4056
22 сентября 2023

«Патриархаттың негізгі қақпаны – сенімсіздік пен үрей»

Ерден Зікібай сексизм, ерлерде бар артықшылық, жақсы бірақ «үнсіз» көпшілік туралы ой толғап, феминизм қалай зорлық-зомбылыққа қарсы бола алатынын түсіндіреді

«Патриархаттың негізгі қақпаны – сенімсіздік пен үрей»

Ерден Зікібай, суретші, артивист және HeForShe Central Asia гендерлік теңдікті қолдау ниеттестік қозғалысының одақтасы

Шетелде білім алып, Алматыға оралғанымда мұнда кэтколлинг жоқ сияқты болып көрінді. Бұл – ысқыру, автокөлікпен кетіп бара жатып сигнал беру, әдепсіз әзіл айту және ерсі комплимент білдіру секілді басынуды білдіретін ұғым. АҚШ-тың ірі қалаларында мұндай нәрсе кең тараған және қоғам болып бұл құбылыспен күресіп жүр. Қазақстандағы таныс қыздар мұндай жағдай жиі ұшырасатынын айтты. Әйел адамның жанында келе жатқандықтан ғана кэтколлингтің куәсі болмаған екенмін. Ер адам кез келген ортаға контекстің өзгеруіне себепші болады. Бұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Еркектер артықшылығын пайдаланып, сөзбен немесе жай ғана жанында болу арқылы әйелдерге қолдау білдіре алады. Бір еркек сексизмге қарсы сөз айтса, басқалары оның сөзін мақұлдауы мүмкін. Бұл әйелдерге қосымша сенім мен қолдау болады. Әйтсе де, біздің еркек болуымыз көп нәрсені аңғармауға себеп болады. Әйелдер туралы талқылағанда ерлер өзін мысалға алып, өз тарапынан айта алмайды. Біз әйелдер бетпе-бет келетін жайттарды бастан өткермейміз. Ерлер әйелдерді тыңдай біліп, оларға сенуі керек.

Айтпақшы, еркектердің көбі өзінің артықшылығы бар екенін есепке алмайды. Үстемдігі бар топқа кіретін адамдар өзінің артықшылығын көре бермейді, өйткені еңбекпен келмесе, ол артықшылықты адам аңғармайды. Көзі көретіндер зағиптардың басынан кешкенін білмейді, ал дені сау адам ерекше қажеттілігі бар адамды түсінбейді.

Канада белсендісі Джаная Хан бұны былай түсіндіреді: «Артықшылық деген – сол үшін бастан кешкенің емес, бастан кешуге тура келмеген нәрсенің нәтижесі».

Сен еркексің және түнде көшеде келе жатырсың делік, саған қарсы әйел адам келе жатса, қандай сезімде боласың? Қорықпайтының анық. Қыздардан сұрасаңыз, олардың көбі қорқатынын айтуы әбден мүмкін. Өрмекшіні, жыланды көргенде бойымыз тітіркенеді ғой, сол сезіммен салыстыруға болады. Бұл үрей осы жәндіктерден қорыққан ата-бабаларымыздан эволюция барысында берілген болуы керек. Шын мәнінде қауіпті өрмекші мен жылан сондай көп емес: улы жыландардың үлесі небәрі 10–15%, ал адамға зиян келтіретін өрмекшілердің үлесі бұдан да аз. Бізге кездескен өрмекші мен жыланның бәрі бірдей улы емес, бірақ басыңды қатерге тігудің қажеті қанша? Еркектер туралы да сондай ой келеді. Әр еркек — тарихи тұрғыдан әйелдерге қауіп төндірген топтың өкілі. Сол себепті қаласа да, қаламаса да, бұл әр еркекке моральдық жауапкершілік жүктейді. Еркектің бәрі зұлым емес, бәрі бірдей зорлық көрсетпейді деп ренжуге болар еді. Рас, бәрі ондай емес. Бірақ әйелдердің бәрі дерлік өмірінде гендерлік кемсітуге және зорлық-зомбылықтың белгілі бір түріне ұшырап көрді. Бұған сенгіміз келмесе, әйелдерге сатқындық жасағанымыз.

Көшедегі басыну туралы әлеуметтік жарнама. Жасырын камера Нью-Йоркте тұратын әйелге 10 сағат ішінде 100 реттен астам кэтколлинг жасалғанын түсіріп алған.

