір бағдарлама бойынша солтүстікке қарай кетеді. Бізге де ұсыныс жасаған, бірақ күйеуім екеуміз ғанамыз, қыздарымыз тұрмыста, ол жақта жалғыз не істейміз?!» – дейді ол.

Асар

«Асар» ықшамауданы Шымкенттің шет жағында орналасқан. Қала орталығынан бұл жерге автобуспен бір сағатта жетесің. Мұнда мектеп, аллея және балабақшалар бар.

Асар қандастарға арналған типтік қалашық ретінде құрылған, оны 2009 жылы «Нұрлы көш» репатриация бағдарламасы аясында ашқан. Бұл ықшамаудан еліміздегі осындай тәжірибенің алғашқысы. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев бұдан кейін бүкіл Қазақстанда осындай қалашықтар салынатынын айтқан.

Бір қабатты жеке үйлердің бірінде Әлімжан Сапарғали әйелі, келіні және бес немересімен тұрады. Бір немересін ұйқыға жатқызып жатыр.

Сапарғали Өзбекстанның Сырдария облысында дүниеге келген. Оның айтуынша, аудан тұрғындарының жартысына жуығы қазақтар болғандықтан, қазақ мектептері, қазақша газет-журналдар болған. Сапарғали ол жақтағы қазақтардың көбі қазір Асарда тұратынын айтады.

«Кеңес Одағы ыдырағанға дейін Қазақстан мен Өзбекстан арасында шекара болмаған. Біз тұрған жерде ата-бабаларымыз 400 жылдан бері өмір сүріп келген. Бізде қазақ мәдени орталығы болды, бірнеше ру өмір сүрді. Қазақстанға 2003 жылы көшіп келдім. Шымкентке көштім, өйткені климат пен ауа райы қатты ұқсас. Өзбекстанға, туып-өскен жеріме әлі де барамын. Өзбек ағайындардың үйіне түнейміз. Біздің жақта өзбек пен қазақ болып бөліну болмаған», – дейді ол.

Ол Өзбекстандағы қазақ мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген, ал інілері күріш, тары өсірумен айналысқан. Оның айтуынша, інілері Қазақстанға көшкеннен кейін де бұл ісін жалғастырған, бірақ Сапарғалидың өзі ұстаздық жұмысын жалғастыра алмаған: «Саған ешкім мұғалімдікті бере салмайды».

Әлімжан Сапарғали

«Алғаш 2003 жылы Сарыағаш ауданындағы Ақжар ауылына көшіп келіп, мемлекеттік квотамен үй тұрғызып алдым. Біздің ауылдан екі адам келген, олардан бөлек тағы бірнеше адамды ғана танитынбыз. Көпшілікпен таныс болмадық, қиын болды. Жұмыс жоқ, ал жұмыссыз өмір сүру қиын еді. Өзбекстаннан малымызды ала келгенбіз, отбасымызды асырау үшін оларды саттық. Уақытша жұмыс істеп жүрдік, күніне 1000–1500 теңге алатынбыз», – дейді Сапарғали.

Одан бөлек жылыжайда да жұмыс істеген. Алайда екі жылдан бері онымен айналысуды тоқтатты, өйткені ол қымбатқа түсті – өсімдікке арналған дәрілер мен оны суарудың бағасы көтеріліп кетті.

«Асарда жылыжайда істегендердің көбі қызанақ, тағы да басқа нәрселерді өсіруге тырысты. Бірақ мұның бәрі өзін ақтамай, көбі тастап кетті, – деп қосты. – Дәнекерлеуші ​​болдым, ол кезде басқа жұмыстар да бар еді. 2009 жылдан бастап вагон депосында электрик болып жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым, бірақ сол жұмысымды әлі жалғастырып жатырмын. Әрине, бір жерден екінші жерге көшу оңай емес. Бірақ қазір бәрі жақсы. Жастар жұмыс тапты, қалаға барып өз мамандығы бойынша жұмыс істейді».

Сапарғали «Асар» ықшамауданының асар (халық үй тұрғызуға көмек көрсету үшін жиналып, кейін асарға шақырған отбасы дастархан жайып тамақ береді – В) көмегімен тұрғызылғанын айтады.

«Бұл Асарды өзіміз тұрғыздық. 2005 жылы жобаны бастап, 2011 жылға дейін өзіміз салып шықтық. Әрине, мемлекет ақша бөлді – бірақ бізге техника мен жұмыс күші әлі де қажет еді. Мен жұмыс істейтін автобаза тұрғындарды қажет техникамен қамтамасыз етті. Мұндағы ағаштардың барлығын өзіміз отырғыздық. Көлеңке болсын деп осында тал отырғыздым», – дейді ол.

