3366
22 декабря 2023

Өзбекстан мен Қазақстан Ресейге оқ-дәрі өндіруге қажет мақта целлюлозасын жеткізуді жалғастырып келеді

Украинада соғыс басталғаннан бері шикізат тасымалы айтарлықтай өскен

Өзбекстан мен Қазақстан Ресейге оқ-дәрі өндіруге қажет мақта целлюлозасын жеткізуді жалғастырып келеді

Метин Казама (OCCRP), Ольга Логинова (Власть) және Мария Жолобова («Важные истории»)

Санкцияларға байланысты Ресейдің шетелдік әскери технологияларды сатып алуы қиындап кетті. Бірақ оқ-дәрінің құрамдас бөліктері (онсыз артиллерия жұмыс істей алмайды) бойынша Мәскеу әлі де Орталық Азиядағы екі көршісіне арқа сүйей алады. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін олар оқ-дәрінің негізгі құрамдас бөлігі — мақта целлюлозасының экспортын ұлғайтты.

Зерттеу мақаласының негізгі түйіні

● Қазақстан мен Өзбекстан Украинадағы соғысқа ресми түрде бейтарап позиция ұстанды, бірақ соғыс басталғаннан кейін олар Ресейге мақта целлюлозасының экспортын арттырды, ол — оқ-дәрінің негізгі құрамдас бөлігі.

● Ресейлік импорттаушылар мақта целлюлозасын сатып алып, оны оқ-дәрі мен басқа да қоспалар шығаратын әскери кәсіпорындарға жеткізеді. Бұл журналистердің қолына түскен құжаттардан белгілі болды. Кейбір өзбек кәсіпорындары Ресей зауыттарын шикізатпен тікелей қамтамасыз етеді.

● Орталық Азиядан мақта целлюлозасын алатын ресейлік әскери кәсіпорындар Украина, АҚШ және Швейцария санкциясына іліккен.

Кіреберісінде екі зеңбірек тұрған Қазандағы оқ-дәрі зауыты екі ғасырдан астам уақыттан бері Ресей әскеріне қару-жарақ өндіріп келеді.

Бұл зауыт та елдегі басқа кәсіпорындар сияқты 2022 жылдан бастап күшейтілген режимде жұмыс істей бастады, ол Украинадағы артиллериялық атысқа айтарлықтай арқа сүйеген Ресей әскери машинасын жабдықтап жүр.

Батыс санкцияларына байланысты Ресейдің шетелдік әскери технологияны сатып алуы қиындап кетті. Бірақ Мәскеу Орталық Азиядағы екі мемлекеттің Қазан мен басқа да қалалардағы мемлекеттік зауыттарға оқ-дәрінің негізгі құрамдас бөлігі — мақта целлюлозасын жеткізіп беретініне сенім арта алады.

Талшықты материал арнайы қышқылдың өңдеуінен өткен соң жеңіл тұтанатын массаға айналады, ал бұдан жарылғыш заттар жасалады.

OCCRP, Власть және IStories Ресей импорттайтын мақта целлюлозасының шамамен 98 пайызы Қазақстан мен Өзбекстаннан келетінін әрі Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін импорттың өскенін көрсететін құжаттарды қолға түсірді.

Экспорт-импорт транзакциялары туралы жария болып кеткен деректерге сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында өзбек фирмалары сомасы шамамен 8,7 миллион доллар болатын мақта целлюлозасын Ресейге экспорттаған, бұл өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда шамамен 70 пайызға көбірек.

БҰҰ-ның тауар саудасы бойынша статистикалық деректеріне сүйенсек (UN Comtrade), мақта целлюлозасын Ресейге ғана экспорттайтын Қазақстан 2022 жылы жөнелтілімдерін ұлғайтып, бір жыл бұрынғыдан 60 пайызға дерлік көп шикізат жөнелтті. Мемлекеттік статистика 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында экспорттың күрт төмендегенін көрсетеді, бірақ журналистер бұл сандарды тәуелсіз деңгейде растай алмады.

Эдин Пашович / OCCRP

Жекеменшік экспорттаушы фирмалардың көпшілігі түсініктеме беруді сұраған хаттарымызды жауапсыз қалдырды. Екі компания ресейлік зауыттар өнімдерін оқ-дәрі дайындауға емес, лак пен бояу жасауға пайдаланатынын мәлімдеді.

Журналистер мақта шикізаты Ресейде қандай мақсатта пайдаланылғанын немесе оның Украинадағы соғысқа тікелей қатысы бар-жоғын анықтай алмады. Бірақ мемлекеттік сатып алу келісімшарттары екі елдің мақта целлюлозасын Ресейдің әскери зауыттары қорғаныс мақсатында сатып алғанын көрсетеді.