90-жылдары бір алыс туысым түрмеге түсті. Шындығын білмеймін, бірақ біздің үйдегілер оның жазықсыз сотталғанын айтатын, сауық кешінде біреулер қыз зорлап, бұл сол кеште болғаны үшін жазықты болған десетін. Жасөспірім кезімде маған еркек болғандықтан қауіп тудыратындай көрінетінімді, кез келген сәтте әйелге зорлық көрсетті деген күдікке ілінуім мүмкін екенін айтатын. Сол себептен сөйлеген сөзіме және іс-әрекетіме аса сақ болып, қатарлас жігіттердің артынан жөнсіз ілесіп кетпеуім керек болды. Бұл әңгіме мені өмірде талай рет құтқарды деп санаймын. Алайда, ұлдарды токсик еркектердің қысымына селқос қарсылық танытуға ғана емес, әйелдерді қорғауда белсенді болуға, өзінің еркек ретіндегі артықшылығын әйелдерді сондай еркектерден қорғау үшін қолдануға тәрбиелесе ғой деймін.

Ер адамдар екіге бөлінеді дейді — үнсіз «жақсы» азшылық пен айғайшыл «жаман» көпшілік, яғни абьюзерлер, зорлықшылар, өлтіргіштер. «Мен сексист емеспін, зорлық көрсеткен емеспін» дейтіндер көп, бірақ әңгіме адамның жеке қадір-қасиеті емес, жүйе мен құрылым жөнінде. Иә, дәл сіз ондай емес шығарсыз, бірақ «жақсы» еркектер «жамандар» тұратын тұғырдың рөлін атқарып жатады. Өзім де сексистік сөздер мен әзілдердің айтылуына жол берген жағдайларым болды. Менен жасы үлкен ер адамдар зайыбын өзгелердің алдында, оның көз алдында мазақтағанда, оларға әлдене деуді жөн көрмей, ыңғайсыз жымиып, үндемей қалдым. Бірақ, осылай үнсіз қалу — бейтараптық емес, бұл да позиция. Кемсітуге үн қатпау — кемсітуге келісудің белгісі. Батыста «silence is violence» («үнсіздік деген – зорлық») деген ұғым бар, яғни жәбірленуші топқа жасалған зорлыққа қарсы (сөзбен де зорлық жасауға болады) әрекет қылмау немесе енжар болу сол топқа зорлық көрсеткенмен бірдей.

Неміс психиатры және философы Карл Ясперс Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әскери қылмыс жасаған немістер моральдық тұрғыдан кінәлі, ал оларға көнгендер мен қарсы шықпағандар саяси тұрғыдан кінәлі деп санап, бәріне ұжымдық кінә артты. Әйелдерге физикалық зорлық көрсеткенде немесе сөзбен жәбірлеген кезде «жақсы» еркектер неліктен үндемейді? Тарихта кім болып қаламыз: әйелдерді жәбірлеушілердің үнсіз сыбайласы ма, әлде әйелдердің белсенді одақтасы ма? Ерлерді батыл болуға, әлсіздерге қорған болуға тәрбиелейді, бірақ мен ерге тән нағыз батылдық — патриархат пен сексизмнің ағысымен үнсіз жүзу емес, сол ағысқа қарсы жүзу деп санаймын.

Патриархаттың басты қақпаны — өзіне сенбеу мен қорқыныш. Жабылады, ұрып кетеді, тонап кетеді, кемсітеді, зорлайды және/немесе өлтіріп кетеді деген қорқыныш (жыныстық зорлық құрбаны боламын деген қорқыныш ерлерде де бар, бұндай оқиғалар түрмеде, полиция учаскесінде, казармада болуы мүмкін). Патриархат адамдарға «әлсіз таяқ жейді, сондықтан мықты болып, бірінші ұру керек» деген қарапайым үлгіні ұсына отырып, осы комплекстер мен қорқынышты пайдасына жаратады.

Алматыдағы сауда үйіндегі боксқа арналған манекендер

АҚШ күш құрылымдарының арасында қой, қасқыр және төбет идеологиясы таралған. Қой — қарапайым бейбіт халық, қасқыр — халыққа зиян келтіргісі келетін қылмыскерлер мен лаңкестер, төбет — адамдарды зұлымдардан қорғауға тиіс полицейлер мен әскерилер. Қасқырлар итті жек көреді, өйткені олар қойды жеуге кедергі келтіреді, бірақ қойлар итті де аса ұнатпайды, себебі олар қасқырға қатты ұқсайды. Төбеттер мейірім жұдырықпен орнайды деп есептейді: біз қорғаушымыз, бізді жақтырмаса да, бізсіз күні қараң. Қала ортасында қарусыз жүздеген отандасын атып тастай алатын әскерилерді айтпағанда, қаншама полицей өзінің билігін асыра пайдаланып, бейбіт азаматтарға күш қолданатынын ескерсек, мейірімді «қорғаушылар» мен қатыгез «зұлымдар» арасындағы осындай айырмашылық көмескі және әлсіз деуге болады. Үйреншікті маскулин еркектердің көбі әйелдерге «жаман» еркектерден қорғауды қажет ететін дәрменсіз қой ретінде қарайды. Алайда, әйелдерге зорлық-зомбылықты көбіне қорғаны болуға тиіс жан серігі жасап жатады. Әйелдер қарым-қатынас құрғанда берік қорғаны болғанын қалайды, кез келген уақытта қирап, сені езіп тастайтын қорған неге керек?

