2715
28 декабря 2023
Давид Камински, сәулетші, қаланы дамыту бойынша маман

Көлік саласындағы дәрменсіздік

Қала маңындағы қоғамдық көлік мәселесін шешу жөнінде

Көлік саласындағы дәрменсіздік

22 желтоқсан күні кешке Райымбек даңғылындағы №7 қалалық аурухана аялдамасында сұмдық жол-көлік апаты болды. №47 бағыттағы автобустың жолаушысы жүргізушіні ұрып, есінен тандырды. Ал басқарусыз көлік аялдама алдында жол бойында тұрған адамдарды қағып өтті. Үш адам қайтыс болып, төртеуі ауруханаға түсті. Бұл оқиғаның алдын ала нұсқасы қаншалықты жабайы әрі өркениеттен жұрдай десек, Алматының маңайындағы қоғамдық көлік жүйесі де дәл сондай жағдайда. Көлік жүйесіне қатысты мұндай жағдай осы трагедияға ықпал еткен фактордың бірі.

Оқиға орнынан түсірілген фотосуреттерге қарасақ, жол бойында шашылып жатқан мүрделер ғана емес, қайғылы оқиға орнынан бірнеше метр жерде адамдардың автобус күтіп немесе такси ұстап тұрғаны да жан түршіктіреді. Көз алдында осындай қорқынышты оқиға өткеніне қарамай, олар, бәлкім, әлі де үйіне – Алматыдан батысқа қарай, Алматы-Бішкек тас жолының бойында орналасқан көп елді мекеннің біріне жетуге мұқтаж. Жұрт жол-жөнекей өткен-кеткенге мінгесіп үлгеру үшін қатаң тыйым салынған "жылдамдығы жоғары жолға" шығуға да дайын.

Бұл аялдаманы пайдаланатын жолаушылар да осында күн сайын туындайтын қауіпті жағдаяттар туралы айтады. Tengrinews оқиға куәгерлерінің бірінің сөзін келтіріпті. "Күнделікті осы жерден өтемін. Мұнда адамдар көптеп жиналады. Одан бөлек мұндағылар Шамалған мен Ұзынағашқа жету үшін такси ұстайды. Көлік тоқтамайтындықтан, олар жол жиегіне шығуға мәжбүр".

Алматы қаласының маңында тұратын тұрғындар саны 1,3 миллион адамға жуықтайды. Олардың елеулі бөлігі Алматыдан 50-60 шақырым, тіпті одан да қашықтан жұмыс, оқу, тағы да басқа мақсаттармен күн сайын қалаға қатынайды. Осынша көп адам легін №7 қалалық аурухана аялдамасындағы, “Алтын Орда” мен “Барлық” базарларындағы, “Сәлем” базары мен автовокзалындағы, Жандосов және Саин көшелерінің қиылысындағы аялдамалардың фотосуреттерінен көре аламыз. Жол-жөнекей мініп кетермін деген үмітпен адамдар топ-тобымен тротуардан жол бойына шығып жатады. Мұның осылай жалғасып келе жатқанына талай жыл. Иә, қала маңынан қатынайтын жекелеген жекеменшік автобус бағыттары болды, бірақ олардың жұмысындағы ретсіздік халықты жол-жөнекей көлік қызметіне жүгінуге итермелеп отыр.

Фотосуретті Данияр Мүсіров түсірді

2018 жылдан бастап қала билігі Алматы агломерациясының көптеген елді мекеніне қала маңындағы муниципал автобус бағыттарының желісін біртіндеп енгізу арқылы жағдайды түзетуге тырысып келеді. 2023 жылы қала маңына 10 маршрут іске қосылды, келер жылы тағы 20 маршрутты қосу жоспарланған. Бұл қала маңындағы тұрғындардың өмірін сәл жеңілдетуі мүмкін, дегенмен мәселені толық шешпейді, жүйе Алматының қалалық автобус бағыттарына тән проблемаларға тап болды.