Оқ-дәрі, қару-жарақ және артиллерия өнімдерін шығаратын мемлекеттік кәсіпорындар өз өнімдері туралы ресми мәліметтерді жарияламайды. Журналистердің сұрауларына жауап берген жоқ. Төрт кәсіпорын АҚШ-тың, Швейцария мен Украинаның санкциясына іліккен.

2022 жылдың ақпанында Владимир Путин Украинаға жаппай басып кіруді бастағаннан бері Кремльдің бұрыннан келе жатқан басқа да одақтастары сияқты, Қазақстан мен Өзбекстан да күрделі дипломатиялық ойын ойнап келеді.

Екі мемлекет те бейтарап позиция ұстанып, Мәскеумен дипломатиялық және экономикалық байланыстарын жалғастырып келеді. Дегенмен Орталық Азияның елдері Вашингтон мен Брюссельдің араласуын құптады: олар АҚШ пен Еуропалық Одаққа санкциялардан айналып өтумен күресіне көмектесуге уәде берді. Қазір батыстың тауарлары үшінші елдер арқылы жөнелтіліп, кейін Ресейге қайта экспортталады.

Ресейге Өзбекстан мен Қазақстаннан келген мақта целлюлозасының басым бөлігін жекеменшік импорттаушы компаниялар сатып алып, артынша шикізатты мемлекетке тиесілі, санкцияға іліккен оқ-дәрі зауыттарына сатқан. Бірақ мәміле деректері кем дегенде екі өзбек экспорттаушысының ресейлік әскери зауыттармен тікелей жұмыс істегенін көрсетеді.

Монтерейдегі Миддлбери халықаралық зерттеулер институтының Джеймс Мартин атындағы орталығының экспортты бақылау бойынша маманы Эрик Вудстың пікірінше, тікелей жеткізілімдер жанама санкциялар қаупін арттырады. Ол OCCRP-ге мақта целлюлозасының ресейлік импорттаушылары да санкцияға ілігуі мүмкін екенін айтты.

«Украинаның серіктестері әлі санкцияға ілікпеген делдалдарды қудалап жатыр», – деді ол. — Әлдебір делдал санкцияға іліккен әскери кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етсе, бұл жанама санкцияларды енгізу қаупін тудыратын тәртіп бұзу ретінде қарастырылады».

Мақта целлюлозасы сан түрлі тауардың өндірісінде қолданылуы мүмкін, алайда 2023 жылдың маусымынан бері ол Еуропалық Одақтың экспорттық бақылауына алынған, өйткені мақта целлюлозасы әскери мақсатта да пайдаланылуы ықтимал.

Журналистер пікір алу үшін Қазақстанның Ішкі істер министрлігіне жүгінді. Олар санкцияға ілікпеуге ұмтылатынын атап өтті және ресейлік оқ-дәрі зауытына мақта целлюлозасын жеткізу олардың «құзыретіне» кірмейтінін айтып, сол үшін басқа министрлікке хабарласуды ұсынды.

Сауда және интеграция министрлігі журналистерге экспортқа қандай тауарларға арнайы лицензия қажет екенін шешетін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жүгінуге кеңес берді. Мемлекеттік деректер базасына сәйкес, Қазақстанда мақта целлюлозасы экспорттық бақылауға кірмейді.

Өзбекстанның ішкі істер министрлігі журналистер жіберген сауалға жауап бермеді.

Өзбекстандағы мақта алқабы

Фото: Исроил Хамроев / Alamy Stock Photo

Өзбекстанның ақ алтыны

Өзбекстан ақ мақтасымен әйгілі – бұл ел адамдарды егістікте мәжбүрлеп жұмыс істете отырып, Кеңес Одағының біраз бөлігін қамтамасыз етті.

Еңбектің бұндай тәсілі тыйылғанымен, Өзбекстан әлі де ірі мақта өндіруші болып қалды. UN Comtrade мәліметтер базасына сәйкес, 2022 жылы бұл ел әлемдік мақта целлюлозасы экспортшыларының ішінде төртінші орын алған.

Журналистер алған мәліметтер 2023 жылдың бастапқы тоғыз айында өзбектің кем дегенде жеті компаниясы ресейлік импорттаушы компанияларға жалпы көлемі 4,8 миллион келі мақта целлюлозасын сатқанын көрсетіп отыр.