Адамдар рефлексияны, құндылық туралы түсініктің күрт өзгергенін емес, тез әрі қарапайым шешімді қалайды. Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы айтатын болсақ, заңдарды қатайтып, тұрмыстағы зорлық-зомбылықты қылмысқа жатқызу керек және абьюзерлерді қатаң жазалау қажет. Бірақ ұлдарды тәрбиелеуге және жалпы ер адамдарға деген көзқарасын өзгертуге бәрі бірдей дайын емес. Мысалы, балаларға проблеманы агрессиямен, күшпен шешу керек деп үйретпеу. Ренішін, көңілі қалғанын, мұңайғанын, қорыққанын, әлсіздік танытқанын, уайымын бөліскен еркекке онысын бетіне басып айтпау. Қоғамға барлық еркекті әйелдер құқығын құрметтеуді үйреткеннен гөрі, сексистерге төзу, олардың көңілінен шығу тәсілін іздеу оңайырақ секілді.

Көбі әйелдер таксиі мен әйелдер вагоны секілді шалағай әрекеттерді қолдайды, алайда бұл гендерлік бөлінуді көбейтеді, нәтижесінде ерлер мен әйелдер бірдей емес, сондықтан олар тең бола алмайды деген идеяны бекіте түседі деп санаймын.

Ерлердің ерлерге зорлық жасауы тіпті қалыпты болып кеткен: ұлдар төбелессе — ештеңе етпейді, олар еркектер ғой дейді! Нәтижесінде төбелесте, ұрыс-керіс пен соғыста ерлер жасайтын зорлық-зомбылықтың негізгі құрбаны басқа еркек болады. Еркек — бүкіл тайпаның, халықтың, елдің жауынгері деп саналады. Кішкентай ұлдарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтай отырып, біз олар болашақта Отан үшін өлуі мүмкін және өлуге міндетті екенімен де құттықтаймыз. Ерлерді туғаннан күш қолдануға, тартып алуға, қажет болса өлтіруге тәрбиелейді. Егер ұлдарды туған кезінен бастап қанаушы, зорлықшы болатындай қылып тәрбиелесек, ол өскенде біреуді ұрады, зорлық-зомбылық көрсетеді, өлтіреді деп несіне шағынамыз?

Кез келген танымал фильмнің сюжет шиеленісі немен аяқталады? Бас кейіпкер зұлыммен шайқасып, соңында физикалық күш көрсету арқылы жеңеді. Яғни, қоғамдық мәдениет балаға біреуді жеңу үшін одан физикалық тұрғыда басым түсу керек, мықтырақ немесе күш тұрғысынан әккілеу болу керек деп үйретеді. Ауызша тартыс пен моральдық жаңару арқылы жеңетіндер сот туралы немесе өмірбаяндық фильмдерде ғана көрсетіледі. Біз еркектік пен зорлық-зомбылық культының белгісі бар зорлықшылар мен кісі өлтірушілерді жазалаймыз, бірақ бұл идеялардың өзі қарапайым адамдардың басында үстемдігін жалғастыра береді.

Жауынгер – жыныс емес, мамандық

Украина сияқты елдердің мысалы көрсеткендей, зорлық-зомбылықтан кейде бас тарту мүмкін емес, жаны қарсы жандар да оны қолдануға мәжбүр болады. Былтыр украин феминистері «Қарсылық құқығы» деген манифест жариялап, бағындыру құралы ретіндегі зорлық-зомбылық пен жәбірленуші өзін қорғау үшін заңға қайшы келмейтін мәжбүрлі шара қолдануы арасындағы айырмашылықты ажырата білуге шақырды. Соғысып жатқан екі тарапқа бірдей кінә артатын абстрактылы пацифизм украин халқының аман қалу үшін қорғана күресуіндегі тарихи, әлеуметтік және саяси контексті назардан тыс қалдырып отыр. Халықаралық қатынастар мен бүкіл әлемге бейбітшілік орнату мәселесі қандай қоғам құратынымызға, онда әлсіз топтарға қалай қарайтынына тікелей байланысты. Украинада тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қылмыстық жауапкершілік бар да, Ресей Федерациясында керісінше, ол қылмыс болып саналмайды. Ресейдің Украинаға әрекетін бұрынғы әйелінің қыр соңынан қалмайтын, ұрып-соғатын, тіпті оны өлтіруге дайын еркекпен салыстыруға болады. Өз азаматтарының құқығын сыйламайтын мемлекет көршілерінің де егемендігін, территориялық тұтастығын сыйламайды.