Солардың ең негізгісі – Алматының кез келген тұрғын үй массивінен немесе елді мекеннен халықты тасымалдау мәселесін жеке автобус бағытын ашу арқылы шешуге деген дәстүрлі ұмтылыс. Соның салдарынан іргелес жатқан қала маңындағы маршруттар елді мекендерге қарай тараған ағаштың діңі тәрізді.

Бұл схеманың қарапайым артықшылығы — ауысып мінбестен тікелей қатынауға мүмкіндік береді. Бірақ маршруттардың ұзақтығын есепке ала отырып (30 шақырымнан астам, кейде тіпті 40 шақырымнан асады), жолаушыларды (кейбір бағыттардағы қазіргі 20-40 минуттың орнына) 10-15 минуттан да қысқа уақыт аралығында қатынайтын адекват әрі жайлы қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету үшін көп көлемде автобустар саны қажет болады. Сондай-ақ, қоғамдық көлікке басымдық берудің Алматы көшелеріндегі қазіргі жағдайы қозғалыс кестесін сақтауға еш мүмкіндік бермейді. Арнайы жолақ қалаға кіретін көшелердің бәрінде бар емес, тіпті арнайы жолағы бар жермен де үнемі жеке көліктер жүріп жатады. Мұндай жағдайда қала маңындағы маршруттарды тиімді интервалмен қамтамасыз ету үшін Алматы әкімі Ерболат Досаевтың ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында жаңылыс айтқан сөзін тікелей мағынада түсініп, 800-1000 автобустың орнына шынында да «800 мың» автобус сатып алған жөн.

Қала маңына қатынайтын маршруттардың іске қосылуы қала маңындағы тұрғындардың кейбірінің өмірін біршама жеңілдетуі мүмкін, бірақ мұндай әдіспен мәселе түбегейлі шешілмейді әрі оның одан әрі дамуға жеткілікті әлеуеті жоқ.

Иә, жұрт шынымен де көлікпен жүрудің орнына басқа балама тапты, бірақ ол тұрақты әрі ыңғайлы уақыт интервалымен үнемі жүрмейді, жылжымалы құрамы кең емес. Ол да дәл көліктер сияқты қаланың кіреберісіндегі кептелісте тұрады, дегенмен ол көліктен гөрі анағұрлым жайсыз.

Жаңа бағыттарды іске қосу, жылжымалы құрамның сыйымдылығын арттыру, арнайы жолақтар жасап, олардың жұмысын бақылау жағдайды біршама жақсартар, бірақ ұзақ мерзімді болашақтағы өсу әлеуетін қамтамасыз ете алмайды.

Жалпы алғанда, Алматыда көлік жүйелерін келешекте қалай дамытитыны туралы жоспар іс жүзінде бұрыннан бері жоқ, маршрутты пайдалануға берген мезетте оны әрі қарай дамыту мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үнемі ескерусіз қалады. Көптеген жобаның негізгі басымдығы — құрылыс кезінде күрделі шығындарды үнемдеу. Бұл тәсіл жылдам шешілгендей көрінгенмен, ұзақ мерзімді перспективада күйрей жеңіліске ұшырайды. Әсіресе, мәселе түпкілікті шешімін таппаса, түбінде қайғылы жағдайға әкеледі.

Сонымен қатар, қоғамдық көлікті дамыту жобаларына қарсы жиі айтылатын «құны тым жоғары», «жоба өзін-өзі ақтамайды», «күрделі инженерлік құрылыс қажет» сияқты аргументтер түсініксіз себептермен «қала шетіне шығаратын магистральдар» салу жобалары үшін іс жүзінде мүлдем дерлік қолданылмайтынын атап өтуіміз керек.

Алматыда қала маңындағы тасымалдау саласының құрдымға кетер сәті жақындап қалды. Агломерация тұрғындары үйіне жетуге тырысатын учаскелердің барлығында күн сайын түрлі жайтқа, тіпті бүгінгідей қайғылы оқиғаға әкелетін жағдайлар туындайды. Қала маңындағы транспортқа сұраныс өте жоғары және жекелеген проблеманы жылдам шешуге тырысудың орнына, болашақтағы сұранысты ескере отырып, алдағы ондаған жылдың қажетін жабу керек.