Сапарғали «жергілікті тұрғындарға емес, қандастарға мұндай жағдай жасау – әділетсіздік» дейтіндердің көп екенін айтады.

Асар ауылының тағы бір тұрғыны Әсия Әріпова алғашында «өзбектерге ұқсайды» деушілер болғанын айтады.

«Өзбекстаннансың ба деп сұрайтын, оларға қазақпын, қожамын дейтінмін, – деп күледі ол. – 2005 жылы Қазақстанға көшіп келдік, Леңгірде тұрдық. Басында бейімделе алмадық, бірақ уақыт өте бәріне үйренісіп алдық. Қазір бірге касса ойнаймыз, мерекелерде, туған күндерде бір-бірімізге қонаққа барамыз. Біз өте тату көршілерміз. Қандай да бір қажеттіліктерге, мерекелерге ақша жинаймыз. Биыл наурыз көжені біздің үйде бердік».

Әсия Әріпова

Әріпова Түркістанның тумасы. Алматыда университет бітіріп, бірақ кейін Өзбекстанға тұрмысқа шыққан. Ол жерде 25 жыл тұрып, кейін ұлы Шымкентке оқуға түскен. Оның соңынан күйеуімен бірге көшіп келіп, Қазақстан азаматтығын алған.

«Отаныма оралғаныма қуаныштымын. Бүкіл отбасым, бауырларым, ата-анам, балаларым Түркістан облысында. Біз тез жұмыс таптық. Күйеуім екеуміз де бухгалтерміз. 2011 жылы Асардан үй алдық. Жылыжай бар еді, бірақ ол қараусыз қалды. Ұлым да есепші болып жұмыс істеді, бірақ екі жылдан бері газель жүргізушісі болып жүр», – дейді ол.

Көрші үйден ойнап жүрген балалардың шуы естіледі. Ол үйде Камила Мамырова тұрады. Көршілер қонақ күтіп болғанша, Камила олардың балаларын қарай тұрмақ.

«Өзбекстанның Сырдария облысында дүниеге келдім. Бізде қазақ мектептері болды. Отбасымыз егіншілікпен айналысты, мал бақты. 2009 жылы Қазақстанға көшіп келді. Отанымызға қажет болдық. Осы жерде тұрмысқа шықтым. Жолдасым да Сырдария ауданынан көшіп келген. Әрине, көшу қиын болды. Жұмыс табу да, тамақ табу да қиын болды. Бірақ бәрі өтті де кетті. Қазір жылыжайымыз бар, соның арқасында күн көріп отырмыз», – дейді ол.

Мамырова алғашында оларды «оралмандар» деп сөккенін айтады, бірақ қазір бұлай айтпайды екен.

«Балаларымыз Өзбекстанда қалса, ертең өз тамырын, тілін ұмытып кете ме деп қорықтық. Мектептер өзбек тіліне көше бастады», – деп қосты.

Асардың аллеясы бар. Жаздың аптап күндерінде субұрқақ сергітуі керек еді. Бірақ қазір ол жұмыс істемей тұр, олардың қасында ескі қоқыс жәшіктері мен орындықтар тұр. Ыстықтан қураған ағаштар мен шөп көзге түседі.

Аллеяда 63 жастағы Нұрсәлима Байназарова құрбысын күтіп отыр.

«1956 жылы ауданымыз Өзбекстанға әуелі жалға беріліп, кейін түбегейлі берілді. Сөйтіп біз Өзбекстан аумағында қалып қойдық. Ташкенттегі политехникалық институтты бітіріп, одан кейін бір өнеркәсіптік қалада автокөліктердің қосалқы бөлшектерін шығаратын зауыттың электрмен жабдықтау қосалқы станциясында жұмыс істедім. Кейін ауылда тұрдым. Енем ауырып қалып, оны екі жыл бақтым. Одан кейін ауылдық кеңестегі дүкенде жұмыс істедім. Бір кездері төраға болып сайланып, 12 жыл жұмыс істедім», – дейді ол.

Байназарова ауылында этникалық қазақтар көп болғандықтан, қазақ мектептері болғанын айтады. Қазақ ансамбльдері де болған.

2013 жылы Қазақстанға көшіп келген. «Отанымызға келгендегі алғашқы сезім керемет болды. Балалар осында грантқа оқуға түсті. Жұмысқа тұру қиын болды. Бүкіл жер қабылдаудан бас тартқаны бар. Бірақ тігіншілікті білемін, сөйтіп көрпе-жастық тіктім».