Шын мәнінде зорлық-зомбылық — күштің емес, әлсіздіктің белгісі. Психолог Леон Ф. Зельцердің айтуынша, ашумен күшіңді паш ету күш, төзім, өзіне деген сенім немесе өзін қабылдауға сенім жоқ екенін, болуы мүмкін қиындықтың алдында психикалық және эмоциялық тепе-теңдік сақтай алмайтынын білдіреді. Ашудың артында құр қоқан-лоқы тұрады. Сырты арыстандай ақырып тұрғанымен, артында қорыққанынан қалтыраған марғау жасырынып тұруы мүмкін. Зельцердің пікірінше, нағыз күш сабыр, төзім, мейірім, ерік-жігер, қабылдай білу мен кешіре білу секілді қасиеттерден тұрады. Бұлардың көбі әйелдің гендерлік әлеуметтенуімен байланысы бар қасиеттер. Сонымен қатар, эмоциялық интеллектіні және талқылай білу мен сөйлесе білу дағдысын да әдетте әйелдерге тән қасиет деп санайды.

Егер әр қоғамда осындай қасиеттер үгіттелетін болса, зорлық-зомбылық деңгейі түседі. Зорлық-зомбылықсыз бұрынғы патриархат та болмайды, өйткені «қорғаушылардың» қажеті болмайды, сіңіп қалған гендер рөлі мәнін жоғалтады. Мінсіз феминистік әлемде территория, ресурс пен билік үшін еркектердің дәстүрлі күресі — соғыс та болмас еді. Қару-жарақ өндірудің орнына, ресурс аштықпен, кедейлікпен, теңсіздікпен, надандықпен және климат өзгерісімен күресуге жұмсалар еді. Феминизм — зорлық-зомбылыққа шипа дер едім, ұжымдық иммунитет адамзаттың басым бөлігіне сол шипа берілгенде ғана қалыптасады.

КСРО кезіндегі токсик және дұрыс еркек бейнесі. «Джентльмены удачи» фильмінен кадр (1971).

Еркектерге жанжалды зорлық-зомбылықсыз да шешуге болатынын үйренетін кез келді. Сөйлесуге, келісуге, ымыраласуға болады. Егер жанжалды өз бетімен шешу мүмкін болмаса, беделді біреуге жүгінуге болады: ересек болсаң полицияға; бала болса мұғалімге, ата-анаға жүгіну… Біздің қоғамда сталинизм заманынан қалған түрме заңдары жүреді. Егер еркек жанжалды күш немесе зорлық-зомбылық арқылы шеше алмай өзгенің көмегіне жүгінсе, бұл әлсіздік деп саналады. «Лох», «тоқылдақ», «терпила» деген лагерьлерден мұра болып қалған сөздер қолданылады. Біз қоғам ретінде дауды конструктив диалогпен шешуде тұрған ешқандай жамандық жоқ екенін түсінуіміз керек. Түрмеде «Сенбе, қорықпа, сұрама» деген мәтел бар. Өзгеден бірдеңе сұрау түрме қоғамында әлсіздік пен тәуелді болудың белгісі деп саналады. Еркектерді бала кезінен біреуден кеңес сұрамауға, көмекке жүгінбеуге үйретеді, соның кесірінен томаға-тұйық болып өсеміз. «Ерлерге деген махаббатпен: токсик болудан құтылып, саналы еркекке айналу» деген кітапта зерттеушілердің сауалнамасына қатысқан үйсіз адамдардың 51%-ы жалғызбасты еркектер екені айтылады (сауалнамаға қатысқандардың төрттен бірі баласы бар аналар, қалғаны отбасылар). Зерттеушілер осы ерлерден туыстары мен достарының байланыс нөмірін сұрап алып, олармен байланысқа шыққан. Туыстардың 82 пайызы үйсіз жүрген жақынына арада талай жыл өтсе де көмекке келуге дайын екенін айтқан. Бірақ бұл еркектер неліктен көшеде қалды? Олар көмек сұраудан ұялған, ары жібермеген. Олардың пікірінше, көмек сұрағанша, далада қалғаны артық.

