2922
16 сентября 2023
Бейімбет Молдағали, Назерке Құрманғазинова, Власть, суретті Владислав Сон түсірген

Су ресурсын басқарудағы дағдарыс

Тиімсіз басқару Қазақстандағы су мәселесін қалай ушықтырды?

Су ресурсын басқарудағы дағдарыс

Зерттеушілер Қазақстанда су тапшылығы емес, су ресурстарын басқару мәселесі өзекті дейді. Бұл туралы олар 13 қыркүйекте Paperlab зерттеу орталығы ұйымдастырған талқыда айтты. Спикерлер су дипломатиясы, су дағдарысы және бұл мәселені шешудің жолдары туралы ой қозғады.

Соңғы уақытта Қазақстанда су мәселесі жиі талқыланып келеді. Тамызда Жамбыл облысында суаруға арналған су жетпегендіктен, төтенше жағдай жарияланды. Бұл егіннің шықпауына және шаруалардың шығынына әкеліп соқты. Жамбыл облысының әкімдігі биыл дақылдардың шығыны өткен жылмен салыстырғанда 25-30 пайыз төмен болады деп болжап отыр. Мәселені шешу үшін президент Тоқаев жолдауында Су ресурстары және ирригация министрлігін құруды және су шаруашылығы саласында реформа жасауды тапсырды.

Су дипломатиясы

Narxoz университетінің зерттеушісі Жания Хайбуллина Қазақстанда 8 өзен бассейні бар дейді, алайда оның жетеуі трансшекаралық, сондықтан көршілес елдерден тәуелділік 46%. Хайбуллинаның сөзінше, су тапшылығы дипломатияға байланысты болса да, Қазақстан кейде бұған назар аудармайды.

“Қазақстан өз кезегінде Іле мен Ертіс мәселесіне келгенде Қытай туралы жиі айтпайды. Мысалы, Тоқаев Балқаштың тартылуы туралы айтқанда тек біздің ескі инфрақұрылым туралы айтты. 2018 жылы Жайықтың саласы ең төменгі көрсеткішке жетті, ал БАҚ-та Ресейдің жаңа бөгет ашу туралы ақпарат пайда болды”, – дейді ол.

суретті Рауль Упоров түсірген

Букетов атындағы Қарағанды университетінің Дүниежүзі тарихы мен халықаралық қатынастар кафедрасының оқытушысы Шыңғыс Зипатолла бұрын су ресурсын пайдалануда Орталық Азияда орталықтанған жүйе болғанын, кейін Алматы келісімшартында су бөлу жүйесіндегі міндеттемелер қарастырылмағанын айтады.

“Сырдария мен Әмудария өзендерінің жоғарғы ағысында бөгеттер мен каналдар салынды және біріккен каналдық жүйе арқылы олар осы өзендердің төменгі ағысында орналасқан мемлекеттерде, яғни Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстанда суармалы ауыл шаруашылығын дамытқан болатын… Төменгі ағыста орналасқан мемлекеттер жоғары ағыста орналасқан мемлекеттерге энергия ресурстарымен қамтамасыз еткен. Олар бізге жазғы уақытта су бөгеттерінен, қоймаларынан су шығарды”, - деп түсіндірді Зипатолла.


Шыңғыс Зипатолла, сурет Paperlab-тікі

Кеңес өкіметі құлағаннан кейін жаңа келісімде мұндай міндеттемелер қарастырылмағаннан кейін Қазақстан, Өзбекстан және Түркіменстан ағыстың жоғары деңгейінде орналасқан мемлекеттерге көмір, газ және мұнай ресурстарын әлемдік нарық бағасымен сата бастаған. Ал ол елдер су бөгеттерін және қоймаларын суару режимінен электр энергия өндіру режиміне ауыстырған.

