2344
3 ноября 2023
Бейімбет Молдағали, Алмас Қайсар, Власть, фотоларды Жанар Кәрімова мен Алмас Қайсар түсірген

Қаладағы қоналқы

Алматы мен Астана хостелдеріндегі өмір туралы

Қаладағы қоналқы

Экономикалық келешектің жоқтығы мен жұмыссыздықтан өңірлердегі көптеген тұрғын елдің ірі қалаларына көшуге мәжбүр. Алайда баспана бағасы қымбат болғандықтан, олардың дені көбіне бір бөлмелік жатын орын берілетін хостелдерге орналасады.

Власть Астана мен Алматыдағы хостелдерге барып, ондағы тұрғындармен үлкен және олар үшін бөтен қаладағы жатын орын туралы сөйлесіп қайтты.

Астана. Күніне екі мың теңге

Ag.kz хостелі филиалдарының бірі ескі қала аумағында, Асан Қайғы атындағы тар көшеде орналасқан. Көшеде тротуар жоқ, ал жол құбырмен қоршалған. Тир мен ойын клубтары бар ғимараттың екінші, үшінші қабаттары хостелге тиесілі. Кіреберістен қонақтарды кілт пен видеобақылау мониторы қойылған үстелше жанында тұрған әкімші күтіп алады.

Үстелше мен ас үйге апаратын ұзын дәліз арасында турникет бар. Ас үйде бүкіл жатақханаға ортақ жалғыз кір жуатын машина тұр. Үстіңгі жағына: «Хостел әкімшілігі тек 30 минуттық тез жуу режимін қолдануларыңызды сұрайды», – деген хабарландыру ілінген. Ас үйдің артында бұрынғы фитнес-орталықтан қалған тормен қоршалған спорт залы бар. Залды хостел қожайыны пайдаланады. Әкімшінің сөзіне қарағанда, қонақтарға залға кіруге рұқсат етілгенімен, олардың баруға шамасы жете бермейді. Себебі бәрі кешке жұмыстан келе сала ұйықтайды.

Хостел 2020 жылы ашылған. Мұнда тұру үшін күніне 2 мың теңге немесе айына 40 мың теңге төлеу керек. Хостелде 18 бөлме мен 50 төсек бар. Хостел басқарушысы Қинаят Ахметұлының айтуынша, көбі хостелдерде туристер мен жұмыс сапарымен келгендер тұрады деп ойлайды. Бірақ бұл хостелдегі тұрғындар — Астанаға жұмыс істеуге келгендер.

«Негізі мұнда ауылдан, қала және облыс орталықтарынан келген жұмысшылар жатады. 99 пайызы — түрлі салада, мысалы, құрылыста істейтін еркектер. ХҚКО-да істейтін жас маман бар, бірнеше жылдан бері осында тұрады. ХҚКО жақын маңда орналасқан, жетіп алуға ыңғайлы автобус та көп», – дейді Қинаят.

Ол өзі басқаратын хостелдің басты ерекшелігі — екіқабатты төсек жоқ дейді. Әр бөлмеге екі-үш адам орналасады, бір бөлме ғана төрт адамға арналған.

«Әлеуметтік жауапкершілікті сезінесің»

Жұмыс күндері күндізгі уақытта хостел тып-тыныш, біз кетер-кеткенше кір жуатын машинаның дыбысы ғана естіліп тұрды. Мұнда тұратындар әдетте күндіз жұмыста болады, олар кейде демалыс күндері де жұмыс істейді.

«Кешкі сағат тоғыз, оннан кейін келеді. Бәрі аптасына жеті күн жұмыс істейді», — дейді Қинаят.

Туристік маусымның хостел жұмысына қатысы жоқ. Жаз аяғында келушілер көбейе түседі, бірақ бұл тек осында бұрыннан тұратын 90%-ға қосылатын қосымша 5–8% ғана. Хостелге келіп-кету аз, көптен бері тұрып жатқандар көп. Қонақтар көбіне ереже бұзғаны үшін жатақханадан кетуге мәжбүр болады. Бұл жерде алкоголь ішуге, есірткі қолдануға және темекі шегуге тыйым салынады.