Пандемияның кесірінен жұмыссыз қалдым. Достық және кәсіби қарым-қатынастарым көп болса да, жұмысты өз бетіммен интернет арқылы іздеу керек деп шештім. Таныстарымнан көмек сұрауға ұялдым. Мұқтаж адам кейпінде, күші мен дәрежесі төмен позициядан көрінгім келмеді. Сөйтіп мына үйсіздер туралы оқиғаны оқығаннан кейін өзім де дәл сол еркектермен бірдей екенімді түсіндім. Менің бойымда да әлсіз болу ұят деп тұратын еркек бар. Бірақ, әлсіздіктің де күші бар. Еркек те кейде әйеліне: «Кешір, мен адасып кеттім, қазір қай жерде екенімізді білмейміз» немесе «Кешір, мен қателестім» немесе «Жаным, сенікі дұрыс» деп айтуы керек. Ерлерге осалдығын көрсетіп, әлсіз болуы мүмкін екенін мойындайтын уақыт келді. Бұның еш ұяты жоқ.

Көбі әйелдерге құқық берсе, еркектер құқықтан айырылады деп ойлап, гендерлік теңдіктен қорқады. Патриархаттық рөлі өзгереді, еркектер әйел сияқты, ал әйелдер еркек сияқты болып кетеді деп қорқады. Бұл – қоғам әлсізденеді, сыртқы агрессиядан өзін қорғай алмайды деген сана түбіндегі үрейден.

Қазақстанда көбінің бойында әлі де көп ғасырлық басқыншылық пен отарлаудың табы бар, оған сталинизмнің алапат жылдарын қосыңыз. Сондай-ақ көп қазақ демографияға қатты алаңдап, жаны ауырады. Бұл ХХ ғасырдың басында қолдан жасалған ашаршылық кесірінен этносты біраз азайтқан қайғылы тарихи оқиғаларға қынжылыс білдіруі деп ойлаймын.

Осындай тарихи травманың кесірінен қазақ қоғамында отарлауға дейінгі тарихқа қайта оралу және оны дәріптеу жүріп жатыр. Бұл кезеңде қазақ әйелінің құны ердің құнынан екі есе төмен болған еді (ер адамды өлтіргені үшін 1000 бас қой құн төленсе, әйел 500 басқа бағаланған). Дәстүршілдердің әйелдерді бақылауға алуға тырысуы және олардың жаһандану мен жаңашылдыққа қарсылығы еркіндік пен тәуелсіздіктен қайта айырылып қалуға, өзінің бірегейлігін тағы жоғалтып алуға, тағы да қанау мен озбырлықтың шарасыз құрбанына айналуға деген отарлау-тоталитарлық қорқыныштың белгілері. Бұл қорқынышты орынсыз десек те, соны сезінген адамдарға бұл шын болып көрінетіні рас. Ұжымдық қайғыны, комплекс пен қорқынышты жоққа шығаруға, елемеуге немесе жете бағаламауға болмайды, оларды сүйіспеншілікпен, аяушылықпен қабылдап, жеңу керек. Қиын да ортақ әрекетсіз біз өткеніміздің және ұрпақтар қайғысының тұтқынында қалып қоямыз.

Көбі әйелдерге құқық берсе, еркектер құқықтан айырылады деп ойлап, гендерлік теңдіктен қорқады. Патриархаттық рөлі өзгереді, еркектер әйел сияқты, ал әйелдер еркек сияқты болып кетеді деп қорқады. Бұл – қоғам әлсізденеді, сыртқы агрессиядан өзін қорғай алмайды деген сана түбіндегі үрейден.

Қазақстанда көбінің бойында әлі де көп ғасырлық басқыншылық пен отарлаудың табы бар, оған сталинизмнің алапат жылдарын қосыңыз. Сондай-ақ көп қазақ демографияға қатты алаңдап, жаны ауырады. Бұл ХХ ғасырдың басында қолдан жасалған ашаршылық кесірінен этносты біраз азайтқан қайғылы тарихи оқиғаларға қынжылыс білдіруі деп ойлаймын.