Көп адамды жылдам, қауіпсіз және ыңғайлы қозғалыспен қамтамасыз ететін жалғыз көлік түрі — трамвай (ЛРТ), метро және қала маңындағы/қалалық пойыздарды қамтитын теміржол көлігі. Алматыда, өкінішке қарай, темір жол көлігінің даму жағдайы қаланың нақты қажеттілігінен ондаған жыл артта қалып келеді, ал агломерация ауқымында қарастырар болсақ, Қонаев пен Қазыбек бекке күніне екі мәрте қатынайтын екі қалааралық пойызды есептемегенде, ол іс жүзінде жоқ дерлік.

Фотосуретті Данияр Мүсіров түсірген

Алматы агломерациясының сұранысын тек теміржол көлігі жаба алады. Өйткені ол болашақта өсуде ең үлкен резерв пен ең жақсы эксплуатациялық сипаттамаға ие. Бір қарағанда, жоғары жылдамдықты трамвай әлдеқайда арзан көрінеді, оны жылдам салуға болады. Бірақ оның өсу мүмкіндігі шектеулі, ал қазіргі сәттегі әрі болашақтағы жүктеме оның тез арада шамадан тыс жүктеме алу қаупін тудырады. Айтарлықтай "мызғымас қор" мен өсу әлеуеті қажет. Мұндай әлеуетті теміржол қатынасы ғана қамтамасыз етеді.

Қолданыстағы қала маңындағы теміржол қызметінің дәрменсіздігіне ең жарқын дәлел — жақында іске қосылған, темір жол бағытын қайталайтын қала маңындағы жаңа маршруттар. 216 және 235-маршруттар — Қазыбек бек бағытындағы, ал 216, 217, 220, 221, 228-маршруттар Қонаевқа дейінгі теміржол бағытын қайталайды. Бұлардың кейбірінің соңғы нүктесі темір жол өтетін Алматы-1 станциясында.

Қаскелең, Ұзынағаш, Талғар, Есік сияқты спутник-қалалар мен басқа да ірі елді мекендерге қала маңындағы маршруттар іске қосылғанымен, оларға апаратын теміржол мүлдем жоқ.

Алматы төңірегіндегі теміржол көлігі тарихи тұрғыдан транзиттік жүк тасымалы басымдығымен дамығанын мойындау керек, сондықтан қала төңірегіндегі бүкіл темір жол желісі 100 жылдық тарихы бар Түрксіб пен жақында ғана салынған Қорғас желісімен шектелген. Айта кетерлігі, Қонаев бағытындағы Түрксіб теміржол желісі мен Қорғасқа баратын желі бір ғана сызықтан тұрады әрі олар электрлендірілмеген. Агломерация шеңберінде жоғары сапалы көлік қатынасын жабдықтау үшін Алматы теміржол торабын жаңғырту және дамыту орасан зор ерік-жігер мен шамадан тыс қаржылық инвестицияны қажет етеді. Кез келген ауруды әбден асқынған сәтте емдеуге көп күш жұмсалатыны сияқты, бұл мәселе де енді қалыптасып жатқан сәтімен салыстырғанда анағұрлым мол ерік-жігерді талап етеді.

Алматының бұрынғы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алматы агломерациясына 2019 жылдан бастап электр пойыздарын енгізуді қолға аламыз деп уәде бергенімен, бұл да басқа көптеген уәде сияқты тек қағаз жүзінде қалды.

Жаңа бас жоспарда ұсынылған көлік құрылымының қаңқасы теміржол торабын дамытуды көздемейді әрі қала маңындағы теміржол көлігін мүлде қарастырмаған. Осылайша, Алматы автобус тасымалына одан әрі тәуелді бола бермек әрі олар маршруттарды субсидиялауға жеткілікті қаражат таусылған сәтке дейін өмір сүруін жалғастырады.

