1937
11 сентября 2023
Тілеген Қуандықов, Central Asia Barometer, арнайы Власть үшін, сурет Данияр Мүсіровтікі

Бетбұрыс: қазақтар әлі де Ресейге оң көзбен қарай ма?

Жаңа сауалнама Ресейді жақтайтындар саны азайғанын көрсетті

Бетбұрыс: қазақтар әлі де Ресейге оң көзбен қарай ма?

“Қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінеді”, – деген сөз бар. Қарабайыр әрі орынсыз көрінгенімен, бұған қоса отарлықтың ызғары сезілгенімен, бұдан қазақтың көршілеріне көзқарасындағы ғасырларға ұласқан шиеленісті де аңғаруға болады.

Орталық Азияны зерттеумен айналысатын Central Asia Barometer қолданбалы әлеуметтік зерттеу орталығының жаңа сауалнамасы Қазақстан азаматтарының Ресейге көзқарасы өзгергенін көрсетті. Жауап бергендердің үштен бірі солтүстік көршіні жақтырмайтынын білдірген.

Қоғамның пікірі екіге жарылды: біреулер үшін Ресей қауіпті болса да, қашып құтыла алмайтын серіктес әрі бұлар одан келетін зиян да басқалардай емес деп санайды; енді біреулер Ресейді көп үміт күтетін экономикалық әріптес және қауіпсіздікті қамтамасыз етуші ел ретінде қарастырады. Қазақстан мен Ресейдің ұзаққа созылған әрі күрделі ортақ тарихы бар, оған жұмыс күші мен капитал алмасуымен қатар, саяси байланыс та кіреді. Украинаға қарсы соғысты бастағанға дейін қазақстандықтардың біразы Ресейді білім мен экономика бойынша мүмкіндігі мол ел деп есептейтін. Геосаяси жағдайда қарамастан, өзара трансшекаралық байланыс Ресейдің алдағы ондаған жылдар бойы стратегиялық тұрғыда елдің басты саяси және экономикалық одақтасы болып қалатынын білдіреді.

Кейінгі жылдары екі ел арасындағы байланыс өзгере бастады, бұл қазақтардың Ресейге деген көзқарасына кері әсер етті және қазақ халқы бастан кешірген отарлық езгі, патшалық және кеңестік мұраға қатысты отарсыздану дискурсына тың серпін берді. Ресейдің Украинаға басып кіруі бұл пікірталасқа дем беріп, күшейтіп, Қазақстан халқының көзқарасын өзгерте түсті.

Қазақстанда Ресейді қалай қабылдайды: жақсы көру мен жек көрудің арасы

Ресейдің Украинаға соғыс ашуының салдарын субъектив түрде қарапайым қазақстандықтардың өмірінен және Ресейге көзқарасының өзгеруінен байқауға болады. Ал жалпы қоғамдық пікірге сүйенсек, қазақстандықтардың Ресейге деген көзқарасы бұрынғы жылдардағыдай емес, біршама өзгерген.

2017 жылы жүргізілген сауалнама (төмендегі кестені қараңыз) Қазақстан тұрғындарының Ресейге деген көзқарасы жақсы болғанын көрсетті. Алайда, алты жылдан кейін жағдай мүлдем басқа: адамдардың көзқарасы өзгерді, кейбіреулер жеккөрінішін ашық білдіруге көшті.

Бұл өзгеріс күтпеген жерден пайда болған жоқ, Ресейге көзқарас алты жыл бойы өзгеріп отырды (төмендегі кестені қараңыз). Ресей туралы жағымды пікір айтатындардың үлесі біртіндеп төмендеп, 2022 жылдың күзінде ең төменгі деңгейге жетті. Ал Ресейді жақтырмайтындар саны ол Украинаға басып кіргеннен кейін күрт өзгеріп, 2022 жылдың көктемі мен жазында бірден өсті. Қазақстандықтардың көпшілігі Ресейге әлі де “белгілі бір дәрежеде” оң көзбен қарайды. Бұл, әсіресе, егде жастағы адамдар арасында қатты байқалады.