Осындай тарихи травманың кесірінен қазақ қоғамында отарлауға дейінгі тарихқа қайта оралу және оны дәріптеу жүріп жатыр. Бұл кезеңде қазақ әйелінің құны ердің құнынан екі есе төмен болған еді (ер адамды өлтіргені үшін 1000 бас қой құн төленсе, әйел 500 басқа бағаланған). Дәстүршілдердің әйелдерді бақылауға алуға тырысуы және олардың жаһандану мен жаңашылдыққа қарсылығы еркіндік пен тәуелсіздіктен қайта айырылып қалуға, өзінің бірегейлігін тағы жоғалтып алуға, тағы да қанау мен озбырлықтың шарасыз құрбанына айналуға деген отарлау-тоталитарлық қорқыныштың белгілері. Бұл қорқынышты орынсыз десек те, соны сезінген адамдарға бұл шын болып көрінетіні рас. Ұжымдық қайғыны, комплекс пен қорқынышты жоққа шығаруға, елемеуге немесе жете бағаламауға болмайды, оларды сүйіспеншілікпен, аяушылықпен қабылдап, жеңу керек. Қиын да ортақ әрекетсіз біз өткеніміздің және ұрпақтар қайғысының тұтқынында қалып қоямыз.

Алматыдағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы бейнеленген барельеф. Фотоны түсірген Артемий Лебедев

Қазақ пен феминизм — бір-біріне жат ұғымдар емес. Діліңе пайдалы дәстүрді де, заманауи білімді де біріктіруге болады. Қазақ қызы компания басшысы да, отбасын асыраушы да, ал қазақ жігіті үй шаруасын басқарып, «асүй құдайы» да бола алады, одан қазақ тілі мен мәдениеті жоғалып кетпейді. Егер қазақтар сырт әлемнен қорқып, одан оқшауланып алмаса, жаһандануға қарай батыл қадам басса, онда қазақ тілі мен мәдениетінің аман қалуына, дамып, өзгелермен бәсеке құруына көп мүмкіндік бар.

Әйелдердің саясатқа көп қызықпайтыны, ерлердің тамақты нашар пісіретіні олар екі түрлі планетадан дегенді білдірмейді. Көп қоғамда әйелдердің шашы еркектерге қарағанда ұзын екені де ештеңені білдірмейді (қазақ пен орыс халқында осыған орай сексистік мақал бар – «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа»). Шын мәнінде бұның бәрі жыныс мүшесінің айырмашылығына бола бізге туған кезде берілген түрлі сценарийдің жасанды салдары, әлеуметтік конструкт. Ұлдар агрессияшыл, ал қыздар эмоцияшыл деп айту — сананы соған сендірудің амалы ғана. Балалар гендер рөліне алдын ала дайындайтын қоғамда өсіп жатыр, олар сол жолмен жүруге мәжбүр. Гендерге жат, иілмейтін, шарасыз нәрсе деп емес, жүре қосылған, ауыспалы, алдын алуға болатын деп қарайтын кез келді.

Әйелдерге жасалатын зорлық-зомбылыққа қарсы митинг, Астана, 2023 жылғы 8 сәуір, Жанар Каримованың фотосуреті

Нәсіліне, ұлтына немесе дініне қарап кемсітуге қарсылар көп, бірақ ашық сексизмді жастайынан елемейді. Балалар алаңында «бұл ұлдардың ғана ойыны» немесе «ұлдарды кіргізбейміз, тек қыздар кіреді» деген сөздерді естуге болады. Осындай сөзді терісінің түсі немесе көз қиығы басқа балаға айтса ше? Сәл ересек балаларда гендерлік сегрегация мазақ ұйқастармен сипат алған. Бізді бала кезден қарсы жыныс өкіліне араласуға болмайтын (махаббатты қоспағанда) бөтен адамдай қарауды үйретеді. Ал романтикалық қарым-қатынаста әйелдер мен еркектер бір-біріне оң-солын танымайтын баладай қарап, ақпарат жасырады, манипуляция жасайды.

Осындай гендерлік шектеулердің ең зәрлі салдарының бірі — ер мен әйел арасында достық болмайды деген идея. Әйелімнің айтуынша, менің достарымның 80 пайызы — әйелдер, бұны көп адам түсіне алмай, тіпті сынап жатады. Сонда біреумен қызығушылығым мен құндылығым сәйкес келіп жатса, жыныс мүшесіне бола достаспауым керек пе? Егер біз қарым-қатынасты, досты, хоббиді және мансапты ұнағаны үшін емес, гендеріне қарап қана таңдасақ, онда өзімізді тым шектеп, гендерлер айырмасын арттыра бермекпіз. Өзімізден адамзаттың бір жартысын, сонымен байланысы бар мәдени мұраны бөліп тастасақ, екі есе жұтаң, бақытсыз бола түсеміз. Әйелдер мен еркектер арасында әлеуметтену мен өзара қарым-қатынастың болмауы гендерлік жалған түсінікті және бір-бірінен алшақтауды күшейте түседі.