Қинаят Ахметұлы, фото авторы Жанар Кәрімова

Қазір Қинаят кәсібінің табысын арттыру жолын, мысалы, күндік ақыны көтеру туралы ойланып жүр:

«Мұнда тұратын адамдарды әлеуметтік қорғансыз дей алмайсың. Бірақ бір жағынан олар – ақша табу үшін басқа қалаға келген, тапқанын өңірге жіберіп отыратын адамдар… Бағаны 2 мың теңгеден 4 мыңға көтеріп, кір машинаға немесе душқа бөлек төлеу керек деуіміз мүмкін. Қожайын ретінде біз көбірек табыс тапқымыз келеді, осы тиімдірек те, бірақ әлеуметтік жауапкершілікті сезінемін», – дейді Қинаят.

Хостел әкімшісі Татьяна мұнда екі жылдан бері жұмыс істейді. Ол жұмыссыз жүргенде бос орын бар екені туралы хабарлама көргенін есіне алды.

«Көзіме ота жасатқан соң, үйде отырған едім. Ол кезде зейнетке шығуға әлі бес жыл бар еді, енді жеті жарым жыл бар. Мені соған дейін шыдайды деп шешіпті. Ешқашан бұл салада жұмыс істемегенмін. Жас күнімде Харьков техникумына жасыл құрылыс саласына түскенім бар. Ол жерде қонақүй әкімшілерін оқытатын, маған сол ұнайтын. Бірақ бұл баяғыда болған нәрсе», – дейді Татьяна.

Ол 28 жыл Астанадағы мұнай базасында жұмыс істеген. Денсаулығы нашарлағаннан кейін жанармай бекетіне орналасып, аға оператор, ауысым басшысы болыпты.

«Мұнай өндірісінде жүріп, денсаулығымнан айырылдым. Құжат рәсімдеп, 96 шағын вагонды толтырып, Қазақстан бойынша колхоздарға таратып беретінбіз. Жанармай мен дизель саласында 20 жыл жүрдім, оның соңы қант диабетіне әкелді. Қолдан келер не бар?!» – деп күлді Татьяна.

Оның айтуынша, хостелдегі жұмыстың жалғыз қиын тұсы — мас адамдарды кіргізбеу. Кейде күзет қызметін шақыруға тура келеді. «Кіргізе алмаймыз десең де, олар бірден кетіп қалмайды. Кішкене ары-бері жүріп, сосын қайта кіруге тырысады. Әйтеуір бір жерге баруы керек қой. Жазда болса, мейлі, ұйықтайтын жер табылар. Бірақ қыста бұл қиындау».

Анда-санда болатын кикілжіңге қарамастан, Татьяна ұжым үшін және адамдармен араласуға болатыны үшін мұнда жұмыс істеген ұнайды дейді. «Шынымен бақытты адаммын. Бұрын «ой, жұмысқа бару керек…» деген оймен оянатынмын, қазір олай емес. Зейнетке шығатын уақытым келіп қалса да, жұмыс істегім келеді. Бір тәулік істеп, екі күн демаласың. Нағыз маған арналған жұмыс екенін түсіндім».

Оған әсіресе хостелде көптен бері тұратындармен әңгімелесіп, олардың даму барысын бақылаған ұнайды: «Бір кездері балалар үйінен шыққан ұлдар тұратын. Қазір материалдық жағдайын түзеп, тұратын жақсы жер де тапты. Бірақ бәрібір кейде осы жерге келіп тұрады».

«Әйелім мен балам болмаса, хостелде тұра берер едім»

28 жастағы Ербол есімді хостел тұрғыны Астанаға 12 жыл бұрын көшіп келген. Ол осында құрылыс саласы бойынша білім алып, жұмыс істеуге қалып қойған. Көбінесе ғимараттардың қасбетін демонтаж жасап, қаптаумен айналысады. Колледжді бітірген соң фирмада жұмыс істеген. Компания үш жыл бойы пәтерақының жарты құнын төлеп отырған. Кейінірек компания банкрот болған.