Ол мемлекеттің қандастарға көрсеткен көмегіне дән разы.

«Олар осы жерде жақсы жағдай жасады. Басында баспанасы жоқ адамдар осы жақтан паналайтын жерін тапты. Өз Отанынан орын алды», – деп қосты Байназарова.

«Кейде Қазақстанға тәуелсіздік әпердім деп қалжыңдаймын»

Этникалық қазақ Гүлбану Жапарова Өзбекстанның Бұхара облысы, Қанимех ауданы, Балақарақ ауылында туып-өскен. 1991 жылы орта мектепті бітіріп, Өскемен қаласындағы жоғары оқу орнына түседі. Сол жылы оның отбасы Қазақстанға, Тараз қаласына жақын маңдағы қазір қандастар көп тұратын Ақбұлым ауылына көшіп келеді.

«Негізінде біздің ата-бабамыз Өзбекстанға көшіп кеткен жоқ, ол жерде баяғыдан бері өмір сүрді, өйткені бұл жер қазақтың жері. Біздің ауылда тек қазақтар тұратын, бір ғана өзбек бар еді – ол саудагер болатын. Әкем бас агроном болып жұмыс істеген. Тоқсаныншы жылдардың басында Өзбекстанда қуаңшылық болып, малға азық болмай қалды. Содан әкем достарымен Таразға шөп шабуға келді. Бұл жердің табиғатын ұнатып, Отанға көшуді ұйғарған. Біздің Өзбекстандағы облыстан осында көшіп келген қандастар әкемді алғашқы қарлығаш дейді. Бізге үй берілген, бірақ әкемнің екі бауырының отбасымен бір үйде тұрдық. Барлық туыспен бірге келіп, барлығы осында қалып қойғандықтан, көшу кезінде ерекше қиындық көрген жоқпыз», – дейді Жапарова.

1996 жылы Өскемендегі оқуды бітіріп, Ақбұлымдағы ата-анасының жанына көшіп келіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Мұнда ол жергілікті жігітке тұрмысқа шыққан, қазір үш қыз тәрбиелеп отыр.

Гүлбану Жапарова

«Сіздер келмес бұрын қызыма оралмандармен сөйлесуге журналистер келетінін айтсам, қызым «оралман кім?» деп сұрады. Оралманмын деймін. «Анашым, сіз оралмансыз ба? Мен мектеп тестінде оралман екенімді көрсетпедім ғой», – деп, таңдана жауап қатты. Мен оның оралман емес екенін айтып, күле жауап бердім. Күйеуім жергілікті қазақ қой. Жергілікті тұрғындармен бірден тіл табысып кеттік, қарым-қатынасымыз жақсы. Сондықтан менің оралман екенімді көбі біле бермейтін шығар. Кейде Қазақстанға тәуелсіздік әпердім деп қалжыңдаймын. Өйткені мен 1991 жылы тамызда көшіп келдім, желтоқсанда тәуелсіздік алдық», – дейді Жапарова.

Қаладан Ақбұлым ауылына жету оңай – мұнда такси де, автобус та қатынайды. Гүлбану Жапарованың үйі темір жолдың жанында орналасқандықтан, өтіп бара жатқан әрбір пойыздың дауысы терезенің түбінен естіледі. Дегенмен, тұрғындар шуға үйреніп қалған. Қонақ бөлмеге көптеген қандастардың үйіндегідей жер үстел қойылған. Апай бізді шайға шақырды.

«Қазақстанға көшіп келгенде, қазақтардың да саудамен айналысатынына таңғалдым, өйткені Өзбекстанда тек өзбектер сауда жасайды. Бірақ кейін бәрібір барлығы саудагерге айналды, – деп күледі Жапарова. – Ол жақта біз жақсы тұрдық. Жақында бір сыныптасым туған ауылдан видео жіберіпті. Жүрегім атқақтап кетті. Расында да, адамның туып-өскен жері қашан да ыстық. Бірақ, құдайға шүкір, елімізге көшіп келдік. Мұнда да жақсымыз. Біздің ауыл көпұлтты – түріктер, күрдтер, қазақтар тұрады. Әкемді бәрі құрметтейтін, ол туралы айтылған сәтте әлі күнге мақтап отырады. Жақсы адамға барлық жерде орын бар деп ойлаймын».

Гүлбанудың үш бауыры, әпкесі мен сіңлісі бар. Қазір барлығы Ақбұлымда тұрады. «Кіші інімнің жеке дүкені бар, екіншісі электрик, ағам мен әпкем де мектепте жұмыс істейді, сіңлім нан пісірумен айналысады. Барлығы жақсы орнықты».