Екінші толқын феминизмінде «Жеке мәселе — саяси мәселе» деген ұран болды. Әйелдердің жеке басына қатысты тәжірибенің түп тамыры олардың саяси теңсіздігінде жатыр деп саналады, сондықтан саясат деңгейінде араласуды қажет етеді. Мысалы, отбасының бір мүшесін қанайтын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты тұтас елдің азаматтарын езіп-жаншитын саяси зорлық-зомбылықтың негізін қалайтын іргетас деуге болады. Әріптесін құйрықтан салып қалудан тайсалмайтын адам алаңда шерушілерді ұру жағдайын сынайды, бірақ осы екі әрекет бір тізбектің бөліктері екенін түсінбейді. Тұрмыста зорлық-зомбылық көрсету мен кемсітуді қалыпты деп қабылдау оны ұлттық, тіпті халықаралық деңгейге дейін ушықтырады. Біз қоғам болып зорлық-зомбылыққа көзқарасымызды өзгертпейінше, жәбірленушілердің өзін айыптауды, зорлықшыларды ақтауды доғармайынша, бізді кім басқарса да, зорлық-зомбылық азаматтардың еркіндігін жаншудың заңды тәсілі болып қала бермек. Сондықтан әйелдер құқығы бағытындағы кез келген прогресс — қоғамды демократияландыруға қосылған үлес.

Заманауи қоғамда дәстүрлі гендерлік рөлді ұстанатын еркектер (әйелдер де) кейінгі жылдарда әйелдер, ЛГБТ өкілдері, этникалық және нәсіл азшылықтары қол жеткізген әлеуметтік және саяси прогрестің салдарынан бағыт-бағдардан айырылған. Олардың бейхабар болуын, үрейі мен комплекстерін саясаткерлер мен оңшылдар өз пайдасына қолданып, сол сезімдерді әлі де құқығы жоқ және маргиналданған топтарға қарсы қаруға айналдырады. Бұндай үрдіс авторитарлық елдерде де болып жатыр: патриархал отбасының басшысы ретінде тәрбиеленген еркектер дауыстан және әкімшілікке ықпал ету тетігінен айырылып, мемлекетті басқаруға қатысудан шеттетілген, демек, олар ештеңеге әсер ете алмайды. Режимнің таяғы мен мылтығынан қорқатын осындай еркектер не істейді? Олардың көбі ренішін, ашу-ызасы мен өзін қор санау сезімін әйелдерге бағыттайды, олардың арасында туыстары мен жары да, өз құқығын талап етіп көшеге шыққандар да бар. Бұндай еркектердің бар ойы — әйелдерді бақылауда ұстау, өйткені өз мемлекетінде олар басқа ештеңені бақылай алмайды.

Осындай ызалы, бағыт-бағдардан айырылған және қате ақпаратпен сусындаған еркектерге манипуляция жасау оңай. Авторитар елдерде әйелдер мен басқа да қорғалмаған топтар бақытсыз, құқықсыз еркектер үшін бар ашуын себепсіз төге салуға болатын оңай олжа. Әйелдер мен басқа да әлсіз топтар көпшілік байқай бермейтін үлкен қауіп-қатердің жақындағанын ескертетін хабаршы рөлін атқарады.

Қазақстанда дүнгендерге қарсы бүлік болғанда, көп азамат қылмыскерлерді емес, зардап шеккен дүнгендерді айыптады. Дүнгендерді қорғаған адвокат Болат Омаров Қордайда 2020 жылы болған бүлік 2022 жылғы Алматыдағы ауқымды тәртіпсіздіктердің репетициясы дейді. Егер бұл рас болса, Қордайдағы бүлікшілерді ақтап, қолдау білдіргендің көбі екі жылдан соң өздері құрбанға айналған болып тұр. Омаровтың ойынша, қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс дұрыс тергеліп, қатысушылар мен бүлікшілер анықталса, Алматыдағы лаңкестік те болмас еді. Егер еркектер өзін қауіпсіз сезіне алатын, жақындарының амандығына сенімді болатын қоғамда өмір сүргісі келсе, олар әйелдердің және басқа да әлсіз топтардың құқығы мен қауіпсіздігіне сенімді болуы керек. Егер әйелдер мен азшылық еркін және қауіпсіз өмір сүрсе, бәрі де еркін және қауіпсіз өмір сүреді.