Кейін ол түрлі хостелдерде тұрып жүрген, бірақ қазір пәтерге көшкісі келеді. Ербол былтыр үйленіп, үш ай бұрын балалы болған. Әйелі мен баласын туған жері Қарағандыдағы туыстарына жіберген. Қазір ол пәтерге ақша жинауға тырысып жүр. Колледж бітірген соң,12 жыл бұрын Ерболды балалар үйінен шыққаны үшін пәтер кезегіне қойғанымен, кезек жылжымапты.

«Әйелім мен балам болмаса, хостелде тұра берер едім. Қазір ақшамды соларға жіберіп отырамын. Әйелім Қарағандыда пәтер жалдау ақысы менің бір айлық жалақыммен бірдей дейді, сонда балаға ақша жетпей қалады. Ал мына жақта мен хостел жалдап, азық-түлік ала аламын. Азық-түлікті арзандау алатын жер де іздеу керек», – дейді ол.

Қазір Ерболдың тұрақты жұмысы мен табысы жоқ. Ол бір күнде 2 мың теңге, енді бірде 40 мың теңге таба алады. Бәрі жұмыс көлеміне байланысты. Нақты жұмыс кестесі де жоқ, бірақ әдетте таңертеңгі 9-да кетіп, кешкі 9-да қайтады. Ақшасы күніне төленетін болған соң, хостелмен есеп айырысу да қолайлы. Бұған дейін ол түрлі компанияның құрылысында істеген, бірақ ең тиімдісі өз-өзіне істеу деп шешкен.

«Әдетте «лақтырып кетеді». Жұмысын бітіріп беріп тұрсаң, олар тиын санай бастайды. Мынау мынаған, мынау анаған деп тұрады. Ойлап қарасам, маған негізі зейнетақы шоты керек емес те екен», – дейді терең ойға батқан Ербол қолына бір қарап.

Жақында ол отырған көлік апатқа ұшырап, өзі 10 күн ауруханада жатып шығыпты. Ербол емделіп жатуға уақыт жоқ екенін айтып, WhatsApp чаттағы хабарламаларды ашты. Әдетте ол жұмысты осы жақтан табады.

«Міне «Астана жұмыс группа». Ішінде миллион адам отырады. Чатта «Че там, жұмыс бар ма?», «Қара жұмыс істейтін адам керек, сағатына 1000 теңге» деп жазады. Күніне 10-12 сағат, түскі асыңды өзің алып барасың, – дейді ол телефонындағы чатты көрсетіп. – Мынадай қасбет жасайтын жұмыстар бар. Күніне 10-15 мың төлейді».

Әңгімемізді Ерболға келген қоңырау бөліп жіберді. Аз уақыт сөйлескен соң, Ербол Атбасардан «объем» табылғанын айтты. Шамамен жарты айда бітетін жұмыс.

«Ол жақта бес адам істейміз. Бес миллион шығады. Мердігер баспана, азық-түлік және құрал-саймандарды өзі алады. Бірақ көмек керек болса, өзің де адам жалдай аласың», – дейді Ербол.

Үлкен қалада жүрген үлкен мақсаты бар жігіттер

Азамат та құрылыс саласында істейді. Ол үйдің ішін сырлайды. Өзінің көңілі толып отыр, кеше ғана бригада Жеңіс даңғылындағы Музыка академиясы ғимаратының 40 шаршы метр аумағына жеңіл-желпі жөндеу жасап, өткізіп беріпті.

Ол жұмысы оңай емес екенін, шығармашылық іс екенін айтады. Бірақ жақсы көріп істейді. Азамат – Ақтөбенің тумасы, бұрын сол жақта жеті жылдай жұмыс істеген. Негізгі табыс көзі мұнай-газ бен кен өндіру өнеркәсібінен болған, бірақ ол саланың өзінде жалақысы аз болыпты. Кейінірек Қызылорда мен Алматыда істеп көргенімен, тұрақтамапты.