Әртүрлі жастағылардың Ресейге қарым-қатынасын егжей-тегжейлі қарастырған кезде не байқаймыз? Әдетте, жастармен және 50–58 жас аралығындағы азаматтармен салыстырғанда, аға буынның Ресейге көзқарасы жаман емес, теріс пікір аз. Басқа бір сауалнама нәтижесіне сүйенсек, аға буынның басты ақпарат көзі – теледидар, сондықтан олар үгіт-насихатқа толы ресейлік телеарналардың ықпалына түсіп қалады. Керісінше, жастардың жартысы Ресей туралы теріс пікір білдірген, жастардың оннан бірі ғана Ресейге оң көзбен қарайтынын айтқан.

Медианы тұтыну деректеріне үңілсек, ресейлік контентті қарамайтындармен салыстырғанда, үнемі ресейлік ақпаратты тұтынатындардың арасында жағымды көзқарастағылар екі есе көп. Ресейлік медиа контентті тұтынбайтын адамдардың үштен бірі Ресейді жаратпайды.

Ресейге оң көзбен қарайтындардың үлесі азайғанымен, 2022 жылдың күзінде жауап бергендердің көбі әлі де Ресейдің Қазақстанмен ынтымақтас екеніне сенеді. Жауап бергендердің үштен екісі осыған сенсе, төрттен бір бөлігі керісінше ойлайды.

Сонымен қатар, респонденттердің едәуір бөлігі Ресей Қазақстанға жалпы оң ықпал етеді деп санайды, ал халықтың үштен бір бөлігі бұл ойға қарсы.

Дегенмен, жауап берушілер Ресейдің ықпалына қатысты айтарлықтай алаңдайтынын аңғаруға болады: сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы алаңдайтынын айтқан.

Ресей қауіпсіздік бойынша серіктес пе?

Ішкі тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздік мәселесінде Ресейді әлі де Қазақстан үшін негізгі серіктес деп қабылдау бар. Екі ел шекара қауіпсіздігі, терроризмге қарсы іс-қимыл және бірлескен әскери жаттығуды қамтитын көптеген келісім мен институт аясында ынтымақтасады. Екеуі де Қаңтар оқиғасында логистикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шақырылған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) мүшесі.

Жалпы алғанда, қазақстандықтар Ресейді қауіпсіздік саласында байланыс орнатуға ең ыңғайлы серіктес деп санайды: жауап бергендердің төрттен бірінен астамы Түркия, Қытай мен АҚШ-тан гөрі Ресейді жиірек атаған (төмендегі кестеге назар аударыңыз).

Үкімет деңгейінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық болғанымен, Қазақстан тұрғындары әлі де Ресейдің әскери базаларын ел аумағында орналастыруға қарсы. 2021 жылдың көктемі мен 2022 жылдың күзінде алынған деректерді салыстырсақ, Қазақстанда уақытша немесе тұрақты түрде Ресейдің әскерін орналастыру идеясын қолдайтындар саны азайған, ал бұған қарсы шыққандардың саны артқан.

Сандық дерекке негізделген сауалнама Ресей әскерін орналастыру идеясына күмәнмен қарау 2022 жылғы ҰҚШҰ контингентінің қысқа мерзімге келуіне байланысты ма, әлде Ресейдің Украинаға басып кіруіне байланысты ма деген сұраққа нақты жауап бере алмайды. Соған қарамастан, деректер Ресейдің Украинаға соғысы қазақстандықтардың Ресей туралы пікірін өзгерткенін айқын көрсетеді: Ресейдің беделі айтарлықтай түсті, бұл белгілі екіжақты, әсіресе қоғамдық резонанс тудыратын әскери саладағы келісімдерді әрі қарай дамытуды қиындатты.

Аға буын арасында солтүстік көршімізді әлі де қауіпсіз деп есептейтіндер бар және олар Ресейге оң көзбен қарайды. Алайда қазіргі геосаяси жағдай Ресейдің империялық және кеңестік мұрасына қатысты қоғамның сыни көзқарасын тудырды. Бұл шиеленіс Ресейге қатысты жағымды көзқарасты өзгертуі мүмкін.