Ең әуелі, теміржол көлігі жүйені дамытуға шексіз әлеует сыйлайды. Дамыған жол желілерінде жылжымалы құрам шағын рельсобустардан (Railbus) бастап (автобусқа пара-пар) ұзындығы 200 метрден асып, мыңнан астам адамды тасымалдай алатын пойызға дейін дами алады. Автобустың сағатына 60 км жылдамдықпен жүруі жолаушылардың қауіпсіздігіне айтарлықтай зиян тигізсе, пойыздар сағатына 140-160 км жылдамдықпен жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы жүйтки алады. Пойыздар көше желісіндегі кез келген кездейсоқ фактордан тәуелсіз, ал мұндай факторлардың кейбіріне тіпті абсолютті басымдығы бар автобустар да кезігуі мүмкін.

Қала маңындағы темір жол көлігінің бірнеше магистральдық желісінің қалыптасуы болашақта кез келген автобустың тасымалдау қабілетінен үлкен көлемде тасымалдай алатын және алдағы бірнеше онжылдыққа резерві бар орасан тасымалдау мүмкіндігіне ие артерияларды құруға мүмкіндік береді. Осылайша әрбір жеке елді мекеннен Алматының орталығына дейінгі тым ұзақ маршруттардың орнына қалалар мен елді мекендер ішіндегі қысқа жеткізу жолдары жеткілікті болады.

Ең бастысы, бұрыннан бері бассыздық пен хаос жайлаған Алматы маңындағы қатынаспен салыстырғанда, теміржол көлігі жолаушыларға әлдеқайда жайлы шарттар ұсынады. Адамдар тар тротуарда итеріспеуі керек, автокөліктер негізгі магистральда оларға жол беріп, жерүсті өткелдерімен жоғары көтеріліп немесе жерасты өткелдеріне төмен түсіп жүрмеуі керек. Адамдар жол-жөнекей көлік тоқтату үшін ғана өмірін үлкен қатерге тігіп, жолдың бойына шықпауы керек. 20 немесе тіпті 40 минут сайын келетін автобустарға итерісе мінбеуі керек.

Алматы агломерациясының тұрғындары қалаға адам сияқты келіп, адам сияқты кете алуы керек. Күнделікті қатынау шытырман оқиғаға айналмауы керек. Ал оның тұрғындарының қала маңындағы үйіне қайту сапарының бір сәті өлімге әкелетін жол-көлік болып, адамның асфальтта жатқан денесін көрумен байланысты болса, бұл қала мен агломерация өзін өркениеттімін деп санай алмайды.

Қала маңындағы пойыздардың ыңғайлы уақыт аралығында тұрақты қозғалысын қамтамасыз ету үшін қазіргі теміржол желілерін жаңартуымыз қажет, бірақ бәрінен бұрын Қаскелең, Ұзынағаш, Талғар, Есік бағыты мен одан әрі барлық басқа елді мекенге бүкіл қоныс белдеуінің бойымен жол салу мүмкіндігін жоспарлауды бастауымыз керек. Сондай-ақ қала ішіндегі теміржолдарды дамыту қажет болады, өйткені қолданыстағы бір жолды қалалық теміржол қаланың қажеттіліктерін қамтуға жеткіліксіз, ал батыс тармақты салу туралы жоспар (Айнабұлақ, Қарасу ықшамаудандары бағытына қарай) тастанды нәрестенің күйін кешіп, іс жүзінде мүлде ұмытылған. Қала ішіндегі жаңа станциялар да қажет болады, өйткені Алматы-2 станциясына бәрін байлау мүмкін емес.

Кең ауқымда ойлап, жақсы жаққа қарай ұмтылғанымыз жөн. Қазірден бастап қала мен оның агломерациясының қазіргі қажетін алдағы ондаған жылда лайық түрде қанағаттандыратын жүйені жоспарлауымыз керек. Бізге қазірдің өзінде шағын автобустардың орнына рельстер мен пойыздар қажет. Қаланың көлік жүйесі қазірдің өзінде адам нөпіріне тұншығып жатыр. Жылдам шешім таппақ боп тесікті құммен бітей бермей, проблеманы түбегейлі шешу керек.