«Қызылорда – кішкентай қала, ал Алматы ұнады, әр өңірден келген түрлі адам бар. Бірақ Астанада кез келген салада кез келген уақытта жаңа бірдеңе болып жатады, әлдеқайда дамыған қала. Мұндағы іске деген қарым-қатынас ұнайды», – дейді Азамат.

Астанаға келген соң ол жергілікті ұсталарға көмекші болып жүріп, біраз қолы жаттығыпты. Қазір оның өзіне үш адам көмектеседі. Астана нарығын OLX сервисі арқылы жаулай бастаған. Кейін бір дүкеннің жөндеуін жасап берген соң, қожайыны оны басқаларға мақтаған. Содан соң ол да Ербол сияқты WhatsApp чаттардың біріне қосылған.

Азамат, фото авторы Жанар Кәрімова

«Бастығым Астанада. Мұнда мені ешкім танымайды ғой. Жұмыс істеп, абырой жинадым. Қазір ол мені өз бригадасына шақырды, әйелі екеуі жұмыс тауып береді. Әйелі бәріне жауапты болған соң қоңырауларға жауап беріп отырады. Ақша кеш түскен кезі болмапты. Бірақ жұмыс тұрақты емес, қыста жұмыс аз болатын болған соң, басқа бірдеңе іздеу керек. Мүмкін жүргізуші болуға болар», – дейді Азамат.

Басында Азамат Астанада пәтерде тұрған, бірақ ол хостелде тұрған арзан әрі бойдақтар үшін ыңғайлырақ дейді. Жұмыссыз қалғанда хостелде тұрады. Бірақ әдетте өзі жұмыс істейтін ғимараттарға орналасып алады. Сол жерге жұмыс киімі мен матрасын апарып, бригадирлердің біріне қалдырып кетеді.

«Хостелде бәрі бар. 4-5 адаммен бірге жататынымызды айтпасақ… Тату тұрсаңыз, бәрі жақсы-ақ. Тоңазытқыш, микротолқынды пеш, шәугім, қасық, кір машинасы — бәрі бар. Басқа да жақсы хостел көп, бірақ маған осы жердегі адамдардың қарым-қатынасы ұнайды», – дейді Азамат.

Қазір оның басты мақсаты — баласына көмектесіп, оны өсіріп-жетілдіру. Азамат 2006 жылы үйленіп, сол жылы балалы болған. Кейін ажырасқан. Тағы бір мақсаты — Kaspi bank шотын ашу. Бірақ бұл үшін алдымен түрлі себеппен алған қарыздарын өтеуі керек.

«Ұлым хабарласып, жолақыға ақша сұрайды. Мен демалып, рахаттанғым келеді, жаңа адамдармен танысқым келеді, кейде жұмыссыз жатып қаламын. Жақында микронесие алып, қайтара алмадым. Үнемі дұрыс өмір сүрмесем де, әйтеуір тырысамын. Тура жолдан тайып кеткен кездерім де болды, бірақ ес жиып, араласатын ортамды өзгерттім», – дейді ол.

Оның басты арманы — Астананың орталығынан пәтер алу. «Астана үлкен қалаға айналады. Осы жерді жаным сүйеді».

Андрей Раченко хостелде 2022 жылғы мамырдан бері тұрады. Жеті жыл бұрын туған қаласы Петропавлда ешқандай болашақ жоқ екенін көрген соң, Астанаға көшіп келген. Оның айтуынша, Петропавлда көбіне жұмыс жекеменшік фирмалардан ғана табылады, табыс та төмен. Оған хостелде тұрған ұнайтын көрінеді, екі жылда достар тауып та үлгерген.

«Достарым мен таныстарым бар, Тимур да, Әділ де жақсы балалар. Міне, Әділ де шығып барады, — деді ол ғимараттан шыққан жас жігітті нұсқап. — Хостелге көңілім толады. Өз үйіме келгендей келемін. Басқа хостелдер казарма сияқты, бір бөлмеде 15-16 адам жатады. Кейде түнде жаңа адам орналасатын болып, жарық қосыла сала, әңгіме айтып кетеді. Ал мында тыныш әрі жайлы. Өзім еш кемшілігін көрмедім».