“Сол үшін қазіргі кезде де төменгі ағыста орналасқан мемлекеттерде жаз кезінде су тапшылығы, қыс кезінде су тасқыны болады. Ал Тәжікстан мен Қырғыстан әлемдік нарықтық баға бойынша электр энергиясын сатып ала алмағандықтан, оларда жыл сайын электр энергиясының тапшылығы болады. Сол үшін жақында Қырғызстан мен Қазақстан келісімшартқа қол қойған болатын. Біз оларға электр энергиясын тасымалдаймыз, олар Тоқтағұл және Киров су қоймаларынан су шығарып отырады. Бірақ біздің эксперттер су мөлшерін қаншалықты деңгейде ашық түрде өлшей алады, су шығару әділетті бола ма деген сұрақ қойып жатыр”, - дейді сарапшы және ол бұл сұрақтарды шешуде жаңадан құрылған министрлікке үміт артып отырғанын жасырмайды.

Талқыға Шу мен Талас өзендерін сақтап қалу үшін құрылған қазақ-қырғыз үкіметаралық су шаруашылығы комиссиясының мүшесі Индира Ақбозова қатысты. Оның сөзінше, Жамбыл облысындағы жағдайдың басты себебі – климаттың өзгеруі. Ақбозова болжаулар бойынша 2040-2050 жылға дейін Талас өзенінің ағыны 45 пайызға төмендейді, ал 2070 жылға қарай Талас кеуіп қалады дейді. Шу 2100 жылға қарай толықтай жоқ болады.

“2020 жылға дейін Талас пен Шудың суы мұздықтардың еруіне байланысты суы мол болады деп болжанған. Біз азаюды 2025 жылы күткенбіз. Мұздықтардың еруі сонша тез болады деп ойлаған жоқпыз. Енді екі ел арасында бірлескен іс-әрекет бойынша стратегиялық бағдарлама қабылдадық. Екі ел де ұлттық жоспар құрды”, – деді Ақбозова.

Сарапшылар бұнымен келіспеді. Олардың сөзінше, климаттың өзгеруі – көп фактордың бірі.

Индира Ақбозова, сурет Paperlab-тікі

Су емес, идея тапшы

Лунд университетінің гидролог зерттеушісі және Сәтбаев университеті ректорының су қауіпсіздігі бойынша кеңесшісі Камшат Тусупова су ресурстарына жерүсті, жерасты сулары, көлдер, мұздықтар мен тұщытылған су кіреді дейді. Оның сөзінше, Қазақстандағы судың жалпы мөлшері 500 текше километр, бірақ біз тек ағынды суды санаймыз дейді. Ал гидрология мен су қауіпсіздігі институтының ақпаратына сүйенсек, елде 102 текше километр жаңғырмалы су мөлшері бар, ал Қазгидромет кей жылдары 160 текше километрге дейін жетеді дейді. Тусупова бұл судың тек 4 пайызы ғана ауыз су ретінде пайдаланылатынын айтады. 65 пайызы ауыл шаруашылығында, ал 30 пайызы өнеркәсіпте пайдаланылады.

Тусупова судың тапшылығына байланысты аса алаңдамайды. Тапшылық – экономикалық термин, ал гидрологиялық тұрғыда тапшылықты жоққа шығарады. Экономикалық тапшылықты суды жеткізу технологиясын қолданып жеткізу арқылы шешуге болады деп санайды.

“Егер ағынды су мөлшерін халық санына бөлсек, Қазақстанда жылына адам басына 5000 текше метр су болады. Су стресі индексіне сәйкес, стрестің алғашқы деңгейі елде адам басына 1700 текше метр су болғанда ғана басталады”, – дейді Тусупова.

Алайда Қазақстанда бірнеше ерекшелік бар дейді. Біріншіден, Қазақстандағы су территориялық тұрғыда біркелкі бөлінбеген, яғни кей бөлігінде су мол, ал кей жері шөлейт. Екіншіден, Қазақстанда су ресурсы маусымдық сипатта: кейде су мол, ал кейде судың мөлшері қатты азаяды.

Мемлекет қолданып жатқан шаралар арасында Тусупова Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2023 жылдарға арналған бағдарлама жобасының тұжырымдамасын сөз етті. Оның сөзінше, тұжырымдама серпіліс жасауға көмектесетін жаңа технологиялар мен әдістерді көрсете алатын құжат болуға тиіс. Ал қазіргі түрінде бұл тұжырымдама қолданысқа енгізіліп қойған әдістерді қайталап отыр. Оған кадрларды дайындау мен гидротехникалық құрылыс жатады.