Журналистер қол жеткізген Федералдық салық қызметінің құжаттары да биыл үш ресейлік компания – «Бина Групп», «ХимТрейд» және «Ленахим» импорттық мақта целлюлозасын ресейлік әскери зауыттарға сатқанын растайды.

Эдин Пашович / OCCRP

Сайтта Өзбекстанда негізгі өнім беруші «Ферғана химия зауыты» болғаны көрсетілген, ол елдегі ең ірі мақта целлюлозасын өндірушілердің бірі. Корпорация құжаттарына қарағанда, компанияның түпкі иесі – Ресейдің екі азаматы.

Import Genius мәліметтер базасынан алынған ақпаратқа сәйкес, 2022 жылы және 2023 жылдың басында «Ферғана химия зауыты» ресейлік импортшы компанияларға шикізат беріп қана қоймай, Қазанда және Пермде орналасқан ресейлік екі оқ-дәрі зауытына 2,2 миллион доллар шикізатын тікелей жеткізіп берген.

Өзбекстанның тағы бір ірі экспортшысы – Raw Materials Cellulose туралы ақпарат аз. Кәсіпорындар туралы онлайн платформадағы сипаттамада ол ресейлік және басқа да шетелдік «натрий карбоксиметилцеллюлозасы, нитроцеллюлоза және оқ-дәрі» өндірушілерімен әріптестік орнатқаны туралы айтылады. Нитроцеллюлоза – мақта талшықтарынан өңделетін тез тұтанғыш өнім, ол жарылғыш ұрыс заттарын жасауға қолданылады.

Экспортының көп бөлігін компания ресейлік импортшыларға сатқан. Алайда мәміле мәліметтері көрсеткендей, 2022 жылы Raw Materials Cellulose, сонымен қатар, Тамбов оқ-дәрі зауытына жарты миллион долларға жуық көлемде 14 рет тікелей жеткізген.

2023 жылы компанияның Ресейге экспортының көлемі кем дегенде 2,6 миллион доллар болған, қолда бар мәліметтер бойынша, бұл бір жыл бұрынғымен салыстырғанда едәуір көп.

Ресейдің «Ленахим» импорт компаниясы «Ферғана химия зауыты» мен Raw Materials Cellulose компаниясы келісімшарт міндеттемелері бар өндіріс орындарына мақта целлюлозасын жеткізгенін растады, бірақ зауыттар ол өнімдерді қалай қолданғанынан бейхабар екенін айтты. Басқа импортшылар пікір сұраған сауалдарға жауап берген жоқ.

Соғыс басталғанда Ресейдің оқ-дәрі зауыттары мақта целлюлозасын сатып алу туралы ақпарат жариялауды доғарды десе болады, сондықтан өнімнің жету орнын бақылап отыру оңай емес. Ресей заңдарына сәйкес, деректерді жария ету талабы мемлекеттік құпияға жататын ақпаратқа жүрмейді.

Бірақ соғыс басталғанға дейін немесе басталған кезде қол қойылған кейбір ұзақ мерзімді келісімшарттар Өзбекстаннан мақта целлюлозасын арнайы қорғаныс мақсатына сатып алғанын дәлелдейді.

Мысалы, 2021 жылдың соңында қол қойылған мемлекеттік сатып алу құжаты Пермдегі оқ-дәрі зауыты «Ферғана химия зауытының» мақта целлюлозасын баллистит – түтінсіз оқ-дәрі немесе зымыран отынын өндіруге пайдаланатын жарылғыш затты жасау үшін 2022 жылдың аяғына дейін сатып алғанын көрсетіп отыр. Келісімшартқа сәйкес, «елдің қорғанысын және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мақсатында сатып алған.

«Ферғана химия зауыты» сұраған сауалымызға өзі шығаратын мақта целлюлозасы «ресейлік кәсіпорындардың арнайы оқ-дәріні шығару талаптарына сәйкес келмейді» деп мәлімдеді.

Негізінен ол «нитролак шығаруға арналған нитроцеллюлоза ретінде қолданылады», – делінген зауыт өкілінің жауабында. Хатта кәсіпорынның ресейлік оқ-дәрі зауыттарымен тікелей байланысы бар екенін жоққа шығарған.

«Біздің өнімдер мен компаниялар санкция тізіміне ілікпесін деп ресейлік компаниялармен әріптестікті біздің тарап та, Өзбекстан үкіметі мен банктері де қатаң бақылап отыр», – деп жазылған хатта.

Тағы бірі ірі экспорттаушы – Raw Materials Cellulose компаниясының бас директоры журналистердің сұрағына жауап бермеді. Өзбекстанның басқа экспортшылары осы материал жарияланған сәтте сауалдарымызға жауап берген жоқ.