Андрей Раченко, фото авторы Бейімбет Молдағали

Елордаға келген соң ағасы EXPO-ға қара жұмысшы боп кіруіне көмектескен. Қазір Андрей сауда агенті болып істейді – әйелдер косметикасы мен иіссу сатады, жалақысы қандай сомаға сауда жасағына байланысты. Жұмыс қиын емес, бірақ «бас пен тілді жұмыс істетуі керек, бұған қоса ары-бері жүруі керек, бірақ мұның бәрі ақталады».

«Танысым өмір өмір бойы құрылыста не істейсің деп, содан есімді жидым. Күрек тасушы едім, саудада қалай екенімді байқап көрдім, қолымнан келеді екен», – дейді ол.

Андрейдің әзірге нақты жоспары жоқ. Жақында інісі екеуі үйлерін сатқан, енді пәтер алуды жоспарлап отыр.

Алматы. «Жыл он екі ай бос орын жоқ»

Алматының көк базарында әдеттегідей тіршілік қайнап жатыр. Сауда бутиктері мен азық-түлік дүкендерінің арасында Asia Hostel деген тақтайша ілініп тұр. Оның артындағы темір баспалдақпен көтерілсеңіз, екі қабатты хостелге өтесіз. Мұнда тұру ақысы — күніне 2500–3000 теңге, айына 40 мың теңге.

Хостел тұрғындары жуылған киімдерін баспалдаққа жайып кептіріп, сол жерде темекісін шегеді. Кіреберісте киім кептіргішке айналған велосипед тұр. Есікте бейнебақылау бар екені туралы және мас болған жағдайда кіруге тыйым салынатыны жазылған.

Бізді кіреберістен әкімші Халида күтіп алды. Жанында бөлме гүлдері, төсек-орын жабдығы мен сүлгілер қойылған шкаф пен аяқкиім сөресі тұр. Хостелде таңертеңгі уақытта ешкім болмайды екен.

Халида бүрын Asia Hostel бір желі болғанын, ал қазір тек бірнеше хостел нүктесі тек бірнеше жерде бар екенін айтты. Хостел қойжайындары демалуға уақыт жетпей кеткен соң, бір жылға үзіліс алғысы келіп, бірнеше мекемені жауып тастапты.

Халида, фото авторы Алмас Қайсар

Халида бізбен бірге хостелді аралады. Бірінші қабатта кәдімгі және екіқабатты төсектер қойылған жеке бөлмелер бар. Ортасында теледидар мен диван тұр, қою қызыл түсті түсқағаз жабыстырылған қабырғаға «23:00-ден кейін тыныштық режимі» деген жазуы бар тақтайшалар ілінген. Екінші қабатта бірнеше қабаттық төсек-орындар қойылған үлкен бөлме бар. Төсектің шетіне төсек тысы ілінулі тұр. Бірнеше жас адам төсегінде жатыр. Хостелдің ортасында балмұздақ дайындауға арналған фризер тұр. Халиданың айтуынша, тұрғындардың бірі кәсіп ашып, балмұздақ өндірісімен айналысуды армандайды.

«Қожайындарымыз тұрғындарды түсініп, көп нәрсеге көз жұмады. Төлемді кешіктіріп жатса да, көнеді. Мұнда негізінен жұмысшылар тұрады. Хостел жақсы ауданда орналасқан соң, сұраныс та көп. Жыл бойы адам толы болады. Бұл жерге Жапониядан, Қытайдан, Тәжікстан және Нигериядан шетелдіктер келеді. Олармен аудармашы арқылы сөйлесеміз. Бірақ мұнда негізінен Тараз, Нарынқол және басқа да өңірлерден келгендер тұрады, алматылықтар жоқтың қасы», — дейді ол.

Бұл жерде «көрмегенді көріп, естімегенді естисің» дейді ол. Халида әркімнің мінезі әртүрлі екенін, бірақ өзі субординация сақтау үшін бәрімен «алыстан араласуға» тырысатынын айтады.