Ол Өскеменде оқып жүргенде орыс тілінен қиналғанын, бірақ қатарластарының көмегімен тез бейімделіп кеткенін есіне түсірді. «Бір-бірімізді оқыттық, олар маған орысша, мен қазақша оқыттым. Оралмандарды ешкім бөліп-жарған жоқ. Оралмандар туралы теріс пікір кейінгі жылдарда, әсіресе қандастар жаппай көшіп келе бастаған кезде қалыптасты. Оралмандарға жағдай жасалған сайын жергілікті тұрғындар өздеріне бұлай көңіл бөлінбегеніне алаңдайтындай көрінеді. Сонымен қатар, қызғаныш сезімі бар. Бірақ қай жерде болсын, әдепсіз, жат қылық көрсететін адамдар әрдайым табылады. Бәлкім, сондай адамдар жолыққан да шығар, өйткені оралманды жаман сөздермен сипаттап жатады. Бірақ пенденің аты – пенде. Кез келген халықтың ішінде жақсысы да, жаманы да болады», – дейді Жапарова.

Оның айтуынша, бастапқыда қаржысы барлар көше бастаған, кейін олардың қатарына шарасыздыққа тап болған адамдар қосылды: «Бізде Таразда аштықтан өлмейсің. Жазда бақшада жұмыс істейді. Жоқ дегенде сөйтіп отбасын асырайды».

Гүлбану Жапарова Қазақстанға көшіп келген кезде салт-дәстүрде айырмашылық байқалғанын айтады. Бұл аймақ қазақтарының салт-дәстүрі Өзбекстандағы өзбектердің салт-дәстүріне ұқсас болғанымен, қандастардың өзі бұл әдет-ғұрыптарды аса ұстанбаған.

«Біз жақта қыздың жасауына оның киімдері кірмейді, ал мұнда оны қосады. Сонымен қатар қазақтар арасында да бесік ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып беріледі. Өзбектерде болса, анасы жақтағы ағайын-туыстар бесік сыйлайды. Мұндағы қазақтар да осылай жасайтынын байқадым. Өзбек хан осында болған емес пе, бәлкім, қазақтың салт-дәстүріне әсер еткен шығар», – дейді ол.

Гүлбанудың күйеуі теміржолдағы жұмысынан үйге оралды. Сәлем берген соң әңгімеге араласа кетті.

«Бізге тәуелсіздік әпердім деп мақтанасың ба? Біз тәуелсіздікті 1986 жылы алдық, – дейді күлімсіреп. – Біздің ауылда көшіп келгендер көп. Түркіменстаннан келген адайлар бар. Көбі осы көшеде тұрады. Олар 1963 жылы көшіп келді. Тоқсаныншы жылдары көшіп келгендер бар. Бірақ көбі Маңғыстауға қоныс аударған, шамасы, бейімделе алмады. Мұнда негізінен Түркіменстаннан келгендер қоныстанады».

«Олар бізден ерекшеленіп тұрады, тек бір-бірімен араласады. 1963 жылы көшіп келгенімен, тілдері сол күйінде қалды. Наурыз мейрамында барлығы әдемі киініп, бешпет (ұлттық ою-өрнегі бар, тізеге дейін түсіп тұратын жеңіл сыртқы киім) киеді», – деп толықтырды Жапарова.

«Біз әзілдеп оларды «адайстандықтар» деп атадық. Шамамен 1988 жылы Наурыз мерекесін тойлай бастадық. Түркіменстаннан көшіп келген қазақтар ол кезде де бешпет киетін. 14 наурызда олар «көрісу күнін» атап өтеді, қонаққа шақырады, наурыз көже ішеміз», – дейді ол.

Гүлбану Жапарованы күйеуімен ұзақ жылдар дос болған бауырлары таныстырған. Ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 23 жыл болыпты.

Гүлбану күйеуінен: «Оралман қызды алу қалай екен?» – деп сұрайды.

«Не айырмашылығы бар, ең бастысы қазақ болғаны ғой, – дейді күйеуі. – Қазақтардың жаппай көші-қоны басталғанда бала едік, мән бермедік. Бастапқыда олар бізбен араласқан жоқ, оларда бейімделу жүріп жатты. Балалар араласа бастағанда, оған үлкендер де қосылды. Бір-бірімен құдаласа бастады».

«Ашаршылық кезінде көбі елден кетіп, Иранға, Қытайға, Өзбекстанға ауды. Кеңес өкіметі қазақ жерін тонады, бізді құртпақ болды, сонда да аман қалдық», – дейді ол.