Максим Филипенко

Бәрі Ресейге

Мақта целлюлозасының шамамен жартысы – 46 пайызы 2022 жылы Ресейге көрші Қазақстаннан түскен.

Елде көбіне целлюлозаны «Хлопкопром-Целлюлоза» компаниясы өндіреді. Ресей қазақстандық мақта целлюлозасын оқ-дәрі жасауға бұрыннан пайдаланатыны жасырын емес. Соғысқа дейін де бұл ақпарат баспасөзде расталған еді.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігінің территориялық органы берген сауда мәліметтері мен фитосанитарлық сертификаты журналистердің қолына тиді. Құжаттар 2022 жылы, соғыс басталған кезде де экспорттық целлюлоза Қазақстаннан ресейлік оқ-дәрі зауыттарына жеткізілуі тоқтамағанын айғақтайды.

2020 жылы наурызда қол қойылған ұзақ мерзімді келісімшартқа қарағанда, Қазан оқ-дәрі зауыты 2026 жылғы қаңтарға дейін Қазақстаннан мақта целлюлозасын алып отырады. Ал 2022 жылы желтоқсанда қол қойылған келісімшарт арқасында тағы бір оқ-дәрі өндіретін «Алексин химия комбинаты» 2024 жылға дейін мақтамен қамтамасыз етіледі.

«Хлопкопром-Целлюлоза» өкілі Равшан Нурбеков журналистермен телефон арқылы сөйлескен кезде ресейлік импортшыларға целлюлоза сатқанын растады, бірақ ол оқ-дәрі үшін емес, бояу мен лак өндіруге пайдаланылды дейді.

Бұл кәсіпорындар лак-бояу өнімдерін де шығарады, бірақ журналистер көрген келісімшарттар зауыттар қазақстандық целлюлозаны қорғаныс мақсатына да сатып алғанын айғақтайды.

Ресей Украинаға басып кіргенге дейін үш күн бұрын «Алексин химия комбинатымен» жасалған келісімшартта 213,9 тонна қазақстандық мақта целлюлозасын 2023 жылдың соңына дейін жеткізу — мемлекеттік қорғаныс тапсырысының бір бөлігі екені айтылған.

2023 жылғы мамырға дейін 300 тонна қазақстандық мақта целлюлозасын комбинатқа жеткізу туралы бөлек келісімшартта целлюлоза мемлекеттік қорғанысқа да пайдаланылуы мүмкін екені айтылған.

«Хлопкопром-Целлюлоза» өкілі Нурбековтың журналистерге айтуынша, әріптестік орнатып келген импортшы компанияның серіктестері санкцияға іліккендіктен, компания өндірісін осы жазда доғарған.

Қазақстандағы «Хлопкопром-Целлюлоза» кәсіпорны

Фото: Алексей Резвых / Alamy Stock Photo

«Жеткізуді жалғастыра алмағандықтан біздің кәсіпорын жұмысын тоқтатты», – деді Нурбеков. Ол компания Еуропадан импортшылар іздестіріп жатқанын, Ресеймен әріптестігін доғаруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Қазақстан үкіметінің мәліметінше, 2023 жылғы қазанда Ресейге 19 тонна мақта целлюлозасының тағы бір партиясы жөнелтілді. Экспорттаушы кім екені нақтыланбады.

Ресей артиллерияға көп сенім артады, сондықтан оған оқ-дәрі қажет. Украинаның «Ақпараттық қарсылық» мемлекеттік емес бастамасының әскери талдаушысы Александр Коваленконың айтуынша, бастапқы басып кіру кезінде Ресейдің қарулы күштері күніне шамамен 80 000 мың заряд қолданған.

Соғыс ойлағаннан да ұзаққа созылғандықтан, бұл көрсеткіш күніне шамамен 15 мыңға азайды.

«Бұл оларда айтарлықтай тапшылық бар екенін, атыс жарағы қоймалары қаншалықты сарқылғанын, Ресей кез келген калибрдегі кез келген атыс жарағының жеткізілуіне және оның өндірісіне қажет химиялық элементтерге тәуелді бола бастағанын көрсетеді», – деп санайды Коваленко.

Ресейде мақта өсірілмейді деуге болады, бірақ зерттеу жүргізіп, сүрек немесе зығыр секілді жергілікті дақылдардан целлюлоза алу мүмкіндігін талқылап жатыр. Жаңа өндіріске көшу қанша уақыт алатыны және құны қанша болатыны әзірге белгісіз.