«Олар үнемі жұмыста болған соң шаршайды. Келеді, тамағын ішіп, бөлмелеріне кетеді. Кейде жұмыста не болғанын немесе бір кикілжің болғанын айтып беруі де мүмкін», — дейді ол.

Халида Алматыда туған. Бұл салада үш жылдан бері істейді. Бұған дейін 18 жыл автопаркте диспетчер болып істеген. Пандемия кезінде жол апатына ұшырап, бір жарым жыл бойы мүгедектер арбасына таңылған. Бұрынғы жұмысын істеу қиынға соққан, кейін хостел әкімшісінің орны бос екенін білген.

«Алматының байырғы тұрғынымын, бірақ хостел дегеннің не екенін мүлдем білмеппін. Қонақүйлер мен жатақханалар туралы білсем де, мұндай жатақжай туралы естімеппін. Ол кезде жасым 41-де еді. Шынымды айтсам, басында маған бұл жабайы болып көрінді, — деп күлді ол. — Бірақ үш жыл қалай өте шыққанын аңғармай да қалдым».

Өскеменнен келген хирург және үкіметке хат

Терезесі жоқ шағын ас бөлмеде жас жігіт жұмыртқа мен пияз қуырып, таңғы ас ішкелі жатыр, екіншісі шай ішіп отыр. Тоңазытқыш есігіне ағылшын және орыс тілінде «Жазуы жоқ азық-түлік лақтырылады» деп жазылған парақ ілінген. Айдос (өтініші бойынша есімі өзгертілді — В.) дөңгелек үстелге жайғасып, Өскеменнен келген хирург екенін жымиып отырып айтып берді.

«Бір аптадан кейін жұмысқа шығамын. Бала кезімнен Алматыға келгім келетін. Осы жақта жұмыс істеуге шақырғанда ойланып жатпай, бірден пойызға отырдым да, жетіп келдім. Бұл жақтың адамдары кішкене басқашалау, үйренісу керек болады, айлық та аздау. Бір-екі ай осы жақта жұмыс істеп, бәрін бақылап көрсем деп жоспарлап отырмын», — дейді ол.

Қарағандыдан келген тағы бір жігіт хостелде төрт жылдан беріп тұрып жатыр екен. Ол бұл жаққа ақша табу үшін келген.

Хостелдің тағы бір тұрғыны Рауан жуылған киімдерін жайып жатыр. Ересек, мығым денелі ер адам қолымызды сілкіп тұрып: «Қолым қатты әрі қап-қара, иә? Бастысы, іске жарап тұр, ұстамын, тамақ істеймін. Бірақ қарасы кетпейді», – деп жатыр.

Ол хостелге үш күн бұрын келген. Өзі Есікте тұрады, кетпелістен қалаға жету қиын болған соң хостелге тоқтаған.

«Осылай тиімдірек, уақытың бос кетпейді, күніне бес сағатым жолға кететін. Бес күн жұмыс істеп, демалыста қайтамын. Кірді осында жууға болады, ас үй бар, ыңғайлы. Ал отбасым мен балаларым ауылда. Әйтпесе, не шомыла алмай, не тамақ іше алмай, не демала алмай, ештеңеге үлгермейсің», — дейді ол.

Әңгіме барысында Рауан неге хостелдер туралы жазып жатқанымызды сұрады. Бірнеше минуттан кейін ол баспана туралы, сосын жемқорлық пен «әділдік туралы» айта бастады. Рауанның Қазақстандағы жұмыспен қамту мәселесіне көңілі толмайды.

«Ал, жалпы, біз бүкіл білім беру жүйемізді нарықтан шығарып, оны мақсатты түрде, мысалы агроөнеркәсіп кешеніне дайындауымыз керек. Адам заң факультетін бітірген соң ауылға картоп қазуға немесе қой бағуға бармайды ғой, танысы болса, өз мамандығымен кетеді, жоқ болса, сот орындаушысы, коллектор немесе полиция болады», — дейді ол.

Бұған қоса ол бірнеше рет үкіметке «елді дамытуға» қатысты ойын білдіріп, хат жазғанын айтты.