“Мен тұжырымдамада басқарудың әдістерін көргім келеді. Басқарудың үш элементі бар – суды бөлу, су мониторингі және су қолданысын басқару. Біз суды қажет бағытқа, қажет шаруашылық өнімдеріне және өндіріс түрлеріне жұмсауымыз керек. Бұл жерде виртуал су тұжырымдасы мен кеңістіктік даму әдісі көмектесе алады. Виртуал су тұжырымдамасы бізге әр өнімдегі судың қолданылу тиімділігін білуге көмектеседі. Ол Қытайда да, Израильде де қолданылады. Кеңістіктік даму бойынша, мысалы, егер бір жер өсуге қолайлы болмаса, онда суды кетіріп өсірудің қажеті жоқ. Осы екі әдіс тұжырымдамада айтылуы керек”, – дейді Тусупова.

Талқыға қатысқан тағы бір сарапшы, су шаруашылығы мен гидротехникалық инженерия маманы Әйгерім Кәрібай биыл Жамбыл облысындағы ауыл шаруашылығындағы су тапшылығы алдын ала болжамдарды дұрыс жоспарланбағанымен байланыстырады.

“Жазушы Сет М. Сигел “Су болсын” кітабында Израильдің тәжірибесін жазады, “Қандай да бір мемлекетте су тапшы емес, идея тапшы” дейді. Су тапшылығы дегенде оның астарын іздеуіміз керек. Дұрыс пайдаланбаудан, тиімсіз басқарудан болып жатқан тапшылық па, әлде шынымен су тапшылығы бар ма?!” - деп сұрақ қойды Әйгерім Кәрібай.

Сонымен қатар, ол бассейндік инспекциялардың қызмет ету құзіреті әлсіз екеніне назар аударды. “Оларда бақылаушы функциясы жоқ, олар кез келген дұрыс пайдаланбай жатқан су пайдаланушыға барып айыппұл салуға құқығы жоқ”, - дейді.

Камшат Тусупова (сол жақта) мен Айгерім Кәрібай (оң жақта), сурат Paperlab-тікі

Судың сұрауы бар, бірақ құны жоқ

Сарапшылар Қазақстандағы судың құны жоқ дейді, көбінесе тек оның жеткізілуіне ғана ақша төленеді дейді. Оның өзінде Кәрібай тариф бағасын көтеру дұрыс шешім болмайтынын айтады, себебі диқандар тарапынан наразылық қазірдің өзінде тариф мәселесіне және судың уақытылы келмеуіне байланысты туындайды екен.

“Біріншіден, тариф мәселесі. Қазақстанда суаруға арналған су тарифі барлық өңірде бірдей, олай болмауы керек. Әр аймақтың өзіндік экономикалық дамуына байланысты әртүрлі болуы керек. Қазақстанда 2 млн га астам суармалы жер бар, соның миллион гектардан астамы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан: Алматы облысы, Жетісу облысы, Жамбыл облысы, Қызылорда облысы және Түркістан облысы”, - деп түсіндірді сарапшы.

Ол су мәселесін көтергенде оған кешенді түрде қарау керек дейді, яғни тек су кодексімен шектелмей, жер реформасы да қаралуы керек. Оның айтуынша, жер берілген кезде канал бойынан алшақтығына қарай беру тәртібі бар, алайда ол қадағаланбайды.

“Үлкен магистраль каналдар “Қазсушар” балансында. Қалған ішкі шаруашылық аралық каналдарды жергілікті органдарда немесе диқаншылар өз балансына алып алған. Магистраль каналдан су жібергенде ішкі шаруашылық каналдар арқылы тиісті мөлшердегі су дұрыс жетпеуі мүмкін… Тиімсіз басқару, пайдалану осындай күрделі мәселеге әкеліп жатыр”, - деп есептейді Әйгерім Кәрібай.