Қоғамда гендер сегрегациясы мен алауыздық күшті болған сайын, әйелдер мен еркектер бір-бірін одақтас емес, жау көрген сайын, оларды басқару және манипуляция жасау оңай бола түседі. Әйелдерге үстемдік етуге талпынудың орнына, еркектер оларға ниеттестігін, одақтастығын және бауырластығын көрсетуі керек. Қарындас деген әдемі түркі сөзі қазақ тілінде жас пен жыныстық сипатқа ие болып, оны тек еркектер өзінен кіші туыс қыздарға қолданып кеткен. Өкінішке қарай, біздің заманда ол сөз тіпті көшеде басынумен байланысты болып кетті. Мен бұл сөзді бастапқы күйіне келтіріп, жаспен байланыстырмауды қалар едім, еркектің әйелмен ниеттестігін, одақтастығы мен бауырластығын білдіретін термин ретінде қолданар едім. Қазақтар ағайындар байланысын ерекше мақтан тұтады, бірақ қаншама қарындас үрейде өмір сүреді, өзін үйде де, жұмыста да, көшеде де қауіпсіз сезіне алмайды. Сол үрейдің себебі — өзіміз секілді еркектер. Біз оларды тәрбиелей аламыз, түсінігін өзгертіп, тоқтата аламыз.

Харассментпен қалай күресу керек? БҰҰ Дамыту бағдарламасының әлеуметтік жарнамасы

«Әжемнің қолы: нәсілшілдік жарасы және жүрегіміз бен тәнімізді емдеуге апарар жол» кітабынан жан дертінің екі түрі бар екенін білдім — таза және лас. Таза дерт — жайсыз нәрселерге ұрыну, солар туралы ойлау, оны зерттеп, өзгеруге тырысу. Үлгі тұтқан адамың көңіліңді күйретсе, өтіріктің беті ашылса, идеалың сеніміңді бұзса, сол сенің жаныңа батады, өзгересің, бірақ осындай өзгерістердің арқасында тазарасың, менталдық тұрғыдан да, тән тұрғысынан да сауыға түсесің. Ал лас дерт — өзің түсінбейтін нәрсемен бетпе-бет келу, бұл сені есеңгіретеді, алайда түсінуге тырысасың, сонымен қатар қарсылық танытып, қарсы аргумент іздейсің, дауласасың. Бұл ыза мен өшпенділік тудырады. Бұл дерт сені өзгертпейді, керісінше, тұйықтала түсесің, қатыгез, төзімсіз, түңілу, қанағаттанбау және құсалану секілді комплекстер пайда болады. Еркектердің көбі лас дертке шалдығады да, өзгелерге сол дертті береді.

Жанар Каримованың фотосуреті

Патриархаттың мәнін, оның рөлін және оған біздің қатысымызды, оны өзгертуге деген біздің моральдық жауапкершілігімізді түсіну үшін бізге, ерлерге таза дерт арқылы өту қажет болады. Біз айтқан және істеген нәрселердің көбі жаман екенін түсінуден туындайтын дерт. Бірақ бұл сен жаман адамсың дегенді білдірмейді. Дерт секілді ұят та екі түрге бөлінеді: токсик ұят «Мен жаманмын» дейді, ал сау ұят «Менің әрекетім дұрыс болмады» дейді. Сау ұят сенің жеке басыңды сенің әрекетіңнен бөледі, өзіңе жанашыр болуға үйретеді. Егер қателессең, бұл сенің жай пенде екеніңді білдіреді. Қазақ ұғымында пенде — кемшілігі де, қателігі де бар, өзінің дүниетанымына, тәрбиесіне, қоғамына сай қарапайым адам. Егер әлдебір түсініктің ықпалымен қате нәрселер жасасаң және оның қате екенін білмеген, түсінбеген болсаң, өзіңді сөкпе. Есіңде болсын: сені қалай тәрбиелесе, өмір бойы сондай болып өтуге міндетті емессің. Сен — күн сайын жасап жүрген өзіңнің әрекетіңсің. Бүгіннен бастап.

Егер еркектер өзінің артықшылығын түсініп, оны қорғалмаған топтарды қолдауға пайдаланса, өзінің әлсіз тұстарына және өзіне жанашыр болуға, адамға тән сезімдердің бәрін кешуге күш табады, ойдан құралған үрейдің және саяси манипуляцияның тұтқыны болудан бас тартады, әйелдерді тыңдап, оларға сенім артады, олардан үйренеді. Осылайша төңірегімен қарым-қатынасын жақсартады, менталдық және физикалық саулығын жақсартады, өмірін ұзартады, тарихтың ізгі де әділ жағына шығады және нағыз махаббатын табады.

Иә, ауыр, қиын және күрделі болады, бірақ бұл жол соған лайық.