Баспалдақтағы әңгіме

Кешке таяу адамдар жұмыстан қайтатын кезде қайтадан хостелге кірдік. Бұл кезде Рауан заттарын үлкен дорба мен қытай пакеттеріне салып жатты.

Баспалдақ маңына бірнеше адам жинала бастады. Бәрі темекісін тартып, көтеріңкі көңіл-күйде әңгіме айтып, хостелге кірген әр тұрғынмен амандасып, әзілдесіп тұр. Хостелдің бұрынғы бірнеше тұрғыны әлі осында тұратындармен бірге туған күнін тойлауға келген екен. Олар бірнеше минут бойы кім кіммен кездесуге баратынын, кейін бір тұрғынның электрон темекісін кім ұрлағанын талқылаумен болды.

Тараздық Аружан хостелде қаңтардан бері тұрғанын айтады. Жасы 22-де, екінші баласына аяғы ауыр.

Аружан, фото авторы Алмас Қайсар

«Күйеуім екеуіміз хостелден бір апта бұрын шықтық. Жұбайым Ағаділді «Джони» деп айтамын. Үнемі «жан» деп айтқаннан, ақыры «Джони» деген лақап ат пайда болды. Мұнда көбі оның шын атын білмейді де. Екеуміз Таразда бірге өстік, бір-бірімізге үйреніп қалдық. Оның екі дүкені ар, біреуі Таразда, біреуі Алматыда. Ал мен ауруханада медбике болып істеймін, ота кезінде көмектесемін», — дейді ол.

Аружан Алматыдағы дүкеннің айналымы аз болып, кәсіпті қолға алу үшін осы жаққа келгенін айтады.

«Хостелге келгенде, шыны керек, қорқып қалдық. Екі апта бойы бөлмеден шықпадық. Қорықтық. Біз жағдайы бар жерде өстік ғой. Бұл жердегі адамдармен араласа алмадық. Бұрыш-бұрышқа тығылып темекі шегетін. Бірақ бір рет жақсы әңгімелесіп кетіп, қазір жақын болып кеттік», — деп күлген Аружанға басқалары қосыла күлді. Қазір бұл адамдардың бір кездері «бір-бірінен қорыққанын» елестету қиын.

Аружан пәтер жалдау қымбат екенін, бірақ екі адаммен бірге екі бөлмелі жекеменшік үйге көшкенін айтты. Әрқайсы 100 мыңнан төлейді екен.

«Қазір осылай демалып отырмыз, бәрі кешке жиналады, — дейді Айгүл (есімі өзгертілген — В.) деген тұрғын – Үлкен бір отбасындай өмір сүрдік. Ал пәтерде жалғыз, өз бетіңше өмір сүресің. Жұмысқа барасың, үйге қайтасың. Ешкіммен араласпайсың. Бұл жерде қыздар жігіт тауып жатады».

Кейін бұл топқа Ринат деген Алматы облысының тумасы қосылды. Ол да жай күндері қалада жұмыс істеп, демалыста ауылына барып қайтады.

«Алматыда пәтер жалдап тұра алмаймын, тым қымбат. Мына жерде тек бүгін түнеп шығамын. Агроқордан жұмыс таптым, баспанасы мен қалашығы бар екен. Сол жаққа барамын. Жұмыс жақсы болады деп үміттенемін, әзірге тек жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Өзіңіз де білесіз, ауылда ештеңе жоқ», — дейді ол.

Сәлден кейін әкімшінің қызы келіп, хостел тұрғындарымен карта ойнауда бәстесіп, ұтып кеткені туралы айтып берді. Бәс бойынша ол жеңсе, тұрғындар баспалдақ маңында карта ойнамауы керек болыпты.

Кеш батқан сайын баспалдақ маңындағы адам қарасы да көбейе түседі. Ымырт орнына түн орнайды. Айлық табыс, жұмыс, сусындар, қызық оқиғалар, сауық кештері, қыздар мен жігіттер, Аружан мен Айдос айтып берген алғашқы операциядан кейінгі әсерге дейінгі барлық әңгіме осы кезде